Ыбырай Алтынсарин хаттарын қайта оқығанда

Бөлісу:

02.11.2017 9123

Ұлы ұстаз Ыбырай Алтын­са­риннің ақыл-ойы, пайым-парасаты, бар болмысы хаттарында.

Ақтөбе екі сыныптық орыс-қазақ мектебінің мұғалімі А.А.Мозохинге жазған бір хатында: «Я, айтпақшы, мен Сізге бір кішкене сөгіс берейін деген едім, – деп жазады. – Сіз маған жазған хатыңызды «Ұлы мәртебелі» деп лауазымнан бастайтын сұмдығыңыз не? Достар арасында және олардың хаттарында лауазым айтылушы ма еді? Ондай сөздермен мені ендігәрі ұялтып, қызартып жүрмеңіз, әйтпесе мен де Сізге хатымды «сіздің ұлы мәртебеңізге» деп бастайтын боламын» [1882, 22 қаңтар].

Бұл – кішіпейілділік. Кішіпейіл­ділік – Алла тағаланың пендесіне берген ерекше мінез-құлқы. Мұхам­мед пайғамбар бір хадисінде: «Кім кішіпейілділік көрсетсе, Алла оның мәртебесін өсіреді. Ал кімде-кім көкірек қақса, Алла тағала оны мұрнымен жер сүздіреді», – дейді.

1884 жылғы 14 қыркүйекте Н.И.Иль­минскийге жазған хатында: «Ал енді құдай басыма не салса да мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта да қайтпаймын. Құдайым тек адам баласының жауыздық қы­лықтарына қарсы тұруға, нахақ жала-жапсардың күйігінен арманда кетпеуге дем берсін», – деп Алла та­ғаладан медет сұрайды. Бұл сөзі әрі оның елі үшін басын бәйгеге тіккендігінің дәлелі. «Менің оқу жұмыстарым, Құдайға шүкір, жаман жүріп жатқан жоқ», – деп Аллаға рахметін айтады. Екі-үш сөйлем ішінде Құдайды үш мәрте аузына алады. Бұл да Ыбырайдың хаққа сенгендігінің куәсі. Алланың ардақты елшісі Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ең жақсы адам – басқаға пайдасы тиген адам» дейді. Ыбырай елге пайдалы адам болғысы келеді. Хадисте: «Алла тағалаға құлшылық ет! Аллаға ешкімді теңестірме» делінсе, Ыбырай сол қағиданы ұстанып, Құдайға жалбарынып, күш-қуат беруін сұрайды.

Ол тұста еліне пайдалы адам болудың өзі қауіпті еді. «Отандас­тарына пайда келтірейін деп аға сұлтан болғысы келген» Шоқанның да, халық қамын жеп «мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың да тос­қауылға тап болып, тауы шағылған. Ыбырай да солардың кебін киді.

1862 жылы 26 қаңтарда Н.И.Иль­минскийге жазған хатында: «Бір хатыңызда Сіз менің хатым­ды басқаларға көрсетіп едім, олардың бәрі де сені мақтады депсіз. Қайы­рымды Николай Иванович, маған олардың мақтауынан не пайда бар?» – деп қынжылады. Осы хатында «Менің бұл жағдайымда, құдайым маған көмек етсе және дәрменім жетсе, мен азды-көпті қазақ халқына ғана пайдалы бола аламын, ал басқа ұлттарға, халықтарға, әрине, түк пайдам болмайды», – дейді. Яғни, Ыбырай бос мақтанды жек көреді, бір ұлтқа ғана емес, бар халыққа жанашыр, пайдалы адам болуды көксейді.

Педагог ақынның бұл арман-тілегін «Өсиет өлеңдеріндегі»:

«Адамның адам біткен баласымыз,

Қайсың бөлек тудың деп айырайын», – деген жолдардан да аңғару қиын емес.

Н.И.Ильминскийге 1864 жылы 16 наурызда жолдаған хатында «Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан да әсер етуге бар күшімді салып отырмын, – деп жазады. – Күлсеңіз күле беріңіз – мен кейбір оқудан бос уақыттарымда оларға ресми түрде молда да болып қоям; сөйтіп оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді қосып айтамын».

Мұсылман дінінде пара беруші де, пара алушы да күнәһар. Хадисте: «Пара алған адамды, пара бергенді және ортадағы делдалды Алланың қарғысы атсын», «Пара берген де, алған да отқа күйеді» делінеді.

Мұхаммед пайғамбар хадис­терінде тазалықты – тән тазалығын да, жан тазалығын да ардақ тұтып, оны үнемі насихаттап отырады. Тән тазалығы жалпыға белгілі жайт, жан тазалығы – рухани тазалық; тақуалық, ықылас, әдептілік, туралық, сенімділік, үнемшілдік, жылы жүзді болу, терең ой (тәфәк­күр), кішіпейілділік, тәуекел, табан­дылық, жомарттық, даналық (хикмет), жақын адамдармен қарым-қатынас жасау.

Ислам дінінің таралуына қазақ жерін толық жаулап алғанша Ресей империясы еркіндік беріп, қамқор­шысы болғансыды. Ыбырай сол кезеңде өмір сүрді, дінінен безген жоқ. Ыбырайды атеист етіп көр­сетуге барынша тырысқан кешегі кеңес дәуірі. Сол кезеңде жазылған мына бір пікірді оқып көріңізші:

«Алтынсарин дүниетанымының мән-маңызын анықтауда оның ислам мен халық діншілдігіне қарсы күреске арналған қызметі мен творчествосының бір қыры ерекше назар аудартады. Алтынсариннің ағартушылық және дінге қарсы қызметі өзара тығыз байланыста болды, сондықтан оның біреуін заңды нәтиже және екіншісінің жалғасы ретінде қарастыру керек. Ол діннің қазақ қоғамы өмірінде ерекше орын алатындығын байқады. Сонымен қатар, қазақ халқының өз бетімен діншіл еместігін, үстем таптың күштеуімен енгендігін мойындады».

Ыбырайды атеист етіп көрсету коммунистік қоғам салтанат құрған заманда жазылған басқа еңбектерде де кездеседі. Бірақ дәл мына мақа­ладағыдай белден басып, бұра тарту байқалмайды.

Біз Ыбырайдың барлық шығар­маларын: өлеңдерін, әңгімелерін, хаттарын, мақалаларын қайта-қайта оқып, ислам дініне қарсы айтылған бірде-бір пікір таба алмадық. Қайта оның «Қазақ хрестоматиясы» Құранға, Мұхаммед пайғамбардың хадистеріне негізделіп жазылғанына көз жеткіздік. Енді хаттарын қайта оқып, мұнда да қасиетті Құранға, Мұхаммед пайғамбар хадистеріне сәйкес келетін ой-пікірлер барына куә болып отырмыз. Әрине, Ыбырайдың мақсаты дін тарату емес еді. Алайда, оның дін тарихымен таныстырып, ислам құндылықтарын жас ұрпақ санасына сіңіруді ойлағаны айдан анық.

Ыбырай Ислам дініне емес, жүйесіз, мағынасыз кітаптарды оқып, бір бағытта – яғни, тек шариғат үкімдері туралы мәселелерді ғана үйреніп сыңаржақ тәрбие алған шала сауатты татар, Бұқар медреселері шәкірттерінің ауыл балаларына молдалық жасауына қарсы болды. Осы жайды ескертіп: «…шариғат, мысалы, әртүрлі ғылымдарды, өнерді қай халықтан болса да үй­ре­ну­дің керектігін ешбір жерде теріс демейді», – дейді – ол – түрлі «фәндерді», басқаша айтқанда, әртүрлі ғылымдарды, есепті, медицинаны және астрономияны (ғылму-хисаб, ғылму-тып, ғылму-хаят, уә афлах) оқуға, тіпті, міндетті екені дәлел бола алады». [И.Н.Ильминскийге жазған хатынан].

Ұстаздың бұл айтып отырғаны Мұхаммед пайғамбар хадистеріндегі «Қытайдан болса да білім ал, себебі, білімді болу әрбір мұсылман үшін міндетті» деген қағидаға дәлме-дәл келеді. Шындығында да ислам діні тарихында аттары бүкіл әлемге танылған, білім мен ғылымның дамуына баға жетпес үлес қосқан данышпандар жетерлік. Дәрігер әрі философ – Ибн Нәфис (1210-1288 ж.ж.), дәрігерлердің ұлы ұстазы Ибн Сина (980-1037 ж.ж.), химия ғылымдарының ұстазы Жәбір Ибн Хаййан (737-813 ж.ж.), әлеуметтану ғылымдарының негізін салушы Ибн Халдун (милләди 1332-1406 ж.ж.), оптика ғылымдарының негізін салушы әл-Хасан ибн әл-Һәйсәм (милләди 965-1039 ж.ж.), алгебра ғылымының негізін салушы әл-Хорезми (милләди 775-835 ж.ж.), қазақ топырағынан шыққан ұлы ғұлама әл-Фараби (милләди 775-835 ж.ж), ұлы философ әрі даңқты астроном әл-Бируни (милләди 973-1048) т.б. соның айғағы. Олар әлемдегі білім, ғылымның дамуына үлкен әсер етіп, мән-мазмұнын мәңгі жоғалтпас еңбектер жазып қалдырған.

Ислам діні ешқашанда білім мен ғылымның дамуына бөгет болған емес, қайта оны насихаттап отырған. Хадистерге жүгінейік:

«Білімді игеру – әрбір мұсыл­манның міндеті. Дүниедегі жара­тылыстың барлығы білімді игерген адамның күнәсін кешіруді өтінеді…Бір сағат ішінде білімді игеру бір түнді жалбарынумен ұйқысыз өт­кізгеннен артық. Бір күн бойы білім үйрену үш ай ораза тұтқаннан жақсырақ…Білім үйрену ғибадаттан да артық және ол діннің де тірегі».

Ыбырай «Облыстық басқар­маның мынадай нөмірлі бұйрығы бойынша» деген сияқты ресми сөздерді жаттаудан не пайда болмақ? [Ильминскийге хатынан], – деп, мектепті бтірген балалар жан-жақты білім алуы керегін алға тартты. Шала сауаттылықты ұнатпады. Ал Ресей империясының қазақ жері­нен мектеп ашудағы мақсаты облыстың әкімшілік кеңселерінде қызмет істейтін тілмаштар, ұсақ чиновниктер дайындау болатын. Олар қазақ балаларының терең білім алуынан ұлттық саналарын оятып, өзімізге қарсы қойып аламыз деп сескенді. Ұлы ұстаз алған бетінен қайтпады, бірақ бұл ісі үкіметке ұнамады. Сондықтан да ол Ильминскийге: «Менің өз ойым және істеп жүрген ісім үкіметтің ұстаған бағытына толық сәйкес келетін болғандықтан, бұрын мен қажетті жерінде бастықтардың өздері де қолдайды ғой деп сенуші едім; бірақ бұған да сене беруге болмайды екен». [1884, 14 қыркүйек] – деп күйзеле жазды.

Ыбырай 1889 жылы 15 маусымда В.В.Катаринскийге жазған хатында ауырып жүргенін, дәрігерлер қарап, дәрі-дәрмек беріп емдеп жатқанын алайда, жағдайы әлі жақсара қоймағанын айтып: «Өзімді бір Құдайға тапсырдым, тағдырда жазылғаннан артық ештеңе болмайды ғой», – деді. Бұл – нағыз мұ­сыл­манның сөзі. Өйткені, Құранда: «Алла сендерді де, сендердің іс-әрекеттеріңді де жаратты» («Саф­фат сүресі, 96-аят»), – делінсе, пай­ғамбарымыз (с.а.у.): «Адамға ананың құрсағында жатқанда Алла тағала не жазса, сол болады», – деген. Қазақ «пешенесіне жазылған» дегенді жиі айтады. Пешене парсы тілінде – маңдай. «Әлімсақтан», «баяғыдан», «ертеден» деген сөздердің бір баламасы – (синонимі) «бесенеден». «Бесенеден белгілі» дегендегі бесене де осы «пешене». Тағдырды мойындау мұсылман үшін – парыз.

1885 жылы 26 қазанда А.А.Мо­зохинге жазған хатында «… бір араб философы бақыттылық пен байлық неде дегенде – «ынсаптылықта» деп жауап берген екен: міне, осы ақылды алыңыз», – дейді.

Алла елшісінің хадистерінде: «Алланың бергеніне қанағат қылу – бұл берекеттің ешқайда кетпейтінінің кепілі» деп көрсетілген.

Жоғарыдағы Ыбырайды атеист етіп көрсететін мақалада «Мұсыл­маншылықтың тұтқасы» кітабы да, «Өсиет өлеңдері» де Ислам дініне қарсы жазылған деген пікір айтылады.

Ұлы педагог хаттарындағы, өлең­дері мен әңгімелеріндегі айтыл­ған ойларды өз пікіріне икемдеп, тіпті, Қ.Бисембиев Ыбырайдың дінге көзқарасы жайындағы дұрыс пікірлерінің өзін теріске шыға­рады. Сөйтіп, Ыбырайдың дінге көзқарасын кешегі кеңес дәуірінің солақай саясатына бұрып, діннің бітіспес жауы етіп көрсетеді. [«Ыбы­рай Алтынсарин көзқарасы» // Ыбырай Алтынсарин тағылымы. Әдеби-сын мақалалар, зерттеулер. –Ал­маты: Жалын, 1991. -293-310 б.б.].

Кітап 1991 жылы жарық көрген. Жинақ соңында «зерттеу осы жи­наққа арнайы жазылды» деп көр­сетіліпті (382 б.). Осындайды ұлы бабамыздың:

Аласы ағайынның алаңдатты,

Көре алмай көп ішінен жамандатты.

Шоқынды, кірес тақты, кәпір болды деп,

Келгенін ауызына айтып бақты.

Надандық қандай қызық қарап тұрсаң,

Көңілі соқыр көрмейді көзге ұрсаң.

Бабын қалай табасың бұл қазақтың,

Басқа тебеді, жаныңды құрбан қылсаң.

Бар айыбым баласын оқытқаным,

Орыстың біліміне тоқытқаным.

Орыссыз кеңімейді өрісің деп,

Айтқанымнан атандым «кәпір-залым», – деген налалы өлең жолдары еске түседі. Тірісінде айтылған осындай жалалы өсек-аяңнан әлі күнге дейін арыла алмай жүрміз.

Біздің айтпағымыз – мұндай мақалаларды жинақтарға қосып, жастарымызды хақиқат жолынан адастырмағанымыз абзал.

М.Әуезов Ы.Алтынсариннің қалың елге адамшылықты ем қыл­ғанын айтып: «Кейде дін өсиетін үлгі қылып ұстайды. Зар заман ақындарының ішінде дін сарынын шығарып, дін мейманалығын ұстанатын ақын – Алтынсарин» демеп пе еді?! «Өсиет өлеңдерінің» екі шумағын мысалға келтіріп: «Дін сарынының келетін өсиеті тәкаппар болмау, сабырлы болу, әділдікпен иесінен ұялу, иман байлығын жиюға тырысу, осы үлгінің барлығын дін жақсыларының өміріндегі мысалдармен айтады» – деп Алтынсарин өлеңдерінің діндегі адамгершілікті үлгі етуімен құнды екендігін де айтқан М.Әуезов болатын.

Ыбырайдың Н.И.Ильминскийге 1882 жылғы 12 қыркүйекте жазған хатын оқып көріңіз.

«Сонымен, бірінші жағынан, халықтың өз дінін білу жөніндегі талабын, бұл талапты ешбір шарамен тоқтатуға болмайтынын еске ала келіп, екінші жағынан, осылай болған соң қазақ жастарына өзінің ана тілінде жазылған, мұсылман дінінің негізгі рухына толық сай дін оқытуға негізгі құрал бола алатын оқу құралын жасап берудің қажет екендігін еске ала келіп, мұның үстіне мүмкін болғанынша, біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс ба­ғытқа түсіп кетпеуі үшін, ал, екін­шіден, қазақтың жазба тілінде татар тілінің орынсыз етек алуына жол бермеу үшін (бұл – қазақтарды татарландырудың ең сенімді тәсіл­дерінің бірі ғой), мен соңғы кезде Мұхамбет шариғатын үйрене бас­тап, осыған қоса жіберіліп отырған оқу құралын құрастыруға кірістім».

Ұлы ұстаз өзінің алға қойған мақсат-міндетін тайға таңба басқан­дай етіп жазып көрсеткен емес пе?! Ыбырайдың бұл ойлары, тіпті, кеше ғана айтылғандай, бүгінгі күн талабына да сай келеді. Өйткені, кей жастарымыз жат ағымдарға ілесіп, ата-баба дәстүрін сыйламайтын болып барады.

Ыбырай бұл оқулықты жазудағы мақсатын одан әрі де түсіндіре түсіп, құдай алдындағы парызын әрбір мұсылман білуге міндетті екенін, қазақтардың орыс әрпін жатсынатынын, сондықтан да міндетті түрде араб әрпімен шығару керектігін ескертеді. Кітап неше бөлімнен тұратынын да айтып, олардың мән-мазмұнын таныстырады.

Бір Аллаға сыйынып бар ғұ­мырын халқының қамын ойлаумен өткізген Ыбырай Алтынсарин парасат-пайымы жоғары ұлы тұлға. Ол діннен безді деу – жала! Ислам дінінен безу – Ыбырай үшін ділінен, әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен, бар болмысынан, түп-тамырынан ажырау. Өйткені, Батыс, Шығыс, Еуропа мәдениетінен нәр алып, қай істе де шындыққа жүгінгенімен де, оның дүниетанымы – қарапайым қазақы түркілік дүниетаным.

Серікбай Оспанұлы,

Қостанай мемлекеттік педагогикалық

институты жанындағы

«Ы.Алтынсарин мұраларын

зерттеу орталығының» маманы

Бөлісу:

Көп оқылғандар