Талғат ЕШЕНҰЛЫ: АЙТШЫ ЕНДІ, АҒА?!.

Бөлісу:

08.04.2016 3278


Талғат Ешенұлы

Айтпадың деп...
Айтып жүрміз.
Айтқанменен не шара?
Айтқан жандар қайтіп жүрміз –
Айға ұлыған бейшара.


Қара сөздің қамшысымен
Қан қып тіліп арқаңды.
Қара көздің тамшысымен
Көл қып тұрып сортаңды,


Айтпады ма, жаны ауырған
Талай жақсың, не амал?
Тағдырлары – қарауылда –
атар, асар, жоғалар.


Ебін тауып, шетте қалып,
Кіл қайраткер аты аңыз.
Кеңсай жақты бетке алып,
Шұбап бара жатамыз.


Абыз шалдардың керегі –
Сайрау менен сайлауда.
Дәм тасимыз түрмедегі
Азаматқа айдалған.


«Сауға» дейді жылаған көп,
«Тәубе» дейді бір ағам.
Бас көтерер бір адам жоқ,
Ердің құнын сұраған.


Жерін сатып, елін алдаған,
Жұтқан, жеген, талаған.
Қорғайтұғын жан қалмаған
Соттан, оттан, обадан.


«Өлдік!» деген біреу бар ма?
«Теңдік!» деген дауыстап,
Батыр шықса – дырау қолда,
Ақын шықса – «ауыш» деп.


Тілін кесіп, күпілдейміз,
Таз басына таяқ боп.
Өзімізді түтіп жейміз,
Өзге жұртқа бәйек боп.


Осы, міне, сорлы күнің,
Ұмыттырған Құдайын.
Бүйткен ауызбірлігінің
Мен де аузын ұрайын!


Сенің де, аға, бар білгенің –
Аман қалу қайтсең де.
Енді тыныш қалдыр мені,
Айтпадық па?
Айтшы енді?!.


Жазғырасың тағы ініңді,
Айтпадың деп бірдеңе.
Не істе дейсің, қабірімді
Қаздырмасам іргеңе!..


Бөлісу:

Көп оқылғандар