Әшірбек Сығай: Драматургияға даярлықпен келген қаламгер

Бөлісу:

12.02.2016 3731


жолтай әлмаш.jpg

Жолтай Әлмашұлы (Жұмат) – ұлттық прозамыз бен драматургиямызға едәуір даярлықпен келген ойлы қаламгер. Олай дейтінім, оның оқушысына айтары мол, жүрекке жылы тиер, философиялық, әлеуметтік көтерер жүгі бар тұщымды дүниелерін бұрындары да баспасөз беттерінен жиі ұшырататынмын. Оның әр дүниесін оқығанда, терең де мағыналы, өмірлік, үлкен мақсаттар мен мұраттар жайлы көсіле де кемел сөйлеген, тәжірибе жағынан едәуір толысқан, ой-идея өрбіту жөнінде ысылған қарымды қаламгердің кең тынысын байқап білгенбіз.


Жазушының «Найзашың», «Сұлуды сүю», «Пенде мен періште» деп аталатын әңгімелер мен хикаяттар жинағын және «Ұмытылған ұрпақ», «Оянған ұрпақ», «Күлкі мен көз жасы» романдарын зерлеп қарасаңыз, жүректен ақтарылған сөз маржанын, шындыққа толы мөлдір сезім моншақтарын санамен сүзгендей әсерде боласыз. Аталған шығармалар шиеленісті түйіндерге, ымырасыз қайшылық-қақтығыстарға құрылған. Кейіпкерлерінің тосын мінез-құлықтарымен әлеуметтің, қоғамның, бүгінгі ортаның келелі мәселелерін көтереді.


Ал, енді Ж. Әлмашұлының драматургиядағы талпынысы да назар аударарлық дәрежеде. Мұндағы айтылмақшы идеялар мен көркем бейнелердің сізді сүлесоқ қалдырмайтыны ақиқат. Жолтайдың драма таңдау тәсілдері де, тақырып табу аясы да, оқиғаны құру амалдары да әр алуан һәм қызғылықты. Ол қазақ өміріне қатысты зәру мәселелерді драма тіліне аудара отырып, пьесаға өң берер, нәр берер сахна мүмкіндіктерін де күні бұрын екшеп-елеп отырады. Сахна табиғатын жүрегімен сезінетін секілді.


Мәселен, «Сүю серті» («Күлкі мен көз жасы» романы ізімен) атты драмалық хикаясы өткен ғасырдың 20-30-шы жылдардағы мал-мүлікті тәркілеу кезеңіндегі қазақ халқының ауыр тағдырын сөз етсе «Абақты-ғұмыр» поэтикалық драма-сұхбаты ұлтымыздың үш арысы Сұлтанбек, Мағжан, Нәзір сынды нар тұлғаларының жан-дүниесін айқара ашып көрсеткендей болады. Сол сияқты автордың «Елге сыйлы еркектер» психологиялық тартысқа құрылған туындысы мен «Тойланбаған туған күн» сахналық новелласында өнеге берер азаматтар мен өнер иелері жөніндегі өз ойларын көпшілік талқысына салады. Деректі айғақтарды еске ала отырып жазылған «Дос – жүрек дос» пьесасы замандас заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов төңірегінде кезінде болып өткен психологиялық тартысты жәйттерді тілге тиек етеді.


«Тірі жан» атты драма-диптихі (бұл егіз пьеса 2005 жылғы драматургтердің республикалық байқауында жүлдеге ие болды) мен «Достар дауы» философиялық драмасы да сахнасүйер қауымға эстетикалық ләззат берер салихалы мәселелерді санаңызға сіңіргендей. Аталған шығармалардың қай-қайсысында да, бұрынғы ұрпақ өкілдерімен бірге автор өз ұлтының кемелденуі, елінің көктеп-көгеріп, көркеюі үшін жан-тәнімен қызмет атқарып жүрген бүгінгі замандастарымызды титтей де есінен шығармайды.


Қаламгердің аталмыш пьесалары өткір тартысқа, қым-қуат күрделі оқиғаларға, кейіпкерлер мінез-құлқының ымырасыз қақтығысына құрылған. Олар ширақ жазылған. Автор артық сөзге жоқ. Оқиға тартыстары қисынды. Көрермендерге жетер терең идеялар мен өмір-танымдық ойлы тұжырымдар ылғи да елдік, халықтық мәселелерге барып, табиғи ұштасып жатады.


Шұрайлы тіл, салмақты оймен қызықты жазылған бұл шығармалар барша оқырман қауымға және театр ұжымдарына мол рухани ләззат берер деген жақсы ойдамын.



Әшірбек Сығай,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының

лауреаты, профессор, театр сыншысы

Бөлісу:

Көп оқылғандар