ӘУЕЗОВТАНУ ҒЫЛЫМЫН СОНЫ ЖЕТІСТІКТЕРМЕН ТОЛЫҚТЫРҒАН

Бөлісу:

09.05.2016 4614



«Елге ел қосылса құт болады» - деп дана халқымыз тегін айтпаған. Соның бір дәлелі соңғы жылдары жер шарының түкпір-түкпірінен елге оралып жатқан ағайындарымыз. Олардың бәрі әлдекімдер жалаулатып, шулатып жүргеніндей «өңкей масыл», «дайын асқа тік қасықтар» емес. Қайта біле білсек шеттен келген ағайындар еліміздің демографиялық жағдайына да оң ықпал етіп отырған жоқ па?! Біздің бұл сөзімізге мына «Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов пен Лу Шүн шығармалары негізінде)» атты диссертациялық жұмысын қорғауға ұсынып отырған ізденуші Дүкен Мәсімханұлының өзі-ақ жақсы дәлел. Бұл азаматты мен оның тарихи отаны – Қазақстанға алғаш келген кезінен бастап жақсы білемін. Ол елге оралғалы бері табан аудармай еліміздің Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ сияқты жетекші жоғары оқу орындарында дәріс беріп, кафедра басқарып, ғылыммен айналысып келеді. Өзінің ақындық, аудармашылық өнері тағы бар.


Ал мына қорғауға ұсынып отырған еңбегі туралы сөз тіптен басқа. Олай дейтін себебіміз, осында өмір сүрген көбімізге мәлім, Кеңес одағы кезінде қандай классик жазушымыз болсын, қандай ұлы ойшылымыз болсын, кеңестік ұлттық республиканың өкілі ретінде ғана қарастырылатын. Өзгені былай қойып, ол кезде халқымыздың классик жазушысы, ұлы суреткер, сол заманның өзінде-ақ атағы айдай әлемді шарлап кеткен М.О.Әуезовтің өзі орыс әдебиетінің шәкірті, әлдебір орыс жазушысының шекпенінен шыққан деген тұрғыда түсіндіріліп келгені бүгінде кімге құпия?!


Иә, қазақ әдебиетінің алтын ғасыры Кеңес одағы кезінде жасалғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ол идеология көркем шығармашылықтан гөрі, әдебиеттану ғылымына көбірек араласып, оның дамуына тұсау болып отырды. Қарапайым ғана мысал, егер сіз алда-жалда қазақ халқының көрнекті бір қаламгерін шетелдің белгілі бір классик жазушысымен, немесе ауыз әдебиетіміздің бір үлгісін әлемдегі бір фольклорлық әйгілі шығармамен салыстырам десеңіз, бұндай тірлік кеңестік қызыл идеологияның шеңберіне сия бермейтін. Осының кесірінен бізде тұтас қазақ әдебиетін, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін өзге әдебиеттермен, өзге әдебиеттің көрнекті өкілдерімен салыстыра зерттеу ісі кенже қалып келді. Осыдан барып өзге елде баяғыда іргелі ғылымға айналып кеткен салыстырмалы әдебиеттану ғылымы біздің топыраққа тамыр жая алмады.


Осы тұрғыдан келе Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында орындалған ізденуші Дүкен Мәсімханұлының «Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов пен Лу Шүн шығармалары негізінде)» атты диссертациялық жұмысын осы бағыттағы ақтаңдақты толтыруға атсалысатын жаңа зерттеу, сондай-ақ бүгінгі күннің өз талабынан туындап отырған көкейкесті тақырып, қазақ әдебиеттану ғылымын, әуезовтану ғылымын соны жетістіктермен толықтыратын еңбек деп айтуға әбден болады.


Жалпы жұмыстың авторефератынан аңғарғанымыз, зерттеудің нәтижелері мен қорытынды, тұжырымдарын ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті, салыстырмалы әдебиеттану, қытай әдебиеті, шығыс елдері әдебиеті, ХХ ғасыр басындағы қытай әдебиеті, әуезовтану, шығыс филологиясына кіріспе т.б. пәндерге, қазақ және қытай елдері мәдени-рухани қарым-қатынастарының тарихына қатысты зерттеулер мен арнайы курстарға пайдалануға болады. Өйткені зерттеудің көзқарасы, ой-түйіндері тың, матеиалдары бай.


Қысқасы ізденуші Д.Мәсімханұлына осы еңбегі үшін филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беруге болады. Зерттеу жұмысы ғылыми зерттеулерге қойылатын талаптарға сай орындалған.



Тұрсынбек Кәкішев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры,

Филология ғылымдарының докторы.

2008ж.

Бөлісу:

Көп оқылғандар