Мәди Айымбетов: Қасқыр арбаушы
Бөлісу:
Ұбақ-шұбақ ұласқан тау сілімінің еңіске қарай созыла түсіп жатқан биік жонының қыр желкесіндегі үйме-жүйме жақпар тастардың тасасына Тәушен аңшы түс ауа - құлама бесіннің шамасында келіп, бірсыпыра уақыттан бері бой тасалап жатқан болатын.
Жарығы біртін-біртін көмескі тартқан Күн шарасы көкжиекпен жанасып ұясына қона бастаған мезегілде ол арқа жағындағы тегіс тасқа шалқая сүйеніп, аяғын созып, құрысқан денесін азырақ жазып алғандай болды. Содан соң тасадан басын қылтитып, қырқаның төменгі жағындағы сайдың аңғарын бойлай өскен қалың қарағанның арғы-бергі төңірегін дүрбісімен шолып асықпа-а-й ұзақ қарады. Көптен бері алдырмай жүрген әккі қаншық қасқыр мен ақсұр арланның биылғы бір ұя бөлтірігімен паналап жүрген апаны, тап басып анық білмесе де, әйтеуір сол маңайдың бір ұңғыл-шұңғылында екенін ол қапысыз аңғарған-ды. Осы төңіректің сай-салалы жерлерінде, шоқтала өскен қараған тоғайының ара-арасындағы тасаларда ірілі-ұсақты малдың, әрдек-әрдекте шашылып жатқан сүйек-саяқтары, ұсақ бұталарға ілініп қалған жүн-жұрқалар мен әр маңда тері пұшпақтарының алба-дұлбасы шығып жатқаны да оның болжамын бекемдей түскен. Енді міне, сол болжамы алжастырмаса, ымырт қараңғылығында қарағанның қалың жымында жатқан қасқыр қайтсе де бір сыр беруі тиіс болатын.
Тәушен өткен қыстан бері бұрынғыдай дала кезіп, сай-саланы бойлап із кесудің, машақатына түспей, қасқырды дыбыссалғы-арбауышпен табудың тәсілдеріне әуестене бастаған болатын. Дыбыссалғы демекші, осы тәсілмен әуестене бастаған әуелгі кездері білте майшамның жетілік мұржасын жоғарғы үшкілінен үрлеп, соны дыбыссалғы етіп жүрді де, қазіргі күні қолға сирек түсетін сол шынылардың талайын осылай тау-тасты аралаған аңшылық жорықтарының кезінде сындырып бітірген еді. Енді нендей лаж табамын деп басы қатып жүргенінде жол түсіп биыл жаз Алматыға бара қалмасы бар ма. Бір күні қала орталығын аралап, қаңғалақтап жүріп, аңшы қару мен құрал-саймандарын сататын үлкен дүкенге кезікті де, анау-мынау емес, мұхиттың арғы жағында, Америкада жасалған, нешетүрлі аң-құстың үнін салуға болатын арнайы дыбыссалғыны қуана-қуана сатып алды. Бірақ қос тілшелі сол жылтырақ түтікше қасқырдың ұлыған үнін қаншама айнытпай қайталаса да, бәрібір ең сенімді жанды арбауыш қос алақанды аузына көлегейлей ұстап, көмейден созып шығаратын дыбыс екеніне біржола көзі жеткендей болды.
Қасқыр атуға шықанында өзімен бірге тастамай алып жүретін шетелдік әдемі арбауыш-сыбызғысын былай қойып, міне, ол қазір екі бас бармағын иек астына тірей қадап, мұрын желбезектерін сұқ саусағымен басып, бір-біріне қабыстыра ұстаған қос алақанының саңылауына көмейінен терең тарта үрлеп қасқырдың ұлуын білдіретін үн шығарды. Сол үн міне «у-у-у-о-о-а» деп созыла басталып, біртін-біртін қатайып, ұлғая түсіп, содан соң бәсеңдеп барып, тына қалды. Аңшы төмен иілген басын тізесінен жоғары қарай жайлап көтеріп, көмей түкпірінен осылайша созыла қайырылған қасқыр арланынша ұлыған дыбыстың ара-арасына бірер секунд үзіліс салып үш мәрте қайталады. Қайталады да, құлағын түріп, тына қалып, тың тыңдады. Тым-тырс. Жауап қатқан қасқыр ұлуы естілмеді. Ол тағы біршама уақыт өткесін қос алақанын жаңағыдай сәл қабыстыра жанастырып аузына апарды да, басын шалқайтып, құдды қасқырша, көкке мойынын соза ұлыды:
- У-у-у-о-о-а-а-о-у-у-у!.. У-у-у-о-о-а-а-о-у-у-у!.. У-у-у-о-о-а-а-о-у-у-у!..
Кеудеден қамыға шыққан терең дем жүректі шымырлатар жуандау сарынмен созыла түсіп, әуелеп, жым-жырт тыныштықтың тылсымын бір сәтте-ақ бұзып, алыс-алыс жаңғырықтармен жалғасып, кеңістік қиырларына ұласып жатты.
Осылайша үздіге қайталанған үш мәрте ұлу бұл жолы жауапсыз қалмады. Арада он бес-жиырма минөт өтер-өтпесте төменгі жақтан, алыс аңғардың арғы басынан созылуы қысқалау, аралығына бірер секунд салып қаншық қасқырдың екі мәрте ұлыған үні құлаққа шалынды.
«У-у-у- у-у-өу!.. У-у-у- у-у-өу!..»
Аңшы өзіне жауап қатқан әлгі ұлуға «мені естідің бе, мен мұндамын» дегендей, үш бунақпен қайыра жауаптасу-ұлуын білдірді де, әлденеше есе үлкейткіш оптикасы бар нысана көздеуіші бар винтовкасын қолына алды.
Қас-қағымдай сәттің арасында күздің күлгін, бозғыл тартқан аспанын ымырт көлеңкесі көлегейлеп, көз жетер жердегі төңірек бұлдыр да күңгірт пердеге орана бастаған еді. «Винчестерінің» үлкейткіш көздеуішіне талмай қадалып жатқан Тәушен қасқыр қаншығын еңістегі қараған-шатқал тоғайының бергі жиегінен күтті. Түз тағысының ұлу естілген тұсты аса дәлдікпен түйсіктей алатынына ол шүбәсіз болатын, оған мұның талай мәрте көзі де жеткен. Бірақ мұндайда әккі қасқырдың сақ қимылдайтынын ол әбден біліп алған, салып ұрып жетіп келмейді. Жасырын қауіптің бар-жоғын алыстан байқастап, бірден бой көрсетпейді, ал арлан болса мейлінше сақ әрекет жасайды, аяғын ілгері бір басып, екі басып, біресе шоқиып отыра қалып, біресе етпеттей жата қалып, тұмсығын созып, қайта-қайта иіс аңдап, бөгде ұлудың егесін барынша сақтықпен анықтауға бейілденсе, ал мына кермаңдай қаншық, арлан сияқты мұндайлық сақшыл айлаға бармады, жан-жағына көп елеңдемей, аяғын жеңіл алып, өзін кәдуілгідей сендіріп, иландырып шақырған арлан улу дыбысының бағытынан айнымауға ұмтылды. Тәушеннің де қазіргі сәт күтіп жатқаны сол еді.
Міне, әлден соң қараған шетінен қараң ете түскен сұр түсті бір сұлба көздеуіштің үлкейткішіне ілінді де, ілгері қарай сырғи басып, тоқтай қалды. Үздіге дыбыс берген ақсұр арланның дәл осы тұстан, қарсы алдан шыға келетін тұрқын көруге деген ынтығыс-демін баса алмай тұрғандай тәрізді. Осы кейпетінде аз ғана елеңдеу де жоқ емес еді, сәл ғана қыңсылай түсіп, серек құлағын әлденеге түргендей болды да, кер маңдайын Тәушеннің нысанасына қарата дәлдей ұстап, тағы да ілгері басты.
Аз-кем ұйып, жансызданып бара жатқан сұқ саусақтың ұшы осы бір қас-қағымда шүрппеге қаттырақ жанаса түсті де, кілт іліп қалды. Ұшқыр оқ қапысыз атылып, бүгін әлі жортуылдан оралып үлгермеген арланының шақыру-ұлуына алаңсыз сенген аналық қасқыр екі кештің арасында, қапияда осылайша ажал құшты.
Тәушен қанжығасын қандаған олжасын - кермаңдай қаншықты құйрығынан тартып, сүйрете-мүйрете тау жотасының арғы етегінде, жарты шақырымдай жерде қалған «джипіне» жеткізгенде түн қараңғылығы әбден қоюланып та қалған болатын.
...Тау етегін жиектей айналып, шамының жарығы түн қойнауын айқара жарып, тегістікке қарай түсіп бара жатқан мәшинені қаншық қасқыр сұлаған жерден, қараған-шатқалдың бойынан туралай жоғары өрлей жортып, жотадан асқан ақсұр арланның мірдей суық көзі алыстан шалды. Ұялас серігінің жермен сүйретілген өлі денесінің қанды ізі мен иісінен де көкжал бөрі нақ сол маңда біржола ажырап қалды да, тұмсығын шалқалай туған Айға қарата созып, әрі қамығулы, әрі зарлы шақырумен үзік-үзік ұзақ ұлыды...
Қаншығын іздеген ақсұр арланның жота басынан із кесіп алас ұрған түнгі жортуылынан бейхабар Тәушен аңшы қараған-шатқал маңайына көп ұзамай тағы бір оралуды ойына бекем түйіп кеткен болатын.
* * *
Бұл өңірге қарсыз, қарасуық қыс желтоқсанның соңғы аптасында, Ай енді-енді толыса бастаған кезде түсті. Алғаш жауған қырбық қар әлдеқашан қабыршықтанып қалған осы мезгілде қараған-шатқалдың бықпылындағы ұялас жас бөрілердің - табаны бүрленіп қатайған биылғы марқа бөлтірігі бар, былтырғы бөлтірік - майтүбіт қаражалдары бар, бірінен соң бірі Тәушеннің дыбыссалғысына арбалып, қатары сиреп те қалған болатын. Қаражал екі жас бөріні қасынан қалдырмай бұлталаң сақтыққа салып жортуылдаған әккі ақсұр арланның осы үштік үйірін аңшы қармауына әлі түсіре алмай жүрген-ді.
Ауқымы бірқыдыру ойлы-қырлы алапта барынша сақ жортуылдаған жыртқыштар Үстірттің сол маңайдағы ауылдарының жайылыста жүрген малына қырғидай тиюмен болды. Жегенін жартылай жеп, жемегенін жаппай сұлатып, қызылкөзденіп алған бөрілер елге тыншу бермеді.
Қыс басталар-басталмастан қасқырдың малға бұлайша өршелене шабуы түйеші-фермер Айдарғалиды да әжептәуір алаңдатты. Осы қараған-шатқалдың күншығыс бетіндегі үлкен жонның бауырайын оншақты жылдан бері жайлағалы оқта-текте ғана болмаса, өз басы мұндай сұмдықты көрмеген еді, бас-аяғы бір айдың о жақ бұ жағында екі тайлақ пен бір құнаншасы, ірілі-ұсақты оншақты қойы қасқырдың қанды аузына ілігіп, шаруасын бірталай шайқалтып тастады.
Түз тағысының шабуылынан құтылудың амалын таппаған Айдарғали қожалығының төңірегінде күндіз-түні күзетті күшейтті, түнге қарай әуеге қаратып оңды-солды тарсылдатып мылтық атумен болды. Бірақ жыртқыштар бұл маңайды ара-кідік торуылдауын бәрібір қоймады.
Кештен бастап түн ортасы ауғанға шейін тоқтамай, қалың жауған ұлпа қардың бетіне таңғы алакөбеңде түскен үш қасқырдың ізі сол күні сәскеге тырмысқан уақта Тәушенді түйелі ауылдың үстінен бір-ақ шығарды. Ізді қуалай «джипін» баяулай ыңылдата айдаған ол малшы ауылдың маңайын торуылдаған жыртқыштардың жасаған әрбір қимыл-әрекетін қалт жібермей көңіл зердесіне тоқып келе жатты. Мына бір тұста үш із бір-бірінен алшақтай түсіп барып, кенет тосыла қалып, әрқайсысы алдыңғы жақтағы әр бағыттан әрі дыбыс, әрі иіс аңдасқан тәрізді. Ал бұдан ары оқыстан бір бүйірге қарай бұлталаң етіп, бұрылып орағыта жөнелген жалғыз дара үлкен іздің соңынан солбалаңдаған қос із де ілесе жөнеп кете барған. Сірә, алдан тосқан әлдеқандай қатерді сезген сияқты.
Бауырайды тегіс жапқан ұлпа қардың бетінде қалған бөрілердің ізі бұлардың қай маңайдан табылатынын айғақтап беретіні күмәнсіз болатын. Тәушен бұдан әрі із кесуді доғарып, түйелі ауылға аялдай кетуді ұйғарды.
Сәл күлімсірей түсіп, жылы шыраймен амандасқан, бидай өңді, өзі құралыптас жігіт ағасы жасындағы бейтаныспен Айдарғали да ашық-жарқын сәлемдесіп, қысқа қайырып жөн сұрасқан күйі оны үйге қарай бастады.
– Е-е-е, солай, солай... Қасқыр ізіне түскен аңшымын де?!. – Атжақты, кесектеу біткен желқақты жүзін бұған бір қырынан бұра қараған үй егесінің даусын соза сөйлегені мақұлдау, құптау шырайында болғанымен, «ал сонда не тындырып жүрген аңшысың өзің?» дегендей астармен айтылғандай еді.Тәушен, әрине, мұны бірден аңғарды. Аңғарды да, үндемеді.
Шәй үстінде Айдарғали қыс түскелі ит-құстың маза бермей тұрғанын жәйбарақат қана әңгімелей бастап еді, әйелі шыдамай сөзге араласты.
– Айдеке, отағасы-ау, қайдағы бір ит-құсты айтып, қораңдағы үш-төрт тауығыңды аш қарсақ пен түлкі жұлмалап жеп кеткендей жайбарақат сөйлейсің ғой түге!.. Анау-мынау емес, үш түйеден, және-дағы бірталай ұсақ жандықтан айырылғанымызды айтсайшы!.. - деді томпақтау ақ сары жүзінен лып етіп түскен ызалы күйінішті жасыра алмай. – Жалмауыз немелер тиыштық берер емес...
– Жә, қоя тұр, енді азырақ. Бұйырмаған малдың жәйін несін айта береміз. Ең қиыны, қандыауыз жыртқыштар торуылдауын әлі қояр емес,... Бүгін де, міне, осы маңайды шиырлап жүріп алыпты, апыр-ай, ә?!. Соған қарағанда бұларың осы төңіректе аштық қысқаннан ғана жортуылдап жүрмеген тәрізді ме деп ойлайым осы...
Айдарғали қонағының осы мезет әлденеге ойланып қалған кейпіне көз қиығын тастады.
Үй иесінің салғаннан турасын айтпай манадан жанамалай сөйлеп, өзінен сөз суыртпақтағысы келіп отырғанын Тәушен түсінді.
– Не айтқалы отырғаныңызды аңғардым, Айдеке! Ұяластарынан айырылған қасқыр әдетте әрі сақ, әрі кекшіл келеді. Сірә, анау арлан бастаған жыртқыштардың жасап жүрген әрекетінде осындай гәптің бар екені анық. Күз ортасынан бері қаншығы, биылғы қарақұлақ бөлтірігі, былтырғы ұясынан шыққан жас қаражалы бар, бас-аяғы жеті-сегіздей жыртқышты осы жерге тақау қараған-шатқалдың маңайынан жайратқанмын. Қолға түспей жүрген бір арлан мен қос қаражал жас бөрі еді. Бұлардың қараған-шатқалды тастап, осы тұсқа қарай ойысып кеткенін осы кешелі-бері о жақ, бұ жақты шарлап, іздерінен таптым, енді құтылмас, алла сәтін салса...
– Е, бәсе-е, міне, қайда жатыр мәселе?!
– Ия, солай болып тұр бұл мәселеңіз. Бірақ қасқыр дегенді атпасаңыз, жыл аралатпай-ақ қарасы көбейіп, үйір-үйір боп өріп кетеді. Өзіңіз менсіз-ақ да білесіз, түзде тіршілік ететін бұл жыртқышдың қорегі – ет, ал ет – тұяқты жабайы аң мен елдің қолындағы мал... Ал тау-тастың, даланың жүгірген аңы да қазір сиреп барады, қыстың көзі қырауда қоян-соян, тышқан-пышқан аулаумен жан сақтау қиын болғасын, түз тағысының малға шабатыны қашаннан мәлім емес пе?!.
Тәушеннің айтқанына ара-арасында басын изеп отырған Айдарғалидың қонағының сөзін мақұлдамасқа лажы қалмады.
– Ал енді бар ғой, өзіңді бізге бүгін құдай айдап келген болар, Тәуке! Бір амалын істейік те енді көптеп, көлемдеп дегендей. Өзіңдікі секілді су жаңа, жүрдек болмаса да, жолсыз жерге шыдамды «уазик» деген мәшін бар бізде. Түйеші жігіттердің бірін қасымызға алып, әлгі қанды ауыз пәлекеттерді қармауға түсірейік те бүгіннен қалдырмай...
– Сәтін салса дейік...
– Ия, дұрыс айтасың, жолымыз болып, алла қолдап, сәтін салса, әрине...
* * *
Ақсұр арлан бастаған үш бөрі қарлы даланың көз сүрінер қарасы жоқ тегістігімен үлкен-үлкен шеңберлі орамдар жасады да, қарлы жазықтың тауға қарай ұласар бауырайымен бір ізбен ілбілесе жүріп, таң ағарып атқан мезгілдің шамасында әр-әр жерде қарауытып жатқан аласа тырбық бұталы жас аршалардың сирек шоғырына жетіп бой тасалады. Түні бойғы, таң қараңғысына дейінгі соқақ-соқақ бүлкіл жортуылдан үш-төрт қояннан өзге жартымды талғажау таппаған аш-құрсақтау қасқырлар шыршаның түбіне жатып, ұйқыға мүлгіді. Кеш түсе басталар кезекті жорыққа шейін, тып-тыныш жатқан күйі құлағын түрк ұстап, әрқайсысы қалжыраған бойына күш жиюдың тылсымына енді.
Жас қасқырлардың сақтыққа бейімділігі әлі нағыз шыңдалаудың деңгейіне жетпегенін анық сезгендіктен ақсұр арланның ұйқысы сергек. Жып-жылы бауырына тыққан тұмсығын деміл-демілде көтеріп, оқта-текте болар-болмас лүп ете түсетін, жеңіл ғана аязды желдің бағытына қарата тыныс-демін созып, серек құлағын сәл қайшылап тың тыңдайды да, бөгде ештеме байқалмаса, аз-кем ғана ұйқылы-ояулы мүлгудің құшағына енеді. Осы бір алаңсыз күйде бұйығып жатқан ақсұр арланның тағылық түйсік-санасында аңшы оғынан опат болған серігі кенет елес бергендей болды. Әне, мойнын көкке созып, ұли шақырғаны құлақ түбінен еміс-еміс шалынып тұрды да, тым-тырс тына қалады. Қас-қағымдай бір мұрсада өң мен түстің арасында мазасыздау ұйқыда сансырап жатқан арлан селт етіп, қыңсылап, басын оқыс көтеріп алды: қылаусыз аппақ алап тыныштық аясында сол күйі жым-жырт көсіліп, мүлгіп жатты, қыбыр еткен дыбыс та естілмейді, жат иіс те сезілмейді.
Хайуандық түйсік тылсымында, жыртқыштық жадының бір түкпірінде қайта-қайта қайталана беретін осы бір бейне-елес пен ұлу-елес сиқырлы аңшының қасқыр-үніне арбалған қаншығы оққа байланған сол күзгі тұнжыр түннен бері арланды осылайша тыншусыз, өрепкі күйге түсірумен болды. Қараған-шатқалдың ішін одан соң да талай ұяластарының қанына бөктірген ажал-оғының егесі – темір аждаҺа мінген адамға деген кекті өшпенділік шамырқанысы тамыр-тамырын қоздырып, түн тұңғиығынан солардың мекеніне шабуылдау, малдарын шаптан жарып, мойыннан бауыздап, қанын ағыза опат етіп кету үрей, қорқыныш түйсігінен мүлдем арылған арланның қазірде үйреншікті дағдысына айналған еді. Осы қыста жас қаражал қасқырларды әке-арлан қияс жібермей, өз еркіне мүлтіксіз бағындырып, әрі аш құрсақтарын тоғайтатын, әрі ұялас бауырластарының кегін қайтаратын жорыққа осылайша дамылсыз бастаумен болған еді.
Аршалы дөңнің өрінен үш бөрі қыстың қысқа күнін ымырт көлеңкесі біржола тұмшалаған мезгілде әдеттегідей бір ізбен ілбесіп, төменге, бауырайға бет түзеді. Арлан қаптал тұсты, артқы жақты сақ байқастап, екеуінің соңынан ілесті.
... Кіші бесіннен ауа түйе ауылдан шыққан екі мәшине қасқыр ізімен отыз шақырымдай аумақты шиырлап, қас қарая аршалы дөңнің бауырайынан қалыңдығы тобықтан сәл асатын көбсік қардың бетімен жазыққа беттеген бір тізбек іздің үстінен шықты. Қарлы бөктердің әр қыртысын сүзгілей тініткілеп келе жатқан Тәукен джипінің маңдайындағы үлкен прожектор-шамның жарығы әні-міні дегенше болмай, бір бүйірден көлбең ете түсіп, опалаң-топалаң орғып, безе жөнелген қасқырларды лезде жалт-жұлт жарқырылымен қармап қалды. Осы аралықта екінші «джип» жыртқыштардың бір қапталдан орай ызғып, жолын кесудің амалын жасады. Айдарғали көз жобамен оқ жетерлік тұсқа жетіп, өз жағындағы ашық терезеден қосауызын кезеп көздей бергенде әккі арлан желкелеп келе жатқан көз қарықтырар жарықтың астынан бұлт етіп шығып, дөңнің желке тұсын бетке алып, соқақтап желе қашып жөней берді де, кенет екпінін бәсеңдете түсіп, «мен, міне мұндамын» дегендей қалт тоқтай қалды. Қуғыншыны өзінің соңына салып, бұрып әкетудің айласы еді мұнысы.
Бассауғалап қашуды қаперіне де алмай, өзінің қандастарын құтқару үшін қуғыншыларды артынан ілестірудің айласын жасаған арланның соңынан кетсе, далбасалап қалатынын сезген Тәушен қуғыншы серіктеріне тоқтамауға белгі берді де, әп-сәтте қара үзіп ұзап баратқан қаражал қос бөрінің соңынан түсті. Қанша бұлталаңға салса да, прожектор жарығынан құтыла алмаған жас бөрілерді үш-төрт шақырымнан ұзатпай, омақастыра атып түсірген қуғыншылардың көңілі аз-кем жәйланғандай болғанмен, Айдарғали арланды атуға үлгере алмай қалғанына опынып тұрды.
– Әттеген-ай, бізге керегі алдымен анау ақсұр арлан еді-ау! Жырынды неменің құтылып кеткенін көрмеймісің?! Шүрппені басқанымша болмады, бұлтарпай қадалған жарықтың астынан сытылып шығып кетті. Өзінің түсі де аппақ қардай екен, бұлт ете түскенін байқамай қалдым қара басып...
– Жә, ол арланның да азуын ақситып, сұлатармыз, әлі-ақ! -деді Тәушен сенімді түрде. – Сірә, осы төңіректен көп ұзай қоймаған шығар...
* * *
... Ақсұр арлан қарлы жотаның өрінде шоқиған қалпы айлы көкке мойнын созып, ұзақ-ұзақ сарнай ұлыды. Қуғыншыларға қарасын іліктірмей кетсе, қаражал бөрілер бұған жауап қатуы тиіс еді, бірақ түн қойнауынан селт еткен дыбыс сезілмеді. Жым-жырт меңірейіп, мүлгіп тұра берді. Он үш тоғыс желтоқсанда шалқалай туған Ай орағының жүзі сарғыш тартып бұлыңғырлана түсті.
Бауырайға түсіп, кешегі іздерінің соқталанып қалған табанымен бүлкіл салған ақсұр арлан түйеші ауылының маңайынан терісі сыпырылмаған қаражал бөрілердің серейген денесінің иісін бұлжытпай сезіп, сол төңіректі түннің бір мезгіліне дейін торуылдады. Біресе аула сыртына тым жақындап барып, тұмсығымен ауаны тініткілей искілейді де, ауық-ауық өкси қыңсылайды.
Аула түкпірінен маңқ-маңқ етіп жағы тынбаған төбет ақсұр арланның аяғын ілгері бастырмады.
Соқақ-соқақ бүлкілге салып, үрейлі маңайдан кенет шұғыл жөней берді де, алысқа көп ұзамады. Сол кідірген жерінде шоқиып отыра қалады. Түнгі аспанда баяу жүзген алашабыр бұлттың арасынан бір көрініп, бір көрінбей құлақтанып тұрған Айға қарап арлан тағы да мойнын соза түсіп, өкси ұлыды.
... Түн жарымы ауғанда деміл-демілде естілген қасқырдың ұлыған үні тәрізді бір сарын ұйқылы-ояу Тәушеннің құлағына еміс-еміс шалынғандай болды да, артынша лезде тиылды. Кешелі-берлі ойлы-қырлы әжептәуір аумақты шарлаған жайсыз жүрістен шаршаған ол өң мен түстің аралығындағы халден толық арыла алмай сәл жатты да, ұйқы құшағына тағы ене беріп еді, созыла ұлыған әлгі сарын құлақ түбінен сол қалпында анық қайталанды. Бұл жолы ұйқысы шайдай ашылып кетті.
«Апыр-ай, мынау сол арлан ғой. Неғылған жанкешті әрі жүрек жұтқан хайуан?! Жалғыздықтың зардабына налуы ма немесе қандас серіктерінен айырылудың қияметінен зарлануы ма бұл? Бұлайша ұлуының бір гәбі бар-ау тегінде…»
Басына анталап келген осындай ойдан қапелімде арыла алмаған күйде отырған Тәушен тағы да терезе жаққа құлағын тікті. Бұл жолы осы үйдің есігін күзеткен төбетсымақтау көпек иттің қайта-қайта қыңсылап, жақыннан, дәл іргеден қасқыр арланының тынбай ұлығанынан қорқа қорғаншақтап, тынышсыздана мыңқылдап үргені естілді. Алғашқыдағыдай айбарланып, бар үнімен сес көрсете үруге тірсегі дірілдей бастаған иттің дәті жетпеген еді.
Қасқырдың ұлығаны мен итінің қайта-қайта үргелектей үргенін Айдарғали да естісе керек, қосауызын ала салып, сырт киімін асыға-үсігіп жүре киінген қалпы сыртқа жедел атып шықты. Артынша түн тылсымын тітірентіп, құс мылтық екі мәрте гүрс-гүрс атылды да, ақсұр арлан түн еңсеріле бастаған осы бір мезетте түйе ауылдан алысырақ ұзап кетуге мәжбүр болды.
Мазасыз түнге елегізіп, әрі-бері дөңбекшіп жатқан Тәушен сәлден соң тынышталды да, ұйқыға қайта бас қойды.
* * *
Тәушеннің бүгінге жасаған есебі аяқ астынан бұзылды. Ақсұр арланның түні бойы шиырлаған ізінің бағытын қуалап келе жатқан бұлар бір жоннан асып, еңіске қарай бағыт түзегенде таңнан бері ұшқындап қана тұрған қар екпіндей тұрған суық желмен араласып ұйтқып, нөпірлете жауа бастады. Қасқыр ізінің сорабы әп-сәтте жым-жылас болды. Ал енді біразырақта біртін-біртін үдеген теріскей желі қарлы, ызғырық ақтүтек боранға ұласып, көз көрім жер көрінбей қалды. Ауа-райының бұлайша күрт өзгеруін күтпеген ақсұр арланның қуғыншылары қалай қарай жүрерін білмей, дағдарысқа түсті. Ауыл қарасынан көп ұзамай тұрғанда тезірек кейін қайту керектігін айтқан Айдарғали әлденеге ойланып қалған Тәушенді асықтыра бастады.
– Ал анау арлан қасқырды қайтеміз?!
– Ойбай-ау, мына боранда қайдағы қасқыр саған алдыратын?.. Мына ақ дүлейде адасып, біржола құримыз ғой...
– Сендер қайта беріңдер, мен анау қараған-шатқалдың маңайын бір шолып қайтайын. Арлан соның қалың бықпылындағы апанының төңірегінде жүр, мен бірдеңе білсем...
– Ойқыл-шойқылдың бірінен шыға алмай, қарға батып қалсаң қайтпексің?! Көзсіздікке салуға болмайды мынадайда!..
Айдарғали олай айтып, бұлай айтып, қайткенде де Тәушенді алған бетінен қайтарғысы келіп еді, бірақ ол көнбеді.
– Қорықпаңыз, бұл жердің әр қыртысын бес саусағымдай жатқа білемін десем, артық айтқаным болмас. Арланды қайтсек те, ертеңге қалдырмай бүгін алу керек, Айдеке!.. Әйтпесе, қасқыр-күйектің қарсаңында жападан-жалғыз қалған еркек қасқыр үйірлесер серігін іздеп, бұл маңайдан біржола ауып кетуі мүмкін...
– Басқа жаққа ауып, қарасын көрсетпесе, тіпті жақсы емес пе, мазамызды алмайтын болды. Бірақ өзің біл енді, айтқанды тыңдамай тұрсың ғой, - деп, басын шайқап, екі ойлы, пәсейген кейіппен Айдарғали уазигіне қарай жүрді.
* * *
... Тәушен «джипін» сай табанына таман, қасқыр апаны бар-ау деген тұстың төңірегіне жақындай барып тежеді. Көз сүрінер бір қарасы жоқ ашық жазықтықта үдеп тұрған боран қараған-шатқал сайын айналып өтіп жатқандай, бұл ара - тып-тымық ықтасын екен.
Жыртқыш аңды жақыннан атуға ыңғайлы ірі бытыралы қосауыз мылтығын ыңғайлай ұстап, сайдың көлбеулеу кемерінен әрі, еңіске қарай қалыңдай беретін қарағанның арасымен біразырақ жүріп барып аялдаған ол жан-жақты мұқият шолып алды. Қасқыр арланы қарағанның бір жықпылындағы апанды паналап жатса, төңірек кеш қараңғылығына әбден енгенше одан шықпайтыны белгілі, сондықтан Тәушен алақандарын қабыстыра жұптастырып, қаншықтың ұлу дыбысына салып арбау айласын жасап көргісі келді. Бірақ суыққа тоңазыған алақандары қапелімде жуыса қоймады, аязды ауада көмейінен қасқырша ұлудың дыбысы да ойдағыдай шықпады. Сонан соң ол сол иығына жіңішке бауынан асып алған дорбашадан дыбыссалғы-сыбызғысын алды да, демін баяулата тереңнен алып, көмейінен жалыныш пен қамығыс үнін созылта жөнелді.
Дыбыссалғы түтігінен аз-аз мүдіріспен, үш мәрте қайталанған ұлуды толастатып, демін ішіне тартып тың тыңдаған Тәушен арланнан жауап күтті. Алайда қараған-шатқал іші сол қалпы тым-тырс, төбеден өршелене үрген жел ызыңынан өзге дыбыс құлаққа шалынбады...
Жарты сағаттай уақыт өткесін шатқал бойынан қырық-елу қадамдай төменірек түсіп, қаншық ұлуын ол сол ретпен мұқият қайталады да, тағы да құлағын тосты. Айнала тағы да жым-жырт, бірақ жел ызыңы бұл арадан сәл бәсеңдеу естіліп, тіпті саябыр тапқандай сезілді.
Үшінші реткі қайталаудан соң Тәушен арлан қасқырды кезіктіруден үмітін үзе бастап еді, әлсіз ғана әлде қыңсыл, әлде сәл ыңырсыған ырыл аралас үн-ұлу үзіліп-үзіліп естілгендей болды. Артынша сол біртүрлі жабығыңқы қысқа ғана ұлу бір қас-қағым сәт созыла түсіп, тынып қалды.
... Түні бойы түйе ауылды жападан-жалғыз торуылдап, одан әрі мезгілде қарлы алаптың ой-қырын әрлі-берлі ұзақ кезген жортуылдан соң күші сарқылып, тірсектері дір-дір қаға титықтаған ақсұр арлан таң бозы білінер-білмес кезде қараған-шатқалдағы апанға жетті де, үңірейген кіреберіснің аузына сұлап жата кетті. Бұлдыр елес арасында есеңгірей мүлгіген қасқырдың құлағына ендігі бір мезетте еміс-еміс жеткен ұлу бұған соншама етене таныс үнді аңғартқандай болды. Мен мұндалағандай зарығысты ұлу қаншық қасқырдікі сияқтанды. Өзінен адасып қалған серігін іздеп қамыққан қайта-қайта естілген әлгі ұлуға басын көтере түсіп, бар үнін соза қинала ұлыған ақсұр арланның күші ұзаққа жетпеді де, дәрменсіз күйде ыңырси қыңсылап кілт тына қалды...
Әлсіздеу ғана естілген қасқыр ұлуының құлаққа шалынған бағытын со бойда аңдап, аңғарып қалған ол төменге қарай қиялай жүріп, ілгері қарай сүріне-қабына, асыға ұмтылып, қараған-шатқалдың өрге ұласар тұсындағы тіктеу кемердің табанындағы жықпылды қалтарыстың төбесінен дік етіп бір-ақ түсті.
Апан-іннің шыға берісінде кеспелтектей шом басын алдыңғы екі аяғының үстіне салып, серек құлағын бомашы жымырайтып тым-тырс тынған ақсұр арлан қарсы алдынан, бес-алты қадам жерден солаң ете түскен аңшының қанын ішіне тарта безеріп ежірейген сесінен селт ете үркіп, әнтек сескенудің табиғи түйсігінен біржола ажырап қалғандай, мүлдем қыбырсыз, сүлесоқ жатты.
Тәушен шүрппені шалт басып қалуға дап-дайын сақтықпен, мылтығын кезей ұстап, аз-кем тосылып, қасқырдың мынадай сиық-сипатпен меңірейген кейпетіне әрі сақтана, әрі аңырай қарап тұрды.
Ақсұр арлан тыпыр етпеді. Сол мәңгірген күйі, ұшқын-жарқылы біртін-біртін өлеусірей бастаған көздері мылытығын кезенген, небір сұмдық алдап-арбаудан тайынбас адам атты мынау қаскөй дұшпанына енжарлау қадалып, сұлқ жатты. Бір кездері тіршілік жылуы қоздап, өмірдің өшпестей өзгеше көрінісі өз кезегімен алаңсыз ауысып жататын, аялы ұя болған мекені енді соның бәрінен мінеки біржола ада болып, күйреп, азынап қалды. Жапан түздегі еркін өмірінің базары тоналған зарлы да қаяулы тағылық тағдырының осы соңғы сәттерінен, тіршілік әлемінен безінуге мойынсұнған көкжал арланның өн-бойында осы бір мезетте қарсы алдына келген қандықол аңшыға айбарлы да ызалы өршіл қарсылық танытар дәрмен мүлдем таусыла келіп еді. Боранды қыстың қысқа күні кемуге таяна бастаған мезгіл болатын бұл...
Тәушен мылтығының ұңғысын төмен түсіріп, қос тізесін бүгіп отыра кетті. Ұзыннан сұлап қыбырсыз жатқан түз бөрісінің қасында, апанның аузында әбден қас қарайғанша отырған Тәушеннің әлем-жәлем болған көңілі аяныш толқынысына түсіп, бір сәт көз жанары лықсып келген жастан бұлдырап кетті.
Бір әудем мезгілде солбырайып орнынан тұрған Тәушен шетелдік әлгі әдемі арбауыш дыбыссалғы-сыбызғысын дорбашасынан алып, ортасынан қақ бөліп сындырды да, ақсұр арлан қыбырсыз сұлап жатқан апанның шыға берісіне тастай салды...
Бөлісу: