Кәдірбек Сегізбай: Желаяқ жолдас.

Бөлісу:

09.02.2016 2891



Кәдірбек Сегізбай.jpg


Есіктен ентіге басып кірген кішкентай Кенжетай отырғандардан сүйінші сұрағандай:


– Есентай ағам келді! – Міне, – деді ол бір уыс конфетін мақтана көрсетіп.


– Е, не ғып жар салып жүр десем, алдымен өзің олжалы болған екенсің ғой, – десті үйде отырғандар. Сөйткенше Есентайдың күнқақты болып, өңі кеткен ақ сұр кепкасы да есіктен көріне берді.


– Сә-ле-мет-сіз-дер-ме?! – деді ол топ ортамызға арнаған сәлемін ерекше бір нақышпен соза түсіп. Есентай қолына ұстаған балдағын босағаға сүйей салып, маған қарай аяңдады. Құшақтасып, төс қағыстырып, сәлемдестік. Ол – бір-бірімізді әлі ұмытпағанымыздың, арадан талай жылдар өтсе де достығымыздың бәз-баяғы қалпында екенінің куәсіндей еді.


– Төрлет, «жолдас» – деймін мен орын нұсқап. «Жолдас» деген жалғыз сөзбен сонау бір соғыстан кейінгі жылдарда осы ауылдың төңірегінде қалып қойған екеуіміздің балғын балалық шағымызды оның есіне түсірсем керек.


– Е, жолдасыңның түрі осы, айдың-күннің аманында мүгедек болып жүрген, – дейді ол қамығып. Осынау алғашқы сөзінен-ақ оның кемтарлықты әлі мойындай алмай жүргенін аңғарғандаймын.


– «Жігітке жан – олжа» деген. Қайтер дейсің, есен-аман сауығып, қайтадан еңбекке араласыпсың. Оның бәрі де жазмыштың ісі. Ер жігітке түсер сын қиыншылықты көруге ғана емес, оған төзе білуге болса керек, – дедім мен оның көңілін демеп. Ең жақын жан досымды бір ауыз жылы сөзбен демесем де оның иілікпейтін ағаш аяғын көргенде өзімнің де көңілім босап, жылағым келді. Бір кезде бір аудан жұртшылығы атын аңызға айналдырып, «Желаяқ» деп атайтын Есентайдың енді бүгін қолына таяқ ұстаған кәдімгі мүгедек болғанына сенгім келмейді.


Есентай неше жыл бойына колхоздың тракторшысы болып жүретін. Алдыңғы жылғы қыста сол тракторымен оның апатқа ұшырап қалғанын, сонда сүйегі күл болып уатылып қалған бір аяғын қара санынан кестіргенін естігенмін. Оқиғаның қалай бол­ғанын дәл білмесем де таудағы малға шөп тасып жүргенде оның қия жолдан тайып, аунаған трактормен бірге құлағанын ғана білетінмін. Әбден сауығып шыққан соң тракторшы болуға аяқ жарамай, қойшылық жұмысқа ауысқанынан да хабардар едім. Бірақ сол бір өкінішті оқиғаны есіне тағы да түсірмейін деген оймен әңгіме бағытын басқа жаққа бұрдым.


– Иә, Есаға жол болсын!


– Таудан келемін. Мынау бір жаман ұл тұңғышымыз еді, – деді ол дастарқан басында отырған он екі-он үш жасар кекілді сарыны нұсқап. Кекілді сары ұялып, төмен қарады. Мен оның жас кезіндегі Есентайдан айнымайтынын аңғардым. – Мұғалімдері сәлем айтып жіберіпті. «Баласы облысқа жүргелі жатыр, келсін» депті. Бұл жаман да жүйрік көрінеді. Аудандық жаяу жарыста елу шақты баладан бірінші келген дей ме, әйтеуір...


– Бәрекелді, – дедім мен шын қуанып. – Міне әкеге тартып туған ұл деп осыны айт.


– Е, біздің өнеріміз ауыл арасында қалып қойды ғой. Ол кезде бұлар сияқты облыс дегенге бізді қастерлеп шақырған кісі болды ма? Ал қазір ше? Қазір балалардың жылт еткен өнері болса, оны әрі қарай дамытуға мүмкіндіктері бар ғой, шіркін.


Ол өзінің де сол бір балалық күндерін есіне түсіргендей, жылы ғана жымиып күліп қойды. Сонан кейін илігуге келмейтін серейген ағаш аяғына қарап, қамыққандай рең байқатты. Мен Есентайдың не ойлап отырғанын іштей түсініп отырмын. Менің де есіме сол бір балалық шақтың тәтті күндері орала берді...


* * *


Соғыстан соңғы жылдар болатын. Ол кезде қазіргідей малшылардың баласы үшін салынған интернат жоқ. Орталық жерлердегі ағайын-туғанның үйінде тұрып оқитынбыз. Мен үшінші класта оқитын жылы өзім тұрып жүретін ағайдың үйі басқа ауылға көшіп, менің де солармен бірге кетуіме тура келді. Басқа мектепке келген оқушы алғашқыда тосырқап, бірден араласып кете алмайды ғой. Мен де қара матадан тіккен үлкен боқшамды сүйретіп, ұяла басып, қласқа кірдім. Араның ұясындай дуылдап отырған балалар мені көріп, бір сәтке тып-тыныш бола қалды.


– Әй, кімсің-ей? Бізбен бірге оқитын болдың ба?


Арт жақтан ұзын сары бала бірінші болып тіл қатты. Сөзі түйеден түскендей. Содан кейін-ақ бәрі тағы да дуылдасып, сұрақты жаудырып берді. Менде үн жоқ.


Алдыңғы жақта отырған жалпақ бас қара бала орнынан тұрып, маған жақындады. Оның көзіне қарап, әйтеуір бейбіт жолмен келе жатпағанын сезгендеймін. Ол қодырайып, қасыма келді. Тышқанның көзіндей жылтыраған қос жанарында өктемдіктің, менмендіктің ұшқыны байқалады.


– Тілің қайда? – деді ол мысқылды жүзбен.


Жаңа достарымның осынша үрпиісе, үрке қабылдағанына үйренісе алмай тұрған мен сасқанымнан оған тілімді көрсетіппін.


– Өй, мынауың нағыз дүңдүң ғой, – деп жаңағы тышқан көз ішек-сілесі қата күлді. Ерігіп отырған балалар да мәз болысып, бір жетісіп қалды.


– Р-р-р-ру-ки! – деді әлгім тізесі жыртылған жаман шалбарының қалтасынан ағаш пистолетін суырып алып.


Мен онсыз да орынсыз келекеге шыдай алмай тұр едім, «бағындырушымды» иығыммен қаға, артқы парталарға қарай өте бердім. Жалпақ бас оныма шыдамаса керек, жауырынымнан бүре түсті. Сол кезде артқы жақта отырған ат жақты сары бала жүгіріп келіп, жаңағы баланы түріп шықты да, мені өз жанына әкеліп отырғызды. Қиын-қыстау қысылған шақта қол ұшын берген қамқоршыма ішім жылып сала берді.


– Есентай, – деді ол күс-күс алақанын ұсынып. – Қорықпа, мен барда саған ешкім тиіспейді. Ол екі-үш күн мені қасына ертіп жүрген соң сынына толсам керек, екінші рет қолын ұсынды.


– Кел, Кәрім, айрылмастай жолдас болайық.


– Жарайды. Екеуіміз балаға тән ғана қарапайым салтанатпен, бірақ ақпейіл, адал көңілмен қол алыстық.


– Кел, жолдас, анау терекке дейін жарысайық, – дейтін ол кейде. Мен де өзім көрген талай қара сирақтардан қалыса қоймайтын бірталайдағы жүйрік сияқты едім, бірақ Есентай тапыр-тұпыр жүгіре жөнелгенде шаңына ілесе алмайтын болдым. Жүгіргендегі дүбірі бөлек өзінің. Тура жер солқылдатқандай.


Октябрь мерекесі жақындаған сайын ол бізді конфетке бір той­ғызатына сендірумен болды.


– Жолдас үндеме, – дейтін ол. – Жаяу жарысқа түсеміз. Екеуміз екінші рет қол алысқаннан бері өзімізге азан шақырып қойған есімімізді ұмытып, бір-бірімізді ерекше құрметпен «жолдас» дейтінбіз. Онымыз басқаларға қарағанда өзара ықыласымыздың ыстық екенінің белгісі іспетті.


Күткен күн де келді. Колхоз орталығындағылар аттылы-жаяу­лы болып, тайлы-таяғына дейін ауыл сыртындағы сары жазыққа жиналды. Күн қызған шақта той да қызды. Бізге бәрі таң. Ат құлағында ойнаған шабандоздардың, бұлшық еттері бөлек-бөлек балуандардың, әйтеуір, барлығының өнеріне таң-тамашамыз. Ал Есентай олардың біріне де көңіл аударған жоқ. Өз уайымымен жүр.


– Жолдас, бұлар жаяу бәйге шығармаса қайтеміз? – дейді ол жарыс болмаса жарты аспан құлап түсетіндей. Әрине, менің Есентай озып келіп, бәйгеге алған конфетіне тойсақ деген дәмем болмаса, бұл мәселенің қабырғама батып жүргені шамалы. Есентайдың тілеуін беріп, бір кезде тойбасы балаларды жаяу бәйгеге шақырды. Алаң ортасына алдымен Есентай шықты. Ол мені де өзімен бірге зорлағандай ғып ерте шықты.


– Мүмкін, екінші бәйгеге ілігіп қаларсың, – дейді ол. Бірінші бәйгеге өзінен басқа үміткердің жоғына кәміл сенгендей.


Жиырмадан астам бала тойлы жерден үш шақырымдай алыстағы Шаштөбеге бет бұрдық. Бәріміз де алдымызға жан салмайтын дүлдүлдей қара жолдың шаңын бұрқыратып жортып келеміз. Салт атқа мінген айдаушы қарт Шаштөбеге жеткен соң бәрімізді қатар-қатар сапқа тұрғызып алды да, «тартыңдар!» деп қысқа бұйрық берді.


Жиырма шақты бала жапа-тармағай құлперен ұша жөнелдік. Жанымда тұрған Есентай бірден-ақ суырлып шығып кетті. Әрқайсымыз қал-қадірімізше бір-бірімізден оза алмай жүргенде ол айдаушының қарагерінің сау желісінен қалмай біден оқ бойы шығындап кетті. Кенет есіне бірдеңе түскендей кілт тоқтап, артына қарады. Сонан соң жайбарақат аяңға түсті. Ол кезде уақытпен жүгіру қайда. Әйтеуір, бірінші барсаң болғаны. Есентай өзінің бірінші бәйгені аларына сенсе керек. Үш-төрт бала оның қасынан жүгіріп өте шықты. Менің де шамам белгілі болып қалды. Көкірегіме біреу шоқ тастап жібергендей бүкіл кеудемді әлде бір жалын шарпып, алқынта бастады.


– Асықпа, жолдас,тынысың кеңігенше бір қалыпты жүгір. Құлатай қорадан өткен соң басасың ғой, – деді ол жанасалап келіп.


– Кел, мен әрі-бері демеп жүрейін, – деп ол қолтығымнан алды.


– Өзім, – дедім мен ықылық атып. Өзімше намыстанған түрім. Зәуде алдыңғы қатарлылардың бірі болып бара қалсам, балалардың «Есентай болмаса бұған бәйге қайда?» деген сияқты таусылмас мазағына қаларымды білем баяғы.


– Жарайды, онда мен кеттім! – деді ол. – Жол ортада қалып қойма. Ырымы жаман.


Есентай көмбеден жаңа шыққандай тағы да безілдей жөнелді. Ол әрі-беріде-ақ алдыңғыларды басып озып, қалың ши өскен жол­ға түскен соң көрінбей кеткен. Біз аяғымызды сүйретіп,мәреге жеткенде Есағаң қағазға оралған конфетін қолтықтап алдымыздан шықты.


– Мә, жеп көр, – дейді ол, – тамаша, балы бар конфет.


Ентікті басқан соң қас қаққанша-ақ тәмам бала Есентайдың табысын талапайға салдық. «Маған аты да болады» дегендей ол тәттіге көп қол созған жоқ.


Бізді жұрт бала десе де бір-біірмізді ара-тұра «жігіт» деп атауға тым үйір болатынбыз. Ол да: – Жеңдер, жігіттер, – деп қояды бізді дырдай қып. – Аз болды-ау, ә?!


Ол сонан соң бізді қонфетке тойғызуды өзінің міндетіне алғандай:


– Шіркін, аудандық жаяу жарысқа қатысып, солардың да бәйгесін жер ме еді. Бір етек конфет беретін шығар тура.


Әлде не ойына түссе керек, бетімізге қарап, өз ұсынысын айтты.


– Жігіттер, қане, менімен бірге кім барады? Аудандық тойдың мол конфетін жеуге?


– Қай-қайсымыз да аудан орталығына баруды жек көрмейміз. Бірақ, он екі-он үш шақырым жерге жаяу жеткенше той тарқап кетпес пе екен деген күдік қинайды бізді.


– Өй, сөз емес, ондай той қызығы түстен кейін басталады. Үлгереміз, әйда кеттік! – деді ол.


Біз бір-бірімізге жалтақтастық.


– Ендеше, мен кеттім.


Есентай берік шешім жасады. Мен де орнымнан тұрдым. Осындайда оның ұсынысына үн қоспасам жолдастығымның сәні қайсы. Қызыққұмар балалар да ілесті. Той күні рұқсатсыз кеткені үшін әке-шешелері де, мұғалімдері де ұрыспайтынын біледі. Бір шоғыр болып, желе жортып, суыт келеміз. Әйтеуір бір кезде қаланың бер жағында қалың көпір көрінді.


– Әне, – деді Есентай. – Әне, айтпадым ба, той қызығы түстен кейін басталады деп. Ой, ананы қараңдар! Жаяу бәйге ғой анау! Көрдіңдер ме, жұрттан бөлініп шыққанын? Мен кеттім, жігіттер!


Есентай шыбын-шіркей жүгіре жөнелді. Көз ұшында бізге қарай бет алған жаяу бәйгелерге қарай жалғыз өзі жүгіріп барады. «Үлгерер ме екен?» дейміз біздер. Жаңағы топ өздеріне Есентай таяй бергенде кейін қарай қайтадан лап қойған. Дәл бір өздеріне қарсы ұшып келе жатқан жалғыз жяудан қорқып, тобымен үрке жөнелген сияқты. «Қап, әттеген-ай, шаршап қалды-ау» дейміз біздер алыстан ашына дауыстап. Жалғыз қара бірте-бірте топқа таяй берді. «Әне жетті» Қуып жетті!» Бір-бірден жол бойына шашыла бастаған топ мәреге таяй бергенде жалғыз қара жеке дара алдыға түсті. «Сол, сол! дау жоқ, анау – Есентай!»


Бір-біірмізді ұзын жол үстінде түйе бас қып, төмпештеп жатырмыз. Өзімізше қуанған түріміз. Есентайдың конфеті ғана үшін емес, оның шын өнеріне деген өз ықыласымыздың көрінісі...


* * *


... – Ас ала отыр, жолдас, – деймін Есентайға. – Балаң өзіңе тартса облыстан да абыройлы оралатынына сенемін. Ас ала отыр.


Кекілді сары шайын ішіп болып, өз алдына мәңкиіп бірдеңе ойлаған болып отыр. Кім біледі, мүмкін ол да өз жолдастарын ойлап отырған шығар.


– Бәйгеден озып кел, кекілді сарым!



1975 ж.

Бөлісу:

Көп оқылғандар