Нұрқасым Қазыбекұлы: Текті тұқымның тұяғы

Бөлісу:

18.04.2016 3434




(Дүкен Мәсімханұлы шығармашылығы туралы бір үздік сыр)


1989 жылдың күзі. Отыз жылдан соң туған жерге оралудың мүмкіндігі туды. «Туған жер» деп отырғаным – кәдімгі Шығыс Түркістан (Шыңжаң). Әке-шешем Қазақстанда туғанымен, мен сол жердің төлімін. Мұнда біз 1962 жылдың күзінде келгенбіз. Содан бері табаны күректей отыз жыл өтіпті.


Шынын айту керек, адам ең алдымен туыс-туғанды емес, туған жерді сағынады екен. Көзім ілінсе болды, балалық бал дәуренім өткен жер-су түсіме кіреді. Қыстауымыздың шығыс жағы шағын қара күнгей болатын. Күнгейдің етегі қалың ши, жоғарғы жағы сары жалақ еді. Ашырқанған қой-қозы, тайынша-торпақ үңги-үңги жарқабақтап жіберген. Кейде соған кіріп кетіп, қайтып шыға алмай кептеліп қалатындары да кездесетін. Ал өзен бойындағы жазық – аңыз. Қыста қар қалың түседі. Соған қарамастан шіл әлгі аңыздың қарын жылқыша теуіп жайылады. Үңгіп астына кіріп кетеді.

Біз, балалар жылқының ту құйрығынан жасалған құлаш-құлаш тұзақтарды күнгейге (жалақтың астына) көлденеңдете құрып тастап, жазықта тебіндеп жатқан шілді ұшырамыз. Ол байғұстар бір-ақ рет ұшып, етектегі қалың шиге қонады. Біз көрінбей тұрып екі тасты, бір-біріне ұрып, шақылдатамыз. Шіл байғұстар енді ұшпай, өрге қарай жорғалай жөнеледі. Сөйтіп, тұзаққа жетіп, әуелі біреуі ілінеді. Ол жан дәрмен пыр ете қалады. Енді қалғандары әлгі тұзақтағысын шығарып аламыз деп (кекілік сияқты пыр ете қалғанда ұша жөнелмей) жүріп қалғандары да тұзаққа түседі. Сол сияқты атқа шапқан, тай үйреткен, көкпар тартқан балалық шақтың бал дәурені өткен жерлер түсіме көп кіретін.

Әрине, мен оны ұйқы үстінде түсім екен деп ойламаймын ғой. Сағынамын. Барғым, көргім келеді. Жете алмаймын. Бірақ аталған жеріме (Шетмыстағы үйіме) бара жатамын.

Қобының өзені аталатын терең ұзын сайдың ауызында «Қызыл кезең» деген тар, шағын асу болатын. Қытай шеріктері мені сол жерде күтіп тұрады да, ары қарай өткізбейді. Жылап жатып оянамын. Жастығым көз жасыма дымқылданып қалады. Осылайша зарығып, сағынған жерді бір көріп, аралап, мауқымды басып қайтуға жоғарыда айтылған 1989 жылдың күзінде қол жеткізген едім. Баяғы біз бардағыдай емес, халықтың тұрмысы түзеліп, есін жиып қалыпты. «Халық коммунасын» таратып, әр адам өз еңбегіне өзі ие бола бастапты. Алды мыңғыртып мың қой айдаған байға айналыпты. «Халық коммунасы» дегенді құрып, қызыл жасақшыларға сабатып, шалдардың сақалын күзету де тоқталыпты. Бала кезде Ахметжан Қасыми атындағы орта мектепте оқыған сабақтастарымның біразы билік басына келіпті. Солар бізді Үрімжіге дейін алып барып, мауқым басылғанша аралатты. Сол сапарымда Шыңжаң ғылым академиясы жауапты қызметкерлері Бұлантай Досжан мырзаның үйінде қонақта болып, тарихшы ғалым Жақып Мырзахан мырзамен танысқан едім. Сонда әлгі кісілер маған сөз арасында: «Нұреке, осында, бізде, жұмыс істейтін Дүкен дейтін жігіт бар. Өте дарынды. Болашағынан көп үміт күтіп жүрміз,- дей келіп, сөз арасында, – Сіздің ініңіз, – дегенді де қыстыпрып қойып отырған-ды. Бірақ ол жолы інімізбен кездесудің сәті түспеген еді. Бірде үйіме жазушы Жолдасбай Тұрлыбаев телефон соғып, Шелек ауданының Сөгеті аулында Райымбек батыр туралы жазған «Тамыз таңы» романы бойынша оқушылармен кездесу өткізетінін айтып, бірге барып қайтуға шақырды. Алматы қаласының шығыс жақ босағасынан күтетін болып келісті. Уәделі жерге келсем, машинасының алдында майлаған бидайдай дөңгелек жүзді, қараторы жас жігіт отыр екен. Сәлем беріп амандасты. Содан соң өзін Дүкен Мәсімханұлы деп таныстырды. Мен бұл есімді қашан, қайдан естігенімді есіме түсіріп үлгергенше, Жолдасбай:

Бұл жігіт менің туған жиенім. Үрімжіден келіп отыр. Сонда ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының әдебиет институтында ғылыми қызметкер болып істейді,-деп егжей-тегжейлі таныстырды.
Әлгі Үрімжіде ғалымдар Бұлантай Досжан мен Жақып Мырзахан сырттай таныстырған жігіт екені есіме түсті. Ары қарай әңгімеміз осы тұрғыдан өрбіді. Әлгі Үрімжідегі екі ағасы тегін мақтамаған сияқты. Әзілге орап айтатын әңгімелері ұнай бастады. Сөйтсек Дүкеннің әкесі Мәсімхан – кәдімгі албан-қызайға әйгілі Нақысбек шешеннің (болыстың) ұлы екен.
Адамды адамға танытуға әдебиеттен, оның ішінде өлеңнен артық не бар дейсің. Бала жасымыздан өлеңдерін жаттап өскен ақын Таңжарық Жолдыұлының:

Албанда Нақысбек бар шығандаған,
Алдына адам қарсы шыға алмаған,
Жапса да қанша жала Шың дубаны,
Нақаңды аттан ешкім жыға алмаған.
Өзіңдей албекеңнен ұл тумапты,

Бұл жайға Қожбанбет жоқ қуанбаған, – деген өлең жолдары еріксіз еске түсті. Олайы, Таңжарықтың бұл өлең жолдары кезінде басқа ұлттардың алдында исі албан-қызайдың мақтанышы болатын. Рас, ел аузында бұдан да басқа Көдек ақын былай депті, Шарғын ақын олай депті, соқыр ақын алай депті дейтін өлең шумақтарын естіп өстік. Солардың ішінде берсе мақтап, бермесе даттамайтын таза жазбаша сауатты ақын ( көп жыл елдің оқу-ағарту саласында еңбек еткен) Шарғын Алғазыұлы:

«Болаттың сен де бірісің,
Шешеннің бұлбұл тілісің.
Жорғадай сөзің, жүрісің,
Текті жерден шығысың,

Арыстанның түгісің!» – деген өлең жолдары Нақаңа берілген әділ баға еді. Бұлайша сеніммен айтатын себебім: Шарғынды есейген шағымда көріп, дастарханынан дәм татып, бетпе-бет сөйлескен адамым. Нақысбек туралы нақты баға (өзім үшін өте сенімді) осы (Шарғын Алғазұлы) кісінікі!

Бұдан басқа да Нақысбек ақалақшы туралы ел ішінде аңызға айналған әңгімелер аз емес-ті. Солардың бірқатарын біз шығармашылығы туралы сөз еткелі отырған Дүкен Мәсімханұлының болыс атасы Нақысбек туралы жазған мына деректерінде кездестірдік. Ел аузында да солай айтылатын. Газет бетінде де қалыбын өзгертпепті. Енді содан үзінді оқып көрелік.

«1916 жылы Қарқара жайлауында отырған қазақтардың патшалық Ресейге қарсы көтерілісі бұрқ ете түсті. Осы көтеріліске дем беру мақсатымен Нақысбек болыс жүз шақты сенімді, қаруланған жігіттерін ертіп, Қарқараны бетке алып жолға шығады. Олар Кетпен асуынан асып, Шәлкөде жазығымен құлдап келе жатқанда Қисық, Ақтас сайының тұсынан (қазіргі Көмірші аулы маңы) жүз қаралы орыс әскері жолдарын кес-кестеп, оқ жаудырады. Қапелімде кезіккен жау Нақаң жігіттерінің біразын жайпап салады. Нақаң жағы жер жағдайына қанық болғасын, бір күн, бір түн қорғана ұрыс салып, әлгі орыс әскерлерін ойсырата жеңеді де, енді Қарқараға тура тартамыз деп отырғанда, ол жақтағы қазақтар жеңіліп, көсемдері тұткындалады, ел үркіп, Қытайға ауа көшіп жатыр деген хабар жетеді. Сосын бұлар Кетпенге кері қайтып, бала-шағасын алады да, 30 шақты үй сол түні Қытай асып кетеді. Бұл 1916 жылдың жазы еді.

Қайда болса да отаршылдықтың аты отаршылдық. Қытайдағы қазақтардың да ол кезде шекесі қызып тұрмапты. Онда да еркіндігі, есе теңдігі жоқ халық жүдеп-жадап отыр екен. Бұны көрген Нақаң ондағы халықты тағы да ауыз бірлікпен тірлік етуше шақырып, сол арқылы үкіметтің алман-салығын, езгісін жеңілдетуді көздейді. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, ондағы жұрт Нақаңды төбесіне көтеріп, бір жылдан соң ақалақшы (болыс деңгейіндегі шен) етіп сайлап алады. Ұлтжанды адамның қолына ел тізгінінің тигені отаршылдарға аса ұнай қойған жоқ. Оның үстіне Іле генерал мекемесінің жаңа дубаны (мансап аты) Джы-Рүй әр жерде болып жатқан шаруалап көтерілісінен есі кетіп, ерекше сақтық танытып отырғантұғын. Сонымен ол Нақысбекті ақалақшылықтан алып тастау мақсатымен Нақаңды өзіне шақырып алады да: «Нақа, ел сайлағанмен, Сіздің ақалақшы болуға шартыңыз толмайды екен. Сондықтан алдағы құрылтайда басқа адам ақалақшы болады. Сіз бұл жолы сайлауға түспейсіз», – дейді төтесінен. Дубанның ішкі есебін түсініп отырңан Нақаң: «ол қандай шарт екен, тақсыр?» – деп сұрайды. «Сіздің руыңыз албанның ішіндегі саны шағын тайпа екен. Оның үстіне Сіз Ресейден (кезінде Қазақстан ол жақта осылай аталатын) қашып келген қазақ екенсіз. Сонда сіз қалай бұл елге билік жүргізбексіз?», – деп зілденіп отырған дубанға Нақаң: «Дұрыс тақсыр, ал Сіз өзіңіз сонау Пекиннен қанша үймен келіп бізді – мұндағы қазақ-ұйғырды билеп отырсыз?», – деп қадала кетеді. Сөз жүйесіне оңбай жығылып, не дерін білмей сасып қалған Джы-Рүй дубан ыржалақтап, өтірік күлген болып: «Қалжың, ақалақшы, қалжыңдаймын. Қайтер екен деп айттым. Мен білем, Сіздің тұтас Қытайдағы қазақты билеуге парасатыңыз жетеді. Мен ғана емес, Пекиндегі ұлық та Сізді жақсы көреді. Біз қазақ ұлтын басқаруда өзіңіздей еліне абыройлы адамға көбірек сүйенеміз. Оны өзіңіз де жақсы білесіз», – деп жаңағы сөзін жуып-шайып, керісінше, Нақаңды мол тарту-таралғымен аттандырып салады. Содан өле-өлгенше Нақысбек шешен ел тізгінін қолына ұстап, туған халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап өтеді. Соның жарқын бір мысалы ретінде Нақысбек ақалашқының Текес ауданының Шолақсай деген жерінен мектеп салдырып, жас ұрпақтың сауатын ашып, өнер-білім үйренуіне жағдай жасағанын атап айтуымызға болады. Бала күнінде сол мектептен білім алған, кейін осы мектепте ұстаздық еткен Үмбетай Қожагелдіұлы ақсақал: «Ол өте үлкен мектеп еді. Жүзден аса бала оқитын. Мектепте, негізінен, дін, математика, тіл, әдебиет, жағрафия пәндері оқытылатын. Ұстазымыздың бәрін кезінде Нақаң төңіректің төрт бұрышынан жинапты»,- деп еске алады. («Нақысбек шешен», 12.01.2008 ж. №47 «Әдебиет айдыны»)

Сөйткен Нақаңның әкесі Жалпетек қария туралы да ел аузында азды-көпті әңгіме баршылық. Алайда сол бардың өзін бардай қып, алмай-қоспай айтатын ел ішінде дуалы ауыз қарттар болады. Өзім солай бағалайтын адамдарымның бірі де, бірегейі де журналист, жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жылдар бойы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінің редакторы болған Әлінұр Мейірбеков ақсақал. Бірде сол кісіден естіген бір әңгіме ойыма орала кетті.

«Албанның игі жақсылары: Ұзақ батыр Сауырықұлы, Жәмеңке Мәметов, Серікбай Қанаев, Тұрлықожа Жансеркин, Байбатша Мәңкеұлы, Сәрсенбай Елшібайұлы бар, әңгімеден әңгіме шығып отырып: «Осы біздің Албанда кімнен кім жақсы туды?» – десіп қалады. Отырғандар: «Анадан анау, мынадан мынау жақсы туды» десіп, әңгіме біраз жерге созылады. Сонда Ұзақ батыр отырып:

- Жансеркеден Тұрлықожа туды, бұл жақсы емей, кім жақсы. Сол сияқты Қанайдан Серікбай туды, Мәңкеден Байбатша туды, Елшібай қажыдан Сәрсенбай туды, Сауырқтан Ұзақ туды. Бәріміздікі былжыр. Өйткені, бәріңнің әкең жартылай патша. Ал, менің ойымша, қарадан хан туған ең жақсы. Ол – Нақысбек. Момын Жалпетектен туды, – деген екен. Осы бір тарихи жүлгені қуалай келіп (әзіл-шыны аралас) айтқанда, бұл ұрпақтағы мықтылықтың кезегі Дүкенде екені анық. Оның ашық дәлелі Дүкеннің өмір дерегі. Айталық, ол 1987 жылы Бежиңдегі орталық ұлттар университеті филология факультетінен аудармашы-филолог мамандығын алған. 1987-1993 жылдары Үрімжі қаласындағы Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының әлебиет институтында ғылыми қызметкер болған. 1993 жылы Әбу Насыр Әль-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетінің арнайы шақыруымен Отанға оралып, сол университеттің Қиыр Шығыс елдері кафедрасында ұстаз, кафедра меңгерушісі болады. 2002 жылдан бері Астана қаласындағы Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті шығыстану факультетінде кафедра меңгерушісі. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Дүкеннің: «Жүрекке саяхат», «Семсер суы», «Көкпар», «Алтынның буы», (Бейжиң «ұлттар» баспасы) т.б. жыр жинақтары, ғылыми-зерттеу кітаптары, көптеген көркем аудармалары бар.

Ең бастысы, ақындығы. Біздің де тілге тиек етіп отырғанымыз осы жағы. Олайы, Дүкен дарынды ақын. Ол менің мақтауыма зәру де емес. Басқасын былай қойғанда, Қытай қазақтары мен Қазақстан қазақтары таныған ақын. Осы заманда (адамдар кітап оқуға құлықсызданған заман) оқырманға тапшылығымызға қарамастан, жүйріктін белін айқай көтеретінін ескере отырып, өз даусымды дүрмекке қосқым келді. Оның біріншісі, Дүкен ақын ойын оқырманға бүкпесіз, бұлдырлатпай, ашық жеткізеді. Алайда, жалаң, жайдақ емес. Кәдімгі көрпесі көпсіп тұрған поэзия. Күнделікті тіршілігінде басыңнан күн сайын сан рет өткеріп жүрсең де байқалмаған құбылысыңды байқатып, алдыңа жайып салып отырады. Ал мұны «мен де білемін гой» деуге құқыңды қалдырмайды. Ол – шын мәніндегі ақындық дарын. Ақынның осындай қасиеті сыншының жолын кесіп, мақтауына да, даттауына да орын қалдырмайды, тек қана мойындатады. Айталық, мақтайын десең – өлеңнің өзі сөйлеп тұр. Одан асырып ештеңе айта алмайсың. Даттайын десең – мінін таба алмайсың. Мәселен, өзім «Хантәңірі» монологын оқып отырып, сындай күй кештім.

«Аңғал дала, ақымақ қыр, ойсыз ойпат, ез дөңдер,

Тасырлардың табаны мен табасына төзгендер.

Шың жоқ болса бір сәрі еді, көкті тіреп мен тұрдым,

Күллі әлемді көзіммен де, көкеймен де безбендер.

Мен аскар да тәтті арманды ащы мұңмен сапырдым,
Мен аспанда далам үшін, таулар үшін «аһ» ұрдым.
Мен құдайдың сүйген құлы, «туған» ұлы шығармын.
Өйткені мен Көк Тәңірге өзгелерден жақынмын».

Байқайсыз ба, ақын биік, тәкәппар, ақын тынысты, кең, бірақ мұңды. Оны тағы:


«Солай, солай… ең алдымен дауыл мені табатын,
Аш бөрідей шулап келіп, қамалап бір қабатын.
Сондай сәтте мен алақтап, тау – далама қарасам,
Маң дала мен төбешіктер жымың-жымың қағатын.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Сонда менің жүрегімнен қап-қара қан ағатын».

Әлгі бастапқы шумақтағы ойды осыған дейін жетелеп келген жолды оймен болжамдаған адам өлеңнің тұтас бітімін топшылай алатынына күмәнім жоқ. Егер топшылай алса, жырым-жырым жүрегінен қап-қара қанды да көрер еді.

Екіншіден, Дүкен табиғатты сүйіп, біліп жырлайтын ақын. Бұлай дей салу – айтарға ғана оңай. Әйтпесе табиғат – адам үшін әлі көп сыры ашылмаған құдырет. Соның бәрін қанша таусылып жырлағанмен, тауса алмайтынына көзі жеткен ақын:

«Қара, Сары, Алатау, Шұбар тауым,
Сендер менің таусылмас жыр арқауым.
Мұңын тауға шағады тау баласы,
Бабасының жатқан соң тауда басы», – дейді «Тауларға табынамын» деген өлеңнің бір шумағында. Сөйтіп, шағынса – тауларға шағынатынын, табынса – тауларға табынатынын, табиғатына тартып туған тау ұлы екенін мақтан етеді. Мұнысы – заңды. Таудың (биіктіктің) қасиетін тауда туып, тауда өскен ұл біледі.

Үшіншіден, Дүкен суреткер ақын. Ол ол сөз бояуын өте дәл табады. Бұл жағынан алғанда, кәдімгі өзіміздің Әбілхан Қастеев. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер шумақ өлеңін оқып көрелік. Аты – «Қара айғыр».

«Жайлауда. Тауға бұлт ілінді де,
Жоқ болды шоқ болып тұрған күнің, міне.
Қара аспан қара сел боп ақтарылды,
Әр жері от қамшымен тілінді де».


Өлеңнің бұл шумағын жоғарыдағы ойымызды дәлелдеу үшін ғана бөліп алдық. Әйпесе, тұтас өлеңнің айтары мүлде бөлек. Ол – есті жылқының ессіз адамнан гөрі қайырымдылығы. Бұл тек табиғатпен етене жақын, дарынды қаламға ғана ілінетін тақырып. Атам қазақ: «Жылқы адам мінездес» демейді, керісінше, «Адам жылқы мінездес» деген мақал бар. Мұның бәрі негізсіз емес. Үйірін қасқырға, ұрыға алдырмайтын айғыр, жеті жылдан кейін де жеріне қашатын ат, өзге жерді жерсінбей, от оттап, су ішпей қаталап өлетін жылқы туралы аңыз да, ақиқан та аз еме. Алайда ақын ойын: «Осы жайды есіме жиі аламын,
Сан мың ойдың таппаймын тиянағын.
Бүгін мен қой немесе жылқы көрсем,
Адаммын деп қараудан ұяламын…», – деп түйеді.
Ұялатыны – туған жерін жылқы құрлы сүйе алмайтын, ешкімге ешқашан қол ұшын бере алмайтын, бірақ қара айғырдай азынаған «азаматтар» көз алдымызда көлбеңдеп жүретіндігі. Төртіншіден, Дүкен ақын ұлттық мінездің тамыршысы. Мұның дәлелі оның «Қазақ боп өмір сүру қандай қызық-ақ!…» деген өлеңі. Рас, Қазақ боп өмір сүрудің қызығы қызық-ақ!.. Бірақ кейде қызық емес, қиын сияқты. Мұны ақынның өзі де аңғартып отырады. Өлеңді тұтас оқуды оқырманның өзіне қалдырып, ойымызға дәйек болар шумақтарды ғана оқып көрелік. «Қазақ болсаң –
Қоқаңдаса қонағың, «жоқ» демейсің…
Иман дейсің, ар дейсің…
Сот демейсің.
Жарты ырысқа бағалап жақсы сөзді,
Насыбайға бір атым өкпелейсің».

Немесе «қазақ болсаң –
Аңдамайсың бағың мен сорың неден,
Кейде өлесің қомыңмен, шомыңменен.
Семсер жүзін табанмен басып кейде,
Қоламтаны көсейсің қолыңменен».

(«Алтынның буы», Бейжін,«Ұлттар баспасы», 64 б.).


Міне, ақын дәл айтады, біз осындай халықпыз. Өлеңді бұдан да басқа осылар тектес қылықтарымыз жіпке тізіп көрсетілген, оқып отырып қуана да, ренжи де алмайсың. Тек қана сондай халық екеніңді мойындайсың. Халқын осылай зерттеп білу, әрине, ақынның, шын ақынның міндеті. Өлеңде осы міндет орындалған.


Қашан да қазақ өлеңі ой түйюге қара сөзден гөрі қарымды, орамды, икемді жанр. Соданда болар, қазақ әдебиетінің классикалық тегі поэзияның сыймдылығы мол. Қара сөзбен қалың кітап жазып жеткізуге мәжбүрлейтін ойды поэзия шағын шумақтармен-ақ түйіп тастай салады. Ендеше, поэзияны әдебиетіміздің атасы десек те, анасы десек те қателесе қоймаспыз.

Мұны бұлайша жақауратып отырған себебім бар. Айталық, Дүкен поэзиясында: өрлік, өктемдік, мақтаныш, өкпе-наз, қайғы-мұң да аз емес. Бұл, әрине, көргені мен көкейге түйгені көп, өмірбаяны күрделі дарынның шығармашылығына ғана тән қасиет. Бәрін айт та, бірін айт, соның бәрін ақынның:

«Мақтанатын шақтарда мақтана алмай,
Жөнсіз басылып;
Шаттанатын шаттыққа шаттана алмай,
Ішке жасырып;
Армандаған сәттерден бақ таба алмай,
Сабырға бас ұрып;
Көңіл сырын көсіліп ақтара алмай,
Ылғи ашынып –
Мыс құрып,
Қыстығып,
Ышқынып,
Іс біліп келемін.

Жарғысына жалғанның жаға да алмай,
Қысым көрумен;
Қайран ғазиз басымда баға қалмай,
Күнде өлумен;
Ақиқаттан бір қолдау таба да алмай,
Әйтеу көнумен;
Тарландарды табалап қара нардай,
«Жерлеп, көмумен» -
Сорланып,
Қорланып,
Қорғанып,
Толғанып келемін.
Біреулерге тірлігім көп көрініп,
Артық жандайын;
Бір үмітке бір күдік бөктеріліп,
Тарылып маңдайым;
Көңілімнің тұманы көкке өріліп,
Кеуіп таңдайым;
Шың дегенім төбешік боп көрініп,
Көрсем де қандайын –
Түңіліп,
«Жын ұрып»,
Шынығып…
Өмірге құнығып келемін!» – деген («Семсер суы», 14-б.) өз өлеңімен топшылағым келеді. Олайы, ақынды – ақын, мықтыны – мықты деп дәлелдей беру де мылжыңдықтың бір түрі емес пе?!

Нұрқасым Қазыбекұлы

Жазушы, аудармашы, публицисит

2009ж.

Бөлісу:

Көп оқылғандар