Төлен Әбдікұлы: Өз оқырмандарын табатын кітап

Бөлісу:

12.02.2016 3894


жолтай әлмаш.jpg

Бізден кейінгі буын бүгінгі қоғамның күрделі мәселелерін көркем зерделеу, жаңа заманға лайық жаңа ой, жаңа тәсіл іздеу жолында сәл шашырап, сәл кешігіп келе жатуы да ғажап емес. Бірақ, құдайға шүкір, олардың ішінде де шығармашылық тұлғасы қалыптасып қалған қаламгерлер жоқ емес. Солардың бірі – Жолтай Әлмашұлы.


Мен Жолтайды көптен бері танимын. Өзі ылғи мемлекеттік қызметте, аппарат жұмысында жүргендіктен бе, не болмаса өзін-өзі жарнамалауға сараңдау ма, білмеймін, әйтеуір ара-тұра кітабы шығып жүргенімен, айтыс-талас, талқылауларда оның есімі көп аталып, ауызға алына бермейді.


Менің әуелі танысқаным – оның тұңғыш романы «Оянған ұрпақ» болды. Өзі осы күн тақырыбы, жастардың ішкі ой-арпалысы, қайтсек өтіріктің ордасын бұзамыз, шындықты шырқау биікке көтере аламыз деп талпынған жас ұрпақтың жан дүниесіндегі бұлқынысына құрылған туынды екен. Әдебиетке бұрын-соңды көп көріне бермеген өзгеше мінезді кейіпкерлер сомдапты, өзінше өрнектепті. Оқып, пікірімді ауызша айттым. Ескертпелерімді де білдіргем. Кейіндеу сол романы ҚР Мәдениет министрлігі ұйымдастырған 2001 жылғы көркем шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде жүлде алды. Мен оған қуандым.


Ал жазушының «Пенде мен періште» жинағы екі бөлімнен тұрады екен. Алғашқы бөлімі – әңгімелер. Әңгімелер болғанда нағыз бүгінгі күн, бүгінгі заман шындығы. Замана тынысын Жолтай өз кейіпкерлері арқылы ой елегінен өткізеді. Кейіпкері арқылы келеңсіздікке қиналып, кейіпкері арқылы жақсыға қуанады. Көбісі тәп-тәуір, шымыр жазылған. Мысалы, «Перзентхана полонезі» деген әңгіме бас-аяғы жұп-жұмыр, сәтті құрылған сюжеті, өрнекті тілі, айтар ойы бар шығарма деп қабылдадым. Сондай-ақ осы жинақтағы «Чиновниктің мінезі», «Қазақтың меценаттығы», «Сэм мен Сэмиха», «Сұлуды сүю» секілді әңгімелер де ойды қозғайды, сезіміңді селт еткізеді. Жазушының тағы бір шоғыр әңгімелері («Бір жанар – бөрі жанар», «Оймен ойын», т.б.) өзінің жазылуы жағынан соны ізденістерге жол аша түскендей.


Кітаптың екінші бөлімі – драмалық хикаяттар. «Сүю серті» («Күлкі мен көз жасы» роман-дилогиясы ізімен жазылған) драмалық дүниесі біршама сәтті шыққан. Онда ең алдымен адам тағдыры бар. Тағдырдың қиын-қыстау сәтіне тап келіп, саяси жер аударылғандар арасына түскен әкелі-балалы Жасыбай мен Қалдан арасындағы салыстырмалылық, екеуінің жерге, елге, отбасына деген сүйіспеншілік сезімі қатар алынып көрсетіледі. Сол арқылы кісі образын, кісінің жан-дүниесіндегі алмағайып сезімді алдыңызға ашып салады. Жалпы, қаламгердің бұл шығармасы оқылатын дүние. Тіпті сахнаға шығарса да өз көрерменін табатыны сөзсіз.


Жазушы Жолтай Әлмашұлының еңбектерін оқу үстінде менің бір байқағаным – ол кейіпкерлердің ішкі монологына, ішкі ой-толғанысына көп құмартады екен. Әсіресе, оқиға өтіп жатқан жер суретін, көрінісін беруге сараң. Мұны бәлкім, қаламгердің өзіндік жазу ерекшелігіне саюға болатын шығар. Дегенмен, оның көркемдік тәсілдері мен ізденістерінде жаңа сипат, жаңа кеңістіктердің бой көрсетуі әбден мүмкін. Өйткені Жолтай өсу үстіндегі жазушы.


Төлен Әбдікұлы,

жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік

сыйлығының лауреаты, Ф. Кафка атындағы халықаралық

алтын медаль иегері

Бөлісу:

Көп оқылғандар