Кәдірбек Сегізбай: Осынысымен тәтті Өмір

Бөлісу:

17.01.2016 2867



469883_487982634_927_Segizbay_Kadirbek.jpg


Кептер кеуде қайқыш қара келіншек курорт жолдамасының бір шекесіне ол отырып тамақтануға тиісті үстелдің нөмірін жазды да, қолына ұстатты. «Маша» деп аталатын қуыршақтың кірпігі­нен аумайтын жылтыр қара кірпігін бір жалп еткізіп қағып тастап, алдына түсіп қайқаңдай жөнелсін. Арғы жағы мен бергі жағына ат болмаса да тай шаптырымдай үлкен асхана ішіне төрт-бес қатар тізілген көп үстелдердің арасымен тартып келеді. Адамның көптігінен бас айналғандай. Бірақ жігіттің басы айналар емес, қылауы жоқ аппақ халаты тал бойына жараса қалған қайқыш қара келіншектің соңынан зымырап келе жатып, әр үстелдің жанында отырғандардың ішінен, әсіресе әйел затын асығыс болса да мүм­кіндігінше қос қарашығына барлатып келеді. Көбі-ақ от басы, ошақ қасы жалықтырған немесе сегізкөздің сырқырамасы мен жон-жоталарының сіреспесін емдетуге келген сары қарын кемпір-шалдар. Көзді сүрінтіп, көңілді өрекпітер ақша маңдайлар ілуде бір ұшырасады екен. Зулап келе жатқан Еркешті «тым болмаса асымызды әзілдесіп, қалжыңдасып отырып сіңіретіндей бас-аяғы ке­ліскен қыз-келіншектің қасынан орын бұйырса екен» деген бір жы­мысқы ой кимелегені. Ол өз-өзінен жымисын. Жаңағы ойы өзіне қы­зық көрінген. Дәл бір қыз-келіншектермен әзілдесіп, қал­жың­даспаса ішкен асы бойына сіңбейтін кісі сияқты ойлапты. Сөйтсе жаңағы қызық ойы, бір күн болса да, жөндем жанмен дәмдес-тұздас болсам дейтін пенде атаулыға ортақ ниеттен туындаған екен ғой.


Ол жоқ іздеген кісідей алақтап келе жатып, жаңағы қайқыш қара келіншекті таптап кете жаздағаны. Келіншек бір қолын мұның кеудесіне тіреп тоқтатыпты. Көзіндегі «көзіңізге қарамайсыз ба?» деген жазуды оқыған Еркеш кешірім сұрап, өзінің аса кішіпейіл, көргенді жігіт екенін көрсетпек еді, келіншек оған үлгіртпеді: «Мынау – сіздің орныңыз!» деп, кең асхананың ең төрінде тұрған үстелдегі бос орындықты нұсқады да, кідірмей әрі қарай жүріп кетті.


– Сәлемет-саусыздар ма?! – деп, Еркеш болашақ дастар­қан­­дастарына көңілдене үн қатқан. Жұмыртқа жағып пісірген ақ тоқаш сияқты ителгі иек әдемі келіншек үлбіреген шиедей қызыл ерніне шанышқысын жақындата беріп, сәл кідіртті. «Қандай жігітсің?» дегендей мұның сәлемін алмас бұрын бас-аяғын асығыс тінтіп, қарап шықты.


– Өзіңіз де есен-саусыз ба? – Кеберсіңкіреген қара қайыстай екінші келіншек бәрінен бұрын жауап беріп, мұның алдына қасық-шанышқыларды жылжытқан. – Отыра қалыңыз.


Екі келіншекке үстелдің үстіндегі кастрюльден ыстық кеспені аса бір қолапайсыздықпен құйып беріп отырған жалқы күшіктей кесек жаралған ақ сары жігіт сол қолбыраған қалпы мұның тәрелкесіне де ағызып-тамызған шөмішін төндіре берген.


– Әуре болмаңыз, өзім құйып аламын ғой. Оның үстіне... келіншектер болмаса, ер адам құйып берген тамақ сіңбеуші еді. – Оның бұл сөзі «ептеген жаяу әзілім бар еді» дегендей өзін таныстырудың кіріспесі болатын. Ақ келіншек көзі мен езуінің айналасынан ғана күлкі табын сездірді. Сіріңке қара қатпа келіншек:


– Қарсы болмасаңыз сорпа-суыңызды тәрелкеңізге мен-ақ құйып беруден ерінбейін. Тек, мына Жәкең ожауға тым үйірсектеніп, иемденіп алған соң таласпай отырғаным ғой, – деп, жігіттің қолындағы шөмішті өзі алды.


– Менің есімім Еркеш болады, ал сіздерге әке-шешелеріңіз қандай есім беріп еді? – деп, жаңа келген кісі оң жағындағы ақ келіншектің мөлдіреген мойыл көзіне үңілген.


– Мен – Райгүлмін, – деді сіріңке қара суырылып. – Толығырақ айтсам, Балқаш жақтанмын. Бұрын ауылдағы клубтың меңгерушісі болғанмын. Бала-шағаның жағдайына қараймыз деп, қазір үй шаруасында жүрміз.


– Ақкербез! Алматы. – Әдемі келіншектің таныстыруы да тым келте болды. Барынша қарапайым.


– Қызметіңіз? – деп, Еркеш тәрелкесіне құюлы даяр тұрған кеспесіне қарамай отырып алды. Дәл осы арада оның қызметін біле алмаса орнынан тұрып жүре беретін сияқты.


– Біздің Ақкербез астанадағы үлкен бір сән ательесінің директоры екен, – деп мұның сауалына Райгүл жауап қатты. – Енді Ақаң аман болса, ең соңғы модамен киінетін боламыз.


«Осының бәрін айтудың қажеті бар ма еді?» дегендей Ақ­кербез құрбысына ерекше бір жарасымды назбен қараған. «Қайыс­тай қатып алып, күйеуінің құлағын сөзбен үңгитін қандай жыпылдақ екенсің?» деп ойлады жігіт Райгүл туралы. Оның осы ойының дұрыстығын дәлелдей түсейін дегендей кеспесін жау қуып келе жатқандай асығыс ішіп, нанды да опыра асап отырған ақ сары жігітті Райгүл иегімен нұсқап, оны да таныстыра бастады.


– Қара Ертіс жақтан келген сары жігітіміз – Жантүгел болады. Біз танысқан екі күннен бері өзі ашылып-жарыла қойған жоқ, бірақ сіздің орныңызда отырған кісі біздің Жәкеңнің бір совхоздың пілдей директоры екенін сырттай айтып кетіп еді...


Райгүл осыны айтып жымиған. Онсыз да ыстық кеспемен алысып, қызара бөртіп алған батыр тұлғалы а сары жігіт мүлде күреңітті. Бірақ ештеңе демей құтылды. Жаңа ғана тау қопарып, тас қашап келгендей тамаққа жаудай тиіп отырған директор жігіттің мінезіне таңырқаған Еркеш те оған осы сәтте сұқтана қарап қалып еді.


– Бәрекелді, ал мына алдарыңызда отырған пақырларыңыз бала-шағасын сурет салып асырайды. Астанадағы миллионнан астам тұрғынның ішінде біз де қалқайып жүріп жатырмыз, – деп Еркеш те өзін барынша жұқалап, таныстырып өтті.


Әрі мол, әрі дәмді тағамның көбіне Ақкербездің ернін тигізіп қана қойғанын, оған көрісінше Райгүлдің жігіттерден қалыспай еркін тамақтанып отырғанын алғашқы дастарқан үстінде-ақ оңай байқаған Еркеш екі келіншекке де іштей мінездеме бере бастаған. Бірі жұрт сияқты әзілдесіп, күле алатын, тамақ ішіп, ұйықтай алатын, бірақ осы әдетінің бәрін де алдын -ала жасалған жоспар бойынша жүзеге асыратын қуыршақ-адамға ұқсатса, еңді бірінің көкейіндегіні айтып, көңілдегіні көлегей­лемей жүре беретін ашық-жарқын жан екендігін мөлшерледі.


Райгүл жаңа бір әңгіменің ұшығын шығарды.


– Ереке, келгеніңіз жақсы болды ғой. Мына Жәкең мені менсініңкіремей, кешкілік көбіне сыңар аққудай жалғыз қалың­қырап қойып жүргенім. Алғаш танысқан сәтте он бір балам бар деп желпініп айтып едім, содан Жәкең маған деген сыңайын бай­қатпай әрі-сәрі ғып қойғаны. «Жайылуы бір, жусауы бөлек құландай» тіршілігіміз бар. – Ол аппақ маржандай қой тісін көрсетіп күлді. Баланың күлкісі сияқты бүкпесіз, сондай таза.


– Енді былай, он бір баласы бар батыр келіншекпен әзілде­суге де кісінің жүрегі дауаламайды екен, – деп, тамағының сұйығын бағана орындап болып, қоюын да еңсеріп тастаған Жан­түгел әзілге қарымтаны әзілмен қайтарды.


– Реке-ау, шынымен он бір баланың анасысыз ба? Ондай болса, кете-кеткеніңізше мен сіздің құзырыңызда болайын. Биле­гіңіз келгенде билеп, қыдырғыңыз келгенде қыдыратын боласыз. Тек маған деген көңіліңіз олқы болмасын деңіз. Ендігі жалғыздық сізге жараспайды. – Ерекең мынау ақ келіншекке жақын жүргенім­нің өзі сырт көз үшін болса да жарастықты көрінер еді-ау деп іштей амал құрып отырып, сіріңке қара келіншекке өзін қалай шұралап, байлап бергенін байқамай да қалғаны. Әр жұдырығы шой балғадай Жантүгел миығынан күлімдеді, ал сұлу келіншек Ақкербез болса «осы қақпыштың қай жеріне қызығып отырсың? Сірә, әзілің болар!» дегендей мұның жүзіне көп мағыналы жанармен қараған. Райгүл мәз.


Еркеш сіріңке қараның бүкпесіз таза күлкісіне риза болды ма, әлде сұлу келіншектің әдемі өңінен сезілген қызғанышқа ұқсас бір құбылысты байқаған соң ба, әйтеуір Райгүлдің пайдасына өз аузымен тағы да ұпай қосты:


– Тіпті осы Рекең мен көркем бейнесін жасайтын болашақ кейіпкерім болып жүрмесін.


– Суретіңізді «Батыр Ана» деп атай салсаңыз болғаны, – деп Жантүгел тағы да жаяу әзіл жүгіртті.


– Бәлем, екеуің мені тастап, оңашалана жөнелуші едіңдер. Бір құдайы жетелеп, бір құдайы айдап әкелген Ерекең болмаса тез өсіп, тез қурайтын сасырға ұқсас курорт қызығынан да құр қалады екенбіз.


Райгүлдің бір көрген таныс үшін ақтарыла қоюға тиісті емес сөзін Ақкербез бөліп, жүгі аумаған, естияр пікірін білдірді:


– Жігіттер, бүгін осы жұбымыз жазылмаған қалпы өзенді өрлеп, серуендеп қайтсақ қайтеді. Қасында қаласы, іргесінде жаға-жайы бар теңізі болмаған курорттың қызығы да жетім қыздың тойындай екен. Ішім пысты әбден...


– Менің бүгін түстен кейін ем-домым бар еді, мүмкін ертең барармыз, – деді Райгүл.


– Онда өзіміз сенсіз-ақ барып қайтатын болармыз, – деп, Ақкербез Райгүлдің жаңағы бір айтылған әзілінен кейін есе қайтарар екпінді сөз іздеп отырғанын байқатты.


– Иә, сөйтейік, – деп, Жантүгел елпеңдеді.


– Менің бүгін демалғаным жөн шығар, – қыдыруды ертең бастайық, – деді Еркеш Райгүлді Ақкербездің алдына жығып бер­мейін деген ойға келіп. Ол орнынан тұрып жатып, екі келіншектің елеусіздеу болса да ескерілмей қалмайтын әзіл-қақтығыстарын былай деп жуып-шайды:


– Сөйтіп, біздің танысу құрметімізге берілген түстік өте түсініскен жағдайда өтті!


Тысқа шыққан соң да төртеуі топ-тобымен тоқбасу серуеніне шыққандарға қосылып, қалың бақтың ішін аралаған. Оң жағында келе жатқан Райгүлдің тұла бойын бір шола қарап шық­қан соң Еркештің «кете кеткенше сенің құзырыңдамын» деген әзілді бекер айттым ба деген ойға түскені рас еді. Өйткені, келіншектің қызыл ала гүлді қымбат матадан тігілген көйлегі де тым олпы-солпы, қуыстай салған дорбадай, денесіне қонбай, сонша сәнсіз көрінген. Аяғындағы туфлиі де бұдан он шақты жыл бұрындары сәнге жүрген бұзау тұмсық бірдеме. Ол аз болғандай ақ жүннен тоқылған шолақ шұлығы – қазіргі киім үлгісінен хабары бар жандардың, әсіресе Ақкербездей сән ательесі директорының қасында серуендеп жүргенді айтпағанда, маңына жуықтауға болмайтын үлгі еді. Тек, Ақкербез аса мәдениетті адам болған­дықтан ғана ештеңені парық қыла бермейтін Райгүлдей кісімен бірге тамақтанып, бірге қыдыра беруге оншалықты арланбайтын болса керек. Ал енді әдемі келіншектің бет-жүзі қандай мінсіз болса, үстіндегі киімі де сұлулыққа әдейі үндестіре тіккендей көрінеді екен. Оның арғы жағында Жәкеңнің, яғни шаруашылық басшысының үстіндегі су жаңа костюм де, неге екені белгісіз, көршіден тойға сұрап киген киім сияқты бір түрлі үстіне қонбай, қолбиып қалыпты. Ақ көйлек пен қоңыр костюмнен жарастық таба алмаған қызыл ала галстук те иесін босқа буындырып тұр екен.


– Ереке, әңгіме айтыңыз, – деп Ақкербез қарлығаш қанат қасының оң жағын керді. «Аз күн әңгімелесіп қатар жүрсек те осы екеуіміз бір-бірімізге жарасып тұрған жоқпыз ба?» деген наз бар сияқты үнінде. «Сіз бейнесін салуға іздеп жүрген кейіпкеріңіз де мен емеспін бе?!» дейтіндей.


– Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?


– Көз бен құлақтың арасы төрт-ақ елі болса да естіген – күмән, көрген – ақиқат деген бар, көргеніңізді айтыңыз. – Оң жағында келе жатқан Райгүл шешенсіді.


– Уа, сөйлесе, біздің Рекең сөйлесін деңіз. Сымбатты сұлу келіншектің сөзі де сырлы болғанға не жетсін! – Бұл сөзді Еркеш Райгүлден гөрі Ақкербезді сынау үшін әдейі айтқан. Жүйрік жылқының ұзын жолдың үстінде өзінен басқа малдың тұмсық оздыруын жаратпайтын іштарлығы сияқты өзін сұлумын деп мойындайтын әйел заты басқа бір әйелдің атына айтылған қолпашты бойына сол қалпы сіңіре алмаса керек. Оның осы бір қағиданың растығына көз жеткізуі онша қиын бола қойған жоқ, өйткені әдемі келіншектің мінсіз ақша беті алаулап, қызарақтап қалды. Еркеш жаңа таныстарын осындай әрі-сәрі күйге әкеп бір тіреп қойды да:


– Ал, қыздар, естіген де, көрген де айтыла жатар. Мен санаторияға келіп қалған соң денсаулығымызға дем беретін алғашқы ем-домдарымды қабылдайын, – деп олардан сытыла берген. Жан­түгел де еркек кіндік екені енді есіне түскендей бұған ілескен.


– Ереке, қай палатадасыз? – деді ол әлдене айтқысы келгендей қипақтап. Абажадай алып жігіттің төменшіктеп сөйлегені бір түрлі жараспайды екен.


– Үш жүз он алтыдамын.


– Жаныңызда біреу жатқан болар?


– Әзірге ешкім жоқ сияқты. – Осы сөзің рас па дегендей, Жантүгел мұны білегінен ұстап, еріксіз тоқтатқан:


– Әй, Ереке, әй, дос! Дәрігерге айтып, сенің қасыңа ауысып алайыншы, көкетай... Жасымыз шамалас екен, «сен» деп өзімсінгеніме ренжіме, иә! – Жәкең аса маңызды шаруа шешілердей, қылғындырып байлаған қызыл ала галстугін босатып, жаңа танысының бетіне үміттене қараған.


– Оу, туысқан, бопты. Тек дәрігер рұқсат етсе, не сөз бар?


Жәкең жатын корпусқа қарай киноға кешігіп келе жатқан баладай жебей басып жөнелді де, кілт тоқтап, Еркешке қайта бұрылды.


– Қасымда бір оқымысты шал жатады. Төрткіл дүниенің ол бармаған бұлтарыс-қалтарысы жоқ, білмейтіні де жеті қат жер астында. Ай мен жұлдыздарды өзі жасағандай, немесе бүкіл жастық шағын мұхит астында өткізіп келгендей сайрағанда Жер бетінің мың түрлі құпиясының бес-алтауын білуге шағын шақшамның шамасы жетпей жүрген мен шіркін аузымды ашып, көзімді жұмамын. Білімдіден бірдемелерді ұғып, көкейге тоқи берген неге жаман болсын. Бірақ жарықтықтың ұйқысы жаман-ақ. Біреу өтпейтін пышақпен бауыздап жатқандай қинала қорылдағанда екі қолыңды төбеңе қойып, палатаны айтпағанда, осы курорттың өзінен безіп кеткің келеді...


Мұның жанына қарай жедел түрде қоныс аударуының негізгі себебін түсіндіріп болған соң ол тағы да оза жөнелді. Сонша кесек, ірі жаралған кісінің пысық-ширақ қимылы да бір түрлі қызық.


«Аузын ашса, көмекейі көрінетін ақ көңіл жансың-ау, шамасы» деп ойлаған Еркеш жігіттің соңынан еріп келе жатып.


Еркеш шипалы судың алғашқы ваннасын қабылдап, қалжасы жаққан келіншектей терлеп-тепшіп палатасына келсе, көшіп-қону шаруасын тәмамдап болған Жантүгел алдынан шықты.


– Мінеки, келіп орналасып та алдық. Оқымысты шалға: «Ойбай, бір досым келіп қалып, соның көңілін жықпағандықтан ғана амалсыз кетіп барамын» деп қимай, қинала қоштасып шыққаным. – Жаңа танысы қулана жымияды. Еркеш ол туралы тағы да: «Сонымен бірге мынау кесек тұлғасына жаяу әзілі жарасқан жан жүрген ортасында сыйлы да сыйымды болар» деп ойлады.


– Жақсы болған... Ал, Жәке, неге жатпай отырсыз? Қазір түскі тынығу сағаты ғой, – деді, ол орындықта қонақтап отырған жігітке қарап.


– Әй, туысқан-ай, – деді ол қолын бір сілтеп. – Дені-қарны сау азаматты тал түсте ұйықта деп төсекке бөлеп, жатқызып қойған қай жақсылық дейсің... Жастайымыздан шаруа қуған жанбыз ғой, күндіз ұйықтап кім көрген. Тек анда-санда қатты шаршаған кезде тракторды тоқтата қойып, бес минут мызғып алатыным бар. Трактордың арылдаған ащы үні әдемі қыздың әуенді үніндей жағымды естіледі-ау, шіркін. Көзің шырақтай жанады содан кейін... Оу, айтпақшы, мен өзіңе бет-пердемді толық ашпаппын ғой. Мен шаруашылық басшысы емеспін... «К-701» тракторын айдаймын. Бұл өзі бір ыңғайсыз әңгіме... Әдейі емес, осында қалжақбас біреу бол­ған. Сол мені келіншектерге «совхоз директоры» деп таныстырған соң «өтірік айтады» дей алмап едім...


– Е, ештеңе етпес. Аз күн бірге жүріп, әрқайсымыз өзді-өзі ауылымызға қарай тарармыз. Онда тұрған не бар? «Өткен жолы өтірік танысып едім» деп, енді ақталғанның түк қисыны жоқ. Тек, трактор-комбайн жөніндегі әңгімеге онша ат басын бұра берме, – деп, Еркеш жаңа танысын тығырыққа тіреген әңгіменің соңын жуып-шайған.


– Солай ма? – деді ол да бір түрлі бойы жеңілдегендей. – Жәкең орындығын көтеріп, Еркештің кереуетінің жанына жақындап отырды да, көршісінің ойына кіріп-шықпаған бір жаңа әңгіменің шетін қылтитты.


– Ереке, – деген ол сәл жымиып қойып. – Ереке, сен тым көрікті, әдемі жігітсің дегендей. Оның үстіне жұрттың көбі танитын өнерің өрлеп тұрған суретші екенсің... Егер, ренжімесең Ақкербезге көз тікпей-ақ қойшы, ә?! Мен, мен, не десем екен?


– Оу, Жәке, оның қалай? Әзілдесіп, көз тіксем, Ақкербезден басқа келіншек құрып қалып па? Менен қауіптенбей-ақ қой, – деп, Ерекең де ағынан жарылсын. – Біздікі әшейін, көңілді жүрейік деп әзілдескен ғой.


Жантүгелдің бойынан бір ауыр жүк түскендей, орындықты сықырлатып, қозғалып қойды. Жаңа танысынан керемет бір жақсылық көргендей немесе суға кетіп бара жатқан жерінен құтқарып қалғандай мейірімін төгіп, елжірей қарайды.


– Рахмет, бауырым! Мен бойдақ едім. Екі жылдан бері.. Сыр тартып әңгімелесіп көрсем, ол да бойдақ екен... Егер қарсы болмаса, үйленсем деген ойдамын. Бәрін айтып, сөйлесейін десем бір түрлі батылым да бармайды... – деп, батыр тұлғалы жігіт алғашқы оңаша отырыста-ақ ағынан жарылып, сырын ақтарып салған. Неге екенін кім білсін, қырыққа келген жігіт ағасының он алты, он жетілердегі түбіт мұрт бозбала сияқты «батылым бармайды» деп аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрғаны Ерекеңе мейлінше қызық көрінген. Бірақ бір көрген жігітке олай да былай деп ақыл айтып, тақылдай жөнелуді жөн көрмеген. Алайда, кім білсін, астанадағы сән ательесінің директоры, оның үстіне өзін әлемдегі әдемілердің бірі санайтын Ақкербездің төбесінен саудыратып сары алтын құйса да Жәкеңе ілесіп, ауылға бармайтынына Еркеш сонша кәміл сенімді еді. Олай ойлауға ешқандай моральдық, адамгершілік тұрғысынан болсын, құқы жоқтығын біле тұрса да адамның ішкі дүниесіне көбірек үңілетін мамандық иесі болған соң ба, әйтеуір көкейіне қонақтаған бір күдіктің бар екені рас еді. Бірақ бала сияқты аңқылдап отырған жігітке: «Босқа арам тер болып қайтесің?» деп қалай айтпақ. «Не болса да өз тәләйінен көрсін» деген оймен үндемеген.


Жәкеңнің ең сүйікті ермегі – шахмат ойыны екен. Бос уақы­тының көбін арнаулы бөлмеге барып, королінің үлкендігі тәй-тәй басып жүрген баладай шахмат тақтасының бетінде кез келгенмен қан майдан ашып, қырқысып кеп жатқаны. Сонысына қарай біраз дәмегөй ойыншыларды опық жегізіп те жүреді. Санаторияға дем алуға келген пәлен жүз адамның бәрі бірдей түскі тыныстауға қисайған кезде ғана Жәкең шахмат ойнайтын қарсылассыз қалатын еді. Ондайда екі қолын артына ұстап, гүлзарды айнала жүрер еді. Гүлзарды айналған сайын үшінші қабаттағы Ақкербез жатқан палатаның терезесіне көз салуды әсте ұмытпайтын. Азаматымыздың көз майы таусылған тұста, яғни ақ қайыңдардың көлеңкесі гүлзар алаңына жеткен кезде ғана жалтыраған жапон халатына оранған Ақкербез балконнан көрінер еді. Шіркін, сонан соң ақ са­зандай аппақ білегін балконның жақтауына асып тұрып, ақ ұлпа тө­сін ақ ұлпа қарлы шыңдардан кешкілік есер қоңыр самалға аймалатады дейсің. Жантүгелде ондайда жан қалмайды. Бірақ келін­шек жігітті көрсе де көрмеген болады. Сосын театрға баратындай шашын неше алуан сәнге салып, санатория тұрғындарына әлі көрсетіп үлгірмеген тағы бір көйлегін төгілдіріп киіп шығар еді. Әри­не, ерекше сылқым-сұлулығымен көрінген келіншекпен тіл­десуге әркім-ақ құмар, әсіресе жігіттер жағы үйіріліп тұрады. Онымен бір дастарқандас екендерін бұлдағандай Еркеш, Райгүл және Жантүгел әдемі келіншекті орталарынан шығармауға тырысады. Шыға жөнелердей оғаш мінезін, бекер обалы қане, Еркеш оны­мен танысқан екі-үш күннің мезіретінде байқаған да емес. Бұлар үшін ең бір жауапты мерзім кешкілік би өтетін екі сағаттай уақыт еді. Би алаңында да лашындай лыпып, жарқылдап жүрген Ақкербезбен билеуге әркім-ақ құмар. Оған ие болар Жәкең жоқ, жүй­рік­тің бағын байлаған ебедейсіз шабандоздай бірер дүркін кібіртіктеп, бидің нобайын түсірген соң келіншектен айырылып қалып, аңқиып қарап тұрар еді. Онымен қоймай, Ақкербезбен ғана би­леуге ант бергендей, басқалардың жанына жолағанды білмейтін. Кешкі алакеуімде ақ жүннен тоқылған шұлығы анадайдан көрінер Рай­гүлмен билеуге тілек білдірушілер, керісінше жоқтың қасы. Дү­ниеге адам әкелу жөнінен өз қатарластарының біразынан көш ілгері озып қана қоймай, ана деген киелі атауды барлық асқақ ұғыммен иеленіп үлгірген, мынау тәтті тіршілікке өзі келіп алған соң өзгені өзі әкелуге, былайша айтқанда, ұрпақ әкелуге сонша самар­қау, енжар қарайтын замандастарының тәубаларын естеріне түсіру үшін-ақ осы жүрісі жетіп артылар Райгүлдің би алаңында қадірінің түспеуіне барынша қамқорлық жасап бағатын – жалғыз Еркеш. Мұның адал ниетін айнытпай түсінетін келіншек те билеп жүріп ағынан жарылатын. Балаларын, «жаман шалын» сағынғанын, үйіне қайтқысы келетінін айтар еді. «Сіз Ереке, менің көңіліме қарай­лаймын деп жүріп, қызықтарыңыздан құр қалмаңыз» дер еді. Өзгелерге кедергі жасаймын дей ме, әлде мұндай қызық­шылықтан шындап тосаңсып қалған ба, ол мың сылтауын тауып, биден ертерек қай­тар еді. Би ел жатқаншаны қойып, таң атқанша жалғасса да шаршап-шалдығуды, болдырып-қалжырауды білмейтін Ақкербез қайта танадай көзі жарқылдап, ең соңғы қызық тарқар биге дейін тізе бүгуді білген емес. Қашан көрсең де ауыздығымен алысқан тоқ жарау бедеуді елестетер еді. Ол әрине, Еркешпен түтін үзбей би­лей беруге бар, бірақ бір шетте жойдаусыз ауыр денесінің салмағын екі аяғына кезек артып, гүжірейіп тұрар Жәкеңнің бұл ке­лін­шекке деген қаяусыз ықыласын есіне алып, өзінше амал табады.


– Жәке, Ақкербезбен өзің біраз билеп келмесең, менің буындарым сыр­тылдап, сыр бере бастады, – деп, екеуін сөзбен әдейі матап жіберер еді.


Еркештің бұл санаторияға келгеніне апта толар-толмаста осы би алаңынан басталған оқиға бір дастарқан басынан тамақтанатын төртеудің бірінің оңайшылықпен жолдама табыла бермейтін курорттан оп-оңай кетіп қалуымен аяқталған...


Бәрі де кешкі тамақтарын ішіп болған соң үйреншікті әдеттерімен би алаңына қарай беттеген. Күндегідей екі-үш бидің басы қайырылған соң Райгүл кезекті сылтауын айтып, палатасына беттегенде, Ақкербезбен екі жігіт кезек билеген. Сойталдай-сойталдай екі жігіт биқұмар келіншектің айызын қандыра алмады ма дегендей қара костюм, ақ көйлекпен кешкі алакеуімде ақтөстеніп көрінер сыптығыр қара жігіт ағасы соңғы екі-үш күннен бері Ақкербезді бұлардан жұла қашып, биге шақырғыштап жүрген. Аппақ тоқ балтыры жарқылдап, Ақкербез шыр көбелек айналып бара жатады. Әлдебір әңгімесін жігіт айтатын болса керек, келіншек дір-дір еткен толымды қос анарымен жігіт кеудесін қытықтап, шалқая беріп, сылқ-сылқ күліп бара жатады. «Қап, мынаны-ай, ә!» дегендей Жәкең Еркешке жаутаңдай қарайтын. Еш нәрсені елемеген сыңай танытатын Еркеш ондайда, жанарын би алаңынан асырып, ақ қайыңдарға қарайтын. Сол күні де ақ төстенген сыптығыр қара үшеуі тұрған жаққа жиі келгіштеп жүрген. «Сіздерден рұқсат болса, амалым қайсы?» дегендей тана көзі жарқылдаған Ақкербез сыптығыр қарамен шыр көбелек айналып, тағы да кете берген. Соңғы би кезінде Еркештің қайрауымен Жантүгел келіншекпен бірге биге шыққан. «Мүмкін екеуі биден кейін оңаша қыдырып, тілдесер» деген оймен Еркеш жатын корпусқа қарай жылыстап кеткен болатын.


Бүгінгі әдемі кештің қызығын қимағандай Еркеш балконда тұрып, сырттағы серуеншілерді біраз тамашалаған. Біреулері екіден, енді біреулері төрттен-бестен топтанып, ұйқы алдындағы серуенге шығыпты. Пендеге тән білуге тән әлдебір құштарлығы жеңді ме, Еркеш сейілдеушілердің арасынан Ақкербез бен Жәкеңді іздестірген. Көпке дейін олар көзіне түспей қойды. Тек, жұрттың көбі палаталарына кіріп, санаторияның кең ауласы түнгі тыныштыққа бөккен кезде ғана сыптығыр қара мен Ақкербез де көрінген. Әңгімелері жарасып, көптен бері ұғысып қалған жандардай, қолтықтасып алыпты.


Ол Жантүгелді де көрді. Нақты сол екеніне көзі жетпесе де гүлзардың жанындағы орындықта үйелмендей болып отырған жал­ғыздың сол екеніне күмәнданбаған.


«Әй, байғұс, сол!» деді Еркеш күбірлеп. Бұл сөзін әлде кербез келіншекке, әлде Жәкеңе арнап айтты ма, оны өзі де байқаған жоқ. Ол содан кейін ақырын басып барып, өз есігін жартылай ашып қойған. Ондағы ойы, өздерінің қарсыларында тұратын Ақкербездің келіп палатасына енген тықырын есту болатын. Ол қанша күтсе де келіншек жатар мекеніне оралмады.


Қызықшыл келіншекке ызасы келді ме, болмаса Жантүгелге жаны ашыды ма, әйтеуір кірпігін айқастыра алмай әуре болғаны. «Жиі-жиі телефон соғып тұрсаңшы» деп қалған келіншегі, өздігі­нен жүретін машина сатып ала келуін қатаң тапсырған кішкентай ұлы ойына орала бергені. Аз күн болса да өз отының басын сағынғанын алғаш рет сезінді.


Содан түннің бір уақыты болған кезде ғана есікті сыбдырсыз ашуға тырысып, палатаға Жантүгел кірген. Шамды да жақпастан шешіне бастады. Дем алысы ауыр. Деміл-деміл тереңнен тыныстап, күрсініс сияқты бөгде үн шығарады.


Жігіттің көңілін демдегісі келді ме, әйтеуір Еркеш естірте әдейі есінеді. Әлі ұйықтай алмай жатқанын сездіргендегісі. Оның бұл әрекетін көршісі елемеген соң, қалайда сөйлеспей қоймаймын деген кісіше Еркеш сағаттың неше болғанын сұраған. Онысын жуып-шайғандай: «Ұйқымның келмей жатқаны» деп қосып қойды.


– Екі болып қалған шығар... – Жантүгелдің үні біртүрлі құмығып естілгендей. Кереуеттің пружинасын зар еңіретіп жата беріп, тереңнен толғап күрсініп салды.


– Ереке, көп дүниені білесің ғой... Осы сары бас жылан қасиетті деген рас па? – деп, ол түн ортасы ауып, санаторияның жүздеген адамын қойып, барша жұрт қалың ұйқы құшағына енген зауал шақта кісінің ойына келмес бір қызық сауалды қойғаны.


Еркеш те сұрақ уақытсыз қойылды демеді, оқыған, көргенді азамат екендігін істеп, барынша ұстамды жауап берді:


– Жәке-ау, табиғат ананың барлық төлі қасиетті емес пе?! Ал, ел аузындағы ескі әңгімелерге қарағанда, сары бас жылан шипалы сулардың маңында міндетті түрде болатын көрінеді. Мүмкін жер астынан шығып жататын жылы суларды жақсы көретіндерінен болар... Иә, оны неге сұрадың, Жәке?


Жантүгел біраз кідіріп барып тіл қатты:


– Тұп-тура сен келетін күні ғой деймін, біраз кісі ваннаны қабылдауға кезекте отырғанбыз. Бір кезде жанымда отырған Ақкербездің жан даусы шыққаны. Бәріміз де оқыс үннен шошып кеттік. Қарасам келіншектің қайтіп үні шықпай, жанары жасаурап, табалдырықтың астына тесіле қарайды. Тіл-аузынан айырылып, менің бауырыма кіріп барады. Сөйткенше болған жоқ жуандығы оқтаудай сары бас жылан ешкімді елеместен, дәлізбен ирелеңдеген күйі жортып бара жатты. Мені ешкім жұмсамаса да ұшып тұрдым да әлдекімнің босағаға сүйеп кеткен таяғын ала ұмтылдым. Біреулер мені тоқтатпақшы болды-ау деймін, бірақ жыланға өшіккенім сонша, әрекетімнің оң-төрістігін ойлауға мұршам келмеді. Мен жазықсыз жәндікті шала-жансар шұбатылтып апарып, ағаштың түбіне көміп келген соң да отырған адамдардың бәрі дерлік «тас жүректігімді» бетіме басты. Қайсыбір қарттар: «Сары бас жылан бәріміз де топырлап келіп шомылып, ішіп мәз болып жатқан шипалы судың киесі еді, бекер өлтірдің» дегенге дейін барды. Содан бері көзім іліне берсе болды, сол сары бас жылан иретіліп келіп, мойныма орала түседі. Әр түн сайын қайта-қайта шошып оянатын болдым.


– Ә, ештеңе жоқ. Оның бәрі «жазығы жоқ жәндікті бекер өлтірдім-ау» деп ойлағандікі ғой, – деді Еркеш. – Одан да жатар алдында өмірдегі ең бір сүйікті адамыңмен өткен бір тәтті күндерді ойлап жатып, ұйықтап кетсең көретін түстерің де тәтті болады...


Ертеңгі тамаққа Ақкербез келмей қалды.


– Біздің Ақаң бүгін тамаққа кешікті ғой, – деген Еркеш. Жантүгел бұл сөзді естімеген сыңай танытты. Әлденеге айыпты болған адамдай үн-түнсіз отырып, тамағын іше берді. Райгүл ғана дастарқандас, әрі палаталас құрбысының таңғы тамаққа бірінші рет келмей қалуының, ал Жантүгелдің бүгін сонша көңілсіз отыруының себептерін анық білетін сыңайлы. Еркештің жаңағы сауалын естіген соң «оны айта беріп қайтесің?» дегенді жанарымен ұқтырған.


Таңғы тамақ желініп болып, үшеуі орнынан тұра берген кезде Жәкең ойда жоқ бір тың шешімге келіп отырғанын сездірді.


– Райгүл, замандасым, «Бір күн таныс болғанға қырық күн сәлем» деген бар. Аз күн болса да әзіліміз жарасып, бірге жүрдік. Артық айтылған әңгіме болса көңіліңе алма.


– Оу, Жәке, жол болсын! Жайшылық па? – деп, Еркеш әзілдей тіл қатқан. Бірақ Жантүгелдің жүзінен әзіл-күлкінің ізі байқалмады. Ол Райгүлден мойнын бұрмаған қалпы, қызына батасын беріп отырған қариядай, бір қалыпты үнмен айтпағын сабақтай берген.


– Жолдасыңа дұғай сәлем де! Көрмесем де сонша бақытты жігіт екеніне күмәнім жоқ. Он бір баланың әкесі болғаны үшін ғана емес, өзіңдей жары болғаны үшін... Мен бүгін қайтсам деп отырмын. Шаруа адамына жаз ортасында шалжиып жатып, дем алған жараспайды екен. Тракторымды бір жолдас жігіт алып қалып еді, қанша жолдас болғанмен кісі дүниесіне өз мүлкіндей қарай алар ма қазіргі жұрт? Ішім де пысып дегендей...


Еркеш тағы да өз пікірін білдірген.


– «Ойыны ма десем, шындап жүр» дегендей, Жәке, әңгімеңнен әзіл көре алмай отырмын-ау. Бүгін шахмат турнирі басталады ғой. Үкілеп қосқалы отырған жүйрігіміздің жеме-жемге келгенде тайқып шыға бергені жараспайды екен. – Жәкең бұл уәжға да қыңбады.


– Жақсы демалыңдар. Әкетіп бара жатқан ауруым жоқ, күніне жылы су құйған ваннасына сүт пісірім аунайды екенмін деп қайдан осында арамтамақ болып жата берейін... Ал, Реке, сау болып тұрыңыз!..


Жантүгел орнынан тұрып, Райгүлге басын иіп, ишара жасап еді, келіншек қолын ұсынып, қоштасты:


– Елге аман-сау жетіңіз, жолыңыз болсын!


Ойламаған жерден күрт шешімге келген Жантүгел алды-артына қараған жоқ, киім кешегін чемоданға салып, айналасы жарты сағатта даяр болды. Автобустың аялдамасына келе жатқанда бір-бірімен ренжісіп қалған адамдардай екеуі көп тілге келе алмады. «Неге өйттің де неге бүйттің?» дегенге енді мойын бұрар жігіттің жоқтығы кәміл еді. Тек аялдамаға жеткен кезде ғана Жантүгел паспортын қолына алып, арасынан бір суретті шығарды.


– Қарашы, Ереке! Ғажап адам емес пе?! – деді, ол суретті жігітке беріп тұрып. Қос бұрымының бірін тоқпақтай ғып алдына тастаған қара торы қыз күлімсірей қарайды. Кішкене тәмпіш танауы, жұқа да емес, қалың да емес дөңгелек ерні... әлде мынау жарық дүниеде осындай бойжеткен болып жүргені үшін өзін соншама бақытты сезінген уайым-мұңсыз бет-әлпеті – әйтеуір бір жарасымды әдемілік бар еді.


– Шынынды да ғажап екен, – деді Еркеш қатты толқып тұрған Жәкеңнің пікірін орнықтыра түсейін дегендей. – Керемет бір сұлулығы бар жан екен. Қалыңдығың болар.


– Болса арман не? Болған. Бәрі де болған. Еш-шай деспей он жылдан астам уақыт отасып едік. Айтары не?! Он жыл он күндей болмай өтіп кетіпті. Қас қағып үлгермей де қалған сияқтымын. Бір ұрсысып, бір ажырасып, одан қайта табысып жататындар ғой итшілеп өмірін өткізе береді, өткізе береді, өткізе береді. Ал, тәтті тіршілік – көбіне келте... Мен оны өмірі ешкімге айырбастамаспын деуші едім. Тіршілік теңізінде қосақсыз қалған сыңардың көбіне опасыздық жасайтыны сияқты тағы біреуді ұнатпақ болып едім, ол да менің тәубамды есіме түсірді... – Ол суретке шексіз махаббатпен біраз қарап тұрды да, қайтадан паспортының арасына қойып, төс қалтасына салды. – Үйленетін жылы сыйлап еді осы суретін.


Сол кезде ыңыранып келген автобус та тоқтаған. Жантүгел қорбаңдап келіп, Еркешті бауырына қысты. Бірер апта ғана бірге болса да бірнеше жыл бірге тұрған адамдай қимай тұр.


– Ал, туысым, сау болып тұр! Алматыға келсем тауып аламын. Айтпақшы, Ақкербезге айта сал: оны шошытқан екен деп түк жазығы жоқ сары бас жыланның жарық дүниесін тартып алғаным үшін өкінулімін. Жылан да болса жолына құрбан етуге тұратын жан болса екен-ау!


Абажадай автобус оны чемоданымен бірге әп-сәтте қылқ еткізіп, жұтып қойды да, ыңыранып, қозғалып кетті. Еркешке әлі де пәлен жүз адамы бар санаторияның бір шетінен ел көшіп кеткендей көрінді, ішкі сарайы да қызықсыз бос қалғандай. Жәкеңнің паспортының ішіндегі мұңсыз-қамсыз күйі күліп тұрған қыздың суреті көз алдына елестей берді. Сонан соң ол: «Шіркін, «Осынысымен тәтті өмір» деп аталатын ғажап бір сурет салсам, оның орталық кейіпкерлері – жарық дүниеге тіршілік сыйлаушы Ана бейнесіндегі Райгүл, бар игілікті маңдай терімен жасаушы, әрі кіршіксіз аппақ сезімнің иесі Азамат тұлғасындағы Жантүгелдер болса. Ақша бұлтқа айналған Махаббат-Арман сияқты болып, Жантүгелдің төс қалтасындағы қолаң шаш қыздың дидары елес берсе... Жастықтың қызығын жаз қызығындай деп түсінетін Ақкербезге де орын тапсам ол суреттен» деп қиялдады жігіт. Бірақ қиялдау бар да, оны орындау бар ғой.



1986 ж.

Бөлісу:

Көп оқылғандар