Он екі перне бойымен Көкке өрмелеп...
Бөлісу:
Уа, Тұрсынғазы,
Бәйтеректің - домбыраң - сүйегінен.
Айналып-ақ кетейік тиегінен!
Тірлік ету пендеше - қиын саған,
кеудеңдегі періште - жүрегіңмен!
Елге деген іңкәрлігің - тұрақты өлшем.
Қазақ үшін аулайсың, шуақ көрсең.
Он екі перне бойымен Көкке өрмелеп,
әр Әніңді әкелдің Жұмақтан сен!
Сендік шіркін-тағдырды ұға алар кім?
Мендік бұлқын-тағдырды дұғалар кім?..
Әр таң сайын Әніңді тыңдап алып,
маңыранатын секілді-ау құралай-Күн!..
Тірлік, ол да - жануар құба тарғыл...
Қайдан білсін жас ұрпақ бұла-балғын?
Жымиямын, ыңылдап Әніңді іштей, -
оңашада келсе егер жылап алғым.
Уа, Тұрсынғазы!
Күшігендене күшейсе күлкі-сүрең,
Көкірегіңнен - құмай ма, бір құс үрер!..
Әуелетші-ай!.. мына ұрғашы Әлемнің де
саулап берсін жұпар сүт үрпісінен!..
16. 02. 2016.
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы
Бөлісу: