Тыныш ақынның тылсымы

Бөлісу:

18.02.2016 3418


11423686_1481752012148655_7536626419791701697_n.jpg

Тыныштықбек шоқтығы – басқа ақындардан әлдеқашан дараланған есім. Әу баста алақандай «Ақшам хаттарымен» қара көрсетті. «Қазір неге жазбай жүр, көрінбей кетті ғой», – деп іздейтіндерді естіп қаламыз. Жазып жатыр. Жазғаны өлең емес, басқа. Жалпы Тыныш ақынның ізденуі сұрапыл, көп оқиды, ойшыл мен ғұламалардың (кітаптағы) «көздеріне» тік қарап, кеңесіп, я керісіп отырғанын көрдім, не бір ойшылдардың соңына шырақ алып түседі. Сонысымен көп ақыннан оқ бойы оқшау.




Жатырдан бір көшермін, жалғаннан бір,
Көшкен сайын, толған Сөз, толған тамыр, –
деген ақын қасиетті сөз тамырын кеулеп, тереңге тартып барады.


Ауылым болушы еді күнде боран
Өзгеріп кетті қазір мүлде балаң, –
деп ақынның өзі айтқандай «Ақшам хаттарындағы» Тыныштықбек «Қас сақ аңқымасында» басқа әлемге бет бұрып, сөз кепиетінің құпия сырын өзінше ашуға тырысады. Әрине, ақын әлемі жалпақ жұртқа құпия. Тіпті, сөз мамандары да Тыныштықбекпен тілдесе алмай, ымдасуда. Қалай десеңіз де Тыныш ақында бір тылсым бар.


Жұдырықтай жүрегіммен мықшия
Бас орнына күн көтеріп келем мен!


Бұл Тәңірі туралы былай деп басталатын өлеңнің соңғы жолдары:


«Менікі – хақ! Менікі!...» деп күн сайын,
Мезі қылды, түрлі-түрлі дін-шайх.
О сорлы дін!
Мендегі Еске енсе ғой,
Аузы-басы кетер еді қисайып!


Өзі айтқандай «әй, қара өлең, ұйқасыңның сыңғырлатпа кісесін», – деп төрт аяғын тең басқан ұйқас құрушылық қана десек, қане?! Тылсым ойдың тұңғиығы бар бұл тармақ­тарда. Тәңірі мен Алланы бөліп қарайтындар ақынды құдайсыздардың тобына да тоғытып қойған кездері бар. Алайда, Тыныштың табынар тәңірі базбіреулер қарауыл қойған өлшемнен тым әріде. Алланың атын жамылып, тасыр табынушылықтан әрі аса алмай тұрған сайқымазақ қоғамнан жеріп кеткен ақынның аузынан:
Мешіттенген, шіркеуленген шекпенде,
Мейір бардай, итінбесін көп пенде.
Иман исі бұрқырайды Есімнен,
Ой мен Ойым самбырласа кеткенде! –
деген сөз аңқиды. 

Бұл – айтары ғана емес, ой-зердесі, бү­кіл дүниетанымы оқшау жанның сөз саптасы. Төрт құбыла дегенді естіген шығарсыз, бірақ алты құбыла ұғымын осы ақыннан табасыз. Төменде тоқталатын өлеңінде «Екі көзі – екі ақ сайтан, алты құбылаға әділ жайнаған», – деген жолдар бар. Төрт құбылаңызға жеті қат көк пен жеті қат жерді қоссаңыз ақынның алты құбыласы түгенделер.


Тыныштықбекке қара өлеңнің киесі шындап қонған. «Уай, Әділет, саған айтам, саған айтам, қара өлең, сенің үшін от біткенге күйген ем, Махамбеттей мәрттілікке иланам, Абай сынды әулиеден именем», – деген ақынның алпыс екі тамырын қуалап қара өлең бүлкіл қағады. «Қызыл тілмен табытыңның тақтайын, жона жүріп, қалай екен ән айту? Ә, қара өлең», – деп жарықшақ ойлардың жылымынан жан азабын сорғалатқан ақын құлағын қалқайта қалған қара өлеңімен бірде арласып (араласып емес), бірде сырласып, «қасіретіңді бөліп ал да қанымнан, қасқыр қылып ұлытып қой, сол жақсы», – деп тоқтайтыны бар.


Кеберсіген көмекейін бұлт бусандырып, кенезесіне жаңбыр тамшысы жыр боп үйірілсе Тыныш ақынның тынысы ашылып жүре береді. Табиғат тылсымның торсық шекесіндегі тамыр бүлкілін дәл басқан емшідей қандауырын шекіп қалғанда боздаған текемүйіз ай, мөңіреген тау, есінеген үй, булыққан боран мен пеш қолқасынан күлген жын, бұлт емшегін сорған сайтан сағым тағы-тағылар жұ­пар естен лоқ етіп ақтарылды дерсің. Сәскенің сақалымен ойнап, қи түбіндегі бақырайған кесірткенің жанарынан ой тоқып, шоқынған шегірткенің інжуінен моншақ терген «құмырсқалық болмысты» ақынның жақында қолыма бір өлеңі түсті. 

«Құса» деп аталады. Оқи сала Абайдың атты сынай келе:


...Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың қолыма бір тигізбей, –
деп түйгені санама сап етті.
Маңдайы манар есіктей,
Ерні бөпелі бесіктей,
Омырауы отаудай,
Беу, бес түліктің Патшасы-ай!


Тыныштықбектің де тақымына түспей тұр екен. Тыныш ақын бұған дейін әдейілеп Қамбар баба түлігіне қалам сілтемепті. Әрине, «жөңкіліп бір, бала кезгі кісінескен жылқылар, көрінсе ғой, кетер едік ғашықтардың жұртына» дегендей, шәйтан өріп кеткен жалын тарап-ап талай атқа жайдақ шапқан ауыл баласы өз өлеңдеріне «мендегі сөз – құлынды, көз – боталы, бұл дәурен қайталанса жазда тағы» енді бірде, «құлағымен қидалап қара түнді, осқырынып қояды торы ат маған», немесе «құйрық-жалы төгілген кіл қысырақ, күндер өтті ойнақтап... Күйкі сынақ», – деп қию тапқан тұстары баршылық.


Сонымен Абайдың омыраулы, салпы еріні Ілияста саптаяқтай салбырап, Тыныш ақында бөпелі бесіктей боп, сатылай өсіп көрікті теңеулермен құрсауланып, тіпті таң асырыла түлей түскен бе дерсіз? Айта кететін бір жайт Абай бабамыз Көкбайдың Қызылауыз атты суреттегеніне қанағаттанбай, осы өлеңді шығарған да: «Бұл шіркіннің өзі де мес боп кетті ғой», – деп көңілі қоңылтақсып қоя салған ғой. Зерделі ғалым Зарқын Тайшыбайдың «Абайдың аршынына толған ат қандай?» деген мақаласы осы өлеңнің текс­тологиясына тың түзетулер жасауымен аса құнды. Егердәки жылма-жыл әр қиырдан жарыққа шығып жатқан Абай жинақтарында ғалымның айтқан пікірін ескерсе оң болар еді.


«Жауырыны болат тоқылған қалқандай, қабыртқасы он екі тұтам серіппелі садақтай, қос құлағы қос найзаның қылшылдаған жүзіндей, түгі қаптаған қара жебедей» Тыныш ақын тамсанатын пырақ пен Абай арман қылған аттың арасында талай сәйгүлік поэзия алаңында ойқастамады ма! Жылқы туралы жырды қазақ поэзиясын кезбей-ақ табарың айдан анық. Тайбурыл мен Байшұбарды атамай, Ілиястан аттап бергіні сүзсек, Фариза ақынның әке көзін­дей болған ер-тұрманы елегізіп, Мұқағалидың майданға аттандырған бәсіресі, Төлеген Жанғалиевтің тұяқтарын қанға малып тұрған қасапханадағы сәйгүлігі, Олжастың нөсер шөпке белшесінен батып, құйғытқан арғымағы, Әбубәкір Қайран жиырмасында қан бәйгеге қосқан Шалторы, Дәулеткерей үкілеп мінген сандал саңлағы оқыранып алдыңды тосады. Бұл біздің әбден ұмытшақтық кеулеп тастаған ес жықпылында қалғандарын атағанымыз.


Құса қысқан Таныш ақынның «киелі қайран Жануарына» оралайық. Мойын омыртқасы – айдаһар оқыс иілген. Суреткердің жылқы мойнын айдаһарға ұқсатуы сыртқы формалық жақындастырудан қарағанда әлдеқайда терең­де жатқандай. Жылқының әу баста пайда болуы ескі аңыз­дар­да айдаһармен байланысады. «Почтенный миф провозглашал коня родственником дракона, близким к тай­нствен­­ным силам воды», – деп жазды америкалық тарихшы Э.Шефер. Көне мифологияны жаңа бағытта зерттеген Серікбол Қондыбай «Жылқы мифологиясы – жылан (айдаһар) культінен, жылан (айдаһар) мифологиясынан өрбіп, тармақталып шыққан мифтік-ғұрыптық, шаруашылық келтірімдер жүйесі», – деген тұжырым жасайды. «Қолтығы – самұрық-қанат, тылсым бүктелген» болуы да әсірелеу үшін алынған әншейін балама емес, дәл сол айдаһар культімен байланысты дүние. Ғалымдарымыз бүгінде түбі түркі деп қазаққа жақындатып жүрген Ли Бо (Елібай) ақынның орысшаға аударылған мына өлеңінде:
Коней небесных род начался,
В стране Юэчжи в пещерах.
На спинах у них как у тигра узор,
С драконьими крыльями тело, –
деген жолдар бар. Аспан аттары, қанатты тұлпар әуелден берісі қазақ, әрісі түркі дүниетанымына етене жақын дүниелер. Қазақтың елтаңбасында қанатты тұлпардың бейнеленуі де соның көрінісі. Ақынның «ат үстінен қырық сан елді бағынтқан» ата-бабаны «тұқым-тегі – көк-аспан­дық жасыннан» деуін қазбалай түссеңіз адам-ат метамарфозасы, арғымақ-ана бейнесі, тіпті жанама болса да кен­тав­ристикалық ұғымның қылаң берері сөзсіз. Оның түбі – қазақ жылқы мінезді халық дегенге барып тіреледі. «Түгі қаптаған қара жебедей» Тыныштықбектің тұлпарын «Қанатты қара қасқа ат» ертегісінен де ұшыратасыз. Бала кезімізде жабағы сойған шалдардың «қап, қолтығында қанаты бар екен. Болатын бәйге пышаққа ілініпті», – деп жабыққанын көрген едік. «Қанаты қайда», – деп ентелеген бізге төс қабырғаға жанай қосылған артық шеміршек – қос қабырғаны көрсетер еді. Қарияның сөзіне бақсақ алысқа шапқан аттың өкпесінің өшпеуі де осы «қанатта» жатыр. Абай: «Қабырғалы, жоталы, болса күшті, ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы, тояттаған бүркіттей салқы төсті» немесе «шынтағы қабырғадан тұрса аулақ» деп тәптіштеуінде бір білгендік жатыр. Тыныш ақын да «омырауы отаудай... қабыртқасы он екі тұтам серіппелі садақтай» деп қанатты тұлпарына өң бермес еді. 


Өлеңдегі мына бір оралымдарға назар аударайықшы.
Төрт тұяғында төрт перінің мөрі бар,
Арқасында Тәңірінің желі бар...


Тұяқпен басылған мөр. Бұл жалғыз Тыныштықбекте емес, біраз ақындарда кездесетін тіркес. 

Арыға бармай семейлік ақын Қайрат Сабырбайдың «Сәйгүліктер» өлеңінің дүрсіліне құлақ қоялық:


Шапқан сайын тұрпатына өң қосқан,
Сәйгүліктер – қазақ үшін, төл дастан.
Шекараға
Атойлатып бабалар
Тұлпарлардың тұяғымен мөр басқан.
Тұяқпен мөр басу – аса ұтымды деталь. Десек те, осы бір тіркестің тамыры тағы да бағзы замандардағы наным-сенімдерге барып тіреледі. Тұлпар тұяғының ізін періштенің ізі деп қабылдау, оған табыну, тұяқтың ізі түскен топырақ­пен емдеу, аластау – тек қазақ емес, жалпы түркілік таным-түсініктер...


«Шашасы Көкке қайырылған» пырағын аңсап:
Ай, шіркін-ай, шіркін-ай,
Орындалмас арман-ай!..
Тұлпарлардан тұяқ жоқ!
Тұяқтыда зият жоқ!
Бізден қайдан Батыр шықсын айбатты!
Бізден қайдан Ақын шықсын аруақты!.. –
деп құсаға мінген ақынның зары бүгінгі поэзияда жаңғырып тұр. 

Тыныштықбектің сырлас інісі Дәулеткерей Кәпұлының «Тайқызылын» ежіктеңіз:
Толыбай да жоқ заманда Күреңбай да жоқ,
Қазанат тұқым кеттің бе кілең майда боп?
Әбдіғайса шал жасаған ауыздықпенен,
Ауылға барсам іздеймін жүген қайда деп?!
Қазақтың айбыны аттан түскен күні басылған. 

Хан Кененің басы қырғызда қалып, алты алаштың ардақтылары жаяу сабылғанда қалың елдің басынан бағы тая бастады. Тақымы аттан арылған күні қазақы рух жасып, жербауырлап қалды.


Енді,
Көп-көп ауыз «Шіркін!..» дейді,
Көк есекке күңкілдейді.
Көк темірмен зырлағандардың
Бос көтені бүлкілдейді, –
деп, «Ес-ақылы – жасыл қасиет жасыннан» жаралған Қамбар баба түлігін көк темірге ауыстырған бүгінгінің бор көтен «ұлына»:
Анасының да сүтін сауып ақша еткен,
мәңгүрт ұл – қыз,
садаға кет Күнге ұмтылған көк шөптен! –
деп (Ес бағында өлеңінен) қоғамның қоймалжың тірлік иелеріне лағнет айтқан ақын:
Мен соларға
Жападан жалғыз,
Жаяудан жаяу
Қарап тұрамын күдірейіп. –
дейді жападан жалғыз! Жалғыздық! 

Бұл – мыңмен жалғыз алысқан Абай, елден жырақтап саят қорасынан сая тапқан Шәкәрім, перінің қызымен оқшауланған Ақан, білегін ар­қан қиған Біржан... Мұңлы Мұхтар, дос таппаған Мұқағали... жалғыздығының сарқыты ма? «Жалғыз болсам да, екеумін! Екеу болсам да, үшеумін! Үшеу болсам да, Жалғызбын мен»! – деуі содан шығар күдірейген ақынның?!.


Бауыржан Ердембеков. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар