Сейіт Қасқабасов: АЗАМАТ

Бөлісу:

19.05.2016 5248


Менің ойымша, елімізге тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі жылдарда қолымыз жеткен ең үлкен жетістігіміздің бірі – сырттағы ағайындардың елге оралуы. Мерзімді баспасөздің бетінде «бүгінге дейін бір миллионнан астам қандасымыз отан құшағына оралды», - деп жазып жүр ғой. Жиырма жыл үшін бұл көп пе, аз ба, ол бөлек әңгіменің арқауы. Біздің айтпағымыз, еліміз үшін, қазақ халқы үшін басымызға бас қосылғаннан артық қандай бақыт, қандай байлық бар?! Олай дейтін себебім, тәуелсіздік жариялаған 1990-шы жылдардың басында халқымыздың өз елі, өз жеріндегі үлес салмағы 40 пайыздың о жақ, бұ жағында ғана еді. Сол кезде, тәуелсіздік алуын алғанымызбен, «тым болмағанда 50 пайызға қашан жетер екенбіз» деп іштей тыпыршып, шиыршық атып жүретінбіз.


Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі астанамыз Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын ашып, әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашырап жүрген ағайындарды елге шақырды. Сол саясаттың арқасында елге ел қосылып, ортамыз толды. Отанына оралған қандас-бауырларымызды жас мемлекетке қосылған адами ресурстар ғана емес, сонымен бірге әлемнің әр шалғайынан елімізге құйылып жатқан рухани, ғылыми және экономикалық күш-қуат деп қабылдаған жөн. Өйткені елге оралған ағайындар елімізге қазақтың дәстүрлі мәдени құндылықтарымен қоса, өздері өмір сүрген елдердің небір озық мәдениет, өнер, білім үлгілерін әкеліп жатыр.


Дүниенің 40-тан астам елінде қандастарымыз өмір сүріп отырғанымен, оларды өскен ортасына, сол елдегі демографиялық жағдайына, алған білімі мен тәрбиесіне қарай отырып, мынадай төрт үлкен мәдени ошаққа бөлуге болады. Олар – моңғолдық мәдени ошақ, қытайлық мәдени ошақ, ресейлік-кеңестік мәдени ошақ және шығыстық-исламдық мәдени ошақ. Алдыңғы үш мәдени ошақ түсінікті. Соңғы, яғни «шығыстық-исламдық мәдени ошаққа» Түркия, Иран, Ауған елдерінен келген ағайындарды жатқызуға болады. Сырттан келген ағайындар осындай әртүрлі мәдени ошақтарда туып-өсіп, өмір сүріп келгенімен, қай-қайсысы да қазақ халқының ортақ дәстүрлі мәдениеті мен құндылықтарын жақсы сақтады. Бұл – жалпы жер бетіндегі күллі қазақ баласына ортақ қасиет. Осындай ортақ арман-мұрат пен ортақ сана-сезім Алаш жұртының ұлы бірлігіне ұйтқы болып келеді. Өйткені тәуелсіз Қазақстанға көшіп келіп, мұндағы қалың қазақ халқымен бір ортада тоғысып, бірегей ұлтқа айналып, бір тағдырмен, бір мұратпен, бір болашақпен, бір тудың астында бірге өмір сүру – шетелдердегі этникалық қазақтардың ортақ арманы.


Деректерге қарағанда, тарихи Отанына оралған 1 миллионнан астам қандастарымыздың арасынан бүгінге дейін 70 шақты ғылым докторы, 300-дей ғылым кандидаты шығыпты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ елге оралып, халқымыздың әдебиеті мен өнерінің, ғылым-техникасы мен экономикасының дамуы жолында аянбай тер төгіп, шетелден алып келген білімі мен өнерін Қазақ елінің дамуына арнап келе жатқан қандас-бауырларымыз аз емес. Солардың бірі – белгілі ақын, талантты аудармашы, ұстаз, қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы деген азамат.


Мен 1990-шы жылдардың соңына таман Дүкенді алғаш рет ұстазы, әдебиетші-ғалым, академик, марқұм Рымғали Нұрғалидың қасынан көргенім есімде. Сондай кездесудің бірінде Рекең қасында тұрған қара торы, көзі бақырайған бала жігітті «Дүкен Мәсімхан деген жігіт. Менің шәкіртім, Шынжаңдағы үш аймақ төңкерісі кезіндегі әдебиеттен диссертация жазып жүр. Өзі мықты ақын», - деп таныстырған болатын. Кейін мен Астанаға – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ауысып кеттім. 1999 жылы аталған оқу орнынан Шығыстану факультеті ашылып, мен сол факультеттің деканы болдым. Факультетке араб, парсы, қытай, жапон тілдері бойынша студент қабылдадық. Сол жылдың күзінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетін бітірген бес-алты жас маманды бірден жұмысқа қабылдадық. Солардың ішіндегі қытай тілі бойынша мұғалім болып келген жас мамандардан: «Қытай тілін кімнен үйрендіңдер?» - деп сұрағанымда, «Дүкен ағайдан», - деп бәрі мақтанышпен жауап берген-ді. Содан келесі жылы, яғни 2000 жылы Дүкеннің өзін жұмысқа шақырдық. Бірақ неге екенін, ол жолы келмеді. Содан осы соңғы бір-екі жылдың жүзінде Дүкенмен бір университетте, бір факультетте аға-іні ретінде, ұстаз-шәкірт ретінде, әріптес ретінде бірге істеп келеміз.


Д.Мәсімханұлы жас болғанымен, оқығаны да, көңіліне тоқығаны да мол, тағдырдың біраз ыстық-суығын көрген, арғы-бергінің қыр-сырына қанық, ерте есейген азамат. Бұған көз жеткізу үшін оның өмірбаянын бір шолып шыққанның өзі жеткілікті.


1963 жылы Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесіне қарасты Текес ауданының Ақши деген елдімекенінде отырған Мәсімхан ақсақалдың шаңырағында шекесі торсықтай бір ұл өмірге келеді. Оған азан шақырып «Дулат» деп ат қояды. Кенжесі болғандықтан ба екен, ата-анасы сәбиді еркелетіп «Дүкен» атап жүріпті де, кейін құжатқа да солай жазылып кетіпті.


Дүкеннің айтуынша, әкесі Мәсімхан Нақысбекұлы қарапайым шаруа адамы, ауыл молласы болған кісі екен. Ал атасы Нақысбек Жалпетекұлы 1916 жылғы “Қарқара көтерілісіне” қатысып, ол көтеріліс патшалы Ресей әскерлері тарапынан жанышталғаннан кейін елін бастап Қытай асып кетіпті. Оған дейін Қазақстанның Шәлкөде өңірінде, 1917-1937 жылдары Қытайдың Іле аймағының Текес ауданында болыстық қызмет атқарыпты. Жалпы бұл есім тарихта “Нақысбек шешен” деген атпен де белгілі. «Қазақтың әйгілі би-шешендері» деген энциклопедиялық жинақта Нақысбек шешеннің өмірбаяны мен шешендік сөздері, толғаулары енген. Ал Дүкеннің анасы да өз ортасының белгілі айтыскер ақыны болыпты. Әрі қазақтың қисса-дастандары мен ертегі-аңыздарын нақышына келтіріп айтатын кісі екен. Осындай шаңырақта өмірге келген Дүкен жас күнінен-ақ сөз өнеріне, әдебиетке құштар болып өседі.


1982 жылы туған ауданынан орта мектепті үздік бітірген Дүкен сол жылы мемлекеттік емтиханнан ең жоғары балл жинап, Қытайдың астанасы Пекин қаласындағы Орталық ұлттар университетіне қабылданады.


1987 жылы аталған оқу орнының филология факултетін аудармашы-филолог мамандығы бойынша үздік бағамен және “оқу үлгілісі”деген атақпен (бұл атақ қытайда университетті үздік бітірумен бірге, студент шағында әдеби немесе ғылыми шығармашылықпен танылған шәкірттерге дипломмен бірге беріледі екен) тәмәмдайды. Сол жылы жолдамамен Үрімжі қаласындағы ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар академиясына барып, Әдебиет институтының ғылыми қызметкері болып еңбек жолын бастайды. Бұнда қытай, ұйғыр халқының әйгілі ғалымдарымен бірге, Нығымет Мыңжанұлы, Жақып Мырзаханов қатарлы есімдері Алаш жұртына кеңінен танымал белгілі қазақ ғалымдарымен істес-әріптес бола жүріп, ғылыми-зерттеу, әдеби шығармашылық, аударма салаларында өнімді еңбек етеді. Атап айтқанда 1987 жылдан 1993-жылға дейінгі қысқа ғана бес жылда ҚХР-ның іші-сыртында 30-дан астам ғылыми еңбек жариялап, ондағы қазақ оқырмандарына «Жүреке саяхат» атты жеке жыр жинағын ұсынады. Бұдан өзге осы жылдарда «Жер шарының қызыл белдеуі» (роман), «Шынжаңда өткен тарихи қайраткерлер» (зерттеу мақалалар жинағы), «Машина адам Л.М.»(фантастикалық әңгімелер жинағы) қатарлы көлемді дүниелермен қоса, көптеген қытай және шетел ақындарының өлеңдерін, көп сериялы телефилмьдер тәржімалайды.


1990 жылы оның «Оғызнама туралы зерттеу» атты еңбегі ҚХР аз ұлт әдебиетін зерттеу саласындағы үздік шығарма сыйлығына ие болады. Ал 1991 жылы Д.Мәсімханұлына әдебиет пен ғылыми зерттеу саласындағы көрнекті нәтижелері үшін Бүкілқытайлық жастар сыйлығы, 1993 жылы ҚХР жазушылар одағының «тың талант» сыйлығы беріледі.


1993 жылы наурыз айында Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлттық Университетінің арнайы шақыруымен атамекенге келген Д.Мәсімханұлы келісім-шарт мерзімі біткеннен кейін тарихи отанында біржола қалып, ҚазМУ-дің Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс елдері кафедрасында ұстаздық етті. 1999-2002 жылдары аталған кафедраның меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2002 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шығыстану кафедрасына доценттік қызметке шақырылған Д.Мәсімханұлы 2010 жылға дейін аталған кафедрада доцент, кафедра меңгерушісі, профессор қызметтерін атқарды. Қазір аталған оқу орнында қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор.


Ол 1999 жылы академик Р.Нұрғалидің жетекшілігімен «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50жж.)» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. ХХ ғасыр басында Қазақ елінде өркен жайып, жалпыұлттық қозғалысқа айналып келе жатқан Алаш идеясы, оның ту ұстаушы көсемдері КСРО құрылғаннан кейін шектеуге, тіпті қудалауға ұшырады. Кейіндеп Алаш қозғалысымен қатысы барлар «Халық жауы» деген атпен тұтастай тұтқындалы. Міне осы кезде Алаш көсемдерінің біразы Шығыс Түркістанға барып бой тасалады. Бірақ олар онда барған соң да Алаш мұратын, ұлт-азаттық идеясын таратып, ондағы ағайындарды ұлт-азаттық күреске шақырды. 1937 жылы Сталин мен Шэн Шицай ауыз жаласа отырып, ол жақтағы Алашшылдардың көзін жойғанымен, азаттық үшін белін буып, атқа қонып алған халық ақыры Шынжаңды азат етіп, 1944 жылы Шығыс Түркістан Республикасын құрады. Бұл мемлекет 1949 жыы ҚХР құрылғанға дейін бес жыл өмір сүрді. Осы жылдарда Ақыт қажы Үлімжіұлы, Жүсіпбек қожа Шаихсламұлы, Әсет Найманбайұлы, Көдек Маралбайұлы, Нұртаза Шалғынбаев, Таңжарық Жолдыұлы, Шарғын Алғазыұлы қатарлы ақындар Алаш идеясының, ұлт-азаттық күрестің жанкешті насихатшылары болды. Д.Мәсімханұлының аталған ғылыми жұмысы, сол кезең әдебиетіндегі ұлт-азаттық бағытты уақыт талабына сай азат сана, ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырған алғашқы іргелі зерттеу болды.


2008 жылы Дүкен Мәсімханұлы «Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов пен Лу Шүн шығармалары негізінде)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бұл ғылыми жұмысты талқылайтын негізгі жетекші ұйым ҚР М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты болып бекітілген екен. Ол кезде мен осы институттың директоры едім. Институт қызметкерлері, ғалымдар жұмыспен танысып шықты. Тақырып тың. Оның үстіне жұмыс «салыстырмалы әдебиеттану ғылымының» шифрі бойынша орындалған. Жұмыс жан-жақты, қызу талқыланды. Себебі Қазақ еліне ХХ ғасырдың 30-40-жылдарында еніп, жайлап өркен жая бастаған салыстырмалы әдебиеттану ғылымы 50-ші жылдардан кейін мүлде сұйқыл тартып, сұйылып барды да, араға жарты ғасырдай уақыт салып, тек тәуелсіздіктен кейін ғана ғылым ретінде орнығып, қалыптаса бастады. Оның осынша кешеуілдеп, кенжелеп қалуының, әрине, өзіндік себептері болмай қалған жоқ. Ең басты себептердің бірі ретінде кеңестік кезең тұсында бір мезгіл салыстырмалы әдебиеттану ғылымына «буржуазиялық ғылым» деген айдар тағылып, оны арнайы қарастырудың, әдеби зерттеу тәсілі ретінде жандандырудың мүмкіндігі болмағандығын айтуға болар еді. Екінші бір себеп – ұлттық республикалардағы ақын-жазушылардың бәрін жаппай «ұлы орыс қаламгерлерінің, орыс әдебиетінің шекпенінен шыққан» деген таным белең алды да, «салыстырмалы әдебиеттану ғылымы» тұрғысынан кім не жазса да, тек қана осы идеяны «тиянақтауға, дәлелдеуге» мәжбүр болды. Сөйтіп ұлы Мұхаң (Әуезов) бастаған қазақ қаламгерлері «орыс қаламгерлерініен үйренген, үлгі алған» ретінде қарастырылып келді. Ал Д.Мәсімханұлының қазақ жазуышысы Әуезовті қытай қаламгері Лу Шүнмен салыстыруы, шынымен де қазақ әдебиеттану ғылымы үшін үлкен жаңалық болды. Сондай-ақ сөздің осы тұсында аталған жұмыстың Қазақстанда «салыстырмалы әдебиеттану» ғылымы бойынша мемлекеттік тілде қорғалған тұңғыш докторлық диссертация екенін де атап айтқан орынды.


Шығармашылық жолын университет қабырғасында жүргенде бастаған Дүкен Мәсімханұлының бүгінге дейін “Жүрекке саяхат” (1991ж. ҚХР Үрімжі), “Семсер суы” (1998ж. Алматы), “Көкпар” (2003ж. Алматы) “Алтынның буы” (2007ж. Пекин), “Алкүрең арман” (2008ж. Астана) атты жеке жыр жинақтары, “Жыр-Жебе” (монография, 2000ж. Алматы), “Сарап” (ғылыми зерттеу мақалалар жинағы, 2001ж. Астана) “Сөз - желкен” (монография, 2005ж. Алматы) “Мұхтар Әуезов және Лу Шүн” (монография, 2007ж. Алматы) «Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» (монография, 2010ж. Павлодар), «Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай елдерінің рухани қарым-қатынасы» (ғылыми зерттеу мақалалар жинағы, 2012ж. Астана) атты зерттеу кітаптары жарық көрді. Бұдан сырт 300-ден астам ғылыми-зерттеу мақалалары республикалық және шетелдік түрлі ғылыми басылымдарда жарияланды.


Бүгінде ақын, қытайтанушы ғалым, аудармашы ретінде Дүкен – ҚХР аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының, Қазақстан Жазушылар одағының және Дүниежүзі синологтар қоғамының мүшесі. Сондай-ақ 2012 жылдан бері Д.Мәсімханұлы ҚХР ШҰАР Мәдениет министрлігіне қарасты Өнер институтының ұсыныс етілген профессоры.


Әдебиетке, жалпы шығармашылыққа о баста өлеңмен келген Д.Мәсімханұлын бүгінде республика жұртшылығы өз үні айқын, өз қолтаңбасы қалыптасқан талантты ақын ретінде танып үлгерді. Бұл арада оның поэзиялық шығармаларына талдау жасап отыруға уақыт тар. Дегенмен оның ақындық талантын төмендегі деректер толық айғақтаса керек: бүгінге дейін Д.Мәсімханұлы бір неше мәрте халықаралық және республикалық мүшайралардың жеңімпазы; 2011 жылы қыркүйекте Түркияның Елазығ қаласында өткен «Түркі дүниесі жазба ақындарының фестиваліне» Д.Мәсімханұлы Қазақ ақыны ретінде арнайы шақырылды; Бұл күнде ақын өлеңдері түрік, орыс, қытай, жапон, өзбек, қырғыз, ұйғыр тілдеріне аударылған.


«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», - дейді ұлы Абай. Ұлттық ағартушылық, білім беру ісі адам баласы үшін қашан да мән-маңызын жоғалтқан емес. Біз секілді әлемдік қауымдастық атты ұды мұхитқа кемесін жаңа шығарған жас мемлекет үшін білім беру ісінің маңызы тіптен ерекше. Сондықтан қай елде болмасын тарихи тұлғалардың азаматтығы мен ұлтжандылығы осы салаға, яғни білім беруге қалай қарайтындығымен өлшеніп жататыны содан. Біз сөз етіп отырған Д.Мәсімханұлы тарихи атамекеніне сонау 1990 жылдардың басында – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңде елге оралып, содан бері Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында табан аудармай ұстаздық етіп келеді. Оның елге оралған кезі сырттан келген ағайындарды былай қойып, Қазақстанда ауыл-ауылымен, қауым-бауырымен отырған елдің өзі тәлтіректеп, «шықпа жаным, шықпалап» зорға күн көріп отырған уақыт болатын. Ол аз десеңіз онсызда мардымсыз жалақы жарты жылдап, тіпті жылдап берілмей қалатын. Есесіне қара базарда қытайдан әкелген 100 теңгенің тауарын 100 АҚШ доллларына ойланбай да қиналмай саудалауға болатын еді. Осындай «май шелпекті» көріп жұмысын да, оқуын да тастап саудаға кетіп ағайындардың біразын өзім жақсы білем. Белшеден батар сол «батпан құйрықты» көре тұра Дүкен ұстаздықтан безінбеді. Сөйтіп ол елімізге жүздеген қытайтанушы жас мамандар тәрбиелеп, қазақстандық қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына өзінің бір кісілік үлесін қосып келеді. Сонымен бірге оның “Қытай тілі фонетикасының негіздері”, “Қытай филологиясына кіріспе”, “Лу Шүн әлемі”, “Лу Шүнтану дәрістері”, “Қытай әдебиетінің тарихы” (екі том), “Елтану мәтіндері” атты оқулықтары өз шәкірттерінің қолында жүрген болса, жолдасы А.Әбиденқызы екеуі құрастырған “Қытайша-Қазақша үлкен сөздік” (70 мың сөз бен сөз тіркесі қамтылған) атты сөздігі баспадан шығу алдында.


Бүгінге дейін Д.Мәсімханұлы Қазақ елі үшін 100-ден астам қытайтанушы маман тәрбиелеп шығарған болса, сол шәкірттерінің дені қазір ҚР Президенті аппараты, ҚР СІМ, ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігі мен консулдықтарында, Қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындарында, ҚР жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде жемісті еңбек етуде. Дүкеннің ұстаздық саладағы еңбегі де еленбей қалған жоқ. Жақында ҚР Білім және ғылым министрінің жарлығымен жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Д.Мәсімханұлы “Ы.Алтынсарин” медалімен марапатталды.


Ұлттық ағартушылықтағы аса өнімді тәсілдердің бірі аударма. Егер бір халық өзінің ғылым-білімін, өнері мен мәдениетін көтеріп, өркениетті елдер қатарына қосыламын десе, ол еш қашан шетел тілінсінсіз, аудармасыз жүзеге аспайды. Сондықтан тарихқа қарап отырсақ, шетел тілін білетін, ұлтқа жаны ашитын кез-келген тұлға аудармаға соқпай өтпегенін байқаймыз. Біз ХХ ғасырдың 90-шы жылдарына дейін, әлемдік ақыл-ой өнімдерін орыс тілі арқылы алып келген елміз. Тек тәуелсіздіктен кейін ғана өз жастарымыз өсіп-жетіліп, оларға шеттен келген ағайындарымыз қосылып, әлемнің іргелі елдерінің тілдерінен, түпнұсқадан әдеби, ғылыми, саяси аудармалар жасала бастады. Осы салада тер төгіп келе жатқан аудармашылардың алдыңғы легінен де Дүкен Мәсімханұлын көреміз. Жоғарыдағы ғылыми һәм әдеби еңбектерден тыс мерзімді баспасөзде Д.Мәсімханұлы көптеген қытай қаламгерлерінің шығармаларын тәржімалап, қазақ оқырмандарына тұрақты түрде ұсынып келеді. Оның аударма саласындағы шоқтықты дүниесі ретінде мемлекеттік «мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген қытайдың ұлы жазушысы Лу Шүннің таңдамалы шығармаларын («Лу-Шүн. Повесттер мен әңгімелер», Астана. 2010) атап айтуымызға болады. 2012 жылы осы аударма еңбегі үшін Дүкен Мәсімханұлына Қазақстан жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын беруін аудармаға да, аудамашыға да берілген орынды баға деп есептейміз. Сондай-ақ 2010 жылы «Әлем әдебиеті» журналы редакциясының ұсынысы бойынша Д.Мәсімханұлы аталған журналдың қытай әдебиетіне бағышталған арнаулы санын дайындауға көмектесіп, ақын-жазушыларды іріктеу, олардың шығармаларын сұрыптау, аудару жұмыстарына ат салысты. Аталған журналдың Д.Мәсімханұлының «Қытай әдебиеті: қыры мен сыры» деген көлемді алғысөзімен жарық көрген сол саны (2010. №2) қалың қазақ оқырмандарының жоғары бағасына ие болды. Осылайша Қазақ елінде Қытай әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға, Қазақ-қытай елдері рухани қарым-қатынасын дамытуға қосқан елеулі еңбегі үшін Д.Мәсімханұлына 2012 жылы Шаңхай ынтымақтастық ұйымының «Жібек жолы: гуманитарлық ынтымақтастық» сыйлығы берілді.


«Ақын болу еркіңде, азамат болу борышың». Бұл ұстаным бүгінгі қазақ интеллигенциясына тіпті де керек. Өйткені біз шаңырағын жаңа көтеріп, уығын енді шаншып жатқан елміз. Бар мәселеде мемлекетке ауыз ашу, боларды да, болмасты да саясатқа сайдыру берекелі елдің тірлігі емес. Осы тұрғыдан келгенде Д.Мәсімханұлы бас болып, ат салысып жүрген қоғамдық жұмыстар да жұртқа үлгі боларлық. Ол өзінің жоғарыдағыдай қауырт шығармашылық жұмыстарына қарамастан, ел өміріндегі елеулі оқиғаларға белсене атсалысып келеді. Әсіресе ол «ата жұртқа жетттім. Өз жағдайым жаман емес. Өзгелер гүл болмаса бүл болсын» демей, тарихи Отанына дүниенің түкпір-түкпірінен келіп жатқан ағайын-бауырластардың аяғынан жылдам тұрып, тез қатарға қосылып кетуі үшін ылғи да жан ұшырып еңбек етуде. Атап айтқанда Д.Мәсімханұлы елге оралған күннен бастап қолданыстағы көші-қон заңының қабылдануы, ағайындарың азаматтық алуы, зейнетақысы, балаларының білім алуы, квотаның саны мен оны берудің тәртіптері, жергілікті бюрократ-шенеуниктерден жәбір-жапа көрген ағайындардың хақ-құқы т.б. толып жатқан мәселелер бойынша салалық Министрден бастап, Мемлекеттік хатшы, Парламант мінбері, тіпті Елбасының қабылдауына дейін барды. Оның осындай ұлтжандылығы мен іскерлігін, оралман ағайындар арасындағы құрмет-беделін ескерсе керек, 2003 жылы Елбасы өз жарлығымен Д.Мәсімханұлын «ҚР Президенті жанындағы ұлттық кеңестің» мүшесі етіп тағайындады. Аталған Кеңесте ол оралмандар мен көші-қон мәселесі бойынша қоғамдық өкіл болып есептеледі. 2010 жылдан бері республикалық «Көші-қон мәселелері және отандастармен байланыстар жөніндегі қоғамдық кеңестің» мүшесі. Ал Астана қаласы мен оның маңайында тұратын оралман ағайындар 2004 жылы «Атажұрт» деп аталатын қоғамдық бірлестік құрып, оған бірауыздан Д.Мәсімханұлын төраға етіп сайлады. Ол басқаратын «Атажұрт» қоғамдық бірлестігі де шеттен келген ағайындардың сан алуан мәселесі бойынша жемісті жұмыс істеп келеді.


Атамыз қазақта «Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты бір басқа. Жігітте де жігіт бар, Азаматы бір басқа», - деген аталы ұғым бар. Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ «Отаным!» деп алып-ұшып елге жеткен, ата жұртына оралған 20 жылдан бері еліміздің рухани түлеуі мен дамуы жолында жан аямай еңбек етіп келе жатқан Д.Мәсімханұлы халқымыздың ұғымындағы «Азамат» деген атқа әбден лайық деп ойлаймын. Дүкен бауырыма алдағы уақытта да ерен еңбегіңмен еліңді қуанта бер демекпін.


Сейіт Қасқабасов

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.

ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Бөлісу:

Көп оқылғандар