Ақпанның 10-жұлдызында туған ақын-жазушылар

Бөлісу:

10.02.2016 7584


Осыдан 126 жыл бұрын (1890-1960) Мәскеу қаласындағы шығармашыл еврей отбасында ақын және жазушы, әдебиет бойынша 1958 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Пастернак Борис Леонидович дүниеге келді. Ең алғашқы өлеңдері 23 жасында шыға бастады. 1955 жылы «Доктор Живаго» романы жарыққа шықты және осы еңбегі үшін «Нобель» сыйлығы берілді.





























97 жыл бұрын (1919-2001) жазушы Хамза Абдуллин дүниеге келді. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданында туған. Омбы қаласындағы ауыл шаруашылығы жұмысшылар факультетін, Алматыдағы Коммунистік журналистер институтын бітірген. «Социалистік Қазақстан» газетінде, Солтүстік Қазақстан облыстық газетінде, «Жаңа фильм» журналында қызмет істеген. 1941 жылы әскерге алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстың алғашқы жылдарында тұтқынға түсіп, концлагерьдің тауқыметін басынан өткерді. Кейін Мұстафа Шоқай ұйымдастырған Түркістан легионының қатарында болды. Жазушының алғашқы өлеңдері, очерктері, әңгімелері мен фельетондары 1936 жылдан бастап баспасөз бетінде жарық көре бастады. Жазушы 1940 жылы Бүкілқазақстандық әдеби конкурсқа қатысып, «Шойын жолда» атты дастаны бірінші бәйгеге ие болды. X.Абдуллин көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп, грузиннің ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһанкез» дастанын қазақ тіліне тәржімалады.















87 жыл бұрын (1929-1996) жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұқан Мамажанов дүниеге келді. Қаламгер Алматы облысының Талғар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Шығармашылық еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінің әдеби қызметкері болып бастады. «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі, «Қазақстан пионері» газетінің редакторы, БЛКЖО Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, «Қазақстан» баспасының бас редакторы, директоры, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің алқа мүшесі, бас редакторы, төрағаның бірінші орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. Оның «Советтік Қазақстанның кітаптары», «Листовкадан энциклопедияға дейін», «Достар арасында», «Кітаптан түскен шуақ», т.б. еңбектері жарық көрді. Қаламгер көркем аударма саласында да еңбек етіп, С.Георгиеваның повестері мен әңгімелерін, Бонч-Бруевичтің Ленин туралы әңгімелерін, С.Зареснойдың «Жеті күн туралы» повесін, В.Песковтың «Таңғы шық», В.Котиктің «Ол пионер болған еді», Нгуен Динь Тхидің «Сөгілген көбе», «Бұрқанған дария», Петрусь Бровканың «Тоғысқан арналар» атты шығармаларын қазақ тіліне аударды. «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың игергені үшін» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Аудармалары: С.Георгиева. Повестері мен әңгімелері. А., ҚМКӘБ, 1956; Бонч-Бруевич. Ленин туралы әңгімелер. А., «Қазақстан», 1958; С.Заресной. Жеті күн туралы повесть. «Жазушы», 1965; В.Песков. Таңғы шық. А., «Қазақстан», 1966; В.Котик. Ол пионер болған еді. А., «Жазушы», 1967; Нгуен Динь Тхи. Сөгілген көбе. А., «Жазушы», 1973; Нгуен Динь Тхи. Бұрқанған дария. А., «Жазушы», 1980; Петрусь Бровка. Тоғысқан арналар. А., «Жазушы», 1984.










78 жыл бұрын (1938-2004) әдебиет сыншысы, филология ғылымының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының құрметті азаматы Зейнолла Серікқалиұлы дүниеге келді. Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын бітірген. «Пионер», «Жұлдыз» журналдарында Қазақстан Жазушылар одағында, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жауапты қызметтер атқарған. Қазақ мемлекеттік университетінің арнаулы курстарын жүргізген. «Қазақстан» баспасының, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасы Парламентінің бөлім меңгерушісі болып істеген. 2001 жылдан «Раритет» баспа компаниясының бас редакторы болған. Ғалымның жарық көрген негізгі ғылыми-зерттеу, сын кітаптарында қазақ әдебиеті, көркемөнері, мәдениеті мәселелері, ғылыми және көркемдік дүниетаным ерекшеліктері талданған. Жекелеген мақалалары неміс, татар, орыс, түрік тілдерінде жарық көрген.Р.Ролланның «14 шілде», А.Штейннің «Толас», Н.Мирошниченко мен Э.Бобровтың «Қара маржан» пьесаларын, В.Короленконың әңгімелерін аударған, көп томдық «Өнердің ықшам тарихын», «Мәдениет және өнер» сөздігі терминдерін қазақ тіліне аударушылардың бірі болған.Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі (X, XI, XII съездерде сайланған), Сын кеңесінің төрағасы. Жазушылар Одағының Халықаралық қауымдастығы Тексеру комиссиясының мүшесі (М., 1992-1999), Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы әдебиет, Өнер және сәулет саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комиссиясының мүшесі (1992 жылдан), Біріккен ұлттар ұйымына жәрдемдесу Қоғамдастығы Басқармасының мүшесі болды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1999), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (2002) және Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты (1994), Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті професоры (2000).

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен (1988), "Тәуелсіздіктің он жылдығы" медалімен марапатталған. 1997 жылы Семей (Шығыс Қазақстан) облысы "Абай ауданының құрметті азаматы" атағы берілген.


Бөлісу:

Көп оқылғандар