Бақыт Кәрібаева: Қазақ лирикасының қайнары
Бөлісу:
ХХ ғасыр көгіндегі қоғамдық сананың ең жарық жұлдызы Мағжанның саяси көзқарасы, ағартушылық қызметі, эстетика-философиялық позициясы өз дәрежесінде қанатын жая алса, бүгінгі әдебиеттану осы мәселелер төңірегінде ірге көтере бастаса, шынайы мағжантану басталар еді. Мағжан да бүгінгі тарих-сағат тілі өз көрсетіп отырған кемел ой иелерімен иық тірестіріп, ойымен де үйлестік тауып, уланып келген ақыл-ойға басқаша бір өріс ашары шүбәсіз. Түптеп келгенде мағжантанудың қажеттігінің өзі осында болса керек. Кісілік қырлары мен сирек жаратылатын адам – ақындық болмыс ерекшелігінің өзі әдебиетімізді нәрлендіретін бастаулар ғой, бағасына жетер болсақ.
Алайда, алдымен Мағжан – ақын. Шығыстан құланиектеніп қайта көтерілген Мағжан поэзиясының таңы бүгінгі дүниені өзгеше нұрға бөлеп, бүтін тіршілікке қозғау салып, рухани өмірімізге де өзге рең бергендей. Мағжан поэзиясының құдіретінің өзі ұлы табиғатпен үндес жатқан тылсым құпиялығында. Қазақ лирикасы өз туған топырағындағы Мағжандай ұстаз мектебінен өтіп, әлгіндей поэзияның уызын еміп, жарияланбауы - өкініш. Бей тұрғанмен, жар астында жасырынған күннің қызуы тұтас буынға жетпеді, сиқыр сұлулық жүректерге дарымады десек, қателесер едік.
Біз бүгін сол көз қарықтыратын жаһұт поэзиямен қауышқан сәтте оның алдында бүгежектесек, тіпті абдырап қалсақ, ол – заңдылық. Әдебиеттану жорғадай тайпалып кете алмай жатса, оған да көркем таным-тәрбие жетімсіздігі деп қараған жөн. Бұған қарап мағжантану қазақ әдебиеттануында басталған жоқ деген қорытынды шығарсақ, әділетсіз болар еді. Мағжантану бұдан жарты ғасыр бұрын басталған.
Өкінішке орай, бұл бастама кенет үзіліп қалғандықтан Мағжан туралы ғана емес, қазақ поэзиясының көркемдік-эстетикалық деңгейін межелейтін қоғамдық пікір дәстүрлі өріс таба алмай, өзге арнаға жылай ағып, құлдырап кеткен еді. Айтпағымыз 70 жылда қайта оралған Мағжан творчествосы өз мәніндегі талдау-танымын табар болса, қазақ көркем ойы – қоғамдық санамыз да биіктей түспек. Дәл қазір Мағжан бізге сол үшін қажет. Өйткені Мағжан шын мәніндегі қазақ көркем сөзінің ренессансы.
Пушкинді кезінде «Россияның бірінші ақыны» деп көзі тірісінде–ақ мойындаса, Мағжанды да өзінің сұңғыла замандастары жазбай таныған. (Ондай замандастары болғаны үшін Мағжан Абайдан да, басқадан да бақыттырақ). Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанбек Қожановтардың көлемді мақала, пікірлері бұл ойымызға дәлел. Бүгінгі мағжантануға бұлардың көш басы болатыны ақиқат. Бұлардың тану, зерттеу методологиясы қазіргі таным тұрғысынан өлшегенде де еш ескірмегенін, уақыт қондырған шаңын сүртіп жіберсе, ол ой-пікірлердің жарқырап кетеріне көз жетіп отыр. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген Д.Әшімхановтың «Жүсіпбектің сыншылдығы» атты мақаласынан осы ойды толық аңғаруға болады. Сын-зерттеу саласында осы бастаманы дамыта, жалғай түсу керек. Ж.Аймауытоавтың: «Мағжан – еліктегіш ақын. Бір ақын көп еліктесе, сол көп еліктеуші Мағжан деуге болады. Мағжан еліктегенде қазақ, татар, араб деп талғамайды. Кімнің сөзі көңілге жақсы, соған еліктеп жатады. Сондықтан Мағжанның алғашқы кездегі өлеңдерінде неше түрлі рух бар. Сыртқы түрінде орыстың бейнелеушілеріне еліктесе, ішкі рухында күйректік, жылауықтық(сентиментализм), романтизм болады. Сентиментализм әсері, әсіресе әйел теңдігіне арнап жазған өлеңдерінде ұшырайды», - /415/ деуі сол кезең үшін айтылған екіұшты әрі ғылыми дәлелі жетіңкіремейтін, толық піспеген пікір екенін байқатады.
Алдымен басын ашатын нәрсе – «еліктеу» мағынасын Аймауытов «оқу», «үйрену», «іздену» тұрғысынан айтып отырғандығы. Өз кезеңі үшін бұл шығармашылыққа жетіспей жатқан жайлар еді. Ал бүгінгі оқырман үшін әлгі бағалаулар басқаша әсер туғызуы хақ. Ал, шын мәнінде Мағжан кімге еліктеді? Кімнің көлеңкесінде қалды? Әлде, керісінше, мұның көлеңкесінде ауыл қонғандар болды ма? Аймауытов оның да басын ашып айтады. «Мағжан да күшті ақын. Күштілігі еліктегенінен көрінеді. Осы күнгі өлеңшілердің көбі Мағжан өлеңінің не сыртқы түріне, не ішкі мазмұнына еліктемей жаза алмайды. Кім өлең жазса, Мағжан сөзінен бірдеңе алмай қоймайды. Кестелі, ырғақты, күшті даяр сөз, даяр тұр ауызға түсе кетеді. Сондықтан Мағжан жек көретін өлеңшілер де Мағжан өлеңінің түріне, әдісіне (техникасына) еліктеп жүр. Жеңіл-желпі өлеңшілер былай тұрсын, бір кезде күшті болған ақындарымыз, Мағжанға ұстаз болған ақындарымыз бұл күнде өлең жазса, баяғы шәкіртіне еліктейтін болыпты». (427-бет). Мәселе ретінде арши қарастырсақосы пікірлер бір-біріне қайшы келмес пе екен?
Кумирсіз талант кемде-кем, әрине. Абай, Пушкиндердің де кезінде мойындаған, үлгі тұтқан көркемсөз иелері аз болған жоқ. Мәселен, Пушкин творчествосының алғашқы кезеңінде Байрон әсері мол болғаны белгілі. Ол әсер болып қана қойған жоқ, орыс әдебиетіне күшті романтизм Пушкин арқылы сол Байроннан келді. Ал Мағжан романтизмі солардан жалғасқан өзінің характерімен «европалық» романтизсм бе? Ойлануға тура келеді. (Романтизмнің тегі бір болғанымен, тарихи, ситуациялық түр ерекшеліктерін ұмытуға болмайды). Рас, Мағжанды ХХ ғасырдың басындағы орыс поэзиясындағы «измдердің» - акмеизм, имажинизм, символизмдердің қай-қайсысына да Уақыт бірлігі, кеңістік тұтастығы жақындатпай қоймайды. Әдебиетке тікелей өмір талабынан келіп жатқан жаңалыққа, әсіресе, жазба әдебиет жағдайында ақын ат –тонын ала қашамын десе де, құтыла алмас. Алайда, Мағжанды оларға телудің қисыны аз. Өйткені Мағжанның өз туған енесі бар. Біздіңше, ақынды басқа енеге телігенше, өз анасымен табыстыру керек. Мәселен, бір ғана ХХ ғасыр қазақ әдебиетіне көз сүзіңізші. Зерттеуін тауып, аршылмай жатыр демесеңіз, әлгі «Мағжан еліктеді» делініп отырған әдеби категорияларды белден қазуға болар еді. Тарихи тамырлы арна ретінде де, көркемдік жүйе ретінде де туған топырағында дәстүрлі даңғыл тұрғанда жан-жақты жетік Мағжан кездейсоқтыққа қайдан барсын. Ал, Пушкин романтизмді Байрон арқылы орыс әдебиетіне сіңірсе, ұлы ақынның алдынад ол тояттайтын мектеп жоқ еді. Ол кездегі орыс әдебиетінің жағдайы Пушкин сияқты ұлы тұлғаға жол көрсететіндей емес еді. Бұны басқа емес, білімпаз Белинскийдің өзі айтқан.
Ж.Аймауытовтың «Мағжанға оның ұстаздары да еліктеп өлең жазды» деген тым ашық пікірене қосыламыз. Ол – Мағжан поэтикасының кемел, дербестігінің айғағы. Бұл пікір дәлелденуі керек. Дәлел жоқ жерде ақиқат жоқ. Қашанда пікір айту оңай да дәлелдеуі қиын. Яғни ақиқатқа барар жол да қиын. Сондықтан жалғыз-жарым мақала үлкен, жүйелі ғылыми істің кішкентай кәдесіне жараса да өзінің азғантай міндетін өтегені болар еді.
Мағжан бүгінгі таным көзімен қарағанның өзінде белгілі тақырыпқа қамалмағаны, идеология жетегіне ілеспегені жарты әлемді жаулаған кезең үшін құдіретті ілім – марксизмге өзінің тұрақты көзқарасы болғаны белгілі болып отыр. Яғни оның көркемөнер мәселесінде де өз өлшемі болуға тиіс деп ойлаймыз. Балталасаң бұзылмас өлең табиғатының беріктігі мен тұтастығы соның айғағы. Онымен тұтас қазақ ақындарының көпшілігінің-ақ қазақ поэзиясына түрлік жаңалық әкелуге құлшыныс білдіргенімен, негізінен формалдық жағынан аса алмауы көп нәрсе айтар еді. Еліктеу деп осыны айтсақ керек. Ал Мағжанды қазақ поэзиясында жаңашыл ақын деп таныған күнде оны тек қана өлеңнің сыртқы пішіміндегі белгілерімен дәлелдеп беру мүмкін болмас еді. Оның еліктеуден амандығы осы тұста анық байқалады. Ол –алдымен, жаңа сөз, тың ой айтқан тұлға. Оның көркемдік ерекшелігін, ақын лебізіндегі оның салалық өзгерістері тұрғысынан пайымдағанда ғана сырлы аяқтың сырынан гөрі сыны қызықтырақ екеніне көз жетеді. Өйткені ол – тіл құпиясына терең бойлаған ақын. Тіл жүйесі – тарихи процесс. Сондықтан оның өлеңдерінің табиғаты тым «сүйекті» келеді. Күнделікті әжет ашатын, синтетикалы талшығы жоққа тән. Жан әлеміндегі небір жанартау жарылыстарды ол өрттей қызуымен бетті шарпи жеткізгенде де кезеңдік, кездейсоқтық қолтаңба таныта қоймауы содан. Тұғырдағы тұтас Мағжан өзінше дем шығаратын, тіршілік ететін жанды өлеңдеріне жолығысамыз. Өлең әшекейін түзетін әуезділік те, даланың жұпар иісін аңқытатын гүлшашақ бояулармен бедерленген әдемі өрнек те – сол тіл құпиясының сыйқырынан өрілетіндей. Ендеше табиғаттың өзіндей тірі, ерке, бұла боп келетін Мағжан стилі кеше мен бүгін құрылмаған, төркіні әрідегі шығыстың «поэзия ошағынан» жылу алмағанына кім кепіл? Ал шығыс поэзиясының әлемдік поэтикада негізгі үлес-салмақ алатыны құпия емес. Жалпы Мағжанда ұлттық қазанның қаймағы ғана емес, жалпыадамзаттық көркем ой қазанының қайнауы бар. Әлемдік көркемөнер даму эволюциясының көгінен көрінеді.
Сондықтан Мағжан поэзиясы қуатты да тынысты, парасатты поэзия. Тек пішін жаңалығы мұндай көп жоспарлы стиль туғыза алмасы хақ. Бұл пікіріміздің енді бір дәлелі – Брюсовтың Мағжанды Пушкинге теңеуі. Алдында жаңа сөз, жаңа пішіннің асқар шыңы Абай тұрғанда бұл балама кездейсоқ па? Пушкиннің ұлылығы оның бірден-бір түр жаңалығымен өлшенбесе керек. Әңгіме бұл екеуінің де ұлттық феномендігінде. Я, Мағжан да Пушкин сынды тілдік, эстетикалық, философиялық жүйеден тұрады, сол арқылы дараланған тұлға ғой. Мағжанның әр қырын ашқанда әлгі арналар толысып жатуы керек. Әрине, органикалық бірлікте М.Әуезовтың: «Мағжанның әшекейі ұнайды, кейінгіге ол қатарластардан соның сөзі қалады, басқаларымызға күмәнім бар» деген мойындауы әрі бағалауы, сөз жоқ, оның эстетикалық таным биігіне орай айтылған. Шын мәнінде ол аса ірі эстет ақын. Әдемілікті әдемі жырлаған Мағжандай ақын қазақта сирек. Сұлулықтың эстетикалық бағасын ғылыми дәлдікпен тап басқан оның өзгеше жетік интуициясы поэзияда өзгеше үндестік пен үйлесім түзеді.
Жапырақ сәуле сүйіп дірілдеген,
Жел шіркін жаны күйіп күбірлеген.
Жерде су сылдыр қағып сүйінгендей,
Кей кезде күйік кернеп күрілдеген.
Міне, бұл жолдардағы поэзия гармониясы сыршыл лирика өресін үзеді. Құдіретті эстетика тұғырына қонады. Ақын жаны ұлы табиғатпен табысып, қасиетті муза тіл қатады. Пушкин баламасы болудың бір парасы осы музаға тіл бітірген ақын «арқасында» да болуы керек. Қорқыт, Қойлыбай, Асан, Ақан «кереметін» ақынның тамаша біліп жырлауы тегін бе? Мұның бәрі ұлттық болмыстағы Мағжанға дейін тартылған арқау, Мағжан сол арқаудың шетінен мықтап ұстаған. Мағжанның ақындығы ендеше тау қойынында табиғат сыйқырымен сомдалған сомородок сияқты. Халық бойындағы бар асылы жүздеген, мыңдаған жылдар жинақталғанда ғана Мағжандай кесек түспек қой. Тайбурылдың қырық күн кемдігін көрген сан ақын тұлғалана алмағанына тарих куә. Біз жоғарыда келтіріп отырған жыр жолдары кесек, сом Мағжанның түйірі ғана. Жібектің түйіні бір дегендей, сол түйіннен Мағжанды тарқата, таратуға болады. Тамшы арқылы теңіздің дәмін татуға болады. Әлгі шумақта көрінген табиғат тылсымы, ондағы сурет пен қозғалыс үстіндегі өмір, әдемілік, оның философиясы мен нақты сезімдік сәті Абай аудармасындағы Гете, Пушкин, Лермонтов төлтумаларындағы классикалық дәрежеге көтерілгені көрініп тұр. Қазақ әдебиетіне Абай енгізген кейіптеу элементін де байқау қиын емес. Бірақ ол еліктеу тұрмақ нәзира түрінде де емес, таза Мағжандық нұсқада жүзеге асқан. Ол, әсіресе, психологиялық параллелдердің нәзіктігінен анық байқалады. Міне, Мағжан стилін ғылыми жүйелегенде, ғылыми мүшелегенде ғана ақиқатқа қол жеткізер едік. Психологиялық параллелизмнің негізін салған да туған әдебиетімізде Абай ғой. «Туранның бір бауында» деген әлгі ұзақ өлеңінің келесі бір шумағын келтірейік:
Шиесі мөлтілдеген маржан екен,
Маржаны жерде жатар арзан екен,
Жамбыдай жақұты көп анар байғұс,
Тырбиып неліктен ол азған екен?!
Тізілген түйме меруерт тұтқа таптап,
Жандардай жарқыраған тәп-тәтті таң.
Жас өрік ай нұрында ақ алтындай,
Жас үзім – зұбаржаттан тізген шашақ.
Сөз, образ, бейне, стиль – бәрі де шығыстың стилі. (Ақан арқылы түлеген түрге тым жақын). Ішкі сыры мен жыры Мағжандікі. Оны дәлелдеу үшін тағы екі шумақ келтірейік:
Көл беті жыбыр-жыбыр бақа: «бақ, бақ»
Сайрасын енді қалай бұлбұл бейбақ?
Өмірдің өзгермейтін құрсын заңы –
Бір жақтан бұлбұл шықса, бақа шықпақ,
Түн өтті. Бозарғандай шығыс жағы,
Бақаның бітпек пе бір «бақ-бақ-бағы»,
Бұлбұлға сыйға тартқан сол сәулесін,
Арсыз ай бақаға да төкті тағы.
Шығыстан батысқа, батыстан шығысқа ауысып, өлмей келе жатқан мысал жанрының элементін ақын өз көзқарасын айту үшін ұтымды пайдаланады. Шығыс даналығында сөз сабақтай отырып, мысал жанрының уысында қалмайды, өлең өзегіне жіңішкелеп өз жолын салады. Өз жүрегінің тылсымын сыздықтата жеткізеді. Көріп отырмыз, Мағжан ой айтқанда, жүрекжарды сыр төккенде төтеден шауып, төске озғаннан гөрі, поэзияда шоғырланған халықтық құнардан қоректенеді. Сөйтіп ақын уызынан жарып барып марқаяды. Жоғарыдағы өлеңнің финалы:
Бұлбұлға сыйға тартқан сол сәулесін,
Арсыз ай бақаға да төкті тағы, -
Ұзақ өлеңнің философиялық түйіні. Бұл түйін шығыстық дидактикадан гөрі реализмге ойысып, диалектикалық шындық бой көрсетуі - әлгі айтып отырғанымыздай, ақынның марқаюының көрінісі. Мәселе бұл жерде өмірге, болмысқа тура көзқарасын ақын астарымен жеткізуінде. Сол тұспал, сол бейнелікМағжанның бірден-бір көркемдеу құралына айналғанын да білеміз. Бірақ ол ешқайдан келген жоқ, ақын мол сусындаған шығыс поэзиясының ықпал-әсері. Еліктеуден туған кейбір жекеленген өлеңдеріне дау жоқ, негізінен ақынның ойлау машығына дейін туған әдебиеттен, қала берді шығыс сүлейлерінен жырақ кетпейді. Осылай бола тұра Мағжан өз кезеңі үшін көркемсөзде дәстүршіл ақын болып қана қалған жоқ, авангардтық та роль атқарды. Ол Мағжанның тың көзқарас, еркін ой, сел сезімі жүктеген миссиясы болуы керек. «Бүгінгі күн өмір, өлім - менікі» атты өлеңнің екі шумағын келтірейік:
Басы – сайран, сұм жалғанның соңы – ойран,
Адам өмірі – тағдыр ойыны. Біл де, ойлан.
Есіл жастық ескен желдей гуілдеп,
Әлі-ақ кетер жүректен – от, күш – бойдан.
Не қылса да, ол өлімнің өз еркі
Жындандырар мені сұлу нұр көркі,
Құшам, ішем, жынданамын, жылаймын.
Бүгінгі күн өмір, өлім – менікі.
Бұл өлеңнің түрі де, мазмұны да өнердегі авангардизмнің айқын көрінісі. Бұл өлеңде ешкімнің де еншісі жоқ. Мағжанның мәрттігі туғызған батылдық, анайылық емес – шынайылық. «Сырым» деген өлеңінде де ол өз болмысын айқара ашудан тайсақтамайды.
Әйел сүйем, бірақ емес сендерше,
Мен сүйемін жан-денесін бергенше.
Жан-денесін бірдей алам, улаймын.
Қысып сүйем, құшағымда өлгенше.
Ол күледі, мен де есалаң, күлемін,
Ол жылайды, мен де жасым төгемін.
Құшағымда жан-тәнінен айырылып,
Өледі әйел, мен де бірге өлемін, -
Деп әлгі өлеңді толықтыра түседі. Бұл не?! Махаббат па деген сауал кезінде де, кейінде де тууы мүмкін. Әрине, ғашықтық ғазел емес. Абай, Шәкәрімдердің кейбір құмарлық лирикасының «жетілген» түрі болуы мүмкін. Дей тұрғанмен, жал-құйрығын түйіп қазақ лирикасында дара боздың ойнақтап алға шығуы деп білген жөн. Кітаби ұғым, түсінікке атой салу. Болмыстың ұлттық өнер дәстүріне айналмаған саласын профессионалды өнер өресіне көтеруі. Бұл – романтизм емес, реализм. Бір сәт қалыпты дәстүрден босану, еркіндік іздеу, ешкімге ұқсамайтын түр, таңба салу – авангардизмнің басты белгісі. Бұдан Мағжан осы ағымның өкілі деген ұғым тумайды. Авнгардттықты абстракцияға айналдыратын бұлдыр – түсініксіздік. Мағжанға тіпті де жат. Бұл жерже біз шартты түрде аналогияға барып отырмыз. Әйтпесе, не нәрсені құштар көңіл, құмарлықпен сезініп, жүрек отында темірді де балқытатын жалынды ақынның талай жүрек жарды сөзіне куәміз ғой. Ақынның өзіне ғана тән талай қолтаңбасын тануға болады. Мұның бәрі Мағжанның жаңашыл ақын екенін айғақтайды. Бірақ Мағжан жаңашылдығын тек түрден іздеуге қарсымыз. Өйткені, оның новаторлығы Абай методологиясына салды.
Сондықтан тікелей Абаймен өлшеп қана Мағжанды «ақылдың ақыны емес» деген қасаң пікір бел алып кетпеуі керек. Яғни, Абай – ақылдың, Мағжан – сезімнің ақыны деген дұрыс пікірді қатып қалған қағидаға айналдырып алсақ, қателесеміз. Рас, Абай ойы ақылмен астас та, Мағжанның телегей-теңіз ойы сол деңгейлес, сезіммен өріледі. Бұл – екі ақынның стиль ерекшеліктері. Мысалы:
Азамат анау қазақ қаным десең,
Ұжымақтың суын апарам, жаным десең.
Болмаса ібіліс бол да у алып бар,
Тоқтатам, тұншықтырам зарын десең?-
Бұл – ақынның жан сыры ғана емес, жан шырылы. Халыққа қылаусыз адал махаббат көрінісі. Дәл осындай жүрек лүпілі Абай өлеңдерінде басқаша өрнектклктінін білеміз. Бұл екі стильдің ар жағында екі ақынның өмір сүрген дәуірі, тәлім-тәрбие көзі, алған білім-ғылымның ықпал әсерлері, т.б. жәйттар тұр. Ең бастысы – екі ақынның лебіз-интонация айырмасы бар.
Сол сияқты Абайдың күрескерлік позициясы айқын. Ал, Мағжан күйрек пе? Бола қалса, себеп не? Мағжанның пессимизмінің объективтік себептерімен бірге, күйрек ақын аталуының екі түрлі субъективтік себептері бар. Біріншіден, кезіндегі идеология жетегіне жегілмегені үшін ақынды сындыру мақсатында тағылған айдар еді. Екіншіден, ақындық тәжірибеде, әсіресе жазба әдебиет жағдайында қазақ лирикасы өзінің барлық мүмкіндігін толық ашып үлгерген жоқ еді. Сондықтын жанрға әкелген Мағжан жаңалығын танымауы заңды еді. Әсіресе, Мағжан дамытқан бір қанаты мұң болып келетін сезім диалектикасы өзінің профессионалдық дәрежесіне көтерілген жоқ еді. Ал, шын мәнінде Мағжан шығармашылығының өзегі аса нәзік болғанымен, болат пружинадай серпінді. Ерлікті паш ететін поэмалары, халықты тарихи тұйықтықтан құтқаруды көздеп шарық ұрған өзгеше пішінді өлеңдері бұл пікірімізді дәлелдей алады. Осы жодың өзегі талса да табаны таймауы оның күйректігі болар ма? Әрине, мұндай қайратшылықты қайраткерлікпен шатастыруға болмас. Егеулі найза қолға алған Махамбет пе, дүйім елге билік айтқан Төбе би, шығармашылығынығ дені – тәрбие, ағартушылық концепция негізін салған Абай да Мағжан үшін бұл жерде мәре болуға тиіс емес. Мағжан саясаткер де, күрескер де емес. Тіпті ондай ұғымнан оны аршып алу қажет. Ол – ақын, суреткер, терең интелект иесі. Сондықтан ол тек сол стильде сөйлейді. Алайда, ол Мағжан драматизмін, қоғамдық мәселедегі ақындық кредосы мен поэзиясын жоққа шығара алмақ емес.
Мағжан драматизмін әсіресе, қоюлатқан қазақ халқының ұлт ретіндегі ауыр халі еді. Я, Қазақстанның Ресейге қосылуы, үш дүркін революция, азамат соғысы – осынша тарихи өзгерістер қазақ халқының әлеуметтік, рухани өміріне не әкелді?! Ақынның азаматтығы осы жерде тұлғаланады.
Сезеген көкірек сезіп, алдамас ақыл алға тартып отырған бұл ақиқатқа құлақ асар кім бар? Жүгінер жұрт қайда? Дәл осы жерде Мағжан да Абай сынды жалғыздық уын ішеді. Абай: «Моласындай бақсының жалғыз қалдым, тап шыным» десе, Мағжан: «Ақында дос болмайды адамзаттан» деп жекеленеді. Иә, осы бір нүктеде ақын болмысы әр қырынан ашылады. «Тек қана сырын сөйлер қаламына» деп өзі айтқандай, жүрегіне кір жасырмай, ағынан ақтарылады. Түңілу де, күңірену де, сүю, күю де, көрегендік пен көсемдік те ақын қаламынан баурын жазғантұлпардай көсіледі. Сондықтан оның стиліндегі романтизм мен сентиментализм, реалистік консерватизм ассоция тұнбасының түзілуі заңды еді. Абай мектебінен ғана дәріс алмаған Мағжанның осы тұстарда кейбір жәйттерде Абаймен идеялық концепциясы қиысып кетпеуі әбден мүмкін.
Екі дүние – күн мен түн, өмір, өлім,
Бірі – бесік, біреуі – даяр көрің.
Бала болып жата бер бесігіңде,
Сар даланың еркесі қазақ елім, -
деген жолдардағы әлеуметтік сарын Абайдың ағартушылық идеясымен қабысып жатқанмен, бейнелеу арсеналы мүлде бөлек. Реализмді Абаймен шегелеп алған ақын романтизмде кіндік қазықты Бұхар, Дулат, Шортанбайларға бойлата түседі.
Дүние қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға,-
деп, бүгінгі мән-мағынасыз, баянсыз тірліктен бет аударады. Сол жұбаныш тапса, сол өткенде қалған елінің елдігі мен ерлігі сияқтанады. Халқын өртене сүйген ақынның ол кездегі романтизмі күйректіктен гөрі реалистік романтизмге жақын секілді.
Көк бір дария қара көк,
Жұлдыздан әрі хабар жоқ.
Іште жалын, жүрек – шоқ,
Дариға жарым өледі,-
деп бірде сең соққан балықтай шалажансар, қалса:
Қызыл тіл қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да, -
деп қайтадан аласұрады. Бүгінгі өмірдің актуальді нүктесінде табаны таймай таныла білген ақын сезімінің сыртқы емес, ішкі драматизмін оның бойыншағы белсенділікке баламасқа бола ма? Ол халық трагедиясына ұластырған айқын позициялы ақын тұлға қайдан сентименталист болсын?! Керісінше, айға шапқан арыстанды көк темірлі замана құрсауы мертеткен болар. Ол ақынның мықтылығынан хабар бермесе, әлсіздігі бола қоймас. Бұл жерде шығатын қорытынды: Мағжанның бейнелеу құрал, қолтаңба ерекшелігін жіті ажыратпай, жете танымай берілген баға ақынның объективті бағасы бола алмайды.
Мағжан консерватор, өтпелі дәуір ақыны деген пікір де негізсіз емес. Дегенмен, дәлелдеуі жетіңкіремейтіндей. Есенин де өтпелі дәуір ақыны. Өтпелі дәуір ақыны деген не? Есенин революцияны қабылдамады. Неге қабылдамады? Саналы түрде ме, стихия ма? Оны Есенин өлеңдерінен табамыз. Ақын жан-тәнімен дөрекі, кейде тұрпайы «жаңаруға» көндіге алмай қиналыс азабына түседі. Өзінің деревня-ұясын шыр-шыр етіп қорғайды. Соқаны ауыстыруға келген темір трактор тұтас тарихи-мәдени ошақтың күлін көкке ұшырардай шошынады. Әрине ақын жаны текке бебеулеген жоқ. Ал. Мағжанның қабырғасын қайыстырған ескі мен жаңаның тартысы ғана ма? Мағжан белін сындырған – сонымен бірге ата-мекен, құт-қоныстың жат қолына көшуі. Қазақстаң жаны – жәннәтінен айырғалы тұрған сын сағат. Осы жерде ол бір өліп, бір тіріледі. Қан-сөлсіз тірі өлік болып сұлап та түседі. Бұл жағынан екі ақынның сезімдік ситуациясы тым ұқсас. Көзінен қанды жас ағып, айықпас сағынышпен өткенін аңсайды. Ендеше, ол уақытпен терезесі тең ақын. Уақыт – құдірет өзі туғызған оны, қатал да сұсты заманмен қабырғалас тұр. Оның барлық бояуын қамтитын, әрі нотада жырлай білген, заман бұлбұлы ол. Сондықтан оның әр өлеңі өзінше трактовка тілейді, өзіндік қана стиль сырын ашуға сұранады.
Ақын лабораториясына тереңдей түссек, ақын мен қоғам мәселесі типтене түсер еді. Сол сияқты ақын санасын, жан-тәнін улайтын «ой» да дерексіз, негізсіз ұғым емес. Өйткені, оның «ақылмен ойлап білген сөзінен» де бұрын «ынталы жүрек сезген сөзі», яғни, сезімдік болжамдары бүгін ақиқатқа айналып отыр. Бұл жағынан оны әулие ақын (пророк) қатарына жатқызуға әбден болар еді. Оған тағылған айып: «діншіл», «түрікшіл», «ұлтшыл» деген ұғымдар бүгін қандай мән-мағынаға ие болып отыр? Тұтас буынның дүниетанымына кесел болып келген бұл айдар әлі де емдеуді қажет ететінін тереңдей түсінген сайын Мағжанның ұлттық санадағы орны айқын көрінер еді. Яғни, ол тарихи көкжиектерге көз тікті. Әрбір талант заманынан озып туып, халқының болашағын болжай бере алмасы белгілі. Я, қазақтың «қара орманын» тұтас көреген Мағжан қазақ көркем ойының да қаймағын қалыңдатты. Артына ата дәстүрін қалдырды. «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр Баяндай» психологиялық поэмалар бұрын-соңды қазақ әдебиетінде бар ма еді? Жарты ғасыр әдебиетіміздің поэтикалық байрағына айналып келген «Күй», «Күйші», «Құлагерлер» осы арнадан сабақ тартпады ма екен?
Қазақ лирикасында Абайдан кейінгі кесек тұлға – Мағжан, сөз жоқ, жанр аясын кеңітті. Реформатор Абай эстетикалық өлшемде, психологизмде, тіпті өлең пішімін жаңалауда негізінен реализмге жүгінсе, Мағжан асқақ романтизмнен ажыраған емес. Қасқа бұлақтай көсілген Мағжан поэзиясы қазақтың қанындағы шешендікпен астасып, шешек ататындай. Сөйтіп барып, қазақтың қара өлеңі аспандай қалықтайды. Құдіретті қазақ поэзиясының түңілігі түріледі.
Ол күндер көз жетпейтін ерте күн ғой,
Ерте күн – ертегідей ерке күн ғой,
Өткен күн – ұстатпайтын сұлу сағым,
Жалғыз-ақ желден жүйрік жетеді ғой, -
деп келетін ұзақ-ұзақ шабыста шашасына шаң жұқтырмас, кең тынысты кәнігі стиль қазақ өлеңінде Мағжанның өз орнын белгілейді. Осы стильде жазылған Мағжан өлеңдеріндегі дыбыс пен әуен, үйлесім мен үндестік мәселесі ақынның шеберлік мектебін айқындайды. «Түркістан», «Сүй, жан сәулем», «Р...-ға», «Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін», т.б. толып жатқан қазақ лирикасының інжу-маржандары осы үрдістің нәтижесі. Уақыт озған сайын бұл жырлар алмастай қырланып, Мағжанды да, қазақ лирикасын да мәңгі жарқыратып тұрары хақ.
"Мағжан әлемі" кітабынан алынған
Бөлісу: