Мұратхан Шоқан: Бақшалардан құс үні боп жаңғырдым

Бөлісу:

25.02.2016 4434


Құмарлық


Жақын барсам кірпігіңмен жасқайсың,
Сызулы бір сызықтардан аспайсың.
Қармақшыдан сезік алған сазандай,
Тереңіңе жасырына бастайсың.


Мөлдір көлден мөлтек-мөлтек сыр аулап,
Менімен бір мұңға батып тұр аумақ.
Мөлдір көлдің жағасында қалармын,
Бәлкім менің қысым келер қыраулап…


Еркің білсін, әйтеуір сен өкінбе,
Мен дайынмын келсең қандай бекімге.
Шаттығымнан тоналғаным түк те емес,
Тоналуға толы жердің бетінде…


Кешқұрымғы сусылындай құстардың,
Орны бөлек сұлулыққа құштармын.
Ұстағандай айды көлге түсіріп,
Ұстаймын, тек қалай сені ұстармын?!


Жапырақпын, қарама сен тым шытқыл,
Құмарлықтың құшағында тұншықтым.
Беу, дүние-ай, жүрегімді тістеп ап,
Шыр-шыр ұшып бара жатыр шымшық күн…



Саусағымды созамын бір балғынға


Құлағына талып жеткен сан қырдың,
Бақшалардан құс үні боп жаңғырдым.
Саған алғыс о, махаббат, сен менің,
Шөліркесем бар шөлімді қандырдың…


Ұйысқақ кеш, толтырып ап уысын,
Маған берген сезім қалай суысын?
Сонан бері кештер менің жақыным,
Сонан бері түндер менің туысым!


Шың емеспін бір орнында безерген,
Кештерім бар, кезбедейін кезер мен.
Түндерім бар, жай қайтатын үйіме,
Тағдырым бар, азды-көпті сөз ерген…


Беу, өмірге өкпе артатын мен емен!
Менен бұрын талай ақын шенеген.
Сөздеріне пысқырған жоқ олардың,
Солай өмір, солай болған көнеден…


Саусағымды созамын бір балғынға…
Сағынамын, құлы болам алдында.
Мен қолымды созбас едім,Тәңірім,
Гүл шоқтарын қадамаса шалғынға!..


Ұйысқақ кеш, толтырып ап уысын,
Маған берген сезім қалай суысын?
Сонан бері кештер менің жақыным,
Сонан бері түндер менің туысым!



Елесіңмен сан ауырып емделдім


Саған сірә қандай сыйлық беремін,

Дүниенің бәрін арзан көремін…

Махаббатқа сенер едің мендегі,

Көңілімнің көзің шалса тереңін.


Жұпар демі бұрқыраған арудың,

Мөлдіреген тұнық кешке зәрумін.

Құлантаза арылтады ол мені,

Азабынан жанымдағы бар удың…


Жабырқасам сені есіме аламын,

Іштей ғана шырқайтұғын бал әнім.

Ұнатамын сенің нәзік жаныңды,

Сезімінен жаратылған даланың…


Саған жақын барар едім бір табан,

Өте алмаймын өзендер мен қырқадан.

Жүрегімді үнге малам түндерде,

Санамдағы сарғалдақ құс шырқаған.


Елесіңмен сан ауырып емделдім,

Дегеніне көнсем бе екен мен желдің?

Ен далаға шақырады ол мені,

Қоңырауын ысқырық қып шеңгелдің…



Бізде бәрі жақсы еді…


Ғашықтарға көңілін кім бөледі?

Тиді бізге қараңғы түн көмегі.

Тал-қайыңдар басында сыбырлады,

Ұялды ма, аздан соң үндемеді…


Құшағымда шөлімді басып тұрдың,

Осы сәтке қаншама асықтырдың.

Шымылдығын табиғат түсірді де,

Ар жағына ай кетті асып қырдың.


Ақылға қас, бойдағы төзімге қас,

Оңашада күй кештік сезімге мас.

Бұлақ жатты бұрымы су-су болып,

Жапырақтың жалғыз тал көзінде жас…


Қашып шығып қаладан жұмысқа лық,

Кірдім сені орманға жынысқа алып.

Көңілдерді жап-жасыл нілмен жуып,

Тазауыз ауамен тыныстадық…


Көлеңкенің секілді ұшқан мұңы,

Қалай бөлген құдайым құстан мұны?..

Бізде бәрі жақсы еді… дір еткізген,

Жапалақтың болмаса дұшпандығы…



Күліп тұрып…


Күліп тұрып неге ренжіп қаласың?
Көрсетпеші жанарыңның аласын!
Онсыз-дағы жүрмін зорға көтеріп,
Мейірімсіз ғасырымның наласын…


Өзімсініп маған әркез өкпелеп,
Көңілімді жүрсің мұңға көп бөлеп…
Кейде мені қорқытасың кетем деп,
Мен жалынам кете көрме, кетпе деп!


Осы саған жарасатын қылық па,
Біреу емен батып жүрген былыққа…
Торымасын басқа ауылдың іргесін,
Сезімімді аш бөрідей ұлытпа!..


Мен өзімді көргенім жоқ зор тұтып,
Қайтем сені кетемін деп қорқытып.
Алда талай тұрғой күтіп жақсылық,
Алда талай тұрғой аппақ жол күтіп…


Күліп тұрып неге ренжіп қаласың?
Көрсетпеші жанарыңның аласын!
Онсыз-дағы жүрмін зорға көтеріп,
Мейірімсіз ғасырымның наласын…



Ен шалғайға аттанасың…


Ен шалғайға аттанасың сен ертең,

Қол бұлғайсың әйнегінен көліктің.

Өзің жоқта не істер екем мен еркем,

Көңілімді сергітеді келіп кім?


Жамай алмай сынық айдың кетігін,

Құс жолында арлы-берлі жүрермін.

Жеті жылдан ұзақ болып жеті күн,

Қасыма тез келуіңді тілермін!


Сіркіреген жазғы жылы жаңбырда,

Ерік беріп сағыныштың ырқына.

Меніменен ізің қалған сан қырда,

Бәлкім, барып қайтам қала сыртына…


Сәл жаяулап күбірлермін жырымды,

Сүрлеуменен қалған ескі қау басып.

Өкінермін бір болғанда бұрынғы,

Өкпелеткен кезімді ойлап дауласып…


Ен шалғайға аттанасың сен ертең!



Сен кеткелі


Сен кеткелі, мазасызбын неше күн?
Күндерімді сағынышпен кешемін.
Жүріп келем, өзің шыға келердей,
Біреуімен жарығы әлсіз көшенің…


Бағандарда фонарь жымың қағысып,
Атжүйрік ай тұр аспанға жабысып.
Көбелектер шыр айналып шырақты,
Түннің биін билеп жатыр табысып…


Әркімнің өз қуанышы бар күткен,
Сенсіз түндер мазалайды тарлықпен.
Алатаудың бір шыңына шығып ап,
Саған қарай кетейін бе қарғып мен?


Сағынышым жүр мазамды кетіріп,
Сағынышсыз сүрген өмір өтірік!
Ұйқым менің, шықтыдағы көрпемнен,
Қашып кетті тереземнен секіріп…


Сен кеткелі, мазасызбын неше күн?
Түндерімді сағынышпен кешемін.
Жүріп келем, өзің шыға келердей,
Біреуімен жарығы әлсіз көшенің…



Ерте ұшып жетерсің


О, менің жаны таза көркем құсым,

Ерте ұшып жетерсің ертеңгісін.

Түнімен өзіңді ойлап ұйықтамадым,

Түнімен күзгі атыздай өртенді ішім.


Сөндірмей сені күттім тілдескімді,

Түн тұрды иығымда зіл кескінді.

Жұлдыздардан тамады сап-сары ніл,

Өзіңдей сағынбаппын мүлде ешкімді.


Сағат та тұрып алды таңдай қағып,

Өтпейтұғын түн еді қандай, нағып.

Өзінің бағындырып құдіретіне,

Жүретін бір нәрсе бар қанда айналып.


Ұйқымды деген едім тонатпайын,

Болды оным пайдасы жоқ шолақ пайым.

Маса да ызың қағып мазамды алды,

Мас келген шақырылмаған қонақтайын…


О, менің жаны таза көркем құсым,

Ерте ұшып жетерсің ертеңгісін.

Түнімен өзіңді ойлап ұйықтамадым,

Түнімен күзгі атыздай өртенді ішім.



Қашан келесің


Жоғалтқандай жер беті әсемдігін,

Жолға қарап көңілім бәсең бүгін…

Сені әкелмей көліктер құр келеді,

Сенсің менің жанымның бір бөлегі.

Сеніменен ағысым күшті менің,

Сейілтесің серпілтіп іш түнегін.

Кезім аз ба көңілім қараймаған,

Сені көрсем қуанам, арайланам.

Нәр сыйлайды жаныма нәзіктігің,

Сені таппай отырмын қажып бүгін.

Бұл ғасырда тұрмысы ауырлаған,

Барлық адам баласы бауыр маған.

Қаңғыбастар панасыз көшедегі,

Менің қанша мұңымды еселеді.

Соның бәрін көтерер күш бересің,

Менімен бір сұмдыққа тістенесің…

Жоғалтқандай жер беті әсемдігін,

Жолға қарап көңілім бәсең бүгін…

Сен келмедің көңілсіз ымырт маған,

Ай туады аздан соң мұң ұрттаған…



Бөлісу:

Көп оқылғандар