Қазығұрттың Қалаубегі

Бөлісу:

25.03.2016 5311


Бір күні Қалекеңмен бірге аяңдап, жол бойында қайта-қайта аялдап, төңіректегі тіршілікке көз сала отырып тыныстап, Қазығұрттың биігіне асықпай көтерілгеніміз бар-ды. Бізбен бірге келген жігіттер тау биігіне қарай тартқан сүрлеумен өрлеп, әлдеқашан ұзап кеткен.


Біз, әрине, асықпадық…


Өйткені, екеуара айтылар әңгімеміз де, осындай бір оңаша сәтте, туған жердің төсінде шертілер сырымыз да көп еді.


– Шіркін, біздің Қазығұрт тұнып жатқан тарих қой, – дейді Қалекең аздап ентігіп, алдағы биікке көз сала қарап тұрып. – Әлкей Марғұлан секілді ғұлама ғалымды күтіп жатқан мол қазына бар мұнда. Ол кісінің… әттең, жолы түспей-ақ кетті бұл жаққа. Әйтпесе…


Осы кезде менің есіме, қазіргі Қарағанды облысына қарайтын Шет ауданындағы ақ селеулі жалпақ даладан көрген бал-бал тас­тар, ескі обалар оралды. «Міне, бұл жер Әлекеңнің көп аралап, археологиялық зерттеулер жүргізген аймағы», деп еді-ау сонда бізбен сапарлас болған қарт кісі…


– Мынау Қазығұрттың басындағы үңгір­ді көріп пе едің, – дейді Қалекең маған сұ­рау­­­лы жүзбен қарап. – Оның да құпиясы көп…


Мен енді, өз басымнан өткен бір қызық оқиғаны еске аламын. Бірде біз осы таудың бөктеріндегі Атбұлақ ауылында тұратын Әділхан, Жарқынбек, Рүстем деген жігіттермен бірге әлгі үңгірге барған едік. Қас қарайып, жұлдыздар жапырлап көріне бастаған шақ болатын. Тау ішінде от жағып, жылынып алған соң, Рүстем екеуміз қарауытып жатқан үңгірдің ішіне кірмек болдық. Қолымызда фонарь. Бір қызығы, Қазығұрттағы үңгір ұзыннан-ұзаққа созылып жатқан қуыс емес, бірінен-біріне өтіп кете берсеңіз, бірте-бірте төмендеп, жер астына алып баратын киіз үйлер секілді екен. Айталық, сіз осы киелі таудағы үңгірге кірдіңіз делік, әуелгі көретініңіз – алты қанат киіз үй секілді қуыс. Ал енді жан-жағыңызға бажайлап қарап алыңыз. Әне, анау ірге жақта тағы осындай бір «үйге» өтетін тесік, яғни есік бар. Байқаңыз, басыңызды тасқа соғып алмай, барынша еңкейіп, ары қарай жүріңіз… Міне, осылай жалғасып кете береді. Бұдан кейін кімнің қанша бөлмеге өте алатыны, кімнің қаншалықты тереңге түсе алатыны, әрине, өзінің ерік-жігеріне байланысты. Ал біз, Рүстем екеуміз бар-жоғы бір-ақ есіктен өттік. Өйткені, қолымыздағы фонарь сөніп қалды. Содан соң, қараңғыда түртінектеп, келген ізімізбен кері қайтуға мәжбүр болдық. Мен осыны айтып ем, Қалекең сөзіме зейін қойып, жымиып отырып тыңдады да: «Фонарьдың сөніп қалуында да бір гәп бар ғой, – деді ойланып. – Қазығұрттың үстінен ұшақ ұшып өте алмайды деген әңгімені естіп пе едіңдер?..»



Иә, естігенбіз. Бала күнімізде ауылдағы қариялар: «Бұл киелі тау. Ықылым заманда жердің бетін топан су басып, ақырзаман туған кезде Нұх пайғамбардың кемесі осында жетіп тоқтаған. Оның үстінен қазір ұшақ тұрмақ, құс ұшып өте алмайды», деуші еді.


– Бүгінге дейін мен де шамамның келге­нінше Қазығұртқа қатысы бар деректерді жинап келем, – деді Қалекең орнынан тұрып, алға қарай адымдап. – Осы өлкеде болып өткен оқиғалар мен тарихи тұлғалардың өмірін арқау етіп, бір үлкен шығарма жазсам ба деген ойым бар еді. Бірақ оған анау Одақтағы қызмет, таусылмайтын жұмыс мүмкіндік берді ме… Енді қолдағы барды тізіп, деректі дүние ұсынбақпын. Мүмкін, соның ішінен мына сендердің керектеріңе жарайтын біраз дүние табылып қалар. Қанша дегенмен, көркем шығарма халықтың жүрегіне жақын, өміршең болады емес пе. Міне, осы жағын бір ойланып көріңдерші өздерің…


Кейін, арада біраз жылдар өткенде Қалекеңнің – жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов ағамыздың «Қазығұрт: аңыз бен ақиқат» атты кітабын қолыма алып тұрып, тау бөктеріндегі әңгімемізді тағы да бір рет ой елегінен өткізетінімді мен ол кезде әрине, білгенім жоқ.


Жалпы, Қалекең шығармаларының қай-қайсысы да Қазығұрт өлкесінің топырағынан, тарихынан нәр алып, мәуелеп жеміс салып жататын алып ағашқа ұқсайды. Біз осы, бала кезімізде-ақ ауылдағы үлкен кісілердің әңгімесінен естіп-біліп, кейіннен өзіміз қызыға оқып шыққан «Кәпірзада оқиғасы» драмасынан бастап, қаламгердің көзі жұмылар сәтіне шейін сарыла ізденіп, тірнектеп жиып, сом дүние етіп қалдырған «Қазығұрт энциклопедиясына» дейінгі еңбектерінен оның туған жерге деген ыстық махаббатын, жан жылуын сезінбеу әсте мүмкін емес.


Ел ішінде ежелден айтылып келе жатқан Қазығұрт аңыздарын алғаш рет көркем шығармаға арқау етіп, төрткүл дүниеге бедерлі тіл, бейнелі сөз арқылы жеткізген де осы Қалекең болар-ау, сірә.


«Кәпірзада оқиғасы» – кешегі феодалдық дәуірде Ресей патшалығына бас иіп, болыс-болысқа бөлініп, билік қуып, мансап жиған бай-шонжарлардың пасық пиғылы мен жымысқы саясатының құрбанына айналған мөлдір махаббаттың мұңлы да шерлі хи­каясы.


Шешімі де өте тосын. Сондықтан болар, бағзы бір замандарда бүкіл елді дүрліктіріп, естіген жанның жағасын ұстатқан бұл сұмдық оқиға ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, аңыз боп қалған. Бай-шонжарлардың бармақ бас­ты, көз қысты саясатының ойыншығына айналып, беделді кісіге тоқал боп барудан бас тартқан және өз теңіне қосылғысы келген жас қыздың алдынан тас қамал соғып, ежелден қыз алысып, қыз берісіп келе жатқан екі рулы елді ағалы-інілі туыс деп жар салып, «ата жолын аттады» деген сылтаумен бірін-бірі сүйген екі жасты тас боран қып өлтіреді…


Феодалдық дәуірден жарты ғасыр кейін, яғни өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында дүниеге келген біз Қалаубек Тұрсынқұловтың «Кәпірзада оқиғасы» атты драмасын оқығанда көзімізге жас алып, сол бір сұмдық оқиға өз басымыздан өткендей күй кешкеніміз анық. Бұл әрине, қатал дәуірдің келешекке сабақ болып қалар үлкен бір қателігі екенін де іштей жан-жүрегімізбен сезініп, түйсініп отырған болармыз-ау.


Ал «Анды-Қарақыз» ше?.. Ол да атадан ба­лаға, ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, кей тұстары ұмы­тылып, кей тұстарының бояуы оңып, уақыт ағынымен қалт-құлт етіп жүзіп келе жатқан ескілікті бір әңгіме, аңыз емес пе еді.


Қайран Қалекең сол аңыздың желісіне үңіліп, ойланып-толғанып, бұл күнде мәң­гі­лікке ескерткіш боп қалған бір көркем дүние сомдады. Ол – «Анды-Қарақыз» хикаяты.


Топан судай ақпарат тасқынына тап болған бүгінгідей қым-қуыт заманда «Анды-Қарақыз» аңызы ел есінен шығып та кетуі мүмкін еді-ау.


Қайсыбір жылы Тәңіртаудың сұлу да тәкаппар сілемдерінің бірі – Өгем шатқалына саяхаттап барудың сәті түскен-ді. Сол кезде Мақпал сайдың жоғарғы жағындағы шоқыға көтеріле беріп, қасымыздағы қорықшы жігіт Айдар: «Әне, ана-а-ау, көз ұшында көрінген – Анды-Қарақыз шоқылары, – деді алыстан қарауытқан жартастарға қарай қолын созып.


– Ілгеріде осы шатқалдың ішіндегі иір-иір жолмен қазақ-қырғыз бір-біріне жиі қатынап тұрады екен…».


Бүгінде асфальт жолға әбден үйреніп қалған біздің көзіміз қалың ағаш, бұта-бүрген өскен, жан-жағы тік жарқабақ, құзар шың боп келетін терең шатқалға жүрексіне қарайды. «Апыр-ай, аңыз да адам баласының аяғы жете бермейтін биіктегі тұп-тұнық табиғат аясында туады екен-ау», деген ой келеді басымызға.


Иә, Анды-Қарақыз да қатар қонған, бір-біріне қарайлас жатқан, тілі мен түрі ұқсас екі елдің жастарының арасындағы көз жасына тұншыққан махаббат аңызы. Міне, мынау Өгем тауындағы құз-қиялардың бірінен Қарақыз сұлуға тұтқиылдан атылғалы тұрған ақ барысқа ажал құштырып, қыз көңіліне шоқ салған қырғыздың Анды батыры одан қапыда айырылып қала береді.


Әлімсақтан ел мен елдің, адам мен адамның арасына от салып, бірі мен бірін қырқыстырып, қырылыстырып келе жатқан – дүние-байлық деген әзәзіл бар емес пе. Күндердің бір күнінде міне, сол әзәзілдің азғыруымен қырғыз барымташылары қазақтардың қосына шауып, қалың жылқысын барымталап алып кетеді. Мұндағы елге қорған болып отырған Айту батыр ол кезде жорықта жүр екен. Мұны қырғыздар өздерінің бір жансызы арқылы алдын-ала біліп алған ғой. Содан қыз да болса қайратты, батыр боп туған Қарақыз атқа қонып, жау соңынан қуа жөнеледі. Бетпе-бет келгенде жөн сөзге көнбеген Анды батырмен айқасып, әруақ қолдап, аттан аударып түсіреді. Тірідей намыс отына күйген жігіт жекпе-жектің шартын бұзып, қапылыста оған кездік жұмсайды. Сөйтіп, өзімен айқасып жан тапсырған батырдың бөтен емес, бөгде емес, өзі сүйген Қарақыз екенін білгенде аһ ұрып, әлгі кездікпен өзін де өлтіреді…


Міне, Анды-Қарақыз аңызы осылай аяқталады. Кезінде жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың шығармашылығын тұтас­тай зерттеп, «Қазығұрт перзенті» атты сүбелі еңбек жазып қалдырған белгілі әде­биет сыншысы Сайлаубек Жұмабек осы хикаят туралы: «Туынды, сөз жоқ, кемел суреткерлік қаламнан туған. Туынды, сөз жоқ, тарихи пафосымен мейлінше таң қалдырады, мейлінше тәнті етеді.


Трагедиялық аңыз осы шығарманың өнбойында трагедиялық повеске айналып кеткен! Трагедиялық повесть осы шығарманың өнбойында трагедиялық аңызға айналып кеткен! Повесть-аңыздың мұндай сирек табысқа көтерілуі, сөз жоқ, шебер де суреткер қаламның заңды жеңісі болып табылады. Сондықтан шығар, бүгінгі күнге дейін «Анды-Қарақыз» повесть-аңызын жазушы Қалаубек Тұрсынқұл прозашылығының – шығармашылығының шыңы, тәжі десек, әсте қателеспейтін болармыз», деп толғанады.


Бұл, әрине, даусыз шындық.


* * *


Біз, Қалекең екеуміз аяңдап болса да, біраз биікке көтеріліп қалған екенбіз. Енді міне, айналадағы ел, асу-асу бел анық көріне бастады. Қазығұрт, Қаржан, Қос мола, Өгем тауларының бөктеріндегі ауылдардың бірі алыстан бұлдырап көзге шалынса, тағы бірі тым-тым жақыннан қол бұлғап, шақырып тұрғандай болады. Әне, анау Атбұлаққа қараңызшы, әлгінде ғана жаяу адам терлеп-тепшіп, бір сағатта әрең жететін жер сияқты еді. Қазір болса, биіктен көз салған кісіге ауласындағы қазан-ошағы мен самаурын, тегештеріне дейін жарқырап көрініп жатыр.


Ал ана-а-ау – Жаңабазар, оның ар жағында Алтынтөбе, Тұрбат ауылдары. Иә, айтпақшы, Қалекең сол Жаңабазарда еңбек еткен екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, қан майданда «эфир снайпері» атанған байланысшы партизан, кеудесіне Кеңес елі мен Чех Республикасының орден­­­­дерін қатар таққан Әлихан Көшіков атамыз туралы да «Партизан Көшіков және оның достары» атты деректі әңгіме жазып еді-ау!


Иә-ә, ол тек Көшіков туралы ғана емес, барлаушы-партизан Дәріпбек Әбдірайым хақында да, сондай-ақ, соғыстан қайтпай қалған, есімдері бауырластар зиратындағы тас тақтаға қашалып жазылған боздақтар туралы да жазды емес пе.


Демек, көне замандарда туған Қазығұрт аңыздарымен қатар бұл елдің кешегі өткен тарихын, сондай-ақ, батырлары мен боздақтарының тағдырын да Қалекең өзінің көркем әрі деректі дүниелеріне арқау етті.


Жастайынан кешегі комсомол, партия ұйымының жұмыстарына араласып, бірқатар лауазымды қызметтер атқарған жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың қаламы деректі прозаға келгенде ешкімге дес бермей, замандас-қаламдастарының ортасынан суырылып алға шығушы еді. Сондықтан да, қалың оқырман қауым оның «Алыста қалған ағалар», «Олар оралған жоқ», «Поляр шеңберінің маңында» атты кітаптарын кезінде қызыға да құмарта оқыды. Сол арқылы соғыс жылдарындағы нақты, деректі дүниелермен, мәңгілік тоң басып жататын елдердің кешегі, бүгінгі тарихымен кеңірек танысты.


Қалекең құжатқа өте мұқият еді. Бірін­шіден, бұл оның сонау бір кездегі комсомол, партия, баспа ісі саласында лауазымды қызметтер атқарған жылдарында өткен өмір мектебінің жемісі болса, екіншіден, өзінің туа бітті, табиғи жаратылысында да жауапкершілік сезімінің жоғары болғандығын айғақтайды.


* * *


Әне, ана-а-ау бір тұста, Қазығұрт ауданының орталығы болып саналатын үлкен ауылда тағдыры Қалекеңнің шығармасына арқау болған бір ерекше жан тұрады. Ол жазушының ел ішіне кең тараған «Бүйрек» атты әңгімесінің прототипі.


О-о, бұл әңгіме кезінде Қазығұрт өңіріндегі үлкеннің де, кішінің де аузында жүрді. Өйткені, бүйрек ауыстыру дегеніңіз ол уақытта өте сирек кездесетін, аса күрделі операция еді. Әрине, қазір де оны оңай деп, ешкім айта алмаса керек. Бірақ, медицина саласындағы бүгінгі жетістіктер, атап айтқанда, жүректі трансплантация жасау, адам ағзасын клондау секілді бұрын-соңды ел естіп-білмеген жаңалықтар қазір бүйрек ауыстыруды кейінгі орындарға қарай ысырғаны анық.


Әйтсе де, бауыр үшін бауырдың, түптеп келгенде, адам үшін адамның қатерге бас тігіп, өз етінен ет кесіп беруі – көркем әдебиеттегі туысқандық, бауырмалдық, қимастық сезімдердің өмірден алынған нақты көрінісі болып қала беретіндігі заңды. Жазушының «Бүйрек» әңгімесі міне, сонысымен де құнды, сонысымен де бағалы. Таратып айтқанда, сонау бір жылдары ажал аузында жатқан інісіне өзінің бір бүйрегін беріп, Мәскеуде өте күрделі операция жасатқан жанның жүрегіндегі бауырмалдық сезімі адамгершілік құндылықтарды арқау еткен көркем шығарманың өзегіне айналған.


* * *


Қалекең жалпы, тумысынан дипломат, ұйымдастырушы, қайраткер тұлға. Сондықтан да болар, көп уақытын шығармашылықтан гөрі қызметке, сан-салалы қоғамдық жұмыстарға арнағандай болып көрінеді. Әйткенмен, жазушының шығармашылығына зер салып қараған оқырман оның өз шығармаларына арқау еткен әрбір дерекке, әрбір кейіпкерге жіті үңіліп, мұқият әрі тыңғылықты түрде зерттеп алған соң барып қаламға жүгінетіндігін аңғарады. Қазақстан Жазушылар одағында ұзақ жылдар бойы хатшы болып қызмет атқарған Қалекеңнің көзін көрген замандастары да осы қасиетін баса айтып: «Қалаубектің қолынан өткен хат болсын, құжат болсын мынау қоғамның кетігіне қаланған кірпіш сияқты кәдеге жарап кете беруші еді», деп еске алып отырады. Демек, қызметте де, шығармашылықта да ол әрбір мәліметке әманда ұқыпты болған кісі. Әрине, жазушы шығармашылығындағы бұл қасиеттің уақыт өткен сайын қадірі артып, бағалы бола берері хақ. Өйткені, кешегі күннің деректеріне үңілген бүгінгі, келешек оқырмандар үшін әрбір мәліметтің нақты, шынайы болғандығы маңызды емес пе.


* * *


Қазығұрт тауының биігіне көтерілген соң Қалекеңнің төңіректегі тіршілікке ойлана қарап, ұза-а-ақ тұрып қалған кейпі кейінгі күндері көз алдыма жиі елестейтін болып жүр.


Кейде тіпті: «Қандай-қандай ойлар келді екен қиялына?.. Бәлкім, болашақта жазсам деген шығармалары мазалады ма?! Әттең, оның бәріне үлгеріп, аяғына жету мүмкін емес қой… Қазекемнің мына өмірді «Қамшының сабындай қысқа» деуі де содан шығар» – деген ой келеді.


Жалпы, бұл пәниде пайғамбар жасынан асқан кісілердің ауық-ауық өз ғұмырына шүкіршілік етіп, «е-е, шырақтарым, біз асарымызды асадық, жасарымызды жасадық» деп отырғанын естігенімізбен, «мен өз шы­ғар­машылығымда айтарымды айтып, жазарымды жазып кеттім» деген қаламгерді көрмегенімізді мойындайтын сәт туған секілді.


* * *


Қалекең ғұмыр бойы Қазығұртты пір тұтып өтті. Соңғы демі үзілгенше «Қазығұрт энциклопедиясын» құрастырып жатты…

Туған жер, өскен өлкеге деген шынайы махаббаттың жарқын үлгісі осы болар-ау, сірә.



Нұрғали ОРАЗ,

жазушы, халықаралық «Алаш»

сыйлығының иегері.


egemen.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар