Қанат Тілеухан: Көк кәстүм-шалбар (әңгіме)

Бөлісу:

24.03.2016 5476

сурет 2jpg.jpg

Әйелі «енді, сериалымды көре алмайтын болдым» деп теледидарын жоқтаса, Қалибек үшін жаңа кәстүм-шалбары мұңға айналды. Бар-жоғы екі-үш рет қана киіп үлгеріп еді. Тал түсте жоғалды да кетті. Ерлі-зайыптылар жұмыста болғанда пәтерлеріне ұры түсіп, қолдарына іліккендерін алып, тайып тұрған. Алғашында қазан-ошақ иесі араздасып жүрген көршілерінен көріп, бес қабатты үйді басына көтерген. Күйеуі полиция шақырған соң, бұл жерде арнайы қылмыстық топтың ізі бар екеніне көзі жеткен-ді. Полицейлердің айтуынша, қазір қалада пәтер тонау жиілеп кеткен. Түнді қойып, қарақшылар түскі уақытта жортуылға шығады екен. Досаевтардан арыз алған із кесушіге Бижамал жоғалған заттарына жоғалмағанын да қосып, ұзын-сонар тізім берген.

– Айналайын, інім, қолы сынғыр оңбағандарды ұстап, осы жазып берген дүниелерімді тауып бер, – деп өзіне зор сенім артатынын қайта-қайта айтқан болатын.

– Ең бастысы – теледидар. Мені мына дүниеде жынды қып жібермей, аман сақтап отырған жалғыз ермегім сол еді, – деп жас полицей жігітке мұңын да шағып алған еді. Қалибек көк кәстүм-шалбар жайын шегелеп айтпақ болып оқталды да «әй, мына қатын менсіз де тәртіп сақшысын мезі еткен шығар» деп өз райынан тез қайтқан. Содан бері арада ай өтті. Қалалық ішкі істер басқармасынан еш хабар жоқ. Бижамал бастапқыда бір апта бойы өзіне бейтаныс ұрыларды қарғап-сілеумен жүрді. Көрші-қолаңға көп кешікпей ұры-қарылардың ұсталатынын, оларды түрмеде шірітетінін айтып, айбат шекті. Сосын аяныш сезім іздеді ме, телефондары бар туған-туыстарына қоңырау шалып, басына түскен қайғысымен бөлісті. Ал жұмыстағы әріптестері Бижамал күнде айта берген соң оның жоғалған заттарының барлығын жаттап та алды. Қолы қалт еткенде күніне бір рет арыз алған әлгі жас полицейге хабарласып қоюды да күнделікті ісіне айналдырған. Ақыры болған оқиғаға күйеуін жазықты етіп тынды.

– Жау алыстан келген жоқ. Полиция «қылмыстық топ бар» деп барлығын күрделендіріп, зор сөйлейді. Үйге түскен ұры алыстан ат арытып келді деймісің? Бізді білетін біреулер. Сенің нәуетек екеніңді де білсе керек. Сосын ғой өстіп басынғаны, – деп кешқұрым дастархан басында күйеуіне шап берген. – Білмеймін. Әлде, шағымданып прокуратураға барам ба? Мына полицейлердің қылмысты ашатын түрлері жоқ. Құдай біледі, солар ұрыны іздеп жүрген жоқ. Еркек болып бір нәрсе істесеңші, – деді. Әйелінің мінезін жақсы білетін Қалибек жақ ашпай құтылған еді. Тек іштей «бұнымен сөз таластырып әбүйір таппаспын. Тілінің қышуы қайтқанда өзі қояр» деп сабыр танытқан. Қалибек зайыбы сынды ішіндегісін сыртқа шығармаса да тілеуі Бижамалмен бір. Көбіне өзімен-өзі қалғанда көк кәстүм-шалбарды қайта киетін күн туа ма деп ойлай береді, ойлай береді.

Қалибек жас күнінен галстук тағып, кәстүм-шалбар киіп үйренген. Өмір бойы мектепте сурет пәнінен сабақ берген әкесі жарықтық Уәлибек те солай киінетін. Мұғалім болып еңбек еткен анасы да сәнқой, кербез адам еді. Біздің кейіпкер кіп-кішкентай ауылда туып өссе де, өзін интеллигент отбасынан шыққандығын қашан да білдіргісі кеп жүретін. Студент кезінде курстас достары би кештері мен киноға баруға әуес болса, ол шырттай киініп алып аптасына екі-үш рет театрға баратын. Институтын аяқтағанда сол кездегі үкіметтің жолдамасымен Қазақстанның батысынан Жетісу жерінен бір-ақ шыққан. Осы Қарғалы қаласының фарфор ыдыс-аяқтарын шығаратын зауыттағы қызу жұмысқа кірісіп кеткен-ді. Көбіне өндіріс орындары шоғырланған Қарғалыда ол кезде өмір қыз-қыз қайнап тұрушы еді. Осы жерде Қалибек Бижамалмен табысып, шаңырақ көтерді. Тым ұяң тұнық көздері мөлдіреп, кісі баласына тура қарай алмайтын ұялшақ бойжеткенді бір көргеннен ұнатып еді. Қазір ойлап қараса, содан бері қаншама уақыт өтті. Еңбек жолын бастаған Қарғалысы адам сенгісіз өзгерді. Әйелі де басқа адамға айналған. Жасаған Досаевтар отбасына жар дегенде жалғыз қыз бала берді. Жасынан алғыр болып өскен Ардағы анасынан гөрі әкесіне жақын жүрді. Амал нешік атам қазақ «қыз - жат жұрттық» деп бекер айтпаған екен. «Қыз он сегізге келгенде мау тартады, ата-анаға жау тартады» деген кешегіден қалған тағы бір сөз бар емес пе? Ардақ бой түзеген шақта оның ата-анасына тамыр-таныстары арасында «құда болайық» деп қолқа салғандар аз болған жоқ. Бірақ комсомол қызды әкесі ешкіммен айттырмады. Бойжеткен өз жүрек қалауымен осы қаладағы бір зауытта инженер болып жұмыс істейтін неміс жігітке тұрмысқа шықты. Тоқсаныншы жылдың басында сәбет үкіметі құлап, әркім өз атамекеніне үдере көше бастағанда Қалибектің күйеу баласы мен қызы да Германияға қоныс аударуға бел байлады. Табиғатынан сабырлы әке өзін әрең ұстап қалып еді. Қызына деген өкпе-назын барынша жасырып бақты. Бижамал «Жарығым-ау, әкең екеумізді тастап қайда барасың? Баспаған жер, білмейтін елде нең бар?» деп көзінің жасын төкті. Сол кезде «Жалғызым-жалғызым деп бетінен қақпай тым еркелетіп жіберіп ең. Енді міне, бізді тастап кетіп барады. Әке баланы өзінен имендіріп тәрбиелеуші еді. Еркіне жіберіп, тайраңдатып өсіріп едің, ұшқан ұясын қиып, бір жаман немістің артынан кетті» деп күйеуіне бар ашуын төккен. Қазір ойлап қараса, Қалибек қызына бекер өкпелепті. Тіпті, ертерек Еуропаға кеткені де дұрыс болған екен. Сәбет үкіметімен бірге елдегі зауыттар мен фабрикалар жабылды. Совхоздар мен колхоздар да тарай бастады. Кеше ғана дәулеті тасып тұрған Қарғалы жұпыны күйге түсті. Дүкендердің сөрелері босады. Шама-шарқы барлар облыс орталығына, енді кейбірі Алматыға қарай көшті. Жұрт базар жағалаған заман келді. Орталық жылу жүйесі істен шығып, қала әуелі жарықсыз да қалды. Жүз мыңға жуық халықты қойнында жылытқан қайран Қарғалы бейне бір соғыстан кейінгі жаралы шаһарға айналған-ды. Халық ішуге ас таппай қиналды. Бір қоралы үй шал-кемпірдің зейнетақысына қараған шақта шетел асқан жалғыз қыз Қалибек пен Бижамалға қамқоршы. Ай сайын ақша салып тұрады. Жиі-жиі хабарласады. Қырсық қылғанда қираған қалада жалғыз қалған ата-анаға сыйланған теледидар мен көк кәстүм-шалбар ұрланды емес пе.

Жиырма жылдан аса ыдыс-аяқ сыртын безендіріп келген суретші Қалибек бұл күнде сол өзінің зауытында күзетші. Өндірісі тоқтап қалған мекеме жекеменшік қолына өткен. Білетіндердің айтуынша, енді бұл зауыт диірменге айналмақшы. Бірақ, оған Қалибектің үміттен гөрі күдігі басым. «Еее, социализм емес, коммунизмде өмір сүріппіз ғой. Енді ол заман қайта туа қоймас. Бастысы, жұмысым бар. Қарауыл түгілі екі қолға бір күрек таба алмай, сандалып жүрген жұрт қаншама? Осыған да тәубе!» - деп жүреді Қалибек. Сондай тәубешіл күндердің бірінде Қалибектің жұмыс телефоны шыр ете түсті. Трубканың арғы жағындағы зор дауыс онымен апыл-ғұпыл амандасып, жоғалған дүние-мүлкінің табылғанын айтып, полиция бөлімшесіне шұғыл жетуін талап етті. Қуанышы қойнына сыймаған Қалибек қалалық ішкі істер басқармасына лезде жетіп барды. Өткенде өздерінен арыз алып кеткен жас жігіт оны жылы қарсы алды.

– Аға, келіңіз, жайғасыңыз, – деп орындық ұсынды.

– Сіз Досаев Қалибек Уәлибековсіз ғой?

– Иә, иә.

– Жеке куәлігіңізді берсеңіз.

– Мінекейіңіз.

Құжатты мұқият қарап шыққан полицей қасындағы сержантқа:

– Берік, үстіңгі этаждағы 217-кабинеттен барлық заттарды алып кел, – деп бұйырды. Cүт пісірім уақыттан кейін қасында тағы бір полицей бар әлгі сержант артынып-тартынып келді. Екі сержантқа «боссыңдар» дегендей ишара білдірген жас лейтенант шірене темекісін тұтатып:

– Міне, жоғалған заттарыңызды таптық. Танып тұрсыз ба? Мына қағазға қол қойып, алып кетуіңізге болады. Қылмыскер ұсталды. То есть күдікті. Сот болғанда как потерпевший сізді шақырамыз. Ағасы, келіңіз мына жерге, қол қойыңыз, – деді полицей асықтырып. Үлкен үстел үстінен көз алмаған күйі Қалибек:

–Құдай-ау, бұл менің заттарым емес қой. Точно менікі емес, – деп көзі бажырая лейтенатқа қарады.

– Қалай сіздікі емес? Вот список который вы мне дали. Цветной телевизор, көк кәстүм-шалбар, бір палас пен кілем, үтік, магнитофон, перде, әйеліңіздің туфлиі, көйлегі, қабырғаға ілетін сағат. Тіпті, кір жуатын шылапшындарыңызға дейін таптық қой. Міне!

– Қайдағы үтік, сағат, шылапшынды айтып кеттіңіз? Әй, біздің қатынның да қосып-қосып қойғаны ғой, – дей жаздап Қалибек тілін тістеп үлгерді.

– Сонда сіз өтірік айттыңыз ба? - Бағанадан бері өзін барынша сыпайы ұстаған полицей шүйліге түсті.

– Жоға, о не дегеніңіз. Теледидар, кәстүм-шалбар, кілем мен паластың ұрланғаны рас.

– Енді көз алдыңызда теледидар, кәстүм-шалбар, кілем мен палас және басқа да кәкүр-шүкіріңіз тұр емес пе? Бұл жолы құзырлы мекеме өкілі жақтырмай сөйледі.

– Інім, көріп тұрмын. Тағы да қайталап айтайын, бұл менің заттарым емес. Бұны өзі қайдан алдыңдар? Жоғалған дүние жоғалып, құрып кетсінші. Сендер өзі жазықсыз адамды соттамақсыңдар ма? Бұл заттар менікі емес. Қайталап айтамын. Сондықтан да алмаймын. Соттарыңа шақырсаңдар да бармаймын, – деп сөзінен айнымайтын түр көрсете, әр сөзін нықтап айтты.

– Сержант! – деп ақырды лейтенант. Бағанағылардың бірі лезде алқын-жұлқын кабинетке кіріп келді. – Старлей Талгинды шақыршы тездетіп!

Осылайша шұғыл бұйрық берген офицер көзін алайта Қалибекке бір қарады да тағы да темекі тұтатты.

– Көп кешікпей кабинетке төртбақ денелі, екі құлағы бірдей сынған, ашаң жүзді жігіт кірді.

– Не болды, Мара? – деп сұраусыз үстелдегі темекінің қорабынан бір талын алып, ол да езуіне қыстырып, төрдегі орындықтардың біріне еркінси жайғасты. Қалибекті елеген де жоқ.

– Талгин, – деді көп кешікпей лейтенант әріптесіне тіл қатып: – Сендер өткен аптаның соңында серийный кражаға қатысты учетта тұрғандардың, сотталғандардың үйлеріне тексеру жүргізіп, мына теледидарды, киім-кешектерді тәркілеп едіңдер ғой. Анау «иә» дегендей басын изеді.

– Алдыңда тұрған кісі пәтері тоналған потерпевшийлардың бірі. Мына заттар менікі емес дейді. Жазықсыз жандарды соттамақпысыңдар дей ме? Вообщем, әңгімесі көп болып кетті.

Қалибекке өзінен әлдеқайда жасы кіші екі жігіттің сөз ләмі мен өздерін ұстауы жиіркенішті көрінді. Бірдеңе айтпақ болып оқталып еді, екіншісі:

– Действительно бұл кісінікі емес шығар? – деп Қалибекке бұрылды. Мынаның жөні түзу екен деген оймен Қалибек қуана:

– Иә, действительно менікі емес. Дұрыс айтасың, інім. Соны мына досыңа түсіндіре алмадым. Рас, теледидар ұрланған, бірақ, мынау менікі емес. Кәстүм-шалбарымды да ұрлаған. Маған көрсетіп отырғандарың қара түсті. Менікі көк болатын, – деп ақтарыла сөйледі.

Лейтенант шыдай алмай кетті: «Талгин, көрдің бе? Кешегі коммунист қой мынау. Честный! Аға, түсініңізші, – деді де Қалибекке таяп келіп, – Какая разница? Бұл да теледидар. Кәстүміңіз көк пе, қара ма, бәрібір емес пе? Бастысы, жоғыңыздың орнын толтырып тұрмыз ғой». Қалибек «маған ешнәрсе керек емес» дегендей таңдайын қағып, басын шайқаумен болды.

– Брат, – деді бір кезде пагонында үш кішкентай жұлдызы бар полицей, – Пионер емессіз ғой. Жазықсыз адамды ешкім де соттамайды. Біз бұл кәкүр-шүкірлерді бұрын сотталғандардың жасырған жерлерінен алғанбыз. Мүмкін олар сізден ұрлағандарын уже сатып жіберді. Сізге қайта повезло. Бізден бос қайтайын деп отырған жоқсыз. Қазақпыз ғой. Бізді түсініңізші. Біздей бауырларыңыз бар шығар. Бізге де делоны жабу керек. Қол қойыңыз да мына кәстүм-шалбарыңызды киіп, телевизорыңызды қолтықтап, үйіңізге қайтыңыз. И все! Базар окончен.

Қалибек бұл сөздерді естімеген адамдай орнынан тұрып, жинала бастады. Амалы таусылған қос полицейдің дегбірлері қашты. Осы кезде:

– Құдай-ау, мынаның бәрі маңдай теріммен тапқан дүнием ғой. Айналайындар-ау, рақмет сендерге! – деген Бижамалдың даусы естілді. Қалибек «бұл қатын қайдан сап етіп келе қалды деп әйелін жаңадан көргендей, таңырқай, аяғынан бастап басына дейін көзімен сүзіп шықты. Бижамал бұған дейін бұл кабинетте айтылған әңгімеден хабардар болса керек. Екі жігітке үсті-үстіне алғыс жаудырып, үстел үстіндегі заттарды айнылшықтай бастады. Көктен іздегендері жерден табылғандай қуанған полицейдің бірі Бижамалға қағазына қолын қойдырып та үлгерді. Әйелінің сыры өзіне өте-мөте таныс Қалибек ләм деп ауыз ашпады. «Әй, әкеңнің, нағыз әртістің өзі екен. Бесіктен белі шықпаған мыналарың да оңып тұрған жоқ. Қандай керемет қойылым қойды, ә?» деп іштей қатыны мен екі полицейді сыбап-сыбап алды да, тысқа шығып кетті. Бұл кабинеттен кетісімен құлағы мыжық полицей: «Жеңеше, ағам бұл заттар біздікі емес деп бәйек қағып еді. Әуелі бізді қорқытты да. Сіздің бір ауыз сөзіңізге қарсы шықпайды екен. Арыстаныңызды қалай дрессировать етіп тастағансыз?

Бижамалдың келісімен шаруасы шешілген полицей мәз-мейрам боп, Қалибекті сыртынан мазақтауға көшті. Баласындай болатын жас жігітке:

– Қайным-ау, ағаңның көзі нашар көретін еді. Содан шатасқан-ау, – деп Бижамал сөз тапқандай өзіне-өзі риза болып, даусын соза жымиды. Бижамал полиция бөлімінде көп айналған жоқ. Даңғырлап жүріп полицейлерге қолқа салып, солардың мәшінесімен олжалы болып қайтты. Үйіне келсе, күйеуі жатып қалған екен. Пәтерге кірген бойда:

– Әй, жасық неме. Мен болмасам, құр қол келеді екенсің. Менің қайта тергеушіге звондай салғаным дұрыс болыпты. Қораға кіріп тұрған малдың басынан тебетін әпендім-ай. Асып-тасыған дәулетің болса, бірсәрі. Неменеңе жетісіп турашыл, шыншыл боласың? Тал түсте үйіңді тонап кетті. Қазіргі заманда жұлып жемесең, сен біреудің аузында кетесің. Мені тастап, тайып тұрғаның қай сасқаның? – деп арыны барған сайын күшейе түсті. Қалибек: «Әй, үніңді өшірші болды. Жоғалғаның табылды ғой. Мол байлыққа кенелуіңмен құттықтаймын, – деді жай жатпай, шымши сөйлеп.

– Е, бұның үні үйде ғана шығады. Маған ғана қожайын. Мол байлық деп кекеткеніңе болайын. Жат сөйтіп екі бүктетіліп. Жас баладай ренжіген түрін қарашы. Тамағын да ішпепті. Мен бұған тамақ жасап қойсам.

Қалибек бұл жолы жауап қатқан жоқ. Ал зайыбының аузы тыным таппай, алып келген дүниесін жинастыра жүріп, сөйлей берді, сөйлей берді...

Бұл оқиғадан кейін Бижамалдың күйеуіне маңдай терісі бір аптадай жиырылып жүрді. Қалибек те жарына салқын тартқандай болып еді. Қашанғы қабақтарын шытып жүрсін, күндер өте ерлі-зайыптылар үйреншікті өмірлеріне оралды. Әдеттегідей шүйіркелесіп шай ішеді. Бижамал көбіне-көп теледидар алдында уақыт өткізеді. Қалибек газет-журнал ақтарады. Біраз уақыт аулаға шығып, көршілерімен шахмат ойнап келеді. Досаевтар отбасы полиция бөлімшесінен «олжалы» қайтқалы арада үш ай уақыт та өтті. Әйелі шкафына әлгі көк түсті болып жоғалып, қара түсті болып оралған кәстүм-шалбарды үтіктеп қойғанымен бұл бір рет те киген емес. Алғаш тергеушінің кабинетінде көргенде іштей «двухпортный жақсы кәстүм-шалбар екен. Ашық түсті көйлек киіп, қызыл галустік тақсаң қатып кетеді» – деп қызыққан. Бірақ, ұят пен үрей сезімі бойын қатар билеп, біреудің затын алмаймын деп екі полицейдің ашуын келтіріп еді ғой. Алғашында бұл жаңа киімді принципті түрде кимеуге бекінген. Бижамал екеуінің арасында бейбітшілік орнағанда өз ойынан айни бастады. Ақыры ары ойлап, бері ойлап, бүгін киіп шықты. Тойға баратындай боп киінуге себеп те жоқ емес. Ардағы Германияның Дрезден қаласынан сәлемдеме салып жіберіпті. Досаевтар үшін қызының сәлем-сауқаты жеткен күн мейрам емей немене?! Қалибек поштаға көп қабатты үйлердің арасымен емес, сәл ұзақтау болса да орталық көшемен баруды жөн санады. Күзгі аспан ашық болғанымен аздап соққан желде ызғар бар. «Қайран, Қарғалым-ай, кешегі сән-салтанатты күйіңді еске түсіретін жалғыз көшең осы ғой», – дейді Қалибек іштей маңайын зер сала шолып. Бірінші мамыр күні осы Советский көшесінің бойымен Қарғалының үлкен-кішісі бар шеп құрып, қызылды-жасыл киініп, шеруге шығушы еді. Бір кезде көзіне қараусыз қалған Лениннің ескерткіші түсті. Көсемнің қасқа басына саңғып, ұшып-қонып жүрген торғайларды тас лақтырып, үркітуге оқталды да сырт көзге бұл қылығым жас баланың әрекетіндей көрінер деп, өз жөнімен кете берді. Тас мүсінінен ұзағанша Ильичтің қазіргі жағдайы көңілін құлазытып жіберді. Поштаға таяу жердегі жайма базарға жеткенде еңсесі одан әрі басыла түсті. Бұнда саудагердің де, сатып алушының да түр-түрін кездестіресіз. Бос банкі, ескі кітап, ине-жіпке дейін сатқан зейнеткерлер. Қалаға жақын ауылдардан кеп ет пен балық, көкөніс сататындар да бар. Көзге көбіне жұпыны жандар түскесін бе, бұл жабайы базар онсыз да ажары қашқан қаланы тіптен сұрықсыздандырып жіберген. Әр қадамын маңғаздана санап басып келе жатқан Қалибек бұл маңнан тез өтіп кетуге асықты. Бүгінгі мерекелі күнін осындағы сапырылысқан жұрт ойран-топырын шығаратын сияқты көрінді. Қалың нөпірдің ортасынан шыға бергенде біреу ту сыртынан: «әй, тоқта!» деді бұйыра. Қара кәстүм-шалбар киген еркек ол сөзді естігенімен елеген жоқ. «Маған дейсің бе» деген сыңаймен өз жолымен жүре берді. Әйтсе де, әлгі әйелдің даусы құлағының түбінен бір-ақ шықты.

– Тоқта дегенде тоқтамайсың ба? Зытып барады ғой. Мына үстіңдегіңді шеш. Ұры! – деп айғай салды. Қалибек екі қолын бүйіріне таяп, тұздай көзінен от шашып тұрған дембелшең ақ сары келіншекті көргенде аузына сөз ілікпей, сасқалақтап қалды.

– Түріңізге қарасам, интеллигентный адамсыз. Қылғаныңыз – ұрлық. Шешіңіз үстіңіздегі киімді! – деді тағы да даусын көтеріп әлгі әйел.

– Қарындасым, қой. Кімді ұры деп тұрсың? Үстімдегі киім өзімдікі, – деді ақтала. Сөзінің сенімсіз шыққанын сезіп, мазасы кете бастады. Жан-жағына көз салып еді жайма базар жұрты көк долы қатын екеуін қоршап алыпты. Барлығы бұны жазғыра қарап тұрған сияқты.

– Мә, өзіңдікі, – деді әйел саусағын шошайтып, – Сенікі болса, айтшы, қайдан алдың? Бұл кәстүм-шалбарды қайынбикем күйеуіме Алматыдан сатып алып берген. Мен жуып іліп қоған болатынмын. Сен аулаға кіріп тұрып, ұрлап әкеткенсің.

– Мен бұл кәстүм-шалбарды полициядан алғанмын.

– Полициядан?

– ...

– Немене? Полиция киім-кешек сататын дүкен болған ба? «Сасқан үйрек артымен

жүзеді» деуші еді. Бұл қай сасқаның? Мына ұрлықшы өтірікті де қисындырып айта алмайды ғой. Ұсталған жерің осы ма, бәлем?

Әйел қатулана түсті.

Мазасы қашқан Қалибек барлығын басынан баяндап беруге оқталды. Алайда, тұтығып, сөйлей алмай қиналды.

– Ей, қатын, бүкіл көшені басыңа көтеріп не болып қалды? – деп қастарына зор денелі еркек келгенде, Қалибектің берекесі кетті. Жасы өзінен кіші, қолында дәу балтасы бар жігіт ағасын көргенде шошып, артқа қарай бір-екі қадам қалай шегініп кеткенін де аңғармай қалды.

– Мә, мына кісі ет шабатын рубчик Жанаттың кәстүм-шалбарын ұрлаған екен ғой, – деген әйел адамның дауысы естілді көп ішінен.

– Ему не повезло, – деді енді біреуі дауыстап.

Қолында балтасы бар күжірейген дәу қара көзін алайта Қалибекке бір қарады да, әйеліне бұрылып:

– Рыскүл, тапа-тал түсте елді дүрліктірдің ғой. Ұрланған менің кәстүм-шалбарымның түсі көк емес пе еді. Көзіңді ашып қарасаңшы. Қалибекке жақ ашпай, еркек әйеліне қолын бір сілтеді де келген жағына қарай бұрылды.

– «Уф» – деп, демін сыртына жіберген Қалибек ет шабатын еркекке менің де кәстүм-шалбарым көк болатын дей жаздады. Осындайда аузына оңтайлы сөз ілікпейтініне жыны ұстады. «Менің де кәстүм-шалбарым көк болатын, менің де кәстүм-шалбарым көк болатын». Дәл осылай жер-жаһанға жар салып, айғай салғысы келді. Ал бағанадан бері Қалибектің бетінен алған долы қатын «кешіріңіз» деместен, жұлқынып, күйеуінің соңынан ілесті. Бір қызықты күтіп, тамашаның болмай қалғанына налыған көпшілік аяқтарын ілби басып, амалсыз тарқай бастады. Жүрегі орнына түскен Қалибек те бұл жерден кетуге асықты. «Әп, бәлем, енді бұл құрып қалғыр кәстүм-шалбарды кисем, оңбай кетейін. Бұның бәрі қатынның кесірі». Лезде поштаға ертең баруды ұйғарған Қалибек Бижамалды іштей боқтап, үйіне қарай зытты.

Бөлісу:

Көп оқылғандар