Қайрат КЕЛІМБЕТОВ: Әкем дұрыс айтқан екен...

Бөлісу:

04.05.2016 5285


5746dcad9ccb6353b89208f9441.jpg

Былайша қарағанда, кәсіби экономистің сұхбатына «Әдебиеттің әңгімесі» деп айдар қою артықтау да сияқты. Әйтсе де Қайрат Келімбетов пен атақты «Художественная литература» баспасының директоры, қазақ әдебиетінің үлкен жанашыры Георгий Пряхиннің бұл әңгімесі расында да әдебиет мәселелерін шын зиялыларға тән біліктілікпен қозғайтынына газет материалын оқып шыққан адам көз жеткізе алады деп ойлаймыз.


– Қайрат Нематұлы! Баспамыздан әкеңіз – Немат Келімбетовтің негізгі көркем шығармалары жинақталған үш томдығы басылып шықпақшы. Бұл жобаға ыждағаттылықпен кіріс­­­кеніңізді байқадым. Сізге жіберіл­­ген верстканы мұқият оқып шыққан­дығыңыз баспа корректорларын да таңғалдырды...


– Маған мектепте орыс тілі мен әде­биетінен сабақ берген мұғалім өте талапшыл еді...


– Сіздің орыс тілін терең меңгер­гендігіңіз байқалып тұр. Ағылшын тілін де жетік білетін сияқтысыз. Мемлекеттік маңызды істермен айналыса жүріп, қолжазбаны мұқият оқуға уақыт табатындығыңызды өз қызметкерлеріме сіздің корректураға енгізген өзгертулеріңізді көрсете отырып үлгі еттім. Бұл басылымның сіз үшін мәні неде? Сізді бұл басылыммен байланыстыратын не?


– Білесіз бе, мен жас кезімнен әкемнің қазақ тілінде жазылған кітаптарын оқыр­мандар орыс тілінде де оқыса ғой деп армандаған едім. Біз өмір сүрген кеңестік кезеңде 290 миллион адам – орасан аудитория болатын. Меніңше, әкемнің ой-тұжырымдары осындай зор аудиторияға, күллі эпикалық орыс тілді әлемге танымал болуға лайық. Оның үстіне, әкем осы әлемнің айрықша өкілі болды.

Мен ең әуелі әкемнің екі шығармасы жөнінде – 1981 жылы жарық көрген «Үміт үзгім келмейді» кітабы мен Қазақ­стандағы жоғары оқу орындарына ар­налған түркітану саласы бойынша жа­зылған алғашқы оқулық жайында айтқым келеді. Бұл оқулық Қазақстаннан тыс түркі әлемін тануға жасалған алғашқы қадам еді.


2010 жылы әкем қайтыс болғаннан кейін, әке-шешесінен айырылған кез келген ұл мен қыз сияқты, оларға ең маңызды нәрсені айта алмай қалғандай немесе кезінде тыңдай алмай қалғандай күй кешкен едім. Кейде ата-ана мейірімімен қатар, даналық дәрістері де жетіспей тұрады. Әкемнің осы үш томдығын баспаға дайындай отырып, оның туындыларын оқи отырып, турасын айтайын, әсіресе түн ішінде – мен онымен осынау үзіліп қалған әңгімені іштей жалғастырғандай боламын. Сіздің баспаңыз әкемнің шығарма­шылығына қызығушылық танытып, осы жобаны жүзеге асыруға белсене атсалысқанына бек ризамын. Әкемнің кітаптары бүгінде жаңаша оқылып қана қойған жоқ. Олардан белгілі бір мағынада бүгінгі күннің сын-қатерлері мен сауалдарына жаңа философиялық жауаптар табуға болады. Біз бүгінде айналамызда не болып жатқанын ой елегінен өткізуге, өзгермелі әлемде адамгершілік негіздерін іздестіруге тырысамыз. Менің ойымша, әкем осы ізденістерге өз бетінше атсалысады. Шығармаларындағы ойлары мен пайымдаулары бүгін ғана емес, болашақ үшін де өзекті әрі жалпыадамзаттық құндылықтарға ие. Айталық, арада жиырма жылдан астам уақыт өткеніне қарамастан, гуманитарлық және мәде­ни, тарихи кеңістігіміз қазақ пен орыс­қа ортақ екендігі анық. Біз қазір қайта­дан бір-бірімізге жаңа қадамдарды іздестірудеміз. Және оларды әу бастан екі елге ортақ болып келген мәдени құнды­лықтар жүйесінен табатынымызға сенемін. Әкемнің кітабын оқыған ресейлік оқырмандардың ынта-ықыласын көріп, қазақстандықтардың да осы кітапқа байланысты ой-пікірлері мен толғаныстары өте ұқсас екенін айтқым келеді. Орыс тіліндегі осы жобаны жүзеге асыру арқылы мен өзімнің әке алдындағы перзенттік парызымды өтеп қана қоймай, әкемнің көзі тірі болғанда өзі іске асыратын ортақ іске үлесімді қосып отырмын. Ашығын айтқанда, әкем өз шығар­маларының орыс тілінде жарық көргенін армандаушы еді.


– Жалпы, іргелі құндылықтарға деген қызығушылықтың қайта өрлеу феномені байқалады. Тап осы «мэйн­с­тримге» сіздің әкеңіздің шығар­­ма­шылығы да кіреді. Келім­бетов кітап­тарын оқи отырып, ресейлік оқыр­мандар бүгінгі қазақ­тарды, Қазақ­станды тереңірек біліп, тани түседі. Әкеңіздің шығармашылық мұра­сының ішінде сіздің жаныңызға жақы­ны қайсысы?


– Әкем қалам тартқан шығармашылық жанры жан-жақты, дегенмен, «Үміт үзгім келмейді» атты ғұмырнамалық деректі хикаятының алар орны ерекше.


– Әкеңіздің тірі кезінде ол кітап орыс тілінде жарық көріп пе еді?


– Иә. Кітап қазақ тілінде әкем сал болып жатқан сол бір ауыр кезеңде басылып шыққан. Кітап шыққан кезде ата-анамның қуанғаны әлі есімде. Ол кезде кітап 30 мың таралыммен басылып шыққан еді. Хикаят оқырмандардың зор қызығушылығын тудырды. Ол кездегі уақыт басқа еді ғой. Біз Островскийдің қайсарлығына, Матросовтың ерлігіне еліктеуші едік. Шын мәнінде, олар біз үшін өмірлік бағдар болатын. Рухани күш-жігері арқылы қиыншылықтарға мойымай жеңе білген адамдар өмірі үлгі алуға тұрарлық. Өмірге деген құштарлыққа, адамгершілік пен асыл қасиетке толы әке кітабы да осы арнамен тоғысып жатты. Сондай-ақ, күнделікті күйбеңмен жүріп кез келген адам байқай бермейтін күннің шығуына қуана білуді, тамылжыған табиғатқа тамсануды, тіпті, төрт мүшесі түгел адамның өзі сезіне бермейтін жер басып жүруден асқан бақыт жоқ екенін сезінуді үйретеді.



Әкемнің алғашқы кітабы, меніңше, оның әлемге жолдаған ең маңызды жолдауы.


– Иә, он жыл бойы төсекке таңы­лып жатып, күш-қайраты жетіп, жаңа­лық ашып, жаза білуі... Мен оқырмандардың назарын кітапта келті­рілген бір көрініс­ке аударғым келеді. Кітапта Немат Келім­бетовтің аяқ-қолы істемей сал болып жатып, өз анасын жерлеуге ұшып барғанын бейнелейтін беттер бар. Зембілде жатқан ол өзін анасы жатқан бөлмеге апаруды өтінеді. Анасы табытта, ал өзі табыт секілді етіп жасалған ағаш зембілде жатады. Дәл сол сәтте оның жаны мен тәнінің қалай ауырғанын айтып жеткізу мүмкін емес... Жандүниесінің азапты бейнеті асқан шеберлікпен берілген...


– Келісемін.

Әкем аудармамен де көп айналыс­ты. Әйгілі тарихи қайраткер Бабыр туралы жазылған Пірімқұл Қадыровтың «Жұлдызды түндер» романын өзбек тілінен қалай аударғаны есімде. Артын­ша тағы бір өзбек жазушысы Саид Ахмадтың «Көкжиек» романын аударған болатын. Ол кезде Одақтас республикалар жазушылары өзара тығыз байланыста болатын. Парасат биігінен көрінген зиялы ортаға көпшілік қызығушылық танытатын.


Сол жылдары әкеміз ағам екеумізге, біз үшін беймәлім, жаңа әлем – тарихтың есігін ашты. Кітаптарды аудармас бұрын әкем өзі баяндайтын дәуірге тұтастай еніп, тарихи дереккөздерге тереңінен бойлайтын. Оған біз де қосылатынбыз. Бұл тұста әкемнің операцияға дейін жазылған алғашқы ғылыми еңбегі түркологияға арналғанын айта кеткен жөн. Әкем Қазақстандағы түркі­тану мектебінің негізін салған, жалпы түркі кеңістігін жаңа қырынан танытқан профессор Бейсембай Кенжебаевтың шәкірті. Кезінде, кеңес уақытында кейбір тақырыптарды қозғауға тыйым салынғаны бәрімізге мәлім. Ол тұста түркология бағы­ты көпшілік мақұл­даған ғылыми ағымнан тыс болатын. Сондықтан 1986 жылы жа­рық көрген әкемнің түркология саласында алғаш жазылған оқулығы сол кезең үшін азаматтық ерлікке тең болатын. Әкем көтер­ген тақырыпты отандық ғылым 300 жылдық тарих шеңберінде қарастырған еді. Ал әкем болса тарихқа тереңірек үңіліп, VІ ғасыр, тіпті одан да ежелгі ғасырларды бойлай оты­рып зерттеуге батылы барды. Менің әлі күн­ге дейін оның табиғи түйсігіне таңым бар.


Әкем қазіргі Қазақстан мен Орта Азияны мекен еткен барлық халықтарды, сонымен қатар түрлі тарихи кезеңде өмір сүрген күллі түркі халқын ортақ түркі тілімен біріктіретін тың тәсілді ұсынды. Жалпы айтқанда, ортақ жазба әдебиеті мен ауыз әдебиеті дереккөздері – түрлі жолдармен көркемдік дәстүр жалғастығы арқылы берілген фольклорлы сюжеттер, әннің ұқсас әуендері, ұқсас құндылықтар.


Әрине, мұндай тұжырымды дәлелдеу қиынға соғады. Бірақ түркі сөзі бізді үне­­мі біріктіріп тұрды. Сол кездегі әкем­­нің ұсынысы бүгінгі тарихи мектеп­терде қа­лыпты жайт ретінде қарасты­рыла­ды. Онымен күні бүгінге дейін тала­сып, тұжырымын мойындамайтындар да бар­шылық. Дегенмен, ол кезде бұл «елі­мізді, жерімізді ерлікпен қорғай біл­ген батыр бабаларымыздың батыр­лы­ғын, даналарымыздың даналы­ғын ұрпа­ғы­­­мызға үлгі етіп, олар­дың мәдениет пен өркениеттегі жасампаз­дығына үн қо­са­йық!» деген ұлтжандылық ұмтылыс еді.


Оқулықтарында оқырманның өзі қорытынды шығарсын деген ниетпен әкем түпнұсқа мәтіндерінен жасалған аудармаларды түсініктемесіз сол қал­пы беретін. Бұл қыруар жұмыс еді! Ол Мәскеу университеті, Баку түркітанушылар мектебі профессорларымен тікелей байланыста болды. Біздің де мектебіміздің өрлеп тұрған шағы еді.


Әкемнің ресми ғылымға қарсы шы­ғуы менің де тарихқа деген, оның түр­ліше түсіндіріліп, талдануына, осы тақырыптағы пікірталасқа деген ынты­зар­лығымды оятты.


– Әкеңіздің еңбектері тәуелсіз Қазақ­­­станның идеологиялық және рухани мәніне ие. Әсіресе, тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында ауадай қажет бол­ған рухани тәжірибені іске асыру ар­насы болып табылады. Қазақтың клас­сигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туын­дылары, сіздің әкеңіздің еңбек­тері, басқа да ғалымдар мен жазушылар жаңа Қазақстанның рухани негізін салды. Айтыңызшы, әкеңіз шығармаларын жазу барысында осы бір міндетін сезіне білді ме?


– Евтушенконың мынадай бір өлең жолдары есіме оралады: «Ресейде ақын – ақыннан да артық». Қазақстандағы жазушы – жазушыдан артық. Қазақтың ақын-жазушылары шығармаларына халықтың арман-мүддесін арқау етіп келеді. Кеңес уақытында да айтылмаған біраз нәрсе жиналып қалған еді. Посткеңестік кезеңнің алғашқы жылдары көп халықтар бастарынан небір қиын жағдайды кешкені есімізде. Президентіміздің байыпты, бағамды саясаты арқасында Қазақстанда айтарлықтай наразылық болған жоқ.


– Ұлтшылдық сияқты...


– Иә, ұлтшылдық сияқты.

Посткеңестік кезеңде әкем өткір тақырыптарға қалам тартты. Оның өзіндік ерекше үш туындысы – «Ұлыма хат», «Күншілдік» пен «Қариялар» ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі соңғы жиырма жылдағы терең ой-толғаныстарының жемісі. Айта кетейін, кезінде оған Ларошфуконың «Хаттар кітабы» қатты әсер еткен еді.


– Өз сөзіңізде айтылмай бүгіп қал­ған жай туралы айттыңыз. Бәлкім, әкеңіздің тарапынан да сіздің тым жас болуыңызға орай айтылмай қал­ған жайлар болған шығар. Бәлкім, «Ұлы­ма хат» сол әңгіменің жалғасы болар...


– Әкем хаттарды жазған кезінде менің бұған кейінірек оралатынымды білген секілді. Солай да болды. Ол кезде мен білім қуып, шетелдерде жүрдім. Әкем менімен жылдар бойы жинақталған даналығымен бөліскісі келді. Қарттықтың артықшылығы – жастық шақта болмайтын даналық пен өмірлік тәжірибе. Осы даналық дәрістерін әкем маған ғана емес, жалпы жас буынға жеткізгісі келді.

Әкем көп жылдар университетте дәріс оқыды. Қаталдығына қарамастан, оның дәрістерін сүйіп тыңдайтын. Кейінгі ұрпақ алдындағы өзінің жауап­кершілігі мен міндетін сезінген әкем жас ұрпақтың сана-сезіміне ұлт құнды­лықтарын сіңіретіндей, сол арқылы отаншылдық сезімін оятатындай ой тастайтын. «Тарихымыз бен мә­­дениетіміз – біздің мақтанышымыз» деп жиі айтатын. Бірақ ешкімнен кем түс­пейтін мәдениеті мен тарихының барын, оны өзгелерден артық көрмей, тек өз дәре­жесінде дәріптеу керектігін есімізге салып отыратын. Осының өзі елімізді ны­ғай­ту­ға жетерлік қасиет. «Ұлыма хат» кіта­бын­да әкем осы ойын тарих тағылымы кон­­текстінде ата-бабаларымыздан бізге жет­кен рухани мұраларды бүгінгі күннің құн­дылықтарымен үйлестіре отырып жеткізді.


– «Үміт» кітабы бойынша қойылған спектакльді көргенім бар. Үлкен зал көрермендерге толы. Көпшілігі балаларымен келген. Қойылым кезінде көрермендердің көңілі босап, үнсіз жылағаны байқалды. Олардың шы­ғарманы беріле қабылдауы маған қатты әсер етті. Мұны мен, ең алдымен, кітаптың бас кейіпкері – автордың жары, сіздің анаңызға деген шексіз сүйіспеншілік деп түсіндім.


– «Күншілдік» кітабына қайта оралайын. Бұл кітапты жазу барысында әкем бізге осы тақырыпқа қатысты көптеген туындыларды іздестіруімізді өтінді. Біз әртүрлі әдебиеттерді тауып әкелдік. Әкелген кітаптарды әкем жылдар бойы құмарынан шыға оқыды. Бірде мен одан (қашанда асығып жүретін әдетіміз ғой): «Осы кітаптың негізгі түйіні неде?» – деп сұраған едім. Сонда әкем әйгілі бір философтың пікірін келтірген еді: «Бәрімізге тән бұл сезіммен күресу үшін әрқайсымыз ең жақын досымыздың жеткен жетістігінің өзін кешіре білуіміз керек». Шыны керек, айтылған ойдың тереңдігі мен даналығы, оның өзектілігі мені ойландырды.


Иә, жетістікті кешіре білу – оңай шаруа емес!

Меніңше, әр адамның пешенесіне жазылған өз тағдыры бар. Ешкімді күн­­­деудің қажеті жоқ, Құдайдың берген ри­­зығына шүкіршілік етіп, қуана білу керек.

Әкеме үнемі қолдау көрсетіп, шығар­машылық шабыт беріп отыратын анам, өзіңіз байқағандай, әкемнің шығар­маларының негізгі арқауы болатын.


– Иә, мұны барлық кітаптардан аңға­руға болады.

– Жарының махаббаты оны өлім аузынан алып қалды. Дәрігерлердің кесімі тым ауыр еді. Сал адамды күту оңай емес, өз өміріңді құрбан етесің, оған зор шыдам керек, – деп анамды қорқытқандар да болды. Бұл сөздің жаны бар еді. Анамның өршіл ерлігі – бұл бөлек әңгіме. Әйел-ананың өзін құрбандыққа шалуы...


– Иә, Немат Келімбетов кітап­тары­ның екі авторы бар десек те болар.


– Ақиқатында да солай. Біріншіден, әкемнің еңбектерінің барлығы дерлік компьютер жоқ заманда жазылған. Жазу мәшинкесінің өзі кейінірек қолымызға тиді. Әкем айтып отыратын, анам қолжазбалардың барлығын қолымен жазып, бірнеше рет қайта көшіріп жазатын. Түзетулер енгізіліп, қайта басылған бұл шын мәніндегі қолжазба болатын. Бала кезімнен әр күн сайын осыны көріп өстім. Ата-анамның бірлесе отырып кітап жазуы кезінде мен еңбектену мен тер төгудің не екенін түсіндім. Ұзақ таңға ұйықтамай, кітап жазған кездерінің куәсі болдым. Шығармашылық азаптан ауыр нәрсе жоқ екенін Сіз жазушы ретінде жақсы түсінесіз ғой. Біз бала болдық та, барлық салмақ анама түсті. Арамыздан анамның ерте кетуінің себебі де осы шығар. Өзінің бүкіл күш-жігерін, мейірімі мен қуатын балалары мен жарына арнаған анам тіпті әкемізден де бұрын кетті емес пе?!


Әр күнгі еңбегі алғысқа лайық аналар аз емес қой. Өкінішке орай, әйел-ана рөлі қазіргі қоғамда көбінесе дұрыс баға­­­ланбайды. Отбасына шексіз берілген ана, адал жар болудың өзі – орасан зор еңбек пен табиғаттың тамаша сыйы емес пе?


– Сонымен, Ресейде Немат Келім­­­­бетовтің үш кітабы да жарыққа шық­ты. Әңгімеміздің басында сіз айт­қандай әр ұлт өз отауына кіріп, жеке-жеке өмір сүруге дағдыландық. Ал енді қазіргі кезең мен болашақта экономикалық, ең негізгі рухани және адамгершілік тұрғысынан бізді не біріктіреді деп іздестірудеміз. Мемлекеттік адам ретінде әкеңіздің осы үш томдық шығармаларымен алғаш рет танысқалы отырған ресей­лік оқырмандарға не айтар едіңіз?


– Менің ойымша, біздің тарих пен біздің барлық мәдени кеңістігіміз біздің жақын екендігімізді білдіреді. Жақындасу үдерісімізді аса саясаттандырудың қажеті жоқ. Еуразия халықтарының бірлігі контексіндегі түркілер мен славяндардың өзара қарым-қатынасы, түркі әлемінің тарихын тану мәселелерін зерттеген Лев Гумилев еңбектерін қастерлеймін. Кеңестік кезеңде соғыс пен жеңісті, қуаныш пен қайғыны бастан кешкен ортақ тарихымыздың өзі бізді біріктіреді. Кеңес Одағы жаһандық адами қоғамды қалыптастыруда тәжірибе алаңы бол­ғандай. Оны әркім әрқалай түсінді, ал бірақ Ресей, Орталық Азия, Кавказ, Молдавия және Балтық жағалауындағы халықтарды жақындастырғаны рас. Түрлі тарихи әлемнен болғанымен біз бірге бір қауымдастық құра білдік. Және бір-бірімізден көп нәрсе үйрендік.


Еуропаның қалай біріккенін көріп отырмыз. Жалпыеуропалық құ­н­ды­лықтар, ынтымақтастық сияқты көп­теген тарихи негізі бола тұра, ол да оңайшылықпен болып жатқан үдеріс емес. Біз де бір-бірімізді тыңдай, қадір­лей, құрметтей білуіміз керек. Шалыс кеткенде кешіріп, көмектескен абзал. Тәуелсіздікті алған тұстан бастап Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың саясаты әуел бастан-ақ осыған бағытталған еді. Бұл жай ғана саяси бастама емес. Мұның түп негізі – тамыры тереңге таралған қазақ мәдениеті, қазақ рухы мен болмысында жатыр: көрші елдермен тату тұруға ұмтылу. Еуразиялық және әлемдік кеңістіктің де бізге ортақ екенін жақсы түсінеміз. Бәріміз де келісімге келе білуіміз керек.


2004 жылы еліңіздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жү­зе­ге асырылған «Мәдени мұра» мем­­ле­­кет­тік бағдарламасы жайында естуім бар. Сіздің әкеңіз де өз үлесін қосқан екен. Осыған қысқаша тоқталып өт­се­ңіз.


– Президент Н.Ә.Назарбаевтың бас­тамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында тарих, археология, этнография мен мәдениет саласы бойынша көптеген кітаптар басылып шықты. Бағдарлама шеңберінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әзірлеуімен «Қазақ әдебиетінің тарихы» он томдығы («ҚазАқпарат», 2006 – 2008 жж) жарық көрді. Он томдықтың «Ежелгі дәуір және орта ғасыр әдебиеті» деп аталатын екінші томының жалпы редакциясын әкем басқарды. Бұл том «Түркі дәуіріне дейінгі әдеби жәдігерлер» мен «Түркі дәуіріндегі әдебиет» деген екі бөлімнен тұрады. Ал «Алтын орда дәуірі мен қазақ хандығы тұсындағы әдебиет» деп аталатын ХІІІ–ХVІІІ ғасырлардағы жазба әдебиет пен ақын-жыраулар поэзиясына арналған үшінші томның да жалпы редакциясын әкем академик Сейіт Қасқабасовпен біріге отырып басқарған еді. «Ғылым бір орнында тұрмайды, үнемі даму үстінде болады», дейтін әкем. Өзінің еңбегін үнемі жетілдіру ұстанымын ұстанып, «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» кітабына толықтырулар енгізген еді.


– Сіздің әкеңіздің кітабында қазақ фольклоры тақырыбы да қозғалады. Фольклорда да кезінде орыс тілінде басылмағандары, діни, саяси себептерге орай аударылмағандары да жетерлік. Соған қарамастан, әкеңіздің еңбегінде жоқтау да, сыңсу да кездеседі.


Қазақ фольклорының жинағын ба­­суға дайындамас бұрын, мен сіздің әке­­ңіздің фольклор мұралары терең зерт­телген шығармаларын қайта оқып шық­тым. Содан болар, көптеген ше­­девр­­­лерді түсіну маған қиынға соқ­па­ды.

– Әкемді дәуірді дәуірге жалғаған бүкіл қазақ халқының шығу тегі қызықтыратын. Тарихта қандай қатер төнгені, қандай мәселелер көтерілгені, қандай шешімдер жасалғандығы?.. Бұл тұрғыда, әрине, біздің тарихымыздың Орта Азия мемле­­кет­тері мен Ресей мемлекетінің тарихы­мен тоғысуына куә боламыз. Кейінгі бөлінулердің барлығы, тарихи болсын, мемлекеттік болсын салыстырмалы түрде бертін пайда болды. Тарихшылардың пікірлері сан алуан, дегенмен, біз тұрып жатқан уақыт жоқтан пайда болмаған шығар. Оған дейін де тығыз қарым-қатынас, бірлесе дамып, аралас-құралас бол­ға­ны анық – осының бәрі мені де қызық­­тыратын. Бала күнімізден тарихқа деген қызығушылықтың болуы заңды құбылыс. Медреседе оқып, парсы және араб тілдерін жетік меңгерген атам Келімбет сол кезеңнің зиялысы еді. Бұ­хара қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облы­­сында тұрып, қызмет етті. Кезінде Ке­­ңес өкіметін тұрғызуға атсалысқан. Ата-анам түркологиялық зерттеулермен айна­­лысты.


Негізі, қазақтың бір тамаша – жеті атаңды білу дәстүрі бар. Әрине, жеті ата­­ның аты-жөндерін білгенімен, кімнің немен шұғылданғанын білу қиын. Ондай дәйек­терді табу тіпті мүмкін емес те. Соған қара­мастан, соңғы үш-төрт ұрпақтың немен айналысқанын білсек болғаны, одан алыс ата-бабаларымыздың кәсібін жорамалдай аламыз.

Бәріміз де сәл кідіріп, немен шұғыл­данатынымызды, неге ие екендігімізді, қалай тұратынымызды ойланып көр­геніміз жөн. Күнделікті күйбең тіршілік пен уақыттың жетіспеушілігі шежіремізді егжей-тегжейлі оқуға мүмкіндік бермейді. Бірақ балаларымның тегімізді, шежіремізді жете оқып білу мүмкіндігіне қолы жетер деген үміттемін.

Үлкен бір кітапхана жинап жүрмін, бұл ретте ресейлік шығыстану мектебі мен ортасы мені ерекше сүйсіндіреді. Мәскеуге барған кезімде жарты сағат болса да уақыт тауып, кітап дүкенінің шығыстану бөлімінен жаныңды баурап алар жақсы кітаптарды алып қайтам.

Біздің Еуразия континентіміз – ұлан-ғайыр әлем. Біздің кеңістігімізді мекен еткен, әлі де мекен ететін халықтар тамыры терең тұтас бір тарихи пласт құрады.

Ілгері жүру үшін артыңда не қалды­ратыныңа дұрыс баға бере білу өте маңызды. Әкем өзін кеңестік шығыстану мектебінің айырылмас бір бөлігі деп есептеген. Ұстаздарына, Мәскеу универ­ситетінің профессорларына аса құр­метпен қарайтын. Анам екеуі уақытын Мәскеу кітапханаларында өткізетін. Ке­­зінде атам да бірнеше шығыс тілін мең­гергеннен кейін орыс тілін үйрене бас­­таған. Біздің орыс мектебінде оқуы­­мыз­­ға да түрткі болған атамның қалауы еді.


– Сіздің орыс тілін білуіңіздің сыры осында екен ғой!


– Атам да, әкем де біздің ең озық жоғары оқу орындарында оқуымызды армандайтын. Мұхит аға екеуміз де Мәскеу мемлекеттік университетінде білім алдық. Аға физика факультетінде, ал мен әдебиетке жақын болуыма қарамастан, математика факультетінде оқыдым.

Әкем адам бойынан да, тарихи үдеріс­тен де алдымен жақсы жақта­рын іздестіретін. Тарихшы-ғалым ретінде халықтың қалауы мен тарихи жағдайлардың аражігін айыра білетін.

Қазақ әдебиетінде екі мәдениетті байланыстыруға ұмтылыс айқын көріне­ді. Мә­­­се­лен, ұлы ақын Абай өзгелерден басқа кемең­гер Пушкинді де аударған. Біз осы аудар­малармен өстік. Орыс тілі мен орыс әде­биеті басқа әлем шығармашылығына терезе іспеттес болғандығын қазақ халқы түсіне білді.


– Абайдың «Қара сөздерін» тым кеш оқыдым. Ондағы өз халқымен тілдескендегі қаталдығына таңғал­дым. Жағыну да емес, есіркеу де емес, тең деңгейдегі әңгімелесу. Не­мат Ке­лім­бетов те осы бір дәстүр­ді жал­ғасты­рып отырғандай. «Күншіл­дік» кіта­бын­да халық ішіндегі қайғы-қасірет­ке де тоқталып өтеді. Сол айтыл­ған күн­шілдік біздің ішімізден де табылады. Осы шығармаларында Абайдың қол­таң­басы сезіледі. Көпке белгілі жа­ғым­­ды және жағымсыз кейіпкерлер кездеседі.

– Білесіз бе, әкем мүмкіндігі шектеулі бола тұра, идеологиялық ұстанымдарға келгенде ымырасыз болатын. Бір нәрсені дұрыс деп есептесе, одан бас тартпайтын, айтқанынан қайтпайтын. Әрбір қазақ жазушысы сияқты ол да өз халқының ар-намысына лайықты болуға тырысатын.


– Бұл тіпті халыққа бағышталған әңгіме емес, өз ар-ожданыңмен сырласу сияқты. Оқырманға ғана емес, әуелі өзіңе үндеу сияқты.


– Мың жылда бір рет туатын Абай секілді данышпан ақынға қаһарлы сөй­лесе де жарасымды. Қазақ халқы үшін оның өлең жолдары даналық пен адамгершіліктің сарқылмас бұлағы.


– Өз кітаптарында Немат Келім­бетов келіндері мен немерелерін атап өтеді. Үлкен балаларыңыз атасының кітаптарын оқи ма? Шығармаларын қалай қабылдайды?


– Ата-анамыз көзі тірісінде оларды ата мен әже деп қабылдайтын. Атасы мен әжесі немерелеріне барын салды. Түрлі үйірмелерге апарып, кітаптарды бірге оқитын. Балалардың балалық шақтарының өзі аталарының шығармашылық үдерісіне қатысумен өтті. Бірақ аталарының туындыларына енді ғана саналы түрде қызығушылық туа бастағаны байқалады. Балаларым атасының шығармаларының барлығын дерлік қазақ тілінде оқыса да, орыс тіліндегі басылымын асыға күткендігін айта кеткенім жөн.


– Ата мен немере арасында, сіз бен балалардың арасында да айтылмаған сыр бар шығар?


– Онсыз бола ма, бұл да уақыттың құзырында.


– Уақыттың құзырында дегеніңізге толық қосыламын. «Үміт үзгім кел­­мей­ді» хикаят-монологының желісіне айналған оқиғалар осыдан отыз бес жыл бұрын болған еді... деп кітап кейіпкерлерінің кейінгі өмірі жайлы автор жазған «Эпилогқа» қосарыңыз бар ма? Жылжып өткен жылдар жан­дарыңызды жадыратар не сыйлады?


– Бұл жылдар бізге аяулы анам мен әкеме деген сағыныш... Және аса мейі­рімді Алланың әмірімен, ғажайып­тардың ғажайыбы: ұлым Даниал дүниеге келді. Өкініштісі, ата ақылы мен әже әлдиін тыңдап үлгермеді. Сонымен қатар, атасы мен әжесінің бауырында өскен Шынарымыз бойжетіп, Жанболаттай жанға жар болды. Ақ отаудың төріндегі ақ бесікке бөленген нәрестесі – Мансұрын тербетіп, ана атанды. Бұл күнде Фатима екеуміз – ата мен әжеміз. Ал ұлымыз Айсұлтан қалаған мамандығы бойынша Лондонда білім алуда.


– Біз екеуміз әкеңіздің көптеген кіта­бын Ресей мен ТМД елдерінің кітап­хана­ларына табыс еттік. Оқы­сын. Айты­ңыз­шы, әкеңіздің ойында жазамын де­ген, бірақ жазып үлгермеген дүниесі бар ма?


– Әкем тарихи романға қазақ тарихы бойынша біршама материалдар жинастырған еді. Оны бастауға ұзақ дайындалған еді, алайда, үлгермеді...


– Айтылмаған тақырыпқа қайта орал­сақ. Үш баланың әкесі ретінде то­лысқан шағыңызда әкеңізге не айтар едіңіз?


– Біз кейде пікір таластырған мәселе­лердің бәрінде әкем дұрыс айтқан екен... Одан кешірім сұраймын...




Орысшадан аударған

Райхан МӘЖЕНҚЫЗЫ. "Егемен Қазақстан" газеті

Бөлісу:

Көп оқылғандар