Ақын Әлібек Шегебайдың шығармашылық кеші өтеді
Бөлісу:
Наурыз айының 11 жұлдызында, сағат 18:00-де Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормониясында «Асыл мұра» өнер орталығының ұйымдастыруымен, ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ақын Әлібек Шегебайдың «Елге сағыныш» атты шығармашылық кеші өтеді. Қазақстан Жазушылар одағы мен Әлем Халықтары Жазушылар одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы және Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлықтарының лауреаты, ақын Әлібек Шегебай, 1974 жылы 11 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Сүткент ауылында дүниеге келген. Қазақ радиосында «Көңіл толқыны», «Жұлдызды түн», «Ақ қауырсын» секілді көптеген әдеби бағдарламаларды жүргізген. Оның «Тамшылар», «Алакеуім», «Әйнекке түскен ай сәуле», «Ақ қауырсын» жыр-жинақтары жарық көрген. Бүгінгі таңда Әлібек ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді есімі елге белгілі өнер жұлдыздары; Нұрлан Өнербаев, Құдайберген Бекіш, Сәкен Қалымов, Сейіл Аяғанов, Өктем Алтаев, Саят Медеуов, Жұбаныш Жексенұлы, Марат Имашев, Бауыржан Өскенбеков, Тілек Базаров, Алма Аманжолова, Индира Расылхан, Ерке Есмахан, Динара Кемелхан сынды әншілер мен «Жалын», «Мерей», «Шамшырақ» топтары орындайды.
Әлібек Шегебай Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. 1997 жылы М. Әуезовтың 100 жылдығына орай ҚазҰУ- де өткен республикалық студент жастардың жыр мүшайрасында бас жүлдені жеңіп алады.Содан бері де бірнеше жыр бәйгелерінде жүлделі орындарды иемденді. 1998 жылы Республикалық «Жалын» журналында жарық көрген өлеңдер топтамасына Т. Айбергенов атындағы сыйлық берілді. 2002 жылғы Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Шығармашылықтағы жетістіктері үшін 2004 жылы Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды. 2001 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Ақын 1997-1998 жылдары Сүткент ауылдық Т.Тәжібаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1998-1999 жылдары республикалық «Алматы ақшамы» газетінде журналист, 1999-2001 жылдары ҚР ІІМ-нің республикалық «Сақшы» газетінде бөлім меңгерушісі, 2002-2008 жылдары республикалық Қазақ радиосында жүргізуші-редактор, 2008-2009 жылдары Республикалық «Жұрағат» журналының Бас редакторы, 2009-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы әкімінің орынбасары, 2012-2013 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарған.
Бөлісу: