Кәдірбек Сегізбай: Мақтаншақтар
Бөлісу:
– Біздің сыныптағы Тайбекті білесің ғой. Сол керемет жақсы бала. Сабақты өте жақсы оқиды. Тәртібі де үлгілі. Оның орынсыз күлгенін, жөнсіз сөйлегенін естімейсің. Қайсыбір балалар сияқты үзіліс кезінде орыынсыз айғайлап, жүгіріп жүргенін де көрмейсің.
– Сен Тайбегіңді айтасың, ол біздің Маржанға бәрібір жете алмайды. Маржан сыныптағы ең өнерпаз оқушы. Дәл Маржандай би билеп, өлең айтатын тіпті мектепте де ешкім жоқ. Биыл аудандық «Әнші балапан» жарысына қатысқалы жүр. Әне, оқушы болса, сондай болсын. Жай ғана жақсы оқып, тәртіпті болған аз. Оған қоса өнерпаз болсаң, тіптен жақсы.
– Біздің Тайбектің өнері жоқ деп кім айтты саған? Шахматтан бастауыш сынып оқушылары арасындағы чемпион.
– Сен Маржанның тамақ пісіргенін көрмедің ғой. Оның пісірген тамағын ішсең, тура саусағыңды жалар едің.
– Тайбек футболды да жақсы ойнайды.
– Маржан жеңіл атлетикамен айналысады.
– Бәрібір Маржанды Тайбекпен теңестірмей-ақ қой. Оған жету қайда-а-а!
– Ой, мақтаншақ сол!
– Мақтанып отырған сен бе, мен бе?!
Ағайынды Берік пен Серік өз сыныптарындағы ең озат бала туралы айтып отырған. Ақыры әңгімелерінің соңы дауға айналып бара жатты. Сол кезде әңгімеге Берік пен Серіктің көкесі араласты.
– Екеуің де сыныптастарыңның жетістігін айтып, мақтанғандарың жақсы. Егер өз жетістіктеріңді айтып мақтансаңдар одан да жақсы болар еді, – деді ол.
Екі бала үндей алмай төмен қарады. Себебі...
Жарайды, Берік пен Серіктің кемшіліктерін айтып, беттеріне баспай-ақ қоялық. жақсы балалар кемшіліктерін өздері біліп, өздері түзейді. Солай емес пе?!
Бөлісу: