Ақселеу Сейдімбек: Қазақ әдебиеттану ғылымына олжа салған азамат

Бөлісу:

05.05.2016 4651



Д.Мәсімханұлы, біріншіден таңдаған тақырыбы өте салмақты. Екіншіден, ол осы тақырыпта кездейсоқ, төтеден қосылған адам емес. Оны барлықтарыңыз біліп отырсыздар. Ол қаншама қытай әдебиетін Қазақстанға таныстыруға еңбек етті. Қаншама қытай әдебиетінің тарихына қатысты зерттеу еңбектер жазды. Бұл осындай дайындықпен келген нәрсе. Екінші, айрықша қадап, салмақпен айтар нәрсе, біз бәріміз кешегі өте құрсаулы заманда өмір сүрдік. Қазақ әдебиетіндегі салыстырмалы зерттеулер әрі кетсе, ТМД шеңберінен ұзап шыға қойған жоқ. Қазақ елінде ол саланың басы-қасында Шамшия апамыз жүрді. Олар ТМД елдерінің аясында салыстырмалы әдебиетті біраз деңгейге жеткізді. Бірақ әлемде не боп жатыр еді, әлем әдебиеті қандай өрістерді шиырлап жүр еді, олармен өрелестіргенде біздің рухани деңгейіміз қандай еді деген мәселеге замана жібермеді. Оны жақсы білесіздер. Тәуелсіздік алғаннан кейін, қазақ халқының құрамына тек шеттегі қазақ диаспорасы ғана қосылған жоқ, ең алдымен шеттегі қазақ руханияты қосылды. Оның игілігін, шапағатын біз көре бастадық. Атап айтқанда, анау Ислам Жеменей, Мұртаза Бұлытай. Айта берсек өте көп. Уақыт тығыз. Бұлар қазақ әдебиетінің, қазақ руханиятының деңгей-дәрежесін жаңа өрістерге, жаңа өрелерге көтерген айрықша, ғажап тұлғалар. Солардың ішінде біздің Дүкеннің алар орны ерекше. Қазақ әдебиеттануын Дүкен жаңа сапалы деңгейге, біз бармаған, біз шиырламаған жаңа өрістерге көтерді. Осы ретте әсіресе Әуезов сияқты қазақ әдебиетінің бойтұмарындай ұлы тұлғамен қытайдың сонымен шендес ұлы тұлғасын салыстыру – біздің әдебиеттану ғылымымыздағы өте жаңа, өте тың, өте салмақты, әрі пайдалы, жаңа ғылыми зерттеу еңбек деп білемін. Мен диссертациялық кеңестің талғам-талаптарына сай барлық пікірлерімді мұнда келтірдім. 

Бір ғана нәрсені айрықша бөліп-жарып айтқым келеді. Жаңа ресми пікір берген орын ба екен, әлде жеке ғалымдардың пікірінде ме, «кіріспесінде тақырыптан тыстау, арысы көшпелі түркілер, берісі қазақ және қытай байланысына қатысты көптеу сөз айтылған» деген пікірді естідік. Дүкен оған жауап беріп жатты. Менімше, сол көптеу айтылғаны өте дұрыс болған. Өйткені, академиялық ғылымның талғам-талабы бойынша тарихнама, тарихты зерделеу деген бұл ішірткідей қажет нәрсе. Ал арасындағы рухани байланыстарға қатысты Дүкеннің көктей шолып жүгіртіп өткен ой-пікірлері осы диссертацияға өте үлкен салмақ дарытып тұр деп есептеймін. Біз білмеген, білуді мақтан ететін, болғанын мақтан ететін өте кесек деректер бар. Ол қазақ халқының, «қазақ» деген этнонимнің тарих сахнасына шыққанға дейін қазақ руханияты, қазақтың ақын-жазушылары қытай халқымен қойындасып, соның тілін игеріп, иә болмаса, олар біздің тілімізді игеріп, біз олардың ән-күйін пайдаланып, олардың кейбір техникалық мүліктерін біз пайдаланып, қоян-қолтық өмір салтымызды бірге өткізген кезеңдерімізді айтатын кезең жетті. Біз тек ғана теке-тірес, соғыс кезеңдерімізді ғана тарихқа арқау еткен, сөйтіп орыс халқынан басқа халықтармен ылғи қырғи қабақ жағдайды ғана насихаттайтын идеологиядан кіндік үзуіміз керек. Біз көрші елдермен қандай рухани ет жақын, бауырмал, әдемі қарым-қатынаста болғанымызды көбірек насихаттауымыз керек. Менің ойымша осы ретте Д.Мәсімханұлы өте көрегендікпен кіріспесінде әдейі кеңірек шолған. Өйткені мынадай тақырыптардың генезисіне бармай болмайды. Мұндай тақырыптардағы ұқсастықтар мен сәйкестіктердің кездейсоқ емес екендіктерін дәлелдеудің қажеттілігі бар. Осы тұрғыдан келгенде, Дүкеннің диссертациясы өте мінсіз, жақсы, сапалы орындалған, Қазақ әдебиеттану ғылымына олжа салған еңбек деп білемін.

Ақселеу Сейдімбек, 

Филология ғылымдарының докторы, профессор.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

2008ж.

Бөлісу:

Көп оқылғандар