Ғалым Жайлыбай: ТАМАКӨШКЕН (жоғалған кітаптың жалғыз беті)

Бөлісу:

31.05.2016 5695

АБАЙДЫҢ ИІСІ АҢҚЫП ТҰР...


 

Galım Jaylıbay. Ғалым Жайлыбай4.jpg

Бүгін Ғалым Жайлыбайдың "Тамакөшкен" атты поэмасын қолжазбасынан оқып шығып, көптен бері құлазыған көңілім орынына түскендей болды. Мұның алдында "Ақ сиса", "Қара орамалымен" тәнті еткен ақынның эпикалық қарымы ерен де, ересен бір арнаға түскені көрініп тұр. ХІХ ғасырда Ю.Лермонтовтың өзі :«Умчался век эпических поэм..." - деген-ді. ХХ ғасырда да бұл сөз өзінің өзектілігін жоймады. Заман өзгерді. Заманмен қоса өлең де, өре де өзгеруі керек-ті. ХХІ ғасырдағы алапат ақпарат, саяси һәм көркем дүниетаным ағысының жылдамдығы Күн сәулесінің шапшаңдығынан бірде кем болып тұрған жоқ; тіпті, олардан да жылдам ба деймін; әрі – қысқа, әрі – нұсқа көркем дүние болмаса, интернеттегі көзі қарақты оқырманды поэзияның сиқырымен арбап, өзіне тартып алуға екінің бірі, егіздің сыңарының ақындық қарым-қабілеті жете бермейді.

 


 

Жырдың болмыс-бітімі мен формасы да бөлек. Жырдан аштықта қырылған қазақтың қасіретті көз жасы көлдей боп төгіліп, Сәкендердің өзегінде кеткен өкініш пен өксік көкіректі сыздатады. Ыршыған шумақтарының әр жолынан Сайдалы Сары Тоқаның мұңды сарыны еседі. Автор поэманың біраз жерінде өлеңді жиып қойып, қара сөзге көшіп кетеді. Ғалымның қара сөзіне арқау болған дүниені одан басқа шәйір, жамбасына салып жіберсе, 15-20 шумақтай өлеңге айналып кетер ме еді, қайтер еді? Оның түрі өлең болғанмен, түбі тақылдаған тақпақ, құлақты сарсылтқан ескі сарын, көңіл көншітпейтін көбік сөз болар еді... 


 

Ақынның қасиетті өлеңге деген ілтифат-құрметі поэманың күллі жұлын-жүйесінен көзге ұрып, көрініп тұрады. Өзінің ақындық, азаматтық тағдыр-таланын Ұлы Мәртебелі Поэзияның басына байлаған адамға "шөп те – өлең, шөңге де өлең" емес екенін осы жыр тайға таңба басқандай, көзге шұқып көрсетеді; Александр Блок айтқандай, ақын деген – кілең жылтыр сөзді теріп, жылмағай ұйқаспен елдің миын ашытатын кәнігі кәсіпқой, классиктердің ел-жұртқа мәшһүр өлеңдерінен қайта-қайта вариция жасап, өлеңді тумай, жансыз қуыршақтай қолдан жасайтын, қара басының гөй-гөйін күйіттеген қайдағы бір біреу емес, адамзат тарихында ерекше орыны бар, Құдайдың бір құбылысы болса керек-ті.


 

Арғы, бергі дүниеде қызыл тілін безеп, өзеуреген өлеңшінің көп, айтпағы терең, астары мол, жан-дүниесі тылсым хикметке кенелген Ақынның саусақпен санарлықтай аз болатыны да содан. Қазақтың, қайда жүрсе де, өлеңде де, өмірде де адастырмайтын Абай дейтін темірқазығы бар; қазақ жырындағы Абай дәстүрі – еуропалық өлең мәдениеті қалыптасқалы қашан; Мағжан, Қасымдармен қанаттанып, Тұманбай, Мұқағали, Қадыр, Өтежан, Жұмекен, Фаризалармен кемеліне келген ұлттық жырымызға бүгін тағы бір тамаша туынды келіп қосылды.Оның тұла бойынан Абайдың иісі аңқып тұр...


 


 

Серік Ақсұңқарұлы


 

 

ПОЭМА


 

 

... Жағы түкті жылқы айуан,

Иесін қайда жаяу салмаған.

Жалп-жалп еткен жапалақ

Жазыда кімге жолдас болмаған.

Сары шыпшықтай шырлатып

Ғазырейіл кімдерге құрық салмаған,

Сақалына сары шіркей ұялап,

Миығына қара шыбын балалап,

Жазыда мал іздеген қазақтың

Басы қайда қалмаған.


 

Шалкиіз 


 


 

... 1928 жылы қыркүйектің үшінші жұлдызында Арқа жерінде ұйымдастырылған Сарысу ауданының орталығы Ақкеңсе деп аталады. Бұрынғы бес болыс Тама, екі болыс Тарақты он бес ауыл осы жаңа ауданның құрамына енді. 


 

Сталиннің «Кіші Қазан» төңкерісі, байларды кәмпескелеу, «Қара ноғай» оқиғасы, Созақ көтерілісі бір-біріне жалғасқан елдің үрейін алар оқиғалар болды. 1927 – 28 жылдардағы мал-мүлкі тәркіленгендер ішінде жағалбайлы Арғынбай балалары Өксікбай, Қақу, айдарбалта Иманбек, Әуесбек, шақа Түсіпбек (Ықылас Дүкенұлының баласы), шажа Кеңгөлдің Ақбергені, ноғайлы Түсіп, жабал Жанбектің Төленбегі секілді байлар кәмпескеге іліккен. Олардың арасында тарақты руынан бірде-бір адам жоқ. Арып ашқан ел 1932 жылы қарашаның 24 жұлдызында Әулиеатаны бетке алып босты. Аштықтан, жұттан қырылған елдің Шабақты өзенінің бойына, Байқадамға жеткені 500-дей түтін ғана. Ал Сарысу өзені бойынан кеткен ел екі жарым мыңнан аса шаңырақ болатын.


 


 

(дерек көздерінен)


 

 

 

Дүниеде алай-түлей,

астан-кестең,

Бұл қазақ сан тағдырды бастан кешкен.

Баяны жоқ ғұмырда байыз таппай

астаң-кестең тірліктен қашқан,

көшкен...


 

 

 

Көлдері болса дағы шалқар, 

нұрлы,

Бұл қазақ бастан кешкен сан тағдырды.

Бар иті замандардың шәуілдеген –

Тарихы біздің елдің қалқам мұңлы.


 

 

 

Бабалар батыр еді,

өр, текті еді,

Кәдімгі Ертөстіктей ертектегі.

Қолыма қалам алдым енді бүгін

Өлеңнің өрнегімен зер төккелі.


 

 

 

Айтқалы бүтін сөзін ендігінің,

Қолыма қалам алдым енді бүгін.

Азаптың аңызағы аңыратты

Қазақтың желді күнін,

шерлі күнін.


 

 

 

Шалқытар шалқарыңды шабыт та ағын,

Үстімен туған жердің қалықтадым.

Қауызына сыймай өскен жанның гүлі –

аузыма сөз сала гөр, жарық таңым!


 

 

 

Аян ғой бұл фәнидің мәңгі емесі,

Жүзсе де айдыныңда ар кемесі.

Қуырар табаға сап рухыңды

Жиырмасыншы ғасырдың қанды елесі.


 

 

 

Ол жайлы Сарыарқаның белі айтады,

желі айтады,

жаныңды жеп айтады.

Бүгінге аман жеткен ері айтады –

Жазира Жаңаарқаның елі айтады.


 

 

 

Түскенде талапайға тағдырлары,

Ағалар арман айтқан алдымдағы.

... Жусанның жанарынан жас көргенмін

Қараған тамырында қанның дағы.


 

 

 

Таппадым көш жолынан көңіл емін,

Не деген түкке тұрмас өмір едің?...

...Бетпақтың бедеу белі бедірейсе

Елсізде екіндіде еңіредім.


 

 

 

Алланың добы екен ғой,

басың, 

Адам,

көзіңнің кеппей қалса-жасы жаман.

Тағдырың талапайға түскен сонда

Тәспихтың тасындай боп шашыраған.


 

 

 

Тұлпарын үлгерместен таңасырып,

Ақ таңда алабұртып, 

аласұрып.

Бетке алып Қаратауды тартқан дейді –

Арқадан ауа көшкен, 

нағашы жұрт.


 

 

 

Ерлері асып талай туды Алаштан,

Тағдырдың тайғақ жолы

қуған, асқан.

Арқадан ауа көшкен қалың Тама

Бетке алып Қаратауды Шудан асқан.


 

 

 

Ер едің,

сан айқаста жолың болған,

Жасалды бетпақ жонда қорым қолдан.

Таманың басып кеткен ізін көрдім –

Уфадан,

Қазан,

Орал,

Орынбордан.


 

 

 

Еріксіз келген кезде көш реті,

Мынау ел қайда тартты осы беті?...

Алыс па ең Арқа менен Шу арасы

Қан ішкен мың тоғыз жүз отыз екі.


 

 

 

Бұл елдің бағыланы,

саңылағы,

Арқадан ауа көшіп аңырады.

...Солардың ізін кесіп жолға шықтым –

Қолда! – деп Қарабура әруағы.


 

 

 

Басынан Қаратаудай қара нардың,

Көз салып көш жолына қарағанмын.

Тасыбай,

Жолдыбайдай қос әулие –

Басыңа түнеп барып қалам алдым.


 

 

 

Жайқалса ұрпағыңның кемел бағы,

Күні ертең бір сөз қалар менен-дағы.

Қол жайып сапарыма батаңды бер –

Ел сүйген Еруекең – ел ардағы.


 

 

 

Ел сүйген Ерубайдай ел ұраны,

Бітпейді ұрпақ барда өмір әні.

Арыңның омырауы қан ағызса –

Жанымның қоңырауы қағылады.


 

 

 

Барыңды қалмай уақыт тонап алып,

Кетсе екен мынау көштің жолы ағарып.

Алдымды алдаспанмен аласташы –

Қазанда қан жаудырған Шора, Нәрік!


 

 

 

Мынау көш 

қаралы көш,

жаралы көш,

Жапсарын білгің келсе маған ілес!

Айрылған жалғызынан ананы кеш –

Арқадан ауа көшкен Таманы кеш!


 

 

 

Кеш бәрін,

аспандағы ай,

кештің бе оны,

Бұл ғұмыр – жалғыз сәуле бес күндегі.

Кеңесті керемет деп ес білгелі –

Көмескі тартып кетті көштің жолы.


 

 

 

Жыл өткен,

одан бері ғасыр өткен,

Жылжымай көш-керуен қасіреттен.

Батпаққа бақыт-бағы бата-бата –

Бетпақта бабалардың басы кеткен.


 

 

 

Кеппеген көздерінің жасы қарғам,

Бабаңның бетпақ жонда басы қалған.

Шашылған сүйектерін тасып алғам –

Арайы азаттықтың – Асыл Арман!


 

 

 

Үзілген ортасынан талай әні,

Сарысу!

қандай ғажап саяң әлі.

Қайғы мен көз жасынан жаралған жұрт

Бауырында Қаратаудың қараяды.


 

 

 

Көзімнің демесем де жасы кепті,

Жыл өтті,

содан бері ғасыр өтті.

...Ықылас қобызының сағағындай –

Сүгірдің күйлеріндей қасиетті.


 

 

 

Нәр іздеп ала таңнан,

қара кештен,

Есінен көш-керуен тана көшкен.

Сол жайлы не айтасың самал ескен

Сондағы соқпақ анау Тамакөшкен.

Тамакөшкен...


 


 

* * *


 


 

Бетбақтың белі бедерсіз,

бедерсіз шөлге не дерсіз?..

Талатқан тағдыр – тазыға –

Жаратқан,

қандай шеберсіз.

Байланып жіпке көгенсіз,

айналып қайта келерсіз.

Таңдайға тамшы тамызбай –

Маңдайға жазса не дерсіз?


 

 

 

Тіршілік бұрып арнасын,

Тамаға басқан таңбасын.

«Асыра сілтеу болмасын

Аша бір тұяқ қалмасын!»


 

 

 

Өтсе де жылдар арада,

таупық бер, тәңір,

Тамаға.

Толқын ғой ел де

торықса –

Бас ұрып өлер жағаға.


 

 

 

Қара түн соңы

қара күн!

Сол кездің айтшы хабарын.

...Жаратқаныма жалынып –

Қабақтарыңа қарадым.

Иә, солай енді қарағым,

Жайымды ұқсаң жарадың.

Торғайдай тозған Таманың –

Артынан қуып барамын...


 

 

Бірінші желі


 

 

Айрылып ана ұлынан,

аға достан,

Мына қос хабар алмай ана қостан.

Қар жауған қарашада 

ұбап-шұбап

Бетке алып Қаратауды Тама босқан.


 

 

 

Шыңғыртып айтар болсаң,

шының дәлел,

Соқпаған оң жағынан бұрын да жел.

Бетпақтың бетпақ жонын қиялады – 

Босқан ел,

жылаған ел,

шұбырған ел.


 

 

 

Мынау жұрт жаралғандай шер – құсадан,

Не деген жаны сірі көнбіс адам.

Ақкеңсе,

Қаражартас,

Қамысмола,

Түгіскен түске ене ме енді саған?


 

 

 

Ей, тағдыр,

қасарыс сен,

қасарып қал!

Бұл босу тірлік емес аса құптар.

... Ошақта жылтыраған отты аңдиды

Ауысқан ақыл-есі ашарықтар.


 

 

 

Өмір бұл,

еш пенденің өлгісі жоқ,

Жаңғырар жадымызда шерлі сурет.

Шұбырып үздік-создық босқан елі –

Бетпақта бедері жоқ,

белгісі жоқ.


 

 

 

Бетпақтың болған талай шеті қоныс,

Малына жусан, 

көде, 

оты да өріс.

Шу жақтан шұғыла іздеп шұбырады –

Таманың тармақтары жеті болыс.


 

 

 

Кім көрген босқан елдің қиыр көшін,

Сол көштен енді ғана жиылды есім...

Тұғырдан тайып кету түкке тұрмас –

Шыбын жан шүберекке түйілгесін.


 

 

 

... Елсізде ессіз боран аңырасын,

Шаршайсың,

шалдығасың,

шағыласың.

... Шоманнан тараған жұрт жаяу – жалпы

аударып дорбасынан қағып асын.


 

 

 

Тілейді тәңірінен таңғы асты олар,

маң мінез,

шаруа баққан марғасқалар.

Сүрініп қу томарға арысы өлген

аңдыса алмай қоймас албасты ажал.


 

 

 

Кезіксе көктем алдан көгере ме,

Бастағы жалғыз сауал

неге,

неге?

...Омырауын шандып алып келін жатыр –

Сүйеніп кейуана тұр керегеге.


 

 

 

Аш құрсақ уайым барда,

алаң барда,

көзіңді шұқиды ма жаман қарға.

Үмбетін Мұхамедтің мансұқ еткен –

Құдайдың құдіретіне амал бар ма?


 

 

 

Жаратқан,

көз ұшында қашық бел тұр,

келтірсең осыларға нәсіп келтір!

...сүзектен үш немере қатар құлап –

емшегін көкке сауды Әсіп кемпір.


 

 

 

Пенденің қайғы-шері іште өле ме,

Кірмейді бір жақсылық түске неге?

...Бет сипап бесін ауа Бетпақ жонда –

Көмусіз қала берді үш немере.


 

 

 

_________________


 

Шоман – ру атауы


 


 

Адамзат жолықпасын шерлі күнге,

Қозғайын бұл қайғымды енді кімге?

Үш арман ада болды айдалада

Үш үміт қатар сөнді желді күнде.


 

 

 

Қалмады жұртта сенім,

күнде шырай,

Елсізде қатар жүзді мінгесіп Ай.

Қайран ел қарашада 

қар боранда –

Қайғының қайығына мінді осылай.


 

 

 

Тағдырға пенде біткен бас ұра ма,

Көзінің тамбай қалған жасы ғана.

Жалт қарап керегенің торкөзінен –

Аттанып кете барды Әсіп Ана.

 

 

Жанынан тамшыласа жан шуағы,

Рухың жетім қалып жаншылады.

...Аттанып кете барды Әсіп ана

Шоманның бірге сөнді бар шырағы...


 

 

 

* * *


 

Заман құбылған,

адам тұғырдан:

Тайған сол күнде –

«Шоман қырылған»


 

 

 

Сай ма ол

Мола ма?

Көз жасқа тола ма?..

Ал сен не айтасың –

Жүнді оба,

Сары оба?


 

 

 

Жылаған,

Қиналған,

Үзіліп күй қалған.

Көмусіз ел қалған –

тігулі үй қалған.


 

 

 

Тірліктің қиыны,

Келмеген иіні –

...Күзектің моласы

Бұрқының биігі.


 

 

 

Қастерлі,

Киелі,

Жыр елі,

Күй елі.

Шашылған осында 

Бабаңның сүйегі.


 

 

 

Шудың ақ таңында,

Жол бастар көргендер.

Бозтөбе маңында –

Молдастар өлген жер.


 

 

 

Заман құбылған,

адам тұғырдан:

тайған сол күнде –

«Шоман қырылған».


 

 

 

* * *


 

...1946 жылдарға дейін Бетбақдалаға ел аяғын баспады. «Шоман қырылған» сайды алғаш көргендер соғыс біткеннен кейін бір жылдан соң Қу бойына егін егуге шыққан біздің елдің адамдары. Олар тігулі қалған киіз үйлерге, шашылған мәйіттерге ұшырасқан. Адам сүйектерін, бас қаңқаларын, шаштарын жинап жерлегендердің арасында сенің әкең Торғай, менің әкем Оразалы болған.


 

Осы сұмдықты көзімен көрген халық ақыны Бұралқы Құдайбергенұлы:


 

Құлазыған құмайт бел,

Арыған неге мұнша ел.

Елес беріп есіл ер –

Еске түсер қайран жер – деп жылапты.


 

Арқадан босқан Тама, Тарақтының Шу бойына аман жеткені 1934 жылғы санақ бойынша 4 мыңға жетер-жетпес. Шұбырған 15 мыңға жуық халықтың қалғаны Бетпақтың бедерсіз белінде аштан қырылған.


 

 

(Ел ақсақалы, қарт ұстаз, өлкетанушы Жақсыбай Сүлейменовтың естелігінен).

 


 

___________

Молдас – ру аты


 


 

Бірінші шегініс

 

 

Бетбақта Мұңлы, Қулы тау аттары,

Жазылар бара қалсаң сауапқа әлі.

Жұқалап жұт жылынан сауал қойсам –

Қос таудың әзір ме екен жауаптары?


 

 

 

Бетпақта мұнартатын

Мұңлы,

Қулы,

Пендені жүрегі бар мұңды қылды.

Тұндырып жанарымды тұма жасқа –

Шыңғырып айтпайсың ба шындығыңды?..


 

 

 

Әйтеуір көңілдердің осы алаңы,

Сол сөзді сенен бәрі тосады әлі.

Шалқия,

Кенжебайсай,

Жұма обасы –

Арқарлы,

Бестау,

Қылыш,

Қосағалы.


 

 

 

Боздағым,

кіріп өлген құмға басы,

Уақыттың жоқ алдымда жылнамасы.

Сексеуіл,

баялышы,

қу томары –

Бетбақтың не көрмеген бұл даласы.


 

 

 

Ел еді шуақ іздеп Шуға аттанған,

Тұлпардан түгі жидіп тулақ қалған.

Шашылып 

Мұңлы, Қулы

маңайында –

Сүйегі талайлардың қурап қалған.


 

 

 

Шайтаны от ойнатқан түнде түмен,

Іңірде ібілісін індетіп ем.

Бөктерде шибөрісі бөрісінген –

Бетпақ шөл, 

не көрмеген қу мекиен?..


 

 

 

... Мұңлы тау!

Сен қосасың мұңды мұңға,

Шындығың бастамайды нұрлы ұғымға.

... Жадымда желмен жеткен бір аңыз бар –

бағзыда қазақ-қалмақ қырғынында.


 

 

 

Шеменді шежіресі шерлі Алашым,

ойымды түсінетін сен ғанасың.

Жоңғарлар жойқын күшпен 

шаппақ болған – 

Қазақтың ұланғайыр кең даласын.


 

 

 

Кім білсін тосылғанын,

шошынғанын,

жорыққа жоңғар қолы жосылды ағын.

Жортса да қалың түмен ай,

апталап –

алдынан кезікпепті қосын қалың.


 

 

 

Бітер – деп бұл қазақтың саудасы әлі,

Жортады,

қырды кезіп

тауды асады.

Ас – суы азайған соң

құла дүзде –

тізгінін тартқан екен жау жасағы.


 

 

 

Жанады жауыздықтың бағы қалай,

Кеңескен,

кең даладан тауып арай:

Қос тігіп қосын қонып біз күтеміз –

Аттансын он мың әскер әрі қарай!


 

 

 

Қарсыда ешкім оған тең келмейді,

Жау қолы батыр дейді,

мерген дейді.

арада ай өткенде әлгі он мыңның

екеуі шалажансар келген дейді.


 

 

 

Қолбасы бар жасақтың мұңын мұңдар,

ақырған:

қай маңайда қырылдыңдар?

Айтыңдар, 

қандай жауға кезіктіңдер –

Бұл күйге қалай ғана ұрындыңдар?


 

 

 

Қос жоңғар арып-ашып келген ана,

Білмедік – ит пен құсқа жем бола ма?

нәр сызбай,

бағыты жоқ,

бағдары жоқ –

Қырылды қалың әскер иен далада.


 

 

 

Сол кезде әскербасы күйіп,

кеуіп,

Жасаққа бұйырыпты иық керіп;

Бес жүзің мына екеуін алдыңа сап

Көміңдер мәйіттерді жиып, теріп!


 

 

 

Ақтарсам өткен күннің күнделігін,

Жапан дүз ұсынып ед кімге гүлін?

...Аттанған бұйрық алып әлгі жасақ

Мәйіттің таба алмапты бір де бірін.


 

 

 

Мынау жер кімге де ажал құштырады,

Елсізде естілмейді құстың әні.

Бұл дала қан – сөлі жоқ – Бетпақ Дала

Көшкен құм ышқынады,

ысқырады...


 

 

 

Аңыздың сарынында салмақ та тұр,

Сол жасақ одан әрі бармапты ақыр.

Бұл Бетпақ бәрімізді қырмай тұрып

Қайтпасақ болмас – депті қалмақ батыр.


 

 

 

...Ол жайлы сахараның өзі айтады,

Көненің көп жасаған көзі айтады.

Бетпақ бел содан бері –

Бетпақдала –

Ескінің есте қалған сөзі айтады.


 

 

 

Заманның қайта айналып сұмдығы ұрды,

Қай жасын тілгілеген түндігіңді?

Ақыннан аңыз тыңдап аңыраймай –

Сен бір сәт тіл қатсаңшы,

Мұңлы, Қулы!


 

 

 

Қар борап қарашада,

күн бүлінді.

Сен бірақ айтпайсың-ау,

шындығыңды.

...Бауырыңда көктей солған көп Таманың –

Көк тасы өзің шығар,

Мұңлы, Қулы!


 

 

 

* * * 


 

«...Сарысу ауданындағы 7000 қожалықтан тек 500-дей қожалық қалған, өзгелері Әулиеатаға және басқа аудандарға көшіп кеткен, ал бірсыпырасы тіпті Қырғызстанға ауып барған. Қараша айында осы ауданнан әлденеше жүздеген қазақ тайлы таяғы қалмай шұбырып ұзақ жолға шыққан. Осы жол үстінде олардың біразы қаза тапқан. Қаңтардың екінші бескүндігінде ғана 24 адамның сүйегі табылған. Жолда оларға қарулы қарақшылар шабуыл жасаған. Шарасы қалмаған әйелдер балаларын суға лақтырған. 5-6 қаңтарда Әулиеатаның шайханаларында үсіп өлген 20 баланың сүйектері жинап алынған және сол мерзім аралығында 84 ересек адам аштан өлген».


 

(Сарысу ауданы жөнінде уәкіл болған Ораз Жандосовтың мәліметтеріне сүйеніп 1933 жылы 9 наурызда Тұрар Рысқұловтың Иосиф Сталинге жазған хатынан).


 

 

 

Тұрар аға!

иман берсін құдайым,

Шындығымның сен ашқансың шырайын.

...Аштан өлген екі миллион қазақтың –

Құнын кімнен сұрайын?..


 

 

 

Құла дүзде қирап жұрттың қосы қап,

Тағдырының тауқыметін тосып ап.

...Тарихымның қанмен басқан таңбасы –

Сталинге Тұрар жазған осы хат.


 

 

 

Ақиқаттан жаралғанда әлемі,

Бозторғайдың бебеу қағар әуені.

...Қыран болып қалқу үшін көгімде –

Тұрар болып туу керек әуелі.


 

 

 

Шыр-пыр болып шырылдаса шығанда ел,

Мұнартады,

мұңаяды мұнар бел.

...Ботаң үшін бозқасқаңды айтарсың –

Отан үшін 

Ораз бол да,

Тұрар бол!


 

 

 

Жазирада жолыға ма жаз алдан,

Мынау халық қайтпаса екен базардан.

От ішінде 

Ораз,

Сәкен,

Тұрар жүр –

Алаш жұртын арашалап ажалдан.


 

 

 

Жар бола гөр,

бір құдай!

ғұмыр осы жанып-сөнген шырпыдай.

Айдалада ай сынығын сыналап –

Үркердей боп үркіп босқан, жұртым-ай...


 

 

Екінші желі


 

 

... Жер үстімен келеді,

Қиналғандар келеді.

Қайғы арқалап жан-жақтан

Жиналғандар келеді.


 

 

 

Түйесі бар бір тобы,

Жазықта озып келеді.

бір-бірінен үркеді –

қажып,

тозып келеді.


 

 

 

Бетпақ жонның бедері,

тұнығыңды көмеді.

Босып кеткен көп елі –

Шұбырынды келеді.


 

 

 

Ұрлап сойған тоқтыңды,

жария боп қалады.

Көздің жасы көп күнгі

дария боп ағады.


 

 

 

Мансұқ болған мақсаттар,

жабығады,

желеді.

соқыр кемпір,

ақсақ шал –

бәрі-бәрі келеді.


 

 

 

Жолсыздықтың бұл жермен,

ғаріп жолы келеді.

Жақындары күнде өлген –

Әліп – Жөгі келеді.


 

 

 

Абызынан бата алған,

Санатты да келеді.

Екі болыс атанған –

Тарақты да келеді.


 

 

 

Мазақ оты маздаған,

алаң, қайғы келеді.

Алшын,

Шеркеш,

аздаған –

Жағалбайлы келеді.


 

 

 

Жігерлері жасыған,

Нала қосып келеді.

Бағы қашқан басынан

Тама босып келеді.


 

 

 

Пенде кеткен ұсақтап,

Қайдан кесір келеді?..

Жалғыз ұлын құшақтап

Айман жесір келеді.


 

 

 

Есі кеткен елес ең,

Ел аш кілең келеді.

...Жер үстімен демесең

Жер астымен келеді.


 

 

 

__________________________________________

Әліп, Жөгі, Тарақты, Алшын, Шеркеш, Жағалбайлы – ру атаулары


 


 

* * *


 

– А, а, а, а,

Көш,

Көш,

Көш!

Қош,

Қош,

Қош!

... түстен шошып оянды жесір Айман,

Қара пәле көрінді осы қайдан?

тура келсе ажалдың айдаһары –

қайран пенде,

бар ма еді тосын айлаң?..


 

 

 

Аш бөрілер түн бойы қалған ұлып,

Жатыр екен жалғызын жарға жығып...

Таң атқанда қораға қайғы кірді

Жаратқанға қайтейін, жалбарынып


 

 

 

артқа тастап түнеген сағананы,

алға жылжып екеуі барады әні...

Өмірі айбар шекпеген еш адамға

Жебір ойлар жесірді қамалады.


 

 

 

Қасіреттің бір күйін қозғайды іші,

Құба дүздің қалқиды озбай құсы.

Босқан елдің бұларда шаруасы жоқ –

Әр пенденің өзінде өз қайғысы.


 

 

 

Ей, Замана!

жанына тиме жұрттың,

Көңіліңнің күйігін күйден ұқтым.

Қарашада тамыры қараяды –

майжапырақ,

теріскен,

күйреуіктің...


 

 

 

Қойсаң еді жүрекке шемен екпей,

төменшіктеп қалғандай төбе,

беткей,

Бағдары жоқ,

беті жоқ өмір осы –

Елсіз жонда зыр қаққан ебелектей.


 

 

 

Айман байғұс жан еді асыл,

дара,

Парлап аққан көзінің жасын қара!

...сәске түстен ауғанда ауру меңдеп

Сандырақтап сөйледі Нәсір бала.


 

 

 

Біз салмаған тірліктің көп қой әні,

Қарашада қара жел бетті ояды.

...Сандырақтап сөйлеген Нәсір бала

Көке,

Көке, қайдасың? – деп қояды.


 

 

 

Татығаны-ай,

сол күні ғалам кермек,

Енді қандай бұл Айман амал көрмек.

...Бір құбыжық таянды түске қарай –

Мына бала ауырған,

Маған бер, – деп.


 

 

 

Болса – дағы рухың аса мықты,

Аспан!

Сонда көзіңнен жас ағыпты.

Мынау құзғын ұлының етін жемек

Алғаш рет көргені аш-арықты...


 

 

 

Қарғыс айтсақ не тынар

шақтарға өткен,

Қорқау осы бағыланды 

тартқан,

кеткен...

Азу тісі ақсиған аш – арықтан

арашалап алыпты арттан жеткен...


 

 

 

Сол бір күнді атқан жоқ қарғыс әлі,

Айман сорлы қападан қан құсады.

...Екеуінің соңына ілесіп ап –

Адамжегіш аш – арық аңдысады.


 

 

 

Ел еңіре,

ал енді

дала шула!

алғасу ма бұл тірлік

адасу ма?

 

 

Қараң-құраң шұбырып қараңғыда – 

таң бозында ілікті Қарасуға.


 

 

 

Тұла бойын адамның түршіктіріп,

Сәл аялдап,

Содан соң ыршып тұрып.

Жалғыз ұлы Нәсірін Айман сонда

Қарасуға батырды тұншықтырып..


 

 

 

Сор айнала,

сор басса солай, жаным,

Зобалаңнан көз ашпай зораймадым.

Бір жақсылық қимаған сонда адамға –

Заман да бір Қарасу деп ойладым.


 

 

 

Қырдан асып ғазауат ғасыр кеткен,

алақұйын ішінде асыл кеткен.

...Боздағанын естіп пе ең 

бозінгеннің –

Қарасуды көрдің бе – Нәсіркеткен?


 

 

 

Жапалаққа айтады жар, құз әнін,

Жел естіді Ананың таңғы зарын.

Содан бері Айманның дерегі жоқ –

Мен де жырға қоспаймын арғы жағын...


 

 

 

Екінші шегініс


 

Беу, Қаратау!

Көргенсің талай көшті,

Небір аңыз бауырыңнан тарайды есті.

Өмір іздеп өзіңе қарай көшті –

Азап кешті бұл қазақ

арай кешті...


 

 

 

сен куәсі жылдардың,

замандардың,

замандардың зарына алаңдармын.

Бар Отаудың шырағы сөнетіндей

Қаратаудың қабағы қабарған күн...


 

 

 

... «Елім-айдан» ұлағат ұққан ұлан,

тұғырына қазақтың тұтқа бұл ән.

Боталары отығар боздап жетсе –

Қаратаудың қойнауы құт дарыған.


 

 

 

Сен көргенсің қиынды,

қиырларды,

желді күнді,

дауылды,

құйындарды.

...Тоқтап қалың керуен көш осында –

Соқпақтарың қанша рет шиырланды?..


 

 

 

Беу, Қаратау,

дара тау,

жыр – қайнарым,

тіршіліктің ел енді шырқайды әнін.

Жетегінен құтылып

жетіліпті –

Көшкен сайын бос келген бір тайлағың.


 

 

 

Ей, Қаратау,

арлы тау,

армандасым,

сырымды ашам өзіңе бар болғасын.

Жауын шайып шайлыққан,

ғасыр сүртсін –

Бұл қазақтың тасыңа тамған жасын.


 

 

 

Шемен қатып 

ішіңде

шерің өлген,

Бауырыңнан байтақ ел Өмір емген.

...Бөлісейін өзіңмен бар қайғымды –

Көрісейін, Қаратау,

сенімен мен!..


 

 

 

* * * 


 

Соқпағы сорға айналып дүздің ауыр,

Шайқаған шаңырағын күзгі дауыл.

...Хиросима қайғысы жайлы

айтасың –

ал мынау – біздің ауыл!


 

 

 

Шетінен текті туған

бабам асыл,

салады сағым жылдар санада асыр.

...Қараңдап қырдан асып ғайып болды –

Қазақтың басындағы қара ғасыр.


 

 

 

Обаға бастап барар тастан өрген,

Сүреңсіз сүрлеу көргем қасқа белден.

...Заманның зар илеткен иірімінде

Бабамның басы қалған аштан өлген.


 

 

 

Аяғын арғымақтың тұсап ұран,

Біз, көке,

жаралғанбыз құсалыдан...

Тарихтың таразысы

безбендесе –

сол күндер құсады қан...


 

 

 

Иә, солай,

шідер көрдім,

көген көрдім,

өксіген өткенімнен өлең көрдім.

Бас алған,

шаш ал – десе саясаты –

Сталин,

Голощекин дегендердің.


 

 

 

Сор дала,

жолға айналмай 

сорға айналдың,

Сор жұттым сол кезеңде

оңбай қалдым...

Бетпақта белгісі жоқ бейіттерге –

Әкеме еріп барып қол жайғанмын.


 

 

 

Атылды, 

арып ашты,

қанша ауды адам?

Құтылмай жарық таңда жан сауғадан...

Қарағым, біздің тарих

шерлі тарих –

Ішінен парағының қан саулаған.


 

 

 

танғанда заман естен 

адам естен,

Сарнаған сарыбелден самал ескен...

Жоғалған сол кітаптың жалғыз беті –

Тама босқан немесе

Тамакөшкен...


 

 

 

... ұрпақ бар аққу құстай таза демі,

қанатын көкке самғап жазады елі.

дауылын дәрия өмір жолықтырмай –

бауырың бүтін болсын, ҚАЗАҚ ЕЛІ!


 

 

 

Қайғыңның қайрағына қайралайын,

түніңде жұлдыз санап,

Ай қарайын.

Сен менің тағдырымсың – ҚАЗАҚСТАН –

Сен менің жан-нұрымсың, айналайын!


 

 

 

Аман бол,

арда туған 

халқым, елім,

жолымен мәңгіліктің тартып едің.

Сен менің жалғызымсың – ҚАЗАҚСТАН –

Жаратқан жар бола гөр,

бар тілегім!

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар