Ербол Бейілхан. Алтаймен қоштасу

Бөлісу:

10.02.2019 5360

(Зуқа батырдың монологы)

Ер-тұрманын бауырға ап,

Атым кетіп барады.

Ата-қоныс, бауыр қап,

Басым кетіп барады.

Өр Алтайды бауырлап,

Қасым кетіп барады…

Әлиханмен құрдас ем,

Алаш ұйыр – Ақылым!

Ақытпенен сырлас ем,

Ойы терең – ақыным.

Қара Ертіске ту тіккен,

Ер Жәнібек батырым.

Қалың шүршіт қаптаса,

Жауға атылар жебе едік.

Сайыс, дауға баптаса,

Қаракөктің өзі едік.

Елдің шетін күзеткен,

Шығыс ұлы – Біз едік!

Таудың тарғыл барысы ем,

Мұқалмаған жігерім.

Заманымның арысы ем,

Түгі қалың жүрегім.

Ұрпағыма тисе екен,

Меккедегі тілегім!

Биік жердің төресі ең,

Ағажайым, Алтайым!

Мен – ескінің көнесі ем,

Қай шерімді айтайын!?

Бетеген қап, бел кетті-ау,

Туған жерім байқаймын…

Қол-аяғым байланып,

Кегім кетіп барады!

Көз алдымда айналып,

Өмір өтіп барады…

Заман-айлап, зар жылап,

Елім көшіп барады.

Алаш ұран ерлерім,

Қосылмады-ау, басымыз.

Қосылғанда басымыз –

домалар ед тасымыз!

Бірлік деген тас қамал,

Ескеріңіз жасыңыз!..

Қарсы алдымда ажал тұр,

Өкінгеннен не пайда?

«Бас алам» деп тажал тұр,

Өтінгеннен не пайда?

Біз секілді ерлерге,

Өлу керек майданда!

«Елім» деген көңілді,

Езілмейін… тас қылдым.

Қан талады-ау көзімді,

…жүрегімді жас қылдым!

Қалың елді, Алтайды,

Дүр Оспанға тапсырдым!

…Ер-тұрманын бауырға ап,

Атым кетіп барады.

Ата қоныс, бауыр қап,

Басым кетіп барады.

Өр Алтайды бауырлап,

Қасым кетіп барады…

Бөлісу:

Көп оқылғандар