Есеп беретін ең дұрыс орта - дастарқан басы, ел іші
Бөлісу:
Бекжігіт Cердәлі
композитор, мәдениет қайраткері
«Сендерге әрдайым орын бар, ақ отау төріне қоныңдар, ақ тілек батамыз мінеки, бақытты болыңдар, болыңдар» деп келетін жас шаңырақ көтерген екі жасқа арналған ән сонау бір жылдардан әлі күнге үйлену тойының басты әні деуге болады. Сондай-ақ «Неге, неге?» деп келетін әдемі вальс ырғақты әнді де қазақ жүрегіне жылы қабылдап, жабыла шырқағаны хақ. Міне, сол әндердің авторы Бекжігіт Сердәлі атты сазгер, журналист азамат Алматы немесе Астана секілді республикалық маңызы бар қалаларда тұрмағандықтан ба, жиі көріне бермейді. Сонда да болса Түркістанда тұратын қазақтың біртуар азаматын әлгіндей әндері барда іздемеуге хақымыз жоқ.
– Өнер тек сахнада ғана тыңдалмайды, өзінің өсу ортасында, сахна сыртында да шыңдалады дегіңіз келіп отыр ғой? Бәлкім, қарбалас, күнделікті қайнаған өмірден біршама алыстау отырғаныңыз шығармашылығыңызға әсер етіп жатқан шығар?
– Олай деуге болмас. Өнер – қайда да өнер. Тек аздап бап керек. Шалғайда жатсақ та, біршама әндер туды. Екі-үш әнімді Қазақ радиосының көркемдік кеңесінен өткізіп алдым. Қазір шырқалып жүр. Бірқатар танымал әншілер тәуір әндеріме «құда түсіп», қазір әнбаян түсіру үстіндеміз. Жергілікті сахналар қажет етпесе де, жазған әндерімді тыңдарманға жеткізу бағытында өз бетімше әрекет етудемін. Танымал болу үшін міндетті түрде Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда тұруың керек екен. Өйткені танымал болуға онда мүмкіндік көп. Шоу-бизнес, тележарнама, әндеріңді белгілі әншілерге ұсынасың дегендей… Өзім білетін осындағы өнер саласындағы әріптестерімнің біразы үлкен қалаларға барып, өздерін жарнамалап үлгерді. Біразы демеуші арқылы қолынан келген мүмкіндіктерді пайдаланып, жағдайларын жасап та алған. Газет пен теледидар бетін бермей, БАҚ мүмкіндігін пайдаланып, өзін-өзі жарнамалауға дайын тұратын пысықайлар да аз емес. Танымал болудың ең керемет құралы клип түсіру ме деп қалдым. Әйтеуір, бірер әнін шығара салып, клип түсіріп алған «сазгерлер» көбейіп кетті ғой…
– Әнді сирек жазасыз. Бұл өнердің қасиетін, мазмұнын сақтағыңыз келгендіктен бе, әлде…
– Қазіргі қызметім ән жазуды сиретіп жібергені рас. Бірақ мүлдем ән жазбай кеттім деуден аулақпын. Соңғы кезде «Астанам – асқақ ән», «Ару қыздар», «Сені іздегем», «Бір өзің деп» деген сияқты бірнеше әндер жаздым. Жалпы, мен әнді саулатып жаза бермеймін. Көкейге келгенін ғана ыңылдап, ел елегіне саламын. Халық жаңа туындымды талғап, айта бастаса ғана оны ән деп есептеймін. Қалғаны – ән емес, ермек қана. Аз жазатындай болып көрінуім содан.
– Танымал әншілермен шығармашылық байланыс орнатуға қалайсыз?
– Сол танымал әншілеріңіз бізді менсінбей ме деп қорқамын. Олар да «танымал сазгерлерді» іздейтін сияқты. Әлгі сазгер – өзі ақын, өзі ән өңдеуші, телеэфирге сәл жақынырақ жүрсе тіпті жақсы. Қазір «әнші-композитор» деген сәнге айналып бара жатқан жоқ па? Қазақ әндерінің бірсарынды, ғұмыры қысқа болуының себебі де содан. Әркімнің өз кәсібімен ғана айналысқанын қалаймын. Әншінің – әнші, ақынның ақын, сазгердің сазгер болып қалғаны дұрыс. Бір әнмен клип түсіріп, «жұлдыз» болып жатқандардың да ғұмыры ұзақ емес сияқты. Жалғыз жұлдыз жұлдыздар шоғырын құрай алмайды. Уақыт өте келе есер әндердің дәурені тоқтап, есті әндердің қалатынына күмәнім жоқ. Әйтпесе Түркістанға түрлі әншілер келіп-ақ жатыр. Ән сұрағанын көрген емеспін. Алда-жалда беттің арын бүркеп, сахна сыртына шығып, «жаңа ән керек емес пе?» деп міңгірлей қалсаң, «сен кім едің, сендей сазгерді танымаймын» дегендей біртүрлі күмәнмен қарайды. Сосын үн-түнсіз бұрылып кетесің.
– Аға буын атандыңыз, өзіңізге есеп беріп, шығармашылық кеш өткізіп, шәкірттеріңіз үшін бір серпіліс жасау ойда жоқ па?
– Мен сізге бір сұмдық нәрсе айтайын: сіз концертке билет алып кіремін, әнді ақылы тыңдаймын деп ойлайсыз ғой, қателесесіз, халыққа ән тыңдату үшін өнерпаз да ақша төлейді: залды бас айналатын ақшаға жалға аласың, сахнаны өз қаржыңмен безендіресің, сахнада қызмет ететін әр техниктің «көңілін табасың», концертті жүргізушілерді жалдайсың, ән өңдетесің, әншілерге қаламақы төлеп, ән салуға шақырасың, концерт біткен соң «қызмет жасаған жігіттерге» шай бересің… Міне, осы шығындарды есептеп шыққан соң, кеш өткізбек түгіл, ән жазып жүргеніңе өкінесің… Есеп беретін ең дұрыс орта – дастарқан басы, ел іші. Мен үшін одан асқан шығармашылық кеш жоқ.
Бөлісу: