Жәркен Бөдешұлы: Бір бақытым - сарайшыл болғам жоқ

Бөлісу:

16.05.2016 8029


 

13237586_1037732682973240_1446964049034924996_n.jpg

Бүгін арқалы ақын Жәркен Бөдеш көкемізді өткен туған күнімен құттықтап барып қайттым. 73 жасқа келген кәрі тарлан қауқылдай қарсы алып, жұмыс бөлмесіне бастап кірді. "Мынау әкемнің, мынау арғы дүниеге кеткен ұлымның портреті" деп, кітап сөресінің оң жақ шетіндегі оңаша бұрышта, биігірек текшеде тұрған суреттерді көрсетті. "Екеуін де сағындым-ей" дейді қабағына сәл бұлт үйіріліп. Содан соң немересі Абылайдың суретін көрсетіп, "Біздің үйдің тентегі ғой, оны да сағындым, кеңсірігім ашиды, көрмегелі көп болды..." деп, ұзақ үнсіз отырды.


 

Сөредегі кітаптар өте ретсіз жайғасыпты. Үстелде Абай, Мағжан, "Бабалар сөзі", тағы басқа авторлар шығармалары әр жерге орналасқан. Төте жазумен шыққан "Бетховен" кітабын оқып жүрген сыңайлы. "Бұл неменің де көрмегені жоқ екен ғой..." деді сәл үнсіздіктен соң шағын кітапты нұсқап. "Ван Гок деген суретші туралы бір мақала оқыдым, мен секілді екен пақырың" деп қойды тағы бірде. Осы сөзін айтып алып, ырзалықпен күлген кейіп танытты.


 

Әңгімеміз әртарапты, шашыраңқы шықты. "Жер мәселесі не болды?" деп сұрап алып, "білем ғой, айтпай-ақ қой..." деді тағы өзі.

"Билік... Тақ дегенің магнит секілді, негізі. Өлген соң ғана тақ туралы ұмытамыз. Бәріміздің де көздеген тағымыз бар. Оған жеткендер оған жетпегендерге қарағанда бақытсыздау ма, қалай өзі?.." деп кеңкілдеп, көзінен шыққан жасты қос қолымен сыпыра отырып күлді. 


 

"Енді маған сыйлықтың керегі жоқ. Апаңның жұмысы бар. Күнделікті тамағым тоқ, киімім бүтін. Бір бақытым - сарайшыл болмадым. Бір қасіретім - сарайшылдарға қараған кездерім болды...". 

"Ешкім іздемейді. Маралтай алыстап кетті. Олар артына қарамайды ғой енді... Әмірхан жақсы еді. Астыға келіп тұратын. Қазір түсем дейтінмін..." деп жабырқау ғана айта кетті.

"Саусақпен санарлықтай күн қалды деуші еді үлкендер. Рас екен. Маңайымдағыларды түгендеймін, шетінен кетіп жатыр. Аз қалдық қой..."

Осы сөзді айтты да, саусақтарын санай бастағанда, зәрем ұшты. "Көке, қайтесіз..." дедім әзер.

Балконға шығып шылым тұтаттық. Байқағаным, шылым тұқылдары бір шелек боп үйіліп қалыпты... 

Мені шығарып салып тұрып: "Жиі келіп тұрыңдаршы..." деп, соңымнан қарап ұзақ тұрды.


 

Көкжалдың қартайғанын алғаш көргендей, беймаза күй кешіп отырмын...


 


 

Тоқтарәлі Таңжарық, ақын

Бөлісу:

Көп оқылғандар