Кәдірбек Сегізбай: Тұзақ

Бөлісу:

31.01.2016 3078

                                                    

cb3f63d3a4730049fa3d96d9a7478a02.JPG

Сол тұстағы жарық дүниеден 
қисынсыз аттанған қыршындардың
бірі Төлеубектің рухына арнадым.

Ерте көктемнің шуағы мол күні сиыр түске жетпей-ақ беткейдің үрінді күртік қарын тоңазыған жылқы майындай ірміктендіріп, жіпсітіп үлгірген. Ал күнгей беттің қары ала шабырланып, қарайып қалған тұстарының ақ бетегесінің түбі көгіс тартыпты. «Жарықтықты қалай байқамағанмын» деп, Тілеш табиғаттың адам күшінен тыс заңды құбылысына сонша таңырқаған. Еңкейіп, бетегенің бір талын жұлып алып қарады. Әлі ызғары кеткенді қойып, «түске дейін – мүйіз, түстен кейін – киіз» болып жатқан тоңның астында жатқан шөптің тамыры да жаңа тіршілікке талпыныпты. Мұз жамылып, қар жастанып, алты ай қыс бойы тіршілігін ұмытқан бетегенің әр талына дейін бір-екі күннің ішінде өзгеріп үлгірген. «Өмір қалай тез зуылдайды, күні кеше ғана осынау бұйрат-бұйрат тау арасын қызыл шұнақ аяз буып, бет қаратпайтын қыстың қытымыр күндері кетпестей, өтпестей болып тұр еді. Енді ғой, айнала моп-момақан, түк көрмегендей, түк білмегендей монтансып жатыр. Күні ертең ғой, мына сай-саланы толтырған лай су, мына тау баурайын құшақтап, сіресіп жатқан қар болмағандай, айнала жап-жасыл болып жасанып шыға келер. Бәрі де өткінші, бәрі де алдамшы!» Ол өзі жұлып алған бір тал шөпті жерге көңілсіз тастай салды.


Түбі қардан босаған бетегені іскектеп, өліп бара жатқан мес құлаға мінбек болып, бұрыла бергені сол еді, әлде кім тура қарақұсының тұсына ине сұғып алғандай басын кегжең еткізіп, көзін қарауыттырып жіберген соң тәлтіректеп барып, жалпақ тастың үстіне тізе бүкті. Жаңа ғана жарқырап тұрған дүние қызғылт перденің арғы жағында қалғандай, әлем, тіпті ешқашан түсін өзгертпес аппақ қар да, ешқашан түсін құбылтып көрмеген сұр жартастар да – бәрі, бәрі де жалқын тартып үлгіріпті. Ол қос жанарын бірдей жұма қойған. Қып-қызыл әлемді көргісі келмеген. Бәрі де, тіпті көз алдында ойнаған кішкентай шеңберлер де қып-қызыл еді.


Тілеш жалғыз жаратқанына сыйынған қалпы өзін сабырға шақырып, тастың үстіне қисая кетті. Айнала меңіреу тыныштыққа бөкті, тек жайылған қойлардың шөпті бырт-бырт жұлған дыбысы ғана құлаққа келеді. «Қазір бәрі де орнына келеді, бәрі де бұрынғыдай болады. Тек ештеңеге мән бермей, жата тұруым керек.»


Әлдекімді көрсе керек, Ракета әупілдеп дыбыс берді. «Ит-құс емес, бөтен кісіні көргенде осылай үретін. Ол кім болды екен, иен далада қаңғырып жүрген?» Мес құла да оқыранды. «Үйірсегін қарасаңшы жамандатқырдың!»


Қойшы жігіт тағы да айнала бар дүниенің жалқындалып көрінерінен қорыққандай кірпігін сәл көтеріп еді, аспанда алаулап жүзіп бара жатқан бұлтты көрді. Шудасы жалбырап, жөңкіп бара жатқан қызыл бураға ұқсайды екен. Қызыл бура бірте-бірте күлгінденіп барып, ақ түске айнала берді. «Е, бәсе, бәрі де орнына келе бастады-ау». Жанарын жылжытып, Қызылшағылдың ұшар басына тіреген. Қызылшағылдың сұр тастары да бәз-баяғы түсіне енгендей. 
«А, құдай..!»

– Оу, сұп-суық тастың үстіне жантайып не көрінді? Сахманшы қыздар келіп, құдайларың беріп қалды-ау, ә?! Әлде, түнімен қой күзеттің бе? – «Е, Мейірбек екен ғой.»


– Ассалаумағалейкүм! – деді Тілеш басын көтеріп. Көк желкесі аздап ауыратын сияқты. Сонда да сыр бермеуге тырысып, орнынан ширақ көтерілген. Жалқы туған күшіктей тұстастарынан кесек жаратылған Мейірбек төңкеріліп, атынан түсіп жатыр екен.


– Әлікасалам! – деп ол жас жігітпен қос қолдап амандасты. – Баламысың деген. Есі дұрыс адам суық тастың үстіне жантая ма екен? Ызғары қас пен көздің арасында ұстай алмай ма?.. Өзі өңің келіспей тұр ғой. Бір жерің ауырғаннан сау ма?


– Әй, әйтеуір жүрміз ғой ербиіп... – Осы сөзім қалай болды дегендей, онысын жұқартып, жуып-шайған болды. – Түнде малды қараймын деп аз ұйықтап едім, соныкі болар.


Бірақ Мейірбек жігіттің келіспей тұрған өңінен секем алғандай екі-үш дүркін оның бетіне зерттей қараған соң, шашылған ақ тастай бытырап жатқан отарды шола қарады.


– Малыңның реңі жаман емес екен. Тіфә-тіфә!.. Қалай, күйек әлі түспеді ме?


– Бүгін-ертең басталар деп отырмыз. Төл басы жер басқан соң-ақ төгеді ғой...


– Е, бәрекелді, қотаның төлге толсын! – деп жолаушы өзінің шаруасының жайына көшті.


– Екі бірдей өгізшемді жоғалтып алып, табанымнан таусылып жүргенім. Көкке ұшып, Жерге сіңіп кетпесе, қарамаған ойлы-шұңқыр қалмады. Бала-шағаның киім-кешегін айырса да деп бағып-қаққан ақ, адал малым еді, бұйырмайын деп тұрса керек. Әй, әкетіп қалды ғой, ұзатып әкетті ендігі.


Өзі айтып, өзі жөндеп тұрған кісіге «өгізшелерің ендігі біреулердің қазанын қайнатып жатқан болар» дегісі келіп бір тұрды да, бұрын-соңды көңіл қалдырыспаған ағайынға артық айтқысы келмеді.


– Көзіме түспеді, кім біледі, аяқты мал ғой, таудың бір қуысында жайылып жүрген болар. – Бірақ мұның көкейінде тұрған сөзді Мейірбектің өзі айтқан.


– Әй, қайдам? Елдің ниеті бұзылды ғой. Қаттысын қайырып, жұмсағын жымырып кететіндер көбейіпті. Ұзатып әкетті ғой, ұзатып әкетті. Көзіңе түссе, сүйіншіңнің құлымын, айналайын. Айтпақшы, әке-шешең күйлі ме?.. Е, бәрекелді, бәрі де сенің арқаң ғой. – Ол әлде не есіне түскендей, Тілешке тіктей қарап:


– Сенен жаңа ғана сұрайын деп едім, ұмытып барады екенмін. Кеше түсте Жер тағы тітіркенді ғой, сездіңдер ме?


– Иә, құдайы, иә адамы тітіркендіріп жатқанын итім біліп пе?! Жарған шығар әлгі пәлесін тағы да...


Тілеш мұндай тақырыпқа да әңгімелесуге құлқының жоқтығын сездірген соң жолаушы:


– Кім біледі, әйтеуір, құдайдың қара жеріне де тыныштық беруді қойды ғой, – деп атына бір жамбастай отырып алды да, сипай қамшылап, күре жолға бұрылды. Жоғары, жон жақтағы Даңқара қыстауын Тілеш білгелі осы Мейірбек қыстап, Тілеш білгелі ол ісек қой бағумен келеді. «Әтесіне нәлет, мал ұрықтандырамын деп жінікпейсің, күйегі түседі деп шабыл­майсың, төлге қараймын деп түн ұйқыңды төрт бөлмейсің. Ісек қой дегенің аузын аяғы асырайтын мал ғой» деп отыратын қашан да. Ел сияқты қыс баласы әр қыстауға қыдырып, біреуден соғым басы, біреуден уыз жеймін деп қыдырып та жүрмейтін. Апанында жатқан аю сияқты алғашқы қармен таласа Даңқараның шатқалына кіретін де, көктемгі қырқымда қойшылармен бір-ақ шұрқырасып, табысып жататын. Екі бірдей өгізшесін алдырған соң, амалсыздан атқа мінсе керек.


– Әй, Тілеш, анау тастың түбінде бір қойың қозылап тұр-ау деймін. Қалтарыста қалып қойып жүрмесін! – Мейірбек қамшысымен етекке жақын быдырықтың арасын нұсқап тұр екен.


– Қал-май-ды! – Ол неге екенін өзі білмейді, Мейірбекке зілдене тіл қатқан. Ұзаңқырап кеткен кісі ести қоймас дегендей, ішкі сарайынан себепсіз көтерілген ызасын тысқа шығарды. – Қаңғыған жұрт жайына қарап жүрмей ақыл айтқыш екен осы, ішіңді ұрайын!


Мейірбек тағы тізгінін тежеді:


– Кешке дейін ой жақтан із кесіп, қонаға сенің ауылыңа келермін.


– Сағынып отыр едік! – Тілеш мұны да қасында тұрған мес құлаға сөйлегендей ақырын айтқан. Сөйтті де есік пен төрдей күреңнің бел ортасына қисайып отырған қалпы көлігін пысық аяңдатып, жортып бара жатқан жолаушының ту сыртынан жауыға қарады.


Неге өйтті? Дәл сол сәтте оны жігіт бағамдай алған жоқ, ойлап басын да ауыртқысы келмеген. Бар білері, өзі ақымақкершілікпен осының үкі көз, шаян сары балдызы Алмагүл­ге естен тана ғашық болуы. «Мұны естен тандырардай кім еді ол сонша?! Тіфу, қандай миғұла болғанмын...» Тілештің тағы бір білері, осы уақытқа дейін өзінің қызды айтпағанда, оның жездесі Мейірбекті жағалап, ағалап жүретіні. «Мұным да – есерлік. Түйенің жарты етіндей шой қараға сонша жағымпазданғаным қай сасқаным екен?..»


Басының ішін кеулеп, жел соғып тұрғандай күйді сезінген жігіт жаңағы жалпақ тасына тағы да жантаймақ болып еді, қойдың бір бөлігін қайқаң қағып қыр асыра бастап бара жатқан қоспақ мүйіз көк серкені көріп, қаны тағы басына шапты.


– Өй, басыңды қасқыр мүжігір кемелек, сол! Қайт былай!


Иесінің даусына әбден кәнігі болған көк серке сәл саябырлағанмен, «Е, қайтер дейсің?» дегендей, бағытын сәл өзгертіп, қырды аса берді.


– Ең аяғы ешкі екеш ешкі де басынайын деді-ау! Ракета, бар, ана кемелек келгірдің қарнын жарқыратып, ақтарып тасташы! – Дегдіп қалған тастақ жердің үстінде бірдеңені қырып келгендей ұзынынан сұлап жатқан дүрегей төбет иесінің бұйрығын ұқпады ма, әлде бүйірін жылытып жатқан Күннің шуағын қимады ма, орнынан шұбалаңдап әрең тұрды да, нейбетке барқ етіп, үріп қойды.


– Өй, арамтамақ! – Тілеш итін қаңқ еткізіп, саптамасының қалың өкшесімен бір теуіп, атына жүгірді. Жаңа ғана осы бір тіршілігіне шүкіршілік еткендей құлағы салпиып, оттап тұрған местің сауырын тызылдатып, борбайлай жөнелген. Құлперен далбақтап келе жатқан иесін көзінің қиығы шалған бетте бір тықырдың таянғанын білген көк серке қиғаштай тартып, отарға қарай салды. Сауырдан өткен қамшының, бүйірін тескен саптама өкшесінің пәрмені местің де жанын көз алдына әкелген. Тарбаңдай шауып, көк серкені бауырға ала бергені сол еді, сорлының бақырған даусы жер жарды. Бұзау тіс қамшы ысқырып барып, серкенің қыр арқасын екі дүркін осып өткен.


Серкенің ышқына бақырған үнінен кейін ғана жігіт аздап сабасына түсіп, есін жиғандай болды. Местің тізгінін тежеп, қос етегін қымтанды. Атқа жаңа шауып жүргендей өкпесі аузына тығылып, ентігіп қалыпты. Мес құла да иесінің құйын соққандай аяқ асты бүлінген оқыс қылығынан есін енді жинағандай тұра қалып, құмалақ төкті.


Ол ат үстінде тұрып, өзінің бүкіл балалық шағының куәсі болған туған жерінің ой-қырына, тау-тасына құмарлана, перзенттік көзбен қараған. Бәрі де еш өзгеріссіз, сол «ішімдегіні тап» дегендей томаға тұйық мелшиеді.


Балаң жігіттің жүрегі сыздады. Жаңа кінәлары болмаса да артықтау жазаланған төбеті, аты, серке үшін сыздады. «Ол сорлыларға соншалықты қаһарын төгердей не бүлініп қалып еді?» Оны Тілештің өзі де білмейді...


«Бір қойың қозылап тұр деп еді-ау жаңағы, айтып-айтпай, қара басып, ұмытып кетермін».


Ол атының басын Мейірбек жаңа нұсқаған тұсқа бұрды. «Е, бәсе, таңертеңнен жайылмай, жаталақшып жүргеніңде-ақ біліп едім. Жарықтық, төл басын да көрдім-ау!»


Жаңағы жайдың бұлтындай соққан себеп-салдарсыз жан күйзелісі, бетеге үстінде аунап жатқан ақ мәри төл басы – бүгін-ертеңдер төгілгелі тұрған күйектүсердің алғашқы қошақанын көргенде, бір сәтте-ақ ізім-ғайым жоғалған. Көзінің алды мен тұмсығының үстінен басқа жерін ақ ұлпа жүн басқан саулық жерде сұлық жатқан ұрпағының шаранасын жалап, өліп-өшіп барады. Атпен келген қойшыға күдіктене қарап, аяғымен жер тарпып, өзінше айбат көрсеткен болады. «Келтірмеймін, келмейсің!» дейтіндей.


– Ой, бәрекелді! – деп Тілеш шын қуанды. Қуану үшін емес, неше жыл мал соңында жүргендегі қанға сіңді түйсікпен ауыр да азапты болса да төл алу деген науқанның басталғанын іштей түйсініп, биылғы көктемнің төл басына қуанған.


Жігіт саулықтың айбатын керек те қылған жоқ, аттан түсісімен жерде жатқан қозының жанына жетіп барған. Иегін жерге тіреп жатқан қошақанның алдыңғы екі аяғынан ұстап көтере бергені сол еді, жүрегі әлде неден солқ ете қалғандай болды. Қозы емес, белгісіз бір сұмдықты ұстап тұрғандай қолындағы төлді анандай жерге солаң еткізіп, лақтырып жіберген.


– Астафиралла, – деп тілін кәлимаға келтірді. «Жаңа басым ауырғанның кесірінен көзіме солай көрінген шығар? Әйтпесе ондай болуы мүмкін емес!»


Шындығында Тілеш көзін тырнап ашқалы мал соңында келе жатыр. Екі жыл әскери борышын өтеуге барып қайтты дегені болмаса. Соңғы жылдары бірер аяғы кем туған, кемиек болып туған немесе құлақсыз туған нысаналы төлдер көбейсе де, дәл мынадай сұмдықты бірінші көруі. Төлбасы деген қозысының тұмсығы кеңсірігімен жоқ еді. Әлдекім өткір қылышпен сәңірейтіп, шауып тастағандай. Одан да қорықпас еді, ең сұмдығы қос көздің орнын ұзындау ақ қылшық жауыпты да, дәл маңдайында жарқыраған жалғыз жанар тұр еді. Ол аз-кем өзіне-өзі келген соң шала-жансар жатқан қозының жанына тағы келген. «Не болғанда да «іштен шыққан шұбар жылан» дегендей, ақ саулық мекірене иіскелеп, төлінің жанынан кетер емес. Жалғыз жанар ашылып-жұмылады. «О, сұмдық-ай, заманақыр болатын шығар! Туһ, пәлекет, бар кесір-кесапат өзіңмен кетсін!» Жігіт жан қалтасынан өткір бәкісін алды да, бас бармағымен жалғыз көзді басып тұрып, қан тамыры бүлк-бүлк соғып жатқан тамағынан бір-ақ тартты. «Бисмилла жануар, мал иесі кешірер мені. Бұл жарық дүниеге сендейлердің келмегені-ақ жақсы!» Әлі қата қоймаған шеміршек тұяқтар әлсіз ғана бірер серпіліп, тұла бойы сәл дірілдеп жатты да, тына қалды. Жарық дүниеге жаратылыстан жазықты болып туған жас төлдің қаны сырғақтай ағып, жерге сіңді. Енесі төлінің қанын иіскемесін деген оймен өзіне жақындай берген ақ саулықты бас салып жықты да, аяғын шылбырдың ұшымен буып тастады. Сонан соң қозының үстіне тас тасып үйіп болған соң, қойдың аяғын шешті.


Бейшара ақ саулық бір сұмдықтың болғанын сезгендей, шылбырдан аяғы босай салысымен, жаңағы төлі қалған жерге маңырай ұмтылды. Қозыны бауыздап, денесін тастармен бастырған кезін көрмесе де, жаңа ғана аяқтана алмай сұлап жатқан төлінің жатқан жерін жаңылмай тапты. Қолқасы қопарылардай маңырасын-ай. Үюлі тасты, өмірге жаңа ғана жеткізген ұрпағының шеміршек кеудесін басып жатқан зілмауыр қара тастарды ысырып тастағысы келгендей тұмсығымен қозғап, аяғымен тарпып, жылжытқысы келді. Бауыздап жатқанда үн шығарып, тұяқ серпуді білмейтін ең төзімді, ең кеще тіршілік иесі – қой екеш қойдың іштен шыққан шаранасы үшін осынша естілік көрсетуі Тілештің жанын да әлем-тапырық қозғап кеткендей. «Менің де кеудемді дәл осылай тас басып қалғанда,.. анам сорлы да дәл осылай күңіреніп жоқтайды-ау... Бәлкім, ондай сұмдықтан соң өзі де бұл тіршіліктің мәнін де, сәнін де жоғалтар-ау. Менің рухыммен табысқанша, мәңгілік бірге болғанша асығар-ау, иә бақида жолығып, «ботақаным- қозықаным» деп жүруге асығар-ау».


Тілеш неге екенін өзі де білмейді... жылап тұр еді. Осыдан шай қайнатым бұрын ғана әлде неге жауығып, әлде кімге өшіккендей күй кешсе, енді бүкіл жан-сарай, тұла бойын мұң торлады. Екі иығынан зіл болып басып, езіп жібергендей.


Ол мес құланы шылбырынан жетелеп, отарға қарай аяңдады. Желіндері уызға толып, қарындары жер сызған саулықтар ауыр қозғалысып, бетеге түптерін түгендесіп, тырп етпей жайылып жатыр. «Бәріне мен кінәлімін, жаздым-жаңылдым» жегендей таяқ тастам жерден құйрығын бұлғаңдатып Ракета жәркелештенеді.


– Ракета! Келе ғой, күшігім! – Ол қалтасынан бір малта алып, төбетіне лақтырған. Осыдан бес-алты жыл бұрын көрші совхоздағы Ырымтайдың қасқыр алатын атақты сары қасқасының тұқымы деп қалап-сұрап, қарғыбауын келістіріп беріп жүріп, алып еді. Аспанға екі күннің бірінде ракета, корабль дегендер сапырылысып ұшып жатқан тұста, тіпті кейде-кейде қызғылт жұлдыздай түнгі аспанды сызып бара жататын Жер серіктері көбейген тұста Тілеш те болашақ қасқыр алатын күшігіне бұрын-соңды ит баласына берілмеген «Ракета» деген атау беріп, тұстастарына «мұның не, ей?!» дегізген. Ракета ракетадай жүйрік бола алған жоқ, қасқырды қойып, қоянды да алып көрген емес. Бірақ иесімен бірге қой соңынан салпақтаумен ит-ғұмырдың «саркідір» тұсына келіп қалды.


«Жалғыз көздің» енесі тынбай маңырап, қозысын жоқтаумен тас үйіндісінің жанынан кетер емес. «Жыла-жыла, жоқта қозықаныңды. Кемтар туған сорлыны мен өлтірді демесең, құдайдың өзі-ақ оны бұл пәнилік емес қып, әдейі сұмпайы ғып жаратқан. Өмір сүруге хақысы жоқ қып, әдейі мазақ қып тудырған. Бәлкім, хақысы жоқтар ол ғана емес шығар...»


Неге екенін өзі де білмейді, тұла бойын мұң, сонан соң бүкіл жаратылыс атаулыға деген түсініксіз аяныш билеген. Күн жар­қырап, айнала ерте көктем лебімен маужырап тұрса да, бәрі – жалған, бәрі – алдамшы көрінді. «Қойлардың бас алмай ақ бетегені жұлуы да бекер әуре, бәрібір әлдекімдердің қазанын қайнатып, қарнын тойдыру үшін тырбаңдап, тіршілік қуалап жүр. Бетегенің көгеруі де, қардың еріп жатуы да табиғаттың тіршілік атаулымен ойыны, бәрібір күзде шөп қурап, Жерді қар қайтадан тұмшалайды...»


Мейірбекпен дұрыстап сөйлеспегеніне қатты өкінді. Өмірі «Сен қалайсың-ау» деп көрмеген жанға, оның үстіне алты ай қыс көріспеген кісіге жылы қабақ танытып, есен-саулық сұрасуға да жарамапты. «Апыр-ай, Қайырбайдың Тілешін өрісте көріп едім, сәлемдесуге де жарамады» деп Алмагүлге айтып қойса, ұят болды-ау!»


Ол мес құланың үстіндегі қоржынды шешіп алып, биіктеу бір шоқының басына барып, тамақтануға отырды. «Е, біз жаңа ғана татуластық қой!» Жанына келіп, аяғына сүйкенген Ракетаның қылығынан, жәудіреген көзінен осыны ұқты. Термосын алып, кесеге шайын құйды. Ет пен нанды газет шетіне турады. Тамаққа да зауқы соқпайды, әйтеуір күнделікті әдетпен «осылай болуы керек-ау» деген доғал сезіммен ғана дастарқан жайғандай. Белдеменің етін мол қалдырып, Ракетаға үлес тастады. Нанның да денін қойшылық ғұмырындағы жалғыз серігіне сыйлады. Шайды ұрттап отырғанда, ойы жан-жақты шарлады. Көз ұшында аппақ жамыл­ғысын тұмшалап жатқан жайлауға қараған. «Шіркін, түске дейін соныдан мелдектеп келген қойды жусатып тастаған соң, «әке, малды түстен кейін өзіңіз байқастарсыз!» деп жон жақта отырған Мейірбектің ауылын, Алмагүлдің ауылын жағалайтын күндер... «Алмагүлдер шіркін, маңдайы жарқыраған жігітке жар болатын-ақ қыз ғой, күлген сәтінде немесе ұялған сәтінде алтындай жүзіне нұр тұнар еді. Енді ғой, анау аппақ қарға көміліп жатқан жайлауды көре алмайтыным сияқты, оны да көруім мүмкін емес. Қайда жүрсе де, кімнің етегінен ұстаса да бақытты болсын... Иә, енді ертеңді тосудың қажеті жоқ. Не болса да бүгін болғаны жөн. Осы өлкені шиырлаған ізімнің тұйықталар тұсы жетті...»


Ол жаңа өзі дастарқан орнына пайдаланған газеттің бір қиығына көзі түсті. «Семей, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша 19... бен 19... жылдардың арасында ... кісі асылып өлген...» Газеттің жаңағы жерін тілдей ғып жыртып алды да, төс қалтасына салып қойды. Ешқандай әсер еткен жоқ. Осылай болуға тиісті дүние ретінде соншама бір салқынқандылықпен қабылдады. Соңғы айдың мезіретінде себепсізден себепсіз ашуланып, сәл дүниеге қаны басына шабатын немесе өз-өзінен таусылып, айналасын өрт алғандай, күйрек уайымға салынатын күй де дәл қазіргі сәтте оның бойында жоқ еді. Кеудесі, бүкіл жан дүниесі ел көшкен жайлаудай бос қалған.


... Иә, оған жарық дүниенің бар қызығы таусылып, енді қалған тіршіліктің санаулы сағаттарының өзі ең бір азапты уақыттай көрінген.


* * *


– Тілеш-ау, шайыңды ішсеңші, құлыным. Ол немелерді жаңа көргендей несін айналдырып кеттің?!


 – Шешесі ғой байғұс, шыр-пыр болып жүрген.


Балым ерте, арамза туған бес-алты қозыны үйшікке қамап, күйбеңдеп жүрген ұлының жанына келген.


– Қазір, тәте, қазір, алдарына көк шөп салған соң барамын. Жүре беріңіз, – деді ол анасының бетіне қарауға жүзі шыдамай.


– Кешке дейін де олар жем-шөпке тұмсық тығып тұр емес пе?! – деп шешесі тіпті малсақсып кеткен ұлына наразылау тіл қатты да, тырп-тырп басып, үйге бұрылды. «Сорлы анам-ай, ертеңгі, тіпті біраздан кейінгі күйің не болар екен?!» Ол шапанын желбегей жамылып, кетіп бара жатқан шешесі үйге кіргенде соңынан қарап тұрды. Өзіне осынау тіршіліктің жарығын сыйлаған жанның сұлбасын үйдің есігі далдалап үлгірген бетте-ақ ол, әсіресе, соңғы күндері ниеті біржола ауған қатал шешімін жүзеге асыруға асыға кіріскен.


«Мен жалғыз емес екенмін. Біз көп екенбіз. Жалғыз болсам, әзірге осы ферма маңында жалғыз болармын. Осылардың көпші­лігі-ақ, тіпті Алмагүл де менің тәуекелшілдігіме таңғалар... Шіркін-ай, ақ сары жүзін жас жуып, жылап отырғанын көрер ме еді. Жыласын! Тілештің қадірін соңынан білер. Бәрі де.»


Ол таңертең-ақ дайындап қойған екі-үш құлаштай жіңішке жіпті қозы үйдің бел ағашынан асырып байлай бергені сол еді, Ракетаның әлде кімге үрген дыбысы, іле-шала ат дүбірі естілген. «Қап, мұнысы кім болды тағы да екі кештің арасында сабылып жүрген?!» Көп жұрт аттарын үйге жақын, осы қозы үйдің алдына байлайтындықтан, амалсыз сырқа шыққан. Жалғыз салт атты екен, сипай қамшылап, айтқанындай қозы үйдің алдына қарай бұрылды.


– Ассалаумағалейкүм! – Аттының үнін естіген кезде ғана оның Мейірбек екенін таныған.


– Мен ғой, аға, Тілешпін! Ол күндізгі оны тоң-теріс қарсы алып, тоң-теріс шығарып салғаны үшін кешірім өтінгендей тым сыпайы, өзімсіне тіл қатқан. Қонағының шаужайына оралып, қолтығынан алып, аттан түсірді.


– Жоғыңыздың ізі байқалды ма, аға?


– Әзір таптырмай жүр ғой. Мәшине мінген ұрылар көбейді бұл күнде, ізін қайдан таптыра қойсын, – деп Мейірбек атын Тілештің жайлайтынына кәміл сеніп, үйге қарай бет алған.


– Аға, – деді Тілеш оны тоқтатып, – аға, Алмагүлге дұғай-дұғай сәлем айта салыңызшы...


Қонағы бұған «өй, бұл қай сасқаның? Сәлеміңді ертең де жеткізсең болмайтын ба еді» дегендей кеңк-кеңк күлген.


– Әй, қалтарыс-бұлтарысы көп қайран жастық-ай! Бажа бол­ғың келеді, ә?! Айтайын, сәлеміңді қалыңдығыңа...


Қаршадайынан балдыздан гөрі қарындасы сияқты қолында өсіп келе жатқан Алмагүл мен Тілештің арасында бұрқақты жастықтың сынынан әбден шыныққан шын рахайдың барын көптен сезетін Мейірбек жігіт жүрегін әдейі бүлк еткізбекке және өзінің бұл болашақ одаққа қарсы еместігін байқату үшін «қалыңдығың» деген сөзді әдейі айтқан.


– Үйге кіре беріңіз, аға. Мен қазір барамын.


– Атты қаңтара сал, болдырып, әрең жетті, біраз суысын.


Тілеш тұла бойы түтіндеп, болдырып келген аттың айыл-тартпасын босатып, жылы қорғаға байлап жатқан... «Күйбеңдеп қу тіршілігіңді әлі қимай жүрсің бе?!» дегендей екі иығына мінген әзәзіл дәл қарақұсына тағы да ине сұғып алған. Басы өз-өзінен кегжең ете қалды.


– Әй, әкеңнің... – Ол жебелей басып, қозы үйге асықты. Ұядай жылы үйден жас төлдің, көңнің, уыздың иісі қатар сезілді. Төбесіне біреу келіп, от жағып жатқандай басы, сонан соң кеудесі, тұла бойы түгел ысып жүре берді. Көзі қарауытып, буыны дірілдей бастады. Үрей емес, соңғы сәтті, жарық дүниемен қоштасар сәтті тездетейін дегендей тағы да киіп кеткен соқпа дерттің кесірі болатын.


Ол бар күшін жинап, қозыларға үйшік жасаған қашаға аяғын салып, бел ағаштан өткізулі тұрған жібін тауып алды да, түбін мықтап, күрмеп байлады. Тұзақты мойнына ілді де, тынысын соңғы рет тереңінен тартып, сәл аялдады. «Шіркін-ай, жасыл жайлауды ғана енді бір көріп, Айғыркөмгеннің жотасын ат тұяғына қашаттырып, бір-ақ рет аққан жұлдыздай шауып өтер ме еді... Асығу керек...» Неге екенін кім білсін, дәл сол сәтте бағанағы кеңсіріксіз жалғыз көзді қозының сұмпайы суреті көз алдына келгендей. Ол қашадан аяғын сырғытып жіберіп еді, көзінің оты жарқ ете қалды. Онсыз да қап-қараңғы дүние түгелдей тұңғиыққа көмілді. Жаңа ғана қос жанарынан ұшқан от жарқылы ғана сол тұңғиыққа сіңіп бара жатқандай. Алқымнан қысқан тұзақ жанын ышқынтып, өлім азабын қас-қағым сәтте сезідіріп үлгірді. «Егер қашаға қайтадан аяғымды тіресем...» деген бір үміт тұщы өмірдің етегіне жармасуға шақырғандай. Ол жан дәрмен қимылдап, тағы бір рет ауа жұтсам деген ниетпен аяғымен қашаның шарбақтарын іздеген. «Іздедім» деп оның өзі ойлағанмен, денесі оған бағынуды қойған болатын. Тек жаңағы бір тұңғиыққа сіңіп бара жатқан шақта салақтап тұрған дене соңғы рет шірене керілді де, тынши қалды.


* * *


... Тағы бір тіршілік иесі тиесілі уақытын ерте үзіп, жолын тұйықтады. Әлде ауамен, әлде сумен келген белгісіз індет сөйтіп, бар тіршілік үшін заманақыр, яғни заманның ақырын көрсетті. Ең жақсысы, ол өзінің адамзаттың озық санасының бір жемісі – жарқын болашақ, адамдардың қауіпсіздігі үшін тынбай жетілдіру жолындағы Жер тітіркендіргіш тәжірибенің талай қыршын ғұмырды қиған тұзаққа да өзінің түскенін және талай зұлматты көріп, түте-түтесі шыққан атамекенінен ол сынақтың үнінің біржола өшетініне бірнеше ғана ай қалғанын білмей аттанған еді.



1991 ж.

Бөлісу:

Көп оқылғандар