Дүкен Мәсімханұлы: Отан құшағында өткен 20 жыл...
Бөлісу:
- Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы көшті бастаған және елге оралғаннан кейін де көші-қон, оралман мәселесімен қоян қолтық араласқан азамат ретінде егемендіктен кейінгі көші-қонның басталуы мен ондағы Елбасының алатын орнына тоқталсаңыз?
- Шетелдегі қандастарды тарихи отанына оралту, оларды қоныстандыру саясаты тікелей Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен, ынтасымен болған шаруа. О баста Кеңес Одағы ыдырауға бет алып, қалтылдап тұрған кезде-ақ 1990-1991 жылдары Елбасы өзі тікелей Мәскеудің рұқсатын алып, «Еңбек шарты» деген сылтаумен Моңғолиядан 10 мыңдаған ағайындарымызды көшіріп әкелді. Ал, 1991 жылы қыркүйек айында Түркияға сапарлай барып, ондағы қазақтармен кездесіп, хал-жағдайын білісті. Елбасы келді дегенді естіген Еуропа елдеріндегі қазақтар да сол жолы Түркияға арнайы келіп Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесіп, Елбасымен мұң-мұқтажын бөліседі. Сонда сөз болған маңызды тақырыптың бірі, Ауғанстандағы соғысқа байланысты босқын атанып Иранда, Түркияда, Сауд Арабиясында азып-тозып жүрген ағайындарды елге көшіріп мәселесі болды. Көп кешікпей Елбасымыз жіберген арнайы ұшақ сол қандастарымызды атажұртына алып келді. Қазіргі кезде олар Оңтүстік Қазақстанның бір неше аудандарына өсіп-өніп, тіршілік етіп жатыр.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік жариялаған кейінгі 15-ші күні, яғни 1991 жылы 31 желтоқсанда Елбасымыз жаңа жылды қарсы алу құттықтауын, азат ел атанғаннан кейінгі тұңғыш ыстық ықыласын шетелдегі қандастарына арнады. Сол жолы айтылған жалынды лебіз сөз күйінше қалған жоқ. 1992 жылы қыркүйек айында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы сол кездегі астанамыз Алматыда дүркіреп өтті. Оны өткізу де, ұйымдастыру да Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатты. Сол құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды. Ол қауымдастықтың мақсаты келген ағайындарды қарсы алу, орналастыру, шетте тұрып жатқан ағайындарға рухани, материалдық көмек беру болатын. Құрылтайда әр елден келген қазақтар Елбасын бір ауыздан осы қоғамның төрағасы етіп сайлады. Оған қуана-қуана келісім берген Елбасы қоғамдық ұйым болса да, қазірге дейін қауымдастықтың төрағалығы міндетін атқарып келе жатыр. Осы құрылтайдан кейін Елбасы көп өтпей Иранға сапарлай барды. Бұл реткі сапарында да Ирандағы қазақтармен кездесіп, жастардың парсыланып бара жатқанын көреді. Қайтып келісімен Ирандағы қазақтарды қотара көшіріп алды. Келгісі келмеген санаулы қазақтар сонда өмір сүріп жатыр. Осылайша Елбасы шеттегі қазақты көшіруді тәуелсіз ел құрудың қиындығымен қатар жүзеге асырды. Зейнетақы тарата алмай, жалақы төлей алмай отырған 1990 жылдардың басында шеттен келген ағайындарды жаппай тегін баспанамен қамтамасыз етті.
Көп өтпей Көші-қон заңы қабылданды. Шала тұстары, жетіспей жатқан жақтары бар шығар. Бірақ, сол Елбасының тікелей тапсырмасымен жасалып, бекітілген заң жиырма жыл бойы 1 миллионнан астам қандастарымыздың атажұртқа оралуына септігін тигізді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан сырт, Көші-қон комитеті, кейде агенттік болып та жұмыс істеді. Көші-қонмен айналысатын мемлекеттік құзырлы мекемелер республиканың түкпір-түкпірінде құрылды.
Бүгінге дейін Дүниежүзі қазақтарының төрт құрылтайы өтті. Оның төртеуіне де қатысқан Елбасы келген ағайындарға ыстық ықыласы мен бауырмалдығын аяп қалған жоқ. Келген делегаттармен бірге шетелдегі ағайындарға қолдау көрсетудің жобаларын талқылады. Сөйтіп күні бүгінге дейін шеттен 1 миллион қазақ келді десек, осының барлығы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей өзінің жеке, азаматтық позициясының арқасында жүзеге асты деуге толық негіз бар.
Себебі, кез келген мемлекеттің бірінші басшысының «ел іші тыныштығын сақтау, халықаралық қауымдастықта өз елінің беделін көтеру, ұлттық қауіпсіздік, бейбітшілігін қорғау, өзге мемлекеттермен тату-тәтті өмір сүру, елдің экономикасын көтеру...» сияқты толып жатқан конституциялық міндеттері болады. Осы міндеттерге жатпайтын, біздің Елбасымыздың атын алтын әріппен жазып қалдырарлықтай мынадай үш ұлы еңбегі бар: 1. Қазақ елінің астанасын Алматыдан Арқа төсіне көшіруі; 2. Көршілерімізбен келіссөздер нәтижесінде, ешқандай ырың-жырыңға бармай шекарамызды шегендеп алуы. Яғни келесі ұрпаққа ешқандай жер дауы қалған жоқ. Бұны тіпті тарихи ұлы жеңіс деуге болады; 3. Тәуелсіз ел құрудың қиындығымен бірге, шетелдерден 1 миллионнан астам қазақ баласын тарихи отанына оралтып, ортамызды толтыруы.
- Басқасын айтпағанда, Елбасымыздың сіз айтқан соңғы ерлігінің арқасында Қазақ еліне адам байлығымен қоса үлкен қазына да келіп жетті ғой…
- Дұрыс айтасың! Былай қарағанда, бір миллион қазақ келді деп санын ғана айтамыз. Осы бір миллион қазақтың ішінде кімдер жоқ?! Қарапайым малшы, егіншіден бастап ғалымдар, ұстаздар, әдебиетшілер, басқа да өнер майталмандары, мыңдаған бизнес өкілдері келіп ел руханияты мен экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда. Шетелден қанша жыл оқытсаң да сол деңгейде білім алып келе алмайтын мамандар келіп жатыр. Солардың барлығы қазір еліміздің әр саласында егемендікті орнықтыру, елді дамыту мақсатында терін төгіп жүр. Оның сыртында 1 миллион қазақпен бірге шеттегі қазақтың бүгінгі күнге дейін қаймағы бұзылмаған руханияты келді. Қытай қазағының өзінен ғана айтатын болсақ, ондаған том қазақ ертегілері, жиырма-отыз том қазақ қиссалары жетті. Оған Ақыт қажы Үлімжіұлы, Әсет Найманбаев, Көдек Маралбайұлы, Таңжарық Жолдыұлының мұраларын қосыңыз. Классик жазушы Қажықұмар Шабданұлының 6 томдығы жарық көрді. Әдебиеттің төңірегінде еңбектеніп келе жатқан 100-деген ақын, жазушы оралды. Оған тағы әншілерді, бишілерді, күйшілерді қосыңыз. Әр елден осылай руханият келіп қосылғанда қазақтың бүгінгі рухани деңгейінің қаншалықты байып жатқанын, соған қандастарымыздың қаншалықты үлесі бар екендігін пайымдау қиын емес. Демек, қай кезде де мейлі шеттен келген ағайын болсын немесе Қазақстандағы зиялы қауым мен әр деңгейдегі шенеуниктер болсын, біздің елдегі көші-қон, демография саласының, шеттегі бауырларды елге оралту саясатының басында Елбасымыз тұрғанын естен шығармауымыз керек.
- Көші-қон мәселесіне бас кезінде білек сыбана кіріскеніңізбен соңғы уақыттарда осы мәселе төңірегінде сөз болғанда өзіңізді байқамай қалып жүрміз?
- Шынымен де, мен соңғы бес-алты жылдың жүзінде таза шығармашылықпен, ұстаздықпен айналысып, тыныш жатқан жайым бар. Бұған бола кейбіреулер мені көші-қонмен, ағайындардың мәселесімен айналыспайтын адам сияқты көреді. Бұндай пікірмен келіспеймін. Мен 1993 жылы наурыз айында атажұртқа біржола келдім. Яғни, тәуелсіздіктен кейін Қытайдан көшіп келген бірінші қазақпын. Сол алғаш келген күннен бастап көші-қонның сан түрлі мәселесі алдымыздан шықты. Тіркелуден бастап, азаматтық алу, қоныстану, туыс-туғандарды шақыру жұмыстарының бәріне тыңнан түрен салуға тура келді. «Түрен салайық, жаңалық ашайық» деген мақсатпен емес, қажеттілік солай болды. Шетелдікті жай әшейін уақытша тіркеудің өзін қалай жүргізетінін, бұрын Мәскеудің аузына қарап үйренген біздің ішкі істер органдары біле бермейтін болып шықты. Мысалы, мен ең алғаш келген кезде бір білгіш КазҰУ-дың Халықаралық байланыстар басқармасына барып тіркелуім керек екенін айтты. Олар мені Алматы қалалық виза және тіркеу басқармасына жіберді. Ол жерде отырғандар мені ана есікке, мына терезеге сілтеп, ақыр аяғында «өзіңіз тұрған ауданға барасыз» дегенді айтты. Өзім тұрған ауданыма барсам, ондағылар «ҚазҰУ өзі тіркейді» дейді. Сөйтіп жай ғана уақытша тіркеу үшін сандалып бір айдай жүргенім бар. Қысқасы шетелден келген адамды кім, қайда тіркеу керек екенін ешкім білмейтін болып шықты. Мен келе салып азаматтық алуға өтініш бердім. Өтінішім 3 жылдан соң ғана орындалып, 1996 жылы ғана Қазақстанның азаматы болдым. Мәселе бұл жерде, менің құжатымды ұзақ қарады деген ұғым тумауы керек. Азаматтық берудің өзінде тәртібі, жолы, тәжірибесі жоқ болғандықтан солай ұзаққа созылды. Жоғарыда айтқанымдай Елбасымыз тәуелсіздік ала салып шеттегі қазақты топырлатып шақырып жатқанымен, біздің елдің құқық қорғау саласы оларды қабылдау, құжаттарын ыңғайлау жұмыстарына дайын болмай шықты. Тәжірибе жоқ, үлгі жоқ. Сонымен, статусымыз жөнінен шетел азаматы бола тұрсақ та, аталған мәселенің бәріне өзіміз тікелей араласа жүріп, соныдан жол салуға тура келді. Сол кезде Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының виза және тіркеу қызметі, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы құдайдың құтты күні біздерді шақырып алып, «Мына мәселені қалай шешеміз? Қытайдағы тәжірибе қандай? Басқа елдерде тәжірибе қандай?» деген сауалдар төңірегінде талқы, жиналыс өткізетін.
Мысалы, менімен қарайлас мезгілде Қытайдан қатар өтіп Қырғызстанға келген Апу деген қырғыз жігіті болды, мамандығы дәрігер еді. Оның Қырғыз елінің азаматтығын алғанына бес-ақ жыл болды. Ол да Қырғызстан тәуелсіздік алғанда қол-аяғы жерге тимей, ұшып-қонып келген болатын. Бірақ, Қырғызстанда біздегідей көші-қон заңы болған жоқ. Сөйтіп «Елім!»деп келген жалғыз қырғызға 15 жыл дегенде әрең азаматтық беріпті. Соның өзінде ана жақтағы әйелімен ажырасып, Қырғызстанның жергілікті қызымен үйленіп жүріп, азаматтықты зорға алыпты. Осыған қарап, біздің елімізде тәуелсіздіктен бері көші-қон саласында істелген істердің ұшан-теңіз екенін бағамдауға болатын сияқты.
- Көші-қон заңын дайындауға атсалысқан азаматтардың қатарында өзіңіз де бар деп естиміз…
- 1996 жылы Елбасы тарапынан құзырлы орындарға «Халықтың көші-қон заңын қабылдау» тапсырмасы берілгені белгілі болды. Ал құзырлы мекенің (сол кездегі Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) тізгіні Наталья Коржова ханымның қолында болатын. Былайғы өзге мекеме, қоғамдық ұйым немесе жеке тұлға Парламентке заң ұсына алмайды. Ал жеке тұлға Парламентке заң жобасын ұсыну үшін, ол Парламент депутаты болу керек екен. Қазір Президент әкімшілігінде жауапты қызмет атқаратын Әкім Ысқақ деген бауырымыз ол кезде депутат еді. Сол кездегі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Найманбаевтың басшылығымен дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген он шақты адамнан ынталы топ құрылып, халықтың көші-қон заңының жобасы қауымдастық қабырғасында дайындалды. Осы заң жобасы кейін Ә.Ысқақ мырзаның атынан Парламентке ұсынылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі өздерінің жобасын ұсынды. Сөйтіп, Парламенттегі «елім, халқым» деген азаматтардың арқасында Әкім Ысқақтың атынан ұсынылған, біздер дайындаған сол заң қабылданды. Егер, алда-жалда сол кезде Н.Коржова дайындаған заң өтіп кеткенде, қазір кейбіреулер «оралман» деген атау ұнамайды» деп жүр ғой, соның өзіне зар болып қалар едік. Өйткені Н.Коржованың дайындаған заң жобасында шеттен келген қазақтарды тек босқын ретінде, яғни көшеде қаңғып жүрген тәжік, цыгандармен мәртебеміз бірдей етіп барып, қабылдамақ екен. Кейін оны өзгерте алар ма едік, өзгерте алмас па едік. Ол да бір үлкен әңгіме.
- Елбасының қабылдауында да болдыңыз. Сол кезде көші-қон мәселесі жайлы ұсыныстар айта алдыңыз ба?
- 2001 жылдың шілде айында Елбасының арнайы қабылдауында болдым. Ол кісінің қабылдауына барғанда мен бірнеше ұсыныспен бардым. Соның біреуі осы көші-қон мәселесі болатын. 2001 жылға дейін жыл сайын шетелден көшіп келуші 500 отбасына ғана квота берілетін. Мен осы мәселені айттым. «Қазір жыл сайынғы көші-қон квотасы 500 отбасымен шектелуде, бұл тым аздық етеді. Шетелде әлі 5 миллиондай қазақ бар, осы қарқынмен ол қанша жылға созылады? Қазір Құдайға шүкір, Қазақстанның әл-ауқаты жаман емес. 90-шы жылдардың басымен салыстырғанда жағдайымыз көп жақсарып қалды. Сондықтан көші-қон квотасының санын да көбейтуге болмас па?» деген өтінішімді айтып, ұсыныстарымды қағаз жүзінде де бердім. Содан 2002 жылдан бастап жыл сайын 5000 отбасына квота беріле бастады. Сол жылы мен қызмет бабымен Астанаға ауыстым. 2003 жылдың күзінде Елбасы жарлығымен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңеске оралмандардың өкілі ретінде әрі көші-қон мәселесі бойынша мүше болып қабылдадым. Күні бүгінге дейін сол Ұлттық кеңестің мүшесімін. Шеттегі отандастармен байланыс және көші-қон мәселелері бойынша консультативтік кеңес деген қоғамдық кеңестің де мүшесімін. Онда да осы көші-қонға қатысты отырыстар жиі болып тұрады.
- Білуімше, «Атажұрт» атты қоғамдық бірлестікті де басқарасыз?
- «Атажұрт» деп аталатын қоғамдық бірлестіктің төрағасы етіп 2004 жылы осы Астана қаласы мен оның маңында тұратын оралман ағайындар сайлаған болатын. Сол бірлестік арқылы күні бүгінге дейін шеттен келген ағайындардың балаларының оқуға түсуіне, грантқа ауысуына, шәкіртақы алуына, Астана маңайында тұратын ақсақалды аталарымыз бен ақ самайлы аналарымыздың зейнетақы алуына, ҚР азаматтығына өтуіне, тұрақты тіркеуіне тағы да басқа мәселелеріне өзіміздің көмегімізді жасап келе жатырмыз.
Астананың маңында Қоянды деген жер бар. Ол жер о баста тек қана Моңғолиядан кезінде еңбек шартымен келген ағайындардың қоныстануы үшін шешілген жер болатын. Өйткені кезінде «еңбек шарты» деген желеумен елге оралған моңғолиялық ағайындарға «жекешелендіру» науқаны кезінде баспана, егістік, жайылымдық жерді қойып, тышқақ лақ та тимеді. Себебі олардың бәрі ол кезде Моңғолия азаматы болатын. Сол ағайындар үшін Қоянды ауылынан санаулы отбасыға жер телімі берілді. Алайда біз «Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің атынан Парламентке, Үкіметке, Ақмола облысы мен Астана қаласының әкімдеріне, шетелден келген аз ғана ағайынды “аннан келген-мыннан келген” деп бөліп жармай-ақ, Қояндыдан Астана қаласы мен оның төңірегінде тұратын, баспанасыз ағайындардың барлығына жеткілікті жер телімі берілсе деп хат жаздық, біраз мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қолын жинадық. Әсіресе бұл шаруада, иманды болғыр Ақселеу Сейдімбек ағам ерекше белсенділік танытып еді. Соның арқасында Қоянды ауылынан дүниенің барлық елінен келген, Астана мен оның маңында тұратын баспанасыз ағайындарға алғашқы кезекте 800 отбасы үшін жер телімі бөлінді. Қазір аталған ауылда шеттен келген ағайындардан мың шақты түтін өмір сүріп жатыр.
Тіпті сонау 90-шы жылдардың басында ҚазҰУ-де ұстаздықпен айналыса жүріп, «Түркістан» газетінің сол кездегі бас редакторы Қ.Мұхаммеджанов ақсақалдың қолдауымен аталған газеттің жанынан «Қоныс» деген қосымша шығарған болатынбыз. Қосымшаның бас редакторы марқұм Айтан Нүсіпханов ағамыз болды да, жалғыз әдеби қызметкері – мен болдым. Сол кезде де оралман, көші-қон мәселесіне қатысты қаншама өзекті мәселелер көтердік, қаншалаған лауазымды тұлғалармен сұхбаттар ұйымдастырдым. Міне, биыл менің елге оралғаныма 20 жылдан асып бара жатыр. Қарап отырсам, осы 20 жылдың ішінде көші-қон мәселесіне қатыссыз бірде-бір күнім өтпепті.
- Соңғы кездері көш тоқтады деп ұрандатушылардың қатары көбейіп кетті. Сіздіңше көштің саябырлауына не себеп болды?
- Ол рас, қазақ көші саябырлап қалды. Әрине, ағайындардың жанайқайын түсінуге болады. Қалай болғанда да қазақ көші тоқтамауы тиіс. Шетелдерде өмір сүріп жатқан біздің ағайындардың Отанына ораламын дегендері емін-еркін келу керек. Ал мен жеке өз басым, көші-қонның сұйылуының бірден-бір себебі – біздегі қолданыстағы «Халықтың көші-қон туралы заңының» функциясының сарқылғандығында деп білемін. Яғни ол заң шеттен келген ағайынның тек көшуін, қонуын ғана реттейтін құжат. Ал көшіп келген ағайынның көштен өзге тірлігі жоқ па? Көшіп келудің алдындағы шақырту алдыру, виза алу мәселесі, келгеннен кейінгі тіркелу, азаматтық, зейнетақы мәселесі, қарапайым шаруаны егістік жермен, малшыны жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесі; Егер ол зиялы қауым өкілі болып қалалы жерге келетін болса оны жұмыспен қамту жағы бар. Отанға оралған ағайындардың балаларының оқуы, медициналық сақтандыру, әскер жасындағы жастардың Отан алдындағы міндетін өтеуі, келген еліндегі еңбек өтілінің есептелуі т.с.с. сан мың мәселе «көші-қон» ұғымының да, заңының да аясына сия бермейді. Сондықтан қазір мен ҚХР-ның «Қытай диаспорасы туралы заңының» тәжірибесі бойынша заң дайындап жатырмын. Оны қазірше шартты түрде «Бауырластар туралы заң» деп атауға болады. Осындай атаулы, салалық заң қабылданғанда ғана, шетелде тұрып жатқан 5 миллион қазақ баласының статусы айқындалып, олардың Атажұртқа жай қыдырып келіп-кетуінен тартып, оқу, жұмыс бабымен келуін, көшіп келген ағайындардың жоғарыда айтылған сан мың мәселесін ың-шыңсыз реттеуге болады.
Көштің тоқырауына екінші себеп болған нәрсе – еліміздегі сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық жер жүзіндегі періштелер емес, кеңірдегі тесік пенделер өмір сүретін барлық елде бар. Бір елдің ішінде барлық салада бар. Сондықтан тек қана «оралмандар оңбаған екен, сыбайлас жемқорлық осы тарапта ауыр екен» деп кіналауға болмайды. Түптеп келгенде оны тек қана оралмандар жасап отырған жоқ. Мемлекет бөлген ақшаны кім басқарады? Көші-қонның басы-қасында отырғандар басқарады. Олар кіммен сыбайласады? Әрине олар оралманның ішіндегі жылпостар, алаяқтар арқылы мақсаттарын жүзеге асырады. Сөйтіп, олардың арасынан көптеген делдалдар шықты. Нақтылап айтқанда, олар сыбайлас жемқорлықтың сыбайластары. Бұл жерде «Бейсенбайдың қатысы бар, Сәрсенбайдың қатысы жоқ» деп атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Бұл жемқорлықтың ушыққаны соншалық, кейбір ағайындар шетелде тұрып жатып, осында көшіп келмей-ақ он шақты рет квота алған. Ол адам сол ақшаның бәрін өзі алды ма? Одан ортадағы делдал, квота беруші құр қол қалды ма? Оның барлығы түсінікті жағдай.
Үшінші себебі, жалпы әлемдік қауымдастықтың барлық мүшесі мойнына бұршақ салып, жаппай, бір жүрек, бір тілекпен «Қазақ елі көгеріп-көктесін, бақуатты елге айналсын, Қазақия мәңгілік болсын» деп тілеп отыр десек қатты қателесеміз. Демек, тілеулес достарымыз да бар, мысықтілеулі дұшпандарымыз да жоқ емес. Сондай қызылкөз дұспандарымызға қазақ елінің амандығы, күшейгені, елдегі қазақ халқының жан саны артып, шын мәніндегі қазақ еліне айналғаны, тәуелсіздігін бекемдей бастағаны ұнаған жоқ. Сондықтан олар шеттен ағылып келіп жатқан қазақ көшінің жолын кесуге жанын, барын салып бақты. Бұл ретте олар әуелгі кезекте Елбасының төңірегінде жүрген, биліктің биік бұтақтарында отырған ұлттық сана-сезімі таяздау, космополит «новый қазақтарды» пайдаланды. Атап айтқанда қазақ көшіне қазақтың өзін қарсы қойды. Соның нәтижесінде «Оралмандар – Қазақ еліндегі орнықсыздықты тудырушы басты фактор» болып шықты.
Төртінші себебі, біздің шеттен келген ағайындар отанға келгеннен кейін өзінің жанын бағып, тіршілігін істеп, қолынан келгенінше осы елдің дамуына, болашағына үлес қосып, бала-шағасын өсіріп бай-бақытты өмір кешкені дұрыс еді. Әрине біз демократиялы ел болған соң әркімнің немен айналысуы, не айтуы өз құқы дейміз. Дегенмен, демократияның да шегі, реті, қисыны бар. Қолым бар екен деп көрінгенді ұра бермейтінің сияқты, аузым бар екен деп, ауызға келгенді сөйлей беруге де болмайды. Біраз оралман ағайындар қазір оппозицияның ішінде жүр. Көрінген жерде айғайлап, ол жер, бұл жерде мақала жариялап, сұхбат беріп Елбасының жеке басына тисіп, әртүрлі жағымсыз пікірлер айтып жүрген ағайындар да жоқ емес. Осының барлығы қазақ көшін алғаш өзі бастаған, әлі де сол сарабдал саясатын жалғастырып келе жатқан Елбасының құлағына жеткен болуы мүмкін. Міне, кезінде өзі Назарбаевтың көші-қон саясатының арқасында Отанға оралған, бүгінгі күні оппозицияның тиірменіне су құйып жүрген жігіттердің тірлігі жоғары жаққа аса ұнай қойған жоқ деп ойлаймын. Сонымен, менің ойымша биліктің көші-қонға деген көңілі қалды. Әр нәрсені, әр мәселені айтатын өз адамы болады. Әр мәселені реттейтін өзінің кезі болады. Мен Моңғолиядан, Ираннан, Ресейден келгендердің өз елінде кімнің кім болғанын білмеймін. Бірақ Қытайдан келген өз жерлестерімнің ол елде кім болғанын бес саусағымдай білемін. Анау алыс ауылдағы бір мектептен келген, әрі кеткенде аудандық, аймақтық қатардағы мекемеден келген, орта мектептік сауаты иә бар, иә жоқ, өзінің ауылының әкіміне, мекемесінің басшысына кіре алмай жүрген біреулер мұнда келіп «қоғам қайраткері», «үлкен саясаткер» болғысы келеді. Аузын ашып қалса болды, айтатыны «Ақорда, Назарбаев...». Демократия екен деп, келсе-келмес мемлекеттің саясатына араласу, шамаға қарамай айға шабу деген өте ұят жағдай. Жүйесі, тәрбиесі, менталитеті бөлек өзге бір елден келіп, бұл елдің саясатымен айналысуды қойып, біздің ағайындар өз басын жөндеп алып жүрсе де үлкен олжа. «Аяз әліңді біл, Құмырысқа жолыңды біл» дегенді атам қазақ осындайда айтса керек. Қысқасы, Ел боламыз десек, мейлі ол шеттен келсін, мейлі жергілікті болсын, әркім өзінің тірлігімен айналысқаны дұрыс.
- «Бауырластар туралы заң» дайындап жатырмын деп қалдыңыз. Сіздіңше, Көші-қон туралы заңға өзгеріс керек пе?
- Иә, мен жоғарыда айтып өткенімдей бізге де тура Қытайдағыдай заң керек. «Оралман» немесе басқа деп айтудың керегі жоқ, «Ағайындар туралы заң» деген өте орынды деп есептеймін. Ол шетелдегі тұрып жатқан ағайындарға қандай статус пен жеңілдіктер беру керек және әр түрлі себептермен келушілер (жеке сапар, оқу, кәсіпкерлік т.б.) мен көшіп келіп, қоныстанушылардың жоғарыда мен айтқан мәселелерін заң қалай реттейді дегенге жауап болады.
Кез-келген ішкі істер бөлімінде, кез-келген мекеменің еңбек басқармасында сол «Ағайын туралы заң» жату керек. Сол арқылы толып жатқан мәселе өз-өзінен реттелетін болады.
Қазір мен дайындаған заңды заңгерлер қарап жатыр, одан соң тағы да халықаралық адам құқығы жөніндегі ұйымдардан кеңес аламын. Әлі де жетілдіретін, әлі де толықтыратын тұстары жоқ емес. Ең соңында заңды дайындағаным жайлы қатысты адамдарға және құзырлы мекемелерге хабар беремін. Бұл заң да әрине, Парламент депутаттары арқылы ұсынылатын болады.
Бұл заң жобасын дайындау – өмірдің, уақыттың өз талабынан туындап отыр. Яғни қолданыстағы «Халықтың көші-қон туралы заңы» бұл күнде көп мәселеге жауап бере алмай қалды. Мәселен, Моңғолиядан келген бір ағайын ол жақта 10 жылдай мемлекеттік қызметте істеп келіпті, ал сол жұмыс өтілі бұл жаққа келгенде есепке алынбай жатқанына налып отыр. Оның қолында еңбек кітапшасы бар. Осындайда «еңбек кітапшасын» бермейтін, бұрынғы кеңестік жүйеде жұмыс жасамайтын елдерден келген ағайындардың мәселесі тіпті де қиындай түседі. Бұндай мәселе қазіргі «Көші-қон заңында» қарастырылмаған. Қолданыстағы «көші-қон» заңында қамтылған ең үлкен мәселе ол – бер реткі жәрдемақы беру жағы ғана. Шынтуайтына келгенде, тіркеу жұмысы, азаматтық беру мәселесі де көші-қонның аясына сай келетін дүние емес. Демек көп мәселе құқықтық, құжатнамалық істерге қатысты болғандықтан Көші-қон комитетін өткен жолы Ішкі істер министрлігіне қосып жібергені содан.
Біз дайындап отырған заңның талабы бойынша шетелдегі ағайындарға қатысты толып жатқан жұмысты арқалай алатын жеке бір агенттік немесе комитет болуы керек. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын алып қарасақ, ол тек қана қоғамдық ұйым. Ол талап еткен мәселемен ешқандай бір шетел үкіметі санаспайды. Құзырлы орын болса сол елдің өзі деңгейлес қатысты органдарымен тікелей байланысқа шығып, кез-келген мәселені шешуде еш кедергіге ұшырамайды. Қысқасы, «көші-қоннан» бөлек, тек қана шетелдерде өмір сүріп жатқан ағайындарға арналған заң болмайынша мәселені кешенді де дұрыс шешу мүмкін емес.
Бұл жасалынып жатқан «Ағайын туралы заңда» барлығы қамтылатын болады. Мысалы, шетелден көшіп келген, туысшылай келген және басқа да мақсаттармен келген ағайындарға қандай жағдайлар жасалу керек, шетелде тұрып жатқан ағайындарға қандай көмектер мен қолдаулар қажет дегендер қамтылады. Аты-жөнін төлқұжатқа дұрыс жазғызу мәселесінің өзі былай қарасаңыз ұсақ-түйек мәселе сияқты көрінеді. Алайда сол кішігірім мәселеден туындайтын үлкен кедергілердің барын біреу білсе біреу білмейді. Жалпы бір адамның басына қанша мәселе қатысты болады, соның барлығын осы заңға қамтуға тырыстық. Күннің өтіп, қоғамның дамуымен қатар бұрынғы мәселелердің орнын жаңа проблемалар басып отырады. Яғни, ең алғашында тек қана көші-қон заңының арқасында 1 миллион қазақ шеттен көшіп келді. Мүмкіндіктерінше орналасты. Ал қазір көші-қон тығырыққа тірелді. Енді оны басқаша жаңғыртуымыз керек.
- Көші-қонға тұсау болған басқа да ұсақ себептердің бар екенін қозғап қалдыңыз…
- Бұны мен 1 жарым миллионнан астам қазағы бар Қытайдағы ағайындармен байланыстырғым келіп отыр. Қытайдағы жекелеген азаматтардың құрған форумдық сайттары Қазақстанның оппозициялық бағыттағы ақпарат құралдарының материалдарын төте жазуға ауыстырып жиі жариялап отырады. Оппозицияның оралмандарды қосып алуы да тегіннен тегін емес. Олар кейбір қиналып жүрген ағайындарды «біз билікке келетін болсақ, сендер бұлай қаңғымас едіңдер» деп сендіреді. Сөйтіп олар еріксіз оппозицияға ереді. Олардың пікірі шетелден елге жете алмай жатқан қазақтың жүрегіне төте жол тартады. Сөйтеді де Қазақ үкіметіне деген дұрыс емес көзқарас қалыптасады. Қазір «көші-қон тоқтап қалды» деп қаттырақ, тоқтаусыз айғайлап жүрген бір топ азамат бар. Кезінде «көші-қон» солардың үлкен «бизнесі» болды. Көші-қон арқылы олар қалтасын қампитты. Олар «көші-қон шақыртуын» жіберемін деп арғы бетте жатқан елді бір тонаса, қоныс аударып келгендерді «квота алып беремін» деп екі тонады. Осы мәселе бойынша ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде, оралмандардың «Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде бізге шағымданушылар өте көп болды. Менде алаяқтарға алданған ағайындардың арыз-шағымы тау болып үйіліп жатыр. Бір қызығы сол ағайындарды зарлатып кеткен алаяқтар қазір «көші-қонның» жанашыры болып, қатты «шырылдап» жүр. Бұндай күніне миллиондап жазылатын арыз-шағымдар жоғары жақты да қажытқан болуы әбден мүмкін.
- Дүкен аға, соңғы сұрақ: аңсаған Отаныңызға оралғаныңызға биыл тұп-тура 20 жыл болыпты. Еліңізге не бердім деп ойлайсыз?
- Бұл енді өте қиын сұрақ. Себебі қылымсып «түк бітірмедім» десең, былайғы жұрттың «сонда 20 жыл бойы тек ас ішіп, аяқ босатып жүрген бе?» деп ойлап қалуы ғажап емес. Ал азды-көпті істеген-тындырғаныңды «мен бүйттім» деп өзіңнің айтып отырғаның тағы ыңғайсыз. Дегенмен, сұрақ қойылған екен, оқырманды, журналисті сыйлап, жауап берген жөн болар.
Ақын ретінде бүгінге дейін «Жүрекке саяхат», «Семсер суы», «Көкпар», «Алтынның буы», «Алкүрең арман» қатарлы жеке жыр жинақтарым жарық көрді. Ал қытайтанушы, аудармашы, ұстаз ретінде, «Жыр-Жебе» (монография), «Сарап» (ғылыми зерттеу мақалалар жинағы), «Сөз – желкен» (монография), «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» (монография), «Жер шарының қызыл белдеуі» (аударма роман), «Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» (монография), «Қытай тілі фонетикасының негіздері» (оқулық), «Қытай филологиясына кіріспе» (оқулық), «Лу Шүн. Повесть және әңгімелер» (аударма), «Лу Шүн әлемі» (монография), «Лу Шүнтану дәрістері» (оқулық), «Әлем әдебиеті» (2010, №2. Әдеби журнал, қытай әдебиетіне бағышталған арнайы нөмір. Алғысөз авторы, аударып, құрастырушы), «Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай елінің рухани қарым-қатынасы» (ғылыми мақалалар жинағы) қатарлы ғылыми-зерттеу, оқулық және аударма еңбектеріміз жарық көрді.
1999 жылы «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, 2008 жылы «Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов және Лу Шүн шығармалары негізінде)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Аталған диссертацияның «салыстырмалы әдебиеттану» деген мамандық бойынша Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде қорғалған докторлық диссертация екенін еске сала кету артық емес. Әрине, Кеңестік идеологияның да кесірі бар, өзге де себептер бар, біздің әдебиетші-ғалымдарымыз тәуелсіздік алғанға дейін ұлы Мұхаңды (Әуезов) «орыс әдебиетінің шекпенінен шыққан, Гогольдің, Толстойдың, Чеховтың шәкірті» деуден аса алмады. Ал біз қазақтың ұлы қаламгерін миллиардтың ұлы жазушысымен салыстыра қарастыруға мүмкіндік алған болсақ, ол да әрине, азаттық арқасы.
Мақтанға сайса да, тағы бір айта кетер жағдай, Отан құшағына оралған жиырма жылдан астам уақыттан бері табан аудармай еліміз үшін аса қажетті мамандық болып есептелетін қытайтанушы және қытай тілі мамандарын даярлаумен айналысып келеміз. Жолдасым Айнұр екеуміздің алдымыздан дәріс алған жүздеген қытай тілінің мамандары бүгінде еліміздің ҚХР-дағы Елшілігі мен консулдықтарында, ҚР Сыртқы істер министрлігінде, Қорғаныс министрлігінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Президент әкімшілігінде, Үкімет аппаратында, «ҚазМұнайгаз» ҰК-да, «Қазақстан темір жолы» ҰК-да, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу орталықтарында жемісті еңбек етуде. Осындай-осындай азды-көпті төккен тердің жемісін оймен шолғанда, 20 жыл бойы қарап жүрмегеніңе тәубе дейсің.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Майгүл СҰЛТАН
«Түркістан» газеті. – 8 тамыз 2013ж.
№ 31-32 (993-994).
Бөлісу: