МАРЖАН ЕРШУ: «НАУРЫЗ КӨЖЕНІ ДӘМДІ ДАЙЫНДАЙМЫН»

Бөлісу:

05.02.2015 4194


Өлең әлеміне Айек деген әдемі атымен енген ақын бүгін біздің порталдың қадірлі қонағы. Маржан Ершу – ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының (Түркия) мүшесі. «Дариға ғұмыр – жыр жүрек», «Жапырақ – ғұмыр», «Шырақ», «Пырақ» атты жыр жинақтарының авторы. 
Наурыз мерекесі қарсаңында  ақын шаңырағында қонақта болып, Маржанның  дәмді наурыз көжесінен дәм татып қайтқан болатынбыз. Ендеше ақынның тұщымды сұхбатын оқи отырып, аспаз ақынның асханасына сіз де төрлетіңіз! 


Маржан Аманқосқызы! Мереке құтты болсын! Сіздің Наурыз көжеңізден дәм татып, арқа-жарқа сұхбат құру үшін «Әдебиет порталының» тапсырысымен арнайы келіп отырмын. Сіздің ұғымыңыздағы Наурыз мерекесі қандай мереке?   

– Наурыз мерекесі – көктем мерекесі. Жыл басы. «Наурыз айы келгенде, Той болушы еді бұл маңда» деп Мұқағали ақын жырлағандай, Наурыз мерекесінің  мәні бөлек, сәні де бөлек. Өзім Атыраудың жақтың қызымын. Кішкентай кезімнен есімде қалғаны, біздің жақта Наурыздың 14-жұлдызы «Көрісу» күні деп аталады. Бұл халық ішінде сақталып қалған көне дәстүр. Таңертеңнен ең алдымен оқушы балалар топтанып алып, үй-үйге көрісетін. Бұл бір дәстүр сияқты боп көрінетін. Бұл күні  әр үйде қазан асылып,бауырсақ пісіріліп, адамдар бір-бірімен көрісіп, ақ тілектерін айтып, сыйлықтарын ұсынып, мәре-сәре болады. Көріспеу – ұят нәрсе саналатын. Әсіресе үлкендер жағы ана пәленше осы уақытқа дейін көріспеген несі деп, көріспеген етжақын адамдарына іштей ренішін де айтып жататынын да еститінбіз. Наурыз мерекесін мен 14 наурызда қарсы алам. Көрісем. Биыл Әбіш ағам мен Клара апама көрісуден бастадым. Жылда Фариза апаймен көрісетінмін. Былтырғы наурызда ол кісі ауруханада өткізді ғой. Кейде қол тимей кеткен заманда телефонмен де көрісіп жатамыз. Ал, 22 наурызды елмен бірге қарсы аламын. Наурыз көже пісіріп, шай қайнатып, ет асып,домбыра тартып дегендей. Наурыз көжені дайындауда өз рецептім бар. Өзің де дәмін татып көріп отырсың ғой, Салтанат. Ұнады ма?


IMG_2609.jpg


Әрине. Дәмділігін айтып жеткізе алмай отырмын. Маңдайым терлеп кетті ғой риза болғаннан. Қолыңыз дерт көрмесін! Сіз әдеби ортада өзіндік орны бар белгілі ақынсыз. Сіздегі ақындық болмысқа туған жеріңіздің әсері қандай? Туған жеріңіз туралы айтсаңыз?


– Менің туған жерім  – Кең Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылы. Кең Жылыой сан ұрпаққа мекен болған, етек-жеңі мол пішілген, сәулет өнерінің сан түрлі архитектуралық ескерткіштеріне бай, Қарашүңгіл қауымы маңында, қазақ жерінде тұңғыш мұнай бұрқағы атқылаған мұнайлы аудан. Асан Қайғы, Доспамбет, Шалкиіз жыраулар жырға қосқан ардақты мекен. Жылыойдың бір бөлшегі Ақмешіт-Пір Бекет атамыздың туған жері. Сізді Ақкиізтоғайдан шыққан жол Жем өзенінен өткен соң, біраз жоннан асырып, Намазтақырға апарады. Бағзы заманда Бекет ата осы жерде таң намазын оқыған екен. Осы жерден қарап тұрсаңыз, ақ күмбездей болып, Ақмешіт көрінеді. Ақмешіт-әулие мүридтеріне ұстаздық еткен, атасы мен анасының мәңгілік мекен еткен киелі төрі. Археологтар қазба жұмыстарын жүргізгенде, Ақмешіттегі Бекет Ата мешітінен үш шақырым қашықтықтағы Аралтөбе маңынан бұдан 2000 жылдай бұрын ,осы араны мекен еткен сарматтар дәстүрінің куәсі-тағы бір «Алтын Адамды» тапты. Неге бұл ауыл «Ақкиізтоғай»деп аталды десеңіз, оның өзіндік тарихы да бар екен. Ертеректе осы өңірді қоныс еткен заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың бабасы Таған бай әкесі Қожаназарға ас беріп, сол асқа Кіші жүз ханы келіпті. Хан аяғын жерге тигізбей, ат байлайтын кермесінен қонақ үйіне дейін ақ киіз төсеп өткен ас салтанаты тоғайға көрік беріпті деседі. Ас өткен тоғай, хан аяғына төселген ақ киіз ел аузында жыр болып тарапты да, бұл мекен «Ақкиізтоғай» деп аталып кетіпті. «Ақкиізтоғай-ақындар ауылы» дейді. Меңдекеш Сатыбалдиев, Қабиболла Сыдиықов, Аманқос Ершуов, Өтеген Оралбаев т.б танымал ақындар осы ауылдан шыққан. Менің де ақын болуыма туған топырағымның әсері болған шығар деп ойлаймын.


IMG_2752.jpg


IMG_2763.jpg



«Махамбетті түрікшеге аударуды армандаймын» деп едіңіз бір сұхбатыңызда. Бұл арманыңыз қаншалықты жүзеге асты. 


–  Махамбетті түрікше сөйлетсем деп армандаймын дедім. Сол айтқаным айтқан. Махамбетті аудару қиын боп жатыр. Тіл ерекшелігі, арадағы екі ғасыр бар. Аудармаға көп ақша керек. Ақынға демеу керек. Бәрін тастап, аударманың соңында кетсем, маған кім нан береді?  Біздің қазақ  барлық елді танығысы келеді, аударады. Сериалдар қаншама сатып алып, аударылып жатқан?  Бірақ өзгелер бізді, қазақты тануға құлықсыз. Оған ақшаларын бөле ме екен, оны білмеймін.


IMG_2768.jpg


IMG_2772.jpg


Біздің бір кемшілігіміз кім көрінгенді «классик» деп, жасанды классиктікке жол береміз. Осыған көзқарасыңыз қалай?


– «Классик» деп мақтағаннан, классик боп кеткен ақынның моласы туралы дерек көрдің бе? Жоқ. Мақтау керек. Мақтау адамды өлтірмеу үшін керек. Мақтау орынды айтылса, қасиет, Құр мақтан ешкімге береке әкелмейді. Әркімнің құлаш ұрар өз биігі бар, өз талғамы бар. Мақтауға семіріп, жерге түсе алмай жүргендерді көргенде, «біреуді көріп күпір ет, біреуді көріп шүкір ет» дегенде, қазақ не айтқысы келді екен деп ойлайсың!


IMG_2782.jpg


IMG_2818.jpg


«Жақсы шығарма – сегізден жеті бөлігі су астына жасырынған айсберг сияқты» дейді Эрнест Хэменгуэй. Сіздіңше жақсы шығарма қандай болуы керек? 


– «Жақсы шығарма авторды сүйрейді, жаман шығарманы авторы сүйрейді"деген сөз бар. Кейде жақсы шығарманың өзі еленбей жатады. Дулат Исабеков бір сұхбатында былай деген екен: «кеңес одағы кезінде бір жақсысы, әйтеуір жақсы жазсаң, ауызға ілінесің, жерде қалмайтынсың. Ал қазір басқаша». Қазір оқырманнан қаламгердің саны көп сияқты ма, қалай өзі?! Сондықтан айсбергтер көп болуы да мүмкін. Бұл ұзақ әңгіме.


IMG_2834.jpg


Халқымызбен бірге жасасып келе жатқан төл әдебиетіміздің болашағы туралы не айтасыз?

– Халық барда, қазақ тілі барда, әдебиет дами береді. Халық болған соң, таланттарды тудырады. Қазақ топырағынан талантты халық. Жаны жырға құмар. Әдебиет тоқырауға ұшырамайды. Тек әдебиеттің рөлі кітаптан алыстап, компьютерге жақындаған ғасырда бәсеңдеуі мүмкін, Бабалардан қалған:  «тыңдаушысы жоқ болса, сөз жетім» деген сөздің жаны бар. Жаны бар сөзді тітіркендіреді, шошытады. Бұл – шығармашылық адамының ішкі азабы. Цивилизацияның күшті дамуы тұсында адамдардың табиғи сезімдері әлсірей түседі. Маған бір мектептің мұғалімі айтып еді: балалардан қазіргі жас ақындардан кімдерді білесіңдер» десем, бәрі бірдей «Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов» дейді. «Бұл кісілер қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері ғой, білгендерің дұрыс. Ал жастардан кімдерді білесіңдер» десем, балалар тосылып қалды да, жарысып эстрада жұлдыздарын атай бастайды дейді. Мектептегі «Әдебиет» оқулығы 60-70 жылдардағы поэзиямен аяқталады. Бұл-әдебиет қолданыстан 30-40 жыл кейін қалып қойды деген сөз.


IMG_2903.jpg


Өзіңіз поэзия, проза, сатира, драма жазумен қатар аударма саласында да біраз тер төктіңіз. Аударма мәселесі туралы пікіріңізді білгім кеп отыр.


– Аударма – үлкен мәселе. Менің ой-пікіріммен немесе қияли жоспарыммен жүзеге аса бермейді ғой. Аударма саласы мені қызықтырды. Түрік әдебиетіне қызығушылығым болды. Аударып көрсем дедім. Түрік поэзия және проза өкілдерінің біразын қазақша сөйлеттім. Әлі де біраз істер тындырсам деген жоспар бар.  Аударма дегенде «Әлем әдебиеті» деген журнал бар. Осы журнал көп жұмыс атқарып отыр. Аударма саласының дамуы жоғары денгейде деп ойлаймын. Баяғыда ауылдың бір қазағы «ауылда неге цивилизация жоқ дейді екен. Бұрын қу тезектің өзін жағатын едік, қазір керосин қосып жағамыз» депті ғой.  Сол айтқандай, бұрын  аударма орыс тілі арқылы аударылатын. Қазір тікелей аудармалар жасалуда. Тіл білетіндер әдебиетте де көбейіп келеді. Мысалы: Мажарстанда, Сегед университетінде қазақ тілінен дәріс оқитын профессор, филология ғылымдарының кандидаты өзі ғалым, өзі ақын әрі менің досым Раушангүл Заханқызын мақтанышпен айтар ем. Раушангүл тұңғыш «Мажарша-қазақша» сөздіктің авторы. Мажар халқының ауыз әдебиетін аударып жүргені де, оның мықты қыз екенін танытпай ма?! Раушангүлдер  де көбейер әлі.


IMG_2960.jpg


Қазіргі таңда бізде қыздар поэзиясы жақсы деңгейде қалыптасып келе жатыр. Сіз кімдерді оқисыз? 


– Қыздар  поэзиясы жаныма жақын. Маған Жанат Әскербекқызы мен Гүлзада Ниетқалиева ұнайды. Бұл қыздарда эволюция бар.Яғни, шығармашылықтарында өсу, есею, даму бар. Мен эволюцияны ұнатам. Бір қыздарды оқисың, қуанасың. Теңіз жағасы, самал жел, шашын салалай тараған қыз ойланып тұр, табиғатпен сырласып тұр. Он жыл өтеді арада. Қайта оқисың әлгі қыздарды. Сурет өзгермеген. Сол қалпы. Сол баяндау. Сол дауыс. Бұл маған ұнамайды. Өзін-өзі өсірмеген, іштей түлемеген шығармашылықта қуат та, шуақ та болмайды. Сондықтан менің қыздарға беретін бағам сараңдау. Бұл  жек көргендік емес, жақсы болғанын тілегендік.


IMG_3018.jpg


«Әдебиет порталына» айтар тілегіңіз және бізге ұсынар қонақ кәдеңіз? 


– «Әдебиет порталының» жұмысына шығармашылық табыс тілеймін. Замана ағымымен бірге жүзер желкені жығылмасын. Әр күндеріңіз әдебиеттің мерейлі мерекесіне айналғай! Жалпы жер бетіндегі ең ұлы сезімдер-сағыныш, бауырмалдық, достық, махаббат қой. «Әдебиет порталы» оқырмандарына қонақ кәде ретінде «Жігіт пен құс» атты шағын әпсанамды ұсынамын.


IMG_3030.jpg


Әдемі сұхбатыңызға үлкен алғыс. Бізде сіздің шығармашылығыңызға табыс, отбасыңызға бақыт тілейміз. Көктем сізге әйел бақытын сыйласын! 

              
Сұхбаттасқан: Салтанат Жүсіп




   
Жігіт пен құс


                                           
Бұл хикая  Сағдидың  әйгілі « Сорбон» әнінің  әсерімен жазылды.   «Сорбонның» сырлы сазын қазақ  халқына  жеткізген дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісоваға арнаймын.

          Бұл оқиға өте ертеде болған екен. Шөл даланы қақ жарып, ұзақ сапарға жол шеккен керуен соңында жаяу салпақтап бір жас жігіт еріп келеді. Шаршап- шалдығып, өзегі талып ашықса да, жел көтерген ыстық құмдар бораса да керуеннен қалар емес. Оның аткөпір байлығы да, ажарлы жүзі жоқ болатын. Көзі де, көңілі де – сол керуенде. Сол керуенге сатылып бара жатқан сұлу қызда. Керуен ұзақ жолға бет алғанда, артына қайырылып қарамайды. Бұл жігіттің өзін де, оның жүрегін өртеген ғашықтық сезімін де керуеншілер көрмейді. 

         «Ей, керуенбасы!» – деп іштей тұншығады жігіт. – Керуеніңді жай жүргізші, тым болмаса сүйіктімнің сұлу жүзін соңғы рет бір көріп қалайыншы!» Кеудесін өртеген өксік қимастығы қос жанарынан тамшы боп ағып келеді. Ол үшін бұл дүниеде сол сұлу қыздың арайлы ақ жүзінен артық нәрсе жоқ. Сол сұлуды есіл-дерті қалмай ғашық боп сүйген жігіт. Сол сұлуға ынтызарлығын айта алмаған, айтуға дәрмені де жетпеген жан азабына төзіп бақса да, өзін тұтқындаған ессіз іңкәр сезімінен ешуақытта бас тартпақ емес. «Ей, керуенбасы! Керуеніңнің бетін бері бұршы. Сүйіктімнің мөлдір жанарына көзімді бір тойдырайыншы!» – деп зарлана жылап келеді. Әрі өзегі талып, әрі қаталап шөлге шыдамаған ол жерге етпетінен құлап түседі. Бейшараның құмға тамған көз жасы саз балшықтай иленеді.

         «Қайда кеттің керуен?» – деп жер бауырлап жылайды жігіт. Бір кезде оның жанына кішкентай құс келіп қонады. «Ей, жас жігіт!» – неге таусылдың? Неге аласұрдың? Жаныңды жай таптырмаған жағдайыңды маған айтшы», – дейді құс адамша сөйлеп. Құлағының түбінен естілген сол дауысқа риза болып жігіт бір желпініп қалды. Жүрек тізгінінен айырылып қалған ол құсқа қарап әңгімесін айтады: 

          Шіліңгір шілденің ыстығына шыдамай бір үйге жақын келіп, дауыстап сусын сұрадым. Кенет сол үйдің бір бұрышынан аппақ айдай ақ сәуле жарқ етті. Үріп ауызға салғандай бір сұлу қыз көрінді. Оның сұлулығын жырлау үшін ақынның да ақыны керек еді. Ол маған қолымен кесесін ұсынды. Сол кеседе шекер сепкен салқын сусын бар еді. Мен құмарлана жұттым. Кесесін кері қайтарып бердім де, сол орнымда қаққан қазықтай қалшиып тұрып қалдым. Оның сұлулығына бұл дүниеде ешнәрсе тең келмес еді. Оның мөлдір тұнық көздері – өмірімнің мәні мен мақсаты. Оның сүйріктей аппақ саусақтары өмірімнің байлығы, салтанатына айналды. Есімін де білмейтін сол сұлуды бір көру үшін сол маңдағы ағаш түбінде сағаттар бойы терезесіне телміріп қарап тұратынмын. Қиялымдағы сол сұлудың бейнесін көңіліммен күзететін едім. Міне, көңілімдегі сол аяулы махаббатымды сұлулықты-тән, нәзіктікті – қауқарсыздық деп ұғатын таспейіл қаражүрек, көңіл-көзі бақыр дүниеге тоймайтын ашқарақ, он сегіз мың ғаламның алтын кілті табанымның астында деп күмпілдейтін топаскеуде, саудагермін деп жалын күдірейткен жалмауыз бір керуенбасы сатып алды, тартып алды. Мен көрмейтін алысқа алып бара жатыр. Менің бақытсыз тағдырымның етегіне жармаспа, құс! Ғашығыңның айдай жүзін көрмегеннен жансыз қалғаның әлдеқайда жеңіл? 

          Мен де құспын ғой. Тек қанатым жоқ, – деп қайғыра түседі. Сонда құс: «Сен – адамсың, мен – құспын. Келеді-ау биік ұшқым! Мен болсам сонау көк түбіне жетсем деп армандаймын. Бірақ жете алмаймын. Оған қанатым да, қиялым да жетпейді. Сен – Адамсың. Сенің жүрегің, сезімің бар. Ойың шексіз. Армансыз адам, қанатсыз құс бола ма? Сен бәрібір бақыттысың, Адам!» – деп құс қанаттары жыпылықтап, шықылықтап аспанға ұшып кетіпті. Кішкентай ақыл үйреткен кішкентай құсқа риза болған жігіт өз мекеніне қарай құстай ұшыпты..

Бөлісу:

Көп оқылғандар