Кәдірбек Сегізбай: Сұрау белгісі

Бөлісу:

26.01.2016 2849



images.jpg


Жүргіншілер ұлы жайлаудың етегіне ат тұяғын іліндіре Күн де байыған. Көкке жетуге тырмысқандай бірінен-бірі биіктеп, бірінен-бірі кеуде арттырып, көсіліп жатқан сеңгір-сеңгір таулар­дан шілденің шіліңгірінде де бір танбайтын салқын леп еседі. Күндізгі аптаптан солықтап жатқан үуу төмендегі ойпатқа бұлыңғыр шаңыт ұйып қалыпты. Ондағы жағалай қоныстанған отырықшы жұрттардың тынбас тіршілігі мына биіктен қарағанда сол шаңытқа малтығып, қам-қарекетсіз тынып қалғандай. Ғажап, етектегі елді іңірдің ала көлеңкесі қымтай бастаған шақта «мМен қандаймын» дегендей бар аймаққа оқшырая қарап жатқан Сайқанның мұз сәукелелі ұшар басын көкжиекке сіңіп кеткен күннің шапағы аймалап, қия алмай әлі тұр.


«Адам көңілінің әмәнда биікшіл болатыны анау тау басының шығар күнді бұрын қарсы алып, батар күнмен ең соңынан қоштасатын артықшылығына еліктеуі болар ма, әлде... Тауды көріп, тас баспаған жан биіктің қадірін білген бе, мұны да сүйе білер ерекше жүрек қажет. Етекте жүрсең өзін сағындырып шақырар қайран да менің таулы өлкем, сенің қасиетіңді мендей пір тұтар жан бар ма екен, сірә!»


Ақын жігіт Сайқан шыңдарына қарап, іштей осылай толғанып келеді. Бұл күнде осынау маңнан іздері өшіп, ұмытылуға айналған ғазиз жандар – анасы мен әкесі қайта тіріліп келіп, дәл қазір өзін қарсы алардай. Қарсы алып тұрып: «Жетті деген жалғызым, қияныңа ұшсаң да ұяңды неғып ұмыттың? Қара үздіріп біржола жоғалып кетпей, бір рет оралсаң етті?» деп өкпе айтардай. Ел шетіне талай келіп кетсе де, бүкіл балалық шағын өткізген жайлауына соңғы он жыл бойы орала алмапты. Көбіне асығып келіп, асығыс аттанып жүргеннен бе, әлде бұл жақта қалған ет жақын ағайыны болмаған соң ба, әйтеуір, жайлауын сырттай сағынса да, оны туралай бетке алар сапардың сәті бүгін әрең түскен. Оның өзінде де бұл шешімге ойда жоқта келген болатын.


Бүгін түс кезінде ол жастайынан бірге өскен досы Берікболға:


– Шіркін, жайлауға шығып қайтудың сәті биылғы демалысымда да түспейін деді-ау деймін. Әке-шешемнің кереге керіп, от жаққан жерлерін бір көріп қайтсам деуші едім... Демалысы құрғыр да, ағайынның үйін түгендеп жүргенде, сараң әйелдің дастарқанға санап салған бауырсағындай демде біте беріпті, – деген.


– Қашан аттанушы едің? – деген Берікбол ежелгі әдетімен әр сөзін тісінің арасынан сыздықтата шығарып. – А, әлі екі-үш күнің болса, ауылдың шаңына аунап жата бергенше бүгін кешкі салқынмен жайлауға шығып кетейік. Шегіне беретін дәнеңе жоқ. Мен болса-болмаса да малшылардың айлық ақшасын апарғалы отырған адаммын. Таза ауа жұтып, сергіп қайт, оның үстіне бала кезінде жаяу аңшылығың да бар сияқты еді, әрегідік арқар-елік қағармыз.


Бөлімше есепшісі болып істейтін досының сол ұсынысы түбегейлі байлам болып, барымтаға аттанғандай төрт жігіт бірден атқа қонған. Жүргіншілердің бірі өз шаруасымен етектегі елге түсіп, жайлауға қайта оралып бара жатқан Қали дейтін қойшы. Бұл атырапқа аңшылығымен аты шыққан әйгілі мерген Баймұхан төртінші болып ілескен. Фермада біраз жылдар қойшы болып жүргенде Сауыр-Сайқанның жүгірген аң, ұшқан құсына бір емес, екі емес мылтық кезене берген соң, ақыры қаруын тартып алып, шаруашылық орталыққа әкеліп, жұмысқа салыпты. Аңшылық та дертпен тең. «Астанадан келген ақын жігіт жайлаудан аң аулап қайтпақшы» дегенді естісімен есебін тауып, жұмысынан бірер күндік мұрсат алған екен де бұларға кеп қосылыпты.


Баймұханнан басқалары бір-бір мылтық асынған төрт салт атты ойда жоқта осылай жолға шыққан. Ауылдан қозы қайырым шыққалы бері әңгіме тізгінін Баймұхан мергеннің өзі ұстаған. Аюмен қалай бетпе-бет келді, екі қабанды бірден қалай жайратып салды, бәр-бәрін жіпке тізгендей ғып соғып келеді. Ақын жігіт аз сөйлейді, көп тыңдайды. Тыңдайды емес-ау, өз алдына толғанып, ойлануы басым­дау. Әйгілі аңшының тыңдаушылары Берікбол мен Қали десе болар.


Баймұханның өзінің мақтанып келе жатқаны аздай Қали мергенге көпшік қоя сөйлеп, әңгіменің отын үрлеп қояды.


– Байеке, ана жылдары сізбен алғаш аңға шыққанда көрдім ғой құдіретіңізді.


– Қайсысын айтасың? – Баймұханның бұл сауалы «иә, айта түс» дегендей сыңай танытқан.


– Ой, әлгі аюға жем бола жаздағаным ше?! Апыр-ай, сол жолы сіз болмағанда бар ғой, жыртқыш неме кемігімді кеміріп, етімнен котлет жасайтын еді.


Ұшығы көрінген жаңа әңгімеге ақын жігіттің елеңдеп қалғанын байқаған Қали іркілмей сөйлеп кетті.


– Он жеті, он сегіздегі кезім-ау деймін ә, Байеке... Қарақат пісіп, ел жайлаудан құлайтын шақ таянған. Бір күн үйге Байекең келе қалсын.


– Ұмытпапты, – дейді Байекең нығызданып.


– Аңға бара жатқанын сезіп қалып, жабыса түсейін. «Ағатай, солай да солай, ала кетіңіз, атыңызды ұстап тұруға жарармын», деймін баяғы. Қойшы, Байекең сусындаған соң әкейдің «отыз екінші» мылтығын асынып, мен де ілесейін. Бұрын аң іздеген жұрт мал бармайтын, жан баспайтын ұлы жайлауға қарай тартушы еді, бұл кісі етекке қарай тартып келеді. «Бұл қалай, Байеке?» деймін. «Бұл солай, қарақат жеп, жүрегі қарайған аю қышқылдау үшін төменгі құмырсқаның илеуіне, ал арқар-елік ащылау үшін сортаңға, сайға түседі», дейді. Содан қойшы, күн еңкейе келе Байекең бір таутекені құздан құлатты. Мен күлді-көмеш пісірем деп жүрсем Байекем: «Ой-бай, жата қал, ананы қара» дейді. Қарасам, көз ұшында сайды өрлеп келе жатқан құнан өгізді көрейін. «Бұл не?» деймін. «Аю ғой құмырсқаның илеуін жалап келе жатқан. Бердім жолымды. Қазір оны сен атасың», дейді Байекем.


Содан қойшы, екеуіміз сайдың екі жағындағы белегірге бекініп алып, екі бүйірінен қыса жол тосайық. Келісім бойынша оқ жетер жерге келгенде бес-алты оқты даярлап алып, тақыр қолтығының тұсын нысанаға алмақпын. Айтарға оңай, әйтпесе, жүрегім кеудеме сыйсыншы, кәне. Өне бойым бір ысып, бір суиды. Оқтарымды оңтайлап қойғам. Оқ жетер жерге келді-ау деген кезде тақыр қолтық қайдасың деп қара мылтығымды күркіретейін. Аю қайырылып барып, шонданайын қапты. Сасқалақтап жатып, тақыр қолтыққа деп жолдаған оғым, шатасып барып, аюдың шонданайымен «сәлемдесіпті». Аюым түтін шыққан жақ қайдасың деп маған қарай еңіретіп берсін. Қара аю емес қара тажал келе жатқандай. Сасқалақтап, мылтықты оқтай алсамшы, қане! Болмады, орнымнан атып тұрып, аттар тұрған сайға қарай жан ұшыра жүгірейін. Мылтық жайына қалған. Менен үріккен аттар тұсауларын үзіп, безініп олар кетті. Өліп, тіріліп, екінші төбенің басына жетіп, артыма бір-ақ қарайын. Аю жоқ, бөркін бұлғап, Байекең тұр. Қорқа-қорқа қасына барсам Байекем: «Сені аңға алып шығып жүрген мен де ақымақпын. Қоян жүрек неме-ау, менің мылтығым аяқ астынан от алмай қалса, өлдің ғой» дейді зіркілдеп. Ақ төс қара аю жан тәсілім ғып, сайда қалыпты.


Бұдан әрі шыдамаса керек, әңгімені Байекеңнің өзі жалғас­тырып әкетті.


– Ойпыр-ай, сондағы аюдың жанының сірісін айтам-ау. Жеті оқ шығарып, әрең жыққаным. Мынаны қуа жөнелген соң, ту сыртынан түре аттым. Аю маған қарай бұрылып алып, ұшып келеді. Мен болсам, атып жатырмын, атып жатырмын, сізге – өтірік, маған – шын, алдыма екі-үш адым қалғанда ғана құлады.


– Қорыққаннан болар, Байекеңнің жеті рет атқан мылтығы­ның даусын естімеппін, – деді Қали...


Баймұхан әр әңгімені бастар алдында Сайқанның қолат-қойнауынан бір кезде жыртылып айырылатын арқар-елік, тауешкі, бұғы-маралдардың бұл күнде құрып бітуге айналғанын айтып, мұңын шағады. Құрып біткені емес, құртып бітіргенін айтады.


– Бір кезде жұрт жалғыз менің мылтық ұстағанымды көпсі­нуші еді, бұл күнде жорғалаған тышқан көрсе таңқ еткізіп, оқ шығаруға даяр тұрар мергенсымақтар көбейді ғой. Әрқайсысында бір-бір «көсеу». Әй, жұрттың өзі де тағы болып кетті ғой, түге. Аямайды.


– Байеке, табиғат тағысына тағылықты бастаған алдымен өзіңіз сияқты едіңіз-ау, осы? – дейді Берікбол жымыңдап. –Сіз қырып бара жатқан соң, біз де қарап жата алмадық емес пе...


«Бұл шынында да нағыз тағылық қой. Бір кезде алаңсыз шұбырып келіп, қорадан тұз жалайтын жайлаудың үйір-үйір арқарлары шынымен таусылғаны ма? «Аң – табиғаттың сәні, жердің көркі» емес пе еді. Күн-түн демей тінтініп жүріп, атып жеген аң етімен үнемін айырмақ па бұлар? Осыны неге ойламайды? Аңшыкеш сотанақтарды тізгіндейтін бақылаушылар, орманшылар қайда? Табиғаттың бет-жүздік әріне жаудан бетер жара салған жанға қандай жаза қолданса да ағаттығы болмас-ты».


Ақын осылай ойлады. Бірақ онысын сыртқа шығарып айтқан жоқ. Қоналқыға жеткенде кең отырып, әңгімелер­мін деп түйді.


Айлы түннің жарығымен жолдың Уақ бұлағына құлағанын ақын жігіт сезіп келеді. Көктеуден жайлауға, жайлаудан күзеуге үдере көшкен қалың ел ұбақ-шұбақ болып келіп, мал аяғын суытар бір түнемелігі еді бұл жер. Іңірде малдарын нөпір ғып ерулеп жа­тар, бозала таңнан дуылдатып қайта көтерілер қайран мекен ақынға қош-қош айтып, қыр аса берген балалығын көзіне елестеткендей. Баяғы сол қалпынан қалтқысыз ағар кәусар бұлақ қана әуелгі әуе­нінен танбапты. Ай нұрына шағылып, мың бұралып ойнақ сала­ды, сылдыр-сылдыр үн қатады. Ақын етпеттей жата қалып, қолма-қол жыр жазғысы келді. Көкірегінде тербелген мөлдір сезім бірақ өр­нек­ті өлең жолдары болып, өрілер емес. Тек іштей ғана бұл­қынып келіп аласұрады, арнасын таба алмай, жан қинайды. Анау қарауыт­қан құздар, самсаған жұлдыздар кіршіксіз аспан, мөлдір бұлақ – бәр-бәрін де осы келбетімен санасында сақтап қалуға тырысып келеді. Ойларын өлең етіп, қағаз бетіне соңынан көгендемек.


– Жігіттер, ат аяғын суытып, бел жазып алайық, – деді ақын жолдастарына. – Талай жүрген жерім ғой, бір аунап тұрайын.


– Рас-ау, – деп қостады Берікбол. – Тамағымыз да кеберсіп кетіпті.


– Әр шалшықтың басына ерулеп жатсақ таң атқанша аңшылардың аяғы баса қоймаған Сасықбұғыға іліне алмаспыз, сірә, – деді Баймұхан. – Онан да суы мол Қиын­суға жетіп, бірақ тыныстасақ қайтеді?


Қали сыр білдірген жоқ. Тым болмағанда көптен ерге отырмағандықтан ойылып қалған тақымын жазбақ болған ақын жігіт ат жалын құшып, әупіріммен жерге түсті. Берікбол болса қазыналы қара ала қоржынның аузын шешу жөнінде ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ бірден іске кірісті...


Ақын шөлдемесе де етпеттей жатып, бұлақтың мөлдір суын жұтты. Ол: «Киелі бұлағым, мен сенің қасиетіңді ұмытқан жоқпын, ұмыта да алмаспын», дегені еді, өзінше. Содан кейін барып қырма толы қырлы ыстақан арақты бір-ақ төңкерді. Дәл қасында жатқан ескі жерошақтың тасын сипады. «Мүмкін, бір кезде жаның жәннатта болғыр, анам марқұм ас пісірген жерошақ болар ма?» Жұрт кө­ңіл­­ашардан біраз тастап-тастап алып, қарпақ-құрпақ басытқылық шұжықты қарбатты. Ақынның ішкені асқазанына жетпей-ақ көңілі босады. Қызулықтан емес, сезімталдықтан. Іштей елжіреп, анасын еске алды. Бөлінбес-ау әмәнда, бірге көрермін деп ойлайтын Табиғат-ана мен Адам-ананың ойда жоқта бөлініп кеткені ме, сыңарынсыз, бірінің ғана – Табиғат-ананың ғана мұны қарсы алғанына қиналды. Сол үшін, тек сол үшін, мұның алдында анау құзарлы құздар да, анау сыңсып жатқан қара барқын қалың орман да – бәрі де айыбын мойындап, мүлгіп қалғандай. Ақын іштей егілді, соның белгісі етіп аттанарда жарықтық Уақтың суынан тағы да ұзақ жұтқан.


– Сүрі жегенсің бе? – деді Баймұхан қолындағы босаған шөлмектерді орындарына белгі қалдырайын дегендей жерошақтың тасына бір-бір ұрып, сындырып жатып.


Түн жамылған салт аттылар біраз ес жиып, тынығып алған соң сар желіспен қыр аса берді. Ақын соңдарынан біраз жерге дейін естіліп тұрған бұлақ сылдырын қылықты қыздың көп мағыналы күлкісіне, әсіресе, серісаумал жігіттің оспадар ісін мазақ еткен күлкісіне ұқсатты.


* * *


Сонау жайлау төріне бүгін түнімен жетпесе, арқандап қой­ған­дай көрер аң-құсы бір жаққа ауып кетердей болған Баймұхан жүр­­­гіншілерді жылқышы-қойшы ауылдардың біріне де кідірткен жоқ.


Ақын әр жаз сайын әкесі марқұм келіп орнай кететін Айғыркөмген жұртының қасынан қиғаштап өте бергенде сапарластарына: «Әкемнің мекені еді, бұл жер... Мүмкін осында аз ғана тізе бүгіп, дем алып аттансақ қалай болар» деген өтініш айтқан. Тағы да Байекең бұл ұсынысты үзілді-кесілді қабылдамай тастады.


Ақын атамекенінің қасынан түнделетіп өтіп бара жатып, мынау мөлдір түннің құшағында жатқан сол баяғы әкесінің көне жұртына үздіге қарады. Әлде көкірек пердесін дөп басқан сезім тол­қыны, әлде бағана ішкен арақтың қызуы, әйтеуір, оның көңілі нілдей бұзылсын.


– Бұл жерді қазір Қалдыбай деген жігіт жайлайды, – деген біреуінің сөзіне ол мән берген жоқ. Кім жайласа да ол үшін бәрібір еді. Сол кезде Қалдыбайдың екі ақ иті абалап алдарынан шықты. Өз міндеттерін адал орындап жүргендеріне иесінің көзін әбден жеткіздік-ау дегендей олар біраз жерге дейін бұларды арсылдай үріп шығарып салды. Ақын соңына қарады. Аспан жүзінде жүзіп жүрген ақшуда бұлттардың бір шоғыры жерге түсіп, бұлардың жұртында қонақтап жат­қандай. Түнгі жайлауда жатқан бір отар қой ақынға солай көрінді.


Баймұхан: «Сасықбұғының қалың жыңғылына таңға дейін кіріп үлгеруіміз қажет. Арқар-бұғы күн көтерілгенше ғана жайылады, мылтығымыздың аузын қандай алсақ, күн қыза жас қуырдақ жеп бір-ақ тынығармыз» деген пікірін тағы қайталады. Ол айтады: «Аңшымын деп мылтық асынып шыққан екенсің, от сұрай келген әйелге ұқсап, әр үйге кіріп, кесе шетін тістеп жүрудің қажеті жоқ. «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда». Аңға шыққанда азығыңды аңғарлы тау, сыңсыған орманнан таба алмасаң, ашығып сілеңнің қатқаны жақсы».


Ақын жігіт ер үстінде қоқайып отырудан да қалып, кеудесімен ат жалын құшып, өлдім-талдым дегенде жетер жердің шетіне әрең деп іліккен. Сансыз жұлдыздардың да өңі қашып, шығыс жақтан ақшулан арай көтеріле бастаған еді ол кезде.


Түні бойы аңшылық хикаяларын шертумен болған Баймұхан дәл бір барымтаға келе жатқандай алдыға түсіп алып, үнсіз жортады. Басқасын қойғанда жұрттың шылым шегуіне де тыйым салған болатын. «Бұл пәтшағардың түтінінің иісі иіс атаулылардың жағымсызы ғой. Тек, әйтеуір, кейбіреулер қашан да зиянды дүниеге құмартатын әдетімен тартады да мұны. Әйтпесе, бұл түтіннің иісі иенде жүрген аңды да маңынан бездіріп жібереді» деп пәлсапа соққан ол. Астындағы қаражал құла да Бәкеңнің талай құқайына о бастан көнген мал болса керек, тау-тасқа салғанда аяқ-аяғына жұқпайтын ешкідей епті-ақ мал екен. Оқ жыландай сумаңдап, қиядан да, қиыннан да кідірмей өтеді.


Баймұханның «өзімнің кәнігі қарауыл төбем» деп атаған биіктің басына жете бере ол шағын өзекке тоқтап, аттан түсті.


– Тау-тасты көшіріп, енді атпен жүрудің қажеті жоқ. Осы араға көліктерді қалдырып, әрі қарай жаяу аяңдаймыз, – деді ол үстіндегі шолақ қара тонын шешіп жатып.


– Мерген аңға неғып қарусыз шықты деп едім ғой, бәсе! – деді Қали аңшының тонының ішінен сопаң етіп шыға келген қол тоқпақтай қара шолақ мылтықты көріп. – Мерген-ау, мынауменен не қырмақсыз? Бар болғаны ұңғысы кесілген он алтыншы, құс мылтық қой?


– Ақын інім қаладағы бастықтарға айтып, ісімді әшкерелеп қой­маса бәрін айтайын. – Шағындау келген шаршы сары көсе иегін бір сипап қойып, қутың қақты. Мылтықтың қарауылын көздеуге қо­лайлы болу үшін туада арнайы жаратылғандай қысықтау келген оң көзін мүлде қысып алып, ақын інісіне сығырая қарады. «Інісі» бол­са ат соғып, мылжа-мылжа болған сал бөксе денесін тіктей ал­май, көк шөп үстінде шұбатылып, сұлап жатқан. Мерген төс қал­та­сынан қалам суырғандай бір жарым қарыс қана түтік темірді со­паң еткізіп, қолына алды. Ақын оның қандай мүлік екендігінің байы­­бына бара алған жоқ. Қалғандары болса әу дескендей «оһо» деп тамсанысты. «Енді ұқтық» дегендей сыңай танытысып тұрғандары.


– Бәсе, бәсе сізден де не пәле шығады-ау? Мынауыңыз бесатардың ұңғысы болар ә? – деген Қалидың сұрағына Баймұхан жауап бермей, ерекше бір насаттанғандай кейіппен өзіне аңырая қарап жатқан ақын інісіне тағы да назар аударды.


– Бұл бесатардың оқсалма ұңғысы болады, бауырым. Бақылаушылар тексере қалса он алтыншы құс мылтықпен ештеңе қырмайтынымды біледі. Оның бишік сабындай жуан жездерін керсете қоямын. Және бұлардың барлығы да бытырамен оқталған. Әрине, құр, ұлар кездесіп жатса осы бытырамен-ақ бытырлатамыз. Ал кесектеулері кездесіп жатса он алтының ұңғысына бесатардың оқ салмасын сүңгітіп жіберіп, оны бесатардың оғымен оқтаймыз да, шіреніп тұрып, тартып қаламыз. Көз көрім жерден қандай аңның болсын жанын жаһаннамға жібер.


Ол жерде жатқан қара тонның етегіндегі қос қабат астарды көтеріп жіберіп, самсап тұрған сүйір ұшты сары ала оқтарды көрсетті.


– Мерген-ау, осының бәрін қайдан аласыз? – Әлі таңырқап тұрған Қалиға ол әлдеқандай бір жасандылықпен қабағын түйгендей болып түксие қарады.


– Әй, баламысың деген-ау. Әлі күнге дейін «Береген қолым – алаған» дегеннің де мәнін ұқпаған болдың ғой. Бір құлжаны өгіздей ғып өңгеріп апарып құлатсаң бес­атардың оғы емес, зеңбіректің оғы да табылмас па…


«Періште-ай, алтын көрсе жолдан тайған». Осындай қарақшылық қой, туған табиғатты түлетудің орнына жүдететін. Қарақшы деймін-ау, өзім де жұмыстарын тастап, ұрланып мылтық асынып жүр­гендерге ілескен түрім мынау. Сонда менің кім болғаным?! Демек мен де сырт көзге туған өлкесімен сағынысып табыс­қандай көрінгенмен, шынтуайтында оған түн жамылып келе жатқан қаскөй қарақшының өзі емеспін бе!». Ақын өз ойынан өзі шошып кетті. «Жо-жоқ! Мен – ақынмын. Ақын – сезімнің адамы. Аңына мыл­тық кезену үшін емес, бұла өлкемнің бау­райында аунап қайту үшін, сымбатын тағы бір сезіну үшін, келбеті көкейде көмескі тарт­са көзбен көріп, көңілді тояттату үшін келгенмін мұнда. Алқаракөк Көктомар, ақ сәукелелі Сайқаным, мылтық асынып келсем, суық қарсы алма мені. Керілген төскейіңде көсілте шапқан ерке төліңді сырт­тай қызықтармын! Жат ниеттен аулақпын, қалғыған шабытымды серпілтер сезім құсын іздеп жүрмін!» Айтты-айтпады, ол атып келе жатқан таңның ақ ұлпа сәулесіне малынып, әлі тәтті ұйқы құшағынан ояна алмай жатқан жаңа түскен келіншектей балбыраған бүкіл көзтаныс жерлерін көріп, ақынға ғана тән нәзік сезімталдықпен толқып отырды.


– Жә, онда ептеп өңеш жібітіп алалық. Түн салқынымен тоңа­зып қалыппыз. Ақыры демалып жүрміз ғой... – Берікболдың сөзі сенімсіз шықты. Басқа жігіттер оған пікір білдірген жоқ.


Ешкім сайламай-ақ, өз-өзінен жолбасшылықтың тізгі­нін қолына бекем ұстаған Баймұханнан жасқанатын сыңайлары бар. Мерген болса бірден шарт сынды.


– Бұл қу медиен, құла дүзге арақ ішу үшін келсең, қоқайтып иығыңа мылтық асынып нең бар еді? Маскүнем­нен шыққан мергенді көрген жоқпын. Ал егер көмейіңе құрт түсіп, есі-дертің соған ауып отырса, арағыңның иісін мүңкітіп, аң үркіткенше – ат бағып, осы қалтарыста жат!


– Ойбай, тақсыреке, жаздық-жаңылдық! Тоңған соң аздап... – Берікбол қипыжықтап, бір шертер шиті мылтығын жерден көтере берді. Ал, кеттік дегендей сыңай танытып тұр.


Ақын ана құшағына ұзақ ойыннан шаршап келген баладай маужырап бара жатты. «Кісінің кей тіршілігі баланың ойынына ұқсас па деймін. Осы сомадай-сомадай төртеуіміз кезекті бір ойын өткізер алаң орнына осы жерді таңдап келгендейміз. Жо-жоқ, мен бұл ойынға қатыса алмаспын. Өзім ғана емес, мына аңқұмар жандардың да желігіне тоқтам салуым қажет! Сөйтуім керек!». Ол басын жерден көтеріп алды:


– Байеке, мен сізді ойнап жүр десем, шындап барасыз-ау деймін. Сіз айтқандай, бұл жаққа аң атаулыны қырып салу үшін келген жоқпыз. Сергіп, бой жазу үшін ғана келмеп пе едік?! Райыңыздан қайтыңыз!


«Мынауың не деп отыр?» дегендей үшеуі де үдірейіп, мұның жүзіне үрке қарасты. Айтқан сөзді ұға алмай қалғандай cұраулы жүзбен қараған.


– Шының ба-ей?! – Мергеннің қысық оң көзі де сау көзіне теңесіп кетті.


– Шыным!


– Қой, шырағым, демалу үшін келетін шаршап-шалдығып жүргенім шамалы. Бұл тау-тасты сағынатындай болғаным тағы жоқ. – Бірақ ол ашуды ақылға жеңдірейін дегендей түсін жылытып, ақынның жанына тізе бүкті. – Әзілдеймін, інім, бәріміздің де жұмысты тастап, соңыңнан салпақтап жүргеніміз бір өзіңді сергітіп қайтарайық дегеніміз де.


– Е-е, – деді Берікбол да қостап. – Қойшылардың мыңдаған сом еңбекақысын бөктеріп алып, елсіз иенде менің де шапқылап жүргендігім, көзсіздігім де, ессіздігім де шығар, бірақ сен үшін жасаған бір тәуекел екені рас. Әйтпесе, бәріміздің де жұмысымыз бар, ерігіп жүрген біріміз жоқ. Науқан қызған бұл кезде қарап жүрген шаруашылық адамы болған ба?!


Баймұхан үзілген әңгімесін қайта жалғады.


– Рас айтады... Оның үстіне, сен келіп бұл таудың аң-құсын бірер күн қорғаштағаныңмен иен даланың жүгірген аңы мен ұшқан құсын бұл жұрт атпай тұрады деймісің. Інім-ау, бір бұғыны жығып алса, ала жаздай сүрінің астында жатпай ма? «Обал» дегенді тегін олжа іздегендердің бәріне ұқтырып болу мүмкін емес, ұқтыра да алмайсың.


– Орман бақылаушылары қайда? Бұл тағылықты тізгіндер олардың салар айыбы, тарттырар жазасы болмаушы ма еді?


Ақын ашулы сөйледі. Оның мінбеде ғана айтылар қызыл сөзге ұқсап кеткен бұл пікіріне мерген майда ғана жымиып қойды. Сонан соң қол созып, манағы қара тонды өзіне қарай сүйреді.


– Мынау, – деді ол тонының етегіне сұлудың тістеріндей тізілген бесатардың оқтарын нұсқап, – сол бақылаушылардың біреуінен алынған. Ал, енді олардың өз қызметін адал атқарып жүргендері де аз емес. Ондай ақ жүрек, қызыл көздердің қолына түссең еш уақытта аямайды.


Ғұмырында аңға шығып, торғай атып көрмеген Теміржан деген қойшы бар осында. Сол былтыр қой жайып жүріп, малға шапқан қасқырды атқан екен, оғы дәл тиіпті. Қайбір мергендік дейсің, әйтеуір, жыртқыштың ажалына көрінген де. Алғашқы сәттілікке мақтанса керек, ертеңіне көлденең өткен көк аттыға: «Кеше бір қасқырды жайратып салдым» деп мақтаныпты-ай келіп. Сөйтсе онысы әлгі орман бақылаушысының өзі болып шықса керек. Қанды ауыз қасқыр да қамқорлыққа алынған білем ғой. Теміржан ақшалай айып тартып, әрең құтылған. Әнеки, «бақылаушылар қайда?» дейсің... Жарайды інім, былай болсын, келген соң отқа аунатып күлді-көмеш бірдеме ауыз тимей аттанғанның қисыны тағы келмес. Арқар-еліктің құлжа-текесі кездессе біреуін оққа байлайық. Одан тұқымы құрып кете қоймас. «Мұның не-ей?» дейтін бұл маңда біреу табылса, мұрнымды түбімен отап берейін. Ал, әлгі орман бақылаушылары деген пысықтардың көпшілігі аңы таусылып, жері жауыр болған ауыл маңын торығансып жүргендері тағы шындық.


Ақын жігіт өз меншік малы бөгденің қолына ақысыз кеткелі тұрғандай қиналып отырып, әрең дегенде илікті.


– Жарайды, жалғыз-жарым жүрген құлжа-текесі болса ғана олжалармыз. Марал-бұғыға мылтық кезей көрмейік, әйтеуір. Бұл маңнан олардың тұқымы құритын болса, мынау таулы өлке жетім қалғанмен бірдей емес пе. – Үшеуі жымыңдасты...


Аңшылар суаттан тойынып қайтқан тау тағылары сияқты бірінің артынан бірі тізіліп, Баймұханның қарауыл төбесіне қарай мамырлап келеді. Сөйлеуге де, жөтелуге де, күлуге де мерген қатаң тыйым салған. Өзі аш күзендей бүгіліп, топтың алдында таяқ тастам жерде оқшау келеді. Жемтігіне жымын жасырып жақындаған жыртқыштай тым сақ, бір бұтақты сындырмай, асықтай бір тасты домалатпай жүруге әбден үйренгенін аяқ алысы-ақ әйгілеп тұр.


«Өзі бір қартаймайды екен-ау, – деп ойлады ақын. – Баяғыда мұның бала кезінде-ақ осындай сияқты еді. Екі күннің бірінде қойды келіншегі мен шиеттей балаларына қалдырып, екі атын кезек-кезек мініп алатын да өкпеге тепкілеп, тау-тасты кезіп кететін».


Бала кезінде осы Баймұханның өзіне жасаған бір қиянаты ақынның есіне түсті. Күні кешегідей көз алдында. Ұмытпаса алтыншы-жетінші кластың біріне көшкен жылы жазда болатын. Бұлар осы Айғыркөмгенге келіп, кереге жайған күннің ертеңі. Жаның жәннатта болғыр әкесінің белінің құяңы ұстап қалып, қойды ертеңгілік бұл өргізіп шыққан. Ерте өрген мал күн қызғанша алсындап, біраз жортақтаған соң күн қыза қолаттағы қалың бүргенге сұғына барып байырқалаған. Бұл атының ауыздығын алып, қонышына тыққан кітапқа үңіле бергені сол еді, көлеңкелеп жатқан Жетер әлденеден секем алғандай шабалана үріп, мал жатқан қолаттың желкесіндегі жақпар тасқа қарай тұра ұмтылсын. Ит-құс, әлде аю келді ме деген оймен бұл да орнынан ұшып тұрып, әйтеуір, сақтық үшін аспанға қаратып, мылтық атқан. Сөйткенше, жақпар тасты асқан Жетер қаңсылап, өзіне қарай қашсын. «Аю болар» деп ойлаған ол мылтығын оқтап атқа қонған. Ойы тездетіп, қойын қалтарыссыз ашық үстіртке қарай шығарып әкетпек. Айғайлап жүріп, малды жинап жүргенде бір тастың түбінде жатқан ақ ту қойды көрді. Дәл маңдайындағы түймедей жарадан аққан қан біраз жерді бояпты. Мұның қандай кесел екенін пайымдауға да мұршасы болған жоқ, өңгеріп алуға шамасы келмейтінін және біледі. Өлген қойды сол жерге қалдырды да, шапқылап жүріп, отарын қуалап үстіртке шығарған бойда әкесіне жеткен.


– Қап сары сайтан-ай, мені де басынайын деген екен. Әкпел бері атты! – деп әкесі белінің құяңын да ұмытып, не болып, не қойғанын айтпастан, бұл нұсқаған жақты бетке алып шаба жөнелген.


Арада шай қайнатым уақыт өтпей ол түтігіп қайта жетсін. Ақ ту қойға келген кеселдің не екенін шешесі марқұм да біліп отырса керек, шалы аттан түспей жатып-ақ: «Сол дәматқыр ма екен?» деген бірден.


– Енді сол болмағанда кім деп едің, асатынан келе қалған?! Осындай қымқырмасы бар деп естуші едім бұл иттің, рас болып шықты ақыры. Мына ынжық кетісімен өңгеріп алып, тартып отырыпты. Жолда ұстадым. Әй, бұл арам ба, адам болмас. Ақ-адал малға оқ ат­қан деген сұмдықты кім көрген? Алыста жатып, шиті мылтықпен тырс еткізіпті...


Ертеңіне бір қойын өңгеріп, Баймұхан келсін: «Ойбай, Шілеке, алсаңыз міне бас, менен бір иттік өтті. Аң кезікпей қызылсыраған соң қызыққаным рас еді, жаздым-жаңылдым» деп аяғына жығыл­ған. Сол адам болмас деген Баймұханның шып-шырғасы шықпай әлі шауып жүр. Ал мұның ғазиз әке-шешесін ел ұмыта бастағанына, тіпті, өзінің де ұмыта бастағанына не заман?!.


Төртеуі қарауыл төбенің басына жеткен бойда сай-салалы терең шатқалдарды көзбен ұзақ тінткілеуге кірісті.


– Анау қалың балапан қарағайға кірген ізді көрдіңдер ме? Шалғын шөпті жапырып тастапты, – деді төрт тағандап жатқан күйі дүрбіден көзін айырмай қараған Баймұхан. – Дәу де болса, түнде түскен соны соқпақ сияқты. Қарағай арасынан шыққан із көрінбейді, не де болса сол қалыңның ішінде. Екеуің сайды өрлеп барып, сол қалыңға дабырлай кіріңдер.


Берікбол мен Қали мергеннің бұйрығын үнсіз қабылдап, жинала бастады.


– Ал екеуіміз анау тар мойнақтан тосамыз. Қашқан аңның жүрер жері сол ғана. – Манадан ешқайсысыңа мылтық көтерт­пеймін деп отырған ақын қазіргі сәтте жоспары талқыланып тұрған шаруаға өзі де елігіп кеткендей.


Мерген екеуі Көлденеңсуға өтер мойнақ асуға жетіп, енді тізе бүге бергенде қалың қарағайдың ішінен атылған мылтық үні бүкіл өлкені дүр сілкіндірді. Ақынға жаңағы ұйқыдағы табиғат-келіншек енді шошып оянып, ештеңені ұқпай үрке қарап тұрғандай. Әр жерден топ-топ болып құстар көтерілді. Шуласып, аласапыран халге түскен қарға-сауысқан бейберекет далбақтап жүр. Қарсы беткейдегі қорымға жайылған бес-алты суыр да жау келіп қалғандай аңқиттап-аңқиттап жіберіп, індеріне қарай мыртыңдай жөнелісті.


– Келіп қалды, келіп қалды! – Мерген қара шолақ мылтығын кезене ұстап, жер мен жер болып кеткендей төрт тағандап жабыса қалған.


– Алдымен мен, мен атайын. – Ақын да әлде бір дегбірді алған делебелі күйге түсті.


– Жақындағанда, қос өкпенің тұсын нысанаға аларсың! – деп ықтияттады мерген.


Әлде жүгірген аңның дүбірі, әлде өз жүрегінің дүрсілі, әйтеуір, ақынға жердің жүрегі тулап жатқандай сезіледі. Сөйткенше болған жоқ, дәл алдарындағы иек артпадан лақтырған тастай болып бір сұр дене өздеріне қарай төтелей салып келеді екен. Ақынның қолы дірілдеп, әлгі денені қарауылға іліндіре берді. Жер тулап кетті, көз ұшынан көрінгендей болып бұлдыраған жалғыз тал шырпыдай мылтық қарауылы – сұр денеге қабаттаса бере сұқ саусақ асығыстық жасады. Жер солқ ете қалды. Алдына тұнған көгілдір түтін арасынан омақаса құлап бара жатқан аңды ақын анық көрді. Таяқ тастам жерден ғана.


– Жығылды, жығылды, – деді ол қуанышқа толы әлдебір есірік айғаймен. Бір аунап барып, орнынан жанталаса қайта тұрған құнажын сиырдай марал есін жинап үлгерген жоқ жануар. Алдында жатқан адамдарға ештеңе ұқпаған көзбен тым бейкүнә, тым үрейлі үдірейеді. Мергеннің қарашолақ мылтығының қаһарлы үні естіле бере-ақ жануар мынау жарық дүниені қимағандай тәкаппар басын соңғы рет кегжең еткізді де ұзынынан сұлап түсті.


– Атпа, атпа! Обал болады! – деген мергеннің үнін естігенде ғана ақын құлаған аңның қасында селтиіп тұрған маралдың сары теңбіл бұзауқасын көрді. Мынау дүниенің не болып кеткенін әлі де ұға алмай тұрғандай. Жануар желмен жарысып келе жатқанда бұлайша сұлап түспейтін енесін тұр-тұрлағандай иіскеледі. Өздеріне қарай дабырлап жүгіріп келе жатқан екі аяқтылардан үрікті ме, әлде қан иісінен шошыды ма, қарсы беткейге қарай жосылта салды. Беткей бетімен сары теңбіл сағым сырғып бара жатқандай. Ақын есін жинады. Қатарласа жүгіріп келе жатқан мергеннің сөзін де естіп келеді.


– Түу, жануардың сүйкімдісін-ай! Мен сені бұзауқасын да атып жібере ме деп қорқып едім. Бұғы-марал деген жануарлар табиғаттың көркі ғой. Ендігі жылы жаңағы бұзауқаң да сиырдай бұғы болып шыға келеді.


«Аярсуын қарашы мынаның? Өз сөзімді өзіме қару ғып жұмсамақ» деп ойлады ақын. Ол жүгірген бойы қорқырап керіліп жатқан маралдың жанына келді. Тізерлей отыра қалып, енді ғана пендеге тән аяушылық сезіміне жол бергендей. Әлдене әлі де дүрсілдеуін қойған жоқ. Бүкіл жердің жүрегі тулап жатқандай.


– Жарайсың, ақыным! Қолыңа қалам ғана емес, мылтық ұстау да жарасады екен. Қолқа жүректен сәл ғана ауытқыпсың. Ал мынау маңдайдағы жара біздің қанды ауыз қара шолақтың сойқанды ізі.


Ақын орнынан тұрды. Көзі тағы да аңның сөніп бара жатқан мойылдай қап-қара бейкүнә жанарына түсті. Жануардың кірпігіне ілініп қалған бір түйір жасы да жерге домалап кетті. Өлім кіреукесі торлай бастаған маралдың қарашығынан қолмен жазғандай сұрау белгісінің суретін көрді. Имиіп тұрған ақынның өз бейнесі екен. Десе де ақын сезімнің адамы емес пе, тұла бойы бір ысып, бір суый­ды. Анау қарашықта өшпей қалған сұрау белгісі мұның өзіне, уа сөзінен ісі бөтен де бекем шығар ең саналы тіршілік иесі – адам атаулыға қойылған сұрау белгісіндей. Ақын әлдебір құмарлық күйден ада болып, аяушылық күйге берілген. Оның да жанарына ыстық жас үйірілді. Бірақ ол да әншейін адамға ғана тән «аяушылық» деп аталатын тағы бір қасиеттің іс тынған соң, айналып соғуы ғана еді. Ақынға жердің жүрегі әлі тулап жатқандай. Ол – жаңағы аяушылық деген сезімнің қайнар көзі болған, бірақ кейде-кейде иесінің өзінің оспадар қолынан араша сұрауға да жарай бермейтін, ақынның өз жүрегінің дүрсілі еді.



1973 ж.

Бөлісу:

Көп оқылғандар