Немат Келімбетов және әдебиет әлеміндегі рухани алмасулар

Бөлісу:

04.05.2016 4670


«Азап шеккің келмесе, күншіл болма».


Унсури


Жазушы, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Күлтегін атындағы сыйлықтың лауре­аты, Еуропаның Франц Кафка қоғамы марапатының иегері, түрколог-ғалым Немат Келімбетовтің есімі өз елімізде ғана емес, шетелге де кеңінен таныс.


Баға жетпес әдеби мұрасы – көркем туындылары мен аудармалары, ғылыми-зерттеу еңбек­тері мен мақалалары – дүниежүзілік мәдениет пен әдебиетке асыл қазына болып қосылды.

Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Ерлік пен даналық дастаны» деп жоғары бағалаған «Үміт үзгім келмейді» кітабы бүгінде әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, шетелдік оқырман қауымның сүйіп оқитын кітабына айналып отыр.


Халықаралық қатынастардың өзегі болған кітап әлем әдебиетін дамыта отырып, әлемдік тарихтың бір бөлшегіне айналуда.

Олай болса, ұлттық құндылықтардан бастау алған қазақ қаламгерінің интеллектуалдық шығармашылық қуаты мен рухани көркемдік деңгейінің әлемдік биік тұғырда тұрғанын айғақтайтын әлем оқырмандарының төмендегі пікірлеріне назар аударайық.



Райхан МӘЖЕНҚЫЗЫ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.




image005.jpg

Француз тіліндегі «Үміт үзгім келмейді» кітабының алғы­сөзін жазған Қазақстан Прези­дентінің Бейбітшілік және руханият сыйлығының лауреаты, Францияның «Алтын пальма» орденінің иегері, әлемге әйгілі әдебиетші Альбер ФИШЛЕР:


– «Мен мұншама азап шегу адам­ды «жақсартады» дегенге кү­мә­нім бар, бірақ бұл оның жан дү­ние­­сін тереңдетеді». Философ Ниц­­шенің бұл айтқаны қазақ жазушысы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабындағы жұ­ба­йы Қуанышқа бағыштаған мо­но­логына дөп келеді.


Осынау өзектен өтетін мәтін таяу­да француз тіліне аударылды. Француз тілді оқырмандардың на­зарын олардың ащы да ашық, кей­де күрделі, тіпті, өте ауыр оқы­­латын дүниеге бел бууға тура ке­летініне аударғым келеді. Мүм­­­кін еместі еңсеруге – аяқ-қол­дары­ның жансыз қалғанына қара­­мас­тан, тірі қалуға тырысқан адам­­н­ың, кітапта Ержан деп аталатын автордың өзінің, терең де табиғи торығуын көрсеткен шы­ғар­маға аударғым келеді. Иә, өзі­нің тірлігіне ұдайы жабысып айы­рыл­маған үрейді сезіне отырып, тірі қалуға тырысқан. Кітапта оның Гауһар деп аталатын әйелі та­ғдыр тәлкегіне қарсы тұрған тек­ті де мейірімді ана ретінде көрініс тапқан.


Құрметті оқырман, бұл шығар­ма бейжай қалдырмайтынын білі­ңіз, ол өзіне тартып отырады және еш таңданыссыз-ақ «ауруха­на палатасындағы шы­най­ы­лық кітапханадағыдан ана­ғұр­­лым күшті…» екендігін мә­лім­­дейді. Осылайша біз басқа әлем­­ге, ұдайы үзілмейтін дене және жүйке азабының әлеміне ауы­самыз. Бізді өмірдің мәні ту­ра­лы терең пайымдауларға сүң­гі­те­тін, көз жасына бұланған әлем­ді көрсететін бұл кітап, қалай десек те, Гауһардың жақұттай жар­қы­раған нұрына бөленген ғажайып үміт болып қала береді. Соның көмегімен автор «адам рухының жеңілмейтіндігін» паш етеді.


Сонымен қатар, бұл кітап бізді автордың әдебиеттің сиқыры мен қуатын аша түсуіне жетелейді. Немат Келімбетовтің қаламымен жазылған ойға деген мадақ туындайды, өйткені, оның өзі айтқандай: «Менің ойым, менің түйсігім әлі сөнген жоқ… Бұл қару және қару болғанда қандай!.. Сондықтан, мен жазуым керек!..». Осы мақсатпен Ержан шынында да өзі үшін ұлы еңбектерді ашады, ал олар дала әлемінің өмір салтын, ақыл-ойын, қазақстандықтардың жүрегіне өте жақын хакім Абайдың, оның із­басары Әуезовтің немесе Ма­қа­таевтың өмірі жайлы еңбектер болатын.


Ақырында Ержан үйрену керек­­тігі жөнінде кеңеске құлақ аса отырып, аудармалар жасау­дың арқасында әдебиетшіге айналады: «зұлымдыққа қарсы күре­сетін жазу­шылар әскерінің жауын­гері» болады. Сөйтіп, ол өзінің табан­дылығымен «өлімге қар­сы тұруға мүмкіндік берген» адам­дар­дың барлығының атынан баян­дайды.


Ержан: «Осыншама азапқа мен қа­лайша жалғыз төзе аламын?..» дейді. Расында да, жұбайы Гау­һар­­сыз ол қалай жазуды игермек? Осы­нау махаббат монологы ар­қы­лы Ержан өзінің жан жетпес жа­рының алдындағы моральдық парызын білдіреді. Бұған кітаптың үш­тен екі бөлігі арналған, содан соң қорытынды бөлімде біз Ақылбектің «шайпау әйелі» Раушаннан көретін басқа, қарама-қарсы драмаға тап боламыз. Бұл әйел Гауһардың антитезасы болып табылады және адамзаттың албас­ты қырын танытады…


Абай өзінің 37-қарасөзінде былай дейді: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?».


Нақ осындай қуаттан қайта тірілген автор өзі сақтай алған адамгершілігінің бар күшімен «Мен тірімін!» деп жар салады.


Иә, бізді түңілу мен өмірге құштарлықтың арасындағы терең орды аттап өтуге мәжбүрлейтін Немат Келімбетов шығармаларын оқу керек!


Париж, 2015


Ағылшын жазушысы Дэвид ПЕРРИ:


– Мен әлі күнге дейін әдебиет­тегі кемел ойдың жақтаушысымын. Адам жаны қоршаған әлемді танып-білуде биікке шарықтай алады. Әрбірден соң қазіргі заман прозасы жай ғана жеке басының атын шығару не болмаса мансап құруға емес, ең аз дегенде сенімге негізделуі тиіс. Осы айтқаным расталып шыққандағы ләззатты былай қойғанда, Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты ғажап кітабымен танысуым бөлек қуа­ныш. Шын мәнісінде, соңғы жыл­дары маған пікір жазуға ұсы­нылған кітаптардың басым көп­ші­лігіне еш ұқсамайтын дене аза­­­бына қарсы тұрған рухани же­­ңіс туралы баяндалған бұл шы­­ғарма мені таңғалдырды. Оны оқырманға жеңіл формада жет­кі­зе білген. Мұнымен қоса, оның жүрекжарарлық мазмұны асқан Шебердің қолынан шыққан. Егер де шеберлікті сапа деп, ал талантты ерекше жасампаздық деп білетін болсақ, Келімбетовтің өмір­баяндық хикаяты қазіргі заман­ның жаңа классикасының қатарына енеді.


Әлбетте, кемелділік әдеби ше­бер­ліктің ғана көрсеткіші емес. Шынайы біртұтастыққа жете­лейтін әрекеттер арқылы жете алатын, үнемі жылжып отыратын нысанамен тең. Кең экзистенциалды перспектива тұрғысынан алып қарағанда, Келімбетовті адам ретіндегі өлшем деп білеміз. Бұл тұрғыда, жұлынға жасалған сәтсіз ота нәтижесінде күнделікті қайталанып отыратын бейнетке толы тозаққа автордың төтеп беруінің ішкі сырына терең бойлаймыз. Төсекке таңылған ұзақ он жылды асқан жігермен бастан кешіруге бәрінің батылы жете бермейтіні сөзсіз. Аяусыз жағдайға душар болған жас отбасына жүк­телген міндеттерді атқаруда ше­шімділік таныту қажетін қос­па­ғанның өзінде. Түйіндей келе ай­та­рым, бұл тамаша кітапты дү­­кен­нен не кітапханадан тауып оқыған оқырманның бақыты зор. Мыңдаған қиындықтарға батып кете ме, әлде Келімбетов секілді адам қалпын сақтап қайғыға қарсы тұра ма?


Оқырман автор шеберлігіне тамсанып қана қоймай, кітапты парақтаған сайын этикалық сабақ алып отыру бақытына ие болады. Бұл сирек кітаптарға ғана тән құбылыс. Өз басым, тамаша еңбекті оқу арқылы өзімді жақсырақ сезіне түстім. Егер де кімде-кім әдебиет адам тағдырын жақсы жағына өзгертуге септігін тигізеді деп сенсе, осы шығарманы міндетті түр­де оқып шығуға шақырамын. Келім­бетовтің өмірбаяндық хикаяты – қазір­гі заманның жаңа классикасы.


Лондон, 2014


Әзербайжан Респуб­лика­сы­­­ның еңбек сіңірген өнер қай­­раткері, ақын Чингиз ӘЛИОҒЛЫ:


– …Немат ағаның орыс тілінде шыққан «Не хочу терять надежду» кітабын сыйлаған-ды, соны оқи бастағаннан-ақ бас көтеруден қалдым. Беттен бетке көшкен сайын менің алдымнан өзінің ғажаптығымен адам айтқысыз күшті кейіпкердің бейнесі ашыла берді. Ол өзінің әлсіз, ауру тәнінде өмірде өте сирек кездесетін қан­шалықты алапат рух шыңдай білген десеңізші!


Қазақ мемлекеттік педагоги­ка­лық университеті Немат Келім­бетовтің мерейтойына арнап ұйымдастырған ғылыми-прак­ти­ка­лық конференцияда сөйлеген сөзім­де мен бұл кітаптың бас кейіп­кері, бәлкім, автордың өзі емес, оған бүкіл өмірін арнаған оның жас жұбайы, дедім. Біздің көз алдымызға қайыспас, күшті, шын берілген, жарын, отбасын сү­йе­тін қазақ әйелінің бейнесі келеді.


Мен бұл кітапты Әзербайжанға әкелдім де, біздің Техран Велиев деген белгілі аудармашыға орыс тілінен әзербайжан тіліне тәр­жімалауын өтіндім. Сөйтіп, «Үміт үзгім келмейді» «Тэхсил» бас­пасынан жарыққа шықты. Бұл оқиға туралы хабарлаған мақалалардың бірі «Жаулап алғыш кітап» деп аталды. Мен алғашқыда бұл теңеу­ге таңғалсам да, кейін оның шы­нын­да да адамды жаулап алаты­нына, бір бастап оқығаннан бас көтеру мүмкін еместігіне көзім жетті.


Н.Келімбетовтің әдеби шығар­ма­шылығының құпиясы сонда, оның шығармалары бәріне таныс, бірақ көптеген адамдар көр­сете алмайтын сезімдерді ашып беретініне менің сенімім мол.


Баку, 2012


Беларусь Ұлттық академия­сының академигі, профессор, медицина ғылымдарының докторы, Беларусь Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, Беларусь Республи­касының еңбек сіңірген ғы­лым қайраткері Арнольд СМЕЯНОВИЧ:


– Өзімнің көпжылдық нейро­хирургтық дәрігерлік практикамда (бұл іске жарты ғасыр ғұмы­рымды арнаған екем) маған өте күшті адамдармен жиі кездесуге тура келді. Адам ешуақытта ауру­ға берілгісі келмейді, өзінің бар күш-жігерін денсаулығы үшін, берік­тігі үшін күреске бағыттайды. Өкінішке қарай, бұл күресте бәрі жеңіске жете бермейді. Адамның қатаң сынақ қабырғасының алдында морт әйнек сияқты быт-шыт шашылғанын да талай көрдім. Ал қауіпті ауру басына төнген адам­ның өзі туралы, азап шегуші туралы не айтарсың!.. Туған-туыс­қандары да, жақындары да мұн­дайда өздерін әртүрлі ұстайды. Бас­тарына келген нәубетке шыдай алмайтындар да аз емес.


Немат Келімбетов болса өзін өзі жеңіп шықты. Оның аса қуатты ерік-жігері үрейлі бәлеге бой бер­меді, бағынбады. Науқас өзін на­ғыз күрескер ретінде көрсетті, ең күрделі сынға шыдай білді.


Ғалым, әдебиетші және жазушы, аудармашы өзінің ауру халінде де үлкен әріппен жазылатын Ғалым болып қалды. Өзінің ғылыми жұмыстарын жалғастыра отырып, зерттеуші ғажайып дүние жасады. «Үміт үзгім кел­мей­ді» кітабымен ол ерекше сы­нақ кезеңіндегі адам мінезінің бол­мысына терең бойлады. Өз кейіп­керлерін зерделегендегі автордың сұңғылалығы көп нәрсе туралы ойлауға, өмірдің құндылықтарын таразылауға мәжбүрлейді.


Қиын жағдайға тап болған пациенттердің әрқайсына мен Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» повесіндегі ағынан жарылған беттерді оқып шығуға кеңес бергім келетіндігін имандай мойындаймын. Содан кейін оқырмандардың көбі өз күшіне сенетініне, өмір үшін күресуге болатынына және қажет екендігіне көздері жетеді деп сенемін. Өмір – Адамға берілген ұлы сый. Ендеше, неге біз онымен оп-оңай қош­тасуымыз керек?!.


Сондықтан да Немат Келім­бетов­тің «Үміт үзгім келмейді» кітабының әлемді шарлап кет­кендігі, түрлі тілдерге аударылып жатқандығы кездейсоқ емес. Жеке өз басым оған Жазушы ретінде, талай сыннан өткен және өмірдің құндылықтарын сезіне білген Адам ретінде қалтқысыз сенемін. Немат Келімбетовтің үл­гісі, оның адамның қадір-қа­сиеті үшін, жақын адамдарға, тұтас алғанда, қоғамға пайдалы болу үшін күресі көп уақыт бойы Адам­затты қызықтыратын болады!



Жапонияның Азаматтық дипломатия және Достық алмасу кеңесінің төрағасы, Аояма Гакуин университетінің бұ­рын­ғы ректоры Кен МАЦУДЗАВА:


– Алғаш рет жапон тіліне аударылып отырған «Үмітімді үзгім келмейді» кітабы дәл осы жапон жұрты оқуы тиіс қазақ әдебиетінің бір өкілі бола алатын туынды деп есептеймін.

Кітап авторы Немат Келімбетов Ташкент қаржы-экономикалық институтының түлегі болғанымен, өзінің өмірлік жолын бұл салада салмай, ҚазМУ-дың филология факультетінің түлегі ретін­де әдебиет саласында өшпес із қал­дырған тұлға.

Автордың өзі осы кітаптың басты кейіпкері Ержан сияқты 35 жас шамасында омыртқа дертіне шалдығып, қол-аяғы қоз­ғал­май қалған кісі. Бұл кітап – Келім­бетовтің өзі жайлы жазылған новелла. Бірақ, бұл жәй ғана новелла емес.

Оған себеп кітаптың басты кейіп­керінің уайым құшқан сезімі автордың өзінің уайым құшқан сезімін жеткізуден әлдеқайда асып түсіп, оқырманның уайымына айналып кететін әмбебаптығында. Және де осы кітапта көрсетілген қиыншылықты жеңе білудің жолы автордың өзін ғана құт­қарып қоймай, оқырманға да қиын­шы­лықтан шыға алатын күш береді.

Міне, осындай дарынды автордың кітабы жапон жұртының мәдениеті мен тарихы бай Қазақ­стан еліне көкірек көзімен қарауға себеп болса екен деген тілекпен қаламымды қояйын.


Токио, 2015 жыл


Ханкук халықаралық тілдер университетінің профессоры Канг ДУКСУ:


– Қазақ әдебиеті Кореяда әзірше белгісіз. Бұл тұрғыдан кел­генде Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабының аудармасы маңызды оқиға. Азияның кіндігінде орналасқан Қазақстан әдебиетінің корей тілінде ұсынылуы Кореяда әлем әдебиеті арнасына келіп қосылған алғашқы аударма әдебиетінің бірі болып отыр.

Тән мен жанның азабынан құтылар жол тек отбасылық махаббатта жатты. Кейіпкердің өмірін сақтай алатын тек адал, сүйетін әйел еді. Ол өлім көлеңкесін ысы­рып, тірлік сәулесін шашыра­та алатын. Ержан ажал үрейін еңсеріп, өмірге құштарлық сезімін шыңдайды. Сөйтіп, ол аударма жұмысына кіріседі, өз тарихын жазып, қоғаммен сырласады. Шығармада кейіпкер әйел Гау­һар­дың шынайы, таза махаббаты арқылы Ержан өмірге қайта келеді.

Келімбетов философиясы бес қағидаға негізделген: өзіңе адал бол; қарттарды сыйла; күншіл болма; екіжүзді адамға сенбе; арманыңа үміт арт, соған ұмтыл.


Сеул, 2015


Болгария Жазушылар ода­ғы­ның баспасөз хатшысы, қоғам қайраткері Дмитрий ГАЧЕВ:


– Қазақстанда әлемге әйгілі болған қаламгерлер аз емес. Абай, Мұхтар Әуезов… Сондай-ақ, Олжас Сүлейменов пен Немат Келім­бетовтің шығармалары ма­ған ерекше ұнайды…

«Караван» (5 мамыр 2012 жыл) газетінің тілшісі Артем Крыловпен сұхбатынан.


Hertfordshire Press баспа үйінің құрылтайшысы, баспагер Марат (Марк) АХМЕДЖАНОВ:


– Виктор Гюго айтқандай, адамға ілгері жылжу үшін алдын­дағы шыңдарда ұдайы ерліктің даңқты үлгілері тұруы қажет. Немат Келімбетов осындай ерлік үлгілерінің бірі болып табылады. Оның «Үміт үзгім келмейді» повесі – бұл өмірді сүю туралы, адамның рухани, ізгілік дамуымен ұштасқан күресінің өз нәтижесін беретіндігі туралы монолог.

Менің Немат Келімбетовтің шығармашылығымен таныстығым 2012 жылы Лондонда өзімнің өмірге деген көзқарасымды көп жағдайда қайта қарауға мәжбүр еткен нақ осы кітаптан басталды. Немат Келімбетовтің әдеби дарындылығы мен адами ерлігінің ұштасқандығы оқырман және бас­пагер ретіндегі мені керемет тәнті еткен-ді.

Оның руханилыққа, жылылық­қа толы кітабы ерлік пен жанқияр­лықты және де, әрине, бізге армандау мен ұмтылыстарымызға қолдау көрсететін мүмкіндікті баян етеді. Үмітсіз, сол сияқты, сенім­сіз адам өмір сүре алмайды. Олар оған ауадай қажет. Бұл екі сезім қатар жүреді. Сенім мен үміттің адамға өмір сүруге, бар қиындықты жеңуге көмектесетін оң қуаты бар.

Бұл – адамға күш-қуат және өзіне сенімділік беретін бірегей еңбек. Повесть кейіпкерінің тағ­дыры туралы ойланғанда, «Үміт үзгім келмейді» повесінде суреттелген жағдайға тап болған адам­дардың трагедиясымен салыс­тырғанда сенің көптеген про­б­лемаларың мен бәлелерің түкке тұрғысыз екенін түсінесің.

«Үміт үзгім келмейді» повесін ағылшын тіліне аудару – қазақ әдебиетін дамытудағы және іл­герілетудегі маңызды кезең. Бұл азап пен төзімділік философиясын сезіну үшін тек қазақстандық оқырманға ғана мүмкіндік беріп қойған жоқ, ол шетелдік аудиторияны Немат Келімбетов сияқты көрнекті ғалыммен һәм жазушымен таныстырды. Халықаралық байланыстардың жанданып және басқа мәдениеттерге қызығу­шылықтың өсіп отырған дәуірінде аударма мәдениетаралық комму­никацияның негізгі тетігі болып табылады. Аударма түсінудің, түсін­дірудің және қарым-қаты­настың құралы ретінде көрінеді. Бүгінде аталмыш кітап әлемнің көптеген тілдеріне аударылды да, жаңа кең аудитория тапты. Сондықтан да «Үміт үзгім кел­мейді» (I don’t want to lose the hope) повесінің ағылшын тіліне аударылуының қазақ әдебиеті үшін де, дүниежүзі әдебиеті үшін де маңызы зор.


Лондон, 2015


Өзбекстан Жазушылар ода­ғы­ның мүшесі Фархад ХАМРАЕВ:


– Кәсіби жазушылар кейде ізгілік проблематикасына терең үңілгендігі соншалық, көркемдік ізденістер аясынан шығып, бел­сенді де пәрменді түрде көркем публицистикамен айналысқан. Олардың өткір сөзі қоғамда керемет қызығушылық тудырған, қоғамдық пікірдің өзгеруіне ықпал еткен. Мұның жарқын мысалдарын Валентин Распутин мен Шыңғыс Айтматовтың пікірсайыс тұрғысындағы мақалаларынан көруге болады. Бірақ газет-журнал жанрының шеңбері тарлық ететін басқа да жазушылар бар. Олар материалды мейлінше кең, ең бастысы, өте терең қамту­ға тырысқан. Мұндайда олар­дың дүниетанымы өздерінің шығар­машылығы арқылы, ұлттық, тіпті, әлемдік әдебиеттің аралық әсерінен байқалатындай көрініс береді. Немат Келімбетовтің «Күн­шілдік» кітабы – соның дәлелі.


«Күншілдік» кітабы – айрықша шығарма. Оның ерекшелігі түрін­де ғана емес, қарастыратын проб­лематикасының мәнінде. Ол диалог түрінде құрылған. Бәрінің саны он үш. Бұл философиялық пайымдаулар емес, дұрысында, тек философиялық қана емес, диа­логтың әрқайсысының кең нақыл­дық тұрпаттағы тақырыбы бар.

Немат Келімбетовті мұндай шығарма жазуға не итермеледі? Біздіңше, себеп бірнешеу.

Біріншіден, Н.Келімбетов тек жазушы ғана емес-тін, ол ғалым, ежелгі классикалық әде­биеттің маманы болды. Шы­ғар­малардың өткенін шола отырып қарастырғанда, ғалым кей­бір жазушылардың көз­­қарас­тарындағы біршама ұқсас­тықтарға назар аударғаны күмән­сіз. Бұл алдымен қазақ жазушыларына қатысты. Сөйтіп, өзіндік жүйелеуді талап ететін белгілі бір материалдар жинақтала берді.

Екіншіден, жазушы өзінің туған халқын, оның мақсаттарын, арман-мүдделерін, кемшіліктерін жақсы білді және терең түсінді. Бұл да қазақ әдебиетінің өзіндік дәстүрі еді. Абайдың «Ғақлияларын», Мұхтар Әуезовтің прозасын еске алсақ та жетіп жатыр.

Н.Келімбетов жалпы­адамзат­тық проблемалардың бар екендігін, оларды шешу алдымен отандық тәжірибеге жүгінгенде анағұрлым пәрменді болатынын өте жақсы сезді.

Үшіншіден, үлкен шебер ре­тін­де ол өзін толғандырған проб­лема турасында өзінің көр­кем сөзін айтпай қала алмады. Басын­да, бәлкім, мұндай ірі зерттеу жазу жоспарланбаған да болар. Жұмыс барысында материалдың көптігінен оны белгілі бір жүйе бойынша алға тартуға тура келді. Материалды берудің түрі (диалог) аса біліктілікпен таңдалды, ал бұл қарастырылып отырған ахуалды жан-жақты көрсетуді анағұрлым жеңілдетіп қана қойған жоқ, мәтінді оқырман түсінігін қиындататын әсіре ақпаратты үйіп тастаудан арылтуға септігін тигізді.

Ең ақырында, мұндай кітаптың отандық әдебиетте болмағанын айту керек. Осы тақылеттес басы­лымдардың өте қажет екендігін және олардың уақыт өте келе адамдардың ажырамас серігіне, өзіндік энциклопедияға айналатынын тәжірибе көрсетіп отыр.

Нәтижесінде, ешқашан өзінің көкейкестілігін жоғалтпайтын өте қызықты да қажетті шығарма дүниеге келген. Мәселе, әрине, күн­шілдік сияқты құбылыстың мәңгілік екендігінде емес. Адам тірі жүргенде ол оның әрдайымғы серігі болмақ.


Ташкент, 2015 сәуір



Аударған

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛҰЛЫ.


egemen.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар