Олжас Қасым: Сағынамын, сағынғанда жыр жазам

Бөлісу:

22.04.2016 6287



Көшкен қыз


Сол бір қызбен,

кешкем талай жайт бастан,

Кеше ғана көшіп кетті ол айтпастан.

Бұл қаладан бір қалаға кетіпті,

Және менен кетіпті оны айтты аспан.


Аңтарылып жолға қарап тұрам көп,

Әлеміме айтылмаған бір ән кеп.

Ол кеткелі бұл шаһарда мінез жоқ,

Ол кеткелі бұл шаһарда шыдам жоқ.


Өзгеріс жоқ, құрылыс жоқ, шаттық жоқ,

Еркелік жоқ, бұрылыс жоқ, пәктік жоқ.

Асқақтық жоқ, адалдық жоқ, сезім жоқ,

Таңданыс жоқ, құбылыс жоқ, аптық жоқ.


Көбейді ме күрсінісі, кемсеңі,

Жалғыздығы басып тұр ғой еңсені.

Сені маған мойындатқан түн еді,

Мен де түнді мойындадым деуші еді.


Көбейгендей күрсінісім, кемсеңім,

Азабын да тартып келем мен соның.

Өзіңе ерте келген кезде үмітім,

Өлеңге де келдім, бәлкім деуші едім.


Қазір қала сені ғана жоқтайды,

Дей алмаймын жан-дүниемде жоқ қайғы.

Мына жүрек баяғыдай өрекпіп,

Мына жүрек баяғыдай соқпайды.


Тағдырымның шырағы сен, досы – үміт,

Ерте кетсем кешіріп қой кешіріп.

... Сол қыз бүгін әкеткендей өзімен,

Бір қаланың бар қызығын көшіріп....



Әкем менің!!!

Сағынышым үдеген,

Кейде саған тарлық етер бұл әлем.

Алматыға бармағаны – бір өлең,

Ал Семейде қалмағаны – бір өлең.

Шалғайдағы жақыным ғой ол менің,

Ғұмыр бойы түйсігімде түнеген.


Басып қойып жүректегі дауылын,

Ол аяйды қайрылмаған дәуірін.

Мен әкемнің ессіз ғашық халімін,

Бәлкім оның найзағайлы шағымын.

Шежірелі өмірі – ұлы тағылым.

Тезге салып түзетіп жүр бауырын,

Күзетіп жүр Төлеужанның ауылын.


Қастерлім-ау, арда жүрек, айбарлы.

Әкем менің намысым ғой қайраулы.

Тауып берген өлең дейтін қайнарды,

Үйрететін тұғырымнан таймауды.

Кейде асқақ жыр оқиды сілкініп.

Сағындым деп Әбубәкір Қайранды.


Оған жолдас ескі ауылдың белесі.

Оған демеу отты жылдар елесі.

Сағынамын, сағынғанда жыр жазам,

Саған бастап апаратын жол осы.

Жүрегіме қадаласың сәт сайын,

Сағыныштың қозы жауырын жебесі.

Алай- дүлей әлеміңе ене алмай,

Ту сыртыңда тұратыным неге осы?


О, Әкетай!

Иір-қиыр жол жүрген,

Жүрме дейсің сүрлеуменен мен жүрген.

Күні-түні көкірегімді кемірген.

Сағыныштан жарылатын болдым мен.

Қара түнде қараөлеңге ұластың.

Қарашығым - қара жолға телмірген.



Дежавю


Көрген едім бұрын бәрін,

Кенет назар аударғанын.

Дәл осылай бұрылғанын,

Дәл осылай таң қалғанын.


Қимаймын деп сол даланы,

Әңгімесін айтады әлгі.

Сәл мұңайып салған әні,

Бүгін тағы қайталанды.


Ол отырды түсі қашып,

Еске салып күздің күнін.

Дәл осы бір ұшырасу,

Болған сынды жүз жыл бұрын.


Сәт қой деп ем кешпейтұғын,

Тағы міне кезіктірдім.

Оның қазір не істейтінін,

Іштей ғана сезіп тұрмын.


Шешімі жоқ сұрақ әр күн,

Өмір сырын білдірмеген.

Өткен күнін бір адамның,

Қайта сүріп жүрмін бе мен?!



Жауап береді кімдер?


Өмірге ақым төленбеді ме?
Жауап береді кімдер?
Жазылған барлық өлеңдеріме,
Жауап береді күндер.


Қайғыға ұқсас әзілдеріме,
Жауап бере ме бақыт?
Жүрекке түскен әжімдеріме,
Жауап береді уақыт.


Соңынан оның сенделгеніме,
Жауап бере ме сезім?
Осыған дейін көргендеріме,
Жауап береді көзім.


Ең асыл сәтті тонатқаныма,
Жауап беретін кім бар?
Тапқандарыма, жоғалтқаныма,
Жауап бере ме жылдар?


Әлемді бөлек қабылдауыма,
Жауапты бөлек қалдыр.
Келешек жақтан табылғаныма,
Жауап береді тағдыр.


Өлең деп білдім берген ғұмырды,
Бесік пен көрге дейін.
Өмірге неге келгендігімді,
Айтамын өзім кейін...


Сеул түні


Алатын үнсіз мазаңды.

Бұл кештер баста тұрмас та.

Алматы түні ажарлы.

Сеулдің түні бір басқа.


Адамдар үшін сыр ұғар.

Түн қызық болып таусылар.

Бұл түнде айдың нұры бар.

Бұл түнде қыздың дауысы бар.


Сеулге еніп, сиғандар,

Қаладан арман, шаттықты ал.

Бұл түнде дегдар дидар бар.

Басылмай қалған аптық бар.


Бұл кеште екпін, салмақ бар.

Бұл кеште тұма, тұнық бар,

Сеулді мен боп аңдап қал,

Сеулді мен боп ұғып қал.


Сеулмен солай өс бірге,

Бірге көр, көрсең бейнетті.

Бұл Сеул маған ешкімге,

Ұқсамауды да үйретті.


Өмірге ажар, өң берер,

Қалада жатыр бар үлгі.

Сабыры қашқан пенделер,

Сеулден алғын сабырды.


Бұл жерде атқан ақ таңды.

Жүрермін қатты сағынып.

Аңсаймын жатқан шақтарды.

Сеулдің түнін жамылып.


Тұрпаты дара жеріне.

Назарын тіккен бар тарап,

Қайтармын туған еліме,

Сеулдің түнін арқалап.



Сезім сиқыры


Жаңбырдың мүлдем жауғанын айтпа,

Жаңбырдан әсер алғаныңды айт.

Ой құшағында қалғаныңды айтпа,

Ағыл да тегіл арманыңды айт.


Түсірген небір кезді есіңдегі,

Шулы шаһардың оттарын айт.

Сол түнгі тұңғыш кездесудегі,

Жүректің қалай соққанын айт.


Сағынышымды еселер күнде,

Сезгейсің жанда сүйініш барын.

Ұққайсың бөтен көшелердің де,

Екеуміз үшін қиылысқанын.


Күн туар мүмкін қосылар аман,

Болмаспыз бәлкім мәңгі ғашық біз.

Дегенмен жаным осы қаладан,

Кездесу дейтін даңғыл ашыппыз.


Жүрекке ғана жеңдір тағдырды,

Жазбайын енді қоштасар өлең.

Тілек бар менде сол бір даңғылды,

Ешқандай адам баспаса деген.


Өзіңе ғана тіледім ізгі ой,

Кештерде кейде бастым әуенге.

Даңғыл дегенім – жүрегіміз ғой,

Жүректі ешкімге бастыра көрме!



Серт



Сезімің жүрекке қойылған шарт екен,
Демегін найзағай кейпінде жалт етем.
Мен саған ең асқақ сүюді ұқтырып,
Алматы шаһары атынан ант етем.



Бойыңнан ешқашан көрмеген өрт көріп,
Сендегі, мендегі дауасыз дертті еміп.
Тұрайын қара түн қойнында өзіңе,
Бақтардың шуылы арқылы серт беріп.



Жаныңды сүйентіп сәл шаттық, сәл мұңға,
Осыған жеткізген «алғыс» деп тағдырға.
Содан соң көтеріп алайын еңсеңді.
Жүректер тудырған жырлардың алдында.



Қалады біртіндеп, бар сәттер, бар әдет,
Үрейді іштегі өзіңмен ала кет.
Күбірлеп тұрамын сен жүрген жолдарда,
Менде бір шындық бар ол – сүю ғана деп.



Зарығу жолында шыдамды болдым мен,
Жүрек қой бәріне, бәріне көндірген.
Сен жайлы бір өлең түсірдім дәптерге,
Дәл сендей сұлу боп түспеді ол мүлдем.



Қол бұлғап тұр екен қай арман, қай төзім?
Берілді қашаннан осынша бай сезім.
Бір жолға түстім кеп сен жаққа апарар,
Сен жаққа апара жатыр ма айт өзің. 



Бөлісу:

Көп оқылғандар