Діңі – жәйір, мұңы – жалғыздық

Бөлісу:

15.05.2016 4847
Бағашар Тұрсынбайұлы.jpg

«Жәйірден басқа жауы жоқ» жас Жармұһамбеттің өлеңін ести сала «бұл ақын болмаса, мұрнымды кесіп берейін» деген сөзі жас талапты мойындау, талантын бағалау екенін сол жиында отырған жас ақындардың бәрі түсінген-ді. Мұқағали басымен «мұрнымды кесіп берейін» деп айтқан сөзі жас таланттың ақындығына қойылған кепіл сияқты сезіледі. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Жармұһамбет – Жәркен болды. Қазақ әдебиетінің табалдырығын жаңа аттаған жастан тартып, ақсақал-абызының аузында жүр. Мұқағалидың кепілі ақталды ма? Ең басты сұрақ осы.


Бейімделудің әртүрлі формалары бо­лады. Туған жерін қиып, атажұртына келген ақынның бұл жерге бейімделуі оңай болған жоқ деп ойлаймын. Мәскеу­де оқығанымен, талантымен ортаны мойындатқанымен, оның жаны, рухы атамекенге бейімделе алған жоқ. Ол бәрібір «Жәйір тауын» аңсайды. Тым бол­маса бір рет қақтығысып қалуды армандайды. Ақын сыртқы келбетімен ор­тамызда жүргенімен, ішкі әлемі, қия­лы мүлде басқа дүниеде. «Мен келсем, кел­дім туыс, бауырым деп, Алатау, Ар­қа, Алтай, Сауырым деп...» жырлаған ға­залдарына үңілсеңіз, атамекенге деген ерек­ше құрметті, ілтипатты көресіз. Бұл – ақынның азаматтық позициясы еке­нін де ұғасыз. Бірақ Жәркен ақын бұл жерді перзенті сияқты сүймейді. Ол «Жәйірді – анам» дейді. Ол Жәйірдің пер­зенті. Ақынның бір ішкі мұңы да осы. Оның шығармашылығының ал­тын қазығы – Жәйір. Бұл туған жер тақырыбын айналып өткім-ақ ке­ліп еді. Өйткені, Темірхан Ме­дет­бек Жәркен Бөдешке арнаған ма­қа­ла­сында бұл туралы айтқан. Басқа да мақалаларда көп айтылып келеді. Қай­талағың келмегенімен, ақынның шы­ғармашылығындағы Жәйір конце­п­циясын айналып өте алмайсың. Ерік­сіз аялдайсың. Ақынның жанын ту­ра өзі сияқты сезіне алмағаныңмен, өлең­нің жанын түсінесің. «Туған жерге барғанда» өлеңіндегі телегей теңіз ма­хаббат пен ауыр сағынышты, алып іңкәрлікті көрмеу мүмкін емес те:


«Қараған, бұтаның түбінен,
Ұйқысы қанып түнімен –
Ойнап шыққан қояндай,
Орғып-орғып жүгірем.
Орғыған сайын алқындым,
Алқынған сайын шарқ ұрдым.
Соңымнан қалмай жүгірген –
Тасбұлақ,
Өзен,
Самалды,
Болдыртып артқа қалдырдым.
Ойдан қырға орғыдым,
Қырдан нуға орғыдым,
Нудан суға орғыдым,
Табанға қатты батса да,
Орғыдым таудан, тасқа да.
Желбезек ерні түрілген,
Желге қарсы жүгірген.
Ілеспей қалды бөкен де,
Жылтылдап ұшқын түгінен...».


Бұл – ұзақ өлең. Бірақ осы өлеңдегі ақын рухынан басқа Жәркеннің ақын­дық қуатын байқаймыз. Бұл – ерекше көп жазатын адам. Және өлеңдерінде болсын, дастандарында болсын фо­льк­лорлық сипат айқын білінеді. Жазып отырған жырының ішінде өзі, уақыты жүреді:


«Маңдайымнан, табаннан мынау
қатал нарықтың тұрғанымен сызы өтіп,
Қайғыланып қан жұтып,
Мұнарланып мұңайман.
Рамазан айында Қадыр түнін күзетіп,
ағыл-тегіл шабыт бер деп тіледім,
Сөз маржанын тауып бер деп тіледім.
Боз інгенді сауып бер деп тіледім,
Шайтанымды қағып бер деп тіледім.
Айнымайтын бақыт бер деп тіледім,
Баяны ұзақ уақыт бер деп тіледім.
Отанымды, елімді, ұлан-байтақ жерімді,
Дін, тілімді сақтай гөр деп тіледім.
Несібемді қақпай бер деп тіледім –
құдіреті күшті Құдайдан».
(«Оралханға оралу» поэ­ма-моноло­гы­нан).


Бұрынғы суырыпсалма ақындар­дың кейпінде көз алдыңа келетін ақын­­ды өз қатарластарымен рухтас, сти­­лі ұқсас деп мүлде айта алмаймыз. Бұл, бүгінгі ақындарға қарағанда, бұ­­­рын­­ғы және ертеңгі ақындарға кө­бі­рек жақын сияқты. Ертеңгі дейтін се­бебіміз әдебиет айналып фольклорға ке­леді. Жаңа стильдер, тың мазмұндар ежел­гі мұраға қайта бас сұққанда пай­да болады. Тіпті, Батыс әдебиетінің мық­ты жазушыларының ар жағында «Мың бір түннің» жатқанын айтсақ та жеткілікті шығар. Оның үстіне Жәр­кен Бөдештің іздеушілері ылғи жастар. Ар­ғы бет, бергі бетіне қарамай, күллі ақын боламын деген жігіттер Бөдеш- ұлын іздейді. Жәй іздемейді, ақынның қуатты поэзиясына ынтығып іздейді. Жас­тар жақсы көрген ақын, болашаққа сол жастармен барады.


Өткен ғасырдың 60–80-жылдары дүр­кін-дүркін газет бетіне шығып, қай­та-қайта кітаптары басылып жатқан ақын-жазушылардың көбінің аты бүгін беймәлім. Газетіміздің сексен жылдығы қар­саңында ескірген тігінділерді ақтарып отырып та бұған көз жеткізгенбіз. Тіп­ті, елу жылға да толмай ұмытылып ке­те береді. Ал Жәркен оқылатын ақын. Ұмытылмайтын. Әрине, жалпы бұ­қаралық сипат алып, даңқты да бо­лып кетпейтін шығар, кім біледі... Бірақ ақын боламын дейтіндер іздеп жүріп оқи­ды. Жұмекенді, Тынымбайды із­дей­тіндері секілді.


Цвейгке жазған хатында Горький: «Шы­ғармаларын жазушының өзінен ар­тық ешкім түсінбейді» деп жазады. Бұл сөз, күллі шығармашылықпен бай­­­ланысы бар адамдарға қатысты. Және шындығы басым. Жәркен Бөдеш өз шығармашылығына қаншалықты үңі­ліп көрді екен? Бір сұхбатында тіл­шінің: «...арғы беттен келген ақын-жазу­шылардың шығармаларында мін­детті түрде «көш» жүреді. «Мен пә­лен жылы, пәлен көшпен келіп едім» – деп, тағдырын шығармашылығына ар­қау етіп жатады. Байқаймын, сіздің өлеңдеріңізде «көш» тақырыбы көп емес сияқты...» деген сұрағына ақын: «Көшті жырлап, шығармашылығыма оралман еке­німді арқау етпеймін. Өйткені, ата-жұртымды адаспай таптым. Мен орал­ман емеспін. Ата-жұртымды аңсап келген қазақпын. Ата-жұртын аңсап кел­ген күрескер ақынмын» деп жауап беріпті. Көшті жырлау дегеніңіз «Көш. Көш...» деген сөздерді айтудан тұрмаса керек. «Бауырым көшіп келгенмен, ауы­лым көшіп келмеді» деген екі ауыз сөзінің өзінде ақынның ішкі қасіреті, арманы жатыр. Әрине, күрескер ақын. Ол өмір бақи өз рухымен күресіп ке­ле­ді.


Қарапайым, кей ақындардікімен са­лыстырғанда қарабайыр, ұсқын­сыз­дау тұрмыс кешіп жүрген аяулы ақынның өлеңдері мазмұн, ой, идея жағынан өте бай. Жәркеннің поэзиясындағы бір ерекшелік деп көне тәмсілдерді (прит­ча) өлеңге айналдырып, содан көркем туын­ды жасауы. Тіпті, ол тәмсілдерді өзі ойдан құрастыруы да мүмкін. Қалай бол­­ған күннің өзінде оқырманын ой­сыз қалдырмайды. («Орақ пен бал­ға», «Кү­рек», «Қарт пен теңге», «Шыңғысханның құдығы», т.б.).


Не айтсаң да құп көретін (онысы жас баланы жасытып алмайын дегені), айтқаныңның бәрі алдында дұрыс бо­лып шығатын ақынның болмысы да қызық. Ол ешқашан біреумен жа­ға жыр­тысып, айғайласқан адамға ұқсамайды. Кейде ағаның ініге кіші көріп аузына келгенін айтып жататын кезі болады. Кейде інінің ағаның артық кет­кен кезін ке­ші­ре алмай, бұртиып жүр­ген сәті кездеседі. Ал Жәркен сон­дай әрекеттерден тысқары жүреді. Біреуді жек көрсе, іші біледі. Біреуді жақ­сы көрсе де, құрметі ішінде.


«Болған емес ешкіммен бақ-та­ласым,
Бауыр тұтам қазақтың бар баласын.
Мағжаннан қалған қарашаңырақ,
О, дариға-ай,
Жәркеннен де қаларсың!», –


деген осы шумақта ақынның бар шын­ды­ғы жатқандай. Күйбең тіршілікке қан­шалықты байлансақ та, күйкі өмір­ге қаншалықты алдансақ та бәрі өтеді. Сол өткінші өмірде қазақтың бар баласын бауыр тұтып, ешкіммен бақ таласпай өту қандай қиын. Мүмкін сол бақталасатын қасиеті болмағандықтан қатарынан алыс, кейінгіге жақын, қа­лың оқырманға сүйкімді шығар. 


Қазіргі уақытта ақындардың атақты болуға қаншалықты құқығы барын білмеймін. Әлем елдерінде де қазір мы­нау ақын екен, я жазушы екен деп бас сап, құрмет көрсетіп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан ақындарға құр­­мет көрсетілмеді деп ренжудің өзі қаншалықты орынды деп ойлап қаласың. Бірақ бағалану жағынан өте әділетті болуымыз керек-тін. Өкінішке қарай, олай емес. Біздің конкурстар үл­кенді-кішісі болсын әділет жолын ұс­танбаған. Сондықтан да шын жүйрік озбайды. Жәркеннің мүшәйралардың жеңімпазы деп көп естімейтініміз де сондықтан болар.


Ақын Оралхан Бөкейді қатты жақсы кө­реді. «Түбі сен мен туралы жазасың, мен сен туралы жазамын» деген жазушы сөзі орындалмастай болған. Осы сөзді айт­қан жылы көркемсөз шебері бақиға ат­танып кетті. Бұл дүниеде «түбі сен мен туралы жазасың...» деген сөз ғана қал­­ды. «...мен сен туралы жазамын» де­ген нәзірі естелікке ғана айналған. Осы сөзін жадында берік ұстаған ақын «Оралханға оралу немесе Алтайдың ауасы» атты поэма-монолог жазды.


Жәркен Бөдеш объектілеріне өте адал. Толық зерттеп, зерделеп ба­рып, жазу үстеліне отырады. Қаныш Сәт­баев­қа, Махамбет пен Жақияға, Жоһар Дудаевқа, Оралханға көлемді шы­ғармалар арнады. Және олардың көр­кемдік деңгейіне, ақынның эстети­ка­лық талғамына көп сын айта да алмай қа­ласыз. Сын айту міндет болмаса да...


Ақындар бір қалыпта тұрмайды. Бәрі өседі, басқа арнаға түседі, түр­ле­неді не өшеді. Басында жарқ етіп кө­рі­ніп, ар­тынан әнге сөз жазып жүріп жоғалып кет­кендер қаншама. Олар өздері бар бол­ғанымен, олардың поэзиясы, қуаты жо­­ғалған. Бірақ соны мойындағылары кел­мей, өлерменденіп жүретіндер де бар. Бір қалыпта тұрмайды дегенді әр­түрлі ракурста қараған жөн. Қасым­ның үмітін ақтаған Ғафу сияқты ақындар аз. Сол аз ақындардың көбі бастапқы бояуларын жоғалтады. Әр кітабын бір-біріне ұқсатпаймын деп те адасып жататындар аз емес. Бұл сө­зі­мізбен ешкімді айыптамаймыз. Бұл – әдебиеттің, ақын-жазушы болу­дың қиындығын көрсетсе керек. Көп ақындар басында табиғи жазады. Оның өлеңіндегі тегеурін, олпы-солпы түсе қалған жолдар бәрі жарасымды болып тұрады. Өлеңіндегі сазы, буын, ырғақ ерекшеліктері де табиғилығының кө­­лең­кесінде қалып қояды. Кейін ақын өсе келе, өлеңнің техникасын жақ­­сы мең­гереді. Өлең жазғанда ұй­қас­тан, ыр­ғақтан, суреттеулерден саңылау жі­бермейді. Бәрі әдемі сияқты кө­рі­ніп тұрғанымен, табиғилығынан айырылған өлең, жансыз, көзімізге қуыршақ қалай көрінеді сол секілді әсер етіп қалады. Ондай ақындар бізде тіпті көп. Яғни ақындықты әб­ден меңгеріп алған. Ал Жәркен бая­ғы табиғилығынан ажырап қал­ма­ған. Оның көп жазатындығы – ар­тық­шылығы, әрі кемшілігі. Ал та­би­ғилығы басты ерекшелігі. Оның өлең­дерінің форма жағынан түрлері көп. Бірақ қай формаға салса да, баяғы табиғилығынан танбайды. Біз көп айтатын блоктық қорқыныш деген сол. Ақынның Қабанбай батырдың тұлпарына арнаған «Қубас ат» өлеңі:


«Тірі болсаң Қабанбай мінген Қубас ат,
Құйрығыңнан алар едім-ау ту жасап.
Әлдеқашан кетер едік тоз-тоз боп,
Анамыздан батыр болып тумасақ,
Ақын болып тумасақ.

Беу, Қубас ат,
Қубас ат,
Толарсағыңмен тусырылған құмды асап.
О дүниеден кісінеші күмбірлеп,
Бұ дүниеде қалайын мен мың жасап.
Беу, Қубас ат,
Қубас ат».


Осындай қарапайым күрделі (прос­тая сложность) шумақтарымен-ақ Жәр­кен поэзиясы айбарлы. Ақынның этнографиялық жадының өзі оған үлкен тақырыптарды қозғайтын қуатты ақын болуға мүмкіндік беріп тұрғандай.


«Боз жусан,
Боз бетеге,
Боздақ қыр,
Боздақтарға бай елмін.
Ботасын ерткен боз інген,
(Айналайын көзіңнен),
Екіқабат әйелдің қасына кеп боздап тұр.
Құрсақта жатқан ұлан ұл,
Тосып жатты құлағын...».


Осындай қасіреттерді қысқа шу­мақтармен ашуға болатыны та­ғы дәлелденгендей. Алпысыншы жыл­дар­дан кейін прозаға поэзияның та­ла­бын, поэзияға прозаның талабын қою басталған. Оның басы Жұмекен, жал­ғасы Жәркен дерсіз...


Жәркен поэзиясының діңі - Жә­йір, мұңы – жалғыздық. Ақынның өлең­дерін оқып отырғанда автордың жал­ғыз екенін үнемі сезесіз.


«...Жоғалтпасам,
Қайда?
Кәні?
Қайран әкем, әз анам,
Жарық дүние көріп ем ғой,
Мен солардан жаралып.
Жоғалтпасам,
Қайда?
Қыздар құшақтасып гүл кешкен.
Жоғалтпасам,
Достар қайда?
Жаны құрбы, бірге өскен.
Жоғалтпасам,
Қайда, қайда?
Тырдай арық жорға тай,
Ертелі-кеш екі бала
алма-кезек мінгескен...».


Мына өмірде ешкімге артық сенбейтін, еш­кім­нің сені­міне кіруге де тырыспайтын, тағдырдың ащы-тұщысын бір кі­сідей көрген та­рамыс-та­ра­мыс Жәр­кен бол­мысы өлеңдерінің ар жағында қа­рауы­тып тұрады. Бейне бір даланың тар­паңындай, бар қуатын ішіне тар­тып, жасырып тұрған кәрі тұлпарға ұқ­сайды.


«Жалғыз» поэмасы – жалғыздық кон­цепциясының шыңы. Жалпы, адам жанының жалқы, шын мәнінде әр пенденің жалғыз екенін, ешкімнің қайталанбайтын жаратылыс екенін айқындай түседі. Өз замандастарына қойылған ескерткіш сияқты. Туған да­ласының әр аймағын, әр тасын, за­ман­дасының әрқайсысын жалғыз деу арқылы, олардың Жәркен үшін аса қымбат екенін көрсетеді. Өзін жалғыздау арқылы өз болмысын терең та­ни түседі. Жалғыз адам қашанда ой үстінде болады. Еркіндікке құлаш ұра­ды. «Жалғыздықты сүймеген адам еркіндікті де сүймейді» (Шопенгауэр). Мүмкін ақынды айналасындағылар шын түсінбегеннен жалғыз.


Жалпы, жалғыздықты кез келген шы­ғармашылық иесі сезінеді. Біле­тіндердің сөзіне сенсек, адам санасы белгілі бір деңгейге өскенде өзін жалғыз се­зіне бастайды. Сол жалғыздықтан қи­налғанымен, рухы тынышталады. Баяғы замандағы ғұламалардың елден оқшауланып, бөлек ғұмыр кешулері де сондықтан болса керек.


Бұл поэма қазақы тәмсілмен бас­талады. «Ғұлама таулардың тұрғыны ар­қар, құлжаны кәнігі аңшылар күзде, тек қана күзде аулайды. ...Қуатты, қоң­ды шіркіндер мергеннің қақ жүрек­тен көздеп атқан тосын оғы дөп ти­генде былайғы аңдар сияқты бірден құлап түсіп, жантәсілім етпейтін кө­рінеді. ...қорғасын оқтың уы денесіне жайылғанша, сағаттап, тәуліктеп жыл­жымай қарысып тұра береді екен. Мұ­ны аңшылар қауымы «оққа сүйенген жалғыз арқардай» деген тәмсіл арқылы еске алады».


Жәркеннің де жүрегінің сау-там­тығы жоқ. Өмірдегі болмысына қарап, ешкіммен бармақ басты, көз қыстыға бармаған, біреудің ала жібін аттамаған кісі екен деп ойлайсың. Әңгімесін тың­дағанда өзін Жәркен ақын ретінде алып шығатынына сенетін жалғыз серігі жыры екенін түсінесің. Мына қо­­ғамда сенері де, сүйенері де өлеңі. Жал­ғыз жырға сүйенген шайыр Жәркен деп ойлайсың. Ойлайсың да, жалғыздығының шыңы поэма болғанда, түйіні мына өлең екен дейсің:


«Ұл кетті Ұлытаудан ұлар аулап,
Қыз кетті қына теріп, қыр алаулап.
Мен қалдым қараша үйдің іргесінде,
Жыландай белден соққан бұралаңдап.
Ошақтың күлін төккен борпаң жерге,
Бозінген түні бойы шығады аунап.
Бозайғыр үйірінен адасып қап,
Бозбие айдалада жүр алаңдап».



P.S:. Жетелеп жеткізген жетпісің құтты болсын, қазақ өлеңінің дәруіші!


Бағашар Тұрсынбайұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар