Несіпбек Айтұлы: Тұрсынғазымен қоштасу

Бөлісу:

03.03.2016 4084


Тұрсынғазымен қоштасу.jpg


Ардақты әлеумет, берісі Семей халқы, арысы Тұрсынғазыны білетін байтақ жұрт екі-үш күннен бері қара жамылып, күңірену үстінде. Күңіренетін жөні де бар. Өйткені, зор ағаштың көлеңкесі де зор, үлкен таланттың қайғысы да үлкен. Еңіске шапса төске озған, ертемен шапса кешке озған, көмейіне бұлбұл ұя салған, көкірегіне тәңір парасат нұрын құя салған ұлттық өнердің бапсыз шапқан өрен жүйрігі Тұрсынғазыдай кесек тұлғадан айырылып отырмыз. Ол тек қана Рахимовтар әулетінің ғана емес, бүкіл қазаққа ортақ перзент болатын, сондықтан барлығыңызға көңіл айтқым келеді. Қолда барда алтынның қадірі жоқ. Тұрсынғазының қасымызда жүргенде қадірін білдік пе, білмедік пе, бағасына жеттік пе, жетпедік пе, оны бір Алла біледі. Менің білетінім – Тұрсынғазы өлшеулі ғұмырда ұлтына өлшеусіз еңбек еткен, артына өлшеусіз мұра қалдырған ғажайып талант еді. Күн өткен сайын оны сағынатын боламыз. Оның өмірде де, өнерде де үңірейіп қалған орнын өзінен басқа ешкім ешқашан толтыра алмайды. Ол кешегі Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Манарбек, Жүсіпбек, Дәнеш, Жәнібектердің жалғасы, әнші ғана емес, аса дарынды композитор, төл өнердің аш өзегін жарып туған өз баласы боласы болатын.


Тұрсынғазы қазасына


І


Өнердің қанып ішкен тұнығынан,

Айырылды Семей тағы бір ұлынан.

Еркелеп Тұрсынғазым жүруші еді-ау,

Ертістің келмей суы жұлығынан.


Ажалдың кім құтылған құрығынан,

Қайғының қауға тарттық құдығынан.

Айырылды Тарбағатай бөктерінде,

Ойнақтап, асыр салған құлынынан.


Арманның асқарына құлаш ұрған,

Айырылды қалың қазақ шын асылдан.

Әу десе Тұрсынғазым әнге басып,

Түнерген төбемдегі күн ашылған.


Айырылдым, бауырларым, мен де достан,

Бірге өсіп, біте қайнап бал жаласқан.

Көзі еді Жүсіпбек пен Жәнібектің,

Даусына ынтығатын шөлдеп аспан.


Құлы еді қасиетті домбыраның,

Демейтін шалдығамын, болдырамын.

Тереңнен қайнап шыққан тас тұмадай,

Таңдайдан төгуші еді мөлдір әнін.


Жалғанның ұмыттырып азабын көп,

Шаншыла шырқаушы еді «Қазағым!» деп.

Дуылдап ән мен жырдың жәрмеңкесі,

Қарсы алар енді келсем базарым жоқ.


Табамын іздегенмен қайдан енді,

Аққу – ән тастап кетті айна көлді.

Жез таңдай, күміс көмей бұлбұлым-ай,

Елу жыл тамсандырған сайрап елді.


Өшпейді өнер барда оның даңқы,

Ұмытпас мәңгі-бақи әнін халқы.

«Келеді сәби болғым!» деп тілеумен,

Өмірден кете барды сәби қалпы.



ІІ


Тағдырдың кім бұза алмақ тосқауылын,

Бақұл бол, қош, қош енді, қош, бауырым!

Жатарсың жол бойында бізді күтіп,

Сарғайып жаңа түскен жас қабірің.


Жүргізген жер-жаһанға билік ұдай,

Кеудеңе дертті қайдан құйды құдай?

Жеткізбей кеттің мүлде қараңды үзіп,

Жел қанат, тесік өкпе, жүйрігім-ай!..


Несіпбек Айтұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар