«Шерлі Түркістан» поэмасы – Қасымхан ақынның азаматтық сөзі

Бөлісу:

20.04.2016 4987



касымхан бегманов.jpg

Тәңірі Тағала әркімнің маңдайына дүниеге келер алдында тағдырын жазады. Дәухіл-махфузға жазылған тағдырыңның қалай боларын ешкім білмейді. Маңдайға жазылғанын көресің. Ұлы Жаратушы Құдай Тағала әрбір пендесіне өзінің ырзық-несібесін берген. Кейбір адам баласы ақын, жазушы, суретші сияқты өнер адамы болып туылады. Бұл, әрине, жақсы қасиет. Дарын. Талант. Шебер Құдай Тағаланың берген дарынымен бүгінде көптің ықыласына бөленіп, махаббат ақынына, лирик ақынға айналған жігіт ағасы – Қасымхан Бегмановтың шығармашылық зертханасымен танысып, оның шығармаларының көкөзегін байқап, оның шығармашылығы хақында аз-кем ой толғайық деп шештік. Осы күнге дейін әдеби орта, ғылыми орта Қасымхан Бегмановты «махаббат ақыны» деп бағалап келді. Енді көптің бұл ойы 180 градусқа өзгерер... «Егемен Қазақстан» газетінің 9 сәуір күнгі №67 санында жарық көрген «Түркістан тағдыр» атты тарихи дастаны – оқырман қауым арасында үлкен әсер тудырып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып келеді. «Түркістан тағдыр» арқылы ақынның тағы бір қырын, ерекшелігін байқап, оның азаматтығына сүйсінесіз. Біз, осыған дейін Қасымхан Бегмановтың Мұстафа Шоқай бабамыздың құрметіне арнап жазған «Мұстафа Шоқай жолымен» ғылыми-зерттеу еңбегімен де, осы аттас деректі фильммен де жақсы таныспыз. Сонымен Қасымхан ақынның шығармашылық әлеміне енейік.


Қасымхан Бегманов – қазақтың көрнекті ақыны ғана емес, қоғам қайраткері. «Қайраткер» деген сөздің қадірі қашқан заман болды ғой өзі. Қатардағының бәрі «қайраткер». Өзінің айтуы бойынша 300-ден астам әні бар, бірақ халық соның бірде-біреуін жатқа білмейтін Нұрлан Еспанов деген жарты «құдай» да өзінше «қайраткер». 28 жастағы Жанар Доғалова да «қайраткер». «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атағы барларды санасаң, саусағың жетпейді. Тіпті, санынан жаңылысып тынасың. Ал, біз айтып отырған «қайраткер» деген ұғым – қай мағынасынан алсаң да, биік һәм абыройлы. Абыройлылығы сол – ол өзінің ұлттық құндылығын дәріптеп, руханиятқа жанашыр болып, ұлттың шынайы тірегі болады. Ақын Қасымхан Бегманов осы топқа жататын қайраткер. Оның қайраткерлігі сол – рухты жырлар жазуы, Мұстафа Шоқайдың мұрасын насихаттауы, шоқайтануға үлес қосуы, қазақтың салт-дәстүріне адалдық танытуы. Енді осындай шығармашылық адамын қайраткер демесек, кім дейміз?!


Қасымхан Бегманов – қоғам қайраткері. Республикалық деңгейде «Дәстүр» атты ұлттық этнографиялық журнал шығарып, қазақтың мынадай алмағайып заманда ұмытыла бастаған дәстүрін жаңғыртып, салт-санасын ұлықтап, жас ұрпақтың келешегі үшін байырғы қазақтың жазылмаған «дала заңы» мен бабалар институтын қалыптастырып, оқырман қауымға ұсынуы. Бабалар институты дегеніміз – ежелден бергі ұстанып келген дәстүрі, ұлттық менталитетіне сай өзіндік ерекшелігі, ырым-тиымы. Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік заманда қазақтың ділі мен тілі, салт-санасы солақай идеологияның құрбандығына шалынып, цензураның қайшысымен туралып кетіп еді. Ал, егемендік алып, азаттық таңына жеткенде, қазақтың салт-санасының титтей бөлшегі ғана қалып еді. Оның өзі нарық заманына келіп, тағдыры таразыға тартылды. Жаңа ғасырдың жаңа буыны – космополиттік ауруға шалдықпасын деп, исі қазаққа «Дәстүр» деген журнал шығарып, ескілікті жоқтап, ескілікті жырлады. Шүкір, бүгінгі күні «Дәстүр» журналы – мерзімді басылымдар арасында өзінің тұрақты аудиториясы мен оқырманын қалыптастырған, ел іздеп оқитын, сұранысқа ие басылымның бірегейі. Түркілік сарынмен ұлттың рухын оятып, кешегі жыраулардай кесек толғайтын көк бөрі ақын – Темірхан Медетбектің «Дәстүр» журналына әдеби редактор болып келуінің өзі – ұлы Тұран ұлдарының берекесі мен бірлігін дәлелдеді. Темағамыз «Қазақ ақындарының салт-дәстүр антологиясын» жасап, журналдың әдеби мазмұнына ерекше жаңалық әкелді.


Қасымхан Бегманов – азамат ақын. Қазақ поэзиясында тарихында «азамат ақын» деген бағаға лайық ақындар санаулы ғана. Мысалы, «Оян, қазақ!» деген Міржақып Дулатұлы, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам...» деген Сұлтанмахмұт Торайғырұлы сынды арыстарды тілге тиек етуге болады. Бүгінгі қазақ поэзиясынан «азамат ақын» деуге тұрарлық ақын болса, ол – осы Қасымхан Бегманов. Қара өлеңнің биігіне айналған Қадыр Мырза Әлі ағамыз Қасымхан Бегмановтың «Ташкентпен қоштасу» өлеңін жоғары бағалаған еді. Иә, онысы шындық. Ақынның «Ташкентпен қоштасу», «Төрт қақпалы Түркістанға тағзым», «Мен өзімнен бөле алмадым Тұранды» деген өлеңдерінен ақынның азаматтық келбетін көресіз. Ол туған жерін жан-тәнімен өліп-өшіп сүйеді. Шетсіз-шексіз сүйеді. Иә, адам баласының бәрі өзінің туған жерін ерекше қадірлейді. Алайда, Қасымханның туған жеріне деген махаббаты өзгелердікінен тым бөлек, ерек, алабөтен. Себебі: оның жүрегінде мұң мен шер, нала бар. Мұң мен шері өзегін өртеп, намыс-жігерін алаулатып, көңілінің құтысын сындырып, жүрегінің түбінен азаматтық сөзін өлең қылып шығарады. Міне, өлең деген жүректегі сезімнен туады дейтініміз сондықтан. Жоғарыда мысал еткен Міржақып бабамыздан бұрын қай ақын «Оян, қазақ!» деген еді, айтыңызшы... Міржақыптың ауызына «оян, қазақ!» деген сөзді Жаратқан Хақ Тағала салған емес пе! Міржақыптың басқа ақындардан ерекшеленетіні де осы. Ал, Қасымханның «Ташкентпен қоштасуы» – Қадыр ақын айтқандай, «поэтикалық құбылыс» .


Қасымхан Бегманов шығармашылығының негізгі көкөзегі (лейтмотиві) – ұлы Тұран даласы, Тұран перзенттері. Туған жерінің тарихын білмеген бала, кейін өскенде оның дамуына үлес қоса алмайды. Ал, Қасымхан 1975 жылы мектеп бітіріп, Алматы шаһарына келіп, политехникалық ннститутта оқи жүріп, «Түркістан» деп жырлап, филфак пен журфакты бітірген қатарлас ақындармен тең дәрежеде тұрды емес пе! Осы сөзімізді кім жоққа шығара алады! Сенбесеңіз, талантты эссеист Бауыржан Омаровтың «11-ші қаламұшын» оқып, Қасымхан ақынның сол кездегі КазГУ қалашығындағы ақындармен тең дәрежелі болғанын байқаңыз.


Қасымхан Бегмановтың «Шерлі Түркістан» поэмасының ерекшелігі – ақын поэзия тілімен өткен дәуір мен бүгінгі қоғамды салыстырып, Мұстафа мен оның сүйіктісі Мариямның бір-біріне деген махаббаттарын хат, эпистолярлық мұралар арқылы өрнектеп, Мұстафаның жүрек сөзін монолог тәсіліне салып, бейнелеп, суреттейді. Ақын – суретші. Ақынның суреті – Мұстафаның портреті. Ақынның суреткерлік политрасында қазақтың Мұстафасының қоғамдық-саяси қызметі, оның санаулы ғұмырында атқарған игі істері мен егемендік жолындағы көзсіз ерліктері бәрі-бәрі қамтылған. «Шерлі Түркістан» поэмасы – дәуірдің тынысын, қазақтың мақтанышына айналған таутұлғаларының тағдырын жас ұрпаққа дәріптеуге шақыратын шығарма. «Шерлі Түркістан» поэмасы – азамат ақынның жүрек сөзі. «Шерлі Түркістан» поэмасы – оқып отырған оқырманына ұлттық рух пен намыс сыйлап, жүрегіне туған еліне деген махаббат сезімін ұялататын құдіреті күшті шығарма. «Шерлі Түркістан» поэмасы – қазақтың ары мен ұятын, мақтанышын қалыптастыратын, патриоттық сезімін арттыратын әсерлі де қуатты, рухты да ұранды шығарма.


Елдос Тоқтарбай,

әдебиеттанушы 

Бөлісу:

Көп оқылғандар