Жәркен Бөдешұлы: Мен үшін Қабдеш Жұмаділовтің орны бөлек

Бөлісу:

23.05.2016 5064

Жәркен Бөдешұлы

Биыл Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, аса көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділов 80 жасқа келіп отыр. Тұтас ғұмырын қазақ әдебиетінің кемелденуі мен қазақ ойының толысуына арнаған, шығармалары арқылы тарихи тұлғалар мен рухани көсемдердің тұтас галереясын сомдаған жазушы туралы айтулы ақын, «Алаш» сыйлығының иегері, тағдырлас інісі Жәркен Бөдешұлы: «Қабдеш Жұмаділов – алашқа аты мәлім қаламгер ғана емес, өзінің өмірлік ұстанымынан, ұлттық мұрат жолынан адаспаған күрескер» дейді.


 


 

Мен үшін қазақтың аса көрнекті жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің орны бөлек. Маған қиналсам қол ұшын созып, торықсам кеңес беріп, ақылын айтқан ағаларым аз болған жоқ. Солардың ішінде етбауырымдай ерекше қамқорлық көрсеткен жан осы кісі, – дейді Жәркен Бөдешұлы. – Егер санамалап айтар болсам, бірін еске түсірсем, екіншісін ұмыт қалдыруым мүмкін. Мен қуансам да, қайғырсам да, марқайып, мәре-сәре күй кешсем де алдымен Қабекеңе айтамын. Басыма қиын күн туған шақтарда маған қамқор болар адам бар ғой деп, іштей Қабекеңе сүйенемін. Бір кездері мына менің Алматыда, тіпті тұтас Қазақстанда бірде-бір туысым болған жоқ. Шығармаларын ертеден оқып, дақпыртына қанығып жүрген Қабдеш Жұмаділовті іздеуім сондықтан.


 

– Сіз 1969 жылы Қытайдан Қазақстанға қашып өткен студенттердің сапында болдыңыз. Шекара бұзған сенімсіз адам ретінде Көкшетауға айдалдыңыз. Онда жүріп қой баққаныңызды білеміз. Сол кез туралы айтып отырсыз ғой?


 

– Иә, менің өмірімдегі ең айтулы кезең болса, ол шекараны бұзып өткен студенттердің қатарында болғандығым. Қазір қуанышпен, сағынышпен еске аламыз. Дегенмен, бір елдің, жай ел емес, КСРО-ның шекарасын бұзып өту оңай шаруа емес қой. Екі империя үшін де сол студенттер «сенімсіз адамдар» есебінде болды. Қытайға кері қайту – тірідей тозаққа түсу. Бұл жақтағы саяси жүйе ешқайсымыздың маңдайымыздан сипай қойған жоқ. Шекараны бұзып өткен сол студенттер туралы бұл күндері көп айтылмайды. Көбі о дүниелік болып кетті. Түрлі тауқыметті бастан өткерді ғой, жазғандар… Ол бөлек әңгіме.


 

– Сіздерді қашып өтуге итермелеген қандай күш?


 

– 1962 жылы Қытайдан Қазақстанға 200 мыңға жуық қазақ қоныс аударғанын білесіңдер. Сол ұлы көштің бұйдасын ұстағандардың бірі – Қабдеш Жұмаділов. Бұл талассыз шындық.


 

Шынжаң университетінің студенттерінің ішінде көзі ашықтары күн-түн демей Қазақстан туралы сөйлесетінбіз. Оның ішінде Қабдеш Жұмаділов, Жағда Бабалықтар туралы айтатынбыз. Бізді рухани тұрғыдан демеген негізгі күш осы аға буын болды. Олар туралы аңыздар мен жылы лебіздер шекараны ендей өтіп, бізге жететін. Отанға, елге деген сағыныш, ыстық сезім ақыры топтасып қашып өтуге итермеледі.


 

21720-6-_abdesh_zh_mad_lov_aza_ru.jpg 
 


 

– Көкшетауда қой бағып жүргенде Қабдеш ағаға жыр арнапсыз. Оны жазушының Сіз жөнінде жазған бір мақаласынан оқыған едік.


 

– Жоғарыда айтқанымдай, менің бірде-бір туысым жоқ еді. Ешкімді танымаймын. Танысы, туысы барлар солардың қасына сұранып кетті. Іздеушісі жоқ мен секілділер әр қиырға кеттік. Мені Көкшетауға қой бағуға жіберді. Кезінде неміс тұтқындары болған жер екен. Екі жыл қой бақтым. Не істеймін? Тыныш жүрсем, мәңгі құтылатын түрім жоқ. Содан ойлана келе жазушы Қабдеш ағамның адресін таптым да, «Көкшетаудан бір сәлем» деген өлең жазып, поштамен жібердім. Сол хатым көп ұзамай жетіпті. Өлеңімді оқыған Қабекең қарап жатсын ба, талантты азаматқа қиянат жасамайық деп, жан-жаққа хат жазыпты, ақыры аяғымдағы тұсау алынды. Содан бірден Алматыға тарттым. Келе салып Қабдеш ағамды іздедім. Бұрыннан таныс адамдай шұрқырасып табыстық.


 

– Алматыға келген соң да әдеби ортамен араласу оңай болмаған шығар.


 

– Әдеби ортамен араласу ол кез түгіл, қазірдің өзінде оңай емес қой… (күледі). Менде төлқұжат жоқ еді. Соны жасату керек болды. Тағы да Қабдеш аға мен Жағда аға көмек қолын созып, мені танитындарын айтып, шекарадан өткендегі тілімдей қағаз бойынша құжат алуыма жәрдемдесті. Содан кейін оқуым керек еді. Қабдеш мені ертті де, Киров университетіне (қазіргі ҚазҰУ) тартты. Онда белгілі әдебиеттанушы, сыншы Рымғали Нұрғалиевке ертіп барып, мән-жайымды түсіндірді. Ол кісі: «Ақын болсаң, өлең оқышы», – деді бетіме қарап. Мен «Туған жер», «Атажұрт» деген өлеңімді оқып едім: «Ой, дайын ақын екен ғой. Осы жақтың жазуын үйрендің бе?» – деді. «Білем, бірақ төте жазу ыңғайлы» деп күмілжіп ем: «Ұлылардың бәрі сол қаріппен жазған. Шығармашылықты сол жазумен жаза бер», – дегені. Сондағы қуанғанымды сұрамаңыз.


 

Содан оқуға түстім, үйлендім, жұмысқа тұрдым. Соның бәрінде Қабдеш Жұмаділовтің бір кісідей үлесі бар. Менің айдаудан құтылып, құжат алып, оқуға түсіп, үй болып, шаңырақ көтеруіме септескен ағамды қалай ғана ұятқа қалдырайын.


 

Қабекең менен басқа ештеңе талап еткен жоқ. «Жаз, өндіріп жаз, ұлттық поэзияның қуатын таныт», – деді. Шама-шарқымша жаздым. Қабекеңді ұятқа қалдырған жоқ шығармын деп ойлаймын.


 

– Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов шығармашылығының негізгі арқауы – ұлттық рух екені анық. Ол кісінің бүгінгі ұлттық әдебиеттегі орнын ешкім бәсейте алмайды. Оқырман ретінде айтыңызшы, қаламгердің қай шығармасын ерекше ұнатасыз?


 

– Ол кісіні көп адам «ұлт жазушысы» деп бағалайды. Бұл атақты билік немесе белгілі мекемелер берген жоқ, халық беріп отыр. Демек, шын баға, өлшеусіз баға. Мұндай атаққа әдебиетте жеткендер некен-саяқ. Демек, Қабдеш Жұмаділовтің кез келген шығармасы ұлттық бірегей мұра, құндылық. Өз басым барлық шығармасын оқыған адаммын. «Соңғы көш», «Дарабоз», «Тағдыр», «Таңғажайып дүние», «Қылкөпір»… Бұл романдардың қай-қайсысы болса да біздің рухани шамшырағымыз. Одан бөлек хикаяттары, әңгімелері, эсселері, мақалалары қаншама!


 

Егер қаламгердің өмірбаянына көз жүгіртсеңіз, ешкімге жалтақтамай, жалбақтамай, өз принципінен қайтпай келе жатқан санаулы тұлғаның бірі осы – Қабекең.

Ұлтқа қатысты мәселе көтерілер болса, Қабекең бетің бар, жүзің бар демейді, айтарын еш ірікпейді. Бұл қайсар мінез атадан дарыған болса керек. «Қаракөктің тұқымы» деген әдемі сөз бар ғой қазақта. Сол сөз Қабекеңе арналғандай.


 

– Әңгімеңізге рақмет!


 


 

Көкшетаудан бір сәлем


 

(Жазушы Қабдеш Жұмаділов ағама)


 

Қой бағып жүр дегенше,

Ой бағып жүр дегейсің.

Қойны-қонышын өлеңге

Қойма ғып жүр дегейсің.


 

 

Қойға кетті дегенше,

Ойға кетті дегейсің.

Өлең деген бір елге –

Тойға кетті дегейсің.


 

 

Не келмеді басыма,

Жыр жаздым таудың тасына.

Қабекең – менің аға екем,

Шақырып алшы қасыңа.


 

 

Мұз қатса да мұртыңа,

Заманның көнбей ырқына,

Соңғы көшін қазақтың

Қондырдың атажұртына.


 

 

Куәсіндей сол жылдың

Қилы-қилы жол жүрдің.

Сарғайып жүрген жұртыңды

Сары жұртына қондырдың.


 

Ыстығына күйдіріп,

Суығына тоңдырдың.

 

Солардың мен де бірі едім,

Ағыл да тегіл жыр едім.


 

Шақырып алшы жаныңа,

Осы еді соңғы тілегім.

 

Анау-мынау демейін,

Онан артық не дейін?.


 

Арманым еді талайғы,

Күн нұрындай арайлы

Алматыны көрейін,

Алмасын күнде терейін.


 

Алатаудай асқақтап,

Алауласын мерейім.

 

Шақырып алшы жаныңа,

Қан қосайын қаныңа.


 

Соңғы көштей сонылап,

Жыр жазайын тағы да.

 

Жемқорлар алтын өңгеріп,

Жетімдер жүр сенделіп.


 

Абайдан қалған у барды,

Ішелік, аға, тең бөліп.

 

Ұлылыққа жүгініп,

Ішелік, аға, сіміріп.

Жоғалғаны табылып,

Той жасасын ұлы жұрт.


 

Әңгімелескен Тоқтарәлі Таңжарық

Бөлісу:

Көп оқылғандар