Заман Самалбекұлы: Әңгіме жазсам...

Бөлісу:

11.03.2016 3269


заман төлеуов.jpg

Музыкант болам десең, нота тануың тиіс. Тегі қандай да істі меңгеру үшін оның жай-жапсарын білуің керек қой. Сол сияқты әңгіме жазудың да өз алгоритмі бар көрінеді. Біздің қалыптасқан түсінігіміз бойынша ең бастысы – талант. Ол болса, тоқсан тоғыз пайыз іс бітті деп қателесеміз. Әр жазған шығармамыздан құбылысқа тән ерекшелікті күтеміз. Ал іс жүзінде бәрі ізденіс пен қаратер еңбекке кеп тіреледі. Танымал емес талапкер әңгімесін қысқа да нұсқа ғып, оқырманды жалықтырып, шошытып алмайтындай көлемде жазғаны абзал. Уақыт өтіп, сәті түссе оның шығармасын есіміне қарап оқитын да күн туады. Шағын дүние болғандықтан әңгіме ұзақ кіріспесіз, жедел басталады. Сол әлқиссасымен оқырманды баурап алса ғана оқылады.


Жалпы әңгіме дегеніміз не деген сұраққа тоқталсақ, ол - бір оқиғаның төңірегінде ғана өрбіген шағын дүние. Егер біз бірнеше оқиғаның басын түйістіруге тырыссақ, онда оқырманды жаңылдырамыз. Және жазып отырғанымыз әңгіме емес, одан көлемді басқа дүние боп кетеді. Сонымен қатар әңгіменің ұзақтығы оқығанда 10-15 минуттан аспауы керек. Егер кейіпкерлер мен оқиға желісі автордың ойын толыққанды жеткізе алса, онда шығарма сәтті шықты деп айтуға болады. Себебі, оқырман көңілінде жауапсыз қалған сұрақ та күдік те жоқ. Автор өзінің ойын, идеясын кейіпкерлері арқылы жүзеге асыруға тырысады. Сюжет құру, кейіпкерлердің образын сомдау арқылы автор өз идеясының өмір сүруге құқықты екенін дәлелдеп, оқырманды мойындата алуы тиіс.


Тақырып дегеніміз идеяның, оқиғаның сыртқа фоны. Мысалы: соғыс немесе фэнтези-әлем. Бұл кейіпкерлердің өмір сүретін әлемі, осы ортадағы қимыл-әрекеттер арқылы бір тақырып төңірегінде автор идеясы іске асады...


Кейіпкер образын ашу үшін әңгімеде уақыт та мүмкіндік те тығыздалған. Сондықтан кейіпкердің ішкі жан дүниесін бір-екі детальмен ғана аша алуың тиіс. Жүрген ортасы, оның киім киісі, тағы басқа көріністердің барлығы жүк арқалап, образ ашуға қатысты мәні болсын.


Әңгіменің аяғы есте қаларлықтай жарқын аяқталғаны жөн. Ол оқырманына ой тастап немесе автор ешқандай уәжді қажет етпейтін нық сенімді қорытынды шығарса да болады. Әңгіме жазам деген талапкер неғұрлым жиі қалам ұстап, бір қарағанда ешқандай сыры қалмаған ортадан соны әлем ашып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!


Бөлісу:

Көп оқылғандар