Кәдірбек Сегізбай: Терегің құламасын де
Бөлісу:
«...– Есімің кім? Бейбіт! Ананы қарай гөр! Бейбіт дейді... Жар-р-рай-ды. Бейбіт-ақ бола қойсын. – Ұршықтың басындай домаланған мұрнын тыжырып, біраз отырды. Күліп отыр. Бірақ күлкісі тәтем мен Нұрай апайымның мені еркелеткендегі күлкісіне ұқсамайды. Мен ұқпайтын күлкі. – Ал фамилияң кім болады сонда?
– Әзірбаев.
– Әзірбаев дейді?! Жаным-ау, мынау не деп тұр? Әзірбай марқұмның құлағын шулатып нең бар еді сенің?! Ол марқұм болғалы он жылдан асты емес пе? Сүйегіне қына шыққан кезде сен де тумағансың. Сен болсаң жеті-ақ жастасың. Қой, шырағым, шын фамилияңды айтпасаң, мектепке қабылдай алмаймыз. Мектеп сен сияқты алдампаздардың келетін жері емес. Қазір үйіңе қайт та, шешеңнен сұрап, анықтап кел. Жалтырат табаныңды.
– Ағатай, алдап тұрғаным жоқ, менің фамилиям – Әзірбаев. Әкемнің аты да Әзірбай.
Көзіме жас тығылып, үнім шықпай қалды. «Мектепте де маған осылай дейтін болса, онда оқымай-ақ қояйын. Бүйткенше бұзауын қайырысып жүрсем де тәтеме көмектескенім артық. Оқымаймын!» деп ойладым. Сөйттім де бетіне тура қарап, былай дедім:
– Оқымаймын, ал оқымаймын мектебіңнен! О-о-қымай-мын!
– Сен оқымасаң қиын болды-ау ендеше. Сен келмесең мектебіміздің сәні де келмейтін, мәні де қалмайтын болды. Амал қанша, жетекке жүрмейтін қырсық бұзау сияқты табандап, қарсы болып тұрсаң қайтеміз. Қане, кетсең кете ғой! Мен не деп тұрмын саған? Жалтырат дедім ғой табаныңды! – Мұғалімнің жіпсиген көзі ішіп-жеп, жыпық-жыпық етеді. – Кет дедім ғой мен саған. Осы қазір кет!
Мұғалім деп тұрғаным өзіміздің жыпық сары бригадир. Қуын қараңызшы, енді құтылдым ба бұл пәледен десем, мұғалім болып ала қойыпты. «Фамилияң кім?» деп сұрап алып, мені жылатқанша мазақтайтын кәдімгі жыпық сары бригадир бар ғой, дәл соның өзі. Бірақ сіздер оны білмейсіздер ғой. Жүрген бір «маскүнем». Тәтем солай дейді. Ішсе болды, қылжақ қағып біздің үйге келе береді. Оның қылжағын көтеретін тәтем бе, талай рет үйден көсеумен сабап қуып та шыққан. Сол жыпық сарының қырсық болғанда мектепке келгенде де алдымнан шығып отырған түрі мынау.
– Кетемін, оқымаймын! – дедім үзілді-кесілді шешімге келіп. Даусым сенімді де нық шықты...»
– Бейбітжан, не болды жаным? Бері қарай аунап жатшы. Бейбітжан! _ Бастырылып қалсам керек, қара суға түсіппін, өне бойым малмандай. Баяғы тәтем ғой, бәйек болып жанымда телміріп отырған.
– Не болды, құлыным? – деді маңдайымнан сипап. – Жайсыз түс көрдің бе, немене?
Аң-таң болып мен отырмын. Тіпті, түс деуге болмайтын сияқты. Ап-айқын, өңімдегідей. Дегенмен, бұл оқиғамен өңімде емес, түсімде ұшырасқаныма қуандым. Әйтпесе мектепке барамын деп ала жаздай лепіріп жүргенде бір күн оқымай жатып, қайта қашып ауылға келсем, барлық балалардың алдында масқара болмаспын ба?!
Тәтеме ештеме дегенім жоқ. Ұйықтамақ болып, көзімді жұмдым. Бірақ ұйқымды да жаңағы бір сүйкімсіз түс өзімен бірге ала кеткендей. Тәтем болса басымды аялай сипап, кереуетімнің қасында отыр. Алақанының жұмсақтығын айтпаңыз, құстың қанатымен сипағандай. Оның қазір мені ғана ойлап отырғанын біліп жатырмын. Бір түрлі жылағым келді. Кеудеме біреу от тастап жібергендей ме, әйтеуір, ішімнен шыққан демім де ып-ыстық сияқты. Біліп жатырмын, тәтем Нұрайдан гөрі мені көбірек сағынатынын ойлап отыр.
– Ертең екеуің бірдей мектепке кеткенде қайтер екенмін? – деп бағана, кешкі шай үстінде бір жылап алған. – Биылша орталықтағы малшылардың балаларына арналған интернатта тұрып оқыңдар. Иен үйде төрт қабырғаны бағып, жалғыз қаңқиып отырғанша сол жаққа көшіп барайын десем, онда даяр тұрған үй тағы жоқ... Биылша шыдармыз. Жазда үй ала қалсақ көшіп барамын. Сонан соң ылғи бірге боламыз.
«Нұрайдан бұрын алдымен мені сағынады» дейтінім Нұрай бұрын да сол интернатында тұрып, оқып жүр ғой. Жо-жоқ, бүгінгідей тәтем қамығып, жылап көрген емес. Дегенмен тәтемнің жөні басқа-ау, үлкен кісі ғой, шыдайтын шығар. Мені айтсаңызшы, қалай шыдарымды білмеймін, басқасын айтпағанда, тәтем таңертеңнен кешке дейін үйге келе алмай қалса, фермаға өзім іздеп баратынмын. Мен ертең Нұраймен бірге мектепке, көп үйлері бар орталықтағы мектепке аттанғанда ол кісіні кім іздеп барып, бұзауларын кім қайырысады? Дәл қазір шешем қасымда отырған сәтте-ақ мен одан тым алыстап кеткендеймін. Көзімді тарс жұмсам да оны жүрегіммен-ақ көріп жатырмын. Сонда да, көптен көрмегендей бір түрлі сағынып жатырмын. Еһ, шіркін, білсеңіздер ғой, менің шешемдей шеше бұл ауылды қойғанда, сол әлгі үйлері көп орталықта да жоқ шығар. Ана Қайырдың: «Менің әкем бар, әжем бар» деп бос мақтанғаны болмаса, сәл нәрсе үшін шешесінен таяқты талай жегенін де көргенбіз. Жер-көкті басына көтере бақырып, безектеп қора айнала қашып жүргені. Тәтем жұрт сияқты мені іннен-інге қуалап соққанды, не дауыс көтеріп ұрысқанды білмейді. Бірақ қия басып, тентектік жасап қойсам күн ұзаққа дұрыстап сөйлеспей діңкеңді құртатыны рас енді.
– Ұйықтай ғой, жаным! Ертең мектебіңе апарамын. Оқушы боласың. Мен білемін, сен ақылдысың ғой. Жаман оқушы атанып, мені ұятқа қалдырмайтыныңды да білемін, күнім. Сен ақылды баласың ғой... Басқа балалардікі сияқты жаңа киімдерім жоқ деп ренжіме. Жыл аяғында мол ақша алсам, алдымен сені киіндіремін...
Өтірік ұйықтаған болып жатқанымды қара басып ұмыта қалыппын.
– Қайырдікі сияқты әдемі қара етік те алып бересің, иә?
– Иә, әдемі қара етік алып беремін. Сонда сұп-сұлу бала болып шыға келесің.
– Мен саған тартқам, иә? – дедім басымды жастықтан көтермеген күйімде.
– Иә маған тартқансың.
– Әкеме де тартқам, иә тәте?
– Әкеңе де тартқансың, жаным.
Байқамай айтып қалдым. Бірде: «Әкеме тартпаппын ғой», деп тәтемді қатты ренжітіп алғаным бар Онда да әлгі жыпық сарының кесірі. Былтыр ғой деймін, алдыңғы жылы ма әлде, анық білмеймін, әйтеуір, жыпық сары бізге алғаш келген күні болатын. Бұзау қайырып жүр едік, қасымда жолдасым бар. Қайырды айтамын да. Содан көзі жіпсиген осы бригадир келді.
– Ал, балалар, танысып қоялық, – деді атының үстінде тұрған күйі. – Сенің атың кім? – Ол мені нұсқады.
– Бейбіт.
– Сенің ше?
– Қайыр.
– Фамилияларыңды айтыңдар.
– Әзірбаев, – дедім. Қайыр фамилиясын білмейді екен, «Қамиланов» деп әжесінің атын айтып шатасты. Бірақ оның қателігін жыпық сары елеген де жоқ. Маған шүйлікті-ай келіп. «Қай Әзірбай? Шешеңнің аты Тана ғой? Үйбай-ау, баламысың деген, сен қайдан Әзірбайдың баласы боласың? Әзекең марқұм көз жұмғалы қай заман! Қой! Өйтіп әкеңдей кісіні алдама!» деген сияқты бірдеңелерді айтып жатыр, айтып жатыр.
– Жоқ, мен Әзірбай әкемнің аузынан түскендеймін! – дедім. Сөздің шыны керек қой, жеңдім ғой деп, күдірейіп тұрмын. Жеңілетін емес. Шиқ-шиқ етіп күлді тағы да.
– Әзекеңнің садағасына кет. «Аузынан түскем» дейді-ау тағы да. Кімнің аузынан түскеніңді айтайын ба? – Шиқылдап тағы күлді. Мен алды-артыма қарамай жүгіре жөнелдім. Жүгірмейтін де едім, көзіме келіп қалған жасты көрсетпейін дедім. Келген бетте тәтеме бір жыпық сары кісі солай да солай деді десем, өңі бұзылып, ашулансын-ай келіп. Жыпық сарының «сыбағасын» да берді бәлемнің. Маған да: «Әрбір қаңғырған иттің үргеніне құлағыңды салпитып неге тосасың?!» деп біраз зекіді. Өмірі өйтпейтін. Содан бері әкем жайлы сұрауға да көп батпайтынмын. Жаңа ғой, «сен ақылдысың, сұп-сұлусың» дегенге мақтанып, мылжыңдап қойыппын. Бір тәуірі бұл сөзімді елемеді ме, әйтеуір, ұрысқан да, ренжіген де жоқ.
– Ұйықтай ғой, құлыным, таңертең ерте аттанамыз! – Менің көз алдыма жыпырлаған көп үйлері бар орталықтағы мектеп елестеді. «Анау үш қабатты үй – біз оқитын мектеп, ішіне кіріп көрсең ғой, шіркін, шалқаңнан түсер едің!» деп былтыр барғанда Нұрай апайым жатып кеп мақтанған. Ертең, енді бір таң атқан соң, онда біз де оқитын боламыз әлі...
Көзім іліне тағы да түс көрдім. Үйіміздің артында үлкен жалғыз терек бар еді, сол құлап мені бел ортамнан басып қалған екен деймін. Қозғалуға дәрменім жоқ, қалай құтылудың амалын таппай тырбанамын кеп, тырбанамын кеп... «Әттегене-ай, – деп ойлаймын, – әттегене-ай, қандай ыстық күндерде біздің үй ішіміз түгелдей соның көлеңкесінде отырып, шай іше беретін едік. Енді қиын болды-ау... »
* * *
Қайыр екеуіміздің мектепте де, интернатта да жұбымыз жазылмайды. Жолдаспыз баяғысында. Екеуіміз де мұңдаспыз. Алғашқы күндері ол әжесін, мен тәтемді сағынып, бірдем жылап алатынбыз. Екеуіміздің де көбіне арқа тұтып, иек сүйейтін жалғыз тірегіміз – Нұрай апайым. Көбінде біздің бөлмеге келіп, екеуіміздің сабағымызды үйретеді, ақылын айтқан болады. Өзінше үлкен кісіге ұқсап сөйлейді. Соның арқасы ма, әйтеуір, екеуіміз де бірінші кластың озаты атандық. Мұғалім апайымыз да Қайыр мен мені үнемі балаларға үлгі ғып айтады. Өзімізді ерекше еркелеткен соң ба, апайымызды біз де жақсы көріп кеттік. Мұғалімімізді айтып отырмын.
Әлгі бір ертең мектепке жүреміз деп отырған түні көрген жаман түсімді айтып едім ғой. Өңімде де тура солай келекеге ұшыраймын ба деп қатты қорыққанымды қазір несіне жасырайын. Қайырды әжесі, мені тәтем алып келген баяғысында. Мектепке, әлгі Нұрайдың мақтанып көрсеткен үлкен үйіне, алғаш кіргенде қорыққаным сондай, көзіме жас келіп қалды. Қайырдың да жетісіп келе жатпағанын байқап келемін, әжесінің көлкемедей көйлегінің етегінен тас қып ұстап алып, жапақ-жапақ етеді.
Мен ойлағанмын, мұғаліміміз түрі жыпық сары бригадирге ұқсас ер адам шығар деп. Сүйтсем, үлкендігі тура тәтемдей-ақ апай екен.
– Атың кім, қалқам? – деді. «Бейбіт, дейді... Жа-ра-ай-ды, Бейбіт-ақ бола қойсын» дегенді қазір айтады деп ойладым. Мұғалімнің бетіне қарадым. Шын сұрап тұрған сияқты. Дәл тәтемнің мені еркелеткендегісіндей бір түрлі жымиып тұр екен.
– Айта ғой, жаным! – дейді тәтем.
– Бей-біт-т-т, – дедім сенімсіздеу үнмен.
– Ой, айналайын, қандай ақылды баласың өзің. Фамилияңды да білетін шығарсың?
– Біледі, – деді тәтем. Әңгіменің ең қиын жеріне жеткенімді білдім. Айтпақ едім, жүрегім аузыма тығылды, тілім таңдайыма жабысып қалғандей мұғалімге тағы қарадым. Сол жаңағы сияқты әлі күліп тұр. Тәуекел!
– Әзірбаев. – Басқаны қойғанда үнімді өзім де ести алған жоқпын.
– Әзірбаев! – деді тәтем. Жыпық бригадир тәтемдерге жиналыс ашқанда: «Пәленбаева, Түгенбаева!» деп дәл осылай айғайлап сөйлейтін. Тәтем тура сол бригадирге ұқсап, менің фамилиямды да бар даусымен қатты айтты. Мұғалім апай ақырын айтсаңыз да естимін ғой дегендей, тәтеме бір қарады да фамилиямды қағазына жазып жатты. Бөтен ештеңе айтқан жоқ. Тек қана: «Жөн, жөн, ал, сенің есімің кім?» деп Қайырға бұрылды. Ол мен сияқты көп бөгеліп қиналген жоқ, екі-үш күннен бері «Қайыр Ермеков, Қайыр Ермеков», деп аты-жөнін жаттап жүр еді, сол әдетімен: «Қайырермеков» деп лып еткізді.
– Есімің Қайыр ғой, ә? – деп мұғалім қағазына жаза бастады. – Ал фамилияң, – дей бергенде Қайыр тағы да қателесті.
– Қамиланов… – деп барып тілін тістеген күйі төмен қарады.
– Өй, құлыным, сол! – деп әжесі қысылып қалған Қайырдың бетінен сүйіп, мұғалім апайға түсіндіре бастады.
– «Қамила әжемнің баласымын» деп әбден үйренгендікі ғой. Фамилиясын сұрағандарға менің атымды айтады. «Ермеков» болады, айналайын, фамилиясы.
Мен кешегі түсімнің келмегеніне қуандым. Тек мазақтамағаны үшін ғана мұғалім апайымды бірден жақсы көріп кеткен сияқтымын. Тәтемді сағынып ара-тұра жылап алғаным болмаса, содан бәрі-бәріне де үйреніп қалғандай едім. Тағы да менің ойымды онға бөліп, ақылымнан адастырған жыпық сары бригадир болды. «Бригадир» деп бұрынғы әдетіммен айтып жатқаным ғой. Нұрай апайым айтқан, жақында оны жұмысынан қуып шығыпты. Обал жоқ, өзіне де сол керек, бәлемнің. Әттең, өзім өскенде бастық бола қалсам бар ғой, оны жұмысынан ғана емес, ауылдан да қуып жіберер едім. Қайдан, бірақ әлі кішкентаймын. Мен өскенше ол біздің ауылда тұрса жақсы.
Сөйтіп, оқушы болып шыға келдік. Қайыр екеуіміз бір күні мектептен келе жатқанда жыпық сары алдымыздан сайтандай шыға келмесі бар ма. Ішіп алған сияқты баяғы.
– Әй, сәлем неге бермейсіңдер? – деп бастырмалатты бізді көрген бетте. – Жұптарыңды жазбайтын болыпсыңдар, ә? Киімдерің де бірдей, түрлерің де бірдей... Екеуіңді егіздей ғып, киіндіріп жүрген әлгі Ермек залым шығар, ә?!.
– Әкем залым емес, – деп Қайыр аузын бұртитты.
– Ол залым емес, жақсы кісі, – дедім зығырданым қайнап. Көзіне тура қарап тұрып айттым бәлемнің.
– Әрине, өз әкелерін «залым» деген балаларды көргем жоқ, – деп ықылық атып күледі-ай келіп. Бұл сөзді жыпық сары Қайырға арнап айтты-ау деймін. Неге екенін қайдан білейін, бірақ маған қарап сөйледі.
– Сөйтіп, сен де Ермеков болып жазылдың ба? – Менен көзін айырмаған күйі қойған сауалының түрі.
– Кімге айтасыз? – дедім мен.
– Ермеков деген менің фамилиям емес пе? – деді Қайыр.
– Солай ма еді, мен екеуің де Ермеков деп жазылады екен десем... Қой, кетейін. – Ол қисаңдай басып, бұрышты айнала берді. Сонан соң бірдеңесін ұмытқан адамдай артына қайта қайырылды. Сондағы айтқаны: «Әй, сенің шешеңнің тауықтың миындай миы жоқ. Егер менің айтқаныма көнсе, сен бүйтіп интернаттың нанын жеп жүрмес едің ғой!.. Жарайды, жақсы оқитын болыңдар!» деді де жүре берді. Оның шешем туралы неге олай дегенін ұққаным жоқ. Ал ол айтпаса, біз бір жақсы оқымай кететіндей қамқорсығаны күлкімізді келтірді. Жә, соны қойшы. Сонда ойладым: «Бәсе тәтем үйге жолатпай қуалай беретіні де осы мылжыңдығы үшін екен ғой» деп. Өзі бәле, тіпті, бәрін біліп жүреді. Қайырдың әкесі Ермек ағайдың жақында екеуімізге біркелкі киім сатып беріп кеткенін де біліп алыпты. «Тәтең саған да киім алып бере сал деп ақша беріп еді, өз ақшаларыңа сатып әкелгенім ғой» деген болатын Ермек ағай үстімдегі киімді әкеп бергенде. Енді жаңағы бәле соны да сөз қылып тұр. Жыпық сары о кісінің қара тырнағына да татымайды, сөйтіп жүріп өзі «сенің залым әкең, сенің жылпос әкең» деп ылғи Қайырға тисіп жүргені.
– Сенің әкең сондай жақсы кісі, иә? – дедім Қайырға жыпық сары кеткен соң. Ойша оның әкесін жаңағы жыпықпен салыстырып келе жаттым да сұрай салдым.
– Аһа! – Қайыр да қоштай кетті. – Әжем де жақсы, тәтем де жақсы, мен де... сен де, сенің тәтең де жақсы.
Қайыр «бәрі де жақсы» дегенмен әкесінің, тіпті жақсы екені айдан анық нәрсе. Әуелі соңғы рет келгенде көршінің баласы демей-ақ, мені де құшақтап, бетімнен сүйген. Сонсоң: «Екеуің тату болыңдар, бір-біріңе қарасып тұрыңдар» деп ақыл айтты. «Шіркін, менің Әзірбай әкем де тірі болғанда ғой, ол да келер еді, келгенде Қайыр екеуіміздің де бетімізден дәл осылай сүйер еді» деп ойладым. Бірақ қайдан, өлген кісі тіріліп келмейді ғой...
Мен содан бері көп ойладым. Жыпық сары: «Екеуің де Ермеков болып жазылады екен десем?» дегенді неге айтты екен деп. «Менің Қайырдың үйінде емес, өз тәтеммен, Нұрай апайыммен бірге тұратынымды көріп еді ғой, жыпықтың мені кіммен шатыстыруы мүмкін?» деп ойладым. Қайыр да, төртінші класта оқып жүрген Нұрай апайым да бұған жауап бере алмады. «Таяуда барып қайтамын» деп тәтем біреулерден сәлем айтыпты. Келген соң сонан сұрап біліп алмасам...
Қызық! Адам бір көрген түсін қайта көре береді екен ғой. Айтып едім ғой, анада бір түсімде мені терек басып қалыпты деп. Түнде сол түстің жалғасын тағы да көрдім. Мені ағаштың басып қалғанын көріп, Қайыр әкесін ертіп әкелген екен деймін. Екеулеп ағашты көтеріп жатты. Мен айтамын: «Әттегене-ай, жалғыз терек үйіміздің көркі еді, ыстық күндері тәтем, Нұрай апайым үшеуіміз көлеңкесіне отырып, рақаттанып шай ішетін едік» деп. Ермек ағай айтады: «Қайдағы құлаған теректі айтасың, балақаным? Терегің құлаған жоқ. Әншейін саған солай көрінген ғой» деп. Шынында қарасам, терегім орнында тұр... Оянған соң жаңағының түсім болғанына қатты қуандым. Терегің, жалғыз терегің құлап қалса жаман ғой.
1973 ж.
Бөлісу: