Айт-Ман - Светқали Нұржан: Қараған-Босаға қырғыны

Бөлісу:

20.04.2016 4885



ҚАРАҒАН-БОСАҒА ҚЫРҒЫНЫНА – 160 ЖЫЛ


 

Мүсірепұлы Балуанияз (1818, Маңғыстау түбегі – 1856 Қараған-Босаға) – батыр. Адай руынан шыққан. 1856 жылы жазда Хиуа әскерлеріне қарсы Балуанияз қазақтың шағын жасағын (60 шақты адамы бар) бастап шығады. Осы соғыста Балуанияз, інісі Балтеке бар, бірнеше адам қаза табады. Батыр серіктерімен бірге қанды шайқас өткен Қараған-Босаға деген жерде жерленген. Балуанияздың ерлігі, оның сенімді серігі – Құла аты жөнінде Шопықұлы Қалнияз ақын «Балуанияз батыр» дастанында жырлаған. 1992 жылы батырдың бейітіне ескерткіш күмбез орнатылды (авторы – сәулетші Көпбол Демесінұлы).


(«Маңғыстау» энциклопедиясы, 210-бет)

 

 

 



АЙТ-МАН СВЕТҚАЛИ НҰРЖАН


ақын,

 Т.Айбергенов атындағы және «Дарын» сыйлықтарының,

 ҚР Президенті стипендиясының иегері

 


ҚАРАҒАН-БОСАҒА ҚЫРҒЫНЫ



(дастан)

 

Балуанияз1 мырзаңыз

Ежелден Құдай қалаған,

Аш-арыққа қараған.

Сырлы аяқтың түбінен

Бал сыпырып жалаған.

Қалнияз Шопықұлы

 





Әл-қисса

 

«Біссіміллә!» – деп бастайық кептің басын,

Ер назарын қайтармай, аттың басын!

Ала майдан алғида жолықтырмай,

Ақ қағаздың бетінде тап қылғасын!

 

Айтарымыз – Маңғыстау, сол баяғы,

Ескі шежіре. Көне дәп. Ел баяны.

Дала-дәптер бетіне: «Мен – куә!..» – деп,

Көп құлпытас иректеп қол қояды.

 

«Сен айт!..» – дейді шындығын іште жанған,

Шаңырағы ортаға түскен ордам.

Күп2-көзімен ымдайды сеңірек шың,

Құм-ерінін тас-тіспен тістеп алған.

 

Тас-тісімен қымтаған құм-ерінін

Қария-таудың көзінде күдері-мұң.

Сейілер ме сол бір Мұң,

тартсақ ұшын

Шежіренің шынжырлы шідерінің?

 

Нұр-шындықпен бауыздап түн тамағын,

Қауырсынмен қазайық қымтағанын.

Аудара алсақ, арман не, қазағыңның

Тарихының тат басқан бір парағын?!.

 

Қарпі қанды үңілсін тат параққа ел,

Жат дерекпен қымталған қап-қара, әттең!.

Жан Сәулесін түсірсең тарихыңа,

Маңғыстаудан болмайды аттап өткен!..

 

Сол баяғы Маңғыстау – қанды қиян,

Біреуге кең, біреуге тар құмиян...

Темір тырнақ тажал тұр патша деген,

Ырситады сар тісін хан зымиян.

 

Патша жатыр жанығып қамал салып,

Хан кетеді шері боп соған сарып.

Арыстан мен жолбарыс ортасында

Арлан отыр –

аяғын аран шалып.

 

Арлан отыр.

Аяқта қанды қақпан,

Қақпаны оның атажұрт – мәңгі мақтан.

Екеуіне қояды айбат шегіп...

Ұлиды Айға! –

Тағдыр ол зар жылатқан.

 

Айы – тағдыр, арланның жаны сонда,

Табан тіреп дәрмен жоқ алысарға.

Әруақ көмек бермей тұр бер жақтағы,

Ал Алласы ар жақта! –

Алыс ол да!..

 

Ханға сүйеп арқасын, мәлін делік,

Көп түркмен жүр...

Ай отыр бәрін көріп...

Арыстан мен барыстың қайсысының

Жем қылары қалған шақ мәлім болып...

 

Келеді орыс облығып, ғаламды алып,

Жолына оның тұрғандар қараң қалып...

Хиуаға жел беріп, қару беріп,

Ағылшын тұр бір шетте жалаң қағып.

 

Жалаң қылыш, жалғыз ат – қара қайрат,

От түкірген мылтыққа жарамай қап...

Хиуа отыр, – мылтығын ұстатып ап,

Түркмендерін қазаққа салады айдап.

 

Әруақ қашса, желкеңе малғұн мінбек,

Малғұн болып төнеді әрбір дүрмек.

Хан кіжінед:

«Төлемей салығыңды,

Жеріңе орыс қамалын салдырдың!..» – деп.

 

Ал орысың... алдырмас айлалы аң сұм,

Сырын оқып қазақтың, ойға қансын...

«Хиуадан таяқты оңбай жесе,

Орысқа кеп тығылмай, қайда барсын!..»

 

...Осындай-тын жағыдай, жалпы алғанда,

Сөз сүресін аңдамай аң-таң қалма!

Арландарға құрылып қанды қақпан,

Ор қазылып жатыр ед тарпаңдарға!

 

Көне Үргеніш шәрі. Тұрмамбет3. 1856 жыл

 

Тұрмамбет кетті базарға,

Базардан хабар аларға...

Қалнияз Шопықұлы



 

Көне Үргеніш аспаны нілқаракөк,

Құдай өзі шашқандай нұрды ала кеп...

Ерулі аты үш бірдей жетегінде,

Гүжімге атын байлады зіл қара кеп.

 

Садақаға жатқандар қамданысып,

Әулиенің қашардай әруағы ұшып, –

Жалпағынан жалғанды басқан нәнге,

Қарап қапты көп мүрит таңданысып.

 

Кеудесі кер, сом білек, арба-сүйек,

Жұрттың көңіл күйінде шаруасы жоқ –

Көлеңкесін гүжімнің жалғыз билеп,

Жорға аятын оқиды шалмасы көп.

 

«Жорғалығын» зіл қара байқатқасын,

Өзіңнің де белгілі жай таппасың.

Үш жүз алпыс әулие көрген гүжім

Мына «аятқа» қояды шайқап басын.

 

Әке үйреткен таусылды шала сабақ...

«Жол бермейді ыржаңдап бала-шаға-ақ!..»

Күліп қоя жаздап тұр жас мүриттер,

Қазан басты қазақты тамашалап.

 

Шейх-Күбірә4 маңайы қалың қорым,

Қалмағандай енді бір қабірге орын...

Базар жаққа зіл қара жүріп кетті,

«Аманаттап барлығын Тәңірге оның».

 

Күн тап салған жүзіне мөрлі қырат

Қалды алыста...

Шаһарда ендігі бақ.

Мұнар киіп тұр, әне, Дүбірә-Ханым5,

Тағы бір күн иыққа қондырып ап...

 

Жапырағын жамылып жазғы үн талдың,

Серпіп ашты пердесін бозғыл таңның...

Ақсияды бас сүйек қыш дуалда,

Ажарына арзу боп Мәздімханның6.

 

Жапырағын шапаққа ағаш қайрап,

Мыңсайрам мен құмыр тұр талас сайрап.

Есекарқа тоқал там –

тар көшеге

Төрт аты бар нән қазақ жараспайды-ақ...

 

Нән бас қазақ – сықылды бір нән кеме,

Тәбәрік боп жеткендей жылдан көне.

Жарасардай ат емес, пілге мінсе,

Бұлт жайқаған басымен зілмән дене.

 

«Нән бас қазақ», «зілғара» – Тұрмамбет бұл,

Базаршылап қайтуға қырдан кеп тұр.

Жолдастары базарда,

мазардағы іс –

Әруақ сыйлар салтпенен қылған кеп-дүр.

 

Көйлек-көншек, көр-жер ап пұлына кіл,

Хан-Базарға келеді жылына бір...

Және аулайды аужайын Хиуаның,

Қанып алған жаудың да сырына бұл...

 

Көне Үргеніш базары тұр «ұшынып»,

Сорып ала қояды тірі сүлік.

Таңнан кеткен күбініп жолдастары –

Жүні шығып, қалғандай қыры сынып.

 

Қан базар бұл – жан беріп, жан алатын,

Жойып алған пендесі қанағатын.

Тат жалаған шаһардың сарттарына

Сада қазақ, жер ғой бұл, тоналатын.

 

Түйе әкеліп базарға айыр, қоспақ,

Шыт-шыпырға мәз болып кейін қашпақ.

...Орыстардан түсірген аз қаруын

Жүр бір қазақ астыққа айырбастап.

 

...Не көрінді, ей, сорлы ел, көздеріңе? –

Қарамайсың заманның безбеніне!

Сата көрме дұшпанға қаруыңды,

Ертең қайта атады ол өздеріңе!..

 

Тыңдамады...

Салып ап қалтаға ұнды,

Бір жеткендей арманға – арқаға ұрды.

...Талқаныңды ұстатып бір күн жейтін,

Жолдан тосып таусады-ау «талқаныңды»!..

 

Қыстырмады...

Ұқпайды ол – о, қасқа жұрт!

Жетеді оған – бір тойса самастанып...

Айта берсең, өкпелеп жалғыз қайтад:

«Қазаныма жүр ме ең, – деп, – сен ас салып!..»

 

Көрігіңді тұр қазір сәйкес үрлеп,

Қаруыңды алған жат қайта есірмек...

Жаның қалса,

сен де ертең жетерсің-ау:

«Сорлап қалдым!..

Батыр-ау, қайтесің?..» – деп.

 

«Сата ма екен қаруын жауға да адам?!» –

Тұрмамбеттің күні жоқ даудан аман.

...Шөгермелі бір түркмен өжеңдеп тұр,

Бір қазақтың қырлысын7 саудалаған.

 

Қара қазақ тағы бір қуға алданып,

Қарағашақ8-түркмен тұр сумаң қағып.

Қағып-қағып қояды арқасынан,

Тіліндегі тәп-тәтті удан жағып.

 

«Бұл кім еді, Құдай-ау, құс іспетті?..»

Көрген сынды бір жерден үсік бетті.

...Сом тұмсықтың тығылған тасасына

Қос жылан көз бұл жаққа түсіп кетті.

 

– О, ғызыңды... ғазақтың мөрлі бегі!..

Мен – Ажалмын!

Бар менде белгілері!..

Ақырғы ірет қасымнан бір қарап қал,

Көре алмассың жақыннан енді мені!..

 

Соны айтты да жылан көз серт бұрылып,

Қалың топтың ішіне кетті кіріп.

Жауаптасып үлгермей Ер Тұрмамбет,

Тұрып қалды көзіне кек тығылып.

 

«Жерде болмай қалғанын созар білек!..»

Қан шулығып,

көз тұтап,

бозарды бет...

Әлгі қазақ мақтанды:

– Мылтығымды

Бақы Қара батырдың өзі алды!.. – деп.

 

«Жетістірдің!..

Түрін-ай мақтаныштың!..»

Ұшатындай жанардан қаптап ұшқын.

Қаптап ұшып,

өртке орап Хан-Базарды,

Кететіндей шаһардың таптап үстін.

 

«Сап, сап, батыр!..

Сабыр ет!

Қызбаланба!!! –

Жығып кетер қызбалық мұзды аранға...»

– Батыр таппай жүр ме едің? –

Тұрған жоқ па!..

Болдыңыз-ау мұсалдат, сіз, де адамға!..

 

...Ду-ду дауыс тұр бөліп батыр ойын:

«Бақы Қара!..

Зәрлі екен, кәпір, ойың!..»

«Не дегені, Құдай-ау, жаңағысы?..»

Шығарды тіл сыртына:

«Апыр-ойын!..»

 

Қандыбалақ деуші еді – Қара Бақы,

Шығып жүрген әр жерде жаманаты.

Не де болса, жүрісі тегін емес,

Сақ болған жөн!

Бар шығар ғаламаты?!.

 

Бөрі, Бақы9

құрып ап сәнді жасақ,

Жүр дейтін-ді ел малын алдына сап.

Жұмсап келген Мұхаммед Әмин10 хан

Ең бір қиын жерлерге қанды қасап.

 

Қорғансыз бен момынның соры, міне,

Түтін үрді,

от тығып көрігіне.

Хан сайланған кеп-кеше Сейіт Мұхаммед11

Алған болды енгізіп сеніміне!..

 

...Әлденеден жүрегі желкек қағып,

Кетті батыр шаһардан ерте аттанып.

Айбүйірдің12 тығылып түлейіне,

Түнді күтіп отырды –

төрт ат бағып.

 

...Таң алдында ұйқыдан кетті оянып,

Өң мен түстің парқына жетпей анық.

Жау жарағы сатырлап,

шөгермелі

Өте шықты көп түркмен оқтай ағып.

 

Ұзын саны үш жүздей, байқағаны,

Ізін санап алыпты сай табаны.

...Маңғыстаудың ойында қалған елді

Бара жатыр армансыз сойқағалы!

 

Көп күдіктің қамалы қаусап демде,

Арқаланып,

тигізді саусақты ерге.

Қалды ақырып,

әдеті ед досын іздер:

– Балуанияз!

Не жатыс? –

Жау шапты елге!..

 

«Иә, Бекет!.. –

Қолдай гөр әруағыңмен!

Батырларға жетейін Самда жүрген!..»

...Бір жаманы – қалады түске жетпей,

Тұрмамбеттің тұлпары таңда мінген.

 

Бірақ мынау төрт ат та жұпы қылаң,

Жер құтылып көрмеген тұтымынан.

Қалған сонау Саназар13 бабасынан

Суын шатыс – көкмойнақ тұқымынан!

 

Самдағы ел. Балуанияз

 

Адайдың алпыс жігіт аламаны,

«Болар, – деп, – бір Алланың қалағаны»,

Келетін арттағы елге қарамады.

Түмен Балтабасұлы



 

Самның құмы ағала – шағала құм,

Сағым түртіп оятты дала жағын.

Дүниеге қарап тұр аң-таң қалып –

Қағанағын жарып ап шарана-күн.

 

Адай, Табын қонып ап іргелесіп,

Сәбилері қазып жүр бірге көсік.

Тек үлкендер беріп қап қамшыға ерік,

Кетпек болып жатады күнде көшіп.

 

Күнде көшіп кетпейді олар, бірақ,

Той жасаумен тынады жоралғылап.

Егіз елді жалына жабыстырып,

Ағып бара жатады жол-арғымақ.

 

...Бүгін де сол, –

тентек ұл іштен ытып,

«Атойлап!» жүр,

қыстырып тіске қытық.

Тентек ұлдың даусына делбе қозып,

Балуанияз үйде отыр түс жорытып:

 

– ...Түйіліп кеп қара бұлт тарап кетті,

Бұлттан біреу мен жаққа қарап кекті, –

Қой мойынды Құла ат жүр бұлт ішінде,

Жалында оның жарқылдап жарақ кетті.

 

Қара бұлт боп төбемнен ұрғанда екпін,

Құлап түстім!

Қайтадан тұрған жоқпын...

Дауысынан оянып кеттім, содан,

Атымды айтып ақырған Тұрмамбеттің!

 

...Асар Сұпы сыйынып көп әруаққа,

Бағыштайды батасын ер-ардаққа.

Жақсылыққа барлығын жорып отыр –

Шығар атақ,

төбеден қонар баққа!..

 

Майлы сағым кілкітіп құрымдай Сам,

Жел сипап тұр Құла аттың қылын майсаң...

Іргеліктен батырдың жанарына

Көз ұшынан шалынды жұлындай шаң.

 

– Иә, әруақ!

Әй, бәсе!.. –

Тұрды қарғып. –

Шаңырақты төбесі сындырарлық. –        

Отыр еді қол қышып, қарым ұйып,

Даярла, – деп, – қаруды! – қылды жарлық...

 

Жұлындай шаң құлады жалдан бері,

Салқып шауып келеді ат талған белі.

Екі аяғы салақтап көзге ұрынды. –

– Тұрмамбет қой!

Астында – Тарланкөгі!

 

...Ұлы бесін.

Жалдары желбіреп құм,

Ер сөзіне қосып тұр жел бір екпін...

– Айбүйірден шығып ем таң бозында,

Өздеріңе еңменіп енді жеттім...

 

– Шыққаныңды қай жерден айтпа маған!

Қалай қарай беттеді?

Қайтті аламан?..

Алмайсың ба жау шапса –

Сүйіншіңді! –

Бұйымшыңды, кәнеки, айт, қалаған!

 

Құлағымнан қайдағы сарын өріп,

Жұлынымнан құтырып қары желік –

Құдай берді десейші! –

Биылдыққа

Жау жолықпай,

жүр едім жабы болып!

 

Өкпесі жоқ, Тұрмамбет, елдің саған,

Сен еліңнің құлысың – көп жұмсаған!

Көзің түсіп жүр еді!..

Сүйіншіге

Қой мойынды Құла атты бердім саған!..

 

Аттанамыз алдағы таңымызда, ал,

Қару ұстар қайсыңның халыңыз бар!?

Нышан-төбе басына түніменен

«Ұран-Отты» лаулатып жағыңыздар!..

 

...Құм көгіне «Ұран-От» тарап барша,

Ұшып жатты жалыны парақтарша...

Бес қаруын белге алған, жарау атты

Алпыс жігіт жиылды таң атқанша.

 

Бөрі алатын ағыйық күйіне еніп,

Қалнияз тұр өлеңмен құйын өріп.

Әрқайсының бабасын мақтағанда,

Кете жаздап қаласың иіп өліп!

 

Амантұрлы, Қожалақ, Арыстанбай,

Әбілғазы, Кенжебек – қарыс маңдай.

Ат көтермес алып-ты,

қара атанмен

Палуан Балта жетіпті қалыс қалмай.

 

Сақау менен Қара тұр төс керісіп,

Есен, Сүгір – Шабайдың қос бөрісі!

Осы қазір көзіне жау көрсетсең,

Бердалының келмей тұр не істегісі?!.

 

Балуанияз тұр бәрін де көзбен шолып,

Барлығы да талай қыр кезген серік.

От басында сомдаған ойларының

Мүсіндерін жөнелді сөзбен соғып.

 

– Ай, жігіттер!

Туды елге тағы да күн,

Тағы түспек ортаңа шаңырағың.

Маңғыстауды майқандап жатыр дұшпан,

Тебірентіп Бекеттің әруағын!

 

Ойдағы елді жау алса,

өрдегі Адай! –

Түйіседі бастарың төрде қалай?

Аруыңды теңсетіп жауың кетсе,

Өтпейсің бе өмірден жерге қарай!

 

Хиуаның нешеме жылдан бері

Өтпеді ме азары,

қылған кері?!.

Қанша зауал шапса да,

атамыздың

Ат маңдайын бар ма еді бұрған жері?!

 

Қырықмылтық шабылды – Қармыс өлді,

Сүйінғара сабылды – сан кісі өлді.

Қырық жігіт айырды Бәйімбетті15,

Кешіп жүріп кеудеден қанды селді.

 

Ақ қайыңның тозынан салған ері,

Алты алаштың Ер Шабай ардагері,

Үш жүз аулы Әлімнің таланғанда,

Шабай бастап айырып қалған еді!

 

Өмір, Темір жау қуды желкелеп кіл,

Дәуімшар мен Құдабай, келте кеттің!

Құлбарақ пен Мырзатай кімнен кем ед,

Өмірі өтті жау бетте Ер Төлептің!..

 

Ат бұланды, ер өлді жанпелімде,

Арың кетіп баратыр жан-теріңде.

Алды өмірде тірліктің, арты өлімде,

Табысайық, иллаһи, Ар төрінде!

 

Кімнен, сірә, көшпеген қапы-жалған,

Мүлкің емес Құдайдан сатып алған.

Арман бар ма жігітте –

жаудан өліп,

Ұран болып ауызда аты қалған?!

 

Бізге осы жау, жігіттер, түс сыбаға!

Үш жүз жауды алпыс ер қыстыра ма?!

Қарға, құзғын қанаты далпылдаған

Көп болғанмен сұңқарға күш қыла ма!

 

Дауамдадым айтатын сөзімді ақыр,

Мына қырда, ер бабам, көзің жатыр...

Баба көзі жұмылмай жаудан қашсаң, –

Қатының – талақ!

Тұқымың – тұл!

Өзің – кәпір!

 

«Ұлым!» – деген еліңнен атты аламыз,

Не болмаса біржола жат боламыз.

Қарындасың еңіреп баратқанда,

Тұрып болмас мөңіреп! –

Аттанамыз!..

 

Балуанияз сөйлеп кеп барын сала,

Дауылпазбен жөнелді сарын шала...

Ертпей кетті атадан жалғыздарды,

«Аға-жан!» -дап артынан жалынса да!

 

Көк темірдей кілең бір кескіні ердің,

Көлеңке боп үстінен көшті дөңнің...

Жау алдынан жампоздар жосылғанда,

Бәрі ерді, деп айта алман –

естігеннің!

 

Су жүректі су жыра қымтап қалып,

Күн батқанша тығылды-ай шынтақ талып.

Ермей қалды біреуі «аты ақсаған»,

Келмей қалды біреуі «сырқаттанып».

 

«Біреу үшін қайтеміз қара қан боп,

Күніңді көр, шамалы, сен одан», – деп;

Өкпелесті біреулер:

«Су басында

Балуанияз бір кезде сабаған!..» – деп...

 

Намыстанып қазақтың кемпірлері:

«Неге тудым сені?! – деп еңкілдеді, –

Балуанияз сол күні сабап қоймай,

Жақсы еді ғой өзіңді өлтіргені!..»

 

«Қалса-ай түгел қырылып кіл надан!..» – деп,

Қарғыс айтып тұрды іштей бір жаман боқ...

От басында бықсыған көп мартуды,

Пенде түгіл пері де тыңдаған жоқ...

 

Шайқас

 

Келген жау кері қайтар екі жол бар,

Екі сай – Ебелектің ең терісі,

Болмаса Босағаның Қарағаны.

Түмен Балтабасұлы



 

...Сауыттарын шешкен жоқ Самда киген,

Бес малтадан басқа нәр алмады үйден.

Қайтар жауды баспалап баққан жері –

«Қарауылға қара оба қалмақ үйген».

 

Оты қанық аттары тасада ақыр,

Жастарына үлкендер қосады ақыл...

Сол қанатта – Ебелек – елу аңғар,

Ту сыртында Қараған-Босаға тұр.

 

Бір шекеде қыры үшкір ақ алмас шың,

Бір бетіңде көк кебір –

бара алмас шым.

Кезі келіп дұшпанмен қандасарда,

Ыңғайлы жер дәл мұндай таба алмассың!

 

Дулығалы құба нар – шалғы аяқ дөң,

Кеудеде шер,

бойда жел қалмай, әттең,

Іздеген жау жасанып келе жатса,

Бұл Құдайға бар енді қандай өкпең?!

 

– Түсір, кәне, Қалнияз, бұрауыңды!

Ер қайрағы!

Жарқырат бұ қауымды!..

...Домбырасын ер жырау төкпектетіп,

Бұрынғы өткен ерлерді қылады үлгі:

 

– «...Кешегі өткен Ер Төлеп,

Жауды қуды ентелеп...

...Астындағы құла аттың

Танаулары талыстай,

Құлақтары қамыстай.

Екі көздің арасы

Салып қалсаң қарыстай!

...Омырауына қарасаң –

Оралып жатқан түбектей,

Ерініне қарасаң –

Қақтап шапқан күректей.

...Бауырлары аралдай,

Қабыртқасы шеңбердей,

Омыртқасы отаудай,

Шоқтықтары шоңқалдай,

Сауырына қарасаң –

Сыпыра халық орнайтын жонсаудай...»16

 

«...Егеудей тісі жанылған,

Ебейдей төсі салынған,

Еңіреудей көзі үңілген...»17

 

...Жолбарыстай жарқылдап балақ қанды,

Аттан өтіп Қалнияз әрі аққан-ды...

Тұрмамбетке сыйлаған Нар-Құлаға

Балуанияз байқамай қарап қалды.

 

Тұрмамбет те қырағы ед көзбен ілген,

Байқап қалды дос өңін өзгерілген:

– Мен – сыңарың,

Құла атың қанатың ед,

Қанатыңды қимайын өз қолыммен!

 

Жаудағы елдің қайтарсақ көшін кері,

Тай табылар даланың төсіндегі.

Пейіліңнен айналдым!

Ал бүгінше,

Қанатыңды еркін қақ, досым! – деді...

 

Қос құрдастың қылығын бақылаған

Домбыраға қол созды ақын ағам.

...Осында бар ерлердің алдына кеп,

Тұрып алды домбыра «аһ»-ылаған.

 

– «...Астыңа мінген атың шұбаралы,

Құйрығы жауды көрсе шұбалады.

«Бекет!» – деп ту түбінде Асар тұрса,

Қолыңнан байрағыңды кім алады?!»

 

– «...Бердалы, Байтуғаным, Кенжебегім,

Қандыршы айызымды сен де менің...

Артыңда ел тұрғаңда,

кеудеңде – жан,

Еш жерде дұшпанға Арды бермеп едің!..»

 

– «...Көкжұлын Есен де тұр Сүгір менен,

Жүйрігім жауға шауып мүдірмеген.

Әруағың ақ бұлттай күнге өрлеген,

Ежелгі ер емес пе ең дүбірлеген!

Кешегі Шабай еді-ау әкелерің,

Осындай ерегесте кідірмеген!..»

 

– «...Ай, Амантұрлы, Қожалақ! –

Сен – халқымның қорғаны,

Жау үстінен ар алған,

Ел үстінен баға алған.

Сорлы ма еді қайратың,

Кешегі өткен Есеттен –

Қалмақты қуған Шағаннан?!

Айбарың артық арыстан,

Жүрегің берік құрыштан...

Ерліктерің кем бе еді

Кешегі Төлеп, Қармыстан?

Ағаларың бұрынғы

Есенғұлдың Есегі –

Таутайлақпен алысқан,

Жезтырнаққа жабысқан!

Сармыс, Шотан, Ер Жанақ,

Қалмаққа қарсы қарысқан.

Атағозы, Ер Лабақ

Дұшпанды қуған қоныстан.

Дәуімшар, Мыңбай, Құдабай

Орысқа қарсы ұрысқан...

Сүйінғара, Көтібар –

Ауызына қарасаң,

Айдаһардың өті бар!

Аржағың Алаш құралды,

Бер жағың Адай ұранды,

Сен соларға туысқан.

Егесті жерге келгенде,

Ер өлмейтін бе еді намыстан?!

Ылайқат емес ерлерге,

Дұшпанын көріп ығысқан.

...Әруаққа сыйынып,

Ұрандап жауға ат қойсаң!

Келімберді, Құдайке –

Ізіңе ертіп лап қойсаң! –

Әруағың сенің аспай ма?!

Дұшпаның қорқып қашпай ма?!

Ертең елге барғаңда,

Ерлігің хабар болғанда –

Қалың елің жиылып,

Алдыңнан шашу шашпай ма?!.»18

 

...Осы жерге келгенде:

– Аттан! – деген,

Дауыс шықты атқандай сақпанменен.

Көзапара дүрлігіп қоя берді,

Сағымымен бұрлығып жатқан белең.

 

Қара шаңға қақалтып кәрі белді,

Жау келеді!.. –

Жігіттің бәрі көрді.

Есебі жоқ айдалған төрт түліктің,

Аяусыз-ақ тонапты қалың елді.

 

Хиуаның жетпеген өлсе қолы

Ұшан байлық ырықсыз жол шегеді.

Түбіршік жал көп жылқы толқынданып,

Қырғауылдай қызыл нар теңселеді.

 

Көп бұйымға толғанмен қойындары,

«Олжа бала» құлдану ойында әрі –

Арқасында солардың келеді ойнап,

Көк алақан бұзау тіс дойырлары.

 

«Олжа бала» –

жүрегін қанға қарып,

Өлгендер бар өз басын жарға жарып!..

Тарту етпек серті бар ханға барып,

Он баланы ішінен таңдап алып.

 

«Жанарлары Үркердей жұпыланған»

Қыздар бөлек, дұшпан ит құтын алған.

Құтылардан үміт жоқ –

қараса артқа,

Көкжиегін ала шаң тұтып алған.

 

Алда сағым

жеткізбес алыс арман,

Бұйқыт жатып қырылды алысар жан.

Дауыс салып келеді көп келіншек,

Торға түскен бұлбұлдай бағы солған.

 

Жел кетеді ақ шаңнан түбіт ескен,

Сол түбітті қыздардың үні тескен.

Шағбан айда шаттанып жүрген мұңдық,

Шолады алдын көзімен үміті өшкен.

 

Тұтқындардың көбесін сөккен шемен

Желмен жетіп, ерлерді тепті еңседен.

Ылақтырардай қара тас мүгін жыртып,

Арулардың даусынан көк теңсеген!

 

– «...Жұмалап кеттім ылдиға,

Енді бізге өр қайда?

Ағып барам дарияға,

Сүйенетін тең қайда?

Айдындықтай көл қайда?

Жағалай қонар ел қайда?

Маңғыстаудай жер қайда?

Алпыс басты ақ орда –

Айбарағын асырып

Төскейге тігер күн қайда?

Алтын шашпау тағынып

Құлпырып шығар күн қайда?

Алтын сандық, алпыс тең –

Төрге жинар күн қайда?..

Қара күн туды басыма,

Таралып өсер бой қайда?

Бұрынғыдай сой қайда?..

...Аспанымды бұлт басты,

Суыққа неғып шыдармын?

Ыссыға қалай күйермін?

Көк арбаға қайтіп мінермін?

Көн шарықты шұнақ құл –

Ер деп қалай сүйермін!

Жау қолында, жат жерде

Қалай дәурен сүрермін?

Патша-Құдай, кең-Құдай!

Үш жүз алпыс әулие!

Оғыландыда Ер Бекет!!!

Айдауға кетті балдарың,

Талауға түсті мал-жаның.

Қазағым қара жер болды,

Қырылды ауыл-аймағым.

Қара бұлттай қаптаған

Найзалы жендет жан-жағым.

Былдырлаған ит жауға

Күң болып барад ардағың!

Ерлерге хабар сала алмай,

Шайнауда кетті бармағым!..»19

 

...Сәл сабыр ет!

Зарлайсың неге, бейбақ?! –

Пірлер сені жібермес елемей қап.

...Қыздар жаққа –

инелі келес20 құсап

Қурайышты21 құрбашы22 шегеді айбат!

 

...Сүрт көзіңді!

Сәл кідір!

Тұлан ашу!

Кек қамшысы – көз жасы!

Құрабасы23 – у.

Ер қайратын танырсың осы жолы –

Құлама су!

Алмас шың!

Ұлан асу!

 

Тербеп тұрса туған жер тас құрсаққа ап,

Не болғаны жанардан жас бұршақтап!

Сен де таны тұяғын хас тұлпардың –

Тусыраған тарғыл жон!

Қасқыр-соқпақ!

 

...Балуанияз, Тұрмамбет –

қосқан аңға

Қос сырттандай көздерін тосқан алға.

Балта палуан нар сынды,

аунағанда

Төрт аяғы тимейтін төс табанға!

 

Кірпігімен дұшпанын бытыратып,

Қожалақ тұр жау шебін түтіп, атып.

Ер Шабайдың Сүгірі шыдамай тұр,

Дулығасын шекесі шытынатып.

 

– Ауызданған ел едік бастан қанға! –

Жерде – Бекет,

жар болсын, аспанда – Алла! –

Асар Сұпы берді ақыр батихасын,

Табанында тұлпардың тас талғанда.

 

«Көкте – Құдай,

ендеше, жерде – мен!» – деп,

Келе жатыр көп дұшпан төрден өрлеп.

Қаражардың озғанда қапталынан,

Алпыс жігіт шықты алдан көлденеңдеп.

 

Қарсылықсыз қайтқан жау бастан аттап,

Әлпайымда қалғандай сасқалақтап...

Аз екенін білген соң тосқандардың,

Тұра шапты тұра алмай бас сағаттап.

 

Назар тігіп шұбар шың, мұнар қырат,

«Не болды?»-лап – ішінен тынар, бірақ...

Қиғаш сілтеп қылышын келеді ағып,

Қиғаш қанат аққудай кіл арғымақ.

 

Қазақ қанын келген жау қана татып,

Қиқулайды аспанға қанат атып...

Жиырма мерген ортасын ойып түсті –

Шақпақты мен қырлыны қабат атып.

 

Жөнелді жау ізіне шырқ айналып,

Қайта шапты шыдамай шырқай барып...

Шөгермелі түркмендей қалың қурай

Жер тістеген жетеуін қымтай қалып.

 

Қара обанын шаң болды қапталы кең,

Үш жүз түркмен бұл жерден таппады жөн.

Жолатпады қылтадан қиып атып,

Үшінші ірет шашырап шапқанымен.

 

Қатарына қарайған зақым келіп,

Тоқайрап тұр шаба алмай тақым керіп...

Сүйреп әкеп өртеді Сүгір сонда,

Бір дұшпанды –

жығылған жақын келіп.

 

Өртенгенін көрген соң,

жанұшырып,

Шыдай алмай лап берді бәрі суыт.

Отыз мылтық бұл жолы қатар ұрып,

Түркмен тағы шегінді қаны суып.

 

Түкірігі мылтықтың текке кетпед...

Шайқасар шақ жеткендей бетпе-бет кеп.

Кенет біреу майданға шықты ойнақтап:

– Балуанияз!

Бармысың?

Жекпе-жек! – деп.

 

– Қолбасшының өзі ғой!..

– Бөрі батыр!

Тап қылды ма Құдайым сені де ақыр!..

...«Аяғыңды аңдап бас, құлыным!»-дап –

Маңғыстаудың боз бұйра белі жатыр.

 

– Өзің едің Құдайдан сұрағаным,

Тиюін-ай, молынан сыбағаның!..

Сан қазақтың кәпір ед қанын ішкен,

Мен ішермін, бұйырса, сірә, қанын!..

 

Наргескен мен найзасы ала мойнақ,

Балуанияз ұмтылды:

«Бабам-ай!»-лап...

Қызыл-сары жалындай

астындағы

Талау тигір Нар-Құла ат барады ойнап.

 

Хас дұшпанға тап болғын, тап болғасын! –

Тебіреніп түгел шың төккен жасын.

Аққан жасын – Нар-Құла ат бұлттан шығып,

Оттан шығып сусыған ақ қорғасын!

 

Қара обадан ағыза құлап түсіп,

Арғымаққа жеткенде құла ат та ұшып, –

Бөрі батыр жатты аунап топырақта,

Қалған сынды, мысалы, тұмақ түсіп!

 

Қақақулай бергенде көп қызынып,

Ала мойнақ көбені өтті бұзып.

Ақ алмастың ақсиған аранынан:

«Ұрдың, қазақ!..» – деген сөз кетті үзіліп...

 

Жалбарынған Адайлар:

«Аллам-ау!» –деп,

Қынжылысты:

«Құмарым қанбады-ау! – деп, –

Ала қырды шулатқан арлан бөрі,

Тарпуынан шерінің қалмады-ау!..» – деп...

 

Балуанияз ақырды көкті кенеп,

Қара обадан бір дауыл соқты, демек.

Бір-біріне лап қойып екі толқын,

Аласапыран басталып кетті кенет!

 

Алпыс ердің –

жанарын қан қаптаған,

Қоя берді аузынан сарнап боран –

Қыз-келіншек дауысы жеткен шақта:

– Қыр дұшпанды!

– Иә, Бекет!

– Әруақ-таған!

 

Палуан Балта ақыртып жалды атанды,

Жетті келіп майданға ол да қанды.

Тиген жерін тезекше үгітіп жүр,

Сермегенде шыбықша нән бақанды!

 

Қан түкіріп қылыштан – қысқан қайрат,

Қол оқ нардай бақырад ұшқан бойда-ақ.

Қожалақтың алдына апарып жүр,

Амантұрлы ажалды дұшпанды айдап!

 

Кеткен кезде көп үннен тыраулап маң,

Нарбас шыңдар шабынып тұр аулақтан.

Есен, Сүгір емінед екпіні ерен,

Ер Шабайды лақатта мың аунатқан!

 

Қойған қару жоқ, сірә, қында қалып,

Ақ алмастар –

алғандай шыңға жанып.

Кетті талай шақша бас шоқпар тиіп,

Шөгерменің ішінде-ақ мылжаланып.

 

Күрсіл қайдан демеңіз, ыңқыл қайдан,

Бір дәурен бұл –

жүзіңнен күлкің тайған.

Аша беріп ауызын үнсіз өлед,

Ұрған кезде ақ сүңгі шұрқылтайдан!

 

«Жау қайда?!»-лап – жеткен ер шерге меңдеп,

Сірә, қапы қаруын сермеген жоқ.

Көзге кірген бір найза сурылмай қап,

Жауын алып құлады жерге көлбеп.

 

Тау қарайды қырғынға ел-сел болып,

Безіп кетті жыраққа жел сенделіп.

Жерге түскен Айладыр24 рухындай,

Тұяқтарда тапталған сеңсең бөрік.

 

Гүлді бояп күрең қан жаңа тамған,

Қан шеңгелдеп құлады сан атарман.

Олжалады сәтімен бес түркменді,

Белдеріне қос-қостан бала таңған!

 

Барлық пенде шайқастың көнді ырқына,

Жеңіс қана қайтармақ ел-жұртына.

Иесін тастап талай ат босап шығып,

Ағып барып қосылды көп жылқыға.

 

Қалың жылқы, қой, түйе желдей өріп,

Аз түркменге қайырған бермей ерік –

Бірте-бірте жұтылып сіңіп барад,

«Елу аңғар» бойына дендей еніп.

 

Қарағұстан қақ сойыл күйрете ұрып,

Тағы біреу көк тасты сүйді өкіріп.

Үзеңгіден аяғы шықпай қалып,

Бара жатыр бір бейбақ сүйретіліп.

 

Қасық қанын кеудеден сығып алмай,

Кідіретін бұлардың жыны бар ма-ай!

Тоқтамасқа бекінген екі жақ та,

Мына қырда –

бірі өліп, бірі қалмай!

 

Ақал, Теке, Жәуміт те қасқыр еді,

Адайдың да тырнағы тас тіледі!

Таңдап алып тоғысқан жолдары осы,

Осы жолға, қайтсе де, бас тігеді!

 

...Қан сидіре шекеден құлата ұрып,

Сан жау қалды сыртында бұратылып.

– Бақы Қара!

Ер болсаң бермен кел! – деп,

Ер Тұрмамбет атандай жүр ақырып.

 

Бақы Қара –

жетті ол да ысқырынып,

Долы ашуы қақаған қысқа ұрынып,

Қағып ұрып қылышын,

жағадан ап

Жалғыз ырғап Тұрмамбет түсті жұлып.

 

Тұрмамбет пе ед! –

Төбеден ұрған көк пе ед?..

Білді Бақы!

Білсе де бұрған жоқ бет.

– Қалай, батыр!

Қасыңа келе алдым ба? –

Басты аяқпен кеудесін Тұрмамбет кеп. –            

 

Неге асылық сөйлейсің? –

Келмек түгіл,

Таптап тұрмын кеудеңді! –

Жер боп құның!

«Мен – Ажалмын!» – деп едің,

мына көкең

Өз қолымен ажалды көмбек бүгін!

 

Бақы Қара ер еді «әттең»-і жоқ,

Құсып қалды айтарын сәт-кезі кеп:

– Не істесең де өзің біл,

армансызбын! –

Апаңдікі баяғы тәтті еді!.. – деп.

 

Жаудың сөзі жүрегін жарғанда оқ боп,

Тұрып қалды Тұрмамбет, –

жанған жоқ, тек!..

...Сылып алып ұмасын тықты ұртына:

– Тәтті болса,

мәңгілік талмап жат!.. – деп.

 

...Бозойнақпен содан соң желіп кіріп,

Жауды қуып жөнелді бөріктіріп.

Тағы тоғыз дұшпанды жер қаптырды,

Ұрған кезде құлашын керіп тұрып!..

 

Жаудың ақыр бұзды ерлер қысқан сеңін,

Бойларында сең бұзар күш бар! –

Сенім!

Дар-дар жыртып шіріген шүберектей,

Ыдыратып кетті енді дұшпан шебін.

 

Ер найзасы жауының жарды таңын,

Шөпке келіп тигендей шалғы қалың.

...Тігісінен сөгілген қара шапан

Қалып жатты басында әр бұтаның.

 

Қайтқандай бір қарымы кекті азаптың,

Тұр кісінеп ұраннан көкбоз ат-шың.

Көп дұшпанның қарамы шөкімдей боп,

Безектеп жүр алдында топ қазақтың.

 

Шөгермелер шашылып тезек құсап,

Жау адымын ат пен оқ кезек тұсап,

Қаржалыңқы арғымақ жүр бұраңдап,

Көкмойнақтың алдында көжек құсап.

 

Көкмойнақтың шабысы-ай, душар еткен! –

Талай әнсар алыстан сусап өткен.

Таңнан шапса –

құтырып кешке қарай,

Қашып көрсе – құтылып,

қуса – жеткен!..

 

...Иығына шошайған мылтық іліп,

Шыға қашар жол іздеп, зынты құрып,

Мал мен жанды тастай сап,

бес-алты жау

Бір қырпудың астында тұр тығылып.

 

Балуанияз –

қыран көз байқап қалды,

Жарқылдайды орғанын жайпап шалғы.

«Қуып жетіп найзалап тастайын!» – деп,

Қой мойынды Құла атпен шайқап салды!

 

Жауды жеңіп болғанда, тәмамдап бұл –

Қалмаса игі есіл ер арандап бір...

Сұр қарлығаш сияқты түйіп ұшқан,

Шабысын-ай құла аттың,

жамалдатқыр!

 

Қаққан сайын қанатын екпін алып,

Бір ақ жұлдыз, мысалы, кетті ме ағып!

Шыға шаппа – шығынған арғымаққа

Ұзатпай-ақ Нар-Құла ат жетті барып.

 

Алты түркмен безектеп қалмай жаны,

Елін ойлап баратыр шалғайдағы...

Ағып жетіп артынан Балуанияз

Енді шанша бергенде... ақ найзаны...

 

Алып кетті тау ішін «шаңқ» еткен үн,

«Шаңқ» еткен үн, осынша, әнтек пе едің?..

Аттың жалын қан жуып қоя берді,

Ғұмыр бойы аз ба еді-ай, қан төккенің!

 

Ақ найзасын қайран ер тынды ұсынбай,

Қақ жүректен оқ келіп ұрды сұмырай.

Көзден көшіп дүние жүре берді,

Дөңгеленіп –

диірменнің ұңғысындай!

 

Айырмады әлпайым бағыт-бетті,

Қол басындай қу темір жарық төкті...

Жаңа ғана кекілі көзін сүрткен

Құла жұлдыз тақымнан ағып кетті.

 

Құла жұлдыз –

құлпырған құралай ма ед?

Жау ішінде жоғалды сынадай боп.

Жанұшырып қорғаған атажұртқа

Арыстай боп шалқадан сұлады-ай кеп!

 

Арқар құсап қиядан атырынған

Болмаса игі, Құдай-ай, аты құрбан! –

Жарлық келсе, –

құлпырған құла дүние

Шығып кетеді екен ғой тақымыңнан!

 

Сол жұлдыздың –

көзінде ұшқыны қап,

Қанаттарын бір бұлғап ұшты қырат.

Жау қолынан зәредей жасын түсіп,

Нән бәйтерек ұзыннан түсті кұлап.

 

...Шүріппесі саусаққа ілгіштенген,

Ұңғысы бар титімдей ұңғыс келген.

Мына қырда – ағылшын тапаншасын

Балуанияз –

адам ед тұңғыш көрген...

 

Бетін басты бұлаққа жалбыз жылап,

Етегіне сүрінді андыз құлап.

Ілдіріп ап дұшпанға шылбырынан,

Жау ішінде жоғалды жалғыз құла ат...

 

– Күні бойы жүрмеп пе ең көркің қан боп,

Түгел қыру дұшпанды сертің бар ма ед?!

Жалғыз қуып жауыңды нең бар ед? – деп,

Досын құшып өкірді Ер Тұрмамбет. –

 

Қарғысы ма Бақының –

қанды қақпан? –

Бірге шығып кетуші ек сан дұзақтан,

Қан кешуден бір сызат түспей келіп,

Мерт таптың-ау, қой боғы – жалғыз оқтан! –

 

Атқа түскен көзіңді көрдім неге?

Жел-көңілдің ырқына көндім неге?

Өз қолыммен қидым-ау сені ажалға,

Талау тигір Құла атты бердім неге?!

 

Зәрлі құрсау халқыңды шын қысқан күн,

Орыныңа мен енді кімді ұстармын?!

Сенің жалғыз күлкіңе татыр ма екен,

Қанын ішсем бауыздап – мың дұшпанның?!.

 

...Жатыр сұлап, қайран ер, барыс-білек,

Қалғанынша ақтық дем алысты кеп...

Шығармаққа аузымен оқты сорып,

Ер Тұрмамбет жараға жабысты кеп.

 

Мерген қолы жете ме құс-жалғанға,

Ер мейірі қанған ба ішкен қанға?!

Оқ орнына қан шықты ең алдымен,

Қан соңынан жын шықты – үш сорғанда!..

 

Тастады да түкіріп іштің жынын,

Білді батыр кеткенін істің қырын...

– Қош, есіл дос, болмады!.. – деді еңкілдеп, –

Көрген түсің дәл келді үш күн бұрын!..

 

– Ай, Тұрмамбет! –

Ер ісі – сабыр етпек,

Қаза келсе жас өлмек, кәрі кетпек.

Қанша боздақ, әнеки, жайрап жатыр,

Кімді аяған бұл Ажал-әбілет! – деп, –

 

Басу айтты Асекең хақ-ғұлама,

Бозселеу боп бас изеп жатты дала...

– Елді айырып дұшпаннан шейіт кету, –

Мұндай қаза жігітке таптыра ма?!

 

...«Қанжыға қаю»25

жадағай астарында –

Түкті бұлт бар Қаражар аспанында.

Дауыс сап жүр қаптаған қыз-келіншек

«Ақына шейіт»26 ерлердің бастарында.

 

Құран оқып шейітке дара-дара,

Туын сүйеп Асар тұр сағанаға.

Қанын жумай,

киімін кебін қылып,

Барлығын да жерледі Қараобаға.

 

Іңірт қырға келеді жайлап төніп,

Шыңдарын тұр қыраттар айбат көріп.

Аламойнақ көп найза қала барды,

Бастарына ерлердің сайғақ болып...

 

«Ел жолына ер болса, – тіксін басын!» –

Тік шың басын көтеріп, сықсын жасын.

Жұрын-оба қымтайды омырауын,

Шейіттердің шығармай «шып-шырғасын»27.

 

Зиярат қып ерлерге ел жүрелеп,

Аттаныпты жан-жаққа – соңғы дерек...

«Жау да болса, нәсілі – мұсылман», – деп,

Көп түркменді етекке көмді бөлек.

 

Бұл далада осындай өтті де ойын,

Баурап жүрді көп жылдар көптің ойын.

«Қалмақ үйген Қараоба» бір кездегі,

«Балуанияз» аталып кетті кейін.

 

Жеткен дұшпан жаныңды аларман боп,

Ерлер құрған өтпеді араннан көп.

Алпыс сегіз жыл бойы

осыдан соң,

Маңғыстауға Айладыр шаба алған жоқ!

 

Тау айтады қырғынын сонда көрген, –

Бір ұл шығып қозғар деп – ордалы елден...

Төршіл «төре» бабасын кетті ұмытып,

Босағасын дұшпаннан қорғап өлген.

 

Сол қырғынды еске алып анда-санда,

Желпіп біздің сөйлейтін шал да сонда.

«...Сол Бөрінің қылышы ақырында

Бұйырыпты, – деуші еді, – Ер Досанға28!..»

 

«Құла ат басы»

 

Алаштың Балуанияз ақпарлы ері! –

Құла атты қой мойынды Құдай үшін,

«Жолына Ер Бекеттің садақа» деп,

Тұмарды төрт бұрыштап таққан жері.

Түмен Балтабасұлы



 

«...Бұлбұл ұшты Маңғыстау қол ұшыңнан,

Басқан екен албасты сені шыннан...»

«Сегіз арыс Сейілхан»29 сенделіп жүр,

«Адайлардан жеңіліп – белі сынған!..»

 

Сариғауып кеудеде азалы арман,

«Ел шабам!» – деп жазылмас жазаны алған, –

Екі жаққа теңселіп бақшы біткен,

Жоқтайды-ай кеп ерлерін қаза болған.

 

Өришанның30 таусылып тірі пірі,

Өшкен сынды түркменнің үміт үні...

«Көпейоғлы31!

Құрттың, – деп, – тұқымымды!..» –

Хиуа ханын қарғайды күні-түні.

 

Жүруші еді жасанып жолы боп кіл,

Бөрі жоқ-дір! –

Қалды де төңірек тұл!

Үш жүз ерден айрылып кіл әруақты,

Жалғыз құла ат жетектеп – оны кеп тұр!..

 

Бөрі батыр –

осы істің артын аңдап,

Аман қайтса, –

орысқа шарқы32 жалғап,

Болып еді-ау есіл ер –

Маңғыстауды

Біржолата Адайдан тартып алмақ!

 

Ол арманды енді кім іске асырсын?!

Түнде жүріп кім, сірә, түс қашырсын?!

Елде қалған, көп бейбақ, еркексінсең,

Етегіне қатынның тіс қасырсың!

 

Сөйтер, – елдің таярда бастан бағы,

Жауда қалды мүрде боп басты арманы.

«Адыра қалған Айладыр!» –

Енді саған

Маңғыстаудан Ай жуық аспандағы!..

 

Теріскенді боз дөңнен төбесі орғыл

Енді жүріп жол таппас көп есер құл! –

Тандыр-құмда тамшысын талмай алмай,

«Ойда – Талақ,

Қырдағы Көгесемнің!..»33

 

Қанды шеңбер – көк найза қамалды ерден

Оразмеңді, Ақмәмбет аман келген.

Осы екеуі алдымен есін жиып,

Артта қалған қырғыннан хабар берген.

 

Еске алғысы келмейді, ал қалғаны,

Жаман түстей –

көрген бір жалғандағы.

Аман келген онның да екеуі өлді,

Қабырғадан таусылмай тамған қаны.

 

...Оразмеңді –

кеудеден жалын атып,

Ұйқтамайды сұрапыл сарын атып.

Қанқұйысқан дұшпанның құла атына

Бір міне алмай ит боп жүр, қаны қатып.

 

«Мінетін ат –

жылына төрт тағалап!..» –

Солай десті сан сейіс қарт бағалап.

Қолдыраған танауы шелектей боп

Кісінейд те тұрады артқа қарап.

 

Алдап көрген жем беріп, шекер беріп,

Шықты барлық айласы бекер болып.

Көрінсе адам, – су ішіп, шөп жемейді,

Сыбыр еткен нәрседен секемденіп.

 

Барлық шарқы бұл атқа ем болмастай,

Оразмеңді –

сан тұлпар көрген жастай –

Тақым салса атына қас жауының,

Қатынына шапқаннан кем болмастай!

 

Бұл нағылған мал емес, – шайтан ат ед!

Сені бұған тап қылған қай пәлекет?..

Тұқым алмақ болып ед,

айғыр ғой деп,

Пысқырмады –

қойса да байтал әкеп!

 

Жүретін-ақ ат еді құмайша ағып,

Тап қылып ед, қолына Құдай салып.

Салдырмайды ер арқаға! –

Санына – арқан,

Шыңғыртса да ерінге шұрай салып!

 

Мысқал дегбір қалмады батырыңда,

Енін сылып тастады ақырында! –

«О, қан жауғыр!

Бақыдан әулие ме ең,

Қалған кеше қан саулап тақымында!..»

 

Сонда да атқа жұқпады ем түкірік боп,

Тұрса да ісіп талтаңдап бұты күп боп.

Екі көзін ағызып жіберді ақыр,

Оразмеңді бір күні құтырып кеп!..

 

Жетпеді шын бұл құла тажалға әлі...

Жемейтін ел жылқы етін озалдағы...

Сатпақ болып шешті атты Оразмеңді

Жылқы жегіш біреуге базардағы.

 

...Сол күн тұңғыш шықты алып тал шарбақтан,

Барлық жігіт тұл қырсық шаршаулы аттан.

Бейбақ құла дұшпанын көрмей қалды,

Көзден – сора,

бұтынан қан саулатқан!

 

Бұл маңайдың қалғандай желі де өліп,

Тік тартылған жол да жоқ желі болып.

Ең жаманы, –

Иесі келмей қойды,

Иегінен сипайтын еміреніп!

 

Ығыр болды мігірсіз қан-жосадан,

Бизарланып қарғаған қарбашадан.

...Тарпып үзіп жөнелді кенет құла ат,

Шағында бір дұшпан-қол сәл босаған!..

 

Қызғыш жебе кірістен кетті атылып! –

Қуып берді қиқулап көп қапылып.

«Жібермендер тірі!» – деп Оразмеңді,

Тапаншасы қолында от қақырып.

 

Бұлай қумас, қолынан пірі кетсе!

Келеді ағып көп түркмен түріп өкше.

«Қазақтардың ат деген –

әруағы еді,

Біздің қолдан болмайды ол – тірі кетсе!..»

 

Тастап шықты нар-құла ат қан-дұшпанды,

Жел де ұмытып қалғандай жалды ұстауды.

Қанды бұлттан бөлінген құла жасын –

Аумай тапты маңдайы Маңғыстауды!

 

Маңғыстауды маңдайлап ағар жасын,

Қамбар-Атаң құла атқа тағар ма сын?!

Бола ала ма су мен шөл оған бөгет,

Судан шыққан Суыннан жаралғасын?!

 

Тұяғына даланың соқпағы анық,

Түнек ғалам кенеттен кетті ағарып.

Шуылдасқан үні өшті көп түркменнің,

Ат түгілі,

қойды енді оқ та қалып!

 

Ат түгілі, қойды, ырас, оқ та қалып,

Қайран тұлпар –

Үстірттен от боп ағып,

Ертесіне Қараған-Босағаға –

Балуанияз басына жеткені анық!

 

Күмәнданар тірі жан жоқ па маған?

Бар болса егер, ақиқат-сотқа барам!

«Соқыр құла ат батырдың басына кеп

Үш күн тұрды!..» – депті бір жоқ қараған!..

 

Үш күн тұрды азынап сорлы құла ат,

Соқыр көзі ер жатқан көрді бұлап.

Иегінен сипалап еміренер,

Тұрғыза алмай кетті ақыр ерді, бірақ...

 

Қанатында лыпылдап ғафыл-жалған,

Қай жер еді тапанша атылған маң? –

Ақырғы ірет кісінеп құлап түсті ат,

Белге барып –

белінен батыр қалған!

 

«Мүмкін емес!..» – деп, досым, бақайды іліп,

Топас мінез танытпа,

топай-қылық...

Батыр өлген, ат өлген сол төбені:

«Құла ат басы» деп әлі атайды жұрт.

 

Бейітке әкеп Тұрмамбет тұрғыласы,

Сықылданып батырдың бір мұрасы, –

(Көргендерден естуім) –

көпке дейін

Жел мүжіген тұлпардың тұрды басы!

 

Тіпті, кейде біткендей жылқыға жан,

Мейір қана сіміріп түн-тұмадан –

Құла ат басы құсаған Ай туғанда,

Үн шығады деуші еді шұрқыраған...

 

Ескі күннің киесі көшті ғой шын,

Ұрғыныңа Жад пенен Ес тілейсің...

Ыршып тұрам ұйқымнан сол үн жетіп,

Ал сен айтшы,

неге оны естімейсің?

 

Қос көзіңмен ештеңе көрмегесін,

Белгілі ғой сенің де тергемесің...

Қалай тапты соқыр ат – Ерін, Жерін? –

Мен білмеймін!

Сұрай жүр Сен де, досым!..

 

Сол қисса немесе Тұрмамбеттің қазасы. 1915 жыл

 

Бойын түзеп даланың құр атындай,

Балуанияз керіліп тұратындай...

Есенғали Раушан

 



Жел де тынды – бір-екі жұлқынған боп,

Ел де тынды, – қайыра ұмтылған жоқ...

– Балуанияз!

Не жатыс?

Мен келдім! – деп,

Жан досының басында тұр Тұрмамбет.

 

Сол баяғы Босаға жалы жатыр,

Бітіргендей күзгі жел жағына тіл.

Көшін бүгін қондырды осы араға

Тоқсан жеті жастағы кәрі батыр...

 

Өткен күндер жанына жалын үрлей,

Жеткізердей жырақтың сарынын кей.

Тас молаға сүйеніп теңселеді,

Буынынан әл қашқан кәрі білдей.

 

Жеңді...

Бәлкім, жеңбеді көп дұшпанын,

Кешіп өтті тозақтың шет-пұшпағын.

Оқ түкірген тапанша ештеңе емес,

Көрді талай орыстың «от құсқанын».

 

«...Хабар сұрар жөнің бар түрегеліп,

Отырмын ғой қасыңда, міне, келіп...

Сен өлгелі алпыс жыл, Балуанияз,

Алпыс батыр таусылды түгел өліп.

 

Көңіл – талық.

Көз – жабық.

Сезім – жарық.

Саған жетті сол жарық төзімді алып.

Жылы орының суытпа, жан досым-ай,

Сол хабарды айтайын өзім барып.

 

Жағаластан қаусады ақыл, қайрат,

Бүгін мені алып қал, батыр, байлап!

Біздің қару өтпейтін шапқанменен,

Келе жатыр далаңды кәпір жайлап.

 

Көрдім, ұқтым заманның ғаламатын,

Тажал шықты танымас адам атын.

Бүгін мені қал, батыр, қасыңа алып,

Балалардың көрсетпей жаманатын!..

 

Біле алмайсың төре кім, көрдемше кім?

Босағадан ант кетті!

Төрден сенім!..

Арманың да жоқ екен, Балуанияз,

Өзіңдеймен алысып өлген сенің!

 

Көкірегіңе баяғы өрлеген оқ

Сан боздақты жоқ қылды жерге бөлеп.

Менің халім қалмады елді қорғар,

Әруақ болып жатпасам,

көрде жебеп.

 

Сана – сарсаң,

дәм – кеусен,

басым – керсен,

бұлт жайқаған басыммен басылды еңсем.

«Ақ шейіттік» маңдайға бұйырмады,

Енді сенің арман жоқ қасыңда өлсем!..

 

Көз жабылып,

көңілің ыластанса,

Сорлы жүрек береді шыдас қанша?

Бүгін мені жібермей бірге алып қал,

Балуанияз екенің ырас болса!..

 

Қарайтындай елесің қас кейіпте,

Тіл қатпайсың,

тығылып тас бейітке.

Соз қолыңды! –

Қолыңды мен едім ғой,

Елден бұрын жеткізген –

«Ақ шейітке!..»

 

...Кәрі батыр сөйлеп тұр қатты налып,

Қара көздің түбінен ақ тұма ағып...

...Жұлдыз шыға үзілді...

Ертесіне

Жан досының жанына жатты барып.

 

Шыны осы ма?

Жанынан қосты ма елім? –

«Орындапты өлі әруақ дос тілегін!..»

Қатар тербеп жырлайды әже-төбе,

Еңіреген «Елім!..» – деп қос түлегін!

 

Қара обаның басынан шырқ айнала

Бір бұлт, бір құс жүреді шымқай қара...

Жатады үнсіз –

елі бар ерлігі жоқ,

Желігі жоқ желі бар сұрқай дала.

 

Есігінен енбейтін жарыместің,

Өткен күннен үзілмес сарын естім.

...Содан кейін,

өлді деп естімедім,

Балуанияз басына барып ешкім...

2001 — жылан жылы.

Желтоқсанның 23-25 жұлдызы.

Шынжыр қыстағы.

 

 

1Балуанияз Мүсірепұлы (1818 – 1856) – халық батыры.

2Күп – таудағы табиғи тас бассейн.

3Тұрмамбет Төлеғожаұлы (1818 – 1915) – халық батыры.

4Шейх-Күбірә – Көне Үргеніштегі әулие.

5Дүбірә-ханым – мұнарасының басында алтын күн болған. Кейін орыс отарлаушылары жоқ қылған.

6Мәздімхан сұлу – Хожелі шаһарындағы мазар.

7Қырлы – мылтық түрі.

8Қарағашақ – кобра жылан.

9Бөрі, Бақы, Оразмеңді, Ақмәмбет – Хиуа әскеріндегі түркмен батырлары.

10Мұхамед Әмин – Хиуа ханы. 1845-1855-жылдары хандық құрған.

11Сейіт-Мұхаммед – 1824 туған. 1856-65 жылдары Хиуаға хан болған.

12Айбүйір – жер аты.

13Ескелді Саназар Құдайназарұлы (XVIII ғ.) – асыл тұқымды жылқы өсірген атақты сақи.

14Асар Сұпы Жәрменбетұлы – Бекет Атаның ағасы Алдоңғардың немересі. Ел корғау жолындағы көп шайқастарда ту ұстаған. Қажылыққа барып, сүйегі Мәдина шаһарында қалған.

15Қырықмылтық, Бәйімбет – ру атаулары.

16Қалнияздың «Ер Қармыс» дастанынан.

17Бұл үзінді Қашағаннан.

18Қалнияздың бұл жырларының бәрі де осы жорықтар үстінде айтылған.

19Бұл үзінді Қалнияздың «Ер Қармыс» дастанынан.

20Келес – ине шашатын үлкен кірпі.

21Қурайыш – түркменнің шөгерме бас киімі.

22Құрбашы – қолбасшы.

23Құраба – ашытқы.

24Айладыр – түркмендердің жалпы атауының бірі.

25«Қанжыға қаю» – жадағай астарына түйе жүн салып, мақпалмен «қанжыға қаю» жүргізеді.

26«Ақына шейіт» – отанын, шаңырағын қорғап өлген ерлерді осылай атайды. Олардын қанын жумай, киімімен жерлейді. Тәні жерге берілген бойда, жаны жұмаққа тергеусіз барады.

27«Шып-шырға» – «қанжыға қаюдың», жұрынның үстінен «шып-шырға» жүргізіледі.

28Ер Досан Тәжіұлы (1829-1876) – 1870-жылғы орыс отаршылдарына қарсы көтерілістің қолбасшысы.

29Сегіз арыс Сейілхан – түркмендердің жалпы атауларының бірі.

30Өришан – түркмендердің әулиесі.

31Көпейоғылы – иттің баласы.

32Шарқы – амал, айла.

33«Ойда – Талақ, қырда – Көгесем» – Маңғыстаудағы суы бал татитын шыңыраулары.

 

«Таң қауызын жарғанда» кітабынан (Алматы-2002), 3-том, 299-339-беттер

Бөлісу:

Көп оқылғандар