Айнұр Найманбай: Көркемдік ізденістер

Бөлісу:

12.02.2016 3804



3.jpg


Әдебиет – тылсымы терең әлем. Қазақ көркем сөзінің арғы-бергі тарихына үңілер болсақ, тақырыпқа тұздық етер мәселе баршылық. Ел сүйіп оқитын, оқырманға рухани ләззат сыйлайтын адам – ол жазушы. Олай болса, көркемсөз әлемі туралы әңгіме ең алдымен жазушы зертханасын зерттеу арқылы таратыла сөз етілгені дұрыс.


Белгілі ғалым Ж. Әлмашұлы прозалық һәм драмалық шығармалармен бірге, біраз уақыттардан бері кемеңгер ойшыл, жазушы, көркем ойдың алыбы М. Әуезов шығармашылығын зерттеп келеді. Бұл жөнінде автордың көптеген ғылыми мақалалары мен «Әуезовке қайта оралу» (Алматы, 1997 ж.), «Әуезовтің жұмбақ әлемі» (Алматы, 2005 ж.) және «Әуезовті ардақ тұтқан» (Астана 2007 ж.) атты монографиялары жарық көрген. Бұл еңбектерде дарынды жазушы М. Әуезов шығармашылық әлемі мен авторлық қолтаңбасы, суреткер туындыларындағы трагизм мен комизм мәселелері сөз болады. Ендеше қанша оқысаң да шарықтау шегі биік, әрқашан адамзат қауымына рухани серпіліс беретін Мұхтар Әуезов жазушылық шеберлігінің ерекше тұстарына назар аударалық.


Зерттеуші Ж. Әлмашұлы жазушы М. Әуезов әлемінің құпия тұстарын ашуды әсіресе өзінің «Әуезовтің жұмбақ әлемі» еңбегінде тереңдете түскен. Мұнда қаламгердің алғашқы әңгімелерінен бастап, бүгінгі күнге дейін таныс шығараларындағы сатира мен юмор, ащы әжуа мен мысқыл, трагизм мен комизм тармақтарына кеңінен талдаулар жасалады. Мысалы, аталған еңбек мазмұнында мынадай үзінділер бар: М. Әуезовтің қайсыбір шығармасын алсаңыз да, оның өн бойынан көркемдік нәр беретін, қуат беретін сатиралық элементтерді, юморлық белгілерді кездестіру еш қиын емес. Өйткені жазушының жазу тәсілі негізінен алғанда күле отырып, көл-көсір ойға бастауға, әжуалай отырып, астарлы ой тастауға бейімділеу. Ол «күлкі – күштілер құралы» екенін дөп басып, оны мейлінше өз идеяларын жеткізудің бірден-бір тәсіліне айналдырып отырған (жұмыстың 17-бетінде).


Қаламгер М. Әуезов шығармашылығының бір бөлігін – оның аударма еңбектері құрайды. Қаламгер өз кезінде орыс жазушылары И. Тургеневтің «Дворян ұясы» романы мен А. Афиногеновтың «Қорқыныш», Н. Погодиннің «Ақсүйектер», К. Треневтің «Любовь Яровая» сияқты драмалық шығармаларын ана тілімізде сөйлеткен. Осы тұста зерттеуші Ж. Әлмашұлы жазушының И.С. Тургеневтің «Дворян ұясы» романын аударудағы баламалары сәтті шыққан деп, қаламгер шығармашылығына мынадай талдаулар жасайды: «Я сама не сильна во французком «диалекте» дегенді «француз «диалектына» мен өзім де мығым емеспін» деп тәржімалаған. Осындағы «не сильна» сөзін әр түрлі синониммен беруге болар-ау, бірақ дереу аузымызға «мығым емеспін» сөзінің түсе қоюуы екіталай шығар. Бірақ, Мұхаң оны оп-оңай тапқан. Оқырман осы сөзді оқығанда «әй, сол французшаңды қатыра қоймаспын» деген жеңіл күлкіні сезінеді. Немесе, аудармадағы: ...Экой длинный, словна аист! Бойының ұзынын-ай қарабай тәрізденіп! – деп келуі, жазушының кейіпкер сөйлеу тонын шебер меңгергендігі байқалады. М. Әуезов бұл жерде «аист» – көкқұтан екенін білмей отырған жоқ, сөз ыңғайына қарай «қарабайды» әдейі алып отыр. Онысы жарасып та тұр (жұмыстың 60-беті). Бұл ретте зерттеушінің жазушы М. Әуезов шығармашылығының ерекше тұстарын жіті аңғарып, дөп басқандығын байқауға болады.


Сатира мен юмор мәселесі жөнінде белгілі ғалым Т. Қожакеев мынадай тұжырым жасаған: «... Сатира өмір болмысын суреттеудің құралы, әдісі ретінде де көріне алады. Оған қоса бұл жанр «әдебиеттің бір түрі» болып көрініп, кез-келген көркем жанрда – романда да, повесте де, әңгімеде де, публицистикада да бола береді». Демек, М. Әуезов шығармалары күлкі мен әзілге, мұң мен мысқылға толы көркем дүниелер деп айтуға болады. Мұны біз зерттеуші Ж. Әлмашұлы талдауларынан толық көре аламыз.


Рас, саңлақ суреткер М. Әуезовтің көркемдік әлемі ешқашан түгесілмес, телегей теңіздей кең де өрісті тақырып. Бұл ретте зерттеуші еңбегі сол бағыттағы олқы тұстарды толықтыра түсуге қызмет ете алады.


Алайда, біз бұл сала осымен түп-түгел зерттеліп бітті деп тұжырым айтудан аулақпыз. Сөйте тұрса да, біз сөз еткен зерттеуші еңбегі осы бағыттағы орнықты да терең жұмыстардың бірі бола алады.


Оқырман қауымға «Найзашың», «Пенде мен періште», «Ұмытылған ұрпақ», «Оянған ұрпақ», «Күлкі мен көз жасы» «Тірі жан», секілді роман-хикаяттары және әңгіме-пьесалары жинағымен, сондай-ақ көне Түркістанның арғы-бергі тарихынан сөз қозғаған («Қызыр қонған Түркістан», «Қасиетті мекендегі қала», «Ахмет Иассауи қаласы», т.б.) эсселер кітабымен жақсы таныс жазушы-драматург, филология ғылымдарының кандидаты Ж. Әлмашұлының М. Әуезов шығармашылығына қатысты зерттеу еңбегін – әдебиеттану ғылымына қосылған елеулі үлес деп айтуға болады.


Көне Түркістан шаһары өткен тарихымен де, мәдени құндылықтарымен де бүгінгі ұрпаққа өте ыстық, өте қадірлі. Арғы-бергі кезеңдерде осы Түркістан туралы талай-талай ғалымдар, тарихшылар, жазушы-журналистер қалам тербеп, өз пайымдарын білдіріп келе жатыр. Әйтсе де, қасиетті мекен туралы, оның кейбір құпия қырлары жайлы қанша жазса да аз болмақ емес.


Осы орайды филолог-ғалым Ж. Әлмашұлының соңғы 20 жыл ішінде осы Түркістан тақырыбына қайта-қайта оралып, бірнеше еңбектер жазғанын атап өте аламыз.


Қаламгердің ең алғашқы толымды еңбегі «Қызыр Қонған Түркістан» атты кітап 1998 жылы «Санат» баспасы арқылы жарық көрді. Мұнда Көне қала тарихы мен оның мәдени өмірі қатар-өріліп сөз болады. Кітап үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде – Түркістан қаласының арғы-бергі тарихы, оның өсіп-өркендеу жолдары туралы толғану бар. Мұнда көптеген ғалымдар мен тарихшыларға сілтемелер жасала отырып, суреткер өз пайымдауларын да білдірелі. Батыл ойлар айтады. Еңбекте Түркістандық ғұлама, сопы-ақын Қожахмет Иассауи өміріне тоқталып, оның туған және қайтыс болған жылы туралы даулы пікірлерге өз ойларын арнаған.


Расында да, Қ. Иассауи 63 жас өмір сүрген соң жер асты үйіне түсіп, хильвет жасайды. Ал, ол жер астында қанша жыл өмір сүрді? Он жыл, жиырма жыл... Бәлкім, одан көп өмір сүрді ме? Міне, қаламгер осы туралы да толғанған. Сонымен бірге мұнда сопы ақынның «Хикметтеріне» де аз-кем тоқталып өтеді. Оның қазақ тіліндегі аудармаларының осы күнге дейін бір ізге түспей келе жатқаны жайлы айтады. Аударма сапасының төмендегіні сөз етіледі.


Кітаптың екінші бөлімінде осы Түркістан топырағында туып-өскен бірқатар елге сыйлы кісілер мен ақындар туралы тоқталып, олардың артында қалған асыл мұраларына талдау жасалады. Айталық, зерттеуші кітапта бұрын-соңды есімі көп таныс бола қоймаған Құлан Алдабергенұлы (1861–1934) атты ақын шығармашылығына жан-жақты тоқталып, талдайды. Құлан Алдабергенұлы өз кезінде осы Сыр бойынан шыққан Мәделі, Майлы, Бұдабай, Құлыншақ, Молда Мұса секілді шойырлардың тұстасы. Олардың кейбірімен сөз сайысына түскен дүлдүл. Белгілі сөз шебері.


Қаламгер осыдан кейін Түркістан өңірінен шыққан белгілі қайраткерлер – Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Садықбек Сапарбеков, Бегайдар Аралбаев, т. б. кісілер өмірі мен қызметіне арнайы тоқталып, сөз арнаған. Олардың өз кезіндегі қоғам үшін атқарған ісі туралы негіздеп жазған. Айталық, Н. Төреқұлов қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш дипломат десе, ал С. Қожановтың ел астанасын Орынбордан Қызылордаға ауыстыруы да қызғылықты сөз болған. Зерттеуші оны тарихи деректермен дәйектеп отырады.


Ал, кітаптың енді үшінші бөлімінде – жазушының Түркістан тарихының арғы-бергі кезеңін қаузаған бір топ тарихи әңгімелері топтастырылып берілген. Мұндағы әсіресе «Әзірет Сұлтан аңызы» топтамасы өте әсерлі оқылады.


Жазушы-ғалым Жолтай Әлмашұлы бұдан кейін де Түркістан тақырыбынан күдер үзбей, екі кітап арнаған. Олар: «Қасиетті мекедегі қала» (2000 ж.) және «Ахмет Иассауи қаласы» (2001 ж.) деп аталады. Алғашқы еңбек қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Бұл еңбекте суреткер бұған дейінгі өз ойларын одан әрі тереңдете түседі. Әсіресе, мұнда Әзірет Сұлтан Кесенесінде әр кезеңдерде жерленген хандар мен билер туралы мол деректер келтірілген. Тіпті жаңадан табылған тізімдер де толық келтіріліп, кейбір белгілі тұлғаларға тоқтала сөз етіледі.


«Ахмет Иассауи қаласы» – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған еңбек. Зерттеуші-ғалым осы еңбегі арқылы көне Түркістан тарихын әлем оқырмандарына жеткізуді мақсұт еткен болуы тиіс.


Қорыта айтқанда, филолог-ғалым, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының көне Түркістан тақырыбындағы зерделі еңбектері ұлттық мәдениетімізде өз орнын алады деп ойлаймыз. Бұл жазбалар сондай-ақ жоғары оқу орны студенттеріне қажетті көмекші құрал, ал тарихты зерттеушілер үшін өте құнды еңбек бола алады. 


Айнұр Найманбай

Бөлісу:

Көп оқылғандар