Мемлекеттігіміз тұрақтанып, жыл өткен сайын өзімізді басқа мемлекеттер-мен, сол мемлекеттегі адамдармен, әсіресе, көршілес елдің кешегі, бүгінгі тұрмысымен, тірлік, тынысымен, болашаққа дамуымен, әртүрлі тарихи, рухани жетістіктерімен, құбылыстарымен салыстырып отыру – заңдылық, әрі ғасырлар бойына бірге келе жатқан дәстүр. Салыстырмалық тәсіл -табиғатынан қозғалыс, ізденіс, дамумен бірге, сергек, әділ, адал бәсекелестікті де ынталандыратыны хақ.
Бізге, яғни қазаққа көршілес елдердің қай-қайсысын алсаңыз да, олармен қарым-қатынастың өзіндік ерекшеліктері, өзіндік мазмұн сипаты бар. Ол қарым-қатынастардың бағыт-бағдарлары да сан алуан. Бүгінгі әңгіме тиегі – көршілес елдер арасындағы рухани-мәдени үндестік, тарихи сабақтастық. Осы құбылыстардың уақыттың, заманның, адамдардың рухани дүние-танымына әсері, ықпалы жайлы болмақ. Шын мәнінде барлық көршілермен сауда-экономикалық қарым-қатынастар белгілі заңдық, құқықтық негізге сүйенеді де, мейлі ол Ресей немесе Қытай, әлде Өзбекстан, Қырғызстан болсын өзара өте ұқсас тәжірибемен жүргізіледі. Ал рухани-мәдени, тарихи қарым-қатынас мүлдем бір біріне ұқсамайды. Ол саладағы біздің Ресеймен қатынасымыз бір төбе, Өзбекстанмен немесе Қырғызстанмен тағы басқа. Көршілердің ішінде Қытаймен мәдени, тарихи, рухани қарым-қатынастың орны мүлде бөлек. Ең әуелі – бұл әлі зерттелмеген, тіпті тың сала. Екіншіден, біз Қытайды білеміз деуіміз – үстірттік. Қытайды біле бермейтінімізді Қытай зерттеушілері анық біледі. Сондықтан да сол бағыттағы зерттеулер, ізденістер маңызды. Бұл біздің ғалымдар, зерттеушілер үшін әлі шеті кетілмей жатқан қазыналы қорғандай. Ол қазынаның есепсіз қатпары тарих тұңғиығына жетелей береді. Қатпарлардың жігін, алтын жылғасын тапқан адам, қазынадан қазып інжу-маржан іздегендей күй кешеді. Ал Қытай жағы болса, қазіргі Қазақстанды зерттеп, білуге мүдделі, әрі құштар.
Іргемізде жатқан алып көршіміз болғандықтан ба, әлде, ол елде миллиондаған қандас бауырларымыз өмір сүріп жатқандықтан ба, әйтеуір Аспан асты еліне ертеден-ақ құлағымыз түрік болғанымен, оларды зерттеп, білу жағынан кем соғып жататынымыз да шындық. Пекинге Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі болып барып, 6 жыл қызмет істеген кезде болсын, елшілік мерзімім аяқталып елге оралғаннан кейін болсын, шығыстағы осы алып көршіміз туралы біраз ғылыми, танымдық, сараптамалық еңбектер жазып, өзімнің кейбір ой-пікірлерімді, таным-пайымдарымды, әсерімді отандастарыммен бөліскен болатынмын. Содан бері менде Қытай елі туралы жазылған дүниелер мен айтылған жаңалықтарды мүмкіндігінше қалт жібермей қадағалап отыратын бір әдет қалыптасқан. Сол әдеттің әсері болар, жақында филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Аймақтану кафедрасының профессоры, белгілі ақын, аудармашы, қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлының «Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» атты зерттеуінің қолжазбасын оқып шықтым. Салыстырмалы әдебиетану ғылымы тұрғысынан жазылған еңбекке қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов пен қытайдың классик жазушысы Лу Шүннің шығармашылығы өзек болған. Зерттеу туралы сәл соңыра. Әуелі автор туралы.
Азаттықтың ақ таңы арайлап атып, өз тізгініміз өз қолымызға тигелі бермен қарайғы 15-16 жылдың жүзінде ғасырға жүк боларлық игі істердің жүзеге асқанына куә болып келеміз. Сондай ұлт тағдыры мен ел болашағына қатысты аса ауқымды шаралардың бірі ретінде – жер бетіне тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың тарихи отаны – Қазақстанға оралып жатқанын айтқан болар едік. Жалпы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көші-қон және демография саясаты о баста-ақ елдік, мемлекеттік мүддеден туындаған өте көкейкесті, стратегиялық мәні зор шара болатын. Әрине, бұл саясат әрі қарай да өз жалғасын таба жатар. Біздің айтпағымыз – бүгінде осы саясаттың өз жемісін бере бастағандығы. Бір кездері тағдыр тауқыметімен бошалап, шекара асқан қандастарымыз боталап еліне оралуда. Елге оралғандардың жалпы саны ресми емес дерек бойынша жарты миллионнан астам. “Елге ел қосылса – құт” дейді халық даналығы. Елге келген бауырларымыздың жай ғана ортамызды толтырып, жыртығымызды бүтіндеп жатқаны өз алдына, олардың арасында кім жоқ десеңізші. Қарапайым диқан-малшыдан тартып, инженер-техник, жұмысшы дейсің бе, әнші-күйші, биші дейсің бе, ақын-жазушы, ғалым дейсің бе, кәсіпкер, дәрігер, аспаз дейсің бе … бәрі бар. Оның бәрін айтпағанның өзінде, басыңа бас қосылғаннан артық қандай құт болсын, тәйірі! Міне, сол атажұртына оралып, өз елінің төрінде еселі еңбек етіп жүрген бауыр-ларымыздың бірі – Дүкен Мәсімханұлы деген азамат. Бұл күнде Дүкенді республика жұртшылығы ақын, аудармашы ретінде, қытайтанушы ғалым-ұстаз ретінде жақсы біледі. Мына кітабына жазылған шығармашылық өмірбаянына қарап отырсақ, бүгінге дейін оның әдеби шығармалары, ғылыми еңбектері, аудармалары, оқулықтары болып, ұзын саны оннан астам кітабы жарық көріпті. Солардың ішіндегі соңғы шыққаны, әрі біршама ауқымдысы осы «Қазақ және қытай әдебиеті: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» атты монографиясы болса керек.
“Ауқымды” деп жайдан-жай айтып отырған жоқпыз. Жасыратыны жоқ, әуел баста “Ойпырым-ай, Әуезов пен Лу Шүннің қандай қарым-қатынасы болды екен” деген таңданысым да болғаны рас. Осы таңданыстың өзі де кітапты тездетіп оқуға ынтықтырды. Яғни, аталған еңбек шын мәніндегі тың ізденістен туған, мүлде соны зерттеу. Біздің бұлай деуімізге негіз болып отырған зерттеу тақырыбының жаңалығы. Көп қазақ оқушысы үшін тосын тақырып, тосын атау. Әрине, Қазақ және Қытай елдері қарым-қатынастарының тарихы еліміз ғалымдары назарынан тыс қалып жүрген жоқ. Бірақ олардың дені тарих, саясат, дипломатия, сыртқы сауда, т.б. тұрғысынан қарастырылған еңбектер болып келеді. Сондай еңбектерді оқып отырғанда: “Қазақ және қытай елдерінің рухани-мәдени қарым-қатынасы тақырыбында қаншама қатпарлы қазына жатыр”, – деген ой мені де жиі мазалайды. Д.Мәсімханұлының мына еңбегін оқып шыққаннан кейін, мені мазалап жүрген ойдың осы зерттеуде біршама жүзеге асқанына, зерттеушінің телегей теңіздей сарқылмас қазынаға бет бұрып, інжу-маржан таба алғанына куә болдым. Әсіресе Қытай әлемінен мұндай еңбектер бізде көп емес, сирек.
Әрине, зерттеу Қазақ және Қытай елдерінің ХХ ғасыр басындағы әдебиетін, ондағы ұлттық дәстүр мен жаңашылдықтың бейнеленуі мәселесін М.Әуезов пен Лу-Шүн шығармашылығы негізінде салыстыра қарастыруға арналған. Алайда автор зерттеу еңбегінің “Қазақ және Қытай әдебиеттері: тарихи сабақтастық” деп аталатын бастапқы тарауында екі елдің тарихтағы әдеби-мәдени байланыстарына кеңінен тоқталады. Мәселенің ғылыми қисынына қарасақ та сөз осылай өрбуге тиіс. Себебі, М.Әуезовті туған қазақ халқы, Лу Шүнді туған қытай халқы, жер жаралып, су аққаннан бермен қарай іргелес, қатар жасасып келе жатқан елдер. Олай болса, сол неше мыңдаған жылдық етене қарым-қатынас, іргелес көрші ретіндегі аралас-құраластық, ақыл-ой алмасуы ғана емес, тіпті қанның ауысуы (қыз алып, қыз беру) дегендердің бәрі М.Әуезов пен Лу Шүнді туған екі халықтың ұлттық болмысына, олардың ой-санасына, парасат-пайымына, сенім-нанымына, арман-мұратына, дүниетанымына… әсер етпеуі мүмкін бе?! Мүлде мүмкін емес. Жай ғана “әсер ету” былай тұрсын, тіпті екі халықтың бір-біріне сіңісіп, жұтылып кету жағдайларының да жиі болып тұрғанын тарихтан жақсы білеміз. Демек, ХХ ғасыр басындағы қазақ және қытай елдерінің әдебиетіне, екі елдің сол тұста өмір сүрген ең белсенді, аса көрнекті қаламгерлері – М.Әуезов пен Лу Шүнге бармас бұрын, екі елдің тарихтағы әдеби-мәдени байланыстарына тереңірек үңілу – зерттеудің құнын, ғылыми негізін арттыра түскен деуге болады.
Бұл ретте ежелгі түркі тайпалары мен қытайлардың рухани-мәдени саладағы қарым-қатынасы мен ауыс-түйісі туралы тың деректер зерттеуде молынан кездеседі. Ежелгі түркі өркениетінің дәстүрлі қытай мәдениетінің дамуына тигізген ықпал-әсеріне барынша тереңірек үңілуге тырысқан ғалым, ежелгі түркі халықтарының музыка, би, бейнелеу өнері, әдебиет, ғылым, қорғаныс істері, т.б. толып жатқан сала бойынша қытай халқының дәстүрлі мәдениеті мен ғылым-білімінің дамуына ай емес, жыл емес, ғасырлап ықпал еткенін Қытайдың өз деректері мен өз ғалымдарының пікірі арқылы дәйектеп береді. Атап айтқанда, зерттеуші сонау Суй, Таң дәуірлерінің толып жатқан ақын, жазушылары, қоғам және мемлекет қайраткерлері сол кездегі қытай мәдениетін бір белге көтеріп тастағаны өз алдына, ең бастысы, олар отырықшы, тынық күй кешіп отырған қытай өнері мен мәдениетіне ұлы даладан тың тыныс, мүлде жаңа леп алып барғанына зер салған. Ал ежелгі Орта Азия халықтарының өнерін зерттеуші қытай ғалымы, профессор УаңРұңның: “Батыс өңірдің (бүгінгі Орта Азия өңірі – Қ.С.)” музыка теориясы, композиторлық өнері, ноталары мен музыка аспаптары да кіндік қытайға ағылып кіріп, қытайдың музыка, би өнерінің жаңғырып, жандануына ерекше ықпал етті”, — деген пайымдауын да аталған зерттеуден кезіктіреміз.
Осы тұста ескерте кетер бір жағдай, зерттеуші “тек түркі өркениеті ғана жұрттың бәрін жарылқаушы болған” деген сыңаржақтылықтан аулақ. Тарихи жағдайлар мен мәдениеттегі ауыс-түйіске барынша ғылыми тұжырым жасауды мақсат тұтқан ғалым әрі қарай қытай мәдениетінің түркі өркениетінің дамуына тигізген ықпал-әсерін де жан-жақты қарастырады. Бұнда да тарихтағы түркі хандықтары тірлігінің, әсіресе, егіншілік, отырықшылық, қолөнер, сауда-экономика, басқару жүйесі, т.б. салалар бойынша қытай мәдениетінің ықпалына көбірек ұшырағаны тарихи деректер мен ғалымдардың пікірі арқылы беріліп отырады. Автор жапон ғалымы Юй Тяңхыңның: “Таң дәуірінің соңғы жылдарына келгенде, жоғарыдағы жағдайдың керісінше, бұл өңір мәдениетіндегі қытай мәдениетінің ерекшелігі арта түскен. Сөйтіп, мұнда Батыс пен Шығыс мәдениеттері сәтті үйлесім тапты. Бұндай жаңаша жағдайдың қалыптасуы былай қарағанда ақылға сыймайтындай көрінгенімен, шынтуайтына келгенде табиғи құбылыс болатын. Өйткені, бұл кездегі батыс өңірліктер Таң дәуірінен бұрынғы батыс өңірліктер емес еді. Қала берді ариян нәсілдес те емес еді. Яғни, бұл кездегі батыс өңірліктер мәдениеті аса да-мымаған, қытай мен иран мәдениетіне бірдей құшақ жайып отырған Түркінің бір тармағы ежелгі хухылар еді”, – деген тұжырымын дәйекке тартады.
Әрине, тарихтан білетініміздей, ежелгі түркі тайпалары құрған хандықтар тарихтың әр кезеңдерінде батыс пен шығыс мәдениеттерінен кейде ырықты да ерікті түрде, кейде ырықсыз да еріксіз түрде қабылдап, оны өз мәдениеттерінің дамуы мен баюы үшін пайдаланып отырды. Бұдан, әрине, іргелес жатқан қытай елінің мәдениеті де тіптен тыс қалмайтын. Біздің бұл пікірімізді қытай ғалымы Су Бейхайдың мына сөзі дәлелдей түседі: “Әр деңгейдегі әскери, әкім¬шілік орындары жаппай құрылып, жібек саудасын жасаушылар мен әр түрлі қолөнеркәсіпшілер Орта Азияға көптеп жіберіліп, ондағы әр ұлт халқының өндірісі мен мәдениетінің дамуына ықпал етті”. Таң патшалығы құлағаннан кейін де “Таң тұрғыны”, “Табғаш” деген атаулар ел жүрегінде сақталып қалды”. Міне, осы секілді толып жатқан деректерді жан-жақты салыстыра, саралай, сараптай келе зерттеуші аталған еңбегінде тың тұжырымдар жасап, өз пікір-пайымын ұсынып отырады.
ХХ ғасыр басындағы Қазақ және Қытай елдерінің әдебиетін, М.Әуезов пен Лу Шүн шығармаларындағы ұлттық дәстүр мен жаңашылдық тақырыбын салыстырудан бұрын, зерттеуші әуелгі кезекте ХХ ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени хал ахуалын салыстыра қарастырады. Жалпы үстірт қараған кісіге бұл салыстыру тосындау сезілуі мүмкін. Ал шынтуайтына келгенде, ХХ ғасыр басында екі елде қатар, бір сипатта өрістеген саяси, әлеуметтік, рухани бетбұрыстарға назар аударатын болсақ, толып жатқан ортақтықтарға, сарындастықтарға куә боламыз. Атап айтқанда, отаршылдық езгіде (қазақ халқы патшалы Ресейдің, қытай халқы Цинь патшалығының) өмір сүру, ұлттық буржуазияның қалыптаса бастауы, жаңа сападағы ұлт зиялыларының өсіп-жетілуі, рухани саладағы тың бетбұрыстар, Қытайдағы Синьхай төңкерісі (1911 жылы), Қазақ еліндегі ұлт-азаттық көтерілістер (1916 жылы), жаңа сападағы көркем әдебиеттің қалыптасуы, т.с.с. көптеген саладағы ауқымды, жалпыұлттық шаралардың мезгілі жағынан ғана емес, сипаты жағынан да үндестік тауып, сарындасып жатуын әшейін кездейсоқтық дей алмасақ керек.
Зерттеудің қалған тараулары тұтастай М.Әуезов пен Лу Шүн шығармаларындағы ұлттық дәстүр мен жаңашылдық тақырыбын салыстыруға арналған. Бұнда сөз болып отырған тақырып әр екі жазушының нақты шығармаларын өзара салыстыра зерттеу арқылы жүзеге асып отырады.
Бұл шығармаға әдебиет тұрғысынан сарапшылық жасау қаперімізде жоқ. Алайда, екі жазушы шығармаларына өзек болған ұлттық дәстүр мен жаңашылдық тұрғысында кейбір ой-пікірлерімізді оқырманмен бөлісудің еш әбестігі бола қоймас.
Жоғарыда айтқанымыздай, ХХ ғасыр басындағы Қазақ және Қытай елдерінің саяси-әлеуметтік жағдайында, қоғам алдына тартылған ең басты мақсат пен міндет – ұлт-азаттығы болатын болса, бұл мақсат пен міндетті жүзеге асырудың негізгі салмағы ұлт зиялыларына түсетіні анық. Бұндайда сөз зергерлері – ақын-жазушылардың тіптен белсендірек еңбектеніп, көбірек тер төгетіні содан. Шынымен де қазақ елінде де, Қытайда да солай болды. Өйткені, ұлт-азаттығына қол жеткізіп, өзге жұртпен тең, қатар тұра алатын өркениетті ел болу үшін алғашқы кезекте безбенге түсетін ұлттық дәстүр мен жаңашылдық мәселесі болары анық. Өйткені, ұлттық дәстүр дегеніміз, сол саланы зерттеуші ғалымдардың пікірінше, белгілі бір ұлттың ата-бабасынан бермен қарай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сол халықтың ой-сана, этика, салт-сана, психология, әдебиет, өнер, заң, басқару жүйесі, сенім-нанымдарының… жиынтығы. Ал жаңашылдық болса, ол осы замандық қоғамның негізгі сипаты. Ол өз ішіне мынадай мазмұндарды қамтиды: 1) Қоғамды демократияландыру. 2) Заң жүйесін жетілдіру. 3) Елді өнеркәсіптендіру. 4) Дала мен қаланың айырмашылығын жою. 5) Ортақ ауқаттану. 6) Халыққа қолайлы өмір орнату. 7) Әлеуметтік жіктердің белсенділігін арттыру. 8) Діни фанатизмді жою. 9) Білім беруді жетілдіру. 10) Ғылым-техниканы дамыту. 11) Ақпараттандыруды дамыту. 12) Демо-графиялық саясат, т.т. Олай болса, ұлт-азаттығына қол жеткіземіз, жұрт қатарлы өркениетті ел боламыз деп отырған халықтың, әсіресе, оның саналы, сауатты табы – зиялыларының ұлттық дәстүр мен жаңашылдық туралы толғанбауы мүмкін бе?! Себебі, бір халықтың ұлттық дәстүрін қалай жаңғыртып, жаңашылдықты қалай енгізуі – бұл тек азаттыққа жетер тұста ғана емес, жалпы жер бетінде ұлт, ел ретінде сақталып қалудың да басты тетігі. Бұған қай елде, қай кезде болмасын, ұлт жанашыры – саяси, қоғамдық тұлғалармен қоса, тамырын ұлт рухының тереңіне жіберген ақын-жазушылар да әдеби жасампаздықтары арқылы белсене атсалысып отырғаны белгілі. Қазақ үшін М.Әуезов, қытай үшін Лу Шүн осы санаттағы суреткерлердің ең жарқын өкілдері. Біздің бұл пікірімізді Д.Мәсімханұлының сөз болып отырған еңбегі толығымен қуаттайды. Яғни, аталған зерттеуде екі ұлы суреткердің туған халықтарының дәстүр-салтына, діни наным-сеніміне, ой-санасына, өнері мен мәдениетіне, дәстүрлі құқықтық жарғыларына, ел басқару жүйесіне, отбасы, неке, ана мен бала тағдыры мәселесіне қатысты пайымдаулары олардың көркем шығармалары мен көсемсөздері негізінде салыстырмалы әдебиеттану ғылымының принциптері тұрғысынан жан-жақты салыстырыла қарастырылған. Ол тұстағы қаламгерлердің тура осы тақырыпты (ұлттық дәстүр мен жаңашылдық) өндіре жазуының тағы бір себебі, ХХ ғасыр басында жаңашылдық үдерісінің жойқын бетбұрысымен бетпе-бет келген дәстүрлі Қазақ және Қытай қоғамының өз ішінде де қиян-кескі таным қақтығысы жүріп жатты. Өйткені, сан ғасырлардан бермен қарай ел тірлігінің қыбланамасы болып келген ұлттық дәстүрдің қай саласы болмасын, жаңашылдық үдерісі алып келген “жаңалықтарды бірден құшақ жая қарсы алған жоқ. Осыдан барып прогресшіл қаламгерлердің көбірек тер төгуіне тура келді.
Тағы бір қырынан алғанда, Д.Мәсімханұлының аталған еңбегін елімізде енді-енді қалыптасып келе жатқан қытайтану ғылымына да қосылған қомақты үлес деп айтуымызға әбден болады. Себебі, зерттеуде Лу Шүн шығармаларын талдаудың орайында Аспан асты елінің дәстүрлі мәдениетіне қатысты деректерге молынан орын берілгенін айтпағанның өзінде, жазушы қаламынан туған қанды-сөлді, таза қытайы бейнелерге талдау жасау барысында да ханьзу деп аталатын халықтың менталитеті жеткілікті сипатталған.
Қорыта келгенде, Д.Мәсіханұлының бұл зерттеуі тақырыбының сонылығымен ғана емес, ең бастысы, дәл қазіргі кездегі көкейкесті мәселені қаузай білуімен де құнды.
Қуаныш Сұлтанов
Төтенше және өкілетті елші.
ҚР Парламентінің депутаты,
Саяси ғылымдарының докторы, профессор.
2008ж.