Белгілі ақын, жазушы, драматург Ақылбек Шаяхметтің жаңа кітаптары

Бөлісу:

20.04.2016 6904


Безымянный.png

Белгілі ақын, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек Шаяхметтің бірнеше кітабы жарық көрді.


Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет 1951 жылы 17 маусымда Қостанай облысының Жітіқара ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, Мәскеу қаласындағы Әдебиет институтын бітірген. Қазір Қостанай қаласында тұрады.


Ол - Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі.


Ақын А.Шаяхмет Бұқар жырауға және Бейімбет Майлинге, Нұржан Наушабайұлына арналған республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Қостанай Жастар ұйымының, Бүкілодақтық әуесқой шығармашылық фестивалінің лауреаты. «Ана тілі» газетінің лауреаты. А.Байтұрсынов атындағы медальмен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 2007 және 2008 жылдары өткен «Астана-Бәйтерек» республикалық ұлттық конкурсының жеңімпазы, «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері. Қостанай қаласының құрметті азаматы. Қазір - Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Медиа-орталығының директоры.


Нар-қазақ.jpg

Осы күндері Ақылбек Шаяхмет биылғы жылы шығармашылық қызметінің елу жылдығын тойлауға дайындалуда. Ақынның тырнақалды жырлары осыдан елу жыл бұрын «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жарық көрген еді. Ал жас ақындардың жырлары топтастырылған «Көктем тынысы» жинағында:

«Арам сөздер бейне бір көміртегі,

Адал сөздер - оттегі, семіртеді.

Жақсы-жаман қасиет араласқан

Су секілді екен ғой өмір, тегі...

...Үміт күтіп отыр-ау далам менен,

Ақын болып, алаулап, жанам деп ем.

Туған жерім, ең асыл, қасиетті

Сақтап жүрмін бір сөзді саған деген»,- деп жырлаған болатын. Сол сөздің қорытындысы іспеттес «Сөз» жинағы биыл жарық көріп отыр.


Алматы қаласындағы «Дәстүр» баспасынан жарық көрген А.Шаяхметтің «Сөз» атты жаңа өлеңдер жинағына әр жылдары жазған өлеңдері енгізілді. Олардың тақырыбы сан алуан. Автор тәуелсіздік жемістері туралы тебірене жырласа, ел ішіндегі келеңсіз көріністерді де тілге тиек етіп, жас ұрпақты имандылыққа үндейді.


Адамдар арасындағы адамгершілік пен арсыздық, парасаттылық пен надандық, жақсылық пен жамандық, достық пен қаскөйлік, кішіпейілділік пен өркөкіректік, еңбекқорлық пен жалқаулық, мәрттік пен нәмарттық және басқа жақсы-жаман адами қасиеттер пен қасіреттер жайлы дарынды ақын тебірене қалам тербеп, оқырмандарын жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырады.


Сондай-ақ Ақылбек Шаяхметтің «Каскалар мен маскалар» деп аталған Қостанайдағы «Қарлығаш» баспасынан жарық көрген жаңа кітабында оның кейінгі жылдары жазған прозалық шығармалары мен мақалалары, көсемсөздері топтастырылған. «Ақылбек ақын айтқан екен» деген бөлімде жазушының әр жерде табан астында айтқан ұтымды да қанатты сөздері жинақталып отыр.




каска.jpg

Ал енді Қостанайдағы «Баспа үйі» шығарған «Нар қазақ - намысы бар қазақ» атты кітабының өзіндік ерекшелігі бар, ол төте жазумен басылған. Оған жазушының соңғы жылдары баспасөз бетінде және Ғаламтордағы әртүрлі сайттарда жарық көрген туындылары жинақталды. Жинақ шетелде тұратын бауырларымызға арналған.


Сонымен қатар орыс тіліндегі «Голос степи» жинағы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Юрий Бондаренконың алғы сөзімен Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Бұл жинаққа жазушының драмалық шығармаларымен қатар орыс тіліне аударылған прозалық туындылары мен өлең-жырлары енген.

Голос степи.jpg























Айдын Бәймен

Бөлісу:

Көп оқылғандар