Сәдібек Түгел: Жаралы көгершін мен тойынған тарғыл мысықтың айқасы
Бөлісу:
(Әңгіме)
Кезекті шығармашылық шаруаларыма байланысты 2015 жылдың қазан айының 29 күні таңертеңгі рейспен Астана қаласынан Өскеменге ұшып келдім. Алдын-ала келісім бойынша, кикбокстан әлемнің бес дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедігі спорт шебері бауырымыз Асқар Можановтың «Надал» атты қонақ үйінің үшінші қабатындағы бөлмеге орналастым. Жол сумкаларымды қойып, сыртқы киімдерімді шкафка іліп, қалыптасқан әдет бойынша таза ауа кірсін деген ниетпен төр бөлменің үлкен терезесін айқара аштым. Аздаған суық желі бар, далада қырбалақтап алғашқы қар жауып тұр. Көзім бірден автокөліктер тұрағының нақ ортасында тұрған ақ көгершін мен тарғыл мысыққа түсті. Неден екені белгісіз бейбітшілік құсы жарақат алып, соның салдарынан әбден әлсіреп, қалжыраған. Ол ұшпақ тұрғалы, орнынан әрең қозғалып, аяғын сылбыр басады. Бұл жағдайды ескеріп тұрған мысық жоқ. Қайта мұрты едірейіп, алдыңғы екі аяғын қатар сермеп, жаралы жанға аяусыз соққылар тигізіп, азаптаудың астына алған. Тойынған озбырдың соққысынан қашқан көгершін жанында тұрған машинаның астына барып тығылды. Құтырған мысық одан бір елі қалмады. Ол жерден пана таппаған көгершініміз келесі машинаның астына қарай жылжыды. Мысық одан сайын өршеленіп, жезтырнақтарын қатты батырып, көгершінді жұлмалай бастады. Барар жер, басар тауы жоқ, ақ көгершін аяғын әрең-әрең басып тағы бір машинаның астына баруға ұмтылды. Бұл кезде, оның қанішер мысықтың әділетсіз шабуылына, әлімжетерлік басқыншылығына тап болғанына 20 минуттай болып қалған еді. Мұндай жағдайда, тек қарап тұра берген дұрыс болмас, бейбітшіліктің символыны араша түсіп, озбырдың тепкісінен, талауынан оны жылдам қорғау қажет деп шештім. Өйтпесем момын құс тойынып-құтырған тарғыл мысықтың аяусыз соққыларына, азаптауына шыдамай қаза болуы мүмкін. Ол үшін астыңғы қабатқа түсіп, қонақүйдің сырт жағында орналасқан автотұраққа баруым керек. Солай қарай бет алдым. Жүріп келе жатып, жаңа ғана көзіммен көріп, өзім куә болған көріністі ой елезегінен өткізудемін. Жаралы көгершін-момын қазаққа, тойынған тарғылт мысық-туған Отанымыз Қазақстанның халыққа арналған қазынасын арам жолмен тонап, жеп, қылғытып жұтып, заңды белден басып, қарапайым жұрттың еңсесін езіп, есінен тандырып, жаншып отырған жемқор шенеуніктер сияқты болып көрінді. Өмірде бәрі неге осылай. Жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, шындық пен өтірік, төзімділік пен екіжүзділік, әділеттілік пен сатқындық, момындық пен озбырлықтар, теңдік пен теңсіздік, таза азаматтар мен бандит болып құтырып кеткен коррупционерлер, жеке басының мүддесін Отанның, елдің, жердің, ұлттың мүддесінен артық қоятынтар неге қатар жүреді. Оның үстіне дарындылардың жолына бөгеу болатын көреалмаушылықтар мен күншілдіктердің көбеюі. Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді. Пара беру арқылы лауазымды мемлекеттік қызметке ие болған жемқорлар мен арам ақша жасап байыған арамтамақ қазіргі байлардың қарапайым халыққа менсінбей қараулары, қорлаулары, қатыгездіктері мен сатқындықтары, момын қазақтың есін шығарып, еңсесін басулары қашан жойылар екен?!
О тоба?! Өз көзіме өзім сенбей тұрмын. Бес-ақ минуттың ішінде бәрі 180 градусқа өзгеріп үлгерді. Мен терезеден көріп жаным ашыған, өлермен халге жеткен, момын әрі жаралы ақ көгершін бар күшін жиып, қанатын жайып тойынған тарғылт мысықтың өзіне тұра ұмтылды. Сол сәтте озбырдың дауысы қатты шықты. Мысықтың бір көзі ойылып жерге түсті. Мұндай жағдайды күтпеген тарғылт мысық бақырған күйінде артқа шегінді. Бағанағы едіреңдеген кейпі жоқ. Бойын үрей билеген, сағы сынып, жүні жығылған. Бір-ақ, тістерін ырситып, алдыңғы аяқтарын сермеп айбар шегуін қоймады. Ақ көгершін дәл жаңағыдай тарғылт мысыққа кезекті шабуылын қатты жасады. Әділетсіз, арам мысық екінші жанарынан айырылып, сол жерде жан тапсырды. Момын көгершін Ұлы жеңіске қол жеткізді. Жан-жақтан ұшып келіп, автотұраққа қонған қалың топ көгершіндер жаралы достарының ерен ерлігіне риза болысты.
2016 жылдың 27 ақпан
cағат 01:47 минут
Бөлісу: