Әлихан Бөкейхан және біртұтас Алаш идеясы

Бөлісу:

03.02.2016 29094

Мен оппозиционер емеспін, қазақ мемлекетіне ешқашанда оппозиционер болмаймын, бірақ өз отанымның тағдырына қатысты, оның ішінде «Алашорда» мен Әлихан Бөкейхановты «рушыл», «жүзшіл» етіп көрсетуге тырысып, сыпсың таратып жүрген қасиетсіздікке төзгім де келмейді. Сол пікірді оңаша пыш-пыштап айтып, интернет арқылы таратып жүргендердің өзі нағыз «сасық рушыл», ұлттық иедеяны аздырушылар және кезінде айтылып жүрген: қазақ өзін өзі билей алмайды, оларды ру арқылы таластырып, тәуелсіздігін әлсіретіп, қайтадан Ресейге тәуелді ету керек – деген тоқсаныншы жылдардағы Кеңестік одақты жақтаушылар жасаған 950 әскери-саяси доктринаның жеміс бере бастағаны деп санаймын.

Бұл доктринаның басты түйткілі – мемлекетке ұлтсыздық идеясын сіңіру болатын. Ал ондай идея бар ма еді. Бар еді. Ол, 1905 жылдан бастап аса ықтияттылықпен саяси күрес нәтижесінде жасалған, 1917 жылы «Алаш» партиясы құрылу арқылы нақты мемлекеттік иденың негізін қалаған БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ. Онда алаш қайраткерлерінің барлығының демі мен аңсары бар, ал ол идеяның ұйытқысы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев дәл тауып айтқанындай, қазақ қоғамының Сун Ят Сені мен Махатма Гандиі – Әлихан Бөкейханов болатын. Мен бұл арада Сәлімгерей Жантөриннің «Автономия» атты еңбегінен басталатын ұлттық тәуелсіз сана туралы тарихи тәпсірлерді қазбалап жатпаймын, өзіме жақын, өзім қырық жыл бойы зерттеген ұлттық идея – Алаш идеясы және Бөкейханов деген мәселеге ғана қысқаша тоқталып өтемін.

Сіздерге жақсы таныс, 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпылқазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделді.

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Яғни, бұл ұстаным: Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген – деген тұжырымға саяды.

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Яғни, бұл – өз жерінің игілігін – әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат – деген емеуірінді танытады.

Абай данышпанның:

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, –

дегеніндегі «ырық» – осы ырық.

Жердің астына, үстіне, аспанына иелік ете алмасаң – ырықтың кеткені сол емес пе?!.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Тағы да сол Абай:

«Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек», – дегендегі бірлік – осы экономикалық бірлік.

Ал біздегі сатылмайтын құндылық – тек «жалданып тірлік құру» ғана болып қалды.

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.

Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім, –

деп Сара ақынның сал Біржанға қарата айтқанындай, бұл үш мәселеге келгенде, біздің де үніміз шықпайды.

Егер қоғамның дамуы осы бетімен кете берсе, күні ертең біз «Құранды» да орыс тілінде оқитын боламыз.

Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Яғни, тағы да сол Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек:

«тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар (заң) жасалады».

1990 жылғы «Қазақстанның суверенитеті» туралы мәлімдемеде қамтылған осы бес түрлі ұлттық ұстаным бұтақтала келіп, 2002 жылғы жерді сату туралы заң жобасынан кейін қазақ мемлекеті ұлттық идеядан толық арылып, беймарал мемлекеттің құрылымына көшті. Соншама азап шеге жүріп аңсаған тәуелсіздік идеясынан нағып соншама тез жеріндік? Ал «Жапония сияқты ғылымға сүйенген ұлттық-демократиялық мемлекет құру керек» – деген ұстаным үшін анық емес деректерге сүйенсек, 60 мыңдай адам «жапон шпионы» ретінде ату жазасына кесіліпті.

Жоғарыда айтылған ұстанымдарды таратып жатпайын. Ол ұзақ әңгіме. Саясат, экономика, қоғамдық даму дегенді былай қойғанда, біз өзіміздің тәуелсіз рухани тәрбиемізді қадірлей алмадық.

1.Қазір дәстүрсіз ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл – үлкен рухани апат.

2. Тәуелсіз экономика мен тәуелсіз ғылым жоқ. Ал тәуелсіз ғылымсыз – тәуелсіздік те, зиялы да, болашақ та жоқ. Тағы да сол «сорлы» Абай:

«... малды сарып қылып ғылым табу керек. Ғылымсыз – ахирет те жоқ, дүние де – жоқ. Ғылымсыз – оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық, ешбір ғибадат орнына келмейді», – дейді.

Біз сол ғылымды «малдың», яғни, бизнестің құрбандығына шалып отырмыз.

3. Ұлттық ұйытқының, мектептің, соның ішінде бастауыш мектептің ұлттық мәйегі ұйымаған. Ботаника пәнінен – Қазақстанның шөптерінің түрі мен атауларын, зоологиядан – Қазақстанның жан-жануар мен хайуанаттар дүниесін, жағырапиядан – жер мен су атауларын, жер қыртысының аттарын, астрономиядан – «он сегіз мың ғаламның» қазақша атауларын, тарихтан, өзгені былай қойғанда, қазақ хандығының құрылған жылы туралы нақты мәліметті таба алмайсыз (Бұл ретте тарихшылар әлі бір тоқтамға келген жоқ).

4. «Саудасы – ар мен иманы» – деп Абай айтқандай, дін – саясат пен бизнестің құралына айналды. Ұлттың өз дінін өзіне жиіркенішті көрсету ұстанымы жүргізіліп отыр (Дін туралы қабылданбай қалған ескі заң жобасы мен қолға алынып жатқан жаңа заңның сұлбасы солай деуге негіз қалайды).

5. Мемлекеттік Тіл – мемлекеттік қолданымнан шеттетіліп отыр. Мысал керек пе? «Кітап шығарудың қажеті қанша. Оны кім оқиды. Электрондық нұсқа бар» – дейтін министрлер мен ректорлар пайда болды.

6. Мемлекет – өз ұлтынан ажырай бастады. Екеуінің ойы екі басқа. Енді олардың басы қайта біріге ме, жоқ па? Әй, қайдам.

Бұның барлығы нені танытады? Жоғарыда атап өткенімдей, біздің тәуелсіз мемлекетімізде қарама-қарсы бағыттағы екі ұлттық ағымның қалыптасқандығын анық аңғартады. Ашығын айтайын, мемлекет халықтан ажырап қалды. Қазір мемлекет пен халық басқа: «Мемлекет тек реттеп отыруы керек. Қалғанын базардың өзі реттейді», – деп өзеурегендер, енді бірер жылдан соң халықтан мүлдем қол үзіп, тағы да сол Ленин айтқандай, «халық бұрынғысынша өмір сүргісі келмейтін, ал биліктегілер бұрынғысынша басқара алмайтын жағдайға» душар болары анық. Былтыр ғана болуы мүмкін болжам, биыл, шындыққа қарай бетін бұрып отыр.

Міне, Әлихан Бөкейханов ұйытқан Алаш идеясының негізгі мәйектері осындай.

Қазір ерінбеген – алашшыл болып алды. Мәселе ұранда емес, соны ұлттың діліне сіңіруде. Кейде, маған кеңес тұсындағы Балтық жағалауы, Өзбекстан, қазіргі Бельгия сияқты Үнсіз Азаматтық Мойынсынбау қозғалысын үнемі санада ұстаған дұрыс сияқты да көрініп кетеді. Осы орайда Әлихан Бөкейхановтың саяси көзқарасына қатысты, оны «массонға», «шоқыншыға», еуропашылдыққа, «рушылға» теңеп жүрген саяси сауатсыздық пен азаматтық жәдігөйлікке сәл ғана түсінік бере кеткім келеді.

Бірінші уәж: Әлихан Бөкейхановтың массондық идеяға қатысы қандай?

Әлихан Бөкейханов – ұлттық саясаткер. Ұлт тәуелсіздігі жолында ықпалы тиетін барлық мүмкіндікті пайдалануға мәжбүр. Ал 1905 жылы ұлттық автономия, патшаны тақтан түсіру, конституциялық демократия орнату, бұратана ұлттарға – нәсіліне, дінінен қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға ерік беру мәселесін кім көтерді? Кадет партиясы көтерді. Ендеше, «бұратана ұлттарға – нәсіліне, дініне қарамастан азаттық беру, өзінің даму жолын анықтауға ерік беруді» мақсат етіп қойған саяси партияның құрамына Әлихан Бөкейханов неге кірмеуі тиіс? Конституциялық демократия партиясы өзінің күрес жолына: адамға адам – бауыр, дос, бірің – бәрің үшін, бәрің – бірің үшін, нәсілдік, ұлттық, діндік, әлеуметтік теңдік, азаматтық қоғам сияқты тура өзіміз ұрандатып өскен коммунизмнің принциптерін негіз етіп алды. Міне, сол мақсатқа жету үшін Әлихан Бөкейханов кадет партиясына өтті. Бұл мақсатқа жету жолында бауырлас түркі халықтарының ұлт зиялылары да топтасты.

Соның нәтижесінде Ресей мұсылмандарының бірінші құрылтайын ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Сол құрылтайда көтерілген жасыл тудың шылауымен 1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен І Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Әлібеков, К.Жәленов, Ғұбайдолла және Дәулет ишандар, У.Танашев пен Ш.Бекмұхамедов қатысты. Бұл құрылтай Ресей бодандығындағы мұсылмандарды ғана біріктіріп қойған жоқ, сонымен қатар тәуелсіз республика туралы мәселе ашық мінбеде көтерілген тұңғыш бас қосу болды.

Ал 1917 жылы Керенский:

«Түркістан мен дала облыстары Тула немесе Тамбов облыстары емес. Ағылшындар немесе француздар өздерінің отарларына қалай қараса, біз де оларға (яғни, қазақтарға – Т.Ж.) солай қарауымыз керек»,– деп мәлімдеме жасағаннан кейін Ә.Бөкейханов ресми түрде кадет партиясынан шықты.

Өйткені, бұл кезде қазақ арасында дербес партия құру мәселесі толық пісіп-жетілген еді. Ә.Бөкейханов өзінің бұл шешімін:

кадет партиясының мақсаты – ұлттық автономия жариялауға қарсы болғандықтан да, Алаш идеясына сәйкес келмегендіктен де, оның құрамынан шығамын – деді.

Міне, бұл кез-келген саясаткер ұстанатын күрес тәсілі. Осындайда Аятолла Хомейнидің өзінің күнделігіне: «Мен дінім үшін (ұлтым үшін деп түсініңіз – Т.Ж.) шайтанмен де жұмыс істеуге әзірмін» – деген сөзі еске түседі. Ә.Бөкейханов та алаштың азаттығына қол жеткізу үшін барлық саяси әдіс-тәсілден бас тартқан жоқ.

Сол үшін де азамат соғысы жылдары «Алашорда» үкіметі Құрылтай үкіметінің құрамына кірді. Ондағы мақсаттарын сұраған түрме тергеушісіне Х.Досмұхамедов:

«Құрылтайдың тапсыруымен Орал қазақтарының басқару құрылымын жасадым, ол еш өзгеріссіз құрылтайда бекітілді. Кейінгі демократиялық өзерістердің барысында ол жеке кітапша боп басылып шықты. Құрылтай: монархияға – демократияның құлдығының символы, бір халықты екінші халыққа арандатудың ошағы ретінде баға берді. Егерде: барлық халықтардың өзін-өзі билеуіне ерік берілген жағдайда және барлық державалар қарусыздандырылса, онда құрылтай өкілдері ешқандай аннекциясыз, контрибуциясыз бейбіт келісім жасауды жақтайтынын мәлімдеді. Жалпыға ортақ ашық және жасырын дауыспен сайланған Құрылтай жиналысы – Россияның мелекеттік заңдық құрылымы ретінде танылды, өзінің санына байланысты әр ұлттың өкілі мемлекеттік мекемелерге қабылданатын болсын деп шешім шығарды»,– деп жауап берді.

Екінші уәж: Әлихан Бөкейхановқа қаратыла жиі айтылатын «шоқыншы», «еуропашыл», мұсылмандыққа қарсы деген пайымсыз байбаламға байланысты айтарымыз мынау. Кеңестік жетпіс жылда біздің діни танымымыз толықтай тоқырауға ұшырап, өзіміздің мұсылмандық тарихатымыздан айырылып қалдық. Бізге бұйырылған жол – имам Ағзамның жолы ғой. Бұл туралы Абайдың 17 түрлі тәпсірлі түсінігі бар. Ол Абайдың «Имамсыздық намазда қызылбастар салған жол» – деген түсінігімен тікелей байланысты. Қадыми діншілдердің кесірінен мұсылман әлемі жаратылыстану мен өнеркәсіптік ғылымнан мүлдем ажырап қалды. Қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжіктер әлі де өнеркәсіптік ғылымды жатырқап келеді. Соның нәтижесінде, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырда бүкіл мұсылман қауымы отарланып қалды. Соған қарсы мұсылман және түркі әлемінде жадидтік ағым мен саяси күрес басталды. С.Асфандияров: «Алаш идеясының оянуына әсер еткен – жәдидтік бағыт пен күрес»,– деп ашық жазған. Ал Өзбекстан мен Түркменстандағы 1927 жылға дейінгі созылған басмашылар соғысы – тек кеңеске қарсы соғыс емес, ол қадым мен жәдидшілердің арасындағы азаматтық соғыс болатын. М.Тынышбаевтің Қоқан автономиясының премьер-министрлігінен бас тартуының өзі сол екі ағымның бітіспейтін майданының кесірі еді.

Үшінші уәж: 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы мына пікірді атап өткім келеді.

1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, – деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын.

Төртінші уәж: осы Түркістан идеясы деген не? Ол Қазақстанның тәуелсіздігіне кепілдік беретін идея ма, жоқ па? – деген сұраққа тарихшыларымыз тура жауап бермей, бетін бүркемелеп келеді. Сол идеяны өткізу үшін кейбір «тарихшылар» кешегі алаш ұранды азаматтарды қолдан жікке бөлді: олардың қателігі – Түркістан иедясын бөліспеді, ана тұлғаға, мына тұлғаға қарсы шықты – десті. Сонда, 1991 жылы тәуелсіздік жарияланғанда, оның тәуелсіздігін таныған елу төрт ел қандай мемлекетті, оның қандай шекарасын мойындады? Ол шекара қашан және қалай құрылды, олардың басында кім тұр еді? Өткен жылы Қазақстанның мемлекеттік шекарасының бектіліп, автономиялы мемлекет болып жарияланғанына 90 жыл толды. «Одақтас республикалардың кез-келген уақытта дербес мемлекет ретінде СССР-дің құрамынан бөлініп кетуіне құқы бар» – деген бапты кімдер кеңестің конституциясына кіргізіп еді? Әрине, оның ішінде Украина мен Грузия өкілдері, «Алашорда» үкіметінің көсемдері, оның ішінде тікелей осы мәселемен айналысқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Х. және Ж.Досмұхамедовтер бар. Егер Түркістан идеясын қолдаса, онда солтүстіктегі бес облыс – Ресейге, оңтүстіктегі бес облыс – Өзбекстанға қалар еді. «Алашордашылардың» мақсаты – біртұтас қазақ мемлекетін құру. Бұған Х.Досмұхамедовтің түрмедегі тергеушіге берген мына жауабы дәйек бола алады. Онда:

«Қазақстан жағырапиялық жағынан біртұтас мемлекет ретінде басқарылуы тиіс. Барлық жоғарғы лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егерде Кеңес өкіметі саяси еркіндік жариялап, еркін партия құруға мүмкіндік берсе, оларға да осы талапты қою керек – дестік. Бұл бағдарламаға Тынышбаев екеуміз қандай үлес қоссақ, Жаһанша Досмұхамедов те сондай дәрежеде белсене қатысты.

«Ұйымның басты құрылымы екі жағдайды ескере отырып қарастырылды: бірінші, кеңес өкіметі құлаған жағдайда, екінші Әнуар паша жеңілген жағдайда не істеу керектігі басты назарға алынды... Біз ол кезде сіздердің федерация туралы шешімдеріңізді білмейтін едік, ол кезде Түркістанды өзбек басшылары билеп-төстейтін, жобаны жасаған да солар болатын. Қазақтардың өзбектермен аралас тұратынына қарамастан, біз өзбектердің бұл ұсынысына мүлдем қарсы болдық. Өйткені біздің басты мақсатымыз – барлық қазақтың басын қосу болатын. Біз тіпті қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздері мекендеп отырған территориясымен қазақтың құрамына кіру керек – деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде еш нәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан да бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық», – деп атап көрсетті.

Міне, Бөкейхановтың да түпкі мақсаты мақсаты осы еді.

Бесінші уәж: біз, «Алашорда» мен Ә.Бөкейханов туралы сөз еткенде саяси эмиграция мәселесіне баса көңіл бөліп, кейде жалаң жанашырлыққа дейін барып жүрміз. Алайда біз ұлттық идея үшін күрескен зиялылардың саяси эмиграция туралы:

««Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс. Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз»,– деген астыртын уағдаластығын олардың күрес жолындағы таңдауы ретінде сыйлауымыз керек.

Өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, егерде алаш зиялылары жаппай эмиграцияға кеткенде, онда 1920-1930 жылдар арасындағы ағарту және ғылым саласындағы еңбектер дүниеге келер ме еді? Ол еңбектер жазылмаса қазіргі қазақ тілінен бастап алгебра, геометрия, биология, физика, зоология, жағырафия терминдері қалай қалыптасар еді? Сонымен қатар, түпкі күрес мақсатына жете алмаса да, жоғарыдағы бес тұжырым үшін күрескен С.Сәдуақасов сияқты жас қайраткерлер қалыптасар ма еді, Қазақстандағы саяси ахуал мен саяси күрес қалай бет алар еді?

Міне, Алаш идеясы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың ұлттың толықтай бостандығы жолында ұстаған ұстанымының бір тарамы осындай. Менің ойымша, бұл идея – мәңгілік және қазақ ұлты өмір сүріп тұрған жағдайда күн тәртібінен түспейді деп ойлаймын.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының

директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Көп оқылғандар