Бақытжан Тобаяқов: Тәуелсіздік толғауы

Бөлісу:

21.04.2016 5887


 

І. Тәуелсіздік тәжі

 

Азаттыққа ата-бабам ғұмыр бойы шөлдеген,

Қаптап жатсын жауларым,

Таптап жатсын бауларын,

Сонда-дағы жаны сірі, өлмеген

Қазағым-ай,

Ғажабын-ай бүгінде

Бұрын-соңды көрмеген,

Отырмыз ғой төбеде сен, төрде мен.

 

Түрленгендей балмағыздай

байтақ менің мекенім,

Бүрленгендей бұтақтарым,

Далиғандай етегім.

Бұлағайлы-толағайлы күшпенен

Көрерсіңдер, шынар-шыңға жетемін.

 

Байсың қандай қазыналы жерлерім,

Елімменен,

Сенімменен мен де бүгін ерледім.

Сардарлармен, сарбаздармен сайдақтай

Өр биікке өрмеледім, өрледім.

 

Айқын қандай айпаралы Астанам,

Сүйсінеді тұрпатына

Кәрі менен жас балам.

Шарықтайды,

Қалықтайды көгінде

Алқау тілек,

Алқын жүрек асқақ ән.

 

Жиырма жылым зымырандай өтті бек,

Ұшпағына ұшқан құстай жетті деп.

Тәуелсіздік таңыменен туғандар

Қомданғандай,

Сомданғандай текті лек.

 

Артта қалды айқастарым, шайқасым,

Қуғындалды,

Қырғындалды сай-тасым.

Ендігіде емен-жарқын елімнің

Көк байрағын көпсінгендер байқасын.

 

Қайран ерлер,

Сәкен, Мағжан - серкелер,

Алашымның төріндегі еркелер,

Құрбан болды азаттықтың жолында,

Ұрпақтары жоқтатпайтын тер төгер.

 

Ахметтей, Әлихандай ардақтар,

Мұстафадай, Жаһаншадай саңлақтар

Елі үшін еңіреген боздақтар,

Жолдарынан таралғандай тармақтар.

 

Мұхтариятты құрды олар алғашқы,

Ақ пен қара әбжыландай арбасты.

Отаршылдық пиғылды кіл албасты

Сәргерлердің етегінен жармасты,

Аярлықпен аңдып жүріп соңыра

Атты, айдады, аямай-ақ  дарға асты.

 

Еһ, көрді сондай зұлматтарды қырандар,

Мұраларын мұрағаттан сұраңдар.

Олар тіккен тулар енді қисаймас,

Арттарында желкілдеген ұлан бар.

 

Тәубе деспін,

Зәуде ешбір жығылмас,

Жау біткенің шекарама сұғынбас.

...Тәуелсіздік! Тәу етемін мәңгілік,

Мәңгі осыны сертке тағып ұғын жас!

 


ІІ.Тәуелсіздік-тәуменім



Зер салсаңшы, достым-ау,

Өткеніме үңіл де.

Жолда қанша тосқын-ау,

Қалай жеттік бүгінге.

 

Қорқыт баба күйінен

Ұқтым заман захметін.

Алла берген сыйымен

Алдық сауап-рахметін.

 

Асан ата Жерұйық

Ұрпағына іздеген.

Кең даламда кермиық

Көсіліп ек біз деген.

 

Отау болдық бөлекше,

Тұран - елдің сәні деп.

Хандық  құрды ерекше

Керей менен Жәнібек.

 

Рабат салып даламда

Ата жаумен айқастық.

Алыспенен, жақынмен

Байырқастық, байқастық.

 

Қалмақ біткен қас жаумен

Арпалыстық қос ғасыр.

Дана билік бастаумен

Айта білдік досқа сыр.

 

Әз Тәукенің мизамы

Алғышарттай болды нұр.

Жеті Жарғы, үй заңы

Босаттырды қолды бір.

 

Ордабасы, Күлтөбе -

Күллі алаштың сүмбесі.

Тоқайласты дүр төре,

Бар қазақтың мүддесі.

 

Бірлік еді мақсаты,

Тірлік еді тегінде.

Осы уәзипа - жақсы аты,

Арман әлі елімде.

 

Арман еді тәуелсіз

Елге айналу айпара.

Отаршылдық әуенсіз

өз әніңді айта ала.

 

Жеттік соған, жете алдық,

Жолдар болды бұралаң.

Өткелектен өте алдық,

Балпаң басып жүре алам.

 

Отаршылдық бұғаумен

Буындырды қамыттай.

Шұрқ тесік шұлғаумен

Өтті өмір тамұқтай.

 

Қарс айырды хан Кенем

Орыс-нойыс жақтарын.

Тәуелсіздік нар кемем

Бұзып-жарды қақпанын.

 

Мият еді халқыма

Арыстары алаштың.

Салтанаты-салтына

таңырқадым, таң астым.

 

Кескек сойы қазақтың

Әлихан мен Міржақып.

Шеккен талай азап күн

Тұңғиыққа кіл батып.

 

Азат жолдың хикметін

Көрді сондай мың құрбан.

Алашорда үкіметін

Бірге қалап, бір құрған.

 

Тәуелсіздік оттарым

Лаулады өрттей өрімде.

Желтоқсандық  достарым

Мерейтойлық төрімде.

 

Бұғаулықтың тас жібін

Зұлпықардай қиды олар.

Қанын шашып, рас, бүгін

Тауарихқа сыйды олар.

 

Жиырма жылдық белесте

Жиырма ғасыр тарих бар.

Тәуелсіздік емес пе

Елдің бетін анықтар.

 

Қараөткелде салынған

Ежелгі ол - Бытығай.

Үлде-мүлде малынған

Астана тұр ұтып-ай.

 

...Сымбал сұлу жақсыдай

Туа берер ізгі жас.

Хан Кене тұр сақшыдай

Ескерткіші мызғымас!

 


ІІІ. Желтоқсан желі


Тәуелсіздік дәмі қандай-татығам,

Өткенді ойлап талай таңды атырам.

Желтоқсанның ызғарында, желінде

Сыртқа шықты ішімдегі запыран.

 

Сыртқа шықты зорлық пенен зомбылық,

Үстемдік пен жәбірлену, қор қылық.

Желтоқсанның желі өңменнен өтті ғой,

Әлі күнге келеді ол тоңдырып.

 

Момын едік,

Тоңып едік ызғардан,

Тапталғанды бойымдағы ізгі арман.

Талатқанда иттеріне аямай,

Жүрегімде жазылмайтын із қалған.

 

Ойым анық,

Мойымадық, тік тұрдық.

Бүгіп белін отаршының, бүктірдік.

Ар-намысын жібермейтін ешқашан,

Әлемге біз қазақ атын ұқтырдық.

 

Қысымына қысталаңда қыңбадық,

Абақтыға қаматты да, сынбадық.

Атамекен, жерім, елім үшін деп

Өшпейтұғын өлең-жырды жырладық.

 

Не көрмедік, бастан өтті зобалаң,

Есімде ғой жастар біткен толы алаң.

Тауқыметін тартып бірге нәубеттің,

Әлі күнге зар илейді сол анам.

 

...Бостан болдық, енді көзім қырағы,

Көз алдымда Желтоқсан-қыс тұрады.

Алаулайды әлі құрбан жастардың

Сол алаңға мәңгі жаққан шырағы!

 


ІҮ. Тәуелсіздік перзенті


Тәуелсіздік! Ата-бабам аңсаған,

Қаншама жыр арнады екен жан саған.

Көк байрағым желбіреген сәттерде

Қадамыңа Қазақстан тамсанам...

 

Астанам-ай!

Бас қалам-ай, бас тұғыр,

Шаттық кернеп көздеріме жас тығыл.

Шаһар қандай-түс көргендей!

Көңіл-дөнен

Шалқып-тасып кемерінен асты бір.

 

Сонда тұрам,

Сондықтан да мақтанам,

Ақжарма күй ағыл-тегіл ақтарам.

Күллі әлемдік астаналар шеруін

бастап кетті байтақ менің бас қалам.

 

Сусындаймыз білімменен сарқылмас,

Ертеңгі істер өркендерден артылмас.

Кел, бірігіп кірпіштерін қалайық

болашаққа жол ашатын, аршын жас!

 


Ү. Тәуелсіздік әні


Ата-бабам аңсаған

Азаттықты қарсы алғам.

Жер-жаһанға, ғаламға

Бостанмын деп жар салғам.

 

Құлдық сана-тамұқтан

Құтылдық қой қамыттан.

Қазақ өзін паш етіп

Бар әлемге танытқан.

 

Азаттықтың ұраны

Алаш еді жыр-әні.

Қалықтайды көгімде

Еркіндіктің қыраны.

 

Қуғын-сүргін, зұлматты

Көрді қазақ тым қатты.

Азап-тордың құрсауы

Арқамызға шын батты.

 

Желтоқсанның ызғары

Қариды ғой бізді әлі.

Құрбан болған құрбы үшін

Жүрегіміз сыздады.

 

Тәуелсіздік! Тәу етем,

Әуелетем, әндетем.

Азаттықтың ақ таңы

Өлшенбейтін мәнге тең.



ҮІ. Астаналар парады


Уақыт деген ұршықтай зырлап аққан,

Айырмашы тәңірім, жыр-қанаттан.

Асқақтаған астана шежіресі

Бастау алған елордам-Сығанақтан.

 

Көненің көзіндей ғой сол шаһарлар,

Оларға үзілмеген жол сапарлар.

Өркениет үлгісіндей өлкедегі,

Тарихтағы кенттерім болса парлар.

 

Жайбарақат алайын қалай тыным,

Өткелекті өткерді талай сыным.

Самаладай болған ғой сар далаға

Сан ғасырдың куәсі Сарайшығым.

 

Анталаса жау біткен кіл тұстан мың,

Жауып қақпа, қолыма кілт ұстадым.

Қамалындай қазақтың, қорғанындай

Түркі дүние кіндігі Түркістаным.

 

Салсадағы дұшпандар жалын өртін,

Өшірмеді жүректі-жаным, сертім.

Феникстей түлеген дүр сілкініп,

Жібек жолы бойында Яныкентім.

 

Сахарада сап түзеп ғаскер легім,

Ел қорғаған батырды дәстерледім.

Күллі түркі дүниясы дүрмегіндей

Дүрілдеген жаһанға Тәшкен дедім.

 

Шекарамды бекіттім толым қолдай,

Тоба деймін өткенге, жолым болғай.

Орыс жұртқа кетсе де тарихымыз,

Болды астанам ойкүмен Орынбордай.

 

Одан әрі тірелдік Ақмешітке,

Оны ұлықтар астана, бас десіп пе.

Ақ пен қызыл шайқасып, сансыратып,

Санамызды бұрғандай басқа есікке.

 

Қасиеті қалар ма қарға тұнбай,

Бар ма шаһар дүлдүлі Алматымдай.

Өркениет өрісімен, желісімен

Зулай берер зымырап алға тынбай.

 

Неден мен де жығылып, ұтылайын,

Ендігіде алаштың құты дайын.

Ақмола мен Астана тұғырлары

Ежелгі кент Бозоғым, Бытығайым.

 

Арнаймын ғой тасына дастан әрбір,

Бар әлемге барқадар бас қалам жыр.

Арындасын алаштың аты көкке,

Жалындасын жарқырап Астанам дүр!

 


Бақытжан Тобаяқов,

ақын,

Халықаралық Түркі поэзиясы және Абай поэзиясы

фестивальдерінің лауреаты


abai.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар