Серік бұрын ешкім жазбағанды жазып отыр...

Бөлісу:

14.05.2016 3340





(Серік Сағынтайдың бір әңгімесі жайында)


 

Қазіргі қазақ прозасын қарастырудың әдістемелік тағантасы Алаш мәдениетінің тарихы болуы керек. Бұрындары іні буынның шығармашылығына қатысты әдебиеттану ғылымында қалыптасып, тамырын тереңге жайған ескі тұрпайы-әлеуметтік әдіснамадан бас тарту дәуірінде түрлі қисындағы ой-пікірді әдебиеттанушы мен сыншылар тарапынан білдіріп келді. Енді ұлттық прозаға өз шығармашылық ерекшелігі мен өзіндік қаламгерлік стратегияларын ала келген кіші буын прозашыларын әдебиеттану ғылымындағы жаңашыл ізденістер аясында бағалаудың жолына түсіп отырмыз. Әзірше әдебиеттанушыларға қолайлысы құрылымшылдық (кейінқұрылымшылдық) және герменевтикалық(постмодерндік интерпретациялық) ой өрбіту болып қала береді. Бұл бағытта бұрын Алаш баласы ой айтпақ түгілі, оның бар-жоғын  ойына да алып көрмегендігін ашып айтуымыз керек. Бар – мәселе мәтінді сөйлету, автор ойын ғылыми қисынмен ғылыми орта мен проза оқырмандарына жеткізу.  Біз осыған дайынбыз ба!?

Қазақ прозасының жас сұңқарлары Қойшыбек Мүбәрак, Жандос Байділдә, Серік Сағынтай, Дархан Бейсенбекұлы, Қанат Әбілқайыр, Алмас Мырзахмет, Арман Әлменбеттердің шығармашылық аяқ алысы ұлт прозасының барша оқырмандарының көз алдында өтіп жатқан әдеби-рухани процесс.


Бізге бар қалғаны – Алаш мәдениетінің тарихындағы жаңа буынның қазақ әдеби процесіндегі шығармашылық ізденістерін тарихи-мәдени аңыста қарастырып шығуға талпыныс жасау. Тарихи-мәдени аңыста қарастырылған қазақ прозасының әдеби процесі белгілі бір әдеби құбылысты анықтауымызға көмектесіп қана қоймайды, сонымен бірге оның өзіне тән заңдылықтарын балшының құмалығындай алдымызға жайып салады.


Қазақ прозасының әдеби процесінде жастар тарапынан көрініс берген әдеби құбылысты аңғаруымыз аздық етеді. Біз оның, яғни, осы әдеби феноменнің бойында әлдебір жалпыалаши мәдени құбылыс пен заңдылықтардың көрініс беруін ұғынып, табиғаты мен шығу төркінін түсіндіріп беруіміз керек. Бұндай қадамға бару әдебиеттанушы үшін өте ауыр. Себебі бұл әдеби процесс енді орын алып жатыр, әрі ұлттық гуманитарлық ғылымда әдеби процеске қатысты мәдениеттанушылық талдау жасаудың әдістемесі мен әдіснамасы енді ғана қолға алынып отыр.


Біз сол себепті кеңестік-бодандық емес, алаштық-азат тарихнамалық негізде Серік Сағынтайдың “ГИТЛЕРЮГЕНД” гротеск-әңгімесі бойынша “әдебиет типі” мен “көркем-әдеби сана типі” ұғымдарын ғылыми орта мен проза оқырмандарына майлап өткізуге тырысамыз. Өйткені: сөз, мәтін, туынды, жанр, стиль, авторлық тәрізді феномендерден тұратын ұлттық әдебиеттің дамуы дегеніміз – бір сапалы белестен екіншісіне өтіп отыру.  Осы өтудің сипатын “әдебиет типі” мен “көркем-әдеби сана типі”таныта алады.


Жастар әдебиеті – азат әдебиет. Оларға ешкім жазғаны үшін ақша төленетін белгілі бір эстетикалық құндылықты, белгілі бір идеологиялық ұстанымды ресми билік өз тарапынан кеңестік дәуірдегідей таңып отырған жоқ.

Сондықтан ұлт мәдени өнеріндегі “әдебиет типі” де, “көркем-әдеби сана типі” де адам танымас өзгеріске түсті. Аға мен орта буынның оқырманы болсын, қаламгері болсын бұған көндігуі өте қиын. Көбіне жастардың жаңашылдығынан үрке қарайды. Оған себеп те жоқ емес. Алған тақырыптары мен туындыларына қойған атаулары адамды шошытады. Ең жұмсақтауы «Авторын іздеген кейіпкер» немесе одан да сорақысы “ГИТЛЕРЮГЕНД”. Бірінші әңгімеге христиандық үрдістегі «Құдайды іздеу» сюжет-мотиві исламдық аңыста арқау болса, келесі әңгімеде әлем қаламгерлері аяқтарын байқап басып, қаламдарын сақтықпен сүйкектейтін «фашизм» идеясы Алаштық дүниетаным аясында авторлық концепциямен оқырманға ұсынылады. Сонымен ұлт әдебиетінде інжілдің қараңғы зәндамы турасында немесе Иса мен Гитлер жас қаламгерлердің әдеби көзімен аңғарылып, санасымен пайымдалған тың тақырыптар өмірге келіп отыр.


Жастар прозасы өзін дейін әдебиет алыптары мен танымал прозашыларымыз игерген сюжет-мотивтер мен фактологиялық тақырыптарға тың ізденістен туған соны серпін әкеле бастады. Жақында қолыма жас прозашы Серік Сағынтайдың “ГИТЛЕРЮГЕНД” гротеск-әңгімесі түсті. Мұхтар Мағауин бір сұхбатында айтатын: “Мен «әдебиет төмендеп кетті» деп айта алмаймын. Әдебиет қайта жоғарылады” деген ойын осы әңгімені оқу барысында ұға алдым.


Қазақ әдебиетіндегі фактологиялық тақырыптың бірі – ІІ жаһан соғысы. Оны қазақ прозасы “әдебиет типі” бойынша екі жанрда игерді: деректі-мемуарлық және көркем әдеби. Осы туындалардың ішіндегі “көркем-әдеби сана типіндегі” шоқтығы биіктері: Тахауи Ахтановтың “Шырағың сөнбесін” роман диалогиясы мен  Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Ай мүйіз» (не “Жез мүйіз” қаламгердің “Айқай” кітабына енген) хикаяты болады. Енді осы қатарға әңгіме жанрында жаңа асқаралы әңгіме – прозашы Серік Сағынтайдың “ГИТЛЕРЮГЕНД” гротеск-әңгімесі – қосылып отыр. “Шырағың сөнбесін” соғысты әйелдің көзімен беруді психологиялық жақтан жан-жақты ашып берсе, Тынымбай Нұрмағанбетов соғысқа тек қазақ жауынгері мен қазақ аналары және шал-шауқан балаларының қатысып қоймағанын төрт түлік малдың да оның ызғарын сезіне білгенін «Ай мүйіз» хикаятында сиыр мен бұқаның көзімен беретін гипперреалистік жосықтағы  “әдебиет типі” мен “көркем-әдеби сана типін” өмірге әкелді. Бұл енді «Автор өлімін» тудырады. Осы «Автор өліміне» біз дайынбыз ба!? Қазақ прозасында жаңаның ескіні қан шығармай мәдени-әдеби өлтіруі мен қазақ әдебиеттануы мен әдеби сынында «мәңгіге өлгенді» «ғылыми әбілхаят» суын құйып тірілтуі орын алып жатыр. Қазақ үшін Гитлер де, Иса да басқа мәдениет типіне жататын өлі әдеби тұлғалар. Бірақ қазіргі Алаш прозасы үшін  Гитлер де, Иса да «рухани тіріліп», сюжет-мотивке айналып отыр. Бұл бағытта «авторы өлген» туындылар бар, «өлі туған» шығармалар бар. Бұрын этикалық табу салынған «әдеби тыйым» бұзылды. Бұрын әдеби тыйым салынған «сынауға болмайтын» тұлғалар  сынала бастады немесе өзінің тас-талқанын шығаратын Қобыланды мен Алпамысын күтуде.


ІНЖІЛДІҢ ҚАРАҢҒЫ ЗӘНДАМЫ ТУРАСЫНДА НЕМЕСЕ ИСА МЕН ГИТЛЕР ЖАС ҚАЛАМГЕРЛЕРДІҢ КӨЗІМЕН.... баяндалған сәтте «бұрынғы белдердің» бетіне шіркеу түсіп кетеді. Сонымен қазақ прозасына «Автор өлімі» келіп жетті...


Белгілі қаламгер Рахымжан Отарбаевтың Үмiтхан Алтаеваға берген «Батырымыз бар – басы жоқ, тайқазанымыз бар – қақпағы жоқ!» аты сұхбатынан кеңестік дәуірде 1982 жылы «Жалын» журналында «Киiктер» деген өлеңiне қатысты орын алған “Мәтін ішіндегі мәтін” мен қаламгер ойының шынайы терең тәпсірленіп, дұрыс интерпретациялануы шығармашылық адамына қандай зиян, қандай пайда әкелгенін айтады. Иә, нәтижесінде қазақ поэзиясы - керемет біртуар ақынынан айрылып, прозаның түрлі жанрында қиынынан қиыстырып қазақ сөзінің әрі мен асыл ойының нәрін кіргізген заңғар жазушыға ие болды.

Енді осы әдебиет тарихындағы ерекше кезеңнің бір қаламгерге қатысты қалай орын алғандығына кезек берейік.

Өлеңдi тастап, прозаға алаңсыз бет бұруыңызға не себеп?


– 1982 жылы «Жалын» журналында «Киiктер» деген өлеңiм жарияланды. «Тағыға әсте балама, Жанары қандай тұп-тұнық. ...Алдыңды туған далада, Кестiрмей жүрсең – мықтылық!» деген жолдары бар. Өлең шыға салысымен жағымпаздар «мына өлеңнiң саяси астары сұмдық!» деп жоғарыға хабар берiптi. ҚКП ОК хатшысы, идеология мәселесiне жауапты Саттар Имашев журналдың бас редакторы Тұманбай Молдағалиевтi шақырып «Мұның астарында «алдыңды орысқа кестiрме» деген ой жатыр. Ұлтшылдықтың иiсi аңқитын өлеңдi бастырып не қарап отырсыңдар? Саяси сауаттарың кем» деп тарпа бас салады. Тұмағаң түсiнiктеме жазып жүрiп басын шаққа арашалаған соң поэзия бөлiмiнiң меңгерушiсi Жұматай Жақыпбаевқа «Мына пәленi қайдан тапқансың? Жоқ жерден басымыз шатыла жаздады. Ендiгәрi жолатпа!» деп тапсырма берiптi. Өзiм құрметтейтiн екi ағамның амандығын ойлағандықтан өлеңдi тастауға тура келдi”.


Ендігі әдебиетке келген жастардың бақыты ойын жасқанбай айтатындығы. Сол жасқанбай айтудан Иса мен Гитлердің тұлғалары алаш дүниетанымымен безбенделе бастады.

Кеңестік дәуірдің бізге қалдырған мәдени мұрасынан арылу оңайға соққан жоқ... Енді апама жездем сайлықпен ұлыорыстық кемдемсоқ эстетикадан бос қалған өнер мен мәдениеттегі эстетикалық кеңістікті біз тіл табыса алмайтын лағынданған Батыс үрдісі, біз тіл табысқанмен Тәңір текті Түркілікпен келісе алмайтын Үнді-Еуропаланған Шығыс экспансиясы басты. Ал, мұсылман мен будда ілімі бұрынғы барын қанағат еткен, ешнәрсемен шатағы жоқ – тұйықталған “асарын асап, жасарын жасаған” мәдени әлем. Әрі ислам Шығысы Абай, Шәкәрім мен Мәшһүрлер шиырлап кеткен бізге айқын әлем.


Бар бәле лағынданған Батыс үрдісі мен Үнді-еуропаланған Шығыс экспансиясымен келіп жатыр. Сондағы біздің гуманитарлық ғылымға таңбақ болғандары Мишель Фуконың «Автор Өлімі» концепциясы. Осы концепцияны егер жас қаламгерлер ұстана қалса, бүтін Алаш әдебиетін бөлшектейін деп тұр.


Кеңестік дәуірдің бізге қалдырған мәдени мұрасынан арылу оңайға соққан жоқ... Енді мысқылдап ене бастаған лағынданған Батыс үрдісі мен Үнді-еуропаланған Шығыс экспансиясының қылтиып шыға бастаған арам шөбін ғылыми-философиялық отау ғана қалды.


«Автор өлімі» қазақта бұрыннан бар. Бірақ басқаша аталады: “Ғалымның аты өлсе де, хаты өлмейді” деп. Батыстың бір ғылыми иттігі – белгілі бір «ұғым-түсінік» төңірегінде том-том кітап жазып, интеллектуалды сананы лаңдау, Батыстың бір үйренетін игілігі – белгілі бір ұғым-түсінікті түрлі аяда қарастырып, барлық гуманитарлық ғылымдардың басын қосып шап-шағын көңілге қонымды өзге мәдениет өкілдерін ұйытатын ой айта білуі.


Бізге керегі осы соңғысы. Сонымен, француз жөйіті қазақтың “Ғалымның аты өлсе де, хаты өлмейді” деген мақалдық қолданысын ғылыми трактатқа айналдырып, шығармашылық процесс жүзеге асып біткен соң «Ғалымның аты да, хаты да өлді» «оны тірілтетін де, өлтіретін де скриптор» деген ғылыми оппозициялық концепциясын өмірге әкелді.


Бұған берер жауап біреу – хаттың өлімі мен тірі қалуы этностың дүниетанымына қатысты. Қазақ прозасында аты да, хаты да өлген тұлғалар бар, аты өлсе де, хаты өлмеген тұлғалар бар. Осы аты өлсе де хаты өлмеген тұлғалар турасында сөз еткенде біз ескеретін дүние бар: ол – осы хаттың сөз де, ойы да тірі ме? Әлде сөзі өліп, ойы тірі ме, әлде ойы өліп, сөзі тірі ме?


«Автор өлімі» әдеби процестегі ауқымды ұғым. Бізде ол тірілерге қатысты емес, келместің кемесіне мінген өлілерге қатысты болуы керек.

Сөз де, ойы да өлмеген әдеби тұлғалар: ойы тірі, сөзі өлген әдеби тұлғамен, ойы өліп, сөзі тірі әдеби тұлғамен қандай қарым-қатынаста болуы керек. Бұл даулы мәселе. Сондықтан мен бұдан бөлек ойы да, сөзі де өлген әдеби тұлғаны осыларға қосақтайтындардың көздегендері не деген сауалды ғана қойып, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырғым келеді...


«Автор өлімі» екінші жағынан қазіргі шығармашылық процестегі шартты ұғым.

Сонымен әдебиеттану ғылымы мен әдеби сын туынды мен оның авторын тірі кезінде де, көзі жұмылғаннан кейін де тыныш қалдырмайды. Өйткені, бәріне кінәлі «Автор өлімі» ұғым-түсінігі.


Бізде «Автор өлімі» жоқ, «Кеңестік эстетика өлімі» бар. Кімде-кім «Алаштық эстетика» аясында шығарма жазды ол – рухани ажалсыз пенде. Әдебиеттану осындай рухани ажалсыз пенделерді ауызға орнымен, жөнімен алғаны ләзім. Әйтпесе, өлгенді тірілтіп ғылыми мақала емес, қиял-ғажайып ертегі жазып кетеміз. Ал, тірілер тіршілігін етіп, қалам қайратын танытып, қазақ прозасының әңгіме жанрында постодернизм жанрын орнықтырып, өлмес даңқа ие болып үлгерді. Осы даңқты оларға қию мен қимау ғылыми-зиялы азаматтығымызға сын. Осы жолда біреу – дос, біреу – жау табады.


Поэзиядағы постмодерн талдауға оңай, ақындар қауымы түлкіге шарап ішкізіп, қасқырға темекі шеккізсе болды, міне постмодерн деп ұлттық малақайды аспанға атуға болады, ал, прозада таза постмодерндік туынды жоқ. Болмайтын да шығар деп жүргенімізде екі бірдей қаламгер жаңа әдеби ағымның жалына жабысуының куәсі болдық. Бірі – философиялық жақтан (Серік Сағынтай), екіншісі – интеллектуалдықтан жақтан (Сағадат Ордашева) қазақ постмодернизмін әзірше әңгіме жанрында өмірге әкелді.


Қазіргі қазақ әңгімесіне шығармашылықпен ат салысып жүрген жастардың туындыларының діңі жеке пікірге және қоғамдық пікірге құрылады. Немесе тіптен күрделеніп, жеке пікірдің қоғамдануы бар да, қоғамдық пікірдің жекеленуі бар. Мәдина Омарованың туындылары жеке пікір шығармашылық фон болған екеуара сұхбаттасуға құрылса, Серік Сағынтайдың  әңгімелерінде қоғамдық пікірдің жекеленуі де, жеке пікірдің қоғамдануы да бар.


Және наррациялану ұсақ тарих пен кесек тарихты баяндауға бағдар ұстайды. Ұлттық аяда сөз кесектейтін және ғаламдық аяда ой айшықтайтын суреткерлік кредолары жас прозашыларды бір-бірінен еректеп тұрады. Қазақи аяда наррациялауды Мәдина Омарова суреткерлік мұрат тұтса, Серік Сағынтай алаштық аяда наррияциялауды қаламгерлік концепция етіп ұстанады.


Жастар шығармашылығындағы біз аңдаған стильдік ерекшелік ұсақ тарихтың кесек тарихқа айналып наррациялануы мен кесек тарихтың ұсақ тарихқа айналып наррациялануы. "ГИТЛЕРЮГЕНД" бірде кесек тарихты ұсақ тарихқа айналдырып наррацияласа, енді бірде керісінше ұсақ тарихты кесек тарихқа айналып наррациялайды.


Прозада белгілі бір этнос ғана ұғынатын тақырып бар да, белгілі бір этностың таным-түсінігі аясында пайымдалатын адамзатқа ортақ тақырып бар. Егер «өз бен өзге» психо-логикалық оппозициясы қоғамдық ой дамуының белгілі бір кезеңіне қатысты сөз етілетін болса, онда оның екі кезеңі бар: бірі – кеңестік дәуірдегі «өз бен өзге» психо-логикалық оппозициясы қазақ үшін зиянды болды. Қызыл коммунистердің зымияндығы «өз бен өзге» психо-логикалық оппозициясының өңін айналдырып, «Халықтар достығы» деген тақырыпты ойлап тапты. Әрі басқаларды «орыс мәдениетін» дәріптеуге «өз ұлтын» масқаралауға идеялық жақтан құлданды.


Енді осы тақырып қазақтың пайдасына мәдени аясы кеңіп, ұлттық дүниетаным шеңберінде жас прозашылар тарапынан қайыра пайымдалып жатыр. Бұрынғы мәдени-рухани құндылықтар мансұқ етіледі. Бұл аға және орта буынның зиялы қауымы түгіл осы буынның өкілдері болып табылатын қаламгерлердің де шамына тиеді.


Сондай құндылық – бүкіл әлем ІІ жаһан соғысы деп танитын 1939 жылдың 1 қыркүйегінде басталып, 1945 жылдың 2 қыркүйегінде аяқталған адамзат трагедиясы. Ал, орыс әлемі осы бүтінді бөлшектеп, 1941-1945 жылдар аралығында орын алған неміс пен орыс трагедиясы деп санап “Ұлы Отан соғысы” атандырды. Бұл соғыстың өз жұртын зеңбірек жемі қылған екі диктатор Гитлер мен Сталин арасында болғандығын бәріміз білеміз. Бұл – Шығыс майдан. Ал, Батыс майданда болғандар – Шығыс майданға қатысты мүлдем өзгеше ойлайды. Осы өзгеше ойлау арқау болған туынды – Серік Сағынтайдың  "ГИТЛЕРЮГЕНД" гротеск-әңгімесі.


Әңгіме басталуы бабалар өткен тарихи жолды жаңа ұрпақ көзімен пайымдаудан тұрады:


“Кеш бата алау жаққан. Тоғайдан тал бұтап әкеп, қауқитып үйіп қойысты. «Бүгін 1940-жылдардағыдай өмір сүреміз» дескен достары. Бәрібір емес пе?! Қырқыншы жылдары не болғанын кім біледі? Соғыс жылдары ғой. Кім, не үшін, кіммен не үшін соғысқанын да білмейді бұл. Ештеңе есінде қалмапты. Баяғыда қазақ пен қалмақ соғысыпты, одан әріде парсылармен соғысқан. Сол соғысқандардың, бірақ қазақ, қазақ емес екені белгісіз... Ал, мыналар неміспен соғыстық дейді. Айдаладағы неміспен не үшін соғысқан, ей?! Сірә, сол соғыстан жеңілген сияқтымыз ғой. Әйтпесе, бавар сырасы мен «Мерседес», «BMW» машиналары қайдан келген бізге?!.”


Жастардың Ешкімі де біздің орта  буын сияқты “Ұлы Отан соғысы” деген қасиетті ұғымды қажет етіп отырған жоқ. Керісінше «өз бен өзге» психо-логикалық оппозициясы негіз болған: «Қырқыншы жылдары не болғанын кім біледі? Соғыс жылдары ғой. Кім, не үшін, кіммен не үшін соғысқанын да білмейді бұл. Ештеңе есінде қалмапты. Баяғыда қазақ пен қалмақ соғысыпты, одан әріде парсылармен соғысқан...» деген жаңа ұлттық жады милет санасына орнықты оны қуып шыға алмайсың. Сонымен әңгіме бір бүтін ұлттың «бодан және бостан» санасын қаққа жара білуімен құнды. Егер «бодан сананың» иегері болсаң өзгелер шайнап берген “Ұлы Отан соғысы” дегенге малданасың, егер де «бостан сананың» егесі болсаң - “ІІ жаһан соғысы” деген жалпы адамзаттық байлау жасайсың.


Автор бірден қай ұстанымда екеніңді ашып алуға мүмкіндік береді. Және жастардың “Ұлы Отан соғысын” да, “ІІ жаһан соғысын”керек етпейтін тобының түсінігін “...Сірә, сол соғыстан жеңілген сияқтымыз ғой. Әйтпесе, бавар сырасы мен «Мерседес», «BMW» машиналары қайдан келген бізге?!.” деген сөз айшығы арқылы білдіреді.


“Шала қазақ” ұғымын қазақ санасына хан иеміз Абылай енгізді. Жоңғардан босаған кең жерді иеленуде өзге ұлт пен ұлысты қазақтандыру процесін жолға қойды. Нәтижесінде татар, қырғыз, сарт, т.б. ұлттар белгілі бір қазақ руларының арасына сіңісті. Осы үрдістің жаңғыруы ІІ жаһан соғысында орын алып, қарашай-балқар, неміс тәрізді ұлттар қазақ атанды. Енді осы этнотермин жағымсыз мағынаға ие болып отыр.


Автор наррациясы өткенмен бүгінді жалғап, сол тарихи оқиғаны атаның жадымен, немеренің монологтық ой емеуірінімен береді.

“...Арманның арғы түбі неміс еді. Кәдімгі неміс. Соғыс қарсаңында Калининград түбінен бері қотарылған қалың тұтқынмен Арқаға келіпті бір атасы. Сталиннің салған лаңы ғой. Бұл жақтағы ұйысқан ұлыспен мидай араласып кеткен соң, айналасы сексен жылда құжатына қазақ деп жазылып та қалған. Олай болмасына лаж да жоқ тәрізді. Атасының әжесі сол қырқыншы жылдары неміске шыққан. Одан тараған ұрпақтың бәрі дерлік көзі тұз-жасыл зүмірет болғанымен, өңі де, тілі де қазақтыкі. Ал, тоқсаныншы жылдардағы алағайлы аласапыранда аудандағы паспорт үстелі адамның сойы, ұлты түгіл, жасын да ақы иесінің қолайына келтіріп жазып беретін. Сонау алпысыншы жылдары-ақ бұлардың әулетінен шыққан ұл-қызды «неміс», «фриц» деп кемсіту ұмыт болды. Атасы сөзге ділмәр еді, анау-мынау қазақты отырғызып кететін мақалдағанда. Бұған да жұққан сол қасиет.”


Тап осы тақырыпты кеңінен қозғап, соғыс кезіндегі қазақ аналары мен өзге ұлт балаларының тағдыры арқау болған классикалық туынды – Мұхтар Мағауиннің “Бір атаның балалары” хикаятынан кейін осы тақырыпқа аяқ басу қаламгерлік ерлік. Әрі Серік осы тақырыпқа хикаят арнаса әдеби-шығармашылық жақтан ұтылар еді де, Мұхтар Мағауиннің “Бір атаның балалары” хикаятының эпигондық «әдеби тоты туындысын» өмірге әкелер еді. Бірақ қаламгер – әңгіме-гротескі арқылы қиыннан қиыстырып жол тауып кеткен.


Және хикаятқа бергісіздікті “...Үзік-үзік елестер ғана келеді көз алдына.”, “...Үзік-үзік елестер ғана қалыпты сол дәуреннен.”, “...Үзік-үзік елестер көше берген көз алды бұлдырап. ”, “Үзік-үзік елестер отқа оранған құжатымен қоса көз алдынан, санасынан өше берген...”,  “...Үзік-үзік рэп-тақпақ кеш бата жағылған алау басында да қою түтінмен түнге ұмтылып тынған.”, “Қартайған шағында сонау батыстағы атамекенінен қалған үзік-үзік елестей естеліктер мен ғұмырлық сағынышының құрметіне бір немересінің есімін Мәриям деп атады...” және “Үзік-үзік елестер ғана кешегі болған соғысты еске түсіріп тұрған еді...” тәрізді фрагменттік үзік стилистикалық амал-тәсілі арқылы хикаятқа бергісіз әңгімедегі композициялық тұтастықты философиялық-авторлық һәм персонаждық-ой толғамдық шегіністік наррациялау көмегімен  сақтай білген. Соның арқасында туынды бойында ой мен сөз шашыраңқылағы жоқ. Қайта 1940 жылдан бастау алатын қазаққа сіңіскен бір әулеттің ғұмырнамасын қазақ елінде және әлемде орын алып жатқан саяси-қоғамдық оқиғалармен бірлікте алып, Алаш баласының жаһан тыныс-тіршілігіне қатысты өздік пайымдауын қаламгерлік концепция арқылы береді.


Біз тізбектеген үзіктілік (фрагментарлық) әңгімеге романдық кең құлаштылықты сіңіреді. Қазіргі қазақ әңгімесін бұрынғы қазақ әңгімесімен шатыстыруға болмайды. Ол шағын жанр шеңберінде тұйықталған канонданған прозалық шығарма болса, постмодернизмдік қазақ әңгімесі бұрынғыдай шағын жанр шеңберінде тұйықталмаған үзіктілік арқылы романдық кең құлаштылыққа ие хикаяттық наррацияланған жаңа жанрлық «әдебиет типін» ұлттық прозаға сыйлады.


Осы үзіктер әңгіме шырайын кірігізіп тұр. Әр наррацияда белгілі бір кезеңде қазақ пен әлемде орын алған оқиғаларға деген персонаждық көзқарастың авторлық бағалауы бар. Бір қуанарлығы Серіктің постмодерндік әңгімелері Батыстық әдеби лағындықтың соңынан желпілдеп еріп кетпейді, қайта Алаштық прозадағы ой мен сезім үзіктілігін сюжеттік-композициялық қолданылуының  қазақи жосығын танытады.


Ең бастысы ислам мен христиан әлемінің мәңгілік соңғысының лебі бар. Ол жасырын бірақ білініп тұрады. Әрі бар бәле қазаққа Батыстан келеді дейді жасырын наррация құлағымызға сыбырлап, хақ исламға қатысы жоқ мұсылман содырлары Батыстың сайқал саясатының бел баласы екендігін ұқтырады. Тек бұған қазақ баласы алданбаса болды дейді жасырын авторлық наррация.


Енді осыған кезек берейік:


“«Тозақ отынан құтылам десең, Аллаға серік қоспау керек!» деді


жүнсақал молда. «Қазақтың барлық ырым-жырымын, даурықпа дәстүрін ұмыту керек! Тарих деген жалған. Ата-бабаң ақылсыз болды екен деп, сен де ақымақ болуға қақың жоқ! Бейіт басына барып тәу етуді, жансыз тасқа табынуды мүлде қою керек! Мен өлгенде басыма «К-700» трактордың дөй доңғалағын қойсаңдар да жетеді!»


Жүнсақал уағызын өзіне риза рәуіште қарқылдай күліп тиянақтаған. Шолтима балақ кенеп шалбар киген бір топ шәкірт мүләйім жүзбен бас изесіп тұр. Орталарында әлгі Арман да бар. Бірер жыл брейк-данспен әуреленген, бірер жыл «КВН» қуып, сахна тоздырған.


Жанына дауа таппады ешбірінен.


Ақыры қатарластарымен Сириядағы алғы шебі белгісіз соғысқа аттанбақ болған. Дәл сол күні... Сол күні қапылыста немере ағасын іздеп, жертөлеге түспегенде, кім біледі, жиһадшылармен бірге қалың кәуірге қарсы майданға аттанып кетер ме еді?! Ендігі тірлігі – осы. Өкпесін ашыта ащы түтін толтырып ап, түтін сейіле жететін есуас кәйіпке елтіп кеткен.


Сол жылы көктемде немере ағасы жертөледе өртеніп қайтыс болған. Өзі ғана кетпей, бұлардың қарашаңырағын да отқа орап еді. Бұлардың әулеті еріксіз ауылға көшуге мәжбүр болды. Ал, ауылда... Ауылда ертелі-кеш көшенің май топырағын таптағаннан басқа тірлік жоқ еді.”


Автор егер реалистік туынды жазса, бас кейіпкері қазақ немісі Арманды Сириядағы соғысқа қатыстырып, оқырманын сендірер еді. Бірақ өзі ұстанған әдеби әдіс бас кейіпкерді қазақ «қоғамның басы артық» адамына айналдырып отыр. Бұл авторлық шешіммен біз қол қоя келісеміз.


Ал, автордың жастардың неге жат ағымға тез берілетіндігін «тобырлық мәдениеттен қашып» сектанттардың қарасын көбейтетіндігінен сюжеттік фрагменттік үзіктілік аңғартады әрі оны Гитлер кезіндегі жастар тәрбиесімен байланысты сюжеттік фрагменттік үзіктілікпен бірлікте алып, өз авторлық философиясын постмодерндік контрасты уақыттық-кеңістік (герман-алаш) пернелеуімен береді. Сол арқылы ата басында болған, немере басында бола жаздаған «рухани лағындық» трагедиясын  оқырманға ұсынуда әлемінің екі қиырында араға уақыт салып орын алған тарихи наррацияға ерік береді.


”...Бір аптадан кейін бұл ағасымен бірге Берлинде Опера театры алаңында тұрды. Қырық мыңға жуық өзі құралпы бозөкпе гу-гу етеді. Желкілдеген ту, жарқылдаған эполеттер. Дарылдап мотоциклеттер өтеді топ арасынан. Жүзшақты бала балық тұздайтын бөшкедей барабанды мойнына асып алып, жуан таяқтармен құлаштай соққылап дүңгірлетіп, айналаны сесті дүбірге толтырып жіберген. Кенет әлдеқайдан ұран тасталды. Тас табаны дүріл-гүрілмен дірілдеп кеткен үлкен алаңның ортасы айқара ашылып, бума-бума кітаптар тұс-тұстан лақтырыла бастады. Әп-сәтте кішігірім төбешік пайда болды. Әлдеқайдан қатқыл үнмен әлдекім айғайлайды: «Тап күресі мен материализмге мәңгі қарсымыз! Халықшылдық пен идеализм жасасын! Маркс пен Каутскийдің шимай-шатпақтары отқа орансын!!!» Гуілдеген тобыр қосыла жамырайды. Барабан үні ауыр зілді ырғаққа түсіп, мұның кеудесін керіп барады. Бір дүлей әкесінің шаң басқан том-том кітаптарын қос қолымен ұстап, мұның төсіне құлаштай ұрып, шеге қағып жатқандай алапат. Саңқ-саңқ еткен қатқыл ұран және қайталана берді. «Адам жанының мейірбандығы артсын! Азғын нәпсі жанымыздан аулақ кетсін! Фрейдтің шатпақтарын өртеймін мен!!!» дейді дауысзорайтқыштан тақ-тақ еткен қатал үн. Сәт сайын зорая қайталанып тұрған үрейлі озанды күңірене қайталаған мыңдаған бозөкпенің ортасынан кенет ересектеу бірнеше бозбала суырылып шығып, қолдарындағы шырақпен ортада үйілген кітаптардың тұс-тұсынан от қойды! Қаншама сөрелерде жылдар бойы қаланып тұрған, әредік қолдан-қолға өтіп, жасырын оқылған кірпіш кітаптар лап етіп тұтанып, алып алау пайда болды. Кірпіш кітаптардан ажырап жыртылған жеке парақтар жалынның аспан жалаған тіліне ілесіп, қалбаң қаға ұшып көкке көтерілген. Барабан гүрсілдері арасынан неміс автоматының үніндей тақылдай қайталанып тұрған сесті ұран ауа тіліп, алаңнан аспанға атылып жатты. Елірген нөпір алауды айнала лықсып, қалың кітаптарды отқа лақтыра берді, лақтыра берді. Әлдеқайдан шалқыған шадыман бір музыка үйіріліп тұр.”


Гитлер Алаштың арман-арзуын өзінің фашизм идеологиясы үшін бұрмаланып пайдаланған жан. Өйткені, бағзықазақ антропологиясы Нұрмандық (арилік – қасқыр тотемді) және Наймандық (қарақытайлық – күн тотемді), һәм Қоңыраттық (үнді-еуропалық – ат тотемдік) тұрады. Бұны католиктенген Еуропа мен славянданған Ресей жақсы біледі. Жастар да беске біледі. Осы беске білу туындыда айшықты көрініс табады. Әрі ОТТО-ның  қазаққа сіңуі – «адасқан ұлдың оралуы» сюжет мотиві. Әрі біз тұтына алмайтын «Керейт тамғаның» - свастикаға айналуы. Өйткені, бұл туындыда бой көтерген идеялар – үш тірлі әлем сипатының қазақ қоғамынан да тысқары еместігін танытады. Христиандық, Исламдық және Фашистік-тоталитарлық (таптық фашизмге негізделген Сталинизм) шарпысу орын алады. Бұл шарпысуда алаштық жеңімпаздық жоқ. Қазақ не мұсылман болып қалады, не тобырлық мәдениетке ие ұлтқа айналады. Жазушының бізге айтпақ болғаны да, ту етіп көтерген идеясы да осы. Енді кезінде Нұрмандық– қасқыр тотемін, Наймандық – күн тотемін, Қоңыраттық – ат тотемін керексіз еткен қарғатамырлы қазақты не күтіп тұр деген ойға қалдырады.


“«Отто фон Х... Таза арийлік. Мінезі – нордтық. Батыл. Жолдастарымен қарым-қатынаста салмақты. Ұстамды...»

Алақанға сыярлықтай шағын ғана құжаттың салмағы мұнша ауыр болар ма еді?!

Анасы...

Әкесі...

Атасынан қалған қара шаңырақ...

Жалғыз, тете қарындасы Мария...

Өксікке толы балалық...

Айғай-ұран...

Темірдей тәртіп...

Шеменді жүректен шер кетпеген түнек заман...

Бір бетін де ашып оқи алмаған, құпия сырына қана алмаған кірпіш кітаптар-ай!..


Марқұм әкесінің көзі оттай жанушы еді әңгімелегенде, асыл анасы да әредік қоштап қойып, мұның қоңырқай шашынан иіскеп, еркелететін. Оттоға сонша қымбатқа түскен бұл құжат. «Мария қайда жүр екен?!» деп ойлады қамыға. Жүрегі тас боп қатып кетсе де, қарындасын ойлағанда жанарының жағасын толқын керіп кетеді...

Кёнигсбергте мұны алапат соғыстың алғашқы жалыны күтіп тұр еді. Фюрерге деген сенімі жазықсыз қаланың жаутаңкөз тұрғындарының жасымен-ақ шайылып кеткен. Ақыры, міне, алақандай құжатын отқа лақтырды. «Кітап өртегеннен жақсы ғой» деді қаланың шығыс бетінде таңды бозара күтіп отырып.

Үзік-үзік елестер отқа оранған құжатымен қоса көз алдынан, санасынан өше берген...”

 

Қазаққа сіңіскен немістердің кейбірі жай неміс емес, ата-тегі түркілік (арғындық//арилік) атақты әулеттерден. Екі өрт екі жағдаят осы тұқымның Гитлер дәуірінде де, Егемендік дәуірінде қоғамнан өз орнын таба алмағанын танытады. Бір әулеттің ұясының екі түрлі әлем мен екі түрлі уақыт кеңістігінде өртке шалдығуы «кішкентай адамдар» трагедиясын қазақ әдебиетінде бере білген постмодерндік тамаша туындының қазақ прозасына қосылғандығын танытады.


“...Үзік-үзік елестер ғана келеді көз алдына” деп басталған туынды “Үзік-үзік елестер ғана кешегі болған соғысты еске түсіріп тұрған еді...” деген авторлық үкіммен аяқталады.


Бұл әңгіме кейбір прозашы жастардың жоқтан бар жасайтын әдеби қадамындағыдай мистика араласпаған таза қазақи “постмодерндік сезімталдыққа” құрылған көп жосықты наррацияланатын фрагментарлық ой саптамға ие қазақ постмодернінің өзгелерге үлгі болатын туындысы. Сонымен модерндік қазақ әңгімесінің көшбасшы классикалық туындысы “Қараой” болса, постмодерндік қазақ әдебиетінің көшбасшы классикалық туындысы “ГИТЛЕРЮГЕНД”. Бұған қарсы дау айтатындар болса, қарсы тұрып даттарын тыңдауға құлақ та, құлық та бар. Өйткені, Серік бұрын ешкім жазбағанды жазып отыр. Әрі бірінші болып ұлттық әңгіме жанрында таза постмодернизмге көшкен санаулы қаламгерлеріміздің бірі.  Әңгіме әлеміндегі әдеби көсбасшылықты оған қиғылары келмегендер өз білгендерін ортаға салсын. Ғылыми мойыны жуан жанбыз.


Adebiportal.kz


Бөлісу:

Көп оқылғандар