Қайсар Қауымбек: Жусаймын, анда-санда кісінеймін...
Бөлісу:
Әулие шоқымен қоштасу
Қайырлы болсын сіздерге,
Бізден бұл қалған Еділ жұрт.
Қазтуған жырау
Әулие дейді ел,
(Өз басым сенем),
Бар кие дейді ғажап бір.
Көктемнің одан көз жасын көрем,
Бесігі болған азаптың.
Қаралы нардың шудасындай боп,
Қап-қара бұлт кеп ілінер.
Күнбидің асқақ тұлғасындай деп,
Сыйынған кеше дүйім ел.
Қызғалдақ терсе гүл қыздар келіп,
Күрсініп қалар кейде бір .
Түн бойы көктен жұлдыздарды еміп,
Тұрады ауыр ой көміп.
Батырып күнді, таңды да атырып,
Тәңірден медет сұраймын.
Басымды сосын баурына тығып,
Өзім де өксіп жылаймын.
Күн шығар тұстан жеткен деседі,
Кеудеңе батқан қорғасын.
Тас болып сосын кеткен деседі,
Үйсіннің ұлы ордасы.
Сол Тәңіртауым туғызған күй көп,
Өшіре алмас енді ешкім.
Таң алдындағы жұлдыздай сиреп,
Бірсін де бірсін ел көшті...
Бір асқақ күй ең қобыздан жеткен,
Құлаштап салған хан бабам.
Ұлы асқақ Үйсін, Оғыздар өткен,
О, қайран, менің тау-далам!
Қош енді,
Саған сүйеніп өстім,
Мәңгі асқақ, дарқан құз – кеуде.
Бізден бұл қалған киелі көк шың,
Қайырлы болмас «Сіздерге»!..
2006
САЙРАМ
Тентек жел кәрі шыңды масқара қып,
Жаулығын төбесінен қашқан алып.
Сол сәтте жер бетіне түседі екен
Көгілдір аспан ағып.
Көсілген көкжиекті көрпе қылып,
Күңіреніп жатырмысың тербетіліп?!
Толқыны толағай бір ғасырлардың
Тұрғандай сенде тұнып.
Әлдебір алып күшпен
Көк-жасыл жаралдың ба жарық түстен?!
Ғарыштан көк тәңірдің қасіреті
Көктемнің көз жасындай ағып түскен.
Бір түйір тамшыңнан да шер төгіліп,
Толқының танытпайды ерке қылық.
Сәл терең тыныс алсаң кететіндей,
Айдының аласұра төңкеріліп.
Жазира шер-мұңыңмен,
Жанарда тұнған мұңды мөлдіріңмен.
Жатырсың күте-күте көк аспаннан,
Ғашығың келетіндей телміреумен.
Жап-жасыл жанарыңнан сағым ұшқан,
Бұрқанып кезің де жоқ алып-ұшқан.
Көгілдір мен де өзіңдей көктем едім,
Сарғайып кеткем сондай сағыныштан.
Түйілер маңғаз таулар биік мүсін,
Алардай ақ төсіңнен сүйіп-құшып.
Пенделер, тербемеңдер, жерлемеңдер,
Тәңірдің жерге қонған сүйіктісін!
2007
ОН СЕГІЗБЕН ҚОШТАСУ
О, он сегіз –
Менің отты тұғырым,
Сені де алып бара жатыр ұры күн.
Барасың сен бала қыздай өкпелеп,
Иығыңда бұлаң қағып бұрымың.
Қош, он сегіз, кетем алыс мен енді,
Сен ұсынған серік етіп өлеңді.
Сертке тартқан адырнам ең сен менің,
Ұстап мәңгі қала алмайсың жебеңді.
Кеттім зулап, қанатымнан жел есіп,
Сәулелердің қарқынымен егесіп.
Балашақтың сағынышы санамда,
Қиялымда болашақтың елесі.
Пәк махаббат жүрегімде өртенген,
Аппақ арман көкіректе ерте өнген.
Қызғалдағым қырларыңнан мен терген,
Мұның бәрін сыйлап едің сен маған,
Бүгін бәрін әкетемін ертеңге.
Беу, он сегіз, қош бол енді, оралман!
(Күтер сансыз көшкен елді жол алдан).
Бұлаңдаған бала қыздың бұрымы
Сенде қалды.
– сол арман.
2006
АУЫЛҒА БАРҒАНДА
Өзекте ауыл.
Өрттей жанған кешқұрым,
Өзегімді тырнайды кеп ескі мұң.
Құбылаға жинады күн сәулесін,
Құйрығындай қанжирен кіл бестінің.
Бура бұлтты есіп өткен сарбауыр,
Мына көк шың – қанға малған қандауыр.
Аулақ барып ыңыранып шөкті де,
Ауырсынып ауық-ауық аунады.
Саяқ кеткен жылқы үні де үрейлі,
Сапырады бір ой қуып, бір ойды.
Жортуылдан жеткен Жетіқарақшы,
Құба қырдың желкесінде түнейді.
Жез киіктің сауырындай мұңлық ай,
Көкжиектен қашады ұзап құлдырай.
Жүрегімдей жүдеп қалған ауылдың,
Жетімсіреп жатқан осы тірлігі-ай!
***
Кеш батты күлгінденіп.
Көктем – арай,
Дүркіреп қырға қашты топ қарағай.
Күн – жеңге қызыл күрең шымылдығын,
Ысырып жатты жайлап көкке қарай.
Ақшамның сыңғыр қағып көп теңгесі,
Аспаннан келе жатыр көктем көшіп.
Батысқа басын бұрған баба-таудың,
Басылды бір жалындап от кеудесі.
Көк сүңгі кірпіктерін шыққа малып,
Күрсініп жатыр шыңдар жұртта налып.
Ай анау айқасқаның тағасындай,
Ілініп тұра қалған бұлтқа барып.
Мүлгіген мөлдір түнін құшып ойдың,
Мынау шақ момын ауыл түсі деймін.
Жылқыдай жуасыған,
Ай астында
Жусаймын,
Анда-санда кісінеймін.
ДОСҚА ХАТ
Еңкейеді сарғайса қуарып тал,
Егіледі сәуірде жылауық қар.
Жалғыз тамшы көз жасым кетті ішінде,
Қайда асығып барады мына бұлттар?!
Шудасына шумақтап мұң жасыра
Мына бұлттар барады кімге асыға.
Ебіл-дебіл сағыныш төгер ме екен,
Біздер асық ойнайтын қыр басына.
Иықты едік онда біз сүйікті едік,
Өсе бердік алтын күн – киікке еріп.
Айтақырда Бестабан ойнайтынбыз
Атамыздың пимасын киіп келіп.
Жалғыздықтың ал қазір құрдасымын,
Сіңді содан қаншама құмға сырым.
“Қолға жақса сақа тұт, бауырым” деп,
Қоштасарда беріп ең құлжа асығын.
Күнді кеней, жыл сақа, айды асық қып,
Көн - өмірдің төріне жайғасыптық.
Қара шалдың пимасын кие жүріп,
Бұл Бестабан – тірлікте қайда асықтық.
Алыс кеттім білмей сор, бақ қонарын,
Ақты көзден қаншама ақ сораңым.
Тасқаланың шыға алмай шеңберінен,
Қалды ауылда қаншама жас талабым.
Содан бері қаншама қар борады,
Бізді күтіп жатыр ма қан жол әлі.
Содан бері аңсауық көкірегім,
Қу шанақтай құлазып зар қағады.
Тұтата алмай білтесін жасын жырдың,
Қанша тауға білмеймін басымды ұрдым.
Алшы түсіп, бүгіліп, бүге түсіп,
Ханталапай - өмірде шашылдым мың.
Сор құдықтан су ішкен сараңдардай,
Саған тіпті алмадым сәлем жолдай.
Қара жолға қарайлап жүрсің білем,
Қайырымсыз досыңнан хабар болмай.
Сен не таптың, ал, маған күйінгенде?!
Мен не таптым күюден, сүюден де?!
Махаббат та Қақпақыл ойын екен,
Тәйке түстім тағдырым иіргенде.
Кешір, досым!
Өзім де сормаңдаймын,
Енді ажалдан өзгеге алданбаймын.
Асығындай арқардың алтын басым!
Кескілеспей жүріп ақ кем дүниеде
Ешкімектей еңкейіп қалғандаймын.
Атам да жоқ дейтұғын “сабыр, қарғам”
Шапан да жоқ, шен де жоқ!
Сағым болған!
Шөлім де бір қанбай жүр әлде неге,
Шерім де көп.
Жанбай жүр бағым да алдан.
Жолда талай қалдырды тексіз кейбір,
Тым құрыса жырымнан отты іздей жүр.
Бізді күткен бір бақыт бүге түсіп,
Үш-ақ табан жерде әлі жеткізбей жүр.
Мені де бір әспеттер, сірә, бұл жұрт,
Тілеуімді тілей жүр тұмарың қып.
Сағынышым шығар ол
Сая таппай,
Сен жаққа ағып барады мына бір бұлт.
(Бестабан, көн, тасқала, ханталапай, қақпақыл, үштабан – Асық ойынының түрлері)
Бөлісу: