Дидар Амантай: Көзіңнен айналдым (әңгіме)

Бөлісу:

23.05.2016 5288

Didar Amantay. Дидар Амантай.jpeg

Бірінші басылым


 

 

Топ – топ. Қаз-қаз басқан екі аяқ – тас жолмен ілгері жүріп бара жатып – қалт тоқтады. Әдетте шалқасынан ашық үлкен жарма қақпа бүгін тиегінен байланып жабық тұр. Ол кідіріп, дағдарып қалды. Топ, екінші аяғын көтерді, топ. Сосын, қапылыс топылдап қайта жүріп бара жатты. Бәтеңкенің жерге тиген дыбысы құмығып шығады. Топ. Жөпелдемеде топатайды қағып, сүрініп кетті, алдына тізерлей құлады. Әдемі топы ақырын сырғып, басынан сыпырылып түсті.


 

Жерден созалаңдап тұрып, еңселі дуалға түсінбей көз салды. Қарсы алды тегіс бояма, әсем сырланған биік тақтайлар. Белдік темір бекітіп тастаған – зілдей, тастай берік дарбаза. Тыстан әредік жайдарман топырлап өтіп бара жатқан топ-топ балалардың ертеңгі ауа райын топшылаған майда, жарқын дауыстары естіледі. Көне топографияны, қадім заманды әңгіме қылады. Ертедегі уақыт, өткен дәуірде – жаһанда тынымсыз күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Да-уылдап, борап жауған бұршақ толастамайды, ғаламды жаңғырыққан күшті дабыс көміп кетеді, тұс-тұстан әлемдік тасқын құйылып, топан су кең байтақ жазық өңір қыр далаға андыздап қаптап, жаһанды сел басқан деседі. Жайма-шуақ күлкі, шат үндер бірсін-бірсін алыстап, жойылып барады. Ол іркіліп, айналасына зер аударып, абайлап төңірегін шолды.


 

Қымбат тастармен кестелеп шимайлаған топы Close-Up мөлшерінде ірілене көрінді. Red One жүзін сипай жылжып киіміне тоқтады да, ескі бәтеңкесіне ауыс-ты, сосын шұғыл тайқып, шегініп кетті. Кадрда дала келбеті ашылды, мөлдіреп жалпы кескін шықты. Әлсіз үн, көмескі сыбдыр, күңгірт дыбыс тегіс жаңғырып анық жазылады.


 

Ол теріс айналды. Үйдің қалқасында қасқыр құйрық қарағайлар манаурап қалғып тұр. Жібектей самал төңіректі майда шарпып, иіс майы танауды жарып мұрынға келеді. Жел ауып, ықтасын өзгерсе, осы бір әдемі хош иіс жұпарын шашып аспанға ұшады. Әуеге шауып, байлаулы малдай шешіледі. Сымпылдап көгалды сайдан қанат қаққан топ-топ көк ала үйрек секілді, қышқылтым шайыр бұрқырап көтеріліп, жан-жағына молынан төгіледі. Әр інжу-маржан тамшы үзілген моншақтай шашылып, шүйгіп ырғын жұтқан кеудені толтырады. Қапырық шаһарда қапалап, тыныс іздеп топырлаған жұрт сағыз майын сіміріп, рахаттанып иістің дәмін алады.


 

Көшеде ерсілі-қарсылы сапырылысқан халықтың қарағай ауасынан омырауы кеңіп, сарайы ашылып кеткендей – ақ көкірегіндегі ұмытылмаған жазғы-тұрым сазы көңілінде қайта шырқалады. Кеше, көктемгі аспанда жүзген күміс айда – пейіштің төрінде шалқығандай аунап – қаздай қалқып еді. Миуалы бау-бақшадан жұпар аңқып, келе жатқан жаздың лебі шерге толы жаныңды сергітіп, жадыратқан болатын. Бар адамдар, шынымен, бақытты еді. Қазір шіліңгір ыстық, шілденің орта-соңы, лақ сүмбіле басы. Ел тоқырап қоңыр күзді тосады. Мизам, ақырап, – сосын, аласапыран қауыс, қара суық боқырауды біртүрлі самарқау, үнсіз, немқұрайды күтеді.


 

Есік ашылып, босағадан ит көрінді. Әуелі күшік жүгіріп шықты. Соңынан жетектегі, танадай, салқы төс, тарғыл дүрегей аттады. Тұмсығына шақтап тұмылдырық, мойнына әсемдеп қарғы бау тағып қойыпты. Қайысты тіліп, таспалап кесіп, өріп те, түйіп те жасаған, құраған, байлаған қалың былғары үстінен жарқыратып темір жүргізіп, торлап үлкен иттің тұла бойын тұмшалап тастапты. Бауға шығыршықталған жылтыр шынжырдың тізбектелген әрбір жеке түйіні жүріп келе жатқанда, көктен шашырап түскен сәуледен жалтылдап, оқта-текте ойнап кеткенде – қанжардың жүзіндей жарқылдайды. Күшік екі құлағы салпиып алдына жетіп келді. Монтаны жәудіреп, бейкүнә қарады. Әупілдеп екі-үш мәрте үріп қойды. Содан кейін – жаутаңдап, шоқиып отырды, шалт қозғалып, лепіл қақты. Тыныштықты бұзып шәуілдеп, тағы әлденеше дүркін қайталап үрді. Елігіп, желпініп, өз шуына – өзі дүрлікті. Маң төбеттей маңғаз қыдырып, керенау маңған, тайыншадай хайуанға дүрк ілесе жөнелді. Шеткі, оқшау кіреберістен қолына шөлмек ұстаған бір жас жігітті байқады. Орта жолда тоқтап, конъягын нәзік рюмкасына сыздықтатып құйды да, тартып жіберді. Қарсы алдына қас қадап, жоқ іздеп сәл тұрды.


 

– Күз басталғанда, Алматыда өзіне-өзі қол жұм-сайтындар қаптайтын еді. Былтыр Фуад автомобилін көпірден құлатып, өмірден кеткен-ді, қыста үпті бөлмесінде Қамария тұншығып өлді, Әлішер таң алдында бүкіл қолжазбаларын өртеп, Марфуға келгенше, өз үйінде елең-алаңда асылып қалды, үкідей Мұқтар құлазыған Медеу шатқалында досын байлап қойып, қорада өзін-өзі қапылыс атып тастады. Фуад – өткелі көп Саин көшесімен келе жатып – Шаляпинге жеткенде, көпірдің арнасын қатты жылдамдықпен жойқын соғып, жиектеп қойған қоршауларын быт-шыт қиратып, бұзып-жарып төменге көлігімен бір-ақ қарғыпты, тіл тартпастан кетіпті дейді көргендер. Жазықты ажалдан ит батпақтап, ат сүрінеді.


 

Ол бордюрге тізе бүкті. Бәтеңке топылдап қасына жетті.


 

– Мен шаршадым. Өмір бір-ақ бағытпен бір-ақ мәрте жүретін автобус іспетті, талай адам жол-жөнекей қарауытқан аялдамалардан түсіп қалды. Олар қайда кетті, әлде сол аялдамаларда тұр ма әлі, білмеймін, әйтеуір өмірдің енді сол аялдамаларға қайтып соқпайтынын білемін. Нақ осы сәт бәрін сағынамын. Мен ғана. Басқа – басқаны сағынады. Сондықтан, тірі болуым керек, ертең кім оларды сағынады, тек мен ғана.


 

Пәк жүзіне ренжіп қарады.


 

– Несіне асығасың, екеуміз де ертең аялдамалардың бірінде қаламыз, мүмкін, бірге, әлде – екі бөлек, бір-бірінен қашық, бағыт-бағдарынан айырылған қос аялдамада. Тағдырдың салуы, ғұмырдың мәні, тіршіліктің мұраты, амал нешік, қаза. Иә, Тәңірдің құдіреті – бұйрық жібермейді. Білесің бе, қарақ, Поллидің айтуынша, әлемде отыз алты сюжет бар. Хорхе Луис Борхес “Төрт мезгіл” деген атақты туындысында, неге екені белгісіз, отыз алтыны азайтып, ықшамдап төрт сюжетті ғана алдымызға көлденең тартады. Меніңше, аласапыран дүниені бейнелейтін желі баяны, шығарма арқауы екеу-ақ, өкінішке қарай, шексіздік тәрізді егіз бастаудан тұрады: жұптың біреуі – жарлық шашқан Құдайдың бар екендігін кейіптейтін жасампаз хикаят түрі, сыңары – Құдайдың жоқ екендігінен азап шегетін бейнетқор кітаптың мазмұны. Түр қашанда түрленеді, мазмұн ешқашан өзгермейді.


 

Үнсіздік орнады.


 

– Біз қалаларды алдағы ғұмырымыз үшін тұрғызамыз, бірақ олар зираттар құсап соңымыздан қалып жатады. Шаһарда таза болмыс, табиғи келбет жоқ, қолдан сомдалған, тіршілік атаулыға қарсы, өлі құбылыс, кент – рухани кеңістікте мәдениетті шеңберлеп айналған жасанды серік. Қала, зады, қашанда түпнұсқа емес. Үйлер – алғашқы шын қыстаулардың, тас үңгірлердің көмескі бейнесі, шала көшірмесі. Шайырлардың жырға қосқаны бекер, жалған мадақ, арзан атақ, тастақ көше, тегінде, ессіз құмарлық, тойымсыз ынсап, қанағатсыз ашкөздіктің мекені.


 

Ептеп жел соқты. Майда қоңыр омырауын самалдады. Ол сөзін жалғастырды. Дауысы біртүрлі жарықшақтанып шықты.


 

– “Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі, Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы жібек оққа кірісті, Айдаса қойдың көсемі, Сөйлесе қызыл тілдің шешені, Ұстаса қашағанның ұзын құрығы, Қалайылаған қасты орданың сырығы, Билер отты би соңы, Би ұлының кенжесі, Буыршынның бұта шайнар азуы, Бидайықтың көл жайқаған жалғызы, Бұлұт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәуірдің Арасын өтіп бұзып дінді ашқан Сүйінішұлы Қазтуған!!!”


 

Қазтуғанды айтқанда, сөзі қатты естілді.


 

– “Сере, сере, сере қар, Асты кілең, үсті мұз, 

Күн-түн қатса жібімес, 

Мен көлікке қосымды артқанмын, 

Көмбідей ару жаларға 

Күректей мұзды тоңдырып, 

Кірмембес ауыр қолға бас болып,” – деп бір тоқтады ол.


 

Кенет айқай салды:

– “Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!”

Ол зор дауыстан дір етті.

– “Дүниенің басы сайран, түбі ойран, Озар сойды бұ дүние Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағадан”, – деді ол, – Ау, қайдасың, Рабиу-Сұлтан-Бегім, Жауһар-Ханым, Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегім, Тоқтар-Бегім, Ақ-қозы-Бике, Жаған-Бике, Хоча-Патшайым, Жағым-Ханым. Көзіме бір көрінші, Анар, Жанар, Гүлмира, Сәуле, Бота, Айнұр, Әсем. Беу, Маржан, Шынар, Елмира бір көрінер күн бар ма.


 

Ілгері басты. Көзіне сүйір тұмсық ықшам торғай ілікті. Жұпыны құс шарбақшада қонып отыр. Тез қозғалып, шалт қимылдайды. Ұшып, төмен түсті де, нанның қиқымын, күнбағардың дәнін теріп кетті. Қунақ әрекеті жүзіне күлкі үйірді. Тосын, жөпелдемеде қарашығы тарыдай, суық жанары тіктеле қадалғанда, асылы, бойы мұздап сала берді. Ішінде қимыл-әрекет жүріп жатқан Red One объективі қаһарманның шағын бейнесін Medium Long Shot мөлшерінде түсірді. Қоң торғайдың қасынан аршын төс кептер пайда болды. Уақиғаны аңдыған көз ендігі кезек назарын жаңа образға аударды. Ақ қауырсынды, төбесінде сәлде тәрізді кекіл шашақ бар, үлкен жемсаулы, құйрығы ұзын, тегі, ертегінің құдды әсем көгершіні, қаһарманы секілді. Camera кейін шегініп, кептер Full-Length Shot көлемінде пішінделді. Тар ауланы жіті бақылаған әйнек оқта-текте көлденеңдеп шырқау биіктен жарқыраған алтын күнге шағылысады.


 

Үйден мойнына торқа салған қара торы әдемі келіншек шықты. Торыққан ажарында тобылғы түс қамырық, солғын шырай, жақсы үміттен күдерін үзген қапа бар. Ол бәтеңкесін сүйрете қозғалды. Сүйретіліп үш-төрт қадам басқан соң, аяқкиімін жеңіл көтеріп, топылдатып шұғыл жүрді. Көп ұзамай, көңілін торы ала мұң жаулаған қападар сұлудың алдында тұрған. Әйел тізе бүгіп, жүресінен отырды. Сосын, оны екі қолынан ұстап, ақ құба жүзіне ден қойып, сынақты, мұқият қарады, қорқыныш түнеп, үрей қонған әлпетін біршама ұзақ қызықтады.


 

– Қорықпа, – деді ол қамырыға сөйлеп, – талайсыз, бақсыз менің де көңіл-күйім жоқ.

Аздап қауіп ойлады. Жатсынып, кейін шегініп бара жатып – езуіне күлкі үйірілді.

– Дұрыс.


 

Әйел өзіне қарай тартты. Не дерін білмей, тосылып, бірсыпыра бөгелді. Қайта құшақтап, мейірлене құшты. Ендігі кезек саф күлкісін үнсіз тамашалады. Ол кенет ішқұса назарын, тостағандай әдемі, жасқа толы көзін, тосын жүдеп, суы қайтқан темірдей жасып, күйреп сынған түрін көрді. Дауысын шығарып, жылағысы келді. Тосырқап, кейін шегінді.


 

– Шер сағыныштан қорғайтын торғауыт тәрізді, уайым-қайғы тіршілікті түн меңдеп, түнек басқандай қарайтып, дүниені әлдебір басқа, қарабарқын түске бояп жібереді, сонда үнемі қамығып, қайғы шегіп жүріп пенде бейқам шерге үйреніп, машықтанып кетеді. Зады, бейнет дағдыға айналады. Әдетке сіңеді, көңіл дәнігеді, жаны құнығады.


 

Кездейсоқ, бөтен келіншек егіліп, солқылдап жылады. Апақ-сапақ зауал шақта емес, бейсауат мезгіл, қаперсіз, қамсыз уақыт бордай езілді. Қабырғасы сөгіліп, өзегін өрт шалды, жігері құм болғаны – намысын шоқтай қарыды. Ентігіп, алқынып барып тоқтады.


 

– Бүгін Нигер зеңгірден құс секілді құлдап, жы-рақта топшысы сынды.


 

Тұнық, мойыл көздерімен маңайын шолып өтті де, кенет жүзі қайта тұнжырап бетіне тік қарады. Танадай жарқырап, ұшқын шашқан жанары оттай екен. Күлімсіреп еді, келіншек те езу тартты. Қапыда, іргеден терезе ашылып, іштен жас бозбала жігіт көрінді.


 

– Зериза қайда, – деп сұрады ол, – құнттап сақтаған зериза қайда?

– Дүр, гауһар, меруерт, ақық, зүбаржат, жақұт, лұһлу, табас, лал.

– Батия ше.

– Қобдишадағы ма?

– Иә.

– Білмеймін.

– Қош бол, Нигер-Патшайым.

– Фердауси, қош, мені ұмытпа, қашанда жадыңда тұт.

– Сені, Нигер-Сұлтан-Бегім, мәңгілік есімде сақ-таймын.


 

Жас бозбала жігіт жылап тұрды. Ағаш терезе қайы-ра жабылды. Әйел дуалға тақап, жарма қақпадан тағы бір есік тапты. Қосалқы есікті ашып, табалдырықтан сыртқа аттады. Ар жақта тұрып:


 

– Саған болмайды, – деді.


 

Көңілденген әйелге қарап, қайта жылы күлімсіреді.


 

– Үйден шықпа, – деді Нигер-Патшайым, – алысқа ұзап не табасың, біз білмейтін жақтарда да ештеңе жоқ.


 

Топсалары жайлап, баяу қозғалып, есік темір жақ-тауларына шусыз, ақырын соғылды.


 

– Бірақ, қалада ғана өмір бар, көшеге шық, ақжолтай батыр, – деді әйел сыртта топылайы дамыл-дамыл тоқылдап ұзап бара жатып.


 

Ол бір-екі аттап, соңына бұрылып қарады. Түрлі көлемде, Detail, Close-Up, Medium Close-Up, Close Medium, Medium Long Shot, Full-Lenth Shot, Long Shot аяда мөлшерленіп Focus бірнеше мәрте өзгерді.


 

Мол жаз далаға сыймай тұр. Дуалдан, қарағай-лардан, өрім тастардан мезгілдің ыстық табы аңға-рылады. Іргеден тасыған маусым төңірегін жайлап, қоршаулардан төгіліп, сыртқа ақтарылады. Жаз саумалап есіктен кіріп, терезеден сығалайды. Тұлымшағы желбіреп, үй-үйден құнтақты бала секілді жүгіріп шығады да, даңғылдарды, бульварларды аралап, үкідей желкілдеп кете барады. Көше-көшедегі гүлзарлардан еседі, шарпыған қызуы трамвай рельстерінен байқалады. Ыссы қаудырақ шөп, қаңсыған тақтай қоралар, еңселі, биік ғимараттардан соғады. Құм басып, аңқа құрып, шөл кептіріп, таңдай кеуіп, жалын атып қаталатады.


 

Дүр Алматы, сөйтіп, бір күні дүрлігіп – дүлдүлдей дүркіреп – дүркін-дүркін саудырап нөсерге шомылады. Иі қанып, құнары байыған саумал ауа кемпірқосақтанып жібектен орамал тартады. Тегінде, жаңбыры көп жылдары қала өзендері табанына иіріліп тас байланады. Серуенге шыққан жас алматылықтар су қайтқанда тастарды аударып, тоспалардан ойда- жоқта бірдеңе тауып алуға дәмеленеді.


 

Өзіне үңірейіп қарап тұрған Camera объективін көрді. Күлімсіреді. Шілденің жайма-шуақ күндері, жазғы мол бақыт – түгел сыйған күлкі – шыныдан тоқтамай, үрдіс төңкеріліп өтті де, төрткіл кадрда әдемі мөлдіреп, Close-Up мөлшерінде тамаша, әсем кестеленді. Кенет бір әйелдің ашық қоңыр дауысы екеуара тыныштықты бұзды:


 

– Кенесары-Наурызбай!


 

Тізбектелген кадрлар тасқыны қалт тоқтады. Red One жүзінде – күлген сәбидің аяулы бейнесі қалды.


 


 

 

Алматы, 26 қаңтар, 2011 жыл

Бөлісу:

Көп оқылғандар