Қарман Қомаңовтың әңгімелері

Бөлісу:

31.05.2016 3281


13342272_1725998034314911_1310220539_n.jpg

Қарман Қомаңов 1952 жылы Қытайда дүниеге келген. Шыңжаң университетінің «тарих-философия» мамандығы бойынша оқыған. Кейін әдебиеттен арнайы курсте білім алған. Шыңжаң өлкелік жазушылар одағының мүшесі. 5 кітаптың авторы. «Нарық заман хикаясы» атты әңгіме-повесттер жинағы, «Ақ жаңбыр» атты романы қоғамда, әдеби қауым ортасында жақсы аңыс қозғаған. Аталмыш роман қытайдағы аз ұлттар әдебиетін саралап-талдау барысында 2015 жылы қайта басылып шықты. Сонымен бірге Қарман Қомаңовтың көптеген ғылыми-тарихи мақалалары жарық көрген. Ол микро әңгіме жазудың хас шебері ретінде де танымал жазушы.



Бағалау


-  Қаламгерлерге сыйлық беріледі, -деген жиын басқарушының дауысы көтеріңкі шықты. Сол-ақ екен зал толы адам ду қол соқты. Осы кезде алдыңғы орындықта отырған екі әйел күбірлесе қалды:

-   Кімдер алады екен оны?

-  Кімдер болушы еді, әйгілілер алады да.

-  Онда үштің бірі болып айтыскер Құрман ілінеді деші, ол төкпе ақын ғой, ол төккенде таңның атысы, күннің батысын білмей қалады. Тыңдаушы жұрт та қара шыбынша үймелейді. Әйелі Күләй қайта-қайта шай қайнатып құйып дегендей тыным таппайды екен. Соңында тұралап жығылып түседі, байқұс.

Жиын басқарушының дауысы тағы саңқылдай жөнелді. Бұл жолы зал іші шыбын ызыңы естілердей жым-жырт күй кешті.

-  Атағы алты алашқа әйгілі айтыс ақыны Құрман Құмарұлы, алты кітаптың авторы романыс Сақарман Сәрсенұлы, қаламынан бал тамған, маржан сөздің майталманы жазба ақын Қанай Ақтайұлы сахнаға шығып төрден орын алсын! Тағы ду қол шапалақ соғылды. Сәл кідірістен кейін Төбебай бастық кеудесін кере, аяғын алшаңдай басып мінберге шықты. Ол текедей таңдалған үш қаламгермен бір-бірден қол алысып, бәріне бірдей 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық берді. Ду қол шапалақ. Салтанатты рәсім салтанатпен аяқталды.

Жиыннан соң еңбектері бағалағанғанына риза болған үшеуі айналасымен қуанышын бөлісіп, көңілдерін көтерді. Кешке қарай Құрман үйіне кіріп барғанда үйіндегілер теледидар көріп отыр екен. Кешкі жаңалықтың уақыты. «Бүгін ауданымыздың руханият саласында қызмет етіп жүрген бір қатар ақын-жазушылардың еңбегі бағаланып, марапатталды. Қашанда халқымыздың рухани саласынан естен шығармайтын аудан әкімі арнайы жиналыс өткізіп, оларға ақшалай сыйлықтар берілді» - деген жаңалық жарқ ете қалғанда үй іші теледидар алдына ентелей, «Сақарман ағаны қара, әкем мұнда отыр» деп мәз болысты. Құрманның кіші ұлы әкесін құшақтай алып:

-  Әке, сыйлығыңыз құтты болсын! Әне сізді көрсетіп жатыр – деп теледидарды нұсқады.

-  Иә, балам, рахмет! Сыйлықты сендерге беремін, - деді әкесі былқылдақ орындыққа маңғаздана жайғасып жатып. Құрман жайланып отырып теледидарға енді қарай бергені сол еді, қаламгерлер туралы хабар аяқталып, ентігіп екінші жаңалық шыға келді. «Бүгін сонымен қатар жергілікті төбеттерді бағалау, сыйлау жиналысы өтті. Жиналыс өте дабыралы болды. Төбеттерді арнайы комисся бағалап I орын алған төбетке 300 мың теңге, II орынға 200 мың теңге, III орынға лайық болған төбетке 100 мың теңге ақшалай сыйлық берілді және бұдан былай олардың күтіміне аудандық бюджеттен арнайы ақша бөліп тұратын болды»  -деп диктор жігіт саңқылдап, сарнап қоябергені. Әлгінде ғана мәре-сәре болып отырған үй ішін көңілсіздік басып, ақшамның алакөлекеңесі тіпті де күңгірттендіріп жіберді...

-  Қаламгерлерді де үш дәрежеге бөліп бағаласа болғандай екен, - деді Құрман төмен қарап отырған қалпы күбірлеп.

-  Ойбай-ау, III орын алған төбеттің сыйлығы 100 мың теңге екен, - деді Күләй апай орынынан ауыр қозғалып жатып.

Екі аптадан кейін, «облыс Төбебайдың еңбегін бағалап, қызметін өсіріпті» деген хабар «гу» ете қалды. Шын екен.


 

Әйел


Амангелді Қазыбаев қызмет кеңсесінің қатарындағы жалғыз ауыз үйде тұрады. Әйелі Мәрмәрмен күрең қабақ болып, осында соқабасы тұрғанына бір жылдан асып кетті. Адам үш күннен кейін тозаққа да көнеді деген емес пе, ол жалғыздық тұрмысына көндігіп те кетті. Мәрмәрді анда-санда ойлағаны болмаса ұмыта бастады. Амангелді Қазыбаевтың Жазира атты жалғыз қарындасы бар-ды. Жазира қос аққудай жұбын жазбай жүретін аға-жеңгесінің аяқ астынан мынадай азып-тозған күйге түскеніне іштей қатты қамығатын. Бүгін ол қолында ұстаған сумкасы бар жайраң қағып ағасының үйіне кіріп келіп:

-         Аға, көптен бері хабарласа алмадым, маған ренжіп жатқан шығарсыз, - деді.

-         Жо, жоқ, сенің қызметің де қарбалас емес пе, маған анда-санда келіп-кетіп тұрсаң болды, мен ренжімеймін, - деді Амангелді Қазыбаев сынық көңілмен. Бұл ағаштар әлдеқашан жасыл жапырақ жайған, гүлдер жайқалып тозаңдаған жайдары жаздың бастапқы күндері еді. Әлі де қыстық киімдерін шеше алмай жүрген Амангелді Қазыбаев тершіген шекесін қол орамалмен сүртіп жатып:

-         Күн жарықтық ысып кетті ғой, - деді.

-   Киімдеріңізді жеңілдетіп киіңіз, осыны ойлап мына жаздық көйлек ала келдім, - деп Жазира сужаңа көйлекті сумкасынан алып шығып ағасына берді. Ыстықтап, пысынап отырған Амангелді Қазыбаев:

-   О, бәлі! Жарайсың қарындасым! Осы сен ғана маған көңіл бөліп жүресің! – деп балаша жайраңдап қуанып қалды. Ақшасы қойны-қоншына сыймай асып-төгіліп жатса да базарға барып өзіне лайық киім алып кие алмай, мойынына ілгенімен жүре беретін, тіпті ақшаның қадір-қымбатын да біле бермейтін бірбеткей еркетер болады ғой, Амангелді Қазыбаев әне сондай адам.

-  Қане, киіп көріңізші, дәл келе ме, көрейін, - деді Жазира,

-  Ертең киейін, базар көйлектің бәрі маған жараса береді, - деп Амангелді Қазыбаев қарындасының алдында шешінуден ыңғайсызданғандай сыңай байқатты. Бұрын Мәрмәр арнаулы тапсырыс бере ме, әлде кездеме алып арнайы тіктіріп әкеле ме, әйтеуір оның әкелген киімдері Амангелді Қазыбаевқа құйып қойғандай жараса кететін.

-   Жо, жоқ, қазір киіңіз, жараспаса қайта ауыстырып әкелемін, қане, киіңіз, көрейін, - деп қолқалады Жазира. Амангелді Қазыбаев амалсыздан теріс айналып тұрып киіп көріп еді, көйлек Амангелдінің орта бойлы, қоңырқай өң-тұрқына дәл келіп, құп жарасты.

Арада жарым ай өтті. Жазира тағы бір пар жаңа кастюм әкеліп берді. Ол да Амангелді Қазыбаевқа жараса кетті. Бір күні Амангелді Қазыбаевтің қолфоны аяқ астынан мылқау болды да қалды. Өзі де ұстағалы талай жыл болған, қолдан сусып цемент еденге түсіп кеткен, абайсызда суға да «шомылып» шыққан... Әйтеуір кешірмелері көп-ақ қолфон еді. Осы бірнеше күнде ол телефон соға алмай қатты мазасызданды. Осылайша ол телефон жаңаламақ болып отырғанда Жазира тағы да кіріп келді. Бұл жолы ол жоғары сортты жаңа қолфон алып келді. Амангелі Қазыбаев қуанғанынан не дерін білмей, қарындасына қарап аңырып тұрып қалды. Бір талайдан кейін бір түрлі тебіренген әрі сүйінген көңіл-күймен:

-         Қарындасым-ау! Саған не дерімді білмей тұрмын, несіне әуре боласың, сенің де жалақың жоғары емес қой, ақшасын берейін, алмаймын деуші болма! Саған шын жүрегімнен рахмет айтамын!, - деді. Оның иегі кемсеңдеп, ерні жыбырлап, көз шарасына мөлтілдеп жас тола қалды. Жазира да жабырқау көңілін білдірмеуге тырысып, жүзін жалтарып көз жасын сүртті. Онан соң бәсең дауыспен:

-          Жоқ,  рахметті жеңгеме айтыңыз, -деді.

-         А, неге?

-         Қолфонды сізге жеңгем алып берді.

-         А? Мәрмәр алып берді ме?

-         Солай, оның алдындағы көйлекті, кастюмды да Мәрмәр жеңгем алып берген.

-         Бәрін сол алып берді ме?! Солай ма?!

-         Иә, солай.

-         Бәсе, бәрі дәл...

Ертесіне Жәзира мен жеңгесі Мәрмәр ішпек-жемектік базарын ұзақ аралады. Өзара бір нәрселер айтысып мәз-мейрам болып күлісіп алады. Сөйтіп жүріп екеуі Амангелді Қазабаевтың ұнатып жейтін көкөніс, қазы-қартасымен сірей толған дорбаларын екі қоларбаға әрең сыйдырды. Амангелді Қазыбаев қайтып келді. Оның жапырайған жалғыз ауыз үйінің есігін баданадай қара құлып күзетіп қалды.


Тамшы


Түні бойы әрнені ойлап, алақызып ұйықтай алмаған Таңшолпан таң сәріден орнынан тұрды. Тамақ істеуден ерініп, үйден шықты да орта мектеп кезіндегі сыныптасы Гүлсіннің шайханасына қарай тартты. Неше жылдан бері оны көшерін жел, қонарын сай білген ұйтқымалы жел мінез шырмап алған еді. Жол үстінде оның ойы тағы да сан-саққа сабылды. «Әттең, Жұмжұма-ай! Етегіңнен тас қылып ұстап жатып алмай, сенен неге айырылдым екен», - деді ол өз-өзіне күбірлеп. Ол басын көтеріп аспанға қарады. Теңгедей қара бұлт қабағын қарыс түйіп жөңкіліп келеді екен. Төбеге келгенде шелектеп құйды да кетті. Осы кезде Таңшолпан да Гүлсіннің шайханасына жетіп үлгерген еді. Ол табалдырықтан оң аяғын аттатып, сол аяғын енді тартып ала бергенде семізше ақ балтырына бұршақтай мөлдір тамшы «тырс» етіп тамды. Таңшолпан селт ете түсті. Тұла-бойы тітіреп кетті. Ол сәл кідіріп бойын билеп алды да шайханаға кіріп үстел қасындағы орындыққа келіп отырды.

-         Халің қалай? - деді Гүлсін оның жүзіндегі кірбеңдікті байқап.

-         Сарыарқаның жаңбыры-ай! Тамшысы оқтай тиеді, балтырымды тесіп кете жаздады.

-         Жамбасыңнан су шыққан секілді ғой?

-   Кірпік ілмедім, бала кездің балдай тәтті ұйқысы-ай! Шіркін! - Таңшолпан есінеп екі қолын жоғары көтеріп керіліп-созылды. Гүлсін:

-   Аялдай тұр, шәй демдеп әкелейін, - деп қарсы жақтағы ас үйге кіріп кетті.

Шайхана іші бір сәт өлі тыныштыққа шомды. Таңшолпан еріксіз түрде әлгіндегі тамшы тамған балтырын сипады. Тамшы суы әлі де құрғай қоймапты. Балтырын сыйпаған сайын алақанының жылуы тамшы тамып салқындап қалған балтырын жылыта бастады. Біртіндеп дымқыл жылулық ішкі жан дүниесін қытықтады, сүйсіндірді, езілтіп-елжіретті.

«Кімнің қол өзі?..», «Жұмсағын-ай шіркіннің!..». Ол тіпті еліте бастады, ақыры қалғып кетті.


***


Он сегіз жылдың алдындағы той жасағаннан кейінгі 3-інші кеш еді. Тойдың дыр-думаны басылып, құда-құдағилар қайтып, жас ару мен боз жігіттің отауы өздеріне тиді. Жұмжұма төсегіне жатуға асығулы еді, әлі де сәті түспеді. Алуан түрлі ою-өрнек басылып айшықтала сырланған ағаш төсек қып-қызыл гүлді шымылдықпен бүркеулі тұр. Есіктен кірген әлсіз ауа ағысы торғын шымылдықты баяу толқытады. Он алты жасқа енді келген уыздай жас қыз Таңшолпанның көңіл-күйі әрі-сәрі күйде толқиды. Басқалар әлдеқашан тәтті ұйқыға кеткен, тек Таңшолпан ғана ыдыс-аяқ жуып-шайып дегендей қазан-аяқ жақты тықырлатып жүр алды. Мұны білген жеңгесі, «болды, ертең де күн бар ғой, шаршадың төсегіңе барып жата ғой», деп оны ертіп барып шымылдықтың ішіне кіргізді. Таңшолпанның жүрегі аттай тулады. Енді не боларын білмеді. Ұйқы да қыстап барады. Оны басы жастыққа тие бергенде жұп-жұмсақ дөңгелек жылы ерін балауса балғын жүзінен шоп-шоп еткізіп сүйіп-сүйіп алды. Таңшолпанның жүрегі дірілдеп, бүкіл денесін өрт-жалын шарпып бара жатқандай болды. Онан арғы жерде не болғанын өзі де білмеді. Бір түрлі мастанған, езіліп-елжіреген, ләззаттанған, талықсыған күй кешті. Таңшолпан ернін жыбырлатып ыңыранып кетті.

-  Зеріктің-ау достым! - дауыстай кірген Гүлсін оны селт еткізіп оятты. Ол көзін бажырайта ашып жан-жаққа қарады. Сол баяғы мазасыз жалқыздық. Мосқал әйел.


 

Сыйлы орындыққа отырдым


Астана менің көңіл көгімдегі арман қала еді. Өйткені ол қазақтың қарашаңырағынң төрі ғой. Арманым ақыры орындалды. Мен Астанаға келдім.


Бұл жайдары жаз күндері еді. Арайлы ашық аспан, тұп-тұнық ауа, Қандай тамаша! Жаным жай тапқандай жадырап жайнап кетті. Алдымен әрине Астатаның символдық құрылысы бәйткерекке шықтым. Анадайда зәулім бағананың басында қазақ елінің көк түсті мемлекет туы баяу желбірейді. Сарыарқаның жанға жайлы қоңыр самалы мамық желпуіштей жүзіңді жеңіл сыйпап өтеді. Сылқым дария Есіл қаланы қақ жарып кілки ағады. Алуан түсті әйнек тон  киген зәулім ғимараттар аспанмен тілдеседі. Қысқасы, ару қаланың әсем көрінісі көз сүріндіреді.


Бір кезде автобусқа отыратын болдық. Аялдамада аз кідіргеннен кейін 44-інші нөмірлі үлкен автобус келіп тоқтады. Автокөлік ішінде адам иінтіреседі. Мен есікке жақын тұрған екі адамнан айқаса өтіп ішке қарай жылжыдым. Алдыңғы жақтағы орындықта отырған талдырмаш қыз бала шашы ағарып, белі иілген мені көрді де орнынан атып тұрып, тұп-тұнық ана тілімен:  - Мына орындыққа отырыңыз, - деп орындығын ұсынды. Мен: - Рахмет, қарағым, - дей бергенімде ол: - Жо, жоқ ағай, сіз отырыңыз, отырып алыңыз! – деп алды-еркіме қоймай мені орындыққа қарай демеді. Оның сыпайы сөз-әрекеті менің ет жүрегімді елжіретіп жіберді. Мен ақыры ізгі ниетпен ұсынылған сыйлы орындыққа отырдым. Тебіренгенім сонша, жанарымның жиегі дымдана қалыпты. Тежеп қалдым. Қыз бала анадай жерге барып, автобус ішіндегі кергіш темірге сүйеніп жым-жырт күйде тұр. Ал мен түбі жоқ тұңғиық ой кештім.


-  Ағай, алдыңғы аялдамадан түсеміз, - деп саңқ еткен жолсерігімнің дауысы мені ой теңізінің жағасына қайта шығарды. Ойхой, сезім неткен ұшқыр еді! Неге екенін қайдам, сыйлы орындыққа отырған қысқа ғана уақытты анау ықылым замандағы  Сақтар, Ғұндар, Үйсіндер, Арғындар, Қаңлылар және Қыпшақтардан тартып Қазақ хандығына, одан тәуелсіздік алғанға дейінгі қазақтың неше мыңдаған жылдық аянышты тарихы көңіл-күйімді күңірентіп өтті. Мен сыйлы орындықтан тұрып есікке қарай жылжып кетіп бара жатып, еріксіз түрде бұрылып сыйлы орындыққа қарадым. Осы кезде қалтақтап есікке жақындай берген менің қолытығмнан бір нәзік қол демеп ұстай алды. Нәзік қолы қандай қуатты, саусақтары қандай салалы! Арық қолтығымнан иығыма айқасып кеткелі қапсыра қатты ұстап алған. Автобус баспалдағынан көз айырмай әупірімдеп түсіп келе жатқан менің оған бұрылып қарауға да мұршам болмады.  Жерге табан тірдім.  Қозғалысы ауыр кәрілік-ай десеңші! Қайта бұрылып қарағанымша автбустың жармалы есігі бір-біріне жабыса қалыпты. Көз де жетпейді, әйнектің ар жағынан әрең танығандай болдым, әлгі маған сыйлы орындық сыйлаған қыз екен. Анық сол. Инабатты жүзінен иман нұры төгіліп, маған қарап мейірлене жымиып тұрған секілді көрінді. Тықыршып тұрған автобус ытырылып қозғала жөнелгенде бір өкініш пе, өксік пе тамағыма тығылды. «Рахмет айта алмай қалғаным-ай!».


Айта алмай қалған рехметім мені талай уақыт мазалады. Боз әйнектің арғы жағынан бұлдыраған ол менің қырылдай шыққан үнімді естуі тіпті мүмкін емес қой. Ақыры қағазға түсірдім. Кіп-кішкентай, ибалы, ізетті, ізгі жүректерге жаудырған рахметім болсын.


Бөлісу:

Көп оқылғандар