Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ: ШӘРБАННЫҢ ЖАЗҒАНДАРЫН ҚАЙТА ОҚЫДЫМ

Бөлісу:

13.05.2016 4309


AF9ECE64-5B10-4431-A686-F351C9661D66_mw1024_mh1024_s.jpg




Жетпiс деген желдi шыңға шықсақ деп құмартушылар аз емес екенiн мен сеземiн. Жетпiстемiн деп мақтанған ешкiмдi көрген де, естiген де емеспiн. Бiрақ өзiңнен кейiнгi алпысқа аға болу үшiн де, жетпiске желге мiнiп келудiң түк те айыбы жоқ. Бiреулер: «Шiркiн, бұл кiсi қартайып қалыпты-ау!» – деп есiркесе, «Жол бiлетiн, жөн бiлетiн жасқа жетiптi- ау!» – деп ендi бiреулер әжептәуiр ардақтайды, құрметтейдi. Тұлпар мiнiп ту алмасаң да, күндей күлiп қуанбасаң да, атағың жер жармаса да, жетпiс деген үлкен атаның жасына, әженiң жасына Аллам ұйғарып жатса, аман келгенге не жетсiн! Алпысты көпсiнiп жүретiн Шәрбан қыз да аман-есен мен келген жетпiске келдi. Егер менi жалыны әлi күнге таусылмаған тар- ланым десеңiздер, Шәрбану да сол тарлан.





Ауылдасым, ақылды, сүйкiмдi қыз,

Уақыт күтiп тұрмайды, ұйқыңды бұз.

Екеумiз де тұнықпыз, тұмамыздай,

Екеумiз де сынықпыз, бiртүрлiмiз.


Қатарыңнан озып сен бала кезден,

Иесi едiң қиялдың дала кезген.

Кiрген адам шыға алмай қалатұғын,

Алтын сарай тұрғыздың қара сөзден.


Аштың мөлдiр бұлақтың тұма көзiн,

Елдiң бағы ер қайрат, мына төзiм.

Көркiңдi алды аққан жыл, көңiл құсын,

– Ұшырудан тынбадың бiрақ өзiң.


Өмiр өттi жарқырап, не мұңайып,

Елдiң сырын екеулеп кел ұғайық.

Бiр қалада тұрамыз жылына бiр

Кездесуге уақыт жоқ – не ғылайық.


Көп қинады жоқтығы әкемiздiң,

Сүйеушiмiз аз болды-ау екеумiздiң.

Жетпiстiң де шыңына шықтық аман,

Бақытымыз бар екен, Шәке, бiздiң.


Шықпаса да күнiге жегi есебiң,

Жетеледi шыңдарға жеке сенiң.

Елiң аман тұрғанда сен де барсың,

Ел бақыты – бақытың, Шәке, сенiң.


Шәрбану Құмарова құлағыма өте сүйкiмдi естiлетiн есiм. Оны менiң жылдап да көрмеген, сөйлеспеген кездерiм көп болады. Бiрақ оның күлiмдеген бейнесi, аңқау арманшыл тiршiлiгi менiмен бiрге өмiр сапа- рын кешiп жүргендей сезiнемiн. Көрсем қуанам, бейне бiр жоғалтқан асылым табылғандай жақсы бiр күй кешемiн. Кездеспесем аман-есен жүре берсiншi, сол сары қыз деп ойлаймын. Оның әдебиеттiң ұлы са- парына араласуына менiң сәл-пәл әсерiм болды. Бiз бiр ауылдың, бiр ауданның түлегiмiз. Алатау етегiндегi мөлдiр тұманың суын мен де iштiм, ол да iштi. Алатаудың ақ жаңбырына кеудемдi мен де тостым, ол да тосты. Найзағай отына қуана қараған кездерiмiз де бала күннен алысқа қарады. Соғысқа кеткен әкелердi күткен сол кездер әлi де батыс жақтан жақсылық арқалап, бiзге қарай дүниедегi ең жақсы адамдар – бiздiң әкелерiмiз, ағаларымыз келе жатқандай серiге бiткен сергек үмiтпен күн кешiп келемiз. Шәрбану жас жағынан менен бiр жас қана кiшi қарындасым. Қатар жүрiп бiр ретте ол менен, мен одан көмек сұрап көрген емеспiз. Тәкаппар таудың қызы өзi туған тауына ұқсайды. Иiлудi, жасуды бiлмейдi. Ол бала күнiнен жарқырап жүрудi қалады. Әншi де, бишi де болды Шәрбан қыз. Сол бiр лақша секiрiп жүрген жас қыздың жүрегiнде тек жазушыға бiтетiн арман жатқанын алғаш аңғарған ұлы Мұхтар Әуезов, ұлы Сәбит Мұқанов, поэзиямыздың қыран ақындары Жұмағали Саин, Дихан Әбiлев ағалар не деген көреген жандар. Ешқашан көмескiленбейтiн үмiтпен қарады олар жұқа өңдi, көзiнен көзiлдiрiгi түспейтiн ақсары, әсем қызға. Оның жүрегiндегi қазынаны қайран ағалар қалай көре бiлген деген бiр шуақты ой менi биiкке алып шығатындай.


Шәрбану туралы сөз сөйлейтiн болған соң, мен оның жазғандарын қайта оқыдым. Бұрынғы есте қалған, қалмаған ескi достарымды көргендей әсерлендiм. Жиырмадағы жiгiт кезiме кезiктiм. Әдемi де әсерлi әңгiмелер, адам жанын аялайтын повестер жазушы беделiн менiң көз алдымда биiктетiп жiбердi. Әй, мына қыз қалай-қалай сiлтейдi деп таң қалдырған тұстары да аз емес. «Егер де еркектердiң аузында құлып болса», «Бегiмхан» әсiресе, «Киiк оты» атты әңгiмеге қатты әсерлендiм. Мұндағы Арғынбек, Бәтима, Әсем атты кейiпкерлер бiздiң замандаста- рымыз. Әңгiмеде аз суреттелсе де маған Әсем қыздың өзi де, тағдыры да осындай қыздарды өзiм де жiгiтке бiткен қиялмен жақын барып, жақсы көрiп қалғандаймын. Жазушының жазушылығы аз ғана сөзбен көп сурет салуында, көп айта бiлуiнде. Адамның жүрегiне кiрiп арман әнiн шырқай бiлуiнде: «Әсемгүлмен қоштасты. Сәлден соң вагонға беттедi. Жолай бiр ойлағаны, жаралы киiк тау-тасты кезiп өзiнiң дәру шөбiн тауып жеп жазылады екен. Ол шөптiң аты – «Киiк оты». Адам жанының да дауасы, өз киiк оты болмай ма? «Болар, болар, ол бiреуге табылар, бiреуге табылмас», деп толғайды Шәрбану. Мен бұл әңгiменi қазақ әңгiмелерiнiң антологиясына үлкен сенiммен, үлкен махаббатпен кiргiзер едiм. Және оның авторына аса бiр риза көңiлмен, астына ат, иығына шапан жабар ем. «Жарайсың, сары қыз» – деп арқасынан қағар едiм...


Шәрбану Құмарованың «Буыршын мұзға тайған күн», «Айдың сүттей жарығында», «Құлжа жолы», «Мың жылдық сағыныш», «Жусан- ның кермек исi» повестерiнiң қай-қайсысы да адам жанының нәзiк пернелерiн басады. Геройларының бәрi де өзiмiз күнде көрiп жүрген адамдар. Солардың қуаныш, күйiнiшi, ренiшi, ұмытылып барып жеткен жақсылығы – бәрi де нәрлi, шұрайлы тiлмен, қанық бояумен әдемi суреттеледi. Шәрбану өз құрбыларының жан жүрегiн жақсы жырлайды. Аялайды. Ана көңiлiнiң нұрын төгедi. Қай шығармасын оқысаңыз да көзге көп көрiне бермейтiн үмiт сәулесiне ұзақ қарағандай, мөлдiрден су iшкендей, жаздың кешкi самалына кеуде тосқандай күй кешесiң. Артистер өмiрi, әншiлер тiршiлiгi соншалық бiр әсем сезiммен, әсерлi күймен өрiледi.

Шәрбанудың өнердiң ұлы жұлдыздары Күләш апасы мен Шара апасы туралы жазған эсселерiн де мен аса сүйсiне оқыдым. Егер ертең осы екi әпкелерiмiз жөнiнен Шәрбану повесть, роман жазып жатса, оны сүйiспеншiлiкпен қарсы алар оқушылары дайын тұр. Шәрбану драматург. Оның бiр пьесасын өзiмiздiң Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрынан көрiп сүйiнгендердiң iшiнде, жақсы құрбымның жақсы шығармасына ұзақ қол соққандардың iшiнде мен де бар едiм.


Жазушының соңғы кезде жазған үлкен шығармасы «Сезiм патшалығы». Бұл Жәнiбек атты тiс дәрiгерiнiң өмiрi арқылы, басы- нан кешкен қызықты да ауыр жағдайлары арқылы кең толғаулы, көп оқиғалы роман. Бағана бiз атаған әңгiме, повестер, эсселер Шәрбануды жазушы ретiнде шеберлендiрiп, осы үлкен романға әкелген екен. Бұл роман тұсында жазушы терең де тегеурiндi. Әдебиеттiң бұл үлкен жан- рына жан-жақты дайындықпен келгенiн Шәрбану тағы бiр паш еткендей. Көзi көреген, сөзi мерген, қалаған жерiне дәл тиедi. Жәнiбек те, Гүлмира, Кәмештай, Қызғалдақ та, Сланбек отағасы да, Райхан апай да, кiшi Жәнiбек те романды оқып бiтiргенде оқушыны аса бiр жақсы сезiмге бөлеп жаныңды есiркейдi. Қызғаншақ, сұрқия ғып суреттелетiн Ризатты да бiр түрлi iшiңнен аяйсың. Бiрақ жазушы қай геройын қалай суреттеймiн десе өз еркi. Осы бiр ұзақ прозалық жырды мен де ұзақ оқыдым. Жазушының үлкен еңбегiн үлкен ризашылықпен оқып шықтым. Көп оқиғалы, күрделi дүниеге Шәрбану дер кезiнде барған сияқты.


Мен прозашы емеспiн. Бiрлi-жарым сәбилерге жазған әңгiмем бол- маса «Олар менi Тұмаш – деушi едi» дейтiн естелiк әңгiмем болмаса, басқа көркем проза жазып көрген емеспiн. Прозашы еңбегi жөнiнен баяндама жасап оңай абыройға ие бола қалсам деген ойдан да аулақпын.


Кiшкене күнiмнен бiлетiн, жақсы көретiн жан құрбымның өнер жолына аздаған шолу жасадым. Шәрбану – сөз жоқ, сөз өнерiнiң шеберi. Оның әдебиетте өз жолы, өз соқпағы бар, ағалар айта беретiн прозаға келген жалғыз бүгiн бiр шоқ жұлдызға айналған.


Әңгiме жазған бiр қыздың шығармасын оқи қалсам, бұ қыз да бiздiң Шәкеңнiң жолына түскен екен, Шәрбануды сөз жоқ, ұстаз санайды деп ойлаймын. Қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш прозаик, тұңғыш драматург Шәрбануды мерейтойымен, салтанатты, салауатты, өнегелi, өмiршең тiршiлiгiмен құттықтаймын. Оның тойы – бүкiл республика тойы. Егемен елiмiздiң тойы. Бұл қыз – қазақтың Құмаровасы. Өзiң жазыпсың, Шәке, «қартаю – әйел үшiн ең бақытсыздық» деп. Олай бол- са, қартайма, осы бiр әсем қалпыңмен замандастарыңның көңiлiн де, көзiн де қызықтырып, аман-есен жүре бер!



Бөлісу:

Көп оқылғандар