Дүкен Мәсімханұлы: Мұңын тауға шағады тау баласы…

Бөлісу:

20.04.2016 4091


дукен.jpg

ӨТІНІШ


Беу, Елім!
Күндерім күліп,
Семсерім тіліп,
Қайратым тасып,
Ақылым асып тұрғанда –


Бойда қан қайнап,
Көздерім жайнап,
Тіл мен жақ сайрап,
Бес қару сайлап тұрғанда –


Жалыным қарып,
Жауларым налып,
Табаным қызып,
Қамалды бұзып тұрғанда –


Тілегім қунап,
Жүрегім тулап,
Толысып, толып,
Кеудені соғып тұрғанда –
Көтерт маған тауыңды,
Көрсет маған жауыңды…




СЕН. МАХББАТ. ӨЛЕҢ.


«Көлеңкеңді бір көрсем» деп армандап,
Жиі өтемін үйлеріңнің тұсынан.
Кейде әкең қараң ете қалғанда,
Шаң шығады аяғымның ұшынан.


Бардым тағы үйлеріңе кеше мен,
Терезеден бұлғамадың қолыңды.
Жүріп келем сен жүретін көшемен,
Бұрынғыдай торымаймын жолыңды.


Бір жаңалық, – мен шылымды бастадым,
Көзім алды будақ-будақ көк тұман.
Сен жалт еттің көз алдымда қас-қағым,
Іздеп мені келгеніңе жоқ күмән.


Міне мынау біз жүретін саябақ,
Бақ емес бұл, уақыттың ұрысы.
Жерде жатқан жапырақты аялап,
Жүре алмадым, (баса алмадым – дұрысы).


Кері қайтым, барар бағыт жоқ менде,
Жапырақтар жайрап жатты жолымда.
Үйлеріңнің дәл тұсынан өткенде,
Құйды нөсер (бақытым ба, сорым ба?!)


Жандалбаса бір қалқаға ықтадым,
Сен жарқ еттің найзағайдың нұрындай.
Мен өзіңе айтар сөзді жұптадым,
Кетіп қалдың, маған сәтке бұрылмай.


Ұмтылмадым, қусам мүмкін жетер ем,
Жапырақтар жауып кетті төбемнен.
Саған еріп бақилыққа кетер ем,
Қоштаса алмай әлі жүрмін өлеңмен…



АСЫЛ АҒА
(Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері,түрколог-ғалым Әділ Ахметовке)


Жан сарайы – таңдарымдай арайлы,
Маңайына нұр, шуақпен қарайды.
Күн көзіндей қызуы мол пейілі –
Алты Алаштың тамырына тарайды.


Ойлағаны Отан қамы, ұлт қамы,
Ел жыртысы қайда барса жыртқаны.
Өйткені ол –Хан-Тәңірдің қыраны,
Өйткені ол – Ұлы Дала сырттаны.


Міне осындай, Әділ ағам – тарлан ұл,
Ғылымда да өз соқпағы бар ғалым.
Жаһан оған жатып жастық болса да,
Өз еліне бұлдамайды салмағын.


Бұлдамайды салмағын да, даңқын да,
«Мен! Мен!» деген о баста жоқ салтында.
Бар тірегі – Алласы мен Отаны,
Бар үміті – қанағатшыл халқында.


Жатыр ізі сайрап білім көшінде,
Өмір жолы бар қазақтың есінде.
Өзі, сөзі, жаны, ары… бәрі де
Шын лайық Әділ деген есімге.


Әділеттің, ақиқаттың досындай,
Ұстаз, ғалым, Азамат ол – осындай.
Қазақ, орыс, ағылшынша тең жазып,
Үш тілде де көсіледі тосылмай.


Ертең жайлы ойламаңыз күдікті ой,
Үмітке ерсең, жүреді ылғи жылып бой.
Сол үміттің шоғын үрлеп отырған –
Әділ дейтін ұлы қазақ біліп қой…



ТАУЛАРҒА ТАБЫНАМЫН


Белдеу-белдеу белең тау, белесі көп,
Өткен күннің белгісі, елесі жоқ.
Өздеріңдей қайсарлық, өрлікпенен,
Биігінде киіктей орғып келем.


Қырқа-қырқа қырат тау, қырқасын-ай,
Сен дегенде тұра ма жыр тасымай.
Шалқып келем төсіңде, шауып келем,
Сенде жүрсем, қашады қауіп менен.


Жылға-жылға, жылға тау, жырасы гүл,
Тау елінің байлығы, мұрасы жыр.
«Шабыт» атты шәмкөстеу құр атпенен,
Жырым-жырым жыраға құлап келем.


Қысаң-қысаң, қысаң тау, қысаң қорық,
Қысаңдардан қысылмай ұшам қонып,
Қаратауым аманда қайғыра алман,
Әлдилейді әманда айдын-арман.


Шодыр-шодыр шошақ тау шоқылары,
Шоқыларға шошайған шоқынамын.
Шоқысызда тауларым әсем де емес,
Шоқым барда талғамым бәсеңдемес!


Асқақ-асқақ аспан тау асқарлары-ай,
Аймалаған шекесін аспандағы ай.
Аспан тұлға кең халық ұрпағымын,
Асқар шыңда ақырған бір тағымын.


Көп-көгілдір, көгіш тау, көке белдер,
Кеуделерін төсеген төте желге.
Сан дауылға қайыспай тік тұрғаным,
Сенің арқаң!
/Тау, сенен жұқтырғамын/.


Тұма-тұма тауым-ай, бұлақ-бұлақ,
Бұлақ жатыр сайларда құлап-сұлап.
Тау суындай кіршіксіз таза көңіл,
Тау суындай жап-жапдақ қазақ едім.


Балбал-сынтас, үңгіртау, үңгірі жыр,
Үңгіріңде бабамның күңгірі жүр.
Шежіре айтсаң кешеді жаным қайғы,
Сол қайғымен сорым да қалыңдайды.


Қара, Сары, Алатау, Шұбар тауым,
Сендер менің сарқылмас жыр арқауым.
Мұңын тауға шағады тау баласы,
Бабасының жатқан соң тауда басы.


Тау туралы болған соң таудай таным,
Асқарды айтам, таусылып тауды айтамын.
Менің әнім – тау әні – Абай әні,
Қайталанар бұл әнім талай әлі.


Мен табынсам тауларға табынамын,
Мен шағынсам тауларға шағынамын.
«Менің де ылғи түсіме тау кіреді»,
Әлмисақтан біз деген таудың елі,
Мұң-жырымды, тілімді тау біледі.


ТАРТАДЫ ЖАНЫМ АЛТАЙҒА


Шежіресі мол біз ұғар,
Жазып ал, жаным, сызып ал.
Ерлердің егей ізі бар,
Ақиық өскен құзы бар,
Бірліктің дәм мен тұзы бар.
Ақ марал – ару қызы бар.
Көктемі шекер, күзі бал,
Алтайға жаным қызығар.
Жазып ал жүрек, /сызып ал!!!/


Шалқайма қиял, шалқайма,
Қартайма көңіл, қартайма,
Аңысын естіп марқайған,
Тартады жаным Алтайға!
Қарт таулар шомып қарт ойға,
Алтайда тұр-ау, Алтайда.
Тартсаңдар сендер тарт айға,
Айрылмас жаным Алтайдан.
Тартатын болсаң Алтайға,
Қартайма жаным, қартайма.
Тартады жаным Алтайға!!!


ҮШІНШІ ЖҰРТ


Асырғанша арманын ұзын белден,
Біздейлердің он, елу… жүзін көрген.
Айналайын қайын жұрт мені жіліп,
«Азамат!» деп ардақты қызын берген.


Қонысында – Сауыр тау – ұзын керде,
Тойлағанша көктемді, күзің келген!
Айналайын қайын ата – зиялы шал,
«Кісі иісің бар-ау», – деп қызын берген.


Аямайтын дәмін де, тұзын да елден,
Сан қаңтарын, өмірдің күзін көрген.
Айналайын қайын ене – ардақты ана,
«Көргенді ұл», – деп көрікті қызын берген.


Сері ауыл-ай, жаралған сенімдерден,
Аямаған асылы – жерін де елден.
«Қыздың пұлын қынына сүрте салып»,
«Теңін тапқан қыздарын тегін берген».


…Балдыз қыздар, бал мінез, киік мүсін,
Әзіліне тұр бәрі жиып күшін.
Олар қайдан жек көрсін жезде ағасын,
Апасының арланын – сүйіктісін…


Алатұғын менің бір жазам бардай,
«Боқмұрындар» қоймайды-ау мазамды алмай.
Басы қышып, басбағып әзілдейтін,
Бәрінен де бағалы бажам қандай!


Жеңгелер жүр, жайдары, жарқыл қағып,
«Жеңгетайлық» жолының артын бағып.
«Бақытты екен еркеміз», – десіп бәрі,
Түсініп жүр, біліп жүр нарқымды анық.


Қызды ауылды қызғыш боп кім кезбеген,
Ториды да, қориды гүлді өзгеден…
Қай түрі деп жігіттің қайта-қайта,
Қайынбике қарайды сын көзбенен.


Қайнағалар қатулы, сызданады,
Қалжыңдардан қаламыз біз манағы…
«Бойжеттіге» қимайтын қарындасын,
Үйленуден, байқаймын қызғанады.


Көкпар кетті.
Қызыққа айналды әлем.
Міне күрес…
Шығыңдар сайланған ер.
«Күйеу, күйеу», – деп бәрі құрақ ұшқан,
Айналайын салтыңнан Пайғамбар ел.


Әр барғаның бір қызық қайын жаққа,
Сауыр тауға – сар дала, сайын баққа.
Келіншегің қыз болып кетер еді,
Қайын жақта кездессең қайың жаққа…


Мейлі мені ұнатпа, ұнатып өт,
О, қайын жұрт, құп болғай құба тілек!
«Үшінші жұрт» сендерді еткен маған,
Қыздарыңа қыпша бел, рахмет!



ЕЛЕС


Мен саған келіп едім пана тілеп,
Қақпаңда түн отырды қара түнек.
Кері қайттым, іздедім көшелерден,
Уақыттан сұрадым кешегі өлген.


Мен сені Тәңіріммен егіз деймін,
Жан қысылса шарқ ұрып сені іздеймін.
Сені іздедім Тұранның даласынан,
Сені іздедім тұманның арасынан.


Сені іздедім жазымнан, қысымнан да,
Қол ұшын бір берер деп қысылғанда.
Әдетімен ежелгі ғашықтардың,
Ту сыртымнан көзімді басып қалдың…


Жалт қарадым, бұрылмай кете бардың,
Қап-қараңғы түнек түн екен алдың.
Көзімді ілсем, түсімде жолығасың,
Құндақтаулы бірақ та қолы-басың.


Ұзақ қарап тұрасың, үндемейсің,
Көзіңменен бір сырды жүлгелейсің.
Сол сәтте құшақтауды лайық көрдім…
Қол созып ем, із-түзсіз ғайып болдың.


Мен өзіңді Тәңірдей барға санап,
Іздеп келем әлі де далбасалап…
Бұл өмірде барсың ба ДЕМОКРАТИЯ?!



НАН


Өмір – өмір, тірлік – тірлік нан барда,
Наның болса қам бар ма?!
Наның жоқ па?
Жыла, сұра Құдайдан,
Байға жылап, патшаны іздеп сандалма!


Наның – жерде.
Малда – етің, сүтің де,
Күтімдесең, қара жерді күтімде.
«Уәлилердің» уәдесіне сенгенше,
Мал қораңды бүтінде.


«Ашқан қарын майлы ас жемей жұбанбас»
Абай айтса қайсы қазақ құп алмас.
Ел басынан қырсық кетпей бауырым,
Жерге ырыс, ерге дәулет құралмас.


«Теледидар»: астық тола қамбада…»
«Хан сарайын соғып бердік малға да…»
«Алтын алқа іліп қойдық талға да…»
Бұның бәрі қиял… мүмкін, жарнама.


Азат аспан, бұлты бірақ тамбайды,
Бір сөз айтсам, әй,итім де нанбайды.
Мұнай тұнған, алтын шөккен өлкенің,
Адамына нан қайғы!


ҚАЗАҚСТАН, ҚАЙДАСЫҢ?


Отаныма туды ғой деп азат күн,
Мен шетелден елге оралған қазақпын.
Шекарадан өтпей тұрған кездегі –
Қиялдағы Қазақстан,
…Ғажап-тын!!!


Келдім-дағы бір күдікке мінгестім,
Алатаумен тілдестім,
Сарыарқада күн кештім.
Алакөлді айналдым,
Шалқыған шалқар Каспийдің
Толқынына үн қостым.
Ендей де, бойлай шарладым,
Таппадым сені ардағым…


Көк дөненімді тағалап,
Ертістің бойын жағалап,
Қос қанатымды сабалап,
Сырдың да бойын сағалап,
Іздеуден сені танбадым,
Таппадым, бірақ, ардағым.


Қыс-жазым өтсе, күз дедім,
Ертеңнен күдер үзбедім.
Табам деп күнде өзіңді
Жиырма бір жыл іздедім.
Таппадым, бірақ талмадым,
Қайдасың, менің ардағым?


Ашылсын көзім, жайнасын,
Шешілсін тілім, сайрасын.
Ырысым, құтым өзімнің –
Қазанымда қайнасын.
Биі мен бегін Алашым,
Адалынан сайласын.
Адасқан күндер айыбын –
Босағама байласын.
Алашымнан туған ұл –
Антынан берген таймасын.


Осы еді менің арманым,
Жалғанда жалғыз ардағым –
Қазақстан,
Қайдасың?!


ҚОЙЫМ ӨРІП ШЫҒАЙЫН…


Мекірентіп, пысқыртып, маңыратып,
Қой-қозымды көк белге жамыратып,
Арман-әнді шырқатып, аңыратып,
Өз отыма өртеніп, жалын атып –
Қой бақтым.


Шилөзекте, Суасу, Бақалықта…
Кезек бөгіп шаттық пен қапалыққа,
Ақын бала кей-кейде атанып та,
Бұрымына қыздардың маталып та… –
Қой бақтым.


Айлы түнде ауылдан жырақ барып,
Айдай қызға жыр оқып, сыр ақтарып,
Жүрек кілтін оқыста бұрап қалып,
Көк шалғынға ес кете сұлап-талып… –
Қой бақтым.


Қоңыр таудың қойнауын сірестіріп,
Саулық сайын қошақан ілестіріп,
Тал-қайыңға жырымды үлестіріп,
Арманыма арымды күнес қылып –
Қой бақтым.


САП-САП КӨҢІЛІМ…


Сап-сап көңілім, сап көңілім,
Тірлікке тірек өзіңдей,
Баһадүр баба өзіндей,
Көнеден қалған төзімдей,
Түн баласында көз ілмей,
Еліңнің қамын жейсің бе?!
Әулекіленбе, әз-Дүкен,
Бұл қазақ ерсіз дейсің бе?!


Сап-сап көңілім, сап көңілім,
Аңдып бір жүрген жау бардай,
Өзгеге назар аудармай,
Күзетші болып таулардай,
Сарсаңнан санаң сау қалмай,
Далаңның қамын жейсің бе?!
Абыржи көрме, ар Дүкен,
Бұл дала иесіз дейсің бе?!


Сап-сап көңілім, сап көңілім,
Имансыз ұлды жаусынып,
Софылардан да дәусініп,
Өңірді ішке қаусырып,
Тәпсірді сөйлеп таусылып,
Дініңнің қамын жейсің бе?!
Кейи де көрме, кең Дүкен,
Дін Құдайсыз дейсің бе?!


Сап-сап көңілім, сап көңілім,
«Ана тілім» деп жампозым,
Құрбандық болып нар төзім,
Кермек бір татып бал сезім,
Қызғыштай қорып әр сөзін,
Тіліңнің қамын жейсің бе ?!
Дүрлікпе бекер, дүр Дүкен,
Тіл киесіз дейсің бе?!


Сап-сап көңілім, сап көңілім,
«Патшасына сөздің» бас ұрып,
Абайдың құнын асырып,
Өз құтыңды өзің қашырып,
Өлеңнің қамын жейсің бе?
Өрекпи берме, өр Дүкен,
Жыр Музасыз дейсің бе?!


Сап-сап көңілім, сап көңілім,
Өнетін дауға сабылма,
Сөнетін өртке жағылма,
Өлетін дертке шабылма,
Жеңетін жауға табылма –
…Осындай ақыл қабылда,
Қағынба! Дүкен, қағынба!



Д. Мәсімханұлының жеке сайтынан алынды

Бөлісу:

Көп оқылғандар